УДК 80/81
ББК 81. 2 Қаз
Б 20
Қазақстан Республикасы Мəдениет жəне ақпарат министрлігі
Ақпарат жəне мұрағат комитеті
«Əдебиеттің əлеуметтік маңызды түрлерін басып шығару»
бағдарламасы бойынша шығарылды
М.О.Əуезов атындағы Əдебиет жəне өнер институты
Құрастырып, баспаға дайындап, түсініктерін жазған – Имаханбет Р.С.,
А.Байтұрсынұлы мұражайының директоры
Жауапты редакторы – Ісімақова А.С.
Жауапты шығарушылар: Имаханбет Р.С., Əзімхан М.К.
Байтұрсынұлы Ахмет
Б 20 Алты томдық шығармалар жинағы. Əліппелер мен мақалалар
жинағы. (Төте жазудағы тұңғыш əліппелер жəне ұлттық баспасөз-
де жарияланған көсемсөздер). – Алматы: «Ел-шежіре», – 2013.
Т. ІV: –384 б.
ISBN 978-601-7317-70-6
Ахмет Байтұрсынұлы – қазақ балаларының ана тілінде сауат алуы-
на арналған алғашқы əліппелер мен қазақ тілі грамматикасын танытатын
тұңғыш оқулықтардың авторы, қазақ баспасөзінің негізін қалаушы. Жинақтың
4-томына Оқу құралы: қазақша əліппесі (1912), Əліп-би (1926), Сауат ашқыш
(1926) атты оқулықтары жəне өзекті мəселелерді көтерген түрлі тақырыптағы
мақалалары топтастырылып берілді.
Жинақ мектеп оқытушыларына, ЖОО ұстаздары мен тіл мамандарына,
жалпы кітапқа ынтызар оқырман қауымға арналған.
УДК 80/81
ББК 81.2 Қаз
ISBN 978-601-7317-70-6
© Байтұрсынұлы А. 2013
ISBN 978-601-7317-66-9
© «Ел-шежіре» ҚҚ., 2013
3
ҚҰРАСТЫРУШЫДАН
Ахмет Байтұрсынұлы замандастары мен сол уақыттағы
əлеуметтік қоғам тарапынан «қазақ халқының көсемі» деп
ұлықталды. Кеңес үкіметі кезіндегі көлеңкелі тұстардың көбесі
ашылып, Алаш арысының аяулы есімі ортамызға оралғанына
міне, ширек ғасыр болды. Ұлт мүддесі үшін жегілген маңдай
тердің ғұмырлы боларын қаламдас ізбасары Мұхтар Əуезов:
«...өнер-білім, саясат жолындағы қажымаған қайраты,
біз ұмытсақ та, тарих ұмытпайтын істер... Ақаң – еңбегі
жанған жанның бірі. Істеген ісінің жемісі – артында келе
жатқан жастар. ...Ақаңның бұл істеген қызметі – қазақтың
ұзын-ырға тарихымен жалғасып кететін қызмет, істеген ісі-
мен өзіне орнатылған ескерткіш – мəңгілік ескерткіш» – деп,
көрегендікпен дөп басып айтқан екен. Шын мəнісінде, ғалым
негіздеген əліппе оқулықтары мен ғұлама ғибраты еліміздің
жас жеткіншектерін оқытып-тəрбиелеуде күн тəртібінен түс-
пейтін ұрпаққа жалғасты руханият қайнарына айналып келеді.
Бүгінгі тəуелсіз елі ағартушыны «Ұлттық рухтың ұлы тіні»
деп таныды жəне «Ана тілдің айбары», «Ғасыр саңлағы» деп
ұлықтап, тұлғаға деген құрмет пен тағзымын көрсетуде.
Бір ескерте кетер жайт: осы оқулықтарды бүгінгі емлеге
түсіру кезінде төте жазудың «сөз басы, сөз ортасы, сөз аяғы»
болып түрленіп жазылатын қиыншылықтарына орай, сөздер
мен сөз тіркестерінің төтеше нұсқасын берудің мүмкіншілігі
болмады. Тек жекелеген əріптер ғана екі таңбада қатар берілді.
Сондай-ақ, түпнұсқадағы кестелі суреттердің телкөшірмелері,
кітаптың мұқабалары сол қалпында ұсынылды.
4
ҚАЗАҚ ƏЛІПБИІНІҢ АТАСЫ ҺƏМ
КЕМЕҢГЕР КӨСЕМСӨЗШІ
Ахмет Байтұрсынұлы – қазақ балаларының өз ана тілінде
сауат ашуына нақты мүмкіндіктер туғызған бірегей ғалым.
Ағартушының «Əліпбиі» мен «Оқу құралы» тұңғыш əліппеміз
болса, оның бірнеше рет қайта-қайта басылуы сол кезеңдегі
білім беру жүйесі үшін ауадай қажеттілікке айналғанынан.
Теоретик А.Байтұрсынұлының ғылыми зерттеулер ғана емес,
сол кезеңдегі сұранысты өтейтін өміршең оқулықтарының
қалың бұқара игілігіне айналуы – білім беру саласындағы та-
маша іскерліктің үлгісі.
Кезінде ұлт тіліне лайықталып реформаланған араб таңба-
ларын латыншалаудың тиімділігі жоқ деген пікір айтқан
А.Байтұрсынұлы бастаған зиялы топқа «ұлтшыл», «пантюр-
кист», «панисламист», «советке қарсы» деген айыптар тағылды.
Араб жазуы ислам дінімен байланыстырылып, ғалымның сан
жылғы еңбегі жоққа шығарылды. Уақыт көрсеткендей, латын
жазуының да өмірі келте болды.
Ғалымның араб таңбаларын қазақ тілінің жазылуына,
оқылуына, баспа ісіне толық бейімдеуі – осы жүйенің өмір-
шеңдігін дəлелдеді. Төте жазуды шет елдерге қоныс аударуға
мəжбүр болған (Қытай, Ауған, Иран, т.с.с.) қандас бауырла-
рымыз бүгінге дейін қолданып келеді. Олар осы төте жазумен
тек сауатын ғана ашып қойған жоқ, кітаптарын да шығарып ке-
леді. Ағартушы ғалымның қазақша əліппе жасауы, яғни араб
алфавитінің негізінде ұлттық əліпбиге реформа жасап, өзгеріс
енгізуі, қазақ тіл білімінің пəн сөздерін (терминдер) алғашқы
болып қалыптастыруы жəне оның негізгі салалары: Дыбыс
жүйесін (фонетика), Сөз жүйесін (морфология), Сөйлем
жүйесін (грамматика) терең зерттеп, бірнеше оқулыққа арқау
еткен еңбектерін өз замандастары лайықты бағалады жəне
қазіргі кезде де маңыздылығын жоғалтқан жоқ.
5
А.Байтұрсынұлының тіл білімі саласында ғылыми еңбек-
тері мыналар:1. Тіл құралы, І-бөлім. Фонетика; 2. Тіл құралы,
ІІ-бөлім. Морфология; 3. Тіл құралы, ІІІ-бөлім. Синтаксис;
4. Баяншы, методикалық жазбалар; 5. Тіл жұмсар, І-бөлім.
Практикалық грамматика;6. Тіл жұмсар, ІІ-бөлім. Практикалық
грамматика; 7. Оқу құралы (балалар əліппесі); 8. Əліппе;
9. Сауат ашқыш (ересектер əліппесі); 10. Əліппе-астар (Əліп-
пеге əдістемелік нұсқау). Енді осы томға еніп отырған
оқулықтардың құрылымына тоқталсақ.
Оқу құралы. Қазақша алифба, 1-нші кітабы насихат
өлеңмен басталады:
«...Балалар, бұл жол басы даналыққа,
Келіңдер, түсіп, байқап қаралық та!
Бұ жолмен бара жатқан өзіңдей көп,
Соларды көре тұра қалалық па?
Даналық – өшпесжарық, кетпесбайлық,
Жүріңдер, іздептауыпалалық та!».
Оқулық «Би исми - иллаһи - рахмани - раһим» деген Құран
сөзімен ашылып, бірден үш хəріп топтаса беріліп, олардың
дыбысталу ерекшелігіне қарай атау сөздер берілген. Сөздер
оңнан солға қарай «ар», «аз», «ара», «аза» болып оқылады.
А.Байтұрсынұлы қазақ тіліндегі дыбыстардың таңбасын, да-
уысты, дауыссыз дыбыстарды анықтап, кестелеп келтірген.
Кітапшаның соңында берілген көркем мəтіндердің танымдық
мəні зор: «Туысқан-туған ілікдес, киімдер, ойын-ойыншықтар,
тамақтар-сусындар, дене мүшелері, үй саймандары (киізүй),
ыдыс-аяқ, малдар аты, малдан басқа төрт аяқтылар, құстар,
бақа-шаян, құрт-құмырсқа, жер түгінің аттары, жер жүзінің
атаулары, сан, жаңылтпаш, жұмбақ пен мақалдар» қысқа да
нұсқа қамтылған. Соңында «Біздіңүй», «Мен қалай оқуға бар-
дым» атты əңгімелер мен «Өтірік өлеңдер», «Шын өлеңдер»
топтастырылған. Мəселен, «Малдараты» деген əңгімеде түйе,
жылқы, сиыр, қой, ешкі атаулары беріледі де «Адам сөйлейді»
деп, мал-жануарлардың дыбыстау ерекшелігі келтірілген: «түйе
боздайды, жылқы кісінейді, сиыр мөңірейді, қозы маңырайды,
6
ит үреді, мысық мияулайды». Оқушыларға «Жер түгінің
аттары», «Ағаштармен шөп аттарын» бөліп береді. «Жер
жүзінің атаулары»: тау, адыр, қыр, жон, жота, дөң, дала,
сай, төбе, төмпе, шоқы, қабақ, ой, жазық, дала, сай, шың,
томар, жарық. Теңіз, көл, сор, өзен, өзек, қопа, шұңқыр, қара
су, бұлақ деп қырат пен суат бөле жара қарастырады.
Мақалдар да бала қабылдауына сай қызықты етіп алынған.
Мысалы, «Оқу – білім азығы, білім – ырыс қазығы»; «Ой-
нап сөйлесең де, ойлап сөйле»; «Білім жұғысады; ырыс
ауысады»; «Екпей егін шықпас, үйренбей білім жұқпас»
деген қанатты тіркестер оқушының қабылдауына жеңіл, əрі
тəлімдік мəні зор.
«Əліпби. Жаңа құрал» атты оқулықтың шығарушыдан
берілген алғысөзінде «1925 жылдың қазан айының 21-і
күні» көрсетілген. 1928 жылы кітаптың 3-рет басылғаны ай-
тылады. Қос кітаптың беташары «Балаларға тарту» өлеңімен
ашылады. Шығарушы «төте оқу», яғни, дыбыс негізі əдісі
туралы мағлұмат береді. Сонымен қатар, сөзді «тұтас оқу»
əдісі туралы да айтады. Ғалым осы ретте ұстаздар алды-
на нақты сауал да қояды: бұрынғы «Оқу құралы» мен бұл
«Жаңа құрал» екеуінің қайсысы үйретуге жеңіл? Ғылыми
іс осылай нақты тəжірибе арқылы сыннан өтуін талап ету
бүгінгі оқулықтарға да қажет. Оқулықтағы көркем мəтін де
қысқа, бірақ маңызды: «Атбақыл, Балық аулау, Базар, Атта
да ақыл бар, Аш шал, Тоғайға сайран, Қармақ салу, Қармақ
салуға бардым, Жұмаш, Жарлы-жалаңаш тойы, Ақшақар,
Теке мен серке, Таң ертең, Тігін, Біздікі, Күзет, Жүген
жұмысы, Сонар, Əліп-би, Қат, Мектепке түскен күні,
Біздің тəртіп» т.б. Əр мəтін соңында тапсырмалар беріледі
де, «Сауалдар», «Жұмбақтар, жəне «Ойнаңдар! Ойлаңдар!»
атты арнайы айдармен шағын мəтіндер: «Көмектестік, Жал-
пы жиылыс, Тазалық тəртібі, Салақтықтың кесірі, Дəрігер
бізге не айтты?, Сағат, Мектептегі мереке, Менің мін-
детім» т.б. тікелей ата-баба этикалық тəрбиесіне байланыс-
ты топтастырылған. Бұның тəрбиелік мəні зор. «Менің мінде-
тім» атты шағын мəтін келесі мақалмен түйінделеді:
«Жігіттің ерінгені – көрімнің көрінгені». «Жетім» атты
7
мəтінде Омар деген баланың ата-анасы жоқ екенін білген ба-
лалар онымен кітап, қарындаштарымен ғана бөліспей, «оған
тимейік, болысып жүрейік» деген бала ақылымен бітеді.
«Түс көргенім», «Құлақ қаттар» «Сызық шама», «Ұят-
ай!», «Күн-бақпамыз», «Бұ қай кезде болады» (өлеңдер),
«Қыс қамы», «Үмені көргенім», «Күзем», «Шана істе-
генім» мəтіндерінің де тəрбиелік, танымдық мəні атауларын-
да тұр. Бүгінгі біздің бастауыш мектептерге арналған тым
күрделеніп кеткен оқулықтарымыздан гөрі, осы аз сөзді,
көлемі жұқа болғанымен, мағынасы терең кітаптың біздің
ұрпақ оқытудағы бүгінгі əдістемемізге əлі де жолбасшы бо-
лары хақ.
«Сауат ашқыш» сауатсыз үлкендер үшін, 1-кітабы дыбыс
əдіс жолымен тəртіптелген. Төте жазу ережесінен кейін топ-
тастырылып берілген мəтіндер ересектерге арналғаны бірден
аңғарылады. «Шорман» жинағынан «Торайғыр бидің тақпақ-
тары» атты өлең мен «Алшын Қаражігіт би», «Қулық», «Дау-
кестер сөзі» деген əңгімелер енген. Ыбырай Алтынсарыұлы
кітабынан «Атақозы би», «Алдар көсе», «Қожанасыр»,
«Мүңке би», «Үш мерген», «Жəнібек батыр», «Қыпшақ
Сейітқұл» атты танымдық əңгімелер алынған. Əбубəкір
Диваеевтан «Көсем бала», «Əділ би», Қожанасыр ақылы
(əңгіме), Шайқ Сағдидан («Асау тұлпар»), Бекеттен
«Туған жер» (Жуковский), «Тұтқын зары» (Красовский),
Бұйраұлынан «Өмір», «Жатырсың неге ұйықтап», Абай-
дан «Шырылдауық шегертке» (Крылов), өзінің «Қырық
мысал» жинағынан «Қасқыр мен мысық», «Кісі мен арыс-
тан», «Иттер достығы», Елдес Омаровтан «Қазақ салты»
жəне «Дағдылы жол мен айлалы жол», Агрономнан «Шаруа
жайы», «Қазақ малының тұқымын асылдандыру жайында»
(Бенкеевич), «Сүтті сиырдың белгілері», Ауылдан «Өрбу»,
«Олақтық па, салақтық па?» əңгімелері, Қойайдарұлынан
«Кəператсийе», Мағжан Жұмабаевтан «Түн еді» өлеңі,
Телжан Шонанұлынан «Күн» (Толстой), «Тамшының тари-
хы» атты аудармалары, Қыр баласынан (Əлихан Бөкейхан)
«Дүние қандай?», Сəрсенбіұлынан «Ленин», Жағыпардан
«Ленин жəне ортақшыл партиясы», Ғ.Сұлтанұлынан
8
«Қуанышты күн» атты т.б. түрлі тақырыптағы көлемді
əңгімелер мен алуан өлеңдер топтастырылған.
Қазақ жұртының əлеуметтік дамуы үшін ұлттық баспа-
сөздің атқарар орны ерекше. Ғасыр басында билігі басым
ұлт өкілі аз санды қазақ жұртын бұратана санап, өз атымен
атамай «қырғыз» атағаны, ал қырғыздарды «қара қырғыз»
атандырғаны тарихтан мəлім. Дəл осы тұста бұратана елінің
жоғын жоқтап, сол заманға лайық үн көтерген «Айқап»
(1911-1915 ж.ж.) журналы мен «Қазақ» (1913-1918 ж.ж.) га-
зеті болғандығы белгілі. Міне, осы басылымдарда өз кезеңі
үшін орны зор, мəні үлкен əлеуметтік көкейтесті мəселелерді
сөз етіп, сан алуан өзекті тақырыптарды көтерген ұлт жана-
шыры да А.Байтұрсынұлы болатын.
Қаламгердің «Тағы да народный сот хақында» мақаласы
«Айқап» журналының 1911 жылғы 6-шы нөмірінде жарық
көрген. Мақалада билердің орнына сайлау арқылы енгізіл-
ген «халық соты» деп аталатын лауазымға қатысты пайда
болған жағымсыз құбылыстардың себеп-салдарына тал-
дау жасалған. Судья сайлауын қазақ түсінбей, сөзімен,
шешімімен əділеттіліктің айнасы болған билердің орнына
«өз елінің», «өз руының» шала сауатты адамдарын сайлау-
ды əдетке айналдырғанын сынға алады. Соның салдарынан
бассыздық, заңсыздыққа жол беріліп, адам құқы тапталаты-
нын дəлелдейді. А.Байтұрсынұлы сайлау жəй талас емес, ол
халықтың пайдасы үшін шешілуін талап етеді: «Халал мен
харамды» талғауды еске салады, себебі жаман іс əркімнің
қолынан келеді, жақсы іс қолдан келуі қиын. Мақалада «осы
күнгі билер қағида бойынша істемейді, ойына келгенін іс-
тейді» деп ашына жазады.
«Қазақ жерін алу турасындағы низам» мақаласында
ХХ ғасырдың басындағы жер мəселесінің ушығуын айқын
көрсеткен. А.Байтұрсынұлы жалпы жұртшылықтың заңды
білмегендіктен құқылары аяққа тапталатынын дəлелдеп,
қазақтың жерін алуды мақсат еткен патша өкіметінің
жарлығына нақтылы түсінік береді. Заңды білу арқылы
жеке адам өз құқын қорғайды деген үмітпен халықты оятуға
əрекет жасайды. Қаламгердің осы мақаламен сарындас
9
«Земство», «Жер жалдау жайынан» атты еңбектері ұлттық
мүддеге тікелей қатысты. Сол кезеңде жарияланған низам,
бұйрықтардың (9/06.1909) қазақ халқына берер пайдасы мен
зарарына тоқтала отырып, 22 пунктен тұратын мəлімет бе-
реді. Ол «Қазақ пайдасындағы жердің артықтарын пересе-
лендерге беруде қазақтың ата-бабасынан қалған қыстау мен
жайлауларының орнықты болуын қалай шешу керек» деген-
ге нақты ұсыныстар жасайды. Автор Ресей губернияларында
арнайы енгізілген «Земствоның» құқықтық жағдайлары мен
міндеттеріне кеңінен талдау жасайды. Оны қазақ қоғамына
пайдалану, енгізу өте тиімді екенін мысалдармен, əлеуметтік
практикадан алынған деректермен нақтылы дəлелдейді. Не-
гізінде «Земствоны» жақтай отырып, А.Байтұрсынұлы қазақ
қоғамында жергілікті басқаруды тиімді етудің жолдарын ой-
ластырады.
«Жер жалдау жайынан» мақаласында қазақтардың қоныс
аударған орыстарға жерлерін сатып жатқанын ашына жазады.
«Қазақ һəм 4-ші Дума» мақаласы 1912 жылы «Айқаптың»
бетінде Думаға қазақ депутаттарын сайлау туралы жазылған
мақалаларға қорытынды жасайды. Мемлекеттік Думаға
қайткен күнде де қазақтан депутат сайлаудың ауадай қажет
екенін айтады. Заң шығаратын орында қазақ халқының
мүддесін жақтайтын жəне қорғайтын тек қана қазақ азама-
ты бола алатынын дəлелдеп көрсетеді. Шынында да қазаққа
қатысты заң қабылдана қалған күнде оның кемшіліктерін
айтып, басқа депутаттарға түсіндіре алатын қайраткер тек
қазақтан сайланған болуы керектігі даусыз еді. Мысалы, 2-ші
Мемлекеттік Думаға Орал облысынан сайланған Бақытжан
Қаратаевтың қазақ жерін қызғыштай қорғап сөйлегені
бəрімізге мəлім.
«Көшпелі һəм отырықшы норма» мақаласы «Қазақта»
1913 жылы жарияланған. Мұнда қаламгер ХХ ғасырдың ба-
сында қазақ қоғамында ерекше дау туғызған жер мəселесі
туралы баспасөз бетінде көтерілген пікірталасқа талдау жа-
сайды.
Біз бүгін «шағын несие» алу деп жүрген мəселе туралы
А.Байтұрсынұлы осы жылы «Уақ қарыз» мақаласында ел
10
арасында уақ қарыз беру мен алу ісін қалай ұйымдастыру
қажеттігін талдап, түсіндіріп берген. Уақ қарызды тиімді
ұйымдастырған жағдайда халыққа пайдалы болатыны
дұрыс көрсетілген. Мақалада көтерілген мəселелер қазіргі
нарықтық қатынастар қалыптасып келе жатқан кезеңде өз
мəнін жоймаған.
«Қазақ һəм түрлі мəселелер» атты мақаласы бұратана
халықтар тек орыс тілінде оқытылсын деген империялық
бағдарламаны қатаң сынға алған. Əрі мұны үнсіз қабыл
алған өз жұртына басқа жұрттың «қарсы шығып, келіспей-
тінін білдіргенін» мысал-өнеге етеді. «Қазақтың қарасын
көрмегендер қазақ жайын қайдан білер. Қазақ аң сықылды,
арам мен адалды айырмайтын халық деп біледі» сондықтан
қазаққа орыс ойына келгенін істейді. Бұл жөнінде газет бетін-
де дүркін-дүркін көтерілген даулы пікірге өз жұртының селт-
етпеуін «...үндемей отырғаны естімегеннен емес, керексінбе-
гендіктен емес, жандығының жоқтығынан, үрейсіздігінен»
деп намысын қамшылайды. Сонымен қатар, қазақ арасын-
да дінді дамыту үшін ең алдымен, бағдарлама жасаудың
қажеттігі өзекті мəселе етіп қойған. Мұсылмандықты биік
дəрежеге көтеру үшін алдымен дін қызметкерлерін оқытып,
дайындау қажеттігін айтады.
«Закон жобасының баяндамасы» деп аталатын еңбек
«Қазақ» газетінің 1914 жылғы 80-ші нөмірінен бастап 1915
жылғы 105-ші нөміріне дейінгі аралықта жарық көрген.
Мақалада орыс империясының қазақ жеріне қолын салып,
басқару жүйесін өз мақсаттарына бейімдеуі батыл түрде
ашып көрсетілген. Қазақ халқының болмысына, этнопсихо-
логиясына, ұғымына жат, сырттан телінген заңның қажетсіз
екенін өте жақсы дəлелдеген. Бұл еңбек құқық тарихын зерт-
теп жүрген ғалымдар үшін аса құнды материал.
Мақала ауқымды тақырыптарды қамтиды. Қазақ халқын
билеу туралы уақытша ереже, Сайлау əм партия пəлесі,
Осы күнгі соттың тəртібіндегі кемшіліктер, Билікті
бұзуға іздену, Сот ісіне хəкімдердің қатысы, Билікті ор-
нына келтіру, Көшпелі қазақтардың сотын өзгертудің не-
гізі, Судьялардың еңбекақысы т.б. Осындай мақалаларды
11
ұдайы жариялап отырғаны үшін қай Орынбор губерна-
торы 1500 сом айыппұл төлеуге немесе үш ай түрмеге
жабуға үкім еткені мұрағат деректерінен белгілі. Жал-
пы, ұлт мүддесін өз мүддесінен жоғары қойып, жұртына
еңбегін арнаған қайраткер сырттан төнген қауіпті аса
көрегендікпен сезген жəне оны маңайына түсіндіре біл-
ген. Əрине, бұл саяси көрегендік қана емес, білгірлік пен
біліктіліктің үлгісі.
«Жəрдем комитеті» ақпараттық жазылым, мұнда таби-
ғат апатына ұшыраған мұсылмандарға жəрдем берудің
қажеттігін жазады. Бұл идея қазіргі кезеңде де өзінің мəнін
жойған емес.
«-ов» туралы қазаққа сырттай телінген тəуелді «жұрнақ-
тың» қажетсіз екенін, оның орнына «ұлы», «қызы» деп
жазу керектігін, сол кездің өзінде дəлелдеген. Біз бүгін
үйреніп кеткен «-ов»-тың қазақ баласына «атасы, əкесі, те-
гін» ұмыттыру үшін қасақана жасалған нəубет екенін енді
түсінгендейміз. Десе де əлі күнге қазақтарды «ұлы», «қызы»
деп ресми құжаттандыруды іс жүзіне асыруда қасаңдық та-
нытып келеміз.
«Қазаққа ашық хат» мақаласында автор қазақтың мал
санағаннан қорқып, бағып-өсіріп отырған малының санын
жасыруды əдетке айналдырғанын сынға алады. Əрі кең-
байтақ қазақ жерінде мал көп, сондықтан артық жер жоқ,
яғни отарлауға жол жоқ деген ұғымды орнықтыруға бар
күш-жігерін салады автор.
«Жазу тəртібі» мақаласы оқу-ағарту ісіне арналған,
ғылыми əрі тəжірибелік мəні зор еңбек. Мұнда қазаққа ке-
рек: «бірі – мұсылманша оқу, бірі – русша оқуды» басты
мəселе етіп қояды. Ғалым араб таңбасының қажеттілігін
былай дəлелдейді: «Араб əліппесі қазақ арасына дін-
менен бірге таралған, сіңген, дінменен бірге байласқан
əліппені алып тастап, басқа əліппені алдыру қиын жұ-
мыс. Бұлай болған соң араб харіятерінің қазақ дыбыста-
рына жеткізу амалын табу керек. Мұның амалы менің
ойлауымша мынау» дейді де, өзі түрлеген əліпбидің не-
гізгі мазмұнын түсіндіреді. Араб таңбасы бірден мойын-
далмағанын
12
«Жазу мəселесі» атты мақаласынан аңғарымыз.
Ахмет Байтұрсынұлы қарсыластарын «сабырмен отырып,
ойласып, іс істелікке» шақырады.
«Қазақша сөз жазушыларға» мақаласында əліпбиді қор-
ғап, араб таңбасын латынға ауысуына қарсылығын біл-
діреді. Себебі: «Түрік жұртының 90 пайызы баяғыдан бері
араб əрпін пайдаланып келеді. Сондықтан ғалым араб
пен латын таңбаларының оқу, жазу, баспа ісіне қолайлы,
лайықты жақтарын қарастырады. Жазу, емле, терминология
мəселелері аталған мақалалада жан-жақты баяндалады.
«Оқу жайы» мақаласында ағартушы «хүкімет қазаққа
қазақша мектеп салып бермейді, қазақтың қазақша оқуын
тіпті тілемейді. Сондықтан мектептерімізді тəртіпке
қою, қазақша оқуды халыққа тарату өз міндетіміз» деп
ауыр жүкті көтеруге шақырады.
«Орысша оқушылар» мақаласында қазақ елінде-
гі оқу-ағарту мəселесі туралы пікірін жазған. Тақырып
Орынбордағы Қазақ мұғалімдер мектебі туралы. Мектепті
орысша атауға мəжбүр болған. Мақала мəтіндегі ғибратты
сөздер: «Алты миллион қазаққа алты ат жегіп, тар-
та алмады деп өкпелеу жөн бе?», «Сол қаңғырып, қалып
тұрған балалар ұлттың ұлы емес пе?», «Аталық міндетін
атқарып отырған жұрт жоқ, жұртқа борыштымын деп
жүрген қазақ баласы жоқ», «Балам деген жұрты болмаса,
жұртым дейтін бала қайдан шықсын» т.б. əлі күнге ұрпақ
тəрбиелеудегі маңызын жойған жоқ.
Достарыңызбен бөлісу: |