Батыс тарих философиясыныњ негізгі



Pdf көрінісі
бет11/32
Дата05.05.2023
өлшемі1,93 Mb.
#90520
түріМонография
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   ...   32
Байланысты:
қazaқtanu-tarih-filos.

2 ШЕЖІРЕ ЖӘНЕ ТАРИХНАМА 
 
2.1 Көшпенділердің тарихи танымы және шежіре мәселесі 
Біз бірінші тарауда тарихпен айналысатын ғылымның да, оның 
зерттеу нысанының да «тарих» деген бір терминмен білдірілуі бірқатар 
қолайсыздықтар тудыратынын айтып едік. Сондықтан тарихи үдерістің 
өзін ғана «тарих» деп, ал оны зерттейтін арнайы ғылымды «тарих 
ғылымы» немесе сол баяғы грек тілінде «историология» деп атаған 
дұрыс болар еді. Ал тарих ғылымы туралы тарих «тарихнама» 
(историография) деп аталады. Сондай-ақ тарих ғылымында деректану 
(орысша источниковедение) сынды қосымша пәннің де бар екенін айта 
кету керек. 
Тарихнама тарихты ғылыми тұрғыда түсіндіру мен бағалауды, 
басым көпшілігінде, тарихты баяндау мен тарихи зерттеулердің 
нәтижелерін бағалауды білдірді және ол өзінің жазбаша сипатымен 
айқындалады. Әлемді түсінудің батыстық парадигмасында жазбаша 
тарихнама антикалық замандағы тарихтың атасы саналатын Геродот пен 
Фукидидтен бастау алады. Ал ауызша тарихи шежірелер мен аңыздар 
күні бүгінге дейін ғылыми тарих ретінде мойындалмай келеді.
Дегенмен тарихтың тарихнамадан (жазба тарихтан) бұрын 
басталатыны баршамызға мәлім. Жер бетінде қай ұлтты немесе қай 
халықты алып қарамасақ та, олардың кез-келгені - тарихи дамудың 
туындысы. Зерттеліп жазылған тарихи кітабы жоқ болуы мүмкін, бірақ 
тарихсыз халықтың болуы мүмкін емес. «Тарихнама ең алғашында 
ауызша тарихи-шежіре, аңыз түрінде басталып, жазба тарих кейін келе, 
жарыққа шығып, кемелденіп отырған. Жер жүзіндегі ең ежелгі марқа 
мәдениеті, бағзы заманнан үзілмей келе жатқан жазба тарихы бар 
жұңғоның (қытайдың) да шияшаң дәуірінен бұрынғы хуаңди, янди 
жөніндегі деректері тарихи аңыз-ертегілерден басталады. Ежелгі Египет, 
Индия, Иран, Грек тарихтары да осындай» [52, 39 б.].
Ал енді осыдан Еуразиялық Ұлы Дала мен Орталық Азияны мекен 
еткен көшпенділердің, оның ішінде қазақ халқының төл тарихын тануы 
мен тарихи санасында шежіренің қандай орын алатынына, оның 
тарихнамасының қалай түзілгеніне тоқталайық.
Тарихты шынайы жазу үшін деректердің алатын орны зор. 
Деректемелердің қатарына тарихи айғақтардың барлығын, яғни 
археологиялық, этнографиялық, антропологиялық, лингвистикалық, 
жазбаша, заттық, ауызша айғақ-деректердің кез келгенін жатқызуға 
болады, өйткені олар белгілі бір заман мен қоғам туралы тарихи таным 
қалыптастыруға мүмкіндік береді. Осындай деректер тобына, әдетте, 
шежіре немесе генеалогия да жатқызылады. Жалпы жоғарыда 
айтылғандай, тарих ғылымында шежірелік деректерге қосалқы немесе 
жанама дерек көзі ретінде қарау үрдісі қалыптасқан [53]. Басым 


62 
көпшілігінде генеалогияға «ру-тайпалардың пайда болу, қалыптасу 
тарихын білдіретін және ата-текті түсіндіре тарататын тарих 
ғылымының бір саласы» деген академиялық анықтама беріледі. Кейде 
тіпті шежірені «отбасы тарихын қалпына келтіруге мүмкіндік беретін 
тетік» 
деп 
те 
қарастырады. 
Мұндай 
ұстанымнан 
кеңестік 
тарихшылардың, олардың ықпалынан әлі ажырай алмай жүрген 
қазақстандық тарихшы-этнологтардың да ұзап кете алмай жүргені де 
жасырын емес.
Шындығына келгенде, тарихи деректану саласында әлі түпкілікті 
зерттеле қоймаған, әрі өзектілігі артып отырған ғылыми мәселенің бірі 
қазақ шежірелерімен байланысты. Біз үнемі сілтеме келтіріп отырған 
«Тарих толқынында» еңбегінен мынаны оқуға болады: «Ру шежіресін 
білу – сахара төсінде көшіп-қонған қазақтар үшін өмірлік қажеттілік. 
Қазақ халқының ру-тайпалық, жүздік-қауымдастық біртұтас ғажайып 
бітімі ғасырлар бойы бүкіл қазақ – бір атаның ұрпағы, бір тамырдың 
бұтағы деген ұстаным бойынша өсіп-өркендеп отырған» [19, 34-35 бб]. 
Дала өркениеті тудырған шежіре мәлеметтеріне деректік талдау жасау 
көшпелілік болмысқа тән тарихи ой-сана мен тарихи таным өрісін, оның 
табиғатын және құрамдық бөліктерін, әлеуметтік-мәдени қызметін 
тануға жол ашады. Тарихи ертегілер, жыр-дастандар, тарихи әңгімелер, 
аңыз, әпсаналар, қария сөз, шешендік, билер сөзі және басқа да ауызша 
айтылып, халық жадында сақталған мұралар шежірелік дәстүрді 
құрайтын ішкі деректерге жатады. Өз заманында Ш. Уәлиханов, қазақта 
«бірде-бір мәнді оқиғасы, бірде-бір керемет кісісі туралы айтылмай 
қалғаны, халық жадында сақталмай қалғаны жоқ», - деп атап өткен еді 
[54, 157 б.]. Расында да дәстүрлі қазақ мәдениетінде, оның ауызекі төл 
әдебиетінде үлкен тарихи деректік қор бар. Ол деректемелердің тарихи 
шындықты суреттеудегі ерекшеліктері ғылымда қарастырылмай келеді. 
«Қазақ шежірелерінің тарихи мәліметтерін сын көзқарас тұрғысынан 
тексеру, нақты ғылыми тәсілдермен шындыққа сәйкес келетін ақиқатын 
анықтау, қажетінше ғылыми айналымға енгізу – мемлекет, ұлт және 
мәдениет тарихын деректік тұрғыда зерттеуді жаңа деңгейге көтеретін 
келелі мәселе» деп атап өтеді, қазақ шежірелерін тарихи дерек ретінде 
арнайы ғылыми түрде қарастырған тарихшы-ғалым М.А. Алпысбес. 
Зерттеу барысында біз бұл ғалымның ой-пікірлеріне де сүйендік.
Көшпенділерде, әсіресе қазақ халқында шежіре дәстүрінің ұғымдық 
ауқымы деректемелік сипаттағы тар түсініктен анағұрлым кең екендігін 
атап өту керек. Көшпелі мал шаруашылығының үстемдігі ықпалымен 
қазақы дәстүрде жазба мәдениеттен гөрі ауызекі мәдениеттің басым 
болғаны рас. Сондықтан қазақ тарихнамасы, көршілес отырықшы 
елдермен салыстырғанда, ауызша дәстүрде, аңыз-шежірелерде жүзеге 
асырылды. «Қазақтың шежірешілдігін, дәлірек айтсақ, қазақтың 
тарихшылдығын ұлттық қасиет деуге болады. Бұл, әрине, ерекше артық 


63 
жаратылғандықтан немесе артта қалған жабайылықтан емес. Қазақ 
халқының шежірешілдігін, тарихи санасының сергектігін, ең алдымен, 
оның ұзақ ғасырлар аясында көшпелі өмір салтта болуымен 
сабақтастырған жөн. Ал салт атты көшпелілер өркениетінің Еуразия 
ойкуменінде үш мың жылдық тарихы бар» [55, 31 б.]. Қазақ әдебиеті 
мен мәдениетінің көрнекті өкілі, белгілі ғалым Ақселеу Сейдімбек 
қазақтың шежірешілдігін көшпелі өмір салтымен қатар жеті аталық 
үрдіс пен рулық қандас-туыстық қатынастармен байланыстырады. 
Өткен тарихтың көпшілік ортасында ауызша баяндалуы, сөйтіп этнос 
тарихының ұжымдық жадыға айналуы, ең алдымен, шежіре деректерінің 
объективтілігі мен шыншылдығын қамтамасыз етіп отырған. Бұл 
үрдістің ұлттық таным-түсінік пен моральдық-этикалық нормаға 
енгендігі сонша, қазақ ұғымында әруақтар (өлгендер) туралы ғайбат 
сөйлеп, жаңсақ айту да күнәнің ең ауыры саналған.
Мұндай қарым-қатынас, А. Сейдімбектің айтуынша, «әрбір қазақтың 
тарихи танымын ұдайы кеңейтіп отыруына, шежірелік зердесін ұдайы 
шыңдап отыруына себепші болған. Мұның өзі далалық ауызша 
тарихнаманың, біріншіден – ұзақ есте сақталуына, екіншіден - өзара 
салғастыру мүмкіндігінің молдығына байланысты көп өзгеріске 
ұшырамауына, үшіншіден – субъективизмге ұрынбауына, өтіріктің 
айтылмауына себепші болып отырған» [55, 41 б.].
Тарихи сананың сергек қалыпта сақталынуының ерекшелігін Шоқан 
Уәлиханов та атап өтеді: «Қазақ өздерінің көне аңыздары мен наным-
сенімдерін қайран қаларлық тазалықта сақтай білген. Одан да өткен 
ғажабы сол, байтақ даланың әр шалғайындағы әсіресе өлең-жырлар еш 
өзгеріссіз, бір қолдан шыққандай қайталанатынын қайтерсіз. Көшпелі 
сауатсыз ортадағы ауызша тараған осынау үлгілердің бір-бірінен қылдай 
ауытқымайтыны адам айтса нанғысыз қасиет, алайда күмән келтіруге 
болмайтын шындық» [56, 390]. Бұл ойды қазақтың белгілі әулие 
ғұламасы Мәшhүр-Жүсіп Көпеев былай деп жалғастырады: «Естігенін 
ұмытпайтын, құлағының тесігі бар, кеудесінің есігі бар, ұқпа құлақ 
жандар болған. Сондай жандардың айтуымен кеудесі хат, естігені, 
көргені жад болған қариялар кейінгіге ауыздан-ауызға алып айтуымен 
үлгі-өсиет қалдырған» [57, 9 б.]. Немесе, «кез келген қазақ жеті атасын 
айтып берсе, ешқандай паспорттық дерек мағлұматтарға сүйенбей-ақ 
оның қай ел, қай жерден шыққанын шежіре білген саңылауы бар қазақ 
баласы дөп басып тауып бере береді» [58, 5 б.]. 
Қазақ халқының шежірешілдік қасиетінің кейбір қырына XIX 
ғасырдың көрнекті тарихшысы Құрбанғали Халид те назар аударады: 
«...Бұл халықтың тарихы жалпы ауызда бар. Алайда жекеленген жазба 
тарихтары мен естеліктері болмағандықтан, әркім әртүрлі пікір айтып, 
біреулер жаман ниет-арам оймен, енді біреулері тек мұқатуды мақсат 
еткен. Кезіндегі бағзылар тарихты анығырақ түсініктеме беруге 


64 
білімдері жете тұра, оған мән бермеген. Нәтижесінде мағынасы анық ел 
тарихы баяндалмады... [Бұлардың] көнеден келе жатқан жазылған 
тарихы болмағанымен, ата-бабаларымен, түрлі ұрпақтарының ақпарлары 
ауыздан-ауызға аңыз болып ұласып келе жатқанын ешкім жоққа 
шығармайды. Дегенмен, уақыт оза келе бұл шежірелер өз негізінен 
артық-кемі болып, ілгері-кейінді айтылып, шатастырарлықтай жағдай 
болса да, өзге тарихи мәліметтермен салыстыра отырып, реттестіру 
нәтижесінде белгілі бір шындыққа жақын, тоқтамды пікір айтуға 
болады. Бұл хабарлар негізсіз дәлелденбесе де себепсіз жалғанға 
шығарылмайды. Негізінде, шындығы басым тарихи оқиғалары анық. 
Себебі бұл тайпалар өздерінің тарихты тереңдетіп оқымағанының 
салдарынан нақтылы анық айтып, білімге таласатындары болмағанымен, 
бабаларының сөздерін зейінімен тыңдап ұғып, олардан естіген 
шежірелерін еске алып әр мәжілісте, әр-жиын отырыстарда үнемі 
қайталап, шын ниетімен ойларында ұстап, ұрпақтан ұрпаққа 
жалғастырып, нассабшыларына шежіреші деп ат қойған» [59, 50-51бб.].
Бұл автор қазақ халқының тарихи жадының сергек сақталуының түп-
төркіндеріне тоқтала келе, замана өзгерісімен осы қасиеттің жоғалып 
бара жатқанына қынжылыс білдіреді: «Бұл елдің мұндай істері тек осы 
ғасырымызда ғана емес, көнеден келе жатқан дәстүрлі әдеттері. Содан 
әр тіршілік істеріне шежіре қағидаларын пайдаланып, мақал-мәтелдерін 
қолданғанда да бабаларына ұқсауға тырысар еді. Бұл ел мақалдарды 
өздерінше үлкен тірек, медет етеді. Шынында сол сүйенген тірегі 
негізсіз, мағынасыз емес. Қайта түп төркіні бір кітапқа байланысты, 
шығу тегі бір заңдылыққа бағынғаны сияқты, көне кезде бұлар бір әділ 
патшаның иелігінде ме, жоқ бір кәміл данышпанның тәлімін алды ма 
деген ойға келесің. Бұлар біріншіден, үлкендерінің аузына қарап, 
естігендеріне сүйеніп оқымай қалған да болар. Екіншіден, сөзқуарлық, 
шешендіктің негізгі мақсаты өз ойын көркем тілмен жеткізе білуді 
толық меңгеріп алған соң, жазу, оқу бұған қажет болмас. Себебі, оқуға 
сенген – ұмытшақ, жазуға сенген – жаңылшақ деген қағиданы ұран 
орнына көтергендігінен болса керек. Бірақ осы соңғы жылдары бұлар да 
оқып, жазып тарихтардан хабардар болу нәтижесінде ауызша сөзге аса 
құлақ қоймай барады. Бұдан 25-30 жылдар бұрын ұзақ сарынды жылдар 
айтатын, әңгіме сөзімізді білетін адамдар азайып барады. Қадым сөздің 
қадірін білетін қарттар таусылып, жастар әр кім өз кәсібі-тіршілігімен 
айналысып, өткен ақпарлардан не пайда, келді-кетті, заман әркімнің 
өзінікі емес пе деп өздерін уатар заман туды. Осынша халықтың тарихы 
ұмытыла ма, іздеп, керек еткен адам бір жерден тауып алады деп 
түсіндірген. Міне осындай ойлардың кесірінен өскен-өнген, мәдениет 
дамыған қаншама халық тарих қойнына сіңіп мәңгіге жоғалып барады. 
Ұрпақтары тарих ғылымынан несібесіз қалуға айналды. Бабаларын 
жазғырып, шежіренің пайдасын білмей, шежірешінің қадірін ұмытып, 


65 
пайғамбардың «нәсібіңізді таныңыз», яғни туысыңызды анықтап біліңіз 
дегенінің мәнін ұқпай отыр бұл халық. Жазудан басқаға нанбайтын 
жастардың есінде болсын» [59, 52 б.].
Еліміз бен жерімізде болып өткен тарихи үдерістерді қайта қалпына 
келтіруде жазба деректермен қатар, ата-бабаларымыздың қолданған 
тарихи білімін де, ауызекі тарихи дәстүр мен шежірені де пайдалану 
мәселесі бүгінгі күннің ғылымындағы өзекті мәселе. Халқымыздың 
ауызша мәдениеті, тарихи санасы мен қазақ тарихнамасындағы 
шежірелік дәстүр мәселелері өзінің кешенді түрде зерттелуін күтіп 
жатқан тың тақырыптардың бірі.
Өзінің бастауын ежелгі заманның аңыз-әпсаналарынан, әйгілі 
«Моңғолдың құпия шежіресінен», Рашид-ад-Дин, ибн-Халдун, Бабыр, 
Мұхаммед Хайдар Дулат, Ұлықбек, Әбілғазы, Қадырғали Қосымұлы, 
Өтеміс-қажы шежірелерінен алып, Ш. Уәлихановтың, И. Халфиннің, 
Абай мен Шәкәрімнің, Қ. Халид пен М.Ж. Көпейұлының, Н. 
Наушабайұлы мен М. Тынышбайұлының еңбектерінде жалғасын тапқан 
бұл шежірелік дәстүр кеңестік дәуірде «ескіліктің зиянды қалдығы» 
ретінде тоқтап қалды. Бірақ бұл кезеңнің өзінде Ә. Марғұлан, С. 
Аманжолов, М. Ақынжанов, Х. Арғынбаев, М. Мұқанов сынды 
зерттеушілердің осы тақырыпқа қалам тартқанын атап өту керек. 
Шежіреге қатысты мәліметтердің ғылыми айналымға енуінің өзіндік 
кезеңдерін бөліп көрсетуге болады, енді осыған және оның 
типологиясына кеңірек тоқталсақ.
Шежірелік дәстүрге байланысты тарихнама желісі үш кезеңнен 
құралады: ХVІIІ ғасырдағы авторлардың еңбектері; ХІХ ғасыр мен ХХ 
ғасырдың алғашқы ширегіндегі зерттеулер және үшінші кезең - кеңестік 
және посткеңестік тарихнамалық ізденіс тәжірибелері. Сондай-ақ 
шежірелер туралы жазылған еңбектерді ішкі мазмұны мен жазу стиліне 
орай да жіктеп айтуға болады. Негізгі мән-мағынасы тұрғысынан олар 
ғылыми-танымдық (зерттеушілік), әдеби-фолькорлық (көркемдік, 
даналық сипаты); өлкетану-публицистикалық (пікір айту, көпшілікке 
таныту) сияқты үш түрлі жағымен үш бағытта дамыды. Кәсіби 
тарихшылардың қатарын шежірелік деректі қолдануына орай 
шығыстану, археология, этнография, тарихнама мен деректану, 
тарихтың ішкі салаларына бөліп қарастырған дұрыс [60]. 
XVIII–ХІХ ғғ. өлкетану, түркі халықтарының тарихы, этнографиясы 
мен лингвистикасына байланысты деректерді жинақтау ісі қарқынды 
болды. Бұл дәуірде этнографиялық мағлұматтарды қолға түсіру 
мақсатымен даярланған көптеген ғылыми экспедиция мүшелеріне 
айналған ғалымдар өз ынталылығын танытты, жан-жақты ізденіп, 
ғылыми мәнді деген мәліметтерді тіркеп жазды. Нәтижесінде қазақ, 
башқұрт, қырғыздардың этнографиясына байланысты жиналған ғылыми 
мұра молынан жинақталды. Аты әйгілі А. Левшин, В. Вельяминов-


66 
Зернов, Н. Аристов, А. Харузин, В. Радлов, Н. Остроумов, А. Нестеров 
және т.б. белгілі ғалымдар [61] өз еңбектерінде шежіре мәліметтерін 
қазақтың этноқұрамын құрастыруға қолданған.
«Тарихи шежірелерге патша үкіметі саяси мән беріп, жергілікті 
орындардан жинатып отырған, – деп жазды Ә. Марғұлан [62, 231-232 
бб.]. Ресейдің қазақ даласын біртіндеп жаулап алуы, жергілікті 
халықтың әдет-ғұрпын зерттеу патшалық Ресей үшін мынадай 
мүдделерге жауап берді: орыстардың сауда айналымының күшеюі; 
басып алған жерлердің табиғи ресурстарын пайдалану; жаулап алған 
территорияны Еуропа мен Азия арасындағы транзит ретінде пайдалану; 
орыстардың мануфактуралық өнімдерін өткізу рыногын дамыту; 
коммуникациялық байланыстарды дамыту; переселендер үшін жер беру; 
түптеп келгенде отаршылдық саясатын жүргізу.
Ш. Уәлиханов, Г. Потанин, Ә. Диваев, Н. Гродеков, И. Шангин [63] 
сияқты шежіре жинаған ғалымдардың топтамалары архивте сақталған. 
ХІХ ғ. соңы мен ХХ ғ. басында еңбек еткен Ә. Диваев (1856–1933) қазақ 
халқының фольклор үлгілерін мол жинап, шежіре мәліметін халықтың 
этникалық тарихын зерделеуге көп қолданған. Тарихи фольклор 
деректеріне авторлар тең көзқараста болмағанымен, тереңойлы 
ғалымдар бұл мәліметтерді айналып өте алмады. Шежірелерді зерттеуде 
әдіснамалық жетекшілікке алып, пікірлеріне сүйенетіндей біршама 
ғылыми мақалалар мен салмақты монографиялар кейінірек жарық көрді. 
Бұлардың қатарына ХХ ғасырдың алғашқы ширегіндегі қазақтың 
ағартушы-ғалымдары Ә. Бөкейхан, М. Дулатұлы, А. Байтұрсын [64-66] 
жазған еңбектерін жатқызсақ, кеңестік кезеңде Ә. Х. Марғұлан, Х. 
Арғынбаев, М.С. Мұқанов, В. Востров сияқты кәсіби тарихшылар [67-
68] шежіре деректерін этнография, этникалық тарих тұрғысынан зерттеп 
жазған.
ХІХ ғасырда «Қазақ шежіресі» атты мағынасы терең ғылыми мақала 
жазған ірі ғалым Ш. Уәлихановтың еңбегі елеулі. Шоқан бұл деректерді 
өзі ғана жинап қоймай, сол кездегі қазақ ортасындағы көзі ашық, 
сауатты, қайраткер адамдарға да аманат қылды. Кейін бүл мұралар Г. 
Потаниннің кітаптарында жарияланған. Ә. Бөкейханның төрелер 
шежіресіне қатысты жинақтаған генеалогиялық мәліметтері бүгінгі күні 
де өзектілігі мен ғылыми-қолданбалы мағынасын жоғалтпаған. Қазақ 
өткенін баяндайтын деректерді жариялаған М. Тынышпаев, өз еңбегінде 
қазақ руларының жүйесі, шығу тегі, ата-тек кестелері мен халық саны 
туралы мәліметтер келтірген. Оның ізденістеріне А. Харузин, Н. 
Аристов, В. Бартольдтің еңбектері қатты әсер еткен. Орыстың 
шығыстанушы ғалымдарымен жақын таныса отырып, М. Тынышпаев 
бұл еңбекте олардың зерттеу әдістерінен көп тәлім алған.
Қазақстандағы тарихи деректану ориенталистикамен тығыз 
байланыста дамудың өзіндік ішкі объективтік себептері бар екені 


67 
белгілі. Бұрынғы ресейлік ғалымдардың ішінде шығыстық тарихи 
шығармалардың 
мәндік 
мәселелерімен 
ерекше 
ден 
қойып 
айналысқандар қатарында И. Березин, Г. Грумм-Гржимайло, Н. 
Веселовский, А. Самойлович, Н. Катанов, Г. Вамбери сияқты 
зерттеушілер болды. Деректануда ізденуде мұны ескермей өтуге 
болмайды. Ресейлік шығыстанушылардың ішінде Орталық Азияның 
тарихнамалық дәстүрін терең зерттеген ғалымдар көп. Орта Азиядағы 
ортағасырлық шығармалардың мәліметтерін қытай деректемелерімен 
алғашқы салыстырулар жасап зерттеген Н. Бичурин болды. Оның ізімен 
еңбек еткен синолог ғалымдар Н. Кюнер, В. Таскин сияқты ғалымдар 
өнімді еңбек етті. Әбілғазы баһадүр ханның «Шаджара-йи түркі» 
еңбегіне ерекше зерттеп, үлкен баға бергендердің бірі А. Кононов 
болды. Араб деректеріндегі түркілер туралы деректер туралы 
зерттегендердің бірі А. Зайончковский, ал шығыс деректері негізінде 
Моғолстанның қазақ пен өзбек қарым-қатынастары туралы зерттеулерді 
жүргізген ғалымдардың бірі О. Акимушкин еді [66-75].
Тарихи мазмұн тұрғысынан шежірелердің деректеріне аса зор көңіл 
бөлген Ә. Марғұлан (Мұхаммед-Хайдар – қазақтың тұңғыш тарихшысы 
// Әдебиет және искусство. – 1941. – № 4) мен Е. Бекмаханов (Казахстан 
в 20-40 годы XIX века. – А., 1947), М. Вяткиндердің (Батыр Срым. – А., 
1998) есімдері алдыңғы қатарда тұр. Ерте және ортағасыр дәуірі 
тарихына қатысты қазақтың шежіресін қолдану нәтижелігін дәлелдеген 
ғалымдар осылар. Е. Бекмаханов өз зерттеулерінде қазақтың қария сөзін 
қолдану қажеттілігін дәлелдеп, қазақы тарихи деректерді қолданса, М. 
Вяткин тарихи-шежірелік деректерді Сырым батыр қозғалысын 
қарастыруға пайдаланды. 
Қазақстандағы шығыстанушылық зерттеулер ХІХ ғасырдағы Ш. 
Уәлиханов еңбектерінен бастау алып, ХХ ғасырда жақсы дамыды. 
Ғылым үшін үлкен жетістіктің бірі С. Ибрагимов, Н. Мингулов, К. 
Пищулина, В. Юдин тәрізді бір топ қазақстандық ғалымдардың үлкен 
еңбегімен байланысты [76]. Олар дайындаған қазақ хандығы дәуіріне 
қатысты дерек үзінділерінің жинағы орыс тіліне аударылған 17 құнды 
тарихи-деректік құжатты қамтыды. Жалпы, шежірелердің тарих, 
деректану және тарихнама пәндеріне орай зерттеудегі орны туралы 
тиянақты айтып кеткен М. Әбусейітова [77], Н. Әлімбай, Н. Базылхан 
[78], Т. Бейсембиев [79], Ю. Зуев [80], З. Қинаятұлы [81], М. Қойгелдиев 
[82], Т. Омарбеков[83], Т. Султанов [84] және т.б. зерттеушілер болды. 
Парсы және түркі тілінде жазылған тарихи туындыларына шолу, 
олардың деректік маңыздылы, мәліметтердің кеңінен қолданылуы В. 
Юдин, Т. Бейсембиев, М. Әбусейітова еңбектерінде берілген. Шежірелік 
дәстүрді жалғастырушы ХІХ ғасырдағы қазақ тарихшылары терең 
мұсылмандық білімі бар, ислам қағидаларына жетік болған. Сондықтан 
шежірелік деректер негізінен мұсылмандық әдеп, исламдық мәдениет 


68 
құндылықтары мен дала әдеті тұрғысынан жазылған. Мұның өзі 
шежірелік танымды ұғынуда бір жағынан теологиялық зерттеулерге 
сүйенуді қажет етеді. Орталық Азияның тарихнамалық дәстүрін, тарихи 
деректерін осы сипатта зерттеу тәжірибесі А.Қ. Муминовтың 
зерттеулерінде орын алады [78]. 
Қазақ халқының этногенез мәселесін қарастырған М. Ақынжанов 
(Қазақтың тегі туралы. – Алматы, 1957) еңбектерінде ерте және 
ортағасырлық тарихтағы ескі рулардың, халықтардың, қазақтың шығу 
тегіне қатысы туралы айтылады. Қытай, манчжур және моңғол 
деректерін зерттеп, аударып жеткізіп отырған Б. Еженханұлы, Ж. Ошан, 
С. Сұңғатай, Н. Базылхан, З. Хинаят, Қ. Мұхамадиұлы, А. Тойшанұлы, 
Д. Қатран, Б. Хинаят және т.б. ғалымдар дайындаған материалдар 
қазақтың шежірелік деректерін зерттеуге берері мол. Шежірелік 
басылымдарға орай аударма мен мәтіндік транскрипциядағы 
кемшіліктер туралы біраз зерттеу мақалаларында айтылған. Кейде 
шежіре деректері, тарихи фольклор мәліметтері деректік сараптамасыз 
айналымға енгізілетіні байқалады. Бірқатар еңбектер шежіре 
мәліметтерін этнография пәні тұрғысынан этникалық территория, 
халықтың шығу тегі, этноәлеуметтік, рулық құрылымы мәселелерін 
қарастыруда қолданылған. Бұл ізденістер Х. Арғынбаев, М. Мұқанов, В. 
Востров, Н. Әлімбай, Ж. Артықбаев, М. Жакин және т.б. ғалымдардың 
еңбектерінде жасалған.
Түркітекті басқа халықтардың шежірелерінен дерек ретінде зертеу 
тәжірибесін қолдануға лайық қырғыз, татар және башқұрт, қарақалпақ, 
өзбек шежірелеріне қатысты басылымдар бар.
Қазақстанның тәуелсіздікке қол жеткізуімен ұлттық тарихты 
жаңғырту мен ата-текті түгендеу үрдісіне орай, шежірешілдік құбылысы 
орын алды. Ауызша тарихты ғылыми дәлдікпен, азаматтық тарихпен 
байланыстыру ұмтылыстарымен қатар, өзінің тегін ұлықтауды мақсат 
тұтып, рушылдықтың, жүзшілдіктің жетегінде кеткендер де болды. 
Дегенмен, тарихи сананы жандандырудағы шежіре-тарихтың маңызын 
түсініп, оны терең зерттеумен айналысқан ғалымдар мен ғылыми 
орталықтардың еңбегін бағалай білген жөн. Мысалы, Тарих және 
этнология институты, Шығыстану институты, Номадизм институты 
сияқты мемлекеттік мекемелерді айтпағанның өзінде, белгілі кәсіпкер Х. 
Ғабжалиловтың демеушілігімен ашылып, танымал тарихшы Талас 
Омарбековтың жетекшілігімен қызмет етіп отырған мемлекеттік емес 
«Алаш» тарихи зерттеулер орталығының қазақтың бүкіл ру-тайпалық 
құрамын саяси тарихпен байланыста таратып, тыңғылықты зерттеулер 
жүргізіп келе жатқанын лайықты бағалау керек. Сондай-ақ, шежіренің 
келелі мәселелерін көтерген Әбдуәли Хайдар [79] мен Ақселеу 
Сейдімбектің де [80] көлемді де, салмақты еңбектерін атап өткен жөн. 


69 
Қазақстандық ғалымдар өз зерттеулерінде шығыстық жазба 
ескерткіштердің үзінділерін мейлінше көбірек пайдаланып, оларды 
ғылыми айналымға енгізе отырып, отандық деректану ғылымының 
қалыптасуына елеулі үлестерін қосты. Тарих философиясымен және 
тарихи зерттеулердің методологиясымен, деректанумен айналысатын 
еліміздегі тарихшы-медиевистердің бір тобы белгілі шығыстанушы-
ғалым В.П. Юдиннің төңірегіне шоғырланды. Олар ортағасырлық 
шығыстық жазба деректерді салыстырмалы-мәтіндік талдау, оларды 
идеялық-саяси және текстологиялық ерекешеліктері бойынша жіктеу 
сияқты деректанулық мәселелерге үлкен көңіл қойды.
Ортағасырлық қазақ тарихына қатысты «даланың ауызша 
тарихнамасы» мәселесін өзінің еңбектерінде шығыстанушы-ғалым В.П. 
Юдин өткір қойып, қолданбалы және теориялық деректанудағы кейбір 
мәселелерді тарих ғылымында ресми қабылданған ұстанымдарға қайшы 
келетініне қарамастан батыл көтерді. Ол шығыстық жазба дерек 
көздерімен ұзақ жылғы жемісті еңбегінің нәтижесінде XIV ғасырдағы 
қазақ даласының тарихындағы кейбір ақтаңдақтардың (тимуридтік және 
шайбанидтік жазба деректерде осы дәуірде Шығыс Дешті Қыпшақта 
тайпа 
билерінің, 
кейіннен 
Жошының 
13-баласы 
Тұқай-темір 
ұрпақтарының билікке келуі мүлдем айтылмайды) орнын толтыратын 
осы жазба деректердегі өзгеше жіктемелік топты бөліп алып шықты. 
Олардың қатарына тікелей Дешті Қыпшақ көшпенділерінің ауызша 
тарихи біліміне негізделген шығармалар жатқызылады. В.П. Юдин 
мұндай дерек көздеріне «Тауарих-и гузида-йи нусрат-наме» (авторы 
Мұхаммед Шайбани хан болуы мүмкін, XVI ғ., Мәуреннахр), Өтеміс 
қажының «Шыңғыс-наме» (XVI ғ., Хиуа қаласы), Қадыр Әлі би 
Жалаиридің «Жылнамалар жинағы» (XVII ғ., Касимов қаласы), 
Әбілғазының «Түрік және моңғол шежіресі» (XVII ғ., Хиуа қаласы) 
шығармаларын жатқызады.
Ал шындығына келгенде, аталмыш кезеңнің, яғни XIV-XV 
ғасырлардың тек қазақ даласының ғана емес, бүкіл Еуразия кеңістігінің 
тарихы үшін маңызы бар екені даусыз. Бұл дәуір – моңғолдардың 
түріктеніп біткен кезеңі; Батыс және Шығыс Дешті Қыпшақты құрамына 
енгізген орасан зор империя Алтын Орданың ыдырап құлаған кезі; 
қазіргі түркі тілдес халықтардың – қазақтардың, өзбектердің, 
татарлардың, башқұрттардың, ноғайлардың, қарақалпақтардың және т.б. 
қалыптасу уақыты. Бұл уақытта Бату әулетінің ұрпақтары жойылып, 
саяси-тарихи аренаға қазақ, аштархан, қазан, қырым хандары әулетінің 
тегін құрайтын Тұқай-Темір ұрпақтары мен Сібір мен Орта Азияға 
билігін жүргізген Шайбан ұрпақтары шығады. Бұл дәуірде қазақ және 
өзге ұлттық мемелекеттік бірлестіктер өз алдына дербес құрылды. 
Сондықтан да ортағасырлық Қазақстанның тарихын қалпына келтіру 
үшін екі тарихнаманы да, яғни көршілес отырықшы елдердің жазба 


70 
деректерін де, өзінің өткен туралы тарих субъектілерінің өзінің жадын – 
даланың ауызша тарихнамасын да қосып біріктіре пайдаланған абзал.
В.П. Юдин Өтеміс қажының «Шыңғыс-нәмесінің» материалдары 
негізінде XIV ғасырдағы қазақ даласының саяси тарихын қалпына 
келтіру 
барысында 
деректер 
көзінің 
осы 
ерекше 
тобының 
маңыздылығына тоқталады: «Біз мәліметтерінің маңыздылығы бір де 
кем емес, көп жағдайда ерекше, сондықтан да аса бағалы түбірлі жаңа 
деректі көрсетуге тырыстық, бұл өз өткені туралы тарихтың өз 
субъектінің жады – даланың ауызша тарихнамасы. Қазақстанның 
тарихын екі тарихнаманың да – яғни отырықшы халықтар мәдениетінің 
өнімі болып табылатын кәдімгі, жазба тарихнаманың да, далалық 
ауызекі тарихнаманың да мәліметтерін тарту негізінде қалпына 
келтіруге болады» [81, 64 б.]. Одан ары бұл автор даланың ауызша 
тарихнамасына анықтама беріп, оның ерекшеліктерін сипаттайды: 
«Даланың ауызша тарихнамасы – бұл Дешті Қыпшақтың, біз үшін, ең 
алдымен, моңғол дәуірінен кейін көшпенділердің жалпы білімінен 
ерекше салаға бөлініп шыққан Шығыс Дешті Қыпшақ көшпенділерінің 
тарихи білімі. Осы себепті де ол ол «ауызекі дәстүр» терминімен де, 
«аңыз», «әпсана» сөздерімен де анықталмайды. Даланың ауызша 
тарихнамасы мифологиямен де, фольклормен де, оның ішінде батырлар 
жырымен де теңгеріле алмайды, өйткені фольклордың өзі даланың 
ауызша тарихнамасынан нәр алады... Даланың ауызша тарихнамасы 
шамалы түрі өзгергертілгенімен, дәл сол жалпы тарихнаманың 
өлшемдермен сипатталады. Аталмыш тарихнаманың деректерін зерттеу 
Дешті Қыпшақ көшпенділерінің тарихи білімін феномен ретінде, жүйе 
ретінде, көшпелі мәдениеттің даму деңгейінің индикаторы ретінде 
пайымдауға мүмкіндік береді. Даланың ауызша тарихнамасы – Еуразия 
халықтарының ауызша тарихнамасының бір бөлігі. Ал ол өз кезегінде 
әлем халықтары тарихнамасының бөлігі болып табылады. Ауызша 
тарихнама – бұл қоғамдық құбылыс ретіндегі тарихнаманың 
дамуындағы 
әмбебап 
кезеңдік-типологиялық 
феномен 
деп 
тұжырымдауға болады» [81, 65 б.]. 
В.П. Юдин «даланың ауызша тарихнамасын» бейнелейтін 
шығармаларды даланың ауызша тарихнамасының қайнар көздері деп 
белгілеуге болады. Олар тарихи әңгімелердің жинақтарын – Дешті 
Қыпшақ көшпенділерінің тарихи білімінің тарауларын білдіреді. Бұл 
тарау-әңгімелердің арнаулы атауы болды: «қары сөз», «көне сөз». Бұл 
деректердің кәдуілгі шығыстық феодалдық сарайлық және өзге 
тарихнамалардан айырмашылығы осында...», деп атап өтеді [81, 65 б.]. 
В.П. Юдин ауызша тарихнаманы қоғамдық құбылыс ретіндегі жалпы 
тарихнаманың дамуындағы әмбебап кезеңдік-типологиялық феномен 
түрінде қарастыра отырып, оның жазба тарихнамамен ұқсастықтарымен 
қатар қайталанбас ерекшеліктері бар екендігіне назар аударады. Демек, 


71 
ауызша тарихнаманы зерттеп үйрену өзінің пәні мен әдістемесі жағынан 
жазба 
тарихнаманы 
зерттеуден 
айрықшаланатынын 
білдіреді. 
Сондықтан да шығыстанушы-ғалым ауызша тарихнаманың мәліметтерін 
жинақтау, жүйелеу, жіктеу, талдау және тарихи зерттеулерде қолдану 
принциптерін даярлау міндеттерін шешу жүктелетін деректанулық 
профильдегі өзгеше тарихи көмекші пәнді ашуды ұсынады. Осылайша 
мәдениеттің ұмыт қалған осы бір ерекше саласын тірілтіп, оны 
қалыптастырушы көшпелі халықтардың ұрпақтарына қайтарып ұсынуға 
болар еді. Бұл, әрине, тарихи сананы қалыптастыруды қажет етіп 
отырған қазақ халқының тарихи жадын қайта түлетіп қана қоймай, оның 
тарих философиясын қалыптастырудың методологиясын да шешуге 
ықпалын тигізері сөзсіз. 
В.П. Юдиннің көтерген «даланың ауызша тарихнамасы» (ДАТ) 
мәселесі еліміздегі тарих пен қоғамдық ғылымдарда одан ары 
дамытылды. Белгілі этнолог Ақселеу Сейдімбек бұл көшпенділердің 
тарихи таным ерекшеліктерін қазақтың дәстүрлі мәдениетіне қарай 
бұрады: «В.П. Юдиннің «далалық» деп басталатын бұл ұғымын әрісі 
жалпы түркі-моңғолдық, берісі дешті-қыпшақтық тарихқа қатысты, 
яғни, тарихи дерек көздеріне қатысты қолдануында қисын бар деуге 
болады. Ал, қазақтың шежірелік төл дәстүріндегі қария сөздерін 
«далалық» 
деп 
жалпылаудан 
да 
гөрі, 
«тарихнама» 
немесе 
«тарихзерттеу» деп әсіре ғылымиландырудан да гөрі «қазақтың ауызша 
тарихы» (ҚАТ) деп атау мәндік және мағыналық тұрғыдан анағұрлым 
ұрымтал деп есептейміз» [80, 26 б.].
Белгілі мәдениеттанушы Әуезхан Қодар қазақтың дәстүрлі 
мәдениетіне өз ішінен қарап, оған «феноменологиялық редукция» 
жасауға тырысады. Қазақ мәдениетіндегі номадалық өркениет пен 
отырықшылық мәдениеттің біте қайнасқанын айта отырып, ол «басым 
көпшілігінде вербальды және ұрпақтардың тірі тізбегі арқылы 
тасымалданатын Дала тұрғындарының білімін отырықшы халықтардың 
жазбаша және материалды мәдениет ескерткіштерінде бекітілген 
гнозисінен ажырату үшін» Дала Білімі терминін енгізеді [82, 56-57 бб.]. 
Бұл далалық білімді бастапқыда ақын-жыраулар ұрпақтан ұрпаққа 
ауызша таратса, кейін ағартушылар азды-көпті трансформациямен 
жазбаша түрде жайылуына ықпал етті.
Тарихи білім мен таным, жады мен сана категорияларын қамтыған 
шежірелік дәстүр ғасырлар бойы жалғасқан феномен. Көшпелілер 
баяндаған тарихи әңгімелер отырықшы көрші елдердің тарихнамасына 
өтіп отырған. Қазақ шежірелерінен ескі түрік пен ислам дәстүрлерінің 
үйлесімін табуға болады. Енді осы шежіренің бітім-болмысын 
қарастырып көрейік.
Шежіре феномені мен оның құбылыстық ерекшеліктері «шежіре» 
сөзінің түпкі семантикасынан туындайды. «Шежіре» сөзі ең алғашқы 


72 
жазба дерек қатарында М. Қашқаридің сөздігінде ұшырасады«мен бұл 
кітапты хикмәт сөздер, сежілер, мақал-мәтелдер, өлең-жырлар, режез 
және нәсір секілді әдеби сөздермен безендіріп, мақсұс әліппесі ретімен 
түзіп шықтым» – деп жазады [83, 31 б.]. Мұдағы сежілер сөзі 
салыстырар болсақ: сежіле – туркмен халқында; шежір – қазақ арасында; 
шежере – башқұр тілінде; шаджара – татарларда; санжыра – қырғызда. 
Түркі халықтарында «жады» деген сөздің мағынасы сежіле, седжре, 
шежіремен сәйкес келсе, моңғол халықтары ортасында айтылатын 
«цээжээр», тува тіліндегі «шээжилээр» сияқты сөздерімен мағынасы 
бірдей.
Тарихи шежірелер көшпенділер ортасында ауызекі дәстүрдің басым 
болуының әсерімен қалыптасты. Бұл жанрдағы шығармаларға 
жинақылық (лаконизм), астарлы сөз, мегзеу тән болып келеді. 
Мазмұнында мәні аралас құрылымдар мол кездеседі. Шежірелік 
мәліметтердің айтушыдан айтушыға, ұрпақтан-ұрпаққа тасымалдануына 
байланысты көбінесе оның белгілі бір авторы болмайды. Дегенмен, 
қазақтың әрбір ру-тайпасының «жетпіс жеті атаға» дейін білетін білікті 
шежірешілері болған. Олар қазақтың байырғы күнтізбесін, әдет-ғұрып, 
салт-сана заңдарын жетік меңгерген. Кейін келе осы ауызекі тарихи-
шежірелер қауырсын қаламмен көшіріліп жазылып, рубасылар мен 
билердің, хан-сұлтандардың қолында сақталатын болған. Қазақтың 
хатталған шежірелік мұра бастаулары жазба әдебиеттің кең өркен 
жаюымен, шежірелердің нақты авторларының пайда болуымен 
байланысты.
Шежірелік дәстүрдің шығу тегі, генезисі мал шаруашылығы мен 
көшпелі тұрмыс талабынан туындады. Оның атқарған қоғамды 
ұйымдастыру қызметі ұрпақтан-ұрпаққа, атадан-балаға өткен буынның 
шаруашылық жүргізуі мен тұрмысы үшін аса маңызды тәжірибені 
жеткізумен сипатталады. Генеалогиялық жағынан алғанда бұл дәстүр 
бабалар тұлғасын еске алу арқылы халықтың өткеніне, ұрпақ (қауым мен 
қоғам) тарихына көз салу, саралау, зерделеу әдетін сіңіреді. Ол өте 
ежелгі дәуір тарихы туралы бұлыңғыр мағлұматтардың сақтаулуын да, 
сол танымдық дәстүр бастауларының бағзы уақыттардан бергі 
сабақтастығын да көрсетеді. Ертедегі шежірелер аңыз, фольклор 
деректерін баяндаса, оның кейінгі нұсқалары тарихи айғақтарды көбірек 
айтады. Шежірелердің қоғамдық сана тәрбиесінде айтарлықтай 
атқаратын 
қызметі 
бар. 
Әсіресе, 
адамның 
көркем 
мінезін 
қалыптастыруда да шежірешілер әртүрлі амал-тәсілдер қолданған. 
Табиғаттан, діннен, аңыздан алынған мысалдарды келтіріп отырған. 
Шежірелердің 
мазмұны 
осындай 
сантүрлі 
тақырыпқа 
байланыстырылған логикалық құрылымдардан құралған. 
Көне тарихи шежіре бастауларына, әдетте, екі түрлі ықпал 
байқалады: дәстүрлі далалық дүниетаным түсініктері және исламдық 


73 
үлгідегі тарихи баяндау. Қазақтың арғы-тегі Адам ата мен Хауа анадан, 
Нұқ пайғамбардың баласы Йапестен өрбітеді де, адамның жер бетіндегі 
тарихын 5-10 мың жылмен шектеледі. Алайда аталған екі бастау 
шежіреде біртұтас ұғымдық құрылымға айналып кетеді. Мұсылмандық 
тұжырымдама 
шежірелерде 
басым 
болғанымен, 
бұл 
ауызша 
жәдігерлерде тәңірлік дүниетаным белгілері де айрықша көрінеді. Бұл 
туралы Ш. Уәлиханов: «Көнетүркілік салтты, оның наным-сенім, әдет-
ғұрып, той-думан, жол-жоба дәстүрлерін, жыр-өлең сипатында 
жалғасқан тарихи аңыздарын, әртүрлі уақытта өткен жырау жырларын, 
салтанат пен әуенге деген құштарлығын, халық әдеті мен билердің 
шешендік өнері мен билік айту өнегесі сияқты парасат, ақыл-ой 
мұраларын сақтаушылары деп қазақтарды айту қажет», - деп атап өтеді 
[54, 157 б.].
Ертедегі дәуір туралы білім жәдігерлері – көне аңыз, ертегі, 
батырлық жырларында халық жадындағы шежірелік дәстүрден 
мәліметтер бар. Ә. Марғұлан: «эпос-жырдың өркендеп тарауы сақ, ғұн, 
үйсін, қаңлы дәуірінен басталады, біздің жыл санауымыздан бұрыңғы V 
ғасыр мен осы заманның VІ ғасырлар арасы», - дейді [84]. Бағзы 
замандағы Оғыз хан туралы шежірелік деректерде оның өмір 
бастаулары, тақуалығы, өнерпаздығы (әсіресе балаға ат қою дәстүрінің 
негізін салуда, киіз үй жасау ісінде), өжеттілігі мен әскери өнері туралы 
айтылады. 
Шығыстық ислам тарихнамасының әсерін бойына сіңіре отырып, 
қазақ шежірелері дәстүрлі қоғамға тән білім, дүниетаным институты 
ретінде әлеуметтік қызмет атқарды, осы мақсатта қалыптасып, соған 
жауап берерліктей формада болған. Шежірелік сюжет құрылымдарының 
мазмұнында қазақтың дүние, қоршаған әлем туралы түйсік түсініктері 
болды. Сондай-ақ шежірелік деректер қоғами, мәдени-әлеуметтік өмір 
тәртібін тәңірлік тұрғыдан бағалап, ислам тұрғысынан тәпсірлеп, санаға 
қабылдатқан. Шежірелерде ұшырасатын ескі тарихи-мифтік сюжеттер 
билік тәртібін түркі мифологиясына сай ғарыштың жаратылысы 
тәртібімен түсіндіреді. Өзінің бастауын көне заманнан алатын қазақтың 
ауызша дәстүр үлгілері байырғы түркі, ортағасырлардағы Қарахандар 
заманында, кейінгі өзбек-қазақ, қазақ-ноғай кезінде және Қазақ хандығы 
тұсында да діни түсініктермен тікелей қатысы болғанын шежірелік 
деректер растайды.
Шежірелерді жинастырып, мұқият сақтап отыру ортағасырлардан 
бері ел ортасынан шыққан атақты адамдарға, тектілерге тән әулеттік 
әдет. Мысалы, Шоқан Уәлихановтың еңбектерінде Есім хан, Тәуке хан, 
Сәмеке мен Әбілмәмбеттің ұрпақтарында қазақ хандарының шежірелері 
сақталғандығы туралы айтылады. Жоғарыда көрсетілгендей, көптеген 
шежірелік жазбалардың авторлары бар, оларда нақты тарихнамалық 
туындының белгілері бар болғандықтан, бұларды шежірелік тарихнама 


74 
ретінде қарастырған жөн. Қазақ тарихына қатысты, әсіресе, Мырза 
Мұхаммед Хайдар Дулаттың «Тарих-и Рашиди» шығармасының мәні 
ерекше. Ол қазақ хандары Керей мен Жәнібектің бөлініп көшуі жөнінде 
тиянақты сөйлеп, отандық тарих ғылымына құнды мәліметтер береді. 
Қазақ хандығының құрылуы мен қазак халқының түбегейлі қалыптасуы 
осы айғақпен байланыстырылады. «Тарихи Рашидиде» қазақ-моғол, 
қазақ-қырғыз, қазақ-өзбек арасының одақтастық және жаугершілік 
қарым-қатынастары, Моғолстанға ену үшін қазақтар мен моғолдар 
арасындағы күрес туралы материалдар молынан кездеседі. Әбілғазы 
Баһадүр ханның еңбегі ақсүйектердің ата-тегін талдап айтады, ал 
Қадырғали би Қосымұлы Жалаиридің шежірелер жинағы Алтын орда, 
Қырым және Қазақ хандарынан мәлімет береді. Рашид ад-диннің 
«Шежірелер жинағы» (1300-1310) бұл еңбектерге әсер еткен үлгі болып 
табылады.
Шежірелер сыртқы қалып сипаты жағынан үш түрі байқалады: а) 
қара сөзбен айтылған (проза), ә) өлеңмен жырланған; б) кестеге 
түсірілген. Өлең сөз ауызша тарихи дәстүр аясында айтылатын белгілі 
бір тарихи оқиға туралы әңгімені бір қалыпқа түсіріп, тарихи жады 
қызмет атқаратын құралға айналдырған. Шежірелердегі ауызша 
айтылған мәліметтер сол деректерді тудырған ұрпақтан тыс берілген 
дерек болса, олар ауызша дәстүрге айналады. Бірақ сол ауызша 
дәстүрдің аясында әрқилы дерек топтары бар. Деректердің бір тобына 
күнделікті қолданыстағы халық сөз үлгілері жатады, мәселен формулаға 
айналған сөздер, айталық – баталар; ал деректердің екінші топ 
объектілерін әдеби, ақындық сөз үлгілері құрайды. Жадыға тоқылатын 
ауызша дәстүрдегі сөздердің мазмұнында өзіндік ерекшелік сипаты бар 
сөз үлгілері болады. Тарихи айғақтың өлшемі тұрғысынан сөз үлгілері 
(әңгімелер, естеліктер) екі түрлі топқа бөлінеді, оның бірінің айғағы 
болса, демек шындығы мен қоспасы көрсетілген болса, екіншісі тек 
нақты қиялдан туған көркем сөз. Айғақты дәстүр негізінде қалыптасқан 
үлгілердің өзі «шындыққа жақын» деп бағалануы мүмкін. Қиял үлгілері 
ретінде әртүрлі тәмсіл әңгімелер айтылады. Әрине, осының арасын 
нақты жік-жігімен айыру үшін «шындық» пен «ақиқат» деген ұғымдық 
өлшемдер өз алдына.
Шежіре баяндаудың құрылымына аян, түс, елес, және басқа да ауыз 
сөз үлгілері енеді. Баяндау құрылымының мазмұнында ақпараттың 
ауызша дәстүр аясында сақталуына қызмет ететін жады құралдары да 
қолданылады. Ортағасырлық түрік және парсы тарихи деректемелерінің 
мазмұнында міндетті түрде бәйт жүреді. Бұны жазбаша тарихнамалық 
шығармалардың өзі ауызша тарихи дәстүрдің хатталған үлгісі екенін 
дәлелдей түсетін тағы бір белгі деп қабылдауымыз керек. Жадыға 
тоқылатын сөз үлгілері немесе ауызша дәстүрдің жады құралдары 
мынадай: баталар (әл-Фатиха және т.б. дұғалар); қанатты сөз; тарихи 


75 
сөз; үлгі сөз; ұран сөз; жоқтау сөз; аманат сөз; ауызша хат; қара өлең; 
өлеңнің түрлі үлгілері (тақпақ, жарапазан). Бұлар шежіре дәстүрі 
үрдісіндегі әлеуметтік жадының реттеу қызметінің өнімі ретінде 
қабылдануы керек және олар шежірелердің баяндалу тәсілдерін 
құрайды. Яғни бұлардан шежіредегі тарихи деректің құралдық сипаты 
байқалады әрі бұл формалардың қалыптасуының өзіндік табиғи 
заңдылықтары бар. Сонымен қатар, шежірелердің негізгі үш түрлі 
формадағы мазмұны жан-жақты сөз үлгілерін өз бойына енгізіп, 
синкреттік сипатқа ие болады. Мұнда фольклорлық формаларға тән 
сипаттар да, тарихнамалық да, деректеме де, қоғамдық институт та, 
дәстүр белгілері де анық байқалады. Формасын айтпағанда, 
шежірелердің мазмұны да формулаларға толы: нақты әрекеттер жайында 
түсінік беретін халық даналығы, мақал, мәтел, шешендік сөздер, 
ертегілер және т.б. Бұлар дәстүрлі қоғамдық қатынастарды түсіндіру 
сатысының бірі болып табылады. 
Деректі жіктеудегі басты өлшем ретінде тарихи білімнің арнасы 
арнайы қалыпқа түсуі, сақталу формасы мен беретін мәліметтерінің 
хронологиясы, тарихилығы алынады. Сонымен жіктеуге қатысты үш 
түрлі негізгі тұрғы, яғни талап көрініс табады: әдеби-фольклорық 
тұрғыда, генеалогиялық элементтері бар тарихи-этнографиялық тұрғыда 
және тарихи-деректік тұрғыдағы генеалогиялық элементті ескеретін 
жіктеу.
Сондай-ақ, типологиялық тұрғыда шежірелердің мынадай жіктері де 
айқын аңғарылады: 1) шежірелердің бас-аяғы тұтас, әлқиссасы бар 
толық тарихнамалық туындыға айналған, ішкі құрылым жағынан 
тәмамдалған шежірелік тарихнама шығарма нұсқасына дейін жетілген 
шежірелер (олар тарихнамалық деректемелерді зерттеу әдістеріне 
бағынады); 2) қары сөздерден немесе генеалогиялық кестелерден 
құралған, мазмұнының ішкі логикалық құрылымы тұрғысынан толық 
аяқталған, тұтас тарихнамалық туындыға айнала қоймаған шежірелік 
мәліметтер жиынтығын құрайтын шежірелер (олар деректік талдау 
әдістеріне бағынады); 3) шежірелік деректердің біршамасы әдеби 
шығарма туындысына айналғандықтан, олардың мазмұнына енгізілген 
шежірелік мәліметтердің өзгеше көрініс табатын, яғни бұлар көркем 
шығарманың құрамында орын тапқан шежірелік қары сөздер. 
Шежірелердің негізіне түскен алғашқы деректеме үлгісінің екі түрі бар: 
а) бұрын болған шежіре қолжазбасы – бұлар көбінесе төре, қожаларда 
болған; ә) тарих айту, шежіре шерту әртүрлі қария сөз дерегінен, 
көбінесе рулардың игі жақсылары, ақсақалдары айтты деген сөзден 
құралғандар. Шежірелердің аты мен тақырыбы оның мазмұнындағы 
негізігі сипатына қарай болатыны да белгілі.  
Әдетте, қазақ шежірелерінде мынадай мәліметтер тасымалданады: а) 
қазақ ру-тайпаларының тарихи-генеалогиялық деректері; ә) қазақ 


76 
төрелерінің тарихи генеалогиялары; б) қожалардың генеалогиялық 
деректі кестелері; в) қазақ ортасындағы кірме топтардың тарихи-деректі 
үлгілері. Алайда, қазақ шежірелерінде осылардың әрқайсысы тарихи 
дерек мөлшерін әрқилы сақтайды. Ең мол деректік мағлұматтар қазақ 
рулары мен тайпаларына және қазақ төрелері, хан, сұлтандарының 
тарихын баяндауға байланысты шежірелер. Ал қожалар мен қазақ 
ортасындағы кірме топтардың деректік мағлұматтары көбінесе 
шежірелік генеалогиялық кестелер, немесе тізбелерменен ғана 
шектеледі. Мұның өзінде де белгілі, қоғами қатынастардың объективті 
жағдайларынан туындаған заңдылықтар бар. Шежірелерді жүз, ру, 
принциптері негізінде жіктеу шежірелердің ішкі ұйымдасуының ізімен 
жүруден туындаса, хронологиялық және тарихилық белгілері негізінде 
жүйелеу тарихи таным ұстындарынан қалыптасқан жіктеу болып 
табылады. Ал тарихи-деректік жіктеу ісінде хронологиялық, тарихилық 
және тақырыптық ұстындарға қосымша басқа да ұстанымдарды 
қолдануға болады. Жалпы бұл арада деректерді топтаудағы бұрын 
айтылған сара жолдан да тыс көзқарас туралы ізденіс керек. 
Шежірелерді жіктеу мәселесінде басқа да ұстындарды қолдануға 
болады, мысалы фольклорға жатқызылатын кейбір сөз үлгілерін 
шежірелік дәстүрге сүйенетін құрал ретінде қарастыру тиімді.
Қазақтың дәстүрлі қоғамдық санасында тарихи білім өзінің ата-тегі, 
ата-бабалары, ру-тайпаның қалыптасуы мен ру ішінен шыққан әйгілі 
адамдар және олардың тәлімді іс-әрекеттері туралы жиналып сақталған 
біліммен тығыз байланысты болған. Генеалогиялық білім жүйесі 
көшпелілердің дәстүрлі қоғамдық санасының іргетасы, ең негізгі білімді 
реттейтін ментальдік құрал. Барлық тарихи білім мұралары халықтың 
генеалогиялық білім жүйесі негізінде жинақталған. Дәстүрлі қоғамда өз 
заманын тану амалдары тек қана өткен дәуірлердің жолын түсініп-білу 
арқылы жүзеге асқан. Шежіре зерттеу тәжірибесі сайып келгенде қазақ 
жүздерінің рулық негізі мен әлеуметтік байланыстарын нақты көрсетеді.
Қазақтың дәстүрлі шежірелік санасында әлеуметтік кеңістік үш 
түрлі негізгі сегменттен құралған: өз жұрты, нағашы жұрт, қайын жұрт. 
Осыған орай шежіре мәліметтері ішкі мәні жағынан рулардың өзара 
үшжұрттық қатынастарын қамтиды. Шежірелердің руларға қатысты 
деректері ең алдымен руаралық үш жұртты әлеуметтік байланыстыру 
ретімен сәйкес келеді. Үш жүздің пайда болып, қалыптасуы шежірелерік 
деректерде әрдайым үш түрлі негізгі ру атымен байланысты: Үйсін (Ұлы 
жүз), Арғын (Орта жүз) және Алшын (Кіші жүз). Шежірелерде Кіші 
жүзді «жиырма бес таңбалы Алшын» деп атағаны, Кіші жүз құрамы 
жиырма бес рудан құралғанын көрсетеді. Әр жүздің ішінде озық рулары 
болған. Оларға шежірелерде халықтың тарихи санасы тарапынан баға 
берілген.


77 
Қазақ рулары әртүрлі тарихи жағдайларда өз ретімен түзілсе де, 
шежірелерде олардың барлығы бір атаның баласы ретінде суреттеледі. 
Бірақ кейбір шежірелерде олардың бір жүз құрамынан басқа жүздің 
құрамына, тіпті алты алаш түріктен келіп қосылған тұстары туралы 
айтатын бейнелі мәліметтер көп. Жалпы, генеалогиялық білімге тән өз 
заңдылықтары бар. Осыған сәйкес: а) ата-тек тарату жүйесінде біршама 
буын есімдері ұмытылып төтелеп түседі, арада талай ұрпақ есімі 
аталмай қалады; ә) жалған генеалогиялық кестелер де жасалатын болған; 
б) кейде жеті ата басында тұрған адамның есімі сақталып, қалған буын 
сақталмайды. Бұл заңдылық ойға алынған саналы түрде де, сана түбінде 
сақталып ойға түспеген түрде де қалыптасады. Сондықтан, 1) саналы 
түрде болса, шежіре – ата-текті айтушы кейде көп әйелді адамның 
бірінен болса, арғыдағы күндес аналардың ұрпағын айтпай, атамай бүгіп 
қалады. Тоқалдан туғандарды қалдырған; 2) ортадағы бір атадан күмәнді 
жағдайда тараған болса оны да біле тұра жасырады. Сондықтан жеті ата 
жібінің арасында үзік-кетік қалады, тағы сол сияқты себептерден 
шығады; 3) санаға салынбай айтқанда «бәлендей рудың сондай 
атасынанбыз» деп, асығыстықпен, иә сөз қысқарту үшін жетінші атасын 
ғана айтады. Сондай-ақ, қазақ шежірелеріндегі деректерінде субъективті 
тұстары мен кемшіліктері және шектеулері: а) кісі аттарында 
дәлсіздіктер; ә) жалқы есім мен жалпы есімнің шатастырылуы; б) 
этносқа тән генеалогиялық өріс пен сатылап даму арасындағы 
сәйкестіліктің сақталмауы; в) этностық топтардың даму деңгейлері мен 
уақыт кеңістігінің арасыңдағы сәйкессіздік (анахронизм); г) шежіре 
жүйесіндегі сатылы дамудағы бірізділік сақталмауы; д) қазақ ру-
тайпаларының 
геосаяси, 
геоэкономиялық, 
табиғи-географиялық 
кеңістіктердегі 
әкімшілік-территориялық 
ресми 
құрылымдардың 
(мемлекет, хандық, қағандық, ұлыс, ру-тайпа бірлестігі, одағы, ел, дуан 
т. б.) генеалогиялық даму өрісімен сәйкессіздігі; е) этникалық топтардың 
ел ішінде қалыптасқан дәстүрлі сипаттары мен олардың шежіре 
баянында атқаратын қызметін елемеу; ж) шежірелердегі ата-баба, 
есімдері мен олардың ру-тайпаларына тән ұран, таңба атауларының 
шатастырылуы т. б. [79, 388 б.].
Қазақ шежірелерін тарихи дерек ретінде арнайы зерттеген білікті 
маман Махсат Алпысбесұлы шежіренің мынадай жалпы белгілерін атап 
өтеді: 1) шежіре деректері нақты қалыптасқан генеалогиялық дәстүр 
белгілерін көрсетеді; 2) генеалогиялық дәстүр ауызша және жазбаша 
дайындалған екі формасы болған; 3) шежіре белгілі бір жасаушы 
субъект тарапынан түзілген; 4) шежірелік генеалогия мамзұнында 
ақиқатты, кейде ойдан құрастырылған элементтер қатар сақталған; 5) 
шежіредегі 
тарихи 
генеалогияның 
жасалу 
ұстындары 
әлем 
халықтарының дәстүріне ұқсас; 6) қазақтың рулары мен тайпаларының 
құрылымдары белгілі дәрежеде дәстүрлі қоғамның әлеуметтік-саяси 


78 
моделі іспетті болған. Осыған орай қазақ генеалогияларының деректері 
әлеуметтік байланыстардың терең сырын түсініп, шындығында қазақтың 
тарихи этникалық тұтастығын анықтауға негіз болады. Қазақ халқы ұлт 
(ұлыс, халық, мемлекет, хандықтар) болып, қазіргі қазақ халқын құрап 
тұрған үш жүз ішіндегі барлық ру-тайпалардың өзара бір атадан, руға, 
тайпаға, жүз-ұлысқа бірігіп, одақтасып, өзара ынтымақтылықпен 
(құдандалы, жекжат, сарысүйек т.т. болып) бейбіт түрде ұйымдасып 
тұтас ел, ұлт, хандық құрды, мұны шежіре деректері нақты айғақтайды 
[85, 27 б.]. 
 Қазақтың шежірелік дәстүрінің түсіндірмелік қызметінің өзіндік 
ерекшеліктері болды. Қазақ елі сынды ауызекі мәдениетке негізделген 
қоғамдарда адам санасы тарихи жадының аса қолайлы және сенімді 
мұрағаты бола алатынына ешкімнің де күмәні бола қоймас. Сана 
архивінде ғасырлар бойғы адамдардың тәжірибесі сақталады және осы 
зейіннің негізінде таным-түсінік қалыптасады. Санадағы адамдардың есі 
арқылы рухани және материалдық мәдениет, адами өмір тәжирибесі 
ұрпақтан-ұрпаққа жалғасады және әр нәрсенің себеп-салдары 
түсіндіріледі. Қазақтың дәстүрлі қоғамында айрықша дамыған ауызша 
тарихи дәстүр көшпелі әлеуметтің рухани әрекетінің өнімі болып 
табылады.
Шежірелерде орын алған әрбір тарихи уақиға немесе құбылыс 
жайында белгілі бір түсіндірмелер болуы керектігі айқын. Дәстүрлі 
түсіндірмелердің бір тобы шежірелердің ішкі құрамдық элементтерінен 
құралған таңба мен ұран белгілері, сондай-ақ антропоним, топоним және 
жалпы тарихи географияға қатысты болып келеді. Осылайша шежіре 
деректерінде ұрандырдың шығуы туралы, таңба белгілерінің мәнісі, 
мағынасы, рудың аталуы себептері, руаралық қатынастардың басқа да 
себеп-салдарларын түсіндіру және тәпсірлеу тәжірибесі шежіре 
деректерінде жиі кездеседі. Түсіндірілетін объектінің сипатына қарай 
түсіндірме үлгілері әрқилы болады. Шежірелердегі бастапқы 
мағлұматтардың кейбір тобы кейінгі мәліметтермен тіпті байланысы 
болмаса да, нақты бір тарихи шындыққа қатысты тәжірибені 
сипаттайды. Олардың арасында адамдардың жеке естеліктері, әр 
нәрсенің себептерін субъективті сипаттау, қанатты сөздер, әдеби нақыш 
үлгілеріне айналған сөздер бар. Бұл деректердің барлығы бір оқиға 
жайында қалыптасқан ой қорыту деректері, ойлаудың нәтижесі, тарихи 
сананы құрайтын ой сатылары болып табылады. Мұндай дерек топтары 
көбінесе қалыптасқан тарихи жағдайды түсіндіруге, тарихи оқиға 
туралы баяндауға бағытталған.
Шежіренің түпкі негіздері — анық тізілген уақиғалар. Уақиғаны 
баяндаған шежіре алдындағы өткенді қостап отырса, олардан дұрыс 
мағыналар алынып, жақсы қорытындылар шығады, ал егер оқиғалар 
теріс баяндалған болса, онан лайықты мән-мағына шықпайды. Әрбір 


79 
тарихи оқиға жайында, немесе бір әлеуметтік құбылысқа байланысты 
шежіре деректерінде бір тәпсір, бір түсіндіру беріледі. Ол тарихи 
тәжірибені түсіндіру құралы болып табылады. Негізінен шежірелердегі 
түсіндіру мен тәпсірлеудің екі түрлі құрылымы бар: біреу шежірелік 
деректің авторы жасаған түсіндіру мен тәпсір; екіншісі шежірелер 
дерегін түсінуге ұмтылушы субъекттің берген түсіндіру мен тәпсірлеу 
мысалдарынан құралады.
Шежіре деректерін түсіндіру мен тәпсірлеу жолдарын табу 
мақсатында оның баяндау құрылымын, ішкі формасын, хронологиялық 
сипатын білдіретін элементтерді, субъектілерін анықтау қажет. 
Шежірелік тәпсір белгілі бір қатынастарды түсіндірудің, дәлелдеудің 
тәсілі ретінде көзге түседі. Жаңа генеалогиялар да тәпсірді, түсіндіруді 
талап ететін болды. Ондай түсіндіру амалы институционалдық тәртіп 
ұғымдарына сәйкес, ретті де, әрі толық та болуы тиіс еді. Сонда ғана 
жаңа әлеуметтік әлем келесі ұрпаққа айқын да, түсінікті де болар еді. 
Бұл тұрғыдан алғанда, қазақ шежірелері барлық өткеннен сақталып 
қалған бұрынғы көшпелілер қоғамының қолданған әлеуметтік 
конструкция үлгілерінен реттелген бір жиынтық болып табылады. Міне, 
осы әлеуметтік жаңа құралған болмыс тарих ретінде келесі ұрпаққа, жас 
буынға түсіндіреді. Ескі тарихи дәуірдің тарихи шындығына 
байланысты жаңаша тәпсірлік конструкция жасауды жүзеге асырған 
топтардың бірі - қожалар. Генеалогиялық жүйеде «қожа» ұғымы жиі 
кездеседі. Өз кезінде ислам дінін уағыздау жолында жүрген сахабалар 
да, сейіт-қожалар да көшпелі түрік жұртына жаңа үлгідегі тарихи таным 
конструкциясын осылайша жасауы тиіс еді.  
Шежірелер құрылымы тарихи-генеалогиялық, тарихнама дәстүрлері 
мен деректемелерді қамтығанымен, сондай-ақ оның мазмұнындағы 
айқын көрініс таппайтын құбылыстардың бірі – тарихи сана мен ой 
жиынтығы. Тарихтың менталитет пен ұлттық, адами мінез-құлық үшін 
тәлім-тәрбие берері сөзсіз. Көшпелілер ортасындағы дәстүрлі ойлау 
ескілікті тұрмыс жағдайында қалыптасқан ұғымдар арқылы сол қоғамға 
лайық қалыптасқан әлеуметтік, билік, тәрбие және меншік 
қатынастарының тәртібін түсіндіреді. Рулардың құрылу, одақтасу 
тарихы да «енші бөлу», «таңба үйлестіру», «руды бөлісу» сияқты 
трафареттік сюжеттерменен сипаттала әңгімеленетіні шежірелік 
деректің өн бойында сигнификатық механизмдерді байқатады. Тарихи 
білім мен сана сапасы елдік, ұлттық, мемлекеттік сананы 
қалыптастырады. Тарихи білім табиғаты екі түрлі: халықтың өмір 
тәжірибесінен жиылған; ғылыми әдіс қалыптастырған. Тарихи сана 
тарихи оқиғалар туралы білімнен қалыптасады. Шежірелер тарихи 
деректердің қайнар көзі, сондай-ақ дәстүрлі тарихи білімнің іргелі негізі, 
ұлттық тарихтың табантасы, тас тұғыры болып табылады. Мұндай білім 
халықтың ұжымдық жадында сақталады.


80 
Шежірелік сана құбылысының бірқатар маңызды белгілері бар. 
Шежірелік сана билік жолын түсіндіру арқылы оның реттеу, басқару 
тәртібінің сақталуына (әсіресе, төрелер шежірелері) әсер етеді. Хан, 
сұлтан, билік, төрелік, қазылық ету лауазымдарының тарихи мәнін 
түсіндіреді. Сондай-ақ, шежіреде айтылған болжамдық ойлар 
абстрактілік танымдық құралдардың, ғылыми ойлаудың нышандарын 
көрсетіп, сол тарихи дәуірдің тарихи-әлеуметтік ойлау мәдениетін 
байқатады. Жаңа әлеуметтік құрылымның бағыттарын алдын-ала 
бағдарлап отырудағы тарихи сана қызметі осы белгіден көрініс табады. 
Шежірелердегі Майқы би, Асан Қайғы, Бұқар жырау, Мөңке би, Шал 
ақын, Абай, М.Ж. Көпейұлы және т.б. тарихи болашақты болжаулары 
соның айқын мысалы. 
Тарихи сана құрамында тұрақты компоненттер болғанымен, тарихи 
сананың өзгерістеріне қоғамның саяси-экономикалық, тұрмыстық, 
рухани үрдістері ықпал етеді. Тарихи сана қазынасын – мәңгі өшпес 
мұралар (Домбауыл, Алаша хана, Жошы хан мазарлары, Арыстан баб, 
Әзіреті Сұлтан кесенелері, Бекет ата сияқты), халықтың ауыз әдебиет 
жырлары, күй, дастандары, баталары, шежірелік насихат сөздері 
құрайды.
Ұлттық тарихи сананы тәрбиелеудің алғашқы сатысы қазақ отбасы, 
ата-ана тәрбиесі. Қазақ шежірелері: «Әке көрген – оқ жонар, шеше 
көрген – тон пішер» деп осыны мегзейді. Қазақтың дәстүрлі 
мәдениетінде қалыптасқан «жеті атасын білген ер – жеті жұрттың қамын 
жер» деген қолдау және тыйым салу схемалары тарихи-генеалогиялық 
білімге үндеудің бір үлгісі болып табылады. Қазақ генеалогиясы 
мазмұнының өн бойын туыстық, рулық, азаматтық сана алып жатыр 
десе де болады. Қазақта тарихи сана шежіре айту арқылы қызмет етеді, 
бала күнгі бесік жыры, тілашар, аңыз-ертегіден бастап, кейінгі тарихи 
жырларды жырлау арқылы іске асырылады. Шежірелік сана дәстүрлі 
өмірдегі шежіренің идеологиялық сипатын да анық көрсетеді. 
Тарихи таным мен сана ұштасқан жерінде ұлттың мәдениет пен 
әлеуметтік құндылықтар қордаланған. Шежірелер – қазақтың 
құндылықтар жүйесін тасымалдаушысы. Мәдениет пен тұрмыстағы атам 
заманнан келе жатқан салт-дәстүр мен құндылықтардың формалары мен 
қалдықтары да шежірелік деректерде сақталған. Өткен замандарда қазақ 
шежірелері адамның барлық болмысын белгілі бір тәртіп, әлеуметтік 
бақылау, саяси-құқықтық басқару мен қоғами тұрақтылыққа 
бағындырған дәстүрлі ұлттық менталитет, қоғамдық сана тәрбиелейтін 
мектеп болды. 
Шежірелерде сақталып келген тарихи сананың табиғаты оны 
жасаушы нақты субъектілердің, шежірешілердің, қариялардың тұлғалық 
жеке санасынан туындаған. Заман талабына орай туындаған тарихи сана 
көшпелілердің қауымдық жүйесінде мәні зор, түсінікті, өзекті ортақ 


81 
қоғами тәжірибелік құбылыс болғандықтан, шежірелер тарихи 
әлеуметтену мәселесінде қоғамдық институт ретінде қызмет атқарды. 
Шежірелік тарихи сана мен таным көшпелілер қоғамының ортасында 
дәстүрлі тәрбие жүйесімен тығыз байланыста болған. Сонымен, тарихи 
сананың табиғаты, тамыры халықтың терең әлеуметтік, қауымдық 
тұтыну талаптарынан, адамның жеке сана қажеттілігінен туындап бастау 
алады және тарихи танымның формасы сол қауымға сәйкес қалыптасқан 
социумдық қарым-қатынастардың табиғатына байланысты. Дәстүрлі 
сананың құрамында қазақтың бұрынғы салт-дәстүр мен көшпелі 
мәдениетінің рухани құндылықтары жақсы сақталғандықтан, ол 
ортағасыр дәуіріндегі тарихи шындық болмысын тану мақсатына 
деректік негіз болатындай мүмкіндікке ие, және мазмұнында әлі де 
құнды әрі пайдалы мәлеметтер жиынтығы көп. Осы тарихи сана 
төңірегінде тарихи айғақтарды, тарихи оқиғаларды, тұлғаларды және 
мәдени-тұрмыстық құбылыстардың тарихи негіздерін қабылдау 
формалары қалыптасқан. 
Сонымен, шежірелік дәстүр аға буын ұрпақ тарапынан 
әңгімелеуімен, қарияның айтуыменен жалғасады. Олар, әрине, өзінің 
жеке, әрі бұрынғы ұрпақтардың маңызды тәжірибесін сақтаған 
субъектілер. Шежірелік қария санасы тарихи жады арқылы есте 
сақтаушы басқа субъектілердің айтып сақтаған мәдени қағидаларын, 
адамның 
өмірлік 
тарихи 
тәжирибе-білімін 
ұрпақтан-ұрпаққа 
жалғастырған. Шежірелік қасиеттің өзі қария жадында сақталған тарихи 
білім-тәжірибе деректерін ауызекі күйінде беруде жатыр. Шежіреші 
сақтаған мәліметтің бұқара халық ортасында таралуы үрдісін байқаған 
соң, сол тарихи ақпараттың өзіндік қызметі тарихи, танымдық, 
идеологиялық, болжамдық сипатта болғандығы анық көзге түседі.
Шежірелердің жыр, өлең, айтыс, кесте қалыптары, шежірелік 
әңгімелер, дастандар және сол сияқты сөз нұсқалар, тәмсілдер, «деген 
екен...» дегендей барлық үлгі-нұсқалар шежірелердің формалары ретінде 
кездесетін шежірелік мәтіндерден айқындалды. Мұны таспаға жазылған 
үлгілерінен де көріп, оқылуы мен түсіндірме тәжірибелерін де 
сараладық. Шежірелер – ауызсөз бен әуен мәдениеті барлық үлгілерін 
қамтыған адамның интеллект, ес-зерде өнімі, ой-сана қызметі мен 
әрекеттерінің жемісі екенін ескеру керек. Шежіредегі адамдардың 
қауымдасуы туралы мәліметтер қоғами-мәдени құбылыстары туралы 
баяндайтын жиынтық тарих. Мұнда ертегілер, қары сөз (жеке дәстүр 
ретінде), шежіредегі ұрпақтар буыны мен атақты тұлғалар есімдерін 
тізімдеп баяндау, бейнесін аңызға айналдыру, атын ұран ету, тарихын, 
ерлігін жырлау, немесе тәмсіл сөзге айналдыру, батырлығын, өлеңмен 
әуендету, дастан мен айтысқа қосу, ән мен күйдің ерекше сарынымен 
баяндау («Қорқыт», «Ақсақ құлан» т.б.), толғауға салу амалымен тарихи 
өмір және тұрмыс шындығы туралы ой түю, тасқа таңбалау, бәдізге 


82 
айналдыру және басқа да жәдігерлеу амалдарымен тарихтың керекті 
ақпаратын сақтап отыру арқылы, халықты есеңгіретпей, есінен 
айырмауды мұрат тұтқан нұсқалар бар. 
Шежіре көшпелілердің мәдениетіне тән түрде жалғасын тапқан 
ауызша (жазбаша) тарихи дәстүр, қазақ халқы тарихының аса маңызды 
тарихи дерек көзі. Шежіре деректері дәстүрлі мал кәсібін дамытып, 
көшпелі тұрмыс құрған қазақтың әлеуметтік-мәдени өміріндегі 
күнделікті экономикалық, діни, саяси іс-қималдарын, тұрмыс жайын, 
шығармашылық қабілеттері мен отбасылық салтын мейілінше дұрыс, 
ғылыми объективті түсінуге қызмет етеді. Шежірелердің мазмұны 
әртүрлі замандардан сақталған хикая, әңгімелер мен генеалогиялардан 
құралады. Халықтың өткен тарихи өмірі ауызекі дәстүрдің сан-салалы 
жанрлар жүйесінде толық көрініс табады: тарихи аңыздар мен 
өлеңдерде; батырлық жырларда, ертегілерде, ескі сөз бен қария сөзде де. 
Баяндаулардың негізінде рулық жүйені генеалогиялық ретпен 
ұқтырылатын социум конструкциясы түсіндіріледі, өйткені шежіре – 
біріншіден, тарихи тәжірибені жалғастырушы құрал; екіншіден, келесі 
ұрпақтарға жалғасатын білім жиынтығының түп қазығы; үшіншіден, 
әлеуметтік шындық туралы генеалогиялық құрылым; төртіншіден, ата 
мұрасы. Шежіре құбылысы өз бойында «рулық құрылымдар», «ата-тек», 
«генеалогия», «насабнама» мағыналарын сақтағанымен, оның іргелі 
ұғымдық мәні «жады» сөзінен туындаған. Кең байтақ қазақ жерінің 
түпкір-түпкірінде әртүрлі уақыттарда өткен атақты адамдары, рулардың 
қасиет тұтқан, бойына құт дарыған тарихи тұлғалары (әулиелері, дәулет 
біткен берекелі байлары, аузы дуалы қадірлі ақсақалдары, аты ұранға 
айналған батырлары, тілге шешен дана билері) туралы тарихи 
деректерді тек осы шежіре мәліметтеріне сүйеніп жазуға болады. 
Шежіре сақтаған генеалогиялық мұра – қалыптасқан әлеуметтік әлем 
моделін келесі ұрпаққа жалғастырады. Қазақтың көшпелі шарушылығы 
мен 
қоғам 
құндылықтарын 
сақтаған, 
тасымалдаған 
дерек 
айналымындағы шежірелік мәліметтер бірнеше қайнаркөзден құралады: 
а) дәстүрлер, мәдени жиынтықтар, ә) наным-сенім түсініктері, б) діни 
хикая, рауаяттар. Шежірелер – дәстүрлі қоғам мұрағаты. Өзінің 
этникалық 
менталитет 
белгілері 
мен 
наным-сенім, 
ырым, 
космологиялық түсініктерін сақтау жағынан архаикалық қасиеттері 
артық; түркі ортасында, әсіресе қазақ халқында, генеалогиялық білімнің 
жүйесі аруақты құрметтеу, мифология, тарихи білім мен тұрмыс 
тәжірибесі, ұлттық салт-дәстүр, әдеп, әдет, сондай-ақ қожалар 
дәріптеген сахабалар рауаяттары мен мұсылмандық мифология да біте 
қайнасқан.
Шежірелік мәліметте бүгінгі күні өмір шындығына сәйкеспейтін 
жоралғылар, қазіргі өмірде сақталмаған, я мәнісі түгелдей өзгеріп 
сақталған дәстүрлі қоғам қатынас үлгілері мол айтылады. Шежірелік 


83 
мәтін осындай элементтерді неғұрлым көбірек сақтаса, соғұрлым 
ескілікті дерек көзі екенін байқатады. Шежіреде рулар, бау, сан, тайпа, 
арыс сияқты т.б. саяси, әскери, мәдени, дүниетанымдық, діни, 
шаруашылық, тұрмыстық, әсіресе, отбасы, неке, туыстық туралы түрік-
моңғол, ескі қазақ жұртындағы әртүрлі құрылымдардың жиынтық 
жүйелері мен олардың өзара қатынастарының жан-жақты әрі күрделі 
сипаты туралы баяндайтын деректер сақталған. 
Шежіре 
мәліметтері 
адамдар 
арасындағы 
түрлі 
қоғами 
қатынастардың деректерін сақтайды, оның адамның ой-санасы, ойлау 
тәсілі мен өмір сүру, өмір тәртібін ұйымдастыру әрекеттері туралы 
айтады. Шежірелер – тарихи оқиғалар орын алған географиялық 
кеңістік, оның қасиеттері туралы мәліметтерді сақтайды: ескі қазақ 
жұрты, қоршаған ортада шындығында бар немесе ой қиялынан 
туындаған қасиетті жер, құтты қоныс, ата-баба жүрген ыстық мекені, 
әулиелер өткен киелі топырақ туралы баяндайды. Шежірелердегі 
ақсүйек және тегі асыл әулеттері туралы мәліметтер: төре-сұлтандар мен 
қожа-сейіттердің ата-тегі, асыл қасиеті, құқы мен жолы, билік жүргізген 
дәуірі, сол туралы артынан қалған халық естелігін баяндайтын 
шежірелік деректерді құрайды. Өз тегін ақсүйек етіп жариялаған діни 
және 
төрелік 
аристократия 
әулеттері 
шежірелік 
генеалогия 
маңыздылығын саяси-құқықтық институт дәрежесіне әбден көтерген. 
Ондай генеалогиялық білімнің өзі көбінесе халықтың белгілі бір 
әлеуметтік топтарына пайдасы артығырақ тиген.
Шежірелер – осындай барлық адамдық, қоғамдық, елдік, жұрттық 
категорияларды тұтастырып қазіргі ұрпақ санасындағы жекетұлғалы 
өмірбаян 
өркенін 
жалпыұлттық 
біте 
қайнасқан 
өмірбаянға 
айналдыратын тарихи уақыт пен замандар түсінікті қалыптастыру 
мақсатында баяндайтын шежірелік мәліметтерді құрайды. Осы жайттар 
шежірелердің үрдіс әрі дәстүр ретіндегі феномендік құбылыстың жалпы 
мәселелерін қамтиды. Шежірелер көбінесе объективті әлеуметтік 
шындық ортасында айтылған ауызекі әңгімелерден құралғандықтан, 
көшпелі тұрмысты сипаттауда оның шаруашылық жай-күйін 
баяндайтын дерек ретіндегі тарихи шындықты жеткізушілік маңызы 
мол. Тарих, этногенез зерттеу үшін эпостар мен ғұрыптық фольклор 
деректері аса пайдалы. Олар иран және түркі халықтарының арасындағы 
көне және кейінгі дәуірлердегі этникалық байланыстарды анықтауға 
мүмкіндік береді. Бұл деректер жеткілікті қолданылмай келеді. Тіпті аз 
қолданылуда. «Көроғлы», «Қорқыт ата» және тағы басқа да жәдігерлік 
эпикалық туындылар тарихи шындыққа сәйкес келетін дәстүрлі тұрмыс 
жайын жақсы көрсетеді. Эпос кейіпкерлері тарихи жағынан да 
шындығында өмірде рас болған тұлғалар.
Шежіре деректеріндегі айқын айтылған мағлұматтарды талдаудан 
гөрі жанама, баяндауды мақсат етпеген латентті ақпараттарды 


84 
айналымға алу объективтілік талаптар тұрғысынан тиімдірек. Табиғаты 
«жасырын» деректер тарихи деректердің барлық топтарында 
болғанымен, бұқаралық деректерде олар көбірек болады. Шежірелік 
деректердің мазмұнында «жасырын» деректер жан-жақты қоғамдық 
қатынастар 
жайлы 
сыр 
шертеді. 
Шежірелерде 
әңгімеленетін 
тұлғалардың әрекеттерінің тарихи-психологиялық моделін құрастыруда 
зерттеушіге осындай «жасырын» деректер қажет болады. Осы жайды 
жақсы 
аңғартатын 
нұсқаны 
М.Ж. 
Көпейұлы 
шежірелерінен 
кездестіреміз.
Ескі заманның тарихи жағдайлары, болып өткен оқиғалары, уақыт 
пен кеңістік түсініктері ең алдымен генеалогиялық білім жүйесіне 
тіркеледі. Білім – таным-тәрбие, тәжірибе, ағартушылық үшін; алдағыны 
көру жорамалдау-жоспарлау; құндылықтарды таныту, дүниетаным, 
көзқарас қалыптастыру мақсаттарына жұмсау үшін керек. Ескі қазақ 
жұртында генеалогиялық білім жүйесі ерте дәстүрлерге сай аруаққа 
құрмет ету мәніне, ал ата-баба жалғастығын реттейтін тізімдер мен 
генеалогия деректері – уақыт межелеу қасиетіне ие болған. Шежіре 
тарихи санада уақыт әрі кеңістік категория қызметтерін бірге атқарған, 
тарихи уақыт сипатын өзінше білдіретін генеалогиялық таным әрі 
өлшем. Барлық маңызды әлеуметтік деректер көшпелілер қоғамының 
жалпылама ортақ генеалогиялық конструкциясына орайлас, сол жүйенің 
жігіне тығыз байланыстырылған. Сондықтан генеалогиялық білім үнемі 
қозғалыс үстіндегі үрдіс.
Қазақ халқының шежірелік дәстүрі бұл халықтың бүкіл дәстүрлі 
мәдениетінің маңызды бір құрамдас бөлігі. Қазақтың ауызекі 
мәдениетінің қыр-сырын терең зерттеуді қолға алған белгілі зерттеуші, 
профессор Қанат Шынғожақызы Нұрланова бүкіл адамзаттық 
мәдениеттің даму заңдылықтарымен байланыстыра отырып, қазақ 
мәдениетінің трансценденталды астарларына үңіледі. Оның пікірінше, 
қазақы рухани самғау немесе трансценденция «бір жағынан, сергу деп 
ауызша мәдениеттің рухани қасиеттілігін ашып берсе, екінші жағынан - 
өмірдің сыры неде екеніне, рухани өмірдің тұңғиығының сыры неде 
екеніне философиялық тұрғыдан жауап береді; үшіншіден осы 
құбылысты – рухани сергуді ауызша мәдениеттің көркі мен мәні, 
этикалық келбеті дер едік. Бұл рухани құбылыс қазақ елінің тұнып, 
толғап, тұңғиық тыңдау мәдениетінің арқасында, рухани дүние арқылы 
өмір сүрген тәжірибесін байқаймыз. Ауызша мәдениеттің түбегейлі 
қасиеттері - қазақ елінің рухани бейнесін, менталитетін қалыптастырған, 
сондықтан оны сипаттайды да, байқатады да» [86, 67 б.].
Шежірелерге деген қазіргі қазақтың талпынысы, оны итермелейтін 
ішкі күші – тұлғалық сана. Қазіргі заманның адамдары да дәл 
бұрынғыдай тарихи білімге құштар. Өйткені тарихи білім қоғамдық 
сананың негізгі құраушы компоненті. Қоғамдық санада үзіліссіз 


85 
жалғасатын кез-келген білімнің түрі ең алдымен тарихи білім жүйесіне 
байланады. 
Қорыта айтқанда, тарих сана – бұл алдыңғы буынның жүріп өткен 
жолы сақталатын кейінгі ұрпақтың әлеуметтік-мәдени жады. Тарихи 
жады немесе әлеуметтік-мәдени ес неғұрлым терең болған сайын адам 
да, тұтастай алғанда қоғам да рухани бай болатыны жоғарыда айтылды. 
Бүгінгіні түсіну мен болашақты болжау үшін қазіргі адамның алдыңғы 
буынның жинақтаған әлеуметтік-мәдени тәжірибесіне тереңірек ендеген 
сайын оның өмірлік және азаматтық ұстанымы да айқындала түседі. Бұл 
тұрғыдан алғанда, қазақтың философиясы мен қазақтың тарихына 
қатысты ғылыми жұмыстардың, зерттеулердің, мақалалардың көбейе 
түскені еш артық етпейді. Әсіресе, буыны бекіп, қата қоймаған тәуелсіз 
мемлекетіміздің жас азаматтарының бойында отансүйгіштік қасиеттерді 
егу мен ойында тарихи сананы қалыптастыру барысында оқулықтар мен 
оқу құралдары көбірек жазылуы керек. Бабаларымыздың қалдырған 
әлеуметтік-адамгершілік үлгідегі өсиеттері мен рухани мұрасын терең 
насихаттап, қалың көпшіліктің игілігіне жарату қажет. Бұл жас ұрпақты 
ізгілікке, жүрек пен жанның тазалығына, білімділікке, имандылыққа, 
адамгершілікке, парасаттылыққа, әсемдік пен әдептілікке тәрбиелеп, 
тұлғалық қасиеттер қалыптастыруға өзіндік үлесін қосады, қоғамды 
зиялылыққа үндейді.
Қазақтың ауызша тарихы немесе шежіре түптеп келгенде, әрбір 
тұлғаның, әрбір ұлт пен ұлыстың басқаға танылуы үшін, өзіндік 
бірегейлігі (самоидентификация) үшін өзіне тән даралығы болатынын 
түсінбей, түбірсіз маргиналдыққа әкелетін дүбәра ойлаудан арылып, 
ұлттың табиғи төлтумалылығының діңгегін құрайтын тарихи өзіндік 
сананың сауығына оң ықпалын тигізеді. 


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   ...   32




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет