«Бастауыш сынып информатика сабақтарында ақпараттық коммуникациялық технологияны қолдану»



бет8/31
Дата09.04.2022
өлшемі8,44 Mb.
#30425
түріСабақ
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   ...   31
Байланысты:
Ақпараттық техн. ДИПЛОМ

ЭЕМ-нің буындары



Компьютерлердің V буыны? Көптеген елдерде бесінші буындағы ЭЕМ-ді жасау қолға алынуда. Мақсат – бұл машиналар кәдімгі адам сөйлейтін тілге жуық тілді түсінетін, «жасанды интеллект» қызметін атқаратын суперкомпьютер құрастыру.
Мультимедиа құрылғылары

CD/DVD дискжетегі Видеокарта TV-тюнер Дыбыстық карта


Дыбыс

колонкалары Құлаққап Геймпад Руль


Джойстик Микрофон Виртуалды нақтылық
Қазіргі заманғы сандық техникалар


Ноутбук дербес компьютер

MP3-плеер

навигатор

Мультимедиялық проектор

Сандық фотоаппарат

Сандық видеокамера

Электронды жазба кітапшасы


1 сурет Ақпараттық құрылғылар


Ақпараттық технологиялардың пайда болуы мынадай жетістіктерге байланысты: ақпаратты жинақтаудың жаңа құралдарының пайда болуы, байланыс құралдарының дамуы, компьютердің көмегімен ақпаратты лезде жасап шығару мүмкіндігі. 

Ақпараттық қоғамның әр адамы осы салада құзыретті болуы дәлелдеуді қажет етпейді деп санаймыз. Демек білім беру жүйесінде білімді ақпараттандырудың мемлекеттік маңызы бар мәселе болуы заңдылық. Оның ішінде осы сала үшін мамандар дайындаудың өзектілі артады. Бұл бағытта елімізде ізденістер жасалып, бірқатар зерттеулер жүргізілді.



Беркінбаев К.М. пен Сыдықов Б.Д. өз еңбектерінде «ақпараттық технология дегеніміз – технологиялық тізбекке біріктірілген, ақпараттық ресурстарды қолдану арқылы ақпаратты жинау, сақтау, өңдеу, шығару және тарату әрекеттерін қамтамасыз ететін өндірістік және программалық - техникалық құрылғылар мен әдістер жиынтығы», ал «қоғамды ақпараттандыру дегеніміз – әртүрлі ақпараттық қорларды қалыптастыру мен пайдалану негізінде азаматтардың, мемлекеттің өкімет органдары мен ұйымдарының, қоғамдық бірлестіктердің құқықтарын жүзеге асырып, олардың ақпараттық талаптарын қанағаттандыру үшін тиімді жағдай жасау жолында ұйымдастырылған әлеуметтік-экономикалық және ғылыми-техникалық үрдіс» деген пікірлерін білдіреді. Бұл жұмыстарда пікірлердің АКТ – ны пайдаланып, тұлға дамытуға мағызы ерекше. 

Д.М.Жүсібәлиева қашықтан оқыту жағдайында студенттердің ақпарат мәдениетін қалыптастырудың теориялық негіздеріне арналған зерттеу жұмысында: « ...студенттің ақпараттық мәдениеті – қазіргі заман маманының моделіндегі құрамдас бөлік, тұлғаның интеграциялық білім алуы», – деп түсіндіреді [12]. 

Л.П.Әбішева жоғары оқу орны студенттерінің оқу іс-әрекетін компьютер көмегімен дараландырудың теориялық негіздерін қарастырып, дидактикалық мүмкіндіктерін ашқан. Студенттердің оқу іс-әрекетін компьютердің көмегімен дараландыруды анықтаудың компьютерлік бағдарламасын және көпдеңгейлі әрі көпнұсқалы тапсырмалар жүйесін ұсынған [13].

Біз зерттеу барысында мына төмендегі жұмыстарды да талдадық. Мысалы К.З.Халықова оқушыларды оқытуды дербестендіру құралы ретінде компьютерді пайдаланудың ғылыми негіздері мен педагогикалық мүмкіндіктерін айқындап, оқыту тиімділігін арттыратын көрсеткіштерді нақтыласа [14], С.С.Дайырбеков қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы сынып оқушыларын компьютерді негізгі құрал ретінде пайдаланып, оқыту жағдайында оқу белсенділігін дамытудың теориялық негіздерін жасап, оқушылардың оқу белсенділіктерін дамытудың компьютерлік бағдарламасы мен көпнұсқалы тапсырмалар жүйесін ұсынған. [15]. С.А.Байжанованың еңбегі «ынталандыру», «оқытушының зерттеу қызметі», «ақпараттық және коммуникациялық технология» зерттеу проблемаларының теориялық ұғымының мәнін ашып, нәтижесінде колледж оқытушыларының зерттеу қызметінің ақпараттық және коммуникациялық ықпалын анықтауға арналса [16], М.С.Мәлібекова жаңа ақпараттық технологияны пәнаралық байланыстарда қолданудың педагогикалық негіздерін айқындаған және компьютерлік бағдарламаларды пайдалануда оқушының жеке мүмкіндігі ескеріліп, пәнаралық байланыста гуманистік қарым-қатынастың қалыптасуын зерттеген [17].

Бұл талданған зерттеулердің біздің жұмысымыздың психологиялық және дидактикалық астарларын айқындауға септігін тигізуімен қатар әдіснамалық жүйесін жасауға ықпал етті. 

Ақпараттық және педагогикалық технологиялар арасындағы байланыс білім беру, оқыту ұғымдарымен сипатталады. Өйткені ақпараттық технологиялар – білім алуды дұрыс ұйымдастыру құралдары. Компьютер – ақпараттық технологиялардың негізгі құралы болып табылады, ол білім алудың әртүрлі формаларында қолданылады. Ақпараттық технологияларды оқыту үдерісінде қолдану үшін білім алушы мен оқытушының арасында белсенді әрекет қажет. Ол үшін: өзара әрекет, бірлескен әрекет, өзара түсінушілік, өзіндік бақылау әрекеттері қажет. Ақпараттық технологиялардың қолдану тиімділігі ақпараттарды іріктеу, талдау, салыстыру, өңдеу және іс-тәжірибеде қолдану әрекеттерінен көрінеді. Тұлғаның өзіндік дамуына ақпараттық технологиялардың әсер ету мүмкіндіктері мол. 

Технологиялық тұғыр оң нәтижеге жетудегі әрекеттің ғылыми негізделуімен анықталады. Соның ішіндегі педагогикалық технологиялар, бұл – оқытушының білім алушыға ықпал етудегі кәсіби біліктіліктерінің жиынтығы.
Бұл ретте осы мәселемен айналысқан шетелдік ғалымдардың зерттеу жұмыстарын талданды. Білім беру жүйесін ақпараттандыру, оқытудың жаңа ақпараттық технологиясын Н.В.Макарова [18], Е.И.Машбиц [19], И.В.Роберт [20], Б.С.Гершунский [21], Н.В.Чекалева оқу үдерісінде пайдалану мәселелеріне [22] т.б. өз еңбектерін арнаған.

Мысалы ғалым И.В.Роберттің жұмысында білім беруде ақпараттық технологияларды қолданудың мынадай педагогикалық мақсаттары аталып өтіледі: 
-оқушыны тұлғалық дамыту;

- ақпараттық қоғам жағдайындағы өмір сүруге дайындау;

- қазіргі қоғамның ақпараттануынан туындайтын әлеуметтік тапсырысты орындау;

- оқу-тәрбиелеу үдерісінің барлық деңгейін жеделдету. 

Зерттеуші В.Б.Поповтың айтуынша, білім беруді ақпараттандырудың міндеттерін жүзеге асыру үшін студенттен бастап, білім беруді ұйымдастырушыға дейін компьютерлік технологияны пайдалануға дайындығы болулары тиіс. Олардың әртүрлі ақпаратты дербес компьютерде өңдеуге, қазіргі заманғы бағдарламалық мүмкіндіктерді пайдалану іскерлігі мен дайындығын қалыптастыру міндеті өзекті бола түседі, яғни дербес компьютерді «пайдаланушыны» дайындау міндеті туындайды [23].

Г.Н.Бояркин [24], В.К.Белошапка [25], А.С.Лесневский [26] және т.б. ғалымдар оқытушылардың ақпараттық дайындығында коммуникативті мүмкіндіктерінің сәйкес болмауы, ақпараттық техникалармен жұмыс дағдыларының болмауы және үйлерінде компьютерлері бар интернетке қосылған едәуір бөлігі жаңа технологияларды меңгеруге кедергі келтіретін оқытушылардың ерекше ойлау стилі, психологиялық кедергілер кездесетінін жазады. 
Бұл зерттеулердегі ой-тұжырымдарды жинақтайтын болсақ, білім берудi ақпараттандыру осы саланың теориясы мен практикасына жаңа ақпараттық технологияны жан-жақты пайдалану және оқыту мен тәрбиелеудiң психологиялық-педагогикалық мақсаттарын жүзеге асыратындай жағдайда оның мүмкiндiктерiн қолдану үрдісі болып табылады деген қорытынды жасауға болады. Оқыту жүйесінде ақпараттық технологияларды қолдану білім алушылардың бойында аса қажетті ақпараттық мәдениетті қалыптастырады.
Ақпараттық мәдениет – тек компьютермен дұрыс жұмыс істей білу емес, кез келген ақпарат көзін – анықтамаларды, сөздіктерді, энциклопедияларды, теледидар бағдарламаларын, т.с.с. дұрыс пайдалана білу, ақпараттық мәдениет – әңгімелесе білу, теледидар, хабарды (интернетті) талғамды түрде қарау, алынған мәліметті ой елегінен өткізіп, талдай білу және өзгелердің еркіндігіне әсер ететін жағдайларда өз еркіндігіңді шектей білу деген тұжырым жасауға мүмкіндік береді.

Сонымен, білімді ақпараттандырудың негізгі бағыты ХХІ ғасырдың талаптарына сәйкес қоғамды дамытудың жоғары, тиімді технологияларына сүйенген жаңа білім мазмұнына көшу болып табылса, оқыту үрдiсiнде ақпараттық-коммуникациялық технологияны пайдалану білім беруші және білім алушы субъектілердің қарым-қатынасының бұрынғы қалыптасқан жүйесiн, олардың iс-әрекеттерiнiң мазмұнын, құрылымын елеулі өзгерiстерге ұшыратады. Қалыпты бiлiм беру жүйесiнде «білім беруші - білім алушы – оқулық» түрiнде құрылған үш жақты байланыс бұзылып, «білім беруші - білім алушы – компьютер» жүйесi пайда болды. Мұндай жүйеде бiлiм беру оқу-тәрбие үрдісінде компьютердi қолдану оқытушының бiлiмі мен бiлiктiлiгіне, ақпараттық құзыреттілігіне қойылатын талаптарды қайта қарап, жүйелеудi және жетiлдiруді алдыңғы қатарға шығарады. 

Компьютерлік қарым-қатынас туралы айтқанда оның адам мен машинаның арасын қосатын көпір сияқты қасиеттері – интербелсенділік пен кері байланыс мәселесіне де тоқталған жөн. Алдымен жасанды қарым-қатынас ортасындағы «адам – компьютер» сұхбатының негізі болып табылатын интербелсенділікті қарастырайық. 

«Интербелсенділік» (ағыл. interaction – «өзара әрекеттестік») оқытуды компьютерлендіруде өз орнын тауып, ашық білім беру тиімділігін айқындаудың басты қағидасына айналды. Іс жүзінде жаңа оқыту жүйелеріне сапалы баға бергеннен кейін, оларда интербелсенділік қағидасы қаншалықты жүзеге асқаны талданады. Осы айтылғандарға Ғаламтор желісінде жасалған оқу-ақпараттық орта (ОАО) немесе оқу-білім беру ортасы мысал бола алады. Мысалы, Paulsen бойынша компьютерлік-жанама байланысқа негізделген «педагогикалық техника» тұрпаттамасы мынандай топтамалардан тұрады: «Біркісілік», «Бірге-бір», «Бір адам – көпшілік», «Көпшілік – көпшілік». Осы байланыс әдістерінің аттарынан дүниежүзілік желідегі интербелсенділік негізіндегі байланыстардың алуан түрлілігін көруге болады. 

Кез келген электронды оқыту құралының (ЭОҚ) білім беру ортасында да интербелсенділік көріністері бар. Онлайн тестер мен жаттығулардың болуы электронды оқулыққа интербелсенділік сипат береді. 

Көптеген ресейлік және шетелдік зерттеушілердің пікірінше, интербелсенділік оқыту бағдарламаларының сапасының белгісі болып табылады. өзара әрекеттестікті бағдарламаның әрбіреуі үшін ортақ дәрежелерде жіктеуге мүмкін болғанда ғана, әртүрлі компьютерлік бағдарламалардың тиімділігін салыстыруға болады.

Біз интербелсенділіктің екі деңгейі бар деген ойды қолдаймыз, біріншісі – микродеңгей, ол компьютермен жұмыс кезіндегі «кері байланыс» сияқты, екіншісі – макродеңгей, телекоммуникация негізінде ретиалды байланыс (ретиальный коммуникативный процесс  (по А. Брудному - процесс, когда сигналы направлены множеству вероятных адресатов) retial communicative process Russian-english psychology dictionary).

Кері байланыстың көмегімен оқытуды бақылаудың көп нұсқасын ұйымастыруға болады – тестілерді жылдам бақылау, қашықтан оқыту жағдайында дәріс алушы электронды пошта арқылы жауап бергенде мерзімі өткен бақылау. Біздің зерттеуімізде кері байланыстың алар орны ерекше, өйткені оның көмегімен дәріс алушының кез келген әрекетін жандандырып, оған жылы лебізге толы түсініктемелер мен нұсқаулар арқылы рухани қолдау жасалады. Кері байланыс негізінде «дәріс алушы – компьютер» сұхбатында компьютерді пайдаланушының әрекетіне деген кері жауабы қалыптасатынын да айта кету керек. Интербелсенді сұхбатта ақпаратты мультимодальды ұсыну нәтижесінде оқу-танымдық және сөйлеу-ойлау іс-әрекеті жандана түседі. 

Н.В. Апатова [27], В. Волков [28], О.Б. Тыщенко [29], Г.А. Титоренко [30] және басқалардың зерттеулерінде «оқушы – компьютер» сұхбаты ақпаратты ұсыну мен дәріс алушылардың жауаптарының түрін көрсетеді. Мұнда оқу ақпаратын ұсынудың модальдығы туралы сөз болып отыр. Модальдықты ақпаратты қандай талдаушы арқылы, мысалы көзбен көріп, құлақпен естіп деген сияқты, қабылдағанына қарай анықтайды. Сан алуан модалдыққа тест, дыбыс, сурет және графика сияқты ақпарат түрлерін жатқызады. Осы сияқты модальдықтың түрлеріне әдетте іріктемелі, құрастырмалы және шартты белгімен таңбаланған жауаптар да жатқызылады, дәріс алушы оларды пернетақтаның көмегімен енгізген болса да.

Оқыту бағдарламаларын жасау тәжірибесі жоғарыда айтылған «оқушы – компьютер» сұқбатының ақпаратты ұсыну мен оқушылардың жауаптарының түрін көрсететіні туралы тезистің дұрыстығын дәлелдеді.

Оқу бағдарламаларын жасау үшін құралдық оқыту жүйелерінде адамның компьютермен қарым-қатынасын іс жүзінде іске асырудың мысалы ретінде «Сценарий-W» атты көзбен көру құрылымдамасы адам мен компьютердің өзара әрекеттестігіне дәлел бола алады. 

Бұл жүйенің негізінде бағдарламаларды жасау технологиясы жатыр, ол объектіге бағдарланған сценарийлеу деп аталады. аталмыш технология объектіге бағдарланған бағдарламалау мен мәліметтердің дерексіз түрлерін пайдалану арқылы бағдарламалаудың заманауи тұжырымдамасына негізделген. 
Сценарий – автордың міндеттерін шешу үшін қажетті мәліметтерге қатысты белгілі бір әрекеттерді жасайтын жүйенің құрылымдық бірліктерінің қисынды, мазмұндық және уақыттық өзара әрекеттестігінің нақты сипаттамасы. Құрылымдық бірліктердің өзара әрекеттестігі адам мен компьютердің интербелсенді қарым-қатынасы қағидасына сәйкес орындалады. Объектіге бағдарланған сценарилеу әдісі бойынша оқыту бағдарламасын жасаушы жүйені тікелей монитордың экранында қолдана отырып, өз міндеттерін шешудің сценариін жасайды (құрастырады).

Сценарийлеу нәтижесінде монитордың экранында үрдістің сызбасы (сценарийі) жасалады, оны компьютер әдеттегі бағдарлама сияқты орындайды, ол бағдарламада автордың компьютерді пайдалану мақсаттары жүзеге асады. 

Адам мен компьютердің телекоммуникация негізінде жанама қарым-қатынасы – «адам – компьютер» ортасындағы өзара әрекеттестіктің негізгі мәнін ашатын тағы бір бөлшегі.

Ақпараттық – коммуникациялық технологияларды білім жүйесінде тиімді қолдану үшін ең алдымен олардың дидактикалық қызметтерін айқындап алу қажет. Оларды әртүрлі білім беру өрістерінде қолдану туралы зерттеушілер (А.А. Ахаян [30], Н.М. Магомедов [31], И.А. Мизин [32] т.б.) тәжірибесі көрсеткендей педагогикалық әрекетті жетілдіруге мүмкіндік береді. АКТ-ның көмегімен оқытылатын сабақтар білім алушыларға шығармашылық серпін бере отырып, жылдам кеңес беруді және өзара ақпаратпен, ойлармен, жоспарлармен алмасуды ұйымдастыруға жағдай жасайды. 

Телекоммуникациялық желілермен жұмыс барысында адамның ой-өрісі кеңейіп, ақпараттық мәдениеті арта түседі, серіктестердің қарым-қатынас дағдылары, мәдениеті қалыптасады, бұл серіктестер тарапынан өз ойларын қысқа әрі нұсқа жеткізу, серіктесінің ойына түсіністікпен қарау, пікірталас жүргізе алу, өз көзқарасын дәйектеп, дәлелдеу, серіктесінің ойын тыңдап, құрметтеу дегенді білдіреді.

И.А. Мизин бірлескен халықаралық телекоммуникациялық жобалар, телемәжілістер (қалыпты, сондай-ақ, аудио және видеомәжілістер) жағдайында шынайы тілдік ортаның құрылуы телекоммуникацияның басты артықшылығы деп есептеледі, ол шет тілінде қарым-қатынас жасау қажеттілігін, ал одан шет тілін үйрену қажеттілігін тудырады. Бұған қоса, халықаралық телекоммуникациялық жоба сан түрлі халықтардың мәдениетімен кеңінен байланыс жасауға негізделген. Мұндай жоба серіктестікке қатысушыларды ана тілін дамытуға, сондай-ақ шет тілін игеруге ынталандырады, студенттердің де, оқытушының да алдағы өмірде де пайдасы мол дағдыларға, соның ішінде, компьютерлік техника мен технологияны пайдалану дағдыларына ие болуына жағдай жасайтындығына тоқталады.

Жеке тұлғаның өзіндік дамуын жандандыру тұжырымдамасының аясында Ғаламтор желісінің гипермәтіндік қорларын шарлауды адам мен компьютердің сұхбатының технологиясының интербелсенді мүмкіндігін ашатын жарқын мысалы ретінде қарастыруға болады. Аталмыш мүмкіндік ғаламтор-технологияның ең басты жетістігі болып есептеледі. Ғаламтордың сан жетпес гипермәтіндік қорларын шарлау мүмкіндігі мен оларды нақты уақыт тәртібінде монитордың экранына шығару жаңадан жасалған, мазмұны жағынан алуан түрлі қорлардың санының артуына, оларды қолдап, әрдайым жаңартып тұруға ынталандырады. Бұның бәрі желінің интербелсенділік қасиетінің арқасында шындыққа айналып отыр, ол пайдаланушыға қажетті ақпаратты Ғаламтордан тауып алуға, жаһандық желіде өзін көрсетіп, өз ойларын, ақпаратын, жұмысының нәтижесін ұсынуға мүмкіндік береді. 

