КІРІСПЕ
Зерттеудің көкейкестілігі: «Қазақстан Республикасының 2020 жылға дейінгі Стратегиялық даму бағдарламасында» ақпараттық-коммуникациялық технологиялардың қарқынды дамуы және бейімделуі экономикалық көрсеткіштерге ғана емес, адамдардың өмір сүру салтына да әсер етіп, қоғамды жаңғыртудың маңызды факторы болатыны белгіленген [1]. Бұл жағдай ақпараттық-коммуникациялық технологияларды дамытудың қазіргі Қазақстанның экономикасы және азаматтарының өмірі үшін маңыздылығын көрсетеді.
Қазақстан Республикасының ірі бәсекеге қабілетті мемлекеттердің қатарына кіруге қатысты мақсаттары елде білімге негізделген жаңа экономиканы қалыптастыру бойынша үлкен күш жұмсауды талап етеді. Осындай талаптың жүзеге асуы тек ақпараттық-коммуникациялық технологияларды дамыту және енгізу арқылы мүмкін болатындығы сөзсіз.
Осыған байланысты еліміздің алдында ақпараттық-коммуникациялық технологияларды тұтынудың және қолданудың өсу қарқынын елеулі арттыру және елдің бәсекеге қабілеттілігін ұзақ мерзімді қамтамасыз ету мақсатында ақпараттық-коммуникациялық технологиялардың білім беру жүйесіне енгізуді жеделдету міндеті тұр. Қазіргі таңда аралас, яғни дәстүрлі және электрондық оқыту тәжірибеден өткізілуде. Халықаралық зерттеулерге сәйкес (Watson, John, 2008) болашақта аралас оқу түрі орта білім беру саласында басымдыққа ие болады деп күтілуде.
Жалпы өркениеттің дамуының заңдылықтарының бірі ретіндегі ақпараттық қоғамның дамуы шетелдік ғалымдар Д.Белл, Э. Тоффлер, И. Масуданың идеяларынан бастау алады. Атап айтсақ, өткен ғасырдың 60- жылдары американдық социолог Д.Белл өзінің 1973 жылы шыққан "Наступление постиндустриального общества», «Опыт социального прогноза" атты кітаптарында постиндустриалды мемлекет құру идеясын ұсынған [2].
Жалпы «Ақпараттық технология» термині ғылымда ХХ ғ.-дың 40-50 жылдары пайда болып, Америкада ХХ ғ.-дың басында дидактиктер «оқуға арналған медиа» (instructional media), «оқыту машиналары» (teaching machines), «оқытуды автоматты түрде басқару» (programmed instruction) сияқты ұғымдармен байланыстырылған.
Білім беруді ақпараттандыру үрдісі, оның негізгі бағыттары мен болашағы, ақпараттық-коммуникациялық технологияларды пайдалануға болашақ мамандарды дайындаудың мақсатын, мазмұнын, ұстанымдарын, психологиялық-педагогикалық негіздерін және білім беру сапасын арттыруда бағалау ынталарының жүйесін дамытуды Ж.А.Қараев [3], Е.Ы.Бидайбеков [4], С.М.Кеңесбаев [5], М.Қ.Қаламқалиев [6] К.М. Беркінбаев [7] және т.б. ғалымдар қарастырған.
Мысалы белгілі ғалым Е.Ы.Бидайбеков «Ақпараттық технология дегеніміз – технологиялық тізбекке біріктірілген, ақпараттық ресурстарды қолдану арқылы ақпаратты жинау, сақтау, өңдеу, шығару және тарату әрекеттерін қамтамасыз ететін өндірістік және программалық-техникалық құрылғылар мен әдістер жиынтығы» деген пікір білдіреді.
Ал С.М.Кеңесбаев «Білім берудi ақпараттандыру – бiлiм беру саласының теориясы мен практикасына ақпараттық-коммуникациялық технологияны жан-жақты пайдалану және оқыту мен тәрбиелеудiң психологиялық - педагогикалық мақсаттарын жүзеге асыратындай жағдайда оның мүмкiндiктерiн қолдану үрдісі» деген тұжырым жасай келе, жоғары педагогикалық білім беруде болашақ мұғалімдерді жаңа ақпараттық технологияны пайдалана білуге даярлаудың педагогикалық негіздерін зерттей отырып, білім беруде жаңа ақпараттық технологияны пайдаланудағы болашақ мұғалімнің даярлығын теориялық негіздеп, жаңа ақпараттық технологияны пайдаланудағы «мұғалім даярлығы» ұғымын және педагогикалық қызметке даярлықтың бірнеше деңгейін ұсынады.
Зерттеуші А.Б.Медешова бастауыш оқыту педагогикасы мен әдістемесі, педагогика және психология, физика және информатика мамандықтары бойынша элективті курс бағдарламаларын ұсынып, онда ақпараттық технология негізінде электрондық оқу құралдарын жасақтауға және оны тиімді қолдану әдістемесін оқып-үйретуге көңіл бөледі [8]. Н.Ғ. Даумов Интернет арқылы оқушылардың зерттеу қызметін дамыту жолдарын көрсете отырып, соған студенттерді даярлау мәселесін қамтыса [9], А.Х. Қасымова колледж оқушыларының ақпараттық мәдениетін қалыптастыруды курстарды мазмұндық интеграциялау негізінде жүргізуді ұсынады [10]. Ал Б.К.Тульбасова [11] өз зерттеуінде ақпараттық мәдениеттің алғашқы баспалдағы ретінде компьютерлік сауаттылықты қарастырып, оны меңгеру мен студенттің дайындық жүйесіндегі қол жеткізілген шеберлік деңгейлерін элементарлық - қалыптасу, функционалды – ізденім, жүйелілік -шығармашылық деңгейлері деп бөліп көрсетеді.
Жалпы әр сала бойынша педагогикалық мамандардың ақпараттық технологияларды қолдану мәселесіне қатысты көптеген еңбектердің болғанына қарамастан, зерттеу барысында информатика сабақтарында ақпараттық коммуникациялық технологияны қолдану мәселесінің арнайы ғылымда қарастырылмағаны белгілі болды. Оқыту үдерісін ақпараттандырудың қажеттілілігі мен оны тиімді ету үшін әдістемелік тұрғыда қамтамасыз етудің жеткіліксіздігі арасындағы қарама-қайшылықтардың бар екендігін көрсетті. Аталған қарама-қайшылықтардың дұрыс шешімін іздестіру зерттеу мәселесін айқындауға және тақырыпты: «Бастауыш сынып информатика сабақтарында ақпараттық коммуникациялық технологияны қолдану» деп алуымызға негіз болды.
Достарыңызбен бөлісу: |