17 Қазақстан Республикасындағы бастауыш білім берудің нормативтік құжаттары Осы Бастауыш білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарты (бұдан әрі – Стандарт) "Білім туралы" 2007 жылғы 27 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 5-бабының 5-1) тармақшасына және 56-бабына сәйкес әзірленді және бастауыш білім беру мазмұнына, оқу жүктемесінің ең жоғарғы көлеміне, білім алушылардың дайындық деңгейіне және оқу мерзіміне қойылатын талаптарды айқындайды.
2. Стандартта Заңға сәйкес терминдер мен анықтамалар қолданылады. Оларға қосымша мынадай терминдер мен олардың анықтамалары енгізілді:
1) бастауыш білім берудің базалық мазмұны – типіне, түріне және меншік нысанына, сондай-ақ оқыту тіліне қарамастан білім беру ұйымдарында оқып білуге міндетті бастауыш білім беру мазмұнының құрамы, құрылымы мен көлемі;
2) бағалау – әзірленген критерийлер негізінде білім алушылардың нақты қол жеткізген оқу нәтижелерін оқудан күтілетін нәтижелермен салыстыру процесі;
3) бағалау критерийлері – білім алушылардың оқу жетістіктерін бағалауға негіз болатын нақты өлшеуіштер;
4) білім беру процесінің мониторингі – білім беру ұйымдарындағы білім беру процесін жүзеге асырудың нәтижелері мен жай-күйіндегі өзгерістердің динамикасын жүйелі бақылау, диагностикалау, талдау, бағалау және жай-күйін болжау;
5) білім беру құндылықтары – білім беру мазмұнын айқындау үшін негіз болатын, білім алушының тұлғасын қалыптастыруда жетекші фактор болып табылатын оқу мақсаттарының жүйесін құрудағы бағдарлар;
6) білім беру қызметі – білім алушылардың ерекше білім беру қажеттіліктерін және жеке мүмкіндіктерін ескере отырып, білім беру субъектілерінің мақсатқа бағытталған, педагогикалық негізделген, дәйекті өзара іс-қимылы барысында жеке адамды оқыту, дамыту және тәрбиелеу міндеттері шешілетін процесс;
7) білім беру саласы – мәндес оқу пәндерінің жиынтығын қамтитын бастауыш білім берудің базалық мазмұнының құраушы бөлігі;