А.Ахаян желілік ортадағы қарым-қатынастың ерекшелігі мынада дейді: жанама қарым-қатынас жағдайында адам сырттан көмек күтпейді, оған өзін-өзі таныстыру үшін бар күшін салып, жасанды ортада бағдарлануда өз тәжірибесі мен біліміне сүйенуіне тура келеді. Жасанды ортадағы өзін-өзі таныстыру желіде белгілі бір педагогикалық іс-әрекеттің нәтижелерін көрсететін өзінің жеке гипермәтіндік қорларын жасап, ұсыну арқылы жүзеге асады, «online» тәртібінде орын алатын компьютерлік байланыстың дидактикалық мүмкіндіктерінің мәні, міне, осы. 

Телемәжілістердің де аса зор дидактикалық құндылығы бар. Жиылыс алаңымен салыстырғанда мәжіліске қатысушылар сервер парағы арқылы жылдам тәртіпте жұмыс істейді. Сервер парағы кіреберісінде жаңадан пайда болатын әрбір мақала-жауапты міндетті түрде көбейтіп, электрондық пошта арқылы әрбір қатысушының дербес мекен-жайына жібереді. Тез арада жеткізу керек аса маңызды ақпаратты, әдетте, жиылыс алаңы арқылы емес, сервер парағының көмегімен жіберген дұрыс. Уақыты жағынан бір мезетте болатын жұмыс тобының пікірталасына (чат) қатысудың өзі жанама қарым-қатынасқа «табиғилық» береді. 

Н.М. Магомедов пен И.В. Роберт чат ерекше оқыту мәніне ие дейді, өйткені «тікелей эфирде» өткізілетін кез келген шара сияқты чаттың дидактикалық қоры, көбінесе, ақпараттық ықпал етудің басқа технологияларына қарағанда, тақырыптарын алдын ала талдау деңгейіне, жүргізушінің дайындық деңгейіне, қатысушылардың жылдам ойланып, өз ойын қысқа әрі нұсқа білдіре алуына, пернетақтада жылдам жұмыс істей алуына байланысты екенін атап өтеді. Ақпараттық технологияларды қолдану кезінде:

- оқу түрткісінің кемшіліктері себеп болған пәндік қиыншылықтар ығыса түседі;
- оқушылар компьютер қатысқан сабақтарға көбірек қызығып, олармен жұмыс істегенде өздерін ыңғайлы сезінеді;

- оқушылар арасындағы, оқушылар мен компьютер арасындағы қатынастың сипаты өзгереді;

- топтың ауызбірлігі артып, өзін-өзі және басқаларды сыйлаумен қатар, сыншыл көзқарас, өзінің және басқалардың мүмкіндіктерін, сондай-ақ компьютердің де мүмкіндіктерін дұрыс бағалай алу қабілеті артады;

- компьютерлік желіде (мысалы, Ғаламторда) жұмыс істегенде, аса маңызды әлеуметтік дағдылар қалыптасады: әдептілік, жауапкершілік, басқа адамдардың ұстанымын ескере отырып, өз мінез-құлқына ие болу – қарым-қатынастың гуманистік түрткілері.

Оқу-танымдық және іздестіру-нәтижелі іс-әрекеттің табысты болуы елгезек және ықылас танытатын, бойында жеке тұлғалық құндылық пен адамгершілігі бар, өзін-өзі бақылау, саналы түрде өзін-өзі реттеу қабілеті бар белсенді оқушылардың жеке тұлғасының өсуінің басты ықпалы болып табылады. Бұған қоса, өзін-өзі өзгерту сияқты жаңа қажеттілік пайда болады. Мұғалім пен оқушы арасындағы ескіден қалған қарым-қатынас түрі жойылады: ол «бәрін білетін сәуегей» дәрежесінен бірлескен іс-әрекеттің жетекшісі, кеңесшісі дәрежесіне көшсе, оқушы жасы үлкеннің қолдауы мен сенім артуы арқасында өзара әрекеттестікте шын қызығушылық танытып, ықылас білдіреді. 

Мұғалім қайткенде де оқушының өзіне деген сенімін жоғалтып алмау керек: тез арада өзін-өзі көрсете алу, өз ойын білдіре алу үшін жағдай жасап, өзін-өзі таныстыру үшін қолдау көрсету керек, ұстаздың, жұмыс жетекшісінің, басты мақсаты – мұғалім мен оқушының өзара әрекеттестігі «субъект-субъектілік» қатынас жағдайында орын алатын ынтымақтастық құру. Сонда ғана оқушыда өзін-өзі бағалау, өзін-өзі талдау, өзін-өзі тану қажеттілігі қайта-қайта пайда болып, солардың негізінде ол өзіне және серіктестеріне қатысты өзін-өзі өзгертуді қабылдайды немесе бас тартады.

Осылайша, мультимедиа технологияларының сан алуан түрлерін кешенді түрде қолдану, жетекші-педагогтан бастап қарапайым оқушыға дейін, барлық қолданушылардың өзара қарым-қатынасының дамуына ықпал етеді, ол оқушыға өзін-өзі таныстыруға бар күш-жігерін салып, өз қабілетін жандандыруға мүмкіндік береді, ол оқытушының қолдау көрсетуі арқылы өз мүмкіндіктерін, өз адамгершілігі мен құндылығын танып, өзін-өзі өзгертеді.

Компьютерді пайдаланатын оқыту технологиясын компьютерлік технология деп атаған үйлесімді. Компьютерлік (жаңа ақпараттық) оқыту технологиялары дегеніміз компьютер арқылы ақпаратты дайындап, дәріс алушыға жеткізу үрдісі. АБТ-ға компьютерлер, бағдарламалық жасақтама мен электрондық байланыс құралдары жатады. Көбінесе АБТ-ға, сондай-ақ, іскерлік және әкімшілік үрдістерді басқарушылық кеңес беру мен жобалау технологияларын да жатқызады, өйткені жобалау нәтижелері, әдетте, компьютерлер мен электрондық байланысты қолдану дегенді білдіреді.

Ақпараттық технологиялар үш топқа бөлінеді: сақтаушы, ұтымды етуші және жасампаздық (шығармашылық). Ақпараттық технологиялар еңбекті, уақыт пен заттық қорларды үнемдейді (принтер, сканер, ксерокс).
Ұтымды етуші ақпараттық технологиялар дегеніміз – іздеу мен тапсырыс берудің автоматты жүйесі (кітапханада кітапты іздеу жүйесі).

Жасампаздық (шығармашылық) ақпараттық технологиялар адамды ақпаратпен жұмыс үрдісіне енгізеді (мәтіндік редактор).

Ақпараттық технологияларды олардың қызметі бойынша жіктеуге болады. А.В. Дворецкая ақпараттық технологиялардың мынадай түрлерін бөліп қарастырады: тұсаукесер, жаттықтыратын ойындар мен дамытатын бағдарламалар, дидактикалық материалдар, бағдарламалар-жаттықтыру құрылғысы, виртуалды тәжірибе жүйелері, электронды оқулықтар, электронды энциклопедиялар [33].

Тұсаукесер (презентация) – көрсету материалдарын ұсынудың кеңінен тараған түрі. Тұсаукесер бұл – электронды диафильмдер, бірақ қарапайым диафильмдерге қарағанда, оларда анимация, аудио және видеоүзінділер, интербелсенділік іздері болуы мүмкін, яғни пайдаланушының әрекетіне қарсы жауабы ескеріледі. Тұсаукесердің ең қызықтысы – оны қолында компьютері бар кез келген мұғалім азғана уақытын жұмсай отырып жасай алады. Студенттер оларды өз жобасын ұсынуда белсенді түрде қолданады.

Электронды энциклопедияларда көрсету және анықтамалық материалдар қызметі біріктірілген. Қолдану мақсатына қарай олар қарапайым анықтамалық-ақпараттық басылымдардың электронды баламасы болып табылады. Қағаз бетіндегі баламаларына қарағанда мұндай энциклопедиялардың қосымша қасиеттері мен мүмкіндіктері бар: басты сөз немесе ұғым бойынша ыңғайлы іздеу жүйесі, гиперсілтеме негізінде ыңғайлы шарлау жүйесі, аудио және видеоүзінділер қосу мүмкіндігі.

Молокова А.В. пікірінше, жаңа ақпараттық технологияларды қолданғанда дәріс алушының еңбегінің тиімділігін арттырып, оқу материалын түсініп, есте сақтау үрдісін оңтайландырып, ең бастысы, балалардың оқуға деген қызығушылығын арттырып, дәстүрлі оқу пәндерін оқытуды түрлендіруге болалы. Компьютер студенттерді көлемі жағынан үлкен мәтінмен өз бетінше жұмыс істеуге тез әрі тиімді үйрете алады. Компьютер бейқам болсын, ұшқалақ болсын, кез келген баланың шығармашылығына дем бере алады [34].

Ақпараттық технологиялардың көмегімен пайдаланушыға ақпаратты жеткізіп қана қоймай, оны алуға да болады. Ақпараттық технологиялар кез келген жерде және кез келген уақытта оқытуға мүмкіндік береді, бұл оларды білім беру өрісіндегі оқу материалдарын оқытудың аса қуатты құралына айналдырады. Көптеген мамандардың ойынша, жаңа ақпараттық технологиялар оқыту ісіне жаңашылдық енгізуге мүмкіндік береді. Ақпараттық технологиялар балаларға белсенді әрі тәуелсіз оқушы болуға көмектесіп, бір-бірінен үйренуге, аса мол ақпаратқа қол жеткізуге мүмкіндік береді.

Ақпараттық технологияларға білім беру қорларына қол жеткізуге мүмкіндік беретін құрал деп қарауға болады. Білім беру жүйесін ақпараттандырудың қарқынды үрдісі ақпараттық технологияларды көптеген сабақтарда қолдануға мүмкіндік береді. Ақпараттық технологияларды пайдаланудың арқасында білім беру үрдісіне қолдау жасалады, пәндік саланың оқыту шарттары мен ерекшелігін ескере отырып, білім берудің ағартушылық, дамытпалы және тәрбиелік мақсаттарын жүзеге асыруға жағдай жасалады, оқыту үрдісінің мазмұндық және бағалау-бақылау жақтарын толықтыра түсуге болады. 

Ақпараттық технологиялардың өзіне тән ерекшеліктері ЖОО-да білім беру мақсаттарын жүзеге асырудағы оның орнын бағалауға мүмкіндік береді. Біріншіден, ақпараттық технологиялар материалды оқып- білудің мазмұны мен әдістемесін толықтырады, ол студенттің сезімдік тәжірибесін байытып, жүйлендіру мүмкіндігін арттырады. Әсіресе, шынайы оқу жағдайында материалды қабылдау мүмкін емес немесе қиындық тудыратын кездерде. 
Екіншіден, ақпараттық технологиялар оқуда қиындықтарға кезігетін студенттерді де, озат студенттерді де жеке-дара оқыту үрдісі үшін жағдай жасайды. 
Үшіншіден, баспа оқулықтарына қарағанда көрнекілік деңгейі айтарлықтай жоғары. Өйткені жоғары деңгейдегі бұл көрнекілік анимация, дыбыс, видеоүзінділер көмегімен орындалады. 

Бұған қоса, ақпараттық технологиялар арқасында мұғалімнің жағымды зияткерлік оқыту ортасын жасауға мүмкіндігі пайда болады, бұл үлгерімі жақсы студенттер үшін аса қажет. 

Ақпараттық технологиялар бірнеше дидактикалық қызметті атқарады: 
-білім беру; 

-дамытушылық;

- тәрбиелік. 

Білім беру қызметі төменгі сынып оқушыларының одан әрі білім алуға, жаратылыс-ғылыми және қоғамтану мазмұнындағы білімді игеруге даярлығын қамтамасыз ететін білім-білік және дағдыларын қалыптастыруға бағдарланған.
Дамытпалы қызметі қоршаған әлемді оқып-білу барысында оқу іс-әрекетінің аса маңызды бөлшектерін қалыптастыруға бағдарланған. Студенттердің ақпараттық технологияларды қолдану арқылы жұмысы нәтижесінде оқытудың дамытпалы тиімділігі артады: қабылдаудың, елестетудің, ықылас-зейіннің, есте сақтаудың, әсіресе, ойланудың сапалық сипаттамалары қалыптасады. 

Тәрбиелік қызметі қоршаған ортамен, оның эстетикалық, адамгершілік, әдептік және құқықтық ережелерін сақтай отырып, дұрыс арақатынас орнатуға мүмкіндік береді. Ақпараттық технологиялармен жеке-дара жұмыс істеу мүмкіндігі оқу-танымдық түрткінің дамуына, жеке тұлға ретінде саналы түрде табиғи және әлеуметтік ортаның ережелерін қабылдауға жақсы жағдай жасайды. 
Ақпараттық технологияларды қолдана отырып оқытушы мынадай мақсаттарды көздейді: біріншіден, оқытудың негізгі құралдарына мазмұндық және технологиялық қолдау жасау, білім қалыптастырудың көрнекілік негізін күшейту. Екіншіден, білім алушылардың жалпы мәдениетін, білімпаздығын қалыптастыру, жағымды зияткерлік оқыту ортасын жасау. Үшіншіден, оқушылардың ақпараттық мәдениетін қалыптастыру, өз бетінше білім алу дағдыларын қалыптастыру. Төртіншіден, оқушылардың танымдық қызығушылықтарын дамыту, мамандыққа баулитын пәндерді оқуға деген қызығушылықтарын арттыру.

Сонымен, білім беру жүйесін ақпараттандыру қазақстандық білім беру үшін үлкен перспективалар ашады. Соңғы жылдары компьютерлік, телеқатынастық техника мен технологиялардың қоғам өміріндегі рөлі мен орнында түбегейлі өзгерістер болды. Ақпараттық және телеқатынастық технологияларды игеру қазіргі заманда әрбір жеке тұлға үшін оқу және жазу қабілеті сияқты сапалармен бір қатарға және әрбір адам үшін қажетті шартқа айналды. Алынған білім мен дағдылар бұдан әрі көптеген жағдайда қоғамның даму жолдарын анықтайды.


1.2 Информатика пәнін оқыту үдерісінде ақпараттық коммуникациялық технологияның атқаратын қызметі


ХХI ғасырдағы бiлiм беру жүйесіне жаңаша ақпараттық технологияларды ендірудегі басты ұстаным – сапалы түрде iске кiрiсiп, тиiмдi әрекеттену, құндылықтарды тұтынып, нәтижелi табысқа жету. Бұл қағиданы ұстанып, оң әрекетке бағытталған тұлға сөзсiз табысқа жетедi, көздеген мақсаты орындалады. Дәлiрек айтқанда, бұл – нәтижеге ие болудың кiлтi. Ал бiлiмдендiрудiң арнасын кеңейткен интернетке қосылу, педагогтердің кәсiби мамандығын жетiлдiру, ақпараттық тасқын, дамудағы жылдамдығына көз iлеспейтiн бүгiнгi шапшаңдық, бiлiм жүйесiндегi жаңалықтар мен өзгерiстердi игеру осыған дейiнгi қолданылып келген әдiс-тәсiл, амалдарға бой бермей отыр. Олай болса, оқу-тәрбие үдерісінде болашақ мамандарды даярлауда ақпараттық технологиялар жүйесін пайдалану кәсіби міндеттердің біріне жатады. 
Қазіргі білім беру саласында көптеген өзгерістер енгізіліп, жаңалықтар ашылып жатыр десек, қателеспес едік. Әсіресе, жаңа инновациялық технологиялар көптеп енгізілуде. Солардың бірі – АКТ – ақпараттық- коммуникациялық технологиялар. Технологияның мақсаты – мұғалімдердің білімін компьютерлік интеграциялау, қашықтықтан оқытуды қамтамасыз ету болып табылады. Технология ЮНЕСКО көлемінде таңдап алынған мына мемлекеттерде жүзеге асырылуда: Қытай, Фиджи, Үндістан, Индонезия, Қазақстан, Малайзия, Монғолия, Филиппин, Таиланд және Вьетнам. 
Қазіргі орта кәсіптік және жоғары оқу орындарында электрондық байланыс жүйелерінде ақпарат алмасу интернет, электрондық пошта, теле-конференция, бейне-конференция, телеқатынастық жүйелер арқылы іске асырылуда. Заман ағымына қарай күнделікті сабаққа бейне, аудио қондырғылары мен теледидарды, компьютерді қолдану айтарлықтай нәтижелер беруде. Кез келген сабақта электрондық оқулықты пайдалану оқушылардың танымдық белсенділігін арттырып қана қоймай, логикалық ойлау жүйесін қалыптастыруға, шығармашылықпен еңбек етуіне жағдай жасайды. Дәстүрлі оқулықты оның электрондық нұсқасына оңай айналдыруға болады. Бұл нұсқаның жетістігі – оны компьютер жадында сақтау мүмкіндігі, оның компьютерлік желілер арқылы таратылуы болып табылады. Ақпараттық технологияларды пайдаланудың ғылыми-педагогикалық, әдістемелік негіздері әлі қалыптасу үстінде. 

Ақпараттық - коммуникациялық технологияларды дамыту Қазақстан экономикасының бәсекеге қабілеттілігін арттырудағы маңызды факторлардың бірі болып табылады. Соңғы жылдары елдегі ақпараттық-коммуникациялық технологияларды дамыту қарқыны үлкен серпін алуда.

Біз тәуелсіз, мемлекеттік білімді жетілдіруге аса мән берген елде тұрамыз. Жалпы білім берудің мақсаты – терең білімнің, кәсіби дағдылары негізінде еркін бағдарлай білуге, өзін-өзі дамытуға, адамгершілік тұрғысынан жауапты шешімдерді қабылдауға қабілетті жеке тұлғаны қалыптастыру. Яғни жеке тұлғаны қалыптастыруға негізделген, ақпараттық-коммуникациялық технологияларды терең меңгерген, жылдам өзгеріп жататын бүгінгі заманға лайықты, жаңашыл тұлғаны қалыптастыру.

Ақпараттық- коммуникациялық технологияны бәсекеге қабілетті ұлттық білім беру жүйесін дамытуға және оның мүмкіндіктерін әлемдік-білімдік ортаға енудегі сабақтастыққа қолдану негізгі мәнге ие болып отыр.  
Осыған сәйкес, жоғары білім беру саласындағы бүгінгі күнгі алға қойылған мақсаттардың бірі– жаңа ақпараттық технологияны білім беру жүйесіне пайдалана алатын, ақпараттық мәдениеті жоғары, білімді тұлғаны қалыптастыру. Білім беруді ақпараттандыру нәтижесінде әрбір студент ақпаратты еркін пайдалануға, оны қажетіне қарай талдай білу мүмкіндігіне ие болуы қажет. Өйткені бұл білім беру үдерісіне қатысушылардың интеллектуалдық белсенділігінің артуына, сол арқылы білім беру жүйесінің дамуын жетілдіруге негіз болады.

Білім беру жүйесіне оқытудың жаңа технологияларын енгізу және ақпараттық технологиямен қамтамасыз етуді жақсарту, оқушылардың ақпараттық мәдениетін қалыптастыру міндеттері бір-бірімен өзара тығыз байланысты, яғни оқу үдерісін қазіргі заманғы технологиялар мен оқытудың техникалық құралдарын енгізуді талап етеді.

Ақпараттық-коммуникациялық технологияны пайдалану жөніндегі қызметтің мақсаты: үйренушінің шығармашылық әлеуетін дамыту; коммуникативтік әрекеттерге қабілетті болуды дамыту; сараптамалық зерттеу қызметі дағдыларын дамыту; оқу қызметі мәдениетін дамыту; оқу-тәрбие үрдісінің барлық деңгейлерін қарқындандыру, оның тиімділігі мен сапасын арттыру; қазіргі қоғамның ақпараттануымен байланысты пайда болатын әлеуметтік тапсырысты жүзеге асыру. 

Ақпараттық-коммуникациялық технологияны бәсекеге қабілетті ұлттық білім беру жүйесін дамытуға және оның мүмкіндіктерін әлемдік білімдік ортаға енудегі сабақтастыққа қолдану негізгі мәнге ие болып отыр.
Сондықтан оқытудың ақпараттық-коммуникациялық технологиясы-білімді жаңаша беру мүмкіндіктерін жасау, білімді қабылдау, білім сапасын бағалауы, оқу-тәрбиесі үрдісінде оқушының жеке тұлғасын жан-жақты қалыптастыру үшін, бойында ақпараттық мәдениетті, сауатты адам-ақпараттың қажет кезін сезіну, оны табу, бағалау және тиімді қолдану қабілетін арттырады деп санаймыз.

Сезімді ынталандыру деген білім беруге жағдай жасау, сабақ кезінде мадақтау және көтермелеп отыру, оқытуда ойын түрлерін тиімді пайдалану, алға қойған мақсатты жүйелеу болып табылады. 

Іс-әрекеттің нәтижелі, шығармашылық түрлерінде оқушының өмірлік тәжірибесінде өзін-өзі дамыту мен өзін-өзі жетілдіру қажеттігінің қанағаттандырылуы жеке тұлғаның өзін-өзі жетілдіру деген ынта-ықыласының пайда болуы мен қалыптасуына шешуші ықпал етеді. Бұл өз кезегінде тұлғаның өз бетінше өмір сүру, дербестік және әлеуметке жылдам бейімделу даярлығының негізін құрайды.

Жалпы мағынада дербестік дегеніміз – жеке тұлғаның интегративті қасиеті, бұл жеке тұлғаның айналасындағы адамдармен және өз-өзімен қатынасын реттей алу деңгейін сипаттайды. Дербестік жеке тұлғаның саналы түрде өзін-өзі анықтауынан, өз күші мен қабілетін дұрыс бағалауынан, өзін-өзі тәрбиелеу мен өз бетінше білім алу білігі мен дағдыларынан, өмірлік жағдайларда тәуелсіз өзін-өзі анықтай алу, қоғамда өз орнын таба алу қабілетінен, тіршілік әрекетінде өзіне қажетті жағдай жасай алуынан көрінеді. Дербестік дегеніміз – адамның өмір сүру салтын анықтайтын салмақтылығының, қоршаған ортамен үйлесімділігінің көрсеткіші. Сонымен қатар дербестік – тәрбие мен өзін-өзі тәрбиелеудің аса маңызды нәтижесі, және ол жеке тұлғаның өзін-өзі дамытуының аса маңызды шарты мен құралы болып табылады. Жеке тұлғаның дербестігінің деңгейі жоғары болса, «кері байланыс» үрдісі де, яғни өзінің және өзгенің тәжірибесін игеру мен қолдану деңгейі де қарқынды болады.

Дербестіктің өзегі жеке тұлғаның «Мен – тұжырымдамасы» болып табылады. Табысты жеке тұлғаға қажетті жағымды «Мен – тұжырымдамасы» («Мен білемін», «Мен істей аламын») дербестіктің жоғары деңгейіне сәйкес келеді. Жеке тұлғаның өз ойын білдірудің негізгі өрісі болып табылатын шығармашылық іс-әрекет жағымды «Мен–тұжырымдамасының» қалыптасуына жақсы жағдай жасайды. 

Ақпараттық-коммуникациялық технологияларды пайдалану арқылы шешілетін тағы да бір міндет – оқушылардың оқу материалдарын толық меңгеруі үшін оқу материалдарының практикалық жағынан тиімді ұсынылуына мүмкіндіктің болуы. Бұл мақсаттарға жету жолында электрондық оқулықтар, тексеру программалары, оқыту программалары сияқты программалық өнімдер қызмет етеді. Білім саласында компьютер – оқу үшін оқу құралы, ал мұғалім үшін жұмысшы болып табылады.

Оқытудың ақпараттық технологиялары осы ақпараттық білім жүйесінің шегінде іске асырылатын болғандықтан, осы білім технологиясына ақпараттық және бағдарламалық қолданумен көрсететін құралдар бір ғана компьютермен, оған енгізілген бағдарламамен шектеліп қалмауы керек. Әсіресе біздің жағдайымызда, олай дейтініміз «информатика» пәнінің өзі сол ақпараттық технологияның басты құралы болғандықтан оның мүмкіндігіне ғана тәуелді жұмыс жасау, оны тек көрнекілік ретінде ғана қолдану педагогтың кәсіби деңгейі мен шеберлігіне сын болары хақ. Шын мәнінде оқытудың ақпараттық-технологияларының бағдарламалық құралдары және білім технологияларының өздері ақпараттық білім ортасына ақпараттық білім жүйесінен бөлінген жүйелерге қосылады.

Ақпараттық-коммуникациялық технология электрондық есептеуіш техникасымен жұмыс істеуге, оқу барысында компьютерді пайдалануға, модельдеуге, электрондық оқулықтарды, интерактивті тақтаны қолдануға, интернетте жұмыс істеуге, компьютерлік оқыту бағдарламаларына негізделеді. Ақпараттық әдістемелік материалдар коммуникациялық байланыс құралдарын пайдалану арқылы білім беруді жетілдіруді көздейді. Заман ағымына қарай ақпараттық-коммуникациялық технологияны қолдану айтарлықтай нәтиже беруде. Кез келген сабақта электрондық оқулықты пайдаланып, білім алушылардың танымдық белсенділігін арттырып қана қоймай, логикалық ойлау жүйесін қалыптастыруға, шығармашылықпен еңбек етуіне жағдай жасайды. 

Ақпараттық-коммуникациялық технологияларды оқу-тәрбие үрдісінде қолдану оқушының қызығушылығын арттырып, шығармашылық шабытын шыңдап, ғылыми көзқарасын қалыптастырады.

«Қазіргі заманда жастарға ақпараттық технологиямен байланысты әлемдік стандартқа сай мүдделі жаңа білім беру өте қажет» деп, Елбасы атап көрсеткендей, жас ұрпаққа білім беру жолында ақпараттық технологияны оқу үрдісінде оңтайландыру мен тиімділігін арттырудың маңызы зор. Білім беру саласында АКТ-ны дамытудың барлық жаңа үрдістерін ескеру және оларды білім беру процесінде пайдалану елдегі білім беру деңгейін жаңа деңгейге шығаруға көмек береді.

Білім беру жүйесіне оқытудың жаңа технологияларын енгізу және ақпараттық технологиямен қамтамасыз етуді жақсарту, білім алушының ақпараттық мәдениетін қалыптастыру міндеттері бір-бірімен өзара тығыз байланысты, яғни оқу үрдісін қазіргі заманғы технологиялар мен оқытудың техникалық құралдарын енгізуді талап етеді. Мұндай талаптарды қанағаттандыру – білім беру жүйелеріне жоғары білікті мамандарды дайындау мәселелерін ғылыми негізде шешу қажеттілігімен тікелей байланысты.
Ақпараттық-байланыс технологиялары (АБТ) адамның іс-әрекетінің көптеген өрістерін қамтып, сапалы түрде іс-әрекет үрдісін ғана емес, сонымен қатар, оған деген қатынасты да өзгертеді. Бүгінде АБТ білім беру үрдісінде де жан-жақты қолданыс тауып отыр, бірақ оның білім беру әдістемесіне қатысы жоқ, көбінесе тек ұйымдастырушылық, ақпараттық, т.б. мақсатта ғана, мысалы, мұғалім оқушыларға белгілі бір ақпарат көздерін Ғаламтордан іздестіруді ұсынады. Білім беру үрдісінде АБТ-ны пайдалануға қатысты мүмкіндіктердің кең ауқымы әлі де өз қолданысын тапқан жоқ.

АБТ-ты белсенді түрде енгізіп жатқан оқытушылар дәл осы ақпараттық технологиялар оқытушыға өзінің іс-әрекетіне талдау жасап, шеберлігін ұштауға мүмкіндік береді дейді. Жаңа технологиялардың қай кезде оқушының тақырыпты меңгеруіне көмектесе алатынын, ал қай кезде тікелей бетпе-бет қатынастың қажеттігін түсінуге болады. АБТ қолдану барысында қандай да бір «із» қалып отырады, сол ізді талдай келе, өзіндік даму жолдарын айқындауға болады.

Заманауи әлемнің дамуы ақпараттық қоғамның қалыптасуына ықпал еткен технологиялық жаңалықтарға тікелей байланысты. Мұндай қоғамда жаңа ойлар тудыру, ақпаратты өңдеу – басты орында, заманауи байланыс технологиялары адамзаттың іс-әрекетінің барлық өрістеріне ықпал етеді, бұл жеке тұлғаның өзін-өзі дамыту, өзін-өзі жетілдіру қажеттілігін арттырады. Қазіргі уақытта білімі мол қоғам кез келген елдің технологиялық және әлеуметтік-экономикалық дамуының ең басты факторы болып отыр. Гуманистік бағдарлы заманауи білім беруде сан алуан түрлер, әдістер, технологиялар басты мақсат емес, олар жеке тұлғаның өзін-өзі дамытуы үшін аса қолайлы жағдайды қамтамасыз ету: білім беру жүйесіне ақпараттық-байланыс технологияларын белсенді түрде енгізу; адамға өз болмысын түсініп, байыту үшін, қоршаған шындықпен қатынасындағы өзінің әлеуметтік орнын айқындау үшін жәрдем етуге бағытталған жаңа білім беру парадигмасын іске қосу сияқты білім берудің ең басты міндеттері аясында қарастырылады. 

Біз педагогикалық білім беруде шығармашылық білім беру ортасын қалыптастырудың тиімділігін арттыратын заманауи ақпараттық-байланыс технологияларын қолданудың басты екі бағытын көріп отырмыз. 

Біріншісі – білім беру міндеттерін шешуде және күнделікті өмірде компьютерді шебер қолдануға мүмкіндік беретін білім-білік және дағдыларды игеруге бағытталған ақпараттық-байланыс технологияларын кең ауқымда қолдану арқылы даралаудың аса жоғары деңгейі дегенді білдіреді.

Екіншісі – заманауи ақпараттық технологияларды оқытудың аса күшті құралы ретінде қарастырады, олар білім берудің тиімділігін арттырып, географиялық білім беру барысында оқудың жеке ізін таңдау еркіндігін қамтамасыз ете алады. Мұнда оқытушының басты іс-әрекеті дәріс алушының жеке тұлғасына белсенді педагогикалық ықпал етуден гөрі дәріс алушының өзіндік оқуы мен жеке тұлғасының дамуы орын алатын білім беру ортасын қалыптастыру болып табылады.

Осы орайда бастауыш сыныпта жүргізілетін информатика пәнінің мазмұнына шолу жасап өтейік және онда қолданылатын ақпараттық

коммуникациялық технологиялардың түрлеріне талдау жасайық.

«Қазақстан Республикасы бiлiм беру жүйесiн 2015 жылға дейiн дамыту тұжырымдамасының» негiзгi мiндеттерiнiң бiрi оқушылардың ақпараттық дайындығын жетiлдiру болып табылады.

Орта бiлiм беру жүйесiндегi информатиканың ролi қазiргi қоғамдағы ақпараттық мәдениеттiң негiзiн құрайтын - ақпараттық және коммуникациялық технологияны пайдалану дағдыларын қалыптастырудағы ақпараттық бiлiмнiң мәнiмен қамтамасыз етiледi.

«Ақпараттық мәдениет негіздері» пәнін бастауыш мектепте оқыту бағдарламасының түсінік хатында былай делінген: Бiлiм берудегi ақпараттық технологияның ЮНЕСКО институтының “Бастауыш бiлiм берудегi информатика” (Бастауыш білім берудегі информатика. Ұсыныстар. ИИТО. – М. 2000, 94 бет) ұсыныстарын, информатиканы оқыту тәжiрибелерiн талдау қорытындыларын және компьютердiң дидактикалық мүмкiндiктерiн негiзге ала отырып, 1-4 сыныптарда «Ақпараттық мәдениет негiздерi» пәнiн оқытуды ұсынып отырмыз.

Пәннiң мазмұнын құрастыру бағытында оқушылардың ойлау қабiлетiнiң математикалық негiздерiн құрайтын ақпараттық мәдениет пәнiнiң iргелi ұғымдарын меңгерту басшылыққа алынған.

Психолог ғалымдардың тұжырымдамасы бойынша адамның жинақтаған бiлiмiнен гөрi, оның ойлау қабiлетiнiң дамуы, талдау жасай бiлу қабiлетi, алынған ақпараттарды жалпылау және шешiмдер қабылдай бiлу сияқты қасиеттермен қарулануы қажет. Осы тұжырым негiзiнде пәннiң негiзгi мақсаты алынады.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   ...   31




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет