Бауыржан Момышұлы Москва үшін шайқас (роман)



Pdf көрінісі
бет12/45
Дата19.05.2023
өлшемі1,68 Mb.
#94921
1   ...   8   9   10   11   12   13   14   15   ...   45
ГОРЮНЫДА 
Горюны. Бұл Волоколамск тас жолының екі жағасына орналасқан кішігірім деревня
жиырма бес шақты үйі бар. Үйлері кәдімгі Россия деревняларына тән шыбық шарбақты 
ағаш үйлер. Егер майдан жаққа бетіңді бұрып, картаға қарап тұрсаң, карта бетінде кішкене 
өрмекшідей болып тырбиып жатқан Горюныны көресің. Сол жерден жан-жаққа 
өрмекшінің торындай болып жіп-жіңішке жолдар тарайды. 
Біздің батальонный: басты тірегі мен штабы осы Горюныда. Рахимов кіріп келіп хабарлай 
бастады. «Комдивтің резервінен біздің батальонға танкке қарсы ататын төрт зеңбірек 
берілді, оларды қайда орналастырамыз?» — деп сұрады Рахимов. 
— 
Жолдас комбат, ол зеңбіректерді деревняның шетіне орналастырайық, — деп кеңес 
берді Бозжанов. — Өзімізде бұрыннан екі зеңбірек бар, енді төртеу қосылса — алтау 
болады. Соның бәрін бүркемелеп, үйлердің тасасына орнатып қойсақ, құдай бар, тас 
жолдан бірде-бір танк өтпейтін болады. Алты зеңбірек бірдей іске кіріссе танктердің 
тамтығы да қалмайды, көрерсіздер. 
Рахимов Бозжановқа жақтырмағандай көзінің астымен қарап алып, картаға бірдеңелерді 
сыза бастады. Рахимовтың өз пікірі бар, бірақ әдеттегісінше әдеп сақтап, өзің 
сұрамайынша ешнәрсе айтпайды, орынсыз сөйлемейді. Оның сырын білетін мен 
қолыммен ишарат білдіріп Бозжановты тоқтаттым да, Рахимовқа қарап: 
— 
Хабибулла, өз ойыңды айтшы, қалай етсек екен? 
— 
Онда рұқсат етіңіз, жолдас комбат, — деп Рахимов өз картасын маған қарай 
ысырып қойып, аспай-саспай, — менің ойымша, жолдас комбат, біз зеңбіректерді 
үйлердің немесе сарайлардың тасасына қаншама мықтап бүркемейік, бәрібір бірінші 
атыстан кейін-ақ жау оны сезіп қалады. Егер немістің бір снаряды зеңбірек қалқалаған 
үйге түссе үй өртеніп, не құлап зеңбірекшілерді оз басымен әуре қылады, барымыздан 
айрыламыз. 
— 
Ал, егер... — деп Бозжанов Рахимовтың ойын бөліп жібермекші еді... 
— 
Жолтай, үлкендер сөйлеп тұрғанда, кішілер тыңдар болар, — деп зекіріп тастадым. 
Бозжанов құлағына дейін қызарып кетті, ал, Рахимов болса, оған менің зекіргенім үшін 
кешірім сұрағандай болып: 
— 
Жалмұхаммед, сен сөйлеген кезде мен сөзіңді бөлген жоқпын ғой,— деді.
Сонда Бозжанов бұрынғыдан бетер қызарып, тұтығып әрең сөйлеп: 


85 
Айыптымын, жолдас комбат! — деп сәл сасқалақтап. — Менің сіздермен бірге болуыма 
рұқсат етіңіз, — деді. 
Мен сені қуып жіберейін деген жоқпын, тыңдағың келсе тыңдай бер. 
— 
Жолдас комбат, меніңше, — деп Рахимов сөзін сабақтай берді. — Меніңше біз 
соққыға ұрынып қалмас үшін, зеңбіректерді деревняның шетіне емес, орманның шетіне 
орналастыру керек, міне, мына жерге... 
Одан әрі Рахимов схема сызу бойынша өз пікірін айта берді. Алты зеңбіректі картаға 
белгілеп, деревня сыртындағы орманның шетіне орналастырды. 
Мұқият сызылған схема түскен ойына қарағанда біз зеңбіректерді былай пайдалануымыз 
керек екен: 
— Жолдас комбат, мен былай ойлаймын, — деп Рахимов өз схемасын түсіндірді. — Бізге 
зеңбіректерді сарайға тығып қойғаннан гөрі, орманға, міне, былай орналастырғанымыз 
пайдалы. Біріншіден, орманның аты орман, оның әрбір бұтағы пана; екіншіден, біздің 
зеңбіректер бір орнында байланып қалмай, еркін қимылдайтын болады; үшіншіден, біздің 
зеңбіректер мына жер жағдайында бірінің артынан бірі тірек, бір-біріне көмек бола алады; 
төртіншіден, жолдас комбат, орман ішінде бұл зеңбіректер бірін-бірі қол жалғасып 
байланыс үзбей, орманнан шыға берісімен Горюныға дейін тас жолды нысанаға ұстап 
тұра алатын болады. Мен мына картада болжанған жердің бәрінде болып қайттым, 
зеңбіректер орналасатын орындар ыңғайлы. 
— 
Ал, бүл пікіріңе артиллеристер қалай қарар екен? 
— 
Мен оларға да айттым, егер сіз мақұлдасаңыз, олар қарсы бола қоймас деймін. 
— 
Айтқаның көңілге қонымды екен, Хабибулла, өз жоспарың, оз ойың, сол ойың 
бойынша зеңбіректерді өзің орналастырып, артиллеристерге өзің тапсырма бер. 
— 
Құп болады, жолдас комбат! Кетуге рұқсат етіңіз... Рахимов тығып кеткен кезде, 
Бозжанов оның картасына қайта-қайта үңіліп қарай берді. 
— 
Білдің бе енді? — дедім мен оған. — Сен болсаң бірінші атыстан кейін-ақ, біздің 
зеңбіректерімізді жерлемекші едің ғой. 
— 
Рас-ау, жолдас комбат, солай екен-ау, ә, — деді. Бозжанов күрсініп... — Япырмай, 
ә... Біздің Хабибулла ақылды жігіт қой, шіркін. Ақылды, ақылды екені рас. Ол терең 
ойлайды. 
— 
Жә, болды! Көкек қораздан дәріптеу есіткенін мақтайды дейді. Алдыңғы күні сен 
«көкжал қасқырсың» деп Курбатовты мақтадың, ол да сенен қалыспай «о жолдас 
политрук, сіз арыстансыз!» деді. Енді келіп Рахимовтың ақылын дәріптейсің, немене, 
сенің жүргізген саяси жұмысың осы ма? Оңдырады екенсің. 
— 
Айыптымын, жолдас комбат!.. 
—Бар, онан да Рахимовты қуып жет, сенің ротаңды, дөңгелекті үш пулеметті сол жерге 
қалай орналастыру керек, соны ойластыр, сонан соң келіп хабарларсыңдар. 
Екеуі де кетіп қалды. Мен сол орнымда өзіме - өзім ренжіп налып отырмын. Бозжановқа 
неге ғана зекірдім. Ол менің бұйрығымды нақтап қайта қайталап, бұрылды да шығып 
кетті. Сол кезде оның арқасы маған өкпелеп, сәл бүрісіңкірегендей болды. Менің жаныма, 
әсіресе сонысы қатты батты. Неге ғана зекірдім?.. 


86 
«Ақымақ бас аяққа тыным бермейді» деген халық мақалы ойыма сап ете түсті. Сол кезде 
екі бетім дуылдап, көзім қарайып, басым айналғандай болды. 
«Танковтың ротасын неғып Горюнының шарбақтарына таңып қойдым? Жауынгерлер 
менің бұйрығымды орындап екі күн, екі түннен бері тоң жерді көр тышқанша тісімен 
тістеп, тырнағымен тырналап, үйлер мен сарайлардың астынан кеулеп окоп қазып 
азаптанып жатыр...» 
«Егер немістің бір снаряды немесе бомбасы зеңбірек қалқалаған үйге түссе жетіп 
жатыр...» деді Рахимов. «Сен біздің зеңбіректерді жерлемекші ме едің» деп ұрысқаным 
Бозжановқа, ал өзім болсам, түгел бір ротаны күні бұрын көрге көмбекші болып отырмын, 
бұл қалай?..»
Осындай ойлар жанымды жегідей жей берді. Өзімнен - өзім қиналып сол орнымда отыра 
бердім. 
Рұқсат етіңіз, жолдас комбат! — деген дауыстан мен селк етіп, ұйқыдан шошып оянғандай 
болдым. Қарасам алдымда лейтенант Танков тұр екен. 
— 
А, Сергей, сен екенсің ғой, — дедім мен, — бір нәрсе айтпақ па едіңіз маған? 
— 
Ия, жолдас комбат, баяндайын деп едім. 
— 
Е-е-е, ия, әскери адамдар «айтпайды», «баяндайды», — деп қатемді өзім түзедім. — 
Ал не, баяндай бер. — Лейтейнант Сергей Танков менің абыржығанымды сезіп, онысы 
несі дегендей қайран қалып, еріксіз тұтығып қалды, сонда да болса өзін-өзі бекем ұстап, 
баяндай бастады. 
— 
Жолдас комбат, Бозжанов өз пулеметтерін орманға әкетіп қалды, жаңа позицияға 
көшпек. Ал, мұнда сіздің бұйрығыңыз бойынша пулемет ұясы жасалып, бүркемеленіп еді 
ғой. Бұл қалай, жолдас комбат. Пулеметсіз біз қайтеміз?.. 
— 
Пулемет сендерде болады. Орманға сендер де барасыңдар. Мен деревняға 
орналаспайық деп шештім. 
— 
Ал біз қазған окоптар ше? — деді Танков аң-таң қалып. 
— 
Ол окоптар сақтықта қорлық жоқ, бірде болмаса бірде керегі болып қалар. 
Мен Танковты Рахимовтың жобасымен таныстырдым да: 
— 
Орманға барыңдар, орын таңдап алыңдар, взводтардың позициясын белгілеңдер, 
қарудың барлық түрімен Горюныға кіре берісті бірлесе отырып ұстап тұрамыз, — деп 
бұйырдым. 
Танков кетіп қалды. Мен картаға ақырғы қорытынды шешімді түсірдім. 
Лейтенант Сергей Танков орта бойлы, сымбатты, кең маңдайлы, көк көзді, сәл жалпақ 
мұрынды, төменгі ерні салыңқы жігіт еді. Ол қатардан шыққан лейтенант Василий 
Поповтың орнына, біздің батальонға таяуда ғана рота командирі болып келіп еді. 
Оның соғыс жағдайына үйлеспейтін өте интеллигенттік мұқияттылығын, майдандық 
тұрмысқа жараспайтын шектен тыс сыпайылығын көргенде, оны мына әскери формада 
емес, сылқымдана киген костюм ішінде көргім келетін де тұратын. 
Оның үстіне ол маған тым сақтана қарап, сақтана сөйлеп, тап мені бір сынаған, зерттеген 
адамдай қатынаста болды. Мен оны өзімше «астаналық лейтенант» деп атадым. Онымен 


87 
өзім, неге екенін білмеймін, ұдайы жүре сөйлесіп, тек «сіз» деп сыпайы түрде атаушы 
едім. 
Айталық Семен Краев, Жалмұхаммед Бозжанов тағы басқа майдандас достармен майдан 
әдеті бойынша «сен» деп кейде қатаң, дөрекі, кейде жайша, қарапайым түрде біріміздің 
үлкен, біріміздің кіші екенімізден ғана біліп, сөйлесіп жүре беретінбіз. 
Ал, мынау... әйтеуір не керек, екеуміз де тартқан ішектей тырсылдап, қысылып жүрдік. 
Танков кеткен соң тағы да ойға шомылып генералдың: «Командирге шешім қабылдау 
оңай емес. Жұрттың айтқан кеңесіне әрдайым құлақ сала жүріңіз» дегені есіме түсті. 
Сәске түсте Горюныға астына қарагер ат мініп біздің дивизияның артиллерия начальнигі 
подполковник Виталий Иванович Марков келді. Аласа бойлы, қыр мұрынды, қысыңқы 
қоңыр қой көзді, қырық жастардағы, аққұба, жирен шашты кісі еді ол. Аттан түсіп 
менімен қол алысып, амандасып: 
— 
Мені сізге генерал жіберді. Өзін Армия штабы шақырып, сонда кетті, — деді. 
Біз штабқа кірген кезде, барлық офицерлер подполковникке тікесінен тік тұрып ізет 
көрсетті. Марков олардың бәрімен қол ұстап амандасты да, асықпай шешініп, жирен 
шашын сипап қайырып қойып, орындыққа отырды. Сонан соң бұйыра сөйлемей 
өтінгендей сөйлеп: 
— 
Жігіттер, сендер далаға шығып серуендей тұрыңдар, комбатпен біраз оңаша сөз бар 
еді, — деді. 
Офицерлер мен солдаттар үн-түнсіз шығып кетті. 
Марков өз картасын столдың үстіне жайып тастап, сипалап тұрып; 
— 
Жағдай қиын, бірақ обалына қалып керегі не, жігіттер жақсы-ақ соғысып жатыр. 
Міне, екі күннен бері жауды ілгері жібермей ұстап тұрмыз. Адамнан да, техникадан да 
шығынымыз ,аз емес, бірақ жаумен табан тіресіп тұрмыз. Бүгін біздің авиация жақсы 
қимылдады. Оның бізге үлкен көмегі болды, — деді. 
Одан әрі Марков мені жағдаймен таныстырып, қай жерде қай полк соғыс жүргізіп жатыр, 
біздің бекініске жау қай тұстан, қашан сұғынды — соның бәрін көрсетіп берді. 
Артиллеристерге тән ұқыпты жұмыс картасынан жыланша ирелеңдеген өзендей
бұралаңдап майдан шебі созылып көрінеді. 
Ол өз күдігін айта сөйледі. Біздің авиация жаппай ұшып, бірнеше рет шабуылдап жау 
тобын талқандағаннан кейін, ол қалдығын жинап, оның үстіне — тағы да күш қосып, күн 
бата сол еселенген күшпен шабуылға шыға ма, біздің жігіттер кешке дейін тұра ала ма 
деп қауіптенетіндігін айтты. Генерал Армия қолбасшысына кетті, көмек сұрамақшы 
немесе түн қараңғысын жамылып, келесі шепке шегінуге рұқсат сұрамақшы деді. 
Бұл әңгіменің бәрі екеуміздің арамыздағы ғана өте құпия әңгіме екенін ескертіп, — ал, 
кәне, өз шешіміңізді баяндаңыз,деп маған бұйырды. 
Мен карта бойынша баяндадым. 
Бұл карта ғой, ал, осы баяндағаныңыз жер жағдайына қандай байланысы бар екен, соны 
барып көрейік, — деп бұйырды подполковник. Біз жүріп кеттік... 
Штабқа кайтып келген соң, Марков батальонның орналасуын, атыс позициясын өз 
картасына мұқият түсіріп алып: 


88 
Меніңше, негізінен дұрыс шешім қабылдағансыз. Генерал мені қоштар деп ойлаймын. 
Мен ол кісіге бәрін баяндармын. Тек сіз ойламаған бір нәрсе: егер біздің алдыңғы шептегі 
әскерлер бүгін шегіне бастаса, оларды өз тұсыңыздан, соғыстық тәртіпте тұрған саптан 
қалай өткізіп жібере аласыз? Сол жағын ақылдасып көрейік. 
Подполковник екеуміз бірнеше парақ қағаздың бетін сызып шимайлап, жағдайдың 
бірнеше түрін қарастырып көрдік. Бірнеше мәселені шештік. 
Менімен қоштасып тұрып Марков: 
Ал, алды-артыңыз жайлы болсын, табысқа жетіңіз, одан басқа айтарым жоқ. Сіз бен біз 
сөз қылған жайдың бәрін генералға баяндап барамын,— деп атына мінді. 
Мен подполковникке рахмет айтып қала бердім. 
* * * 
Күшті дауыл кезіндегі жартасқа соққан теңіз толқынындай аласапыран, алып сарынды 
соғыстың айбынды үні үздіксіз жаңғырығып алыстан естіліп тұр. Горюнының үстінен 
біздің самолеттер эскадрилья соңынан эскадрилья орманның үстін сипай төмен ұшып, 
өтіп барады. Олардан биігіректе штурмовиктерді көктен қорғап, кіп-кішкентай 
дауылпаздардай истребительдер шүйіліп, жүйткіп жүр. Қуанышымыз қойнымызға 
сыймай, біздің әуедегі жауынгерлерімізге қадала қарап, қайырлы сапар да тілеп тұрмыз... 
— 
Ә, бәлем фашист, енді сазайыңды тартарсың! Қараңызшы, жолдас комбат, 
құйрығын көтере шүйіле зымырауын қараңызшы, — деп Бозжанов жас балаша 
тыпыршып. — Мына жақтан тағы да келе жатыр, тағы да... 
Мені телефонға шақырды, барсам генерал екен. 
— 
Жолдас Момышұлымысыз? 
— 
Мен тыңдап тұрмын, жолдас генерал. Осы уақытқа дейін қайда болдыңыз дейсіз 
бе? Позицияларды араладым, жолдас генерал. Біраз нәрселерді деректеп, анықтау керек 
болып еді. 
— 
Дұрыс оныңыз, анықтаңыз. Мен өзім үлкен үйден қазір ғана қайттым. Біраз 
нәрсемен көмектесуге уәде етті. Әзірше қаршығаларын жіберді... 
— 
Ия, жолдас генерал, олар біздің үстімізден жаңа ғана ұшып өтті, — дедім мен 
генералдың сөзін бөліп. 
— 
Көргендерің жақсы болған екен. Қазір Виталий Иванович сіз туралы баяндап отыр. 
Мен сіздің жобаңызды мақұлдаймын, бірақ сіз бар күшіңізді неге оңтүстікке ғана 
топтастырдыңыз? Егер жау сізді орағытып барын солтүстіктен, Покровское жақтан соқса 
қайтесіз? Сіздің сыртыңыз, тыл жағыңыз жап-жалаңаш қой. 
— 
Бар күшімді ары тарттым, бері тарттым, жолдас генерал, бірақ, жеткізе алмай 
қойдым, қысқа көрпедей созылар емес. 
— 
Мәссаған! — деп күлді генерал қарлыққан дауыспен, — «созылар емес» дейсіз бе? 
— 
Ия, жолдас генерал. 
— 
Сіз әрі тартқылап, бері тартқылап созбай-ақ қойыңыз.


89 
Сол өзіңіз орналастырған күйде қалдырыңыз. Бірақ Горюнының бақа шетіне запас 
позиция дайындаңыз. 
Құп болады, жолдас генерал, қазір барамын... 
Жоқ, сіз өзіңіз бармаңыз. Сіз маған керексіз. Басқа адамдарға жай-жапсарды түсіндіріп, 
соларды жұмсаңыз, солар істесін. 
Өзіңіз ешқайда шықпаңыз. Көп кешікпей сізге бір сұлу бикеш қонаққа барады, жақсылап 
қабылдап, қарсы алыңыз. 
— 
Неғылған бикеш, жолдас... 
— 
Хе-хе, барғанда өзіңіз көресіз. Ол барысымен маған телефонмен хабарлаңыз. 
Мен Рахимовты, Бозжановты, Танковты шақырып алдым. Жобамды сызып көрсетіп, өз 
ойымды түсіндірдім. Егер біздің барлық қарудың соялары жауды күтіп, оңтүстікке, 
Ядрово бағытына қарап тұрған болса, енді керекті жағдайда солтүстікке, 
Покровское жаққа да бұрыла алатын болу керек. Жау кенет тылдан соғып жүрсе... дайын 
тұрайық... 
Мен жолдастарыма: — бізге бір сұлу бикеш келетінге ұқсайды, неғылған сұлу екенін 
білмеймін, генерал маған оны жақсылап қарсы ал деп бұйырды, түсінбей тұрмын, — 
дедім. 
Сол-ақ екен, жұрттың бәрін таң қалдырып, Танков ішек-сілесі қата күлді - ай кеп. Оның 
бұрын бүйтіп күлгенін көрген емес едік. 
Қалған үшеуміз оған жынды адамға қарағандай қарап қалыппыз. Мен шыдай алмай, 
зекіріп жібермекші едім, бірақ Танковтың шын ықыласымен, ешбір бүкпесіз күліп 
тұрғанын көріп, өзімнен - өзім кілт тоқтадым. Оның әрдайым ызғарлы көзі енді күлімдеп, 
маңдайы да, мұрны да, салпы ерні де — барлық бет пішіні, арсалаңдап қалған ақ көңіл 
жап-жас мейірімді жігіттің кейпін берді. 
— 
Ойбай-ау, ол «Катюша» ғой, жолдас комбат - ау, — деді ол күлкісін тия алмай. 
— 
Не қылған Катюша? — деп сұрады Рахимов. 
— 
«Катюша» деген реактив снарядты жаңа миномет «РС». Неге екенін білмеймін, 
оған «Катюша» деп ат қойыпты... 
Бұрын біз білмеген жаңа минометтің жайын Танков әбден түсіндіріп берген кезде, «міне 
саған сұлу» деп бәріміз де күлдік. 
Олар үшеуі көңілдене күлісіп шығып кетті, ал, мен «Катюша сұлудың» келуін күтіп 
қалдым. 


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   8   9   10   11   12   13   14   15   ...   45




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет