Ббк 83. 3 (5 Қаз) с 26 Қазақстан Республикасы Мəдениет жəне ақпарат министрлігі



Pdf көрінісі
бет18/26
Дата17.01.2017
өлшемі0,95 Mb.
#2079
1   ...   14   15   16   17   18   19   20   21   ...   26

ҰСТАЗ ХАҚЫ
Қазақтың белгілі ақыны, арғы-бергі ұлттық əдебиетіміздің, қала 
берді дүниежүзілік əдебиеттің бесаспап білгірлерінің бірі Қайнекей 
Жармағамбетов 1974 жылы 10 сентябрьде дүние салды. Арамыздан 
аға буынға іні бола білген, кейінгісіне жарқын да жайдары жаны-
мен, қалтқысыз қамқорлық, ақыл-кеңесімен «Қакең» атанған үлкен 
жүректі азамат кетті. Творчестволық қызмет үшін егделік қылмайтын 
жаста ерте кетті.
Қайнекей Жармағамбетов 1918 жылы 25 августа қазіргі Торғай 
облысының Торғай ауданына қарасты «Шилі» деп аталатын 
колхоздың жерінде шаруаның семьясында дүниеге келді. Екі жасын-
да шешесінен айрылған Қайнекей 1934 жылы əкеден қоса айрылды. 
1932–1934 жылдары ол балалар үйінде тəрбиеленді. Ақынның сыры 
да, шыны да əмəнда жырында болады ғой. Қайнекейдің:
«Əлі есімде онда жетім баламын, 
Үйренбеген дəстүріне қаланың. 
Панасыздар мектебіне санқилы, 
Ала кірдім дүлейлігін даланың»,– деген жыр жолдары («Ана 
хаты») оның өмірінің сол бір кезеңінен елес береді. Кешікпей Торғай 
қаласындағы бастауыш һəм жеті жылдық мектепті бітірді. Торғай 
топырағында туып, тақырда асық ойнап, Өлкейек өзеніне шомылып, 
шортан, шорағай аулаған, содан соң мектептің босағасын аттаған 
осы бір балғын шағын ақын кейпін:
«Əлі есімде мектепке алғаш барғаным. 
Сумка асынып, дəптер, қалам алғаным. 
Бір бұрышында сол сумканың жатқаны, 
Кеней, сақа, кендір баулы қармағым», – деп еске алды 
(«Мұғалима»).
1934–1938 жылдары Қазақтың педагогикалық училищесін бітір-
ген Қайнекей Абай атындағы мемлекеттік педагогикалық институтқа 
түсіп, 1941 жылы оның филология факультетін үздік бітіріп шықты.
Институтты бітіргеннен кейін əртүрлі жауапты кызметтерде 
жүріп, ара-тұра өлеңдер мен мақалалар жазған Қайнекей 1949–
1950 жылдардан бастап творчестволық еңбекпен етене жақын 
шұғылданды. Оның «Адам туралы аңыз» (1950), «Заман біздікі» 
(1951) атты өлең жинақтары, «Əнші азамат» повесі (1951) əдебиет 
сүйер қауымның назарын бірден аударды. Содан бері ақынның 
«Бетпақ дала очерктері» (1954), «Мұғалима туралы баллада» (1957), 

276
277
«Балладалар» (1962), «Даурен» (1969), «Сырлы тал» (1971) атты кі-
таптары жарық көрді. Бұл оның республикамыздың партия, комсо-
мол ұйымдарында, Жазушылар одағында, баспасөз орындарында əр 
алуан жауапты қызметтер атқара жүріп қалдырған мұрасы. Қазірде 
қаза болған ақын жайында айтылар əңгіменің ресми жағы осындай.
Қайнекей өз өмірінде «ақын болу шарт емес, ал азамат болу 
борышың» деп ұлы ақын Н.А. Некрасов айтқан қағиданы қазықтай 
берік тұтынған жан еді. Жастайынан партия қатарына еніп, сонда 
тəрбиеленіп, шыңдалған ол жас өрен, жаңа заманды, өмір өзгерістерін 
жыр арқауы етті. Ол ақындығының үстіне шын мəніндегі айтулы 
азамат болды. Əдебиет əлеміне 50-жылдардан кейін келген буын 
өкілдерінің ішінде оның ақыл-кеңесін тыңдап, ағалық көмегін көрген 
ақын, жазушы, сыншыларымыз да жетерлік. Бір ғажабы – ол шыл-
быр тастайтындай жерге жеткен жас əдебиетшінің қайсысына да қол 
ұшын беруден айнымаған қалпымен етті. Тіпті өнер аталатын үлкен 
өмірге ол өзі тікелей қолынан жетелеп əкеліп қосқан адамдар да аз 
емес. Олар əрдəйім Қайнекей есімін ризашылық алғыс көңілмен еске 
алады. Ақынның «Қазақ əдебиеті» газетінің 1969 жылғы 18 октябрь-
дегі санында жарияланған мына өлеңі дəл осындай шəкірттеріне ар-
налыпты:
«Шəкірттер, бірің – ғалым, бірің – ақын, 
Дейсіңдер тілек етсем бəрің мақұл. 
Сөздерің ұстаз деген жан тербейді, 
Айтуды қойған қазір кəріп ақыл.
Сендерге бас иемін білген үшін, 
Төс көрмей көздеріңе ілген үшін.
Мақтанам сырттарыңнан өз құрбыма, 
Əр қайсың зор думанға кірген үшін.
Қашанда мен мақтаудың құлы емеспін, 
Кісімін қарапайым, ұлы емеспін. 
Үйретсем өнер, білім əліппесін. 
Шүкірлік, сендер барда тұл емеспін.
Кешіңдер. кейде орынсыз қуаладым, 
Келмеді алдап-арбап дуалағым. 
Біреуің қарсы келіп көргенің жоқ, 
Бақытты екенмін деп қуанамын.
Ақ кірпік бір кездегі балапандар, 
Талант пен талапты ала туған жандар. 
Заманның мұзбалағы атаныңдар, 
Күтіп тұр алдарыңда асқар заңғар».
Бұл өлеңін ақын маған арнаған деуге хақы бар адамдар əдебиет 
əлемінде де, байтақ республикамыздың барлық жеріндегі мектеп-
терде сабақ беріп жүрген мұғалімдер қауымы арасында да аз емес.
1951–1952 жылдары ол Жазушылар одағында жауапты секретарь 
əрі «Əдебиет жəне искусство» журналының бас редакторы болып 
тұрғанда, журнал бетінде «Біздің жас авторларымыз» деген рубрика-
мен қырық шақты ақын, прозаик, сыншының суреттері мен қысқаша 
өмірбаянын беріп, шығармаларын жариялаған екен. Енді қарасақ, 
оқырман қауымға Қайнекей тікелей өзі жетекші боп таныстырған 
солардың бірде-біреуі əдебиеттен аулақ кетпей, тұрақты кадры бо-
лыпты. Көпшілігі қазір белгілілердің санатында.
Қайнекей қашанда кіріскен ісін жеріне жеткізбей тынбайтын 
отты да алымды, іскер болатын. Достары көзі жоқ жерде сыртынан: 
«Қорғасын құйған сақадай салмақты, түскен жерін ойып түсетін 
отты да шымыр» – десетін. Ол біздің көңіл көзімізде дəл сол бей-
несімен азаматтық қалпында сақталып қалды.
Қайнекейдің ақындық еңбегін ерекше танытқан – оның балла-
далары. Қазақ поэзиясында баллада жанрын бастаушы болмаса да, 
түбегейлі қоныс тептіріп, орнықтырушы Қайнекей болды десек, 
артық айтқандық болмас деп ойлаймыз. Əу баста Европада (Фран-
ция топырағында) туып, міндетті түрде қайырмасы бар, билеп жүріп 
айтуға лайық махаббат, ғашықтық əндерінің тексті ретінде тараған 
бұл жанр езінің сан ғасырлық даму, қалыптасу барысында алуан 
түрлі өзгеріске ұшырап, бүгінгі біз танитын қалпына жеткендігі 
мəлім. Əуелі ол би билеуден ажырап, қайырмасынан айрылды да, 
бірыңғай шұбыртпалы ұйқасқа құрылған жəне сол тəртіпті қатаң 
сақтайтын үш шумақ өлең жолдарына айналды. Өлең техникасының 
қиындығынан балладаның бұл түрі бір дəуірде жоғалып та кетті. 
Ал XVIII ғасырдың басынан бастап қайта жандана бастағанда бал-
лада сюжетке, əсіресе тарихи тақырып пен аңыздарға, драмалық 
оқиғаларға құрылған өлең шумақтары ретінде танылды. Сөйтіп бір 
кездегі таза лирикалық өлең формасына қазір эпостың элементтері 
жай еніп қана қоймай, үлесі (потенциалы) басым жағдайға жетті. 
Жəне көбінесе мысал өлеңдегі тəрізді оқиға шешімінің күтпеген 
сəтте кенет болуы да, баллада үшін маңызды түйіннің біріне ай-

278
279
налды. Міне, сондықтан да Қайнекей Жармағамбетовтың сюжет-
ке, оқиғаға құрылған балладаларының көпшілігі кішігірім поэма 
тəрізді əсер береді. Бұл ретте оның: «Большевик туралы баллада», 
«Мұғалима», «Жидебайдың түндері мен күндсрі», «Галилей туралы 
баллада», «Фирдауси туралы баллада», «Ақын мен ажал», «Бетпақ 
дала аңызы» т. б. шығармаларын атауға болады.
Ақынның «Мұғалима» атты балладасы туралы бір оқиға есім-
де қалыпты. 1960 жылы апрельде В. И. Лениннің туғанына 90 жыл 
толуына байланысты кездесуге шақырылып, Жазушылар одағынан 
төрт адам: Қайнекей Жармағамбетов, Қуандық Шаңғытбаев, Ғафу 
Қайырбеков жəне мен астана іргесіндегі Талғар селосына бардық. 
Кездесу мектеп клубында өтті де, тыңдаушылар сондағы қазақ 
орта мектебі мен бір училищенің оқушылары болды. «Қазақ-совет 
поэзиясындағы В. И. Ленин образы» туралы шағын баяндамадан соң 
ақындар өлеңдерін оқыды. Өлең оқудың соңғы кезегі Қайнекейге 
тиді де, ол «Мұғалима» атты балладасын бастады. Бүкіл өлеңнің өн 
бойында əдетте сыбыр-күбірсіз отыра алмайтын мазасыз аудитория 
қыбыр етіп қозғалмастан, тұнып тыңдады. Балладаның соңында 
балаларға əңгіме оқып берген мұғалима Екатерина Ивановна сонау 
алыс жылдары Сокольникиде, жетім балалар үйінде болған жаңа 
жылдың кешінде Ильичтің қолынан қуыршақ пен пакет алған кіш-
кентай қыз Катя болып шыққанын естігенде, шəкірттер залды дүр 
сілкіндіре ұзақ қол соқты. Біз Алматыға қайтып келе жатып, жол 
бойы: «Əрбір өлеңнің өз оқырманы, өз тыңдаушысы бар-ау, сірə», 
– деп ұзақ əңгіме етіп келдік.
Қайнекей балладаларын да, тіпті жай өлеңдерін де сюжетке құруға 
бейім əрі шебер ақын. Оның тың игеруге арналған «Бидай туралы 
балладасында» Қостанайдың Қарабалық ауданында туған бір сол-
дат майданнан жараланып қайтып келе жатып, Смольныйға соғып, 
ұлы көсеммен шаруашылық жайын, диқан тірлігі жайын сөйлеседі. 
«Майданды қойып, еліңе қайтып, егінші бол», – деп кеңес берген 
Ильич солдатқа көтерінде бір дорба кубанка сортты ақ бидайды 
сыйға тартыпты. Баллада былайша аяқталады:
«Сол солдат туған жері Қарабалық, 
Келіпті көсем сыйын далаға алып. 
Жыл сайын жалғыз дəнін төкпей-шашпай, 
Өсіріп келеді əлі дана халық.
Мақтаныш болатұғын əр елге де, 
Теңі жоқ телегейдей əлемде де, 
Толқыған тың өлкеде байтақ егін, 
Лениннен келген бізге сəлемдеме».
Ақын «Тың жерді игергені үшін» (1956) жəне В. И. Лениннің 
туғанына 100 жыл толуына арналған юбилейлік медальдармен осын-
дай тамаша ақындық еңбектері үшін наградталды.
Оның өлеңдерінің тақырыбы алуан түрлі. Сонау азамат соғысының 
қаһармандары, ауылға азаттық ала келген большевиктер, халық ба-
тыры Аманкелді Иманов, Ұлы Отан соғысы жылдарындағы совет 
партизандарының ерлік істері, тың игерушілер табысы, бүгінгі за-
мандастар бейнесі – бəр-бəрі де Қайнекей жырларынан лайықты 
орын алды.
Ақынның аударма саласына сіңірген еңбегі өз алдына бір төбе. 
Оның Шиллерден, Мицкевичтен, Лермонтовтан т. б. аударған бал-
ладалары мен орыс-совет ақындарынан аударған өлеңдерін былай 
қойғанда, қазақ оқырмандары Б.П. Ершовтың орыс ертегісінің не-
гізінде жазылған «Тұлпартай, сұңқар тай» («Конек горбунок») 
дастанымен, сондай-ақ А. Бартоның балаларға арналған көптеген 
өлеңдерімен Қайнекей Жармағамбетов аудармасы («Жақсы кеш» 
– жинақ, 1955) арқылы танысты. И. С. Тургеневтің «Əкелер мен ба-
лалар» атты романы да қазақ оқырмандарына Қайнекей аудармасы 
арқылы тарады (1953).
Ақынның бұл саладағы еңбегі сөз болғанда, оның өзінің төл 
туындысындай саналып, кеңінен тараған – Чилидің аты əлемге əйгілі 
патриот, коммунист ақыны, Халықаралық Лениндік сыйлықтың 
лауреаты Пабло Неруданың бірнеше поэмасының аудармасы бол-
ды. Аударманың соншалықты ұтымды шығуының себебі қазақ 
ақынының Неруда поэмаларын орысша басылымындағы ақ өлең 
(ұйқассыз) нұсқасынан алып, онбір буынды қара өлең ұйқасымен 
аударуында ғана емес, өмір бойы əділдікті жақтап, бейбітшілік үшін 
күрескен антифашист ақынның жан дүниесін, жүрек тебіренісін 
жақсы түсінгендігінде еді.
«Бір уыс топырағымын туған жердің, 
Бір тамшы көз жасымын азалы елдің, 
Дауылды дауылпаз да емеспін мен, 
Бір шумақ өлеңімін қайғы шердің».–
(«Қашқын» поэмасынан) деп əлемге жар салған дауылпаз ақын Паб-
ло Неруданың:
«Ей, солдат, саған тиген үзім нан да 
Иленген көз жасы мен қызыл қанға; 

280
281
Атылған мың адал жан алдыңда тұр 
Наныңда біздің қаннан бар деп таңба»,–
(«Орманшы да оянар» поэмасынан) деген жолдары Чилидің дəл 
бүгінгісін көзбен көріп, фашистік əскери хунтаның айуандықтарына 
лағнет айтып тұрғандай естіледі.
Қайнекей Жармағамбетов əдебиеттің тарихын, теориясын, əр 
жанрдың сипатын бүге-шігесіне дейін жете білетін жан-жақты, эру-
дит əдебиетші əрі сыншы еді. Ол өмірінің соңғы күндеріне дейін 
əдебиетіміздегі халықтар достығы, бейбітшілік тақырыбы жайын-
да, поэзия мен прозаның əр алуан мəселелері жайында, жеке ақын-
жазушылардың шығармалары жайында үзбей мақалалар жазып 
тұрды. Ол 1947–1954 жылдар арасында орта мектептің X класы-
на арналған «Қазақ-совет əдебиеті» оқулығы авторларының, сон-
дай-ақ 1949 жəне 1968 жылдары жарыққа шыққан «Қазақ-совет 
əдебиеті тарихы очерктері» авторларының бірі болды. Жоғары оқу 
орындарының студенттеріне арнап шығарған М. Горький, Жамбыл 
Жабаев, Б. Майлин, С. Мұқанов туралы жеке-жеке шағын кітапша-
лары да күні бүгінге дейін өз міндетін атқарып келеді.
Əрине, ақынның ақыл-ой, парасатқа, идеялық көркемдік 
қасиеттерге толы салихалы жырлары туралы айтылар сөз де, кейде 
шынашақ айналмай шарт етсе де ашуы шылым шеккендей уақытқа 
жетпей, бəз-баяғы жайсаң да жандары қалпына келетін зілсіз мі-
незі мен барынша қарапайым, бауырмал бейнесі жайында жазылар 
естеліктер де əлі алда.
1976-1978.
АҚЫН ЕСЕП БЕРЕДІ ЖҰРТ АЛДЫНДА
Өткен 1965 жылы «Жазушы» баспасы ақын Өтебай Тұрман-
жановтың 60 жасқа толған мүшелдік мерекесіне арналған таңдамалы 
шығармаларының бір томдығын жарыққа шығарды. Əдебиетімізде 
ұзақ жылдар бойына талмай тынымсыз еңбек етіп келе жатқан 
ақынның «Тандамалылары» белгілі сыншы-ғалым Мұхаметжан 
Қаратаевтың «Таң жыршысы» деп аталатын алғысөзімен ашылып-
ты. Иə, өте əділ айтылған баға. Өтебайды «Таң жыршысы» десе де-
гендей. Шынында да ол қазақ халқына Ұлы Октябрь таңы əперген 
бостандықты бірінші боп жырлау бақыты үлестеріне тиген Сəкен, 
Сəбит, Бейімбет көшіне ілесе шыққан аға буын ақындарымыздың 
өкілі.
Жас мөлшері жасамыс болғанымен, жаны жас, жігері жас ақынға 
торқалы тойы тұсында абзал бағалар, асыл тілектер де көп айтылды. 
Əрине, бұл – əдетте юбилей кезінде болатын қалыптасқан дəстүрді 
сақтағандықтан ғана емес, ақынның өз халқына берген жемісі мен 
еткен адал еңбегінің қайтқан қарымтасы, қалың оқушы қауымның 
риза көңілінен туған жүрек сөздері деп білеміз.
Өтебай əдебиетімізге келгеннен бергі уақыттың ішінде жал-
пы саны қырықтан астам кітап шығарған ақын. Арада оның үзіліс 
жылдарын, зая кеткен уақытты ескерсек, бұл аз дүние емес, қыруар 
мол еңбек. Міне, сол материалдан еркін пішіліп, тігілген тандама-
лы жинақтың мазмұн-мағынасы да, хронологиялық құрамы да ақын 
өткен творчестволық соқпақ, сүрлеуді көз алдыңа жайнатып, жайып 
салады. Басқаша айтқанда, жинақ ақынның творчестволық еңбегі 
жайында халық алдында берген есебі тəрізді танылады. Жинаққа 
ақынның лирикалық геройының көңіл-күйін, оның өмірбаяны 
көрсеткен сыршыл да шыншыл жыр шумақтары мол ұшырасады.
Біз орыстың ұлы ақыны Н. Некрасовтың «Ақын болмасаң да, аза-
мат болу парызың» деген көпке мағлұм сөзін жиі айтамыз. Шынында 
да ақын парызы тек кана ұйқас құрап, жақсылы-жаманды жыр жазу-
мен шектелмейді, соған қоса азаматтық үлкен жүрек, адамгершілік 
асыл касиет қажет. Осы тұрғыдан сөз болып отырған жинақтың авто-
рына Некрасов сөздерін арнайы атап айту артық болмайды. Өтекең 
ақын да, азамат та.
«Жұлдыз» журналының 1964 жылғы 11 номерінде жарияланып, 
сосын осы жинаққа енгізіліп отырған «Жұпарым болса, жұртым, 
ал!» деген бір елеңінде Өтебай:

282
283
«Адал жүріп, аяңдап, 
Тек қана еңбек істедім. 
Сырымды айтсам баяндап, 
Арамнан ас ішпедім.
Қулықпен жүлде алам деп, 
Құлпырып көзге түспедім. 
Өтірік олжа салам деп, 
Бусанып бекер іспедім.
Бірді бірге айдап сап 
Арамнан олжа таппадым. 
Бір көргенде жайнақтап, 
Бұрыла бере қаппадым...
Көзге жақсы көрініп, 
Жамандықты бақпадым. 
Жалтылдақтан жерініп, 
Жұпынылық тапқаным.
Талаптыны қызғанып, 
Етегінен тартпадым. 
Біреуге бекер назданып 
Салмағымды артпадым...», – 
десе, «Ескінің де жақсысы бар алатын» деген тағы бір өлеңінде 
өткеннен үйренбей, жаңаның жасалмайтындығын айта келіп, ақын:
«Сол ескінің көріп қалған жұлығын, 
Ескі шығар, бəлкім, мінез-құлығым. 
Қасақылық қылығым жоқ адамға, 
Үлкенге де, кішіге де жылымын», – 
деп жазды. Бұл айтылғандарда лирикалық геройдың ақындық, 
творчестволық идеалы айқын аңғарылады. Осы шумақтарда бар 
бітім-болмысымен ақынның өзі тұр. Автор мұнда «мен сондай едім» 
деп кеуде қағып мақтанудан, өзін-өзі дəріптеуден аулақ. Ақынның 
ағынан жарылып айтқан адал сыры бұл. Түптеп келгенде, бұл 
сөздердің төркінінде ақынның əлі де ілесіп қалмай келе жатқан 
кейбір кеселдерге, оңайдан олжа іздейтін, бірді-бірге жанитын 
арамзалыққа, күлген боп көлгірситін сұрқиялыққа, əлдекімнің аты 
озғанша, ауылдастың тайы озсын деп, таланттыны тақымнан тарта-
тын жершілдік, іштарлық, мансапқорлық сияқты мінез-құлықтағы 
ескіліктің қалдықтарына деген жеркеніші, айыптауы жатыр. Бұл сөз 
азамат ақынның айтар сөзі болса керек.
Ақынның өмірбаяндық жайларын баяндайтын өлеңдердің 
қатарында: «Бөген, Бөген, Бөгенсің», «Бөген, мен сенің балаңмын», 
«Туған жер», «Балама», «Ауылым осы ақ қала», «Дариға, сол 
жастықты сағынамын», «Ит көйлек», «Бөген», «Арыс туралы 
жыр», «Батырға есік ашалық» т. б. атауға болады. Бұл жыр жолда-
рынан біз ақынның Шымкент облысының Арыс ауданына қарасты 
Жалғызағаш деген жерде Бөген өзенінің бойында туғандығын, 
ата-анасынан жастай айрылып, Ташкент тəрізді таныс емес үлкен 
қаланың көше тіршілігін бастан кешіріп, панасыздық тауқыметін 
тартқандығын, ақырында тек Совет өкіметінің тəрбиесі арқасында 
ғана адам қатарына қосылып, еңбегін ел таныған бүгінгі ақын 
дəрежесіне жеткендігін аңғарамыз. Панасыздықтың бар дəмін татқан 
Өтебайды өзі сияқты сан жетімекпен қоса 1919 жылы Совет өкіметі 
балалар үйіне алып тəрбиелейді. 1922 жылға дейін сонда оқып, сау-
ат ашқан болашақ ақын əдебиетке, ғылым-білімге ұмтылады да, сол 
жылы Москваның күншығыс еңбекшілері университетіне оқуға ке-
теді. Өзінің оқуға аттанған алғашқы сапарын ақын «Бөген» деген бір 
өлеңіндс былайша баяндайды:
«Қайрылмай сол кеткеннен қала бардым, 
Даланың қайғы-зарын ала бардым. 
Қалада қайта туып, қайраттанып, 
Оқыдым, өмір көрдім, шын жаңардым».
Өтебай Тұрманжанов ақын ретінде де, азамат ретінде де Ұлы Ок-
тябрь таңының, Совет өкіметінің, Коммунистік партия тəрбиесінің 
жемісі. Ол Октябрь ұранына, Қазақтың пролетарлық, советтік 
бағыттағы жас əдебиетінің үндеуіне бірден-ақ іркіліссіз, бүкпесіз 
батыл үн қосқан ақындарымыздың бірі. Ақынның творчестволық 
жолы 1925 жылы Москвада «Таң өлеңдері» деген атпен басылып 
шыққан жинаққа енген Ленинге, Октябрьге арналған өлеңдерінен 
басталады. Жалпы Ұлы көсемді жырлау, Отанды, Москваны жыр-
лау, өзгерген ел өмірін жыр шумақтарына өзекті арқау ету – Өтебай 
туындыларының ең бір өзекті саласы десек, артық болмайды. 
Сондықтан да ол бұл тақырыпқа əр кезде айналып соғып отырды. 
Сөз болып отырған жинаққа енген: «Москва – алтын астанам», «Отан 
– ана», «Отанымның алтын көсеу ошағы», «Орыс тілі», «Ленин өзі 
– коммунизм адамы», «Жүрегімде жатыр менің билетім», «Трактор-

284
285
мен жерге жаздық роман», «Нан», «Көктем – мұрап, күз – дихан» 
т. б. өлеңдері осының айқын айғағы.
Өтебайдың 20–30 жылдардағы шығармаларының дені револю-
ция əперген бостандықты, өзгерген ел өмірін, азамат соғысын т. б. 
жырлауға арналады. Олардың ішінде «Таң сыры» (1929), «Тез адым-
мен» (1929), «Құрылыс жыры» (1931) өлеңдер жинақтарын, «Ақ ал-
тын» (1930), «Шыршық сыры» (1930), «Пулемет» (1934) поэмала-
рын айрықша атауға болады.
Бұл тақырыптар сол тұстағы поэзиямызға ортақ тақырып екендігі 
мəлім. Демек, қолына жаңа қалам алған жас ақынның қаз-қаз басқан 
алғашқы қадамын революцияға, азамат соғысы жылдарының ұлы 
дүбіріне үн қосудан бастауы заңды еді. Өйткені Өтебай қазақ кедейі-
не, жарлы-жалшы, жетім-жесірлерге Октябрь əперген таң шуағын 
сырттай сезінбей, өз басынан кешіріп, оның самалын құшақ жая 
қарсы алған, саф алтындай ауасынан тыныстаған ақын. Сондықтан 
да ол «Сол Октябрь күні екен» (1933) деген өлеңінде:
«Келеді екен қызыл тулы көп халық
Бірде жүріп, бірде жайлап тоқталып. 
Сол халыққа мен де кеттім қосылып 
Жүрегімнен жалау етіп отты алып.
Арқа-жарқа жұрттың бəрі көңілді, 
Көңілдендім, қайғы-шерім төгілді. 
Қол ұстасып, ұрандасып көппенен, 
Көзімменен көрдік күлген өмірді», – деп еске алады бұл жайды.
Ақын өз күшін поэма саласында да біраз сынап көрді. Оның 
«Шыршық сыры» атты поэмасында ірі байлардың мал-мүлкін кон-
фискелеу, ауылдағы жер бөліс мəселелері жырланса, «Байғыз» атты 
шағын поэмасында ақын Қазақстан индустрия алыптарының бірі 
– Балқаштың салыну тарихын əсерлі де əсем бейнелейді. Ақын бұл 
поэмасында əсіресе оқиға ұтымдылығын шебер ескерген. Совет-
тік еңбек адамының қолымен Ильич шамы жарқырай, түні күндіз 
болған, табиғат перзенті, түн құсы – байғызды таңдандырады:
«Жарығы электрдің көзін басып, 
Бұл күйге түсіне алмай, қалды сасып. 
Қанатын қайта ұшуға серпе алмады, 
Ой басып, орағытып теңіз басып», – дейді ақын. Ал, «Пулемет» 
поэмасында ол азамат соғысы жылдарында ел үшін қан майданда 
қаза тапқан Назым, Сақым сияқты ер жүрек батырлардың аңызға 
айналған ғажайып ерліктері, ағаларының кегін алу үшін жасақты 
жаумен жағаласып, еліміздің ерлік дəстүрін сақтап қалған жас 
ұрпақтың Отанға деген сүйіспеншілігі мен патриотизмі жау қолынан 
түсіріліп алған пулеметке байланысты көркем де ұтымды жырлана-
ды. Бұл поэма сол жылы жарияланған конкурста жүлде алды.
«Күміс қылыш» атты əңгімеде (1930) азамат соғысының бір 
көрінісі ұтымды суреттеледі. Мұнда жазушы сол атраптағы елді 
үлардай шулатқан басмашылардың бастығы атышулы Кер Шермет-
ті (Соқыр Шермет) қолға түсірген жауынгерге күміс сапты қылыш 
сыйлыққа қалай берілгендігі баяндалады.
Өтебай Тұрманжанов есімі əсіресе балаларға арнап жазған 
шығармаларымен мəшһүр болған жазушы. Оның бөбектерге арнап 
жазған «Қарлығаш» атты алғашқы шығармасы 1931 жылы жарыққа 
шықты. Содан бері ақын өз талантының денін біздің еліміздегі ең 
ерке қауым – балдырған бөбектер жүрегіне жол тапқан жалынды 
жыр шумақтарын тудыруға жұмсап келеді. Оның «Құрыш кұс» 
(1932), «Карл» (1933), «Сексен өтірік» (1935), «Медовый город» 
(орыс тілінде – 1961), «Түлкі мен бөдене» (1961) т. б. кітаптары 
осындай жыр жолдарына толы. Өтебайдың бөбектерге еткен көп 
томдық еңбегінің творчестволық есебі ретінде 1962 жылы «Менің 
кітабым» атты көлемді еңбегі жарық көрді.
Міне, ақынның тіл ұстартуға арналған өлең-тақпақтары, жас 
ұрпақты адамгершілік абзал қасиеттер мен мінез-құлықтарға бау-
литын мысалдары мен ертегі-поэмалары, аңыздары бас қосып 
«Таңдамалылардың» арнаулы бір бөлімін құрапты. Қазақ бала-
лар əдебиетінің қарт өкілдерінің бірі Сапарғали Бегалин жазушы 
творчествосының осы бір саласын: «Өтебайдың қалам ұстап 
əдебиет майданына келгелі жазған еңбегінің басым көпшілігі жас 
бөбектер мен жасөспірімдерге арналған. Ол бұл салада тынбай жа-
зып келе жатқан еңбеккер, оқымысты, педагог-жазушымыз. Оның 
шығармаларының өзегі көбінесе халық əдебиетінен өрбіп халық 
ауыз əдебиетінің мол көлінен сусындай өріс ап, ширалып отырады. 
Жазған өлеңдері де, мысал хикаялары да, ертегі ізімен жазылған 
жаңа ертегі-поэмалары да халық ауыз əдебистінен қордаланып, 
көркем кесте, мəнер алады. Жас оқушыларын жас сұңқардай өрге, 
өнерге, қияға талпынуға, енбекке, еңбек адамын сүюге баулиды. Адал 
болуға, əділ, шыншыл болуға меңзейді», – деп бағалады. Расында 
да. Өтебай – педагог-жазушы. Оның мазмұнды да мəнерлі жыр жол-
дарымен қазақ балаларының бүгінгі буыны ғана емес, сан буыны тіл 
сындырып келгені мəлім. Оның балаларға арналған өлеңдеріне тəн 

286
287
бір ерекшелік – жас ұрпақтың ақыл-ой өрісін кеңейтетін ойлылық 
пен терең мағыналық.
Бұрнағы жылы Өтебайдың балаларға арналған «Алма атасы» атты 
шағын кітапшасы басылып шыққан еді. Мұнда ақын Алматының 
апортын өсірген қарт Бағбан «Алма атасы» жайын балаларға балдай 
тəтті тілмен баяндайды. Карт Бағбан мектептен қайтқан балалардың 
бүгінгі алған бағаларына қарай алма үлестіріп береді. Екілік бағалары 
үшін алманы аз алған балалар бұдан былай жақсы оқуға талпынады. 
Бағбанға риза болған олар алма теруге жəрдемдеседі. Ақын осылай-
ша өз оқушыларын еңбекке баулиды.
«Таңдамалыларға» енген балаларға арналған жыр шумақтарын 
оқып отырғанда, Өтекеңнің осы бір өлеңі еріксіз еске түседі. Алпыс 
жаста да алты жасар бөбекпен тіл тауып сөйлесіп, бойындағы бар 
жігер, бай талант қуатын балдырған буынға аямай үлестіріп беріп 
отырған балажан ақынның өзі де осы өлеңдегі «Алма атасын» көзге 
елестетеді.
Өтебай Тұрманжанов қазақтың ауыз əдебиеті мұраларын, əсіресе 
аңыздар мен ертегілерді, жұмбақтар мен мақал-мəтелдерді көп жи-
нап, əдебиеттану ғылымына да еңбек сіңірген жазушы. Ол жинап 
құрастырған «Мақалдар мен мəтелдер» 1935, 1957, 1959 жылдары 
үш рет жеке кітап боп жарыққа шықты. Отызыншы жылдардың 
орта шенінде ол ҚазПИ-дің əдебиет факультетінде сабақ беріп, 
бірқыдыру ғылыми-педагогикалық жұмыстар да атқарды. Сөз бо-
лып отырған «Таңдамалыларға» енген «Мысалдар», «Ертегі-поэ-
малар» деген бөлімдердегі өлеңдердін мазмұны көбінесе ауыз 
əдебиетіндегі аңыз-əңгімелерге құрылуы да сондықтан болса ке-
рек. Бұл өлеңдердің де, балаларға арналған өлең тақпақтар сияқты, 
оқушыға ой саларлық үлгі-өнеге, ғибрат аларлық жақтары мол. Тек, 
бір ғана өкініштісі – ақынның ауыз əдебиетіндегі жыр, дастан үлгі-
өнегесіне көбірек бара беретіндігі. Жинаққа жазған «Алғысөзінде» 
М. Қаратаев ақынның «Пулемет» поэмасын талдай келіп: «...Кей 
ретте ақын эпос дəстүрлеріне тым иек артып кетіп, шығарманың 
жаңалықты поэзиялық қасиетін жасытып алатыны да бар... Ұйқасы, 
сөз саптасы жөнінен эпоста көп қолданылып мезі қылған сөз тірке-
сін қайталайды... Ұрысты суреттеу, адам образын бейнелеу 
тəсілінде көнерген, үйреншікті жайлар баршылық», – деп жазды. 
Сыншы көзі жіті байқаған осы бір олқылық тек «Пулемет» поэ-
масында ғана емес, ақынның ертегі-поэмаларының бірқатарында 
ұшырасатын, жалпы алғанда оның біршама бой тартатын ортақ 
кемшілігі ме деп ойлаймыз.
Сондай-ақ кейбір өлеңдерде суретті сөздер қайталаушылык, тіпті 
оқиға, сюжет қайталаушылық та аракідік кездесіп қалады. Мəселен, 
«Аю мен аралар» (264-265 беттер) деген өлеңнің оқиғасы «Орман 
ертегі» атты шағын дастанның ішінде тағы да қайталанады. Еке-
уінде де балын тартып жегені үшін аралардан таяқ жеп «мұрнынан 
қаны тамшылап, өкіріп қашып бара жатқан» аюға тап боламыз. Бұл 
да бір ойланатын жəй болса керек еді.
Өтебай Тұрманжанов аударма саласында да бірқыдыру еңбек етті. 
Оның Эзоптан т.б. аударған мысалдары, жер жүзі халықтарының 
қызғылықты ертегілері, Игнатьевтің «Партизан жазбалары» – 
əрқайсысы жеке-жеке кітап болып жарық көрді.
Ұзақ та жемісті өмір кешкен ақын 1978 жылы 73 жасында дүние 
салды. Алайда, «өлеңге жоқ демалыс» деп Сырбай ақын айтқандай, 
Өтебай Тұрманжанов та өмірінің ақтық күндеріне дейін қолдан 
қаламын тастаған жоқ. Алда алынатын əлі де талай биіктер, жүзеге 
асыратын творчестволық ойлар мен жоба-жоспарлар көп еді. Бірақ 
оған қатыгез ажал кедергі жасады.
1966-1978.

288
289

Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   14   15   16   17   18   19   20   21   ...   26




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет