21. КІСІ МЕН АРЫСТАН
(Крыловтан)
Бір аңшы ұстаушы еді, аңды қырып,
Ішіне қалың ағаш торын құрып.
Бір күні арыстанға кез келіпті,
Сырттан құрған торын бағып тұрып.
Арыстан ақырды оған аузын ашып,
Қанекей, қимылдап көр қарсыласып.
Шекірейіп, жан біткенге патшамын деп,
Мақтанып жүруші едің, судай тасып.
Қайратың мақтанатын қандай екен,
Кел бері байқасалық күш сынасып.
«Адамым, рас бізге патша болсаң,
Жүріп көр айағыңды қадам басып!»
«Арыстан, сенен артық емес күшім,
Сөзімді ілтипатпен тыңдап түсін.
Ететін мені артық қайуаннан,
Күш емес, өнеріммен еткен ісім.
Ол рас сендей онша батыр емен,
Мақтаншақ өтірікке жақын емен.
122
Қаншама күш жетпейтін қиын істі,
Орнына келтіремін ақылыммен.
Бұл саған айтып тұрған нағыз шыным,
Шындығын көрсетейін кəзір мұның.
Егерде сөзім жалған болып шықса,
Жейсің ғой сонан соң да, жарықтығым.
Сен қара, қылдай өрмек анау тұрған,
Мен едім азаптанып соны құрған.
Кішкене желге де өзі селкілдейді,
Көресің темір емес, иə тас қорған,
Жүрсем де қайратыңа сырттан қанып,
Көзіммен көргенім жоқ əлі анық,
Əуелі мен өтейін ар жағына,
Өтерсің мықты болсаң бұзып, жарып».
«Тұрсың ғой күш сынарға қылдай тормен,
Ол түгіл айқасқанмын онан зормен.
Сен барып ар жағында дайар боп тұр,
Жетермін мен де қазір тура жолмен»
Жөнелді көп сөйлемей адам пақыр,
Қуанып жылдам жүріп бара жатыр.
Астынан тор-торлардың өтіп алып,
Жүрді енді келсең кел, деп біздің батыр.
Арыстан шапты торға атқан оқтай,
Қомсынып бейне алдында нəрсе жоқтай.
Өте алмай торды бұзып шырматылып,
Сол жерде қолға түсті ұрмай-соқпай.
Оралып жатты торға арыстаным,
Ақылдан білді күштің қалысқанын.
Терісін арыстанның сойып алып,
Олжалы қайтты аңшы данышпаным.
Бұл жазған бозбалаға бір өсиет,
Өнерсіз қара күште жоқ қасиет.
Ойламай күшке сеніп еткен істің
Залалы əр уақытта басқа, тиед.
Демеймін күш керексіз адамзатқа,
Өнер, ой онан да артық мал мен баққа.
123
Өнердің жоқтығынан азып жүрміз,
Нағыз бұл арыстандай болмасақ та.
Бұл күнде күштен ойды бұрын жұмса,
Қара күш бəйге алмайт осы шақта.
Амал ет, заманыңның ыңғайына.
Бəйгесіз құр ұлағып босқа шаппа.
Ақылдан күшіңді артық көріп жүрсең,
Жадыңа бұл кеңесті оқып сақта!
(«Қырық мысал»)
22. ИТТЕР ДОСТЫҒЫ
(Крыловтан)
Бір байдың Төрткөз, Мойнақ төбеттері,
Өздері ит болса да əдепті еді.
Түнде үріп, күндіз үрмей жай жататын,
Болады əдепті иттің əдеттері.
Түс мезгіл еді төбет тойып жатып,
Кемпір наз өкпелерін қойып жатып.
Ac үйдің алдындағы күн шуақта,
Сөйлесті əр нəрсенің басын шатып.
Сөз қылды жақсылықты, жамандықты,
Жомарттық, мырзалық пен сараңдықты,
Достықтың, дұшпандықтың жайын сөйлеп,
Қолға алды татулық пен араздықты.
Тілмарсып сол уақытта айтты Мойнақ:
«Менсіз-ақ қара, Төрткөз, өзің ойлап,
Дүниеде онан артық не нəрсе бар?
Тұрғаннан татулықпен күліп-ойнап.
Дос болсаң, құшақтасып жанға балап,
Сөз айтсаң бір-біріңе шырақ-қарақ.
Алты күн ашаршылық көрсең дағы,
Жемесең бірің жоқта бірің тамақ.
Достың дос жұлдырмаса жауға түгін,
Еш нəрсе айырмаса, ара жігін.
Бірінің қабағына бірі қарап,
Білмесе күннің қалай өткендігін.
124
Не бар деп дүниеде мұнан артық,
Мен қалып бір қиалға тұрмын бүгін.
Жолдыайақ, ақсақ Құтпан, жаман Сарқұс,
Солар да тап-тату жүр біздер түгіл.
Сөйлейді маңызданып енді Төрткөз:
«Мойнеке, мұның əбден айтарлық сөз.
Тұрмайтын бір күн тату неміз бар деп,
Мен дағы ойлаушы едім осыны əр кез,
Не келіп, тірі жүрсек не кетпейді?
Араз боп екеумізге не жетпейді?
Тамақ тоқ (өркені өссін иеміздің)
Тиіссіз сөгіп соқпай құрметтейді.
Расын рас демей танасыз ба?
Бір сəтке татулық жоқ арамызда.
Тұрмайтын ренішке сəл нəрсеге,
Екеуміз таласамыз барамыз да,
Мұндай іс арасында болған емес,
Көз салсақ бұрынғы өткен бабамызға.
Атаның жолын қумай ұлаққанда,
Тура жол сонан артық табамыз ба?»
Бұл сөзге көңілденіп Мойнақ тасты,
Ол үлкен, онан гөрі Төрткөз жасты.
Төрткөзім, Мойынекем деп бірін-бірі,
Дос болып, серт айтысып, құшақтасты.
Екеуі бірін-бірі сүйді, құшты,
Қызығы басылмаған достық күшті.
Ac үйден лақтырған бір омыртқа
Солардың нақ жанына келіп түсті.
Көрген соң майлы сүйек ит тұрар ма?
Құшағын жазып ала жүгірісті.
Достықты, айтқан сертті былай қойып,
Екеуі бір-біріне салды тісті.
Досты дос мұнан артық қалай сыйлар,
Жүндері бұрқыраған аспанға ұшты.
Су құйып екеуіне жиылған жұрт,
Екеуін зордан ғана айырысты.
125
* * *
Иттерге таласса да жарасады.
Етпесе, ит əдетін адасады,
Дос болған адамдарды қарап тұрсақ,
Биікпен теңдеп болмас аласаны.
Сүйектей арасына нəрсе түссе,
Иттерден олар артық таласады.
(«Қырық мысал»)
23. ШЫРЫЛДАУЫҚ ШЕГІРТКЕ
(Крыловтан)
Шырылдауық шегіртке
Ыршып жүріп əн салған.
Көгалды қуып гөлəйттап,
Қызықпен жүріп жазды алған.
Жазды күні жапырақтың
Бірінде тамақ, бірінде үй,
Жапырақ кетті, жаз кетті
Күз болған соң кетті күй.
Жылы жаз жоқ, тамақ жоқ,
Өкінгеннен не пайда?
Суыққа тоңған, қарны ашқан,
Ойын қайда? Əн қайда?
Оныменен тұрмайды:
Қар көрінді, қыс болды.
Сауықшыл сорлы бүкшиді,
Тым-ақ қиын іс болды.
Секіру қайда сүрініп,
Қабағын қайғы жабады.
Саламда жатып дəн жиған
Құмырсқаны іздеп табады.
126
Селкілдеп келіп жығылды,
Айағына бас ұра.
«Қарағым, жылыт, орын бер,
Жаз шыққанша асыра».
«Оның, жаным, сөз емес,
Жаз өтерін білмеп пе ең?
Жаның үшін еш шаруа,
Ала жаздай қылмап па ең?»
«Мен өзіңдей шаруашыл,
Жұмсақ илеу үйлі ме?
Көгалды қуып əн салып,
Өлеңнен қолың тиді ме?»
«Қайтсін қолы тимепті!
Өлеңші, əнші есіл ер,
Ала жаздай əн салсаң,
Селкілде де билей бер!»
(Абай)
24. ҚЫЗ ƏКЕСІНЕ
Сөзіме, қыз əкесі, кұлағың сал!
Биыл сен іс жасадың бір ақуал.
Қызыңды бір соқырға бердің ұстап,
Қарамай обалына, ақымақ шал.
Гүлайым он төрт жасқа биыл шыққан,
Кеткен жоқ ерніндегі сүті жұққан.
Жыласа, қарт адамға бармаймын деп,
Ұрсасың білмейсің деп балалықтан
Гүлайым білмейді емес, бек біледі,
Əншейін əкем білсін деп жүр еді.
Еншісі қыз баланың алған жары,
Ол сенен онан басқа не тіледі?
127
Ақымақ, төрт есе қарт берген байың,
Ит еді құлқы қатты, білем жайын.
Сыпырып барлық малын өзің алып,
Қалдырдың қалай қиып қотыр тайын
Сабайсың оңашада қызыңды өзің,
Бармаса, ойамын деп екі көзін.
Баланың базынасын көтермесең,
Айтады ол бишара кімге сөзін?
Гүлайым қорқып кеткен сойылыңнан,
Жылы қан ағызасың мойынынан?
Тал түсте қара шашын қанға бойап,
Ойнасын ұстап па едің қойынынан?
Қор қылдың Гүлайымды қыз тəуірі,
Тек жанды, бағын таппай, бақ дəуірі.
Қаның мал, жаның да мал, малдың құлы,
Қадырсыз, мақұлықсың жоқ бауыры.
(Малабай ұлы Рақымжан)
25. ТҮН ЕДІ
Түн еді, көкті қаптап бұлт тұрды,
Жел жылап, долы дауыл ұлып тұрды.
Секіріп сары шашы жындар билеп,
Əлдекім сылқ-сылқ қана күліп тұрды.
Жапан түз, отсыз-сусыз бетпақ шөлде,
Жын шайтан мекен еткен тағы жерде.
Жас бала, жолдасым жоқ жапа-жалғыз,
Мен келе жаттым, баттым қанды терге.
Көзімнен жас ақпады, қандар ақты,
Табанды тілгіледі тастар қатты.
Қарқылдап, қиқу салып қарға-құзғын,
Жалпылдап жүрегімді шоқып жатты.
128
Шашымды жұлды əлдекім талдап-талдап,
Ыстық жас домалады көзден парлап.
Есіркеген жалғыз жан болды ма? – Жоқ!
Жыладым жапан түзде жалғыз зарлап.
Əлдекім: «Тəйт! Шығарма үнің!», – деді.
«Сен бір мал – бір бес байтал құның», – деді.
«Шоқысын қарға-құзғын жүрегіңді,
Тырп етпе, жылама да, күнім», – деді.
«Ойлама, деді күнді, сен мал, күң сен,
Сөксем де, соқсамдағы шыда, көн сен.
Шыдамасаң, қарсы «лəм» деуші болма,
Тұншығып көз жасыңа көміл, өл сен!».
Деді де, сол əлдекім сылқ-сылқ күлді,
Сол күлу жүрегімді жүзге тілді.
Күйік кеулеп, жүрегім от боп жанды,
Жұбатуға сол кезде қайсың келдің?
Ашу кернеп амалсыз жанып іштен,
Жалынған бəріңе де мен емес пе ем?
Сол уақыт: «Бас жақсысы пəлен ат» деп,
Саудаласқан аға екем сен емес пе ең?
Сасық доңыз, жануар, жуан қарын,
Сататын малға тəңірін, иман, арын,
Тастағандай боламын жүз тілгілеп,
Кеткенде қайнап, ойнап, ыстық қаным.
Сүйетін еркелетіп əжем, атам,
Өміріңше жыла! деп бердің батаң...
Құшақтап қысып, күрсініп жылай бердің,
Сарғайған сорлы болып бишара апам...
Қысты күні, боранды ұзын кеште,
Сорлының қасірет зары сыймай ішке,
129
«У-у» дегенде аузынан жалын шығып,
Отырушы ед қолына алып кесте.
Күрсініп, кестені алып тігуші еді
Мөлдіретіп көз жасын тосушы еді.
Нəркес көз жасқа толып, шала шаншып,
Кестесін қайда тағы сөгуші еді...
Үһ, Алла! Жай болды ма бізден мұңдық?
Дариға! Не көрмедік, не көрмедік?
Көргенше сонша қорлық, сонша зорлық,
У ішіп, отқа түсіп неге өлмедік?!
Өлмедік! Зар еңіредік, сабыр еттік:
Шашатын алтын сəуле таңды күттік,
Көп күттік, сөгілдік те, соғылдық та,
Сатылдық та, тілекке ақыр жеттік!
Мынау ту кімнің туы? – əйел туы.
Мынау шу кімнің шуы? – əйел шуы.
Улаған жанымызды сансыз жылдар
Жойылды бүгінгі күн қасірет уы.
Анау таң кімнің таңы? – əйел таңы.
Бүгінгі күн шын азат əйел жаны.
Соқыр құрт, сасық доңыз, кет жолымнан,
Басар сені төгілген əйел қаны!
(Мағжан)
130
26. ӨРБУ
Дүниеде өзгермейтін нəрсе жоқ. Дүниенің табиғи, негіздің
жолы өзгеріс, өзгергенде кер кетіп, кеміп өзгеру емес, ілгері
басып, жеттіге, жетіле, өсіп-өне өзгеру. Мұны ғылым тілінде
«еуолиіутсиа» (табиғат тағдыры) дейді.
Үстіміздегі шегі, шеті жоқ көк күндіз болса дүниені
жарық еткен күн, түн болса аспанда күлімсіреп тұрған ай мен
жұлдыздар, іздесең тіршілігіңе керек нəрсенің бəрі табылып,
анаша асырап отырған мынау жер, ол жердің үстіндегі жан-
ды, жансыз мақұлықтар бəрі осы түрінде, осы күйінде, осы
қалпында болмаған. Мəселен, жер осы тұр, осы күй, осы
қалпына жеткенше, ғалымдар айтуына қарағанда, 5 – 6 мілілійон
жылдар өткен. Жердің тұман сиақты буға ұқсаған заманда-
ры да болған, онан келе-келе қойылып, балқыған қорғасынға
ұсаған замандары да болған. Онан бері келе тас болып қатып
қалған замандары да болған. Сонан соң тас ұсатылып, үгіліп,
топырақ болып жерге айналған. Жерге айналған соң су пайда
болған. Су пайда болған соң өсімдік аталған түрлі жер түктері
ағаш, бұта, шөптер, жануар аталған түрлі жəндіктер пайда бол-
ған. Ол айтылған жердің түктері де, ол айтылған жəндіктер де
осы тұр, осы қалпында болмаған. Өзгеріле-өзгеріле келіп, осы
күй, осы түр осы қалыпқа түскен. Адам да осы түр, осы кескін,
осы қалыпты болмаған. Тұрмысы, істеген кəсібі, ұстаған жолы,
жұмсаған білімі, тұтынған нəрсесі осы күнгідей болмаған.
Адамзат адам болғаннан бері де неше мың жылдар өткен.
Неше мың жылдарды өткізе, неше түрге түсіп, жеттіге, жеті-
ле келіп, осы күнгі тұрмыс түрін тапқан. Бұл тұрмысқа жет-
кенше адамның тұрмысы, қалпы, салты талай өзгерген, талай
құбылған. Өнер білім де талай күйді басынан кешірген, талай
жанып, талай сөніп, тағы көтерілген. Бірақ ілгерінің ақылы,
білімі кейінгіге қалып, кейінгілер оған қосып жамай келіп,
тіршілік əдісі артылып, ақтығында өнер-білім ауданы ұлғайа,
кеңи берген. Күн көріс тəсілі молайа берген. Пайдалы тəсіл
алынып, пайдасыз тəсіл қалынып, тіршілікке керек білімдер
атадан балаға, үлкеннен кішіге, нəсілден нəсілге қалып, білім
сабасына құйылып отырған. Осы күнгі білім-өнер дегеніміз
131
адам болғаннан бергі адам баласының тапқан тіршілікке керек
əдіс-амалы. Өнер-ғылым білген адам тіршіліктің ісіне керек
əдіс, амалды жақсы білген.
Күн көріс ісі оған оңай, барлық қақпасының неше есігі, неше
тесігі оған мəлім. Жылдық жерден көз ашып жұмғанша жыл-
дам қабар алып отырған, атсыз арбамен жүріп, суды балықтай
кезіп, құстай аспанға ұшып отырған жұрттар ғылым мен өнер
арқасында, дүниенің есік-тесігін білгендіктен істеп отыр. Бұл
ғылым-өнер табиғат тағдыры бойынша аса бермек, өсе бермек.
Бірақ адам баласының бəрі қатар жетілу, қатар жетігу жоқ.
Табиғат тағдырының жолы – жарыс, талас, тартыс, күрес.
Бəйге өнерлі жүйріктікі, əдістінікі. Қарасақ қатар жетіліп
отырған жұрт жоқ. Біреу ілгері, біреу кейін, біреу көкке ұшатын,
біреулер терінің де жөндеп илеуін білмей, қаудырлаған тері мен
сірі киіп отыр.
27. ОЛАҚТЫҚ ПА, САЛАҚТЫҚ ПА?
Егін салу жағына көз салсақ, біздің қазақтың егін кəсібі
мүлдем шала. Дұрыстап еңбек сіңіріп айырған жер мен
қазақтың шашқан жерінің арасы жер мен көктей. Дұрыстап
айырған жердің шығыны да таза, дəні де толық. Арам шөп бол-
майды. Мұның себебі мынау: алдымен, қандай жерге қандай
астық шығатынын білу керек. Білу үшін жер мамандарының
айтқанына құлақсалу керек. Екінші, егін шашатын жерге
суды көп ұстайтын амал істеу керек. Бұл амалдың бірі мы-
нау: жазғытұры егін шыққан уақытта жердің үстіне əр жерге
бір-бірден қатарлап айқабағын шашып тастау керек, күздігүні
басындағы айқабағын алып, сабағын тіке қалдырып кетсе, қар
ұстауға себеп болады.
Жана да жерді күзге қарай қарадай айырып тастаса, жұмсақ
жер тақталанып жатқан жерден суды көбірек ұстайды. Тұқым
шашқанда, қолмен тастаған тұқым тегіс түспей, бір жерге бір
көп, бір жерге аз түседі, бұда егіннің шығуына шалығын тигі-
зеді. Əрбір жерге түскен дəнге өзіне тиісті жер керек. Сол се-
бепті бір жерге екі-үш дəн түссе, біразы шыға алмай қалуы,
яки шайланып шығуы мүмкін. Мұның үшін тұқымды маши-
132
намен шашқан дұрыс. Құрғақшылық жылы тұқымның сирек
шашылғаны дұрыс.
Қазақтың жері мол, бозы көп болғандықтан, жер айырып
ескі жерді тыңайтуға тиіс. Ескі жерді де бір жыл болса да, пай-
дасыз жатпас үшін жоңышқа иə болмаса басқа шөптер шашып
жаңартып алуға болады, бір жағынан, жер жаңарады, екінші
жағынан, малға жақсы шөп алады.
Біздің қазақ бақша шашуды əдет қылмаған. Шашса, оның да
пайдасы мол. Мал кесіп, бұрынғыдай етпен күнелтудің заманы
өткен, картоп, асқабақ жана капуста сиақты нəрселерді шашса,
тамақтың түрін кіргізеді, міні осының бəрі де көрмей жүрген іс
емес, бірақ істеуге құнтталмай жүрген. Құнтына алып кіріссе,
қолдан келмейтін де іс емес.
Қазақтың үйіне келсек, жазғы киіз үй мезгілінде жақсы,
бірақ жаңа болса ғана, жыртық болып, төбесінен жұлдыздар
көрініп тұрса, үйге сəндігі жоқ. Қысқы үйін алсақ қандай
дəулетті болса да землеңкесі қора екенін білмейсің, үй екенін
білмейсің, айырарлық емес.
Бұл неліктен?.. Бұл қазақ қалқының салақтығы. Салақтықты
тастап, ерінбегенде ғана үйді таза ұстауға болады.
Қазақ малдың төлін кішкене ғана үй салып, бөлек қамауға
ерініп, өзі отырған үйіне төлін – қотыр өгізше, қашарын бірге
қамап, үйінің жартысын қора қылып, былықтырып жібереді.
Бұл үйде тазалық болады деп айтуға болмайды.
Өте-мөте қыстың күні далаға шығып, таза ауамен дем ала
алмайтын жас балалар ауруға шалдығып өлуіне себебі мол.
Үлгілі елдің, кедейінің үйі де қазақтың байының үйінен
артық. Бұған себеп – жалғыз-ақ жалғыз-ақ қазақтың жалқау-
лығы.
Бұрынғыдай мал айдап жайлауға көшіп шықпайтұғын бол-
ған соң, екі үй ұстап, екі расқот ұстап жүру өте-мөте қазақтың
жарлысына пайдасы жоқ іс.
(«Ауыл»)
133
28. ҚЫПШАҚ СЕЙІТҚҰЛ
Қыпшақ Сейітқұл жанындағы отыз үйлі тобырын қалай ет-
сем жұрт қатарына қосармын деп, ойға қалды. Ол уақыт ат-
таныс, барымта туын тіккен, есалаңдар еңбексіз елдің малы-
мен күн көреміз дейтін заман. Барымта мен мал бағудан басқа
қазақ,та бөтен кəсіп жоқ уақыты. Сейітқүл мен отыз үй тобы-
рында мал жоқ болған. Барымтамен мал табу Сейітқұл сиақты
есті адам істейтін орынды кəсіп емес, «Жортуыл басы жолда
қалар» деп бабаларымыз айтқан екен ғой деп, барымтаға көңілі
шаппай, егін кəсібін істеуге қолайлы жер іздейді. Көп жерлер-
ді аралап кезіп келіп, Торғай жанамасындағы Қабырға деген
судың бойына тоқтайды. Мына жақта Үргеніш, Қоқаннан,
мына жақта естек, қалмақтан шетірек екен жана жаманшылық
болса, қалың ел қыпшақ руына жақын екен дейді.
Түркістанда қалсам, қоқаны қоқаңдап, өзбегі өкіректеп,
тыныштықпен кəсіп істетпес деп, Қабырғаны ұнатып қайтқан
соң, қысты өткізіп, жазына күннің жылы кезінде жалаңаш-
жайдақ кедейлерін көшіріп, Қабырғаға алып келеді. Ұрлық пен
барымта қызығына түскен бір ағасы бар екен. Сейітқұлдың
айтқан ақылын алмай, қасындағы үш-төрт үйімен Түркістанда
қалады.
Қабырғаның бойына келген соң қалай егін егуді, Түркістанда
көргені бар, Сейітқұл кедейлермен бірге кетпенді қолға ала-
ды. Жерді шабады, арық қазады, атыз тұрғызады. Тұқым ша-
шып, су жібереді. Егін піскен соң, орып, өздерінен артылғанын
маңайындағы көшпелі елге сатып, мал қылады. Жаңа мекен
еткен жеріне орныққан сайын, егінді жылдан-жылға күшейтіп,
арық басына шығыр орнатып, егінді шығырмен суаратын
етеді.
Егін күшейген сайын, маңайындағы елдің малына айырбас-
тап қара-құра мал жийыуы да күшейіп, ақырында бəрі ауқат-
танып, байыуға айналды. Мұны көріп көшпелі елдерден де
қызығушылар болып, Сейітқұлға қосылып, бес-алты жылдың
ішінде «Сейітқүл елі» деген төрт жүз шамалы үй болады.
Сейітқұлдың малды табу реті басқалардан өзгеше болғанда,
малды бағу, жаудан қорғау реті де басқалардан өзгеше бола-
134
ды. Елінің адал еңбегі, табан ақы, маңдай тері сіңген дəулетін
андыған жаудан, ұрыдан, бөріден қалай сақтау қамын ой-
лап, шымнан биік етіп қорған салдырады, мал күндіз далада
бағылып, түнге сол қорғанға қамалады. Бақташыларды ірет-
теп, жан-жаққа қарауылшыларды тəртіптеп қойады. Бұлардың
осындай күтініп, бекініп отырғанын көрген-білген ұры-қары-
лар, барымта-сарымташылар оңай жатқан мал деп қызыға ал-
майды.
Бұл жағын бүйтіп жөндегеннен кейін, Сейітқұл Бұқарға,
Қоқанға мал айдатып, ол кенттерден қазақ қолы түрлі тауарлар
алдырып, жылда егін піскен кезде манағы қорғанда жəрмеңке
ашады. Көшпелі қалық белгілі кезде малын, жүн-жабағы, тері-
терсегін əкеліп егіншілерге беріп, астық жана тауар алатын бо-
лады. Сүйтіп, бір жағы сауда, бір жағы егін – екі кəсіпті бірдей
істеп Сейітқұл елі əбден байыған елдің бірі болады.
Манағы жоғарыда айтылған Сейітқұлдың ағасы жұрттың ма-
лын ұрлап, барымтамен алып, байимын деп жүргенде, Қоңырат
жағында қолға түсіп, кім екені де белгісіз, біреу өлтіріп кетіпті.
Қалған мал-мүлкін ұрының малы деп, Түркістан ұлықтары та-
лап алыпты. Ағасының қатын-баласын Сейітқұл неше жылдай
іздетіп, жанына көшіртіп алдырыпты.
Сейітқұл 1830-ыншы жылы дүниеден қайтыпты. Сол даны-
шпан кісінің ақылымен егінді əдет еткен ел қабырға суының
бойында осы күнде де көп. Жарлы болып, басқа кəсібі болмаған
ел Торғай жағында тез егінге айналады. Ерінбей бейнеттенген-
дері біраз жылдың ішінде-ақ егін арқасында жұрт қатарына
қосылады.
(Алтынсары ұлының кітабынан)
135
29. ҚАЗАҚ САЛТЫ
Қазақ – малмен күнелтетін көшпелі ел. Бұрын қазақ түгелімен
көшпелі еді, қазір де шала көшпелі болып қалды. Бұрын қазақ
жаз Арқаны жайлап қысқа қарсы күні жылы Сыр бойына, Жеті-
су жакқа көшіп, баратын еді, қазірде олай қазақ даласының бір
шетінен бір шетіне көшіп жүру сиреді. Қазақтың қысы қатты
Арқада да тұрақты қыстауы болатын болды, қазақ малға пішен
жиатын болды, егінге де айнала бастады.
Бұрын қазақ Сырдан қырға дамылсыз көшіп жүретін за-
манда, қолындағы малының аман болып, өсіп-өнуі үшін, қыс
суықтан қашып жылы жаққа бару, жаз оты-суы жайлы Арқаға
келуден басқа, табиғаттың түрлі құбылысына қарсы ешбір
амал қыла алмайтын еді. Малға түрлі індет келсе, əр түліктің
құдайына өз алдына жалбарынып, жалыну шараларын істей-
тін: жылқы үшін Қамбар бабаға сыйынатын, түйені індеттен
сақтауүшін Ойсылқараға жалбарынатын... Ол күнде қазақ таби-
ғаттың қолайсыз құбылыстарына қарсы ештеңе істей алмай-
тын. Табиғатты өзіне бағындырып, пайдасын шығару қазақтың
түсіне де кірмейтін еді, қазақ табиғаттың сөзсіз құлы еді.
Мал өсіру үшін қолда тұқымдық мал болу керек, онсыз-
еңбекпен мал табу болмайтын еді. Малсыз кедей тамақ асырау
үшін байдың малын бағатын, бірақ онымен кедей байи алмай-
тын, өзі де бай боламын деп ойламайтын; байға жалданған
кедейдің есебі байыу емес, тамақ асырау ғана болатын. Мал-
сыз кедей еңбекпен мал таба алмайтын болған көшпелі елдің
түсінуінше, ұрлық-зорлық – бұзықтық емес, адал кəсіп, кəсіп-
тің ішіндегі ардақтысы болып шыққан; ол кəсіпті жақсы істей
білген кісі елге беделді батыр атанған.
Адам баласының тұрмысы – талас, тартыс. Адам баласы,
бір жағынан, табиғатпен тартысады, екінші жағынан, өзара
бірімен-бірі таласып, тартысады. Көшпелі елде табиғатпен
тартысу жоктың аз-ақ алдында болғанда, өзара талас, тартыс
ашық түрде бола келген. Сонымен кошпелі елдің салтында
өзара талас, тартыстың жалаңаш түрі – ұрлық-зорлыққа табы-
ну болған.
136
Бері келген соң қазақ орысқа бағынды, жерінен айрылды,
қонысы тарылды, жалпы көшу қалды, ептеп отырықшы бола
бастады. Аздап болса да табиғатпен тартысу басталды. Қазақ
қысқа қарсы малына пішен жиатын болды, ептеп егін сала бас-
тады. Сүйтсе де табиғатты өзіне бағындырарлық даражаға жет-
кен жоқ, табиғатқа құл болған күйінде қалды. Егінге белсеніп
кірісе алмады. Темір жол жоқ, базары алыс болғандықтан, егін
көп шыққан жылы арзан болатын болды да, шықпай қалған
жылы сұрапыл қымбат болатын болды. Сүйтіп, бұрыннан миы-
на сіңген еңбектен жирену салты қала қоймады.
(«Елдес»)
Достарыңызбен бөлісу: |