Мемлекеттік білім беру стандарты дегеніміз не? Ол не үшін керек? Білім берудің мемлекеттік стандарттары – білім саласындағы басқарудың нормативтік базасы Сапаның талап етілетін ұғымы жəне оның сипаттамалары нормативтік құжаттарда көрсетілген. Осы құжаттар бойынша материалдық жəне рухани өндіріс саласында қызметтер жүзеге асырылады. Стандарттар осындай құжаттардың бір түрі болып табылады. Стандарттардың барлық саладағы негізгі қызметі – қоғам қажеттіліктерін қанағаттандыратын белгіленген сападағы жəне қасиеттердегі адамдардың өнім өндіруге бағытталған қарым-қатынастары мен қызметін ұйымдастыру жəне реттеу. Стандарттау саласында халықаралық (ХС), өңірлік (ӨС), ұлттық/ мемлекеттік (МемСТ),
салалық стандарттар (СС), кəсіпорындар стандарттары (КС) болады. Терминология, өлшемдер мен параметрлер, нормалар, техникалық шарттар, қызметтер, ережелер жəне басқалары стандарттау нысандары бола алады. Мемлекеттік жалпыға міндетті білім стандарттарының ерекшелігі – бір жеке саланың қызметін реттегенмен, ол салалық болмай, мемлекеттік стандарт болады. Білім берудің стандарты деп білімділіктің мемлекеттік нормасы ретінде қабылданатын, қоғамның қажеттілігін көрсететін жəне нақты жеке тұлға мен білім беру жүйесінің мүмкіндіктерін есепке алатын негізгі параметрлердің жүйесін айтамыз. Білім берудегі стандарттау білім беру сапасына деген қойылған нормалар мен талаптарды ұйымдастыру жəне реттеу үшін көзделген
Қазақстан Республикасы «Білім туралы» заңының 56-бабында «Мемлекеттік жалпыға міндетті білім стандарттарында «1. Қазақстан Республикасында əрбір білім деңгейі бойынша:
1) білімнің мазмұнына;
2) білім алушылар мен тəрбиеленушілердің оқу жүктемесінің ең көп көлеміне;
3) білім алушылардың даярлық деңгейіне қойылатын жалпы талаптардың жиынтығын айқындайтын білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттары белгіленеді.
2. Тиісті білім беру деңгейлерінің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттары, меншік нысандарына, үлгілері мен түрлеріне қарамастан, барлық білім беру ұйымдары үшін міндетті» деп айтылған.Дер кезінде білім беру стандарттарын енгізу білім мекемелері типтерінің алуан түрлілігімен сипатталатын білім кеңістігінде бірыңғай міндетті нормаларды (ең аз талаптарды) беру қажеттілігінен туындаған. Стандарттарды нормативтік құжаттар ретінде енгізу, анархия мен жағымды өзгерістердің жағымсызға айналып кетуіне жол берместен, мектепті демократияландыру үдерістерін реттеуге, білім қызметтері тұтынушыларының барлық құқықтарының сақталуын қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Білім беру мүмкіндіктерін жүзеге асырудың кепілі бола тұрып, білім беру стандарты оқу материалдарының құрамы мен мөлшерін, əсіресе, оқыту əдістері мен түрлерін қатаң шектемейді.
Білім беру кеңістігінде стандарт келесі қызметтер атқарады:
– азаматтардың толыққанды білім алуға деген құқықтарын қамтамасыз ету;
– мемлекеттің білім беру кеңістігінің біртұтастығын сақтау. Стандарт білім беру жүйесі мен оқыту мекемелері типтерінің алуан түрлігінде білім жүйесін тұрақтау механизмі болып табылады;
– білім беруді адамгершілікке баулу;
– білім беру сапасын арттыру;
– межелік-бағалық;
– білім беруді басқару.
Стандарт жəне оған енетін ақпарат білім беру мекемелері қызметтерінің барлық жақтарын жəне онымен басқаруды регламенттейді. Осылайша, мысалы, оқыту пəндері жүйесінде, оларды зерттеу реттілігінде айқындалған білім беру мазмұны педагогтардың кəсіби биліктеріне деген талаптарды, əдістемелік жұмыстардың бағыты мен мəндерін, оқыту жүктемелерінің параметрлерін анықтайды. Сонымен, білім беру мекемесінің осы салаларын басқару, ең бірінші кезекте, МемСТБ-ге сəйкес жүзеге асырылады.