Ббк 83. 3 (5 Қаз) с 26 Қазақстан Республикасы Мəдениет жəне ақпарат министрлігі



Pdf көрінісі
бет1/26
Дата17.01.2017
өлшемі0,95 Mb.
#2079
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   26

3
УДК 821.512.122.0
ББК 83.3 (5 Қаз)
С 26
Қазақстан Республикасы 
Мəдениет жəне ақпарат министрлігі 
Ақпарат жəне мұрағат комитеті
«Əдебиеттің əлеуметтік маңызды түрлерін басып шығару» 
бағдарламасы бойынша шығарылды 
      Сахариев Баламер
С 26 
Шығармалары. Баламер Сахариев/ Құрастырған Д.Əшімханұлы. – Алма-
ты: «Ел-шежіре» ҚҚ, 2013. – 400 бет.
 
ISBN 978-601-7317-36-2
ХХ ғасырдағы қазақ əдебиеті сынының дамуы мен өркендеуіне өлшеусіз үлес 
қосқан, оны шын мəнінде əдеби, ғылыми жəне кəсіби деңгейге көтере білген са-
наулы санаткердің бірі – Баламер Сахариев. Бұл салада отыз жылға жуық қалам 
қарымын танытқан ғалым сыншының сын таразысына салмаған тақырыбы, ой 
шолмаған жанры, көз қырына ілінбеген талант иесі жоқтың қасы. Соның ішінде, 
əсіресе М.О. Əуезов музей-үйінде ұзақ жыл ғылыми қызметкер болып істеген ол 
ұлы жазушының бай архивтік мұрасын зерделеп, зерттеудегі еңбегі ерекше. Бұл 
қызметте М.Əуезовтың «Абай жолы» эпопеясына қатысты өмірлік, деректік мате-
риалдардан бастап, эпистолярлық шығармаларына дейін ғылыми сараптамалар жа-
сай білген Б. Сахариевті алғашқы əуезовтанушылардың бірі десек те болады.
Сондай-ақ, қолыңыздағы жинаққа ғалым, сыншының С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов, 
Ғ.Мұстафин сынды қазақ əдебиеті классиктерінің шығармашылығы, өмірден ерте 
озған А.Нұрқатов, Қ.Нұрмаханов, Қ.Мүсірепов т.б. өмірі мен қызметі туралы та-
нымды, тағылымды еңбектері мен аудармалары топтастырылған. 
Осы жинаққа кірген ғалым шығармаларының қай-қайсысы да уақытпен бірге 
ескірмейтініне, бүгінгі жəне ертеңгі ұрпақтың кəдесіне жарай беретіне сеніміміз 
мол.
УДК 821.512.122.0
ББК 83.3 (5 Қаз)
ISBN 978-601-7317-36-2 
 
 
 
 © Сахариев Б., 2012
       
© 
«Ел-шежіре» 
ҚҚ, 
2012
«ӨНЕРІМЕН» СҮЙІКТІ, ӨРЕСІМЕН БИІК-ТІ
(Алғысөз орнына)
Өткен ғасырдың алпысыншы жылдарының екінші жартысын-
да қазіргі М.О.Əуезов атындағы Əдебиет жəне өнер институ-
тына жұмысқа орналастым. Директоры Мүсілім Базарбаев осы 
институттың бір бөлімі болып саналатын Мұхтар Əуезов мұражайы-
на баратынымды айтты: «Əуезовтің шығармаларын шығарып жа-
тыр, соған көмектесесің» деді. 
Мұражай ашылмай тұрып жұмысқа тұрғандар Андабек пен Ба-
ламер екен. Екі-үш жыл əзірліктен кейін ашылған мұражайдың ең 
алғаш экскурсиясын жүргізушісі де – Баламер. Сонда ол қауіпсіздік 
комитетінің отыз шақты қызметкерлеріне түсінік береді. Олардың 
арасында төменгі шенділерінен бастап, генерал адамдары да бар. 
Алғашқы экскурсия болғандықтан ба, олардың көңілінен шығам ба, 
жоқ па деген ой Бəкеңді қатты мазалапты. Оны үнемі еске алып, кейін 
де айтып жүрді. Негізінде Бəкең орысша-қазақшаға бірдей жүйрік, 
шешен жігіт болатын, сондықтан ол үлкен деңгейдегі адамдарға 
ғана экскурсия жүргізетін. Ондайда кейбір экспонаттардың та-
рихын, басқа да сыр-себептері мен ерекшеліктерінен əңгіме 
айтқанда тыңдаушылары ұйып тыңдап, ара-арасында күліп, беріліп, 
көңілденіп, желпініп қалатын.
Осы жылдары мұражайдың акт-залында Алматы қалалық қазақ 
əдебиеті мен өнерінің халық университеті өзінің сабақтарын өткізіп 
тұрды. Оның ректоры белгілі əдебиеттанушы, профессор Рахманқұл 
Бердібаев та, проректоры Баламер Сахариев, ғалым хатшысы алғаш 
ашылғанда Лəйла Мұхтарқызы Əуезова болды. Лəйла ол міндет-
ті институттың басшылығымен келісіп алып, маған тапсырды. 
Сол кезде Академияның академиктігіне, мүше-корреспонденттігі-
не сайлаудың дайындығы жүріп жатқан. Осындай кездерде акаде-
миктіктен, членкорлықтан үміткер кісілер Лəйла Мұхтаровнамен 
жолығуға келгіш болып кетеді. Бəкең солардың келген-кеткеніне 
қарап отырып: «Мынау академик, мынау түк те емес, мынау член-
кор болатын болды» дейді. Құданың құдіреті, ауызына періште 

4
5
түкіре ме, əлде сезгіштік қабілеті дөп түсе ме, ақырында қортынды 
нəтижелері Бəкеңнің айтқанындай болып шығады. Негізінен уни-
верситет сабақтарын басқарып отыратын Рахаң да, кейде ол болмай 
қалған күндер болса, оны жүргізуді Бəкең қолға алады. Ондайда 
ол тыңдаушыларды күлдіріп, көңілді отыруына тырысады, қандай 
жағдайда да солай болуының орайын келтіреді. Ал Р. Бердібаевтың 
сабақты қорытындылауларының өзі білім кеңістігіне еніп, тереңіне 
батып кеткендей бір халдерге ұштасып жататын: білімнің, 
ғылымның, мəдениеттің, тарихтың, əдебиеттің, өнердің тұңғиығынан 
суарылғандай ойлары қарапайым жандар мен оқығандарға бір-
дей түсінікті көрінетін. Аяқталғанға дейін тыңдаушылар беріліп 
тыңдайды, таусылмас азық алғандай болып тарқайды, сондайда əлі 
де созыла түсуін, жалғаса беруін қалайтындай болады. Жұрттың 
қанаттанғандай болған көңіл-күйлерін көрудің, сезінудің өзі 
əлденендей серпіліс əкеледі, осыны сезінудің өзі бір ғанибет. Кейде 
мен Рахаңның тапсырған тапсырмаларын созыңқырап алатын бо-
луым керек, соны байқаған Бəкең: «Ойбай-ау, əлі жүрсің бе? Бəрі де 
миллəттің қамы үшін емес пе деп ренжиді ғой ағаң» дейді. Рахаңның 
жүріс-тұрысындағы ерекшеліктерді ғажап түрде қайталап.
Бұл көп белгілі жандардың сөйлеген сөздері мен қимыл-
қозғалысын, ерекшеліктерін өз қалпында қайталайтын құдайдың 
берген қасиеттерінің бірі. Оның ондай назарына іліккендердің саны 
аз емес, үлкен, белгілі қайраткерлерден бастап, айналасында жүрген 
жай қарапайым жандарға дейін жалғасып кете береді. Əркімнің 
өзгеден бөлектендіріп тұратын өзгешеліктерін қағып ала қояды да, 
сол қалпын айнытпай көрсетеді.
Жаңбырлы күндердің бірі, қолымда имек сабы бар қолшатыр, 
жұмысқа келсем, қызметкерлердің бəрі кіре берісте отыр екен. Бəкең 
менің қолшатырымды алды да, басын бір иығына қарап қисайта 
сілкіп тастап, аяғын сүйрете басып əрлі-берлі жүріп берсін, бұл – 
Əбділдə Тəжібаевтың жүрісі. Ара-арасында тілін шығарып, ол бо-
лып сөйлеп қояды. Қыран-топан күлкі. Бөжеев: «Əй, тентек, əй, тен-
тек, қай-қайдағыны көрсетіп» деп күледі. Не деген дəлдік, не деген 
шеберлік, бірде-бір артық қимыл, артық қозғалыс, жасандылықтың 
белгісі жоқтығы қайран қалдырады. Есіме түсіп кетсе болды күлкім 
келе береді.
Ол Əуезов болып сөйлеп, Əуезов болып лекция оқитын. Онысын 
Лəйла Мұхтарқызына сездірмеуге, ол бар жерде өнерін көрсетпеуге 
тырысатын. Өйткені Валентина Николаевна мен екеуі отырған бір 
жиында көрсеткен жаңағыдай өнерінен кейін олардың салқын қабақ 
танытқанын байқайды, содан кейін сақтанып жүретін болған. Ондай 
мінезді Əлкей Қаханұлынан да көреді.
Мұражайдан шығып Төлебаев көшесімен төмен түсіп бара жат-
са Əлекең кездесе кетеді. Сəлемдессе сəлемін алмайды, қабағы 
қатыңқы, қырын қарай береді. Бір кілтипанның барын сезе қояды, 
соны ойлап болғанша Əлекең: «Немене, сені сайқымазақ артист 
болып кеткелі жүр дей ме, бұл қалай?!» – дейді қырылдаңқырай 
шығатын үнмен. Салқындықтың түбі қайда жатқанын түсіне қояды 
да: «Əлеке, өзіңізді қатты кəдірлейтін, құрметтейтін інілеріңіздің 
бірімін. Сонау 1925 жылы шыққан алғашқы мақалаңыз «Найма-
ны»-дан бастап күні бүгінгі дейін жарық көрген дүниелеріңізден 
бірде-бірін бос жібермей үзбей оқып келе жатқан ініңізбін» дегенде 
ғана оның беті бері қарап, жіби бастағандығы байқалады. Бəрібір 
айрылысарда: «Байқа, бала, əйтпесе артыңнан ит қабады» дегенді 
айтып кетеді. Аңғал ғалым осымен бəрі бітеді деп ойласа керек, 
қайта сондағы сөз-қимылдарымен Бəкеңнің репертуарын  байы-
тып кеткенін білсе ғой. Бəкең солардың бəрін бастан-аяқ қайталап 
шықты жаңа бір қырларын тапқандай болып. Жалпы Бəкеңнің кім-
мен болсын əңгімесі де, сөзі де, əзілі де жарасатын бір ерекшелігі 
– ретін, қыбын таба білетіндігі. Евгения Васильевна Лизунова, тағы 
біраз əйелдер мұражайдың ауласында əңгімелесіп тұрғанда Əлкей 
Марғұлан туралы, оның атқарған істері мен кейбір мінездері жөнінде 
сөз болып қалды. Сонда тұрғандар күлісіп, өздері білетін жайлар-
ды айтысып жатқан. Бəкең сонда Евгения Васильевнаға: «Қалай, 
ол өзіңізге былай қырындаған шығар?» – деп, əзілдегенде ол тіпті 
көңілденіп кетті. «О!.. он из того жука» деп қойды. Мұны естігендер 
бəрі күлісіп қалды. Оларды Бəкеңнің сұрағы да, оған қайтарған Ев-
гения Васильевнаның жауабы да сондағыларға айрықша əсер етті. 
Ондай сұрақты көрінген адам қоя алмайды, қоя қалғандай болса 
сөгіс естиді немесе ашуланғанына кез болады. 
Тіл мəселесіне байланысты мұражайда бір жиын болды. Осы 
саланың ірі өкілдері жиынға қатысты, жиынды басқарып отырған 
академик Ісмет Кеңесбаев: «Осында Баламер бар ма?» деді. «Бар» 
деген дауыстар шықты. «Сені көп адамдарды коопировать» етеді 
дейді. Кəне, соны көрсетші, өз көзіммен көргім келеді» деді. «Ойбай 
Секе-ау, қосақ арасында босқа шəйіт болып кетемін ғой, Секе, бекер 
қинамаңыз!»... Оған өзі жауап беретінін айтып, өтініп болмады. Сон-
да Бəкең Кеңесбаевтың өзі болып сөйлей жөнелді. Оған ішек-сілесі 

6
7
қата күліп, мəз болып қалды. Осынысымен де қызықшыл, көпшіл 
екендігін, дұрыс қабылдағанын көрсетті, өзі сұранып, басқа да екі-
үш нөмірлерді көрді. 
М.Əуезовтің «Қаракөзі» қойылымынан кейін театрдың артистері 
мұражайды келіп көреді, акт-залында пікір алмасады. Сахариевтің өзі 
болып сөйлейтінін, ролін қайталайтынын білетін Серке Қожамқұлов 
Бəкеңнің есімі аталып қалғанда: «Е, Баламер сен екенсің ғой, енді 
өзім көрейін, білейін сырттан естігеннен гөрі» дейді. Бəкең сөзге 
келмей бірден рольге кірісіп кетті, артистердің басқа саланың адам-
дарындай емес екенін біледі, сондықтан Қоңқай болып өнерін бас-
тап жібереді. Өзінің қимылдарын көріп, сөзін есту Қожамқұловқа 
қатты ұнады. Ризалығын қолынан ұстап, арқасынан қайта-қайта 
қағып, білдіріп жатты. «Сен бар кезде мен өлмейді екем. Рахмет, 
Баламер, мыналардан қайыр жоқ» деп, айнала тұрған артистерді 
нұсқап қояды. Қанша дегенмен артист дегендер ерекше халық қой, 
дуылдатып күлкі-думанға айналдырып, көңілдендіріп, шаттыққа 
бөлеп жібереді.
Егер əдебиеттің өзің көрмеген, білмеген бір өкілі туралы 
өзіңнің сөз қозғауыңа тура келсе, онда ойыңды оның өзінен гөрі 
шығармашылығына, жалпы мұраларының орын-салмағына, сондағы 
танымдық ерекшелігі мен қарымдылығының, шеберлігінің қандай-
лық деңгей-дəрежеде орындалып, орындалмағанына қарай аударар 
едің. Ал Бəкең ұзақ, көп жылдар бірге істеп, қылық-мінез, көңіл 
ауанына қанығып, күнде көріп, күнде біліп, сөйлесіп, əңгімелесіп 
жүрген адамың болса, керісінше, оның еңбегі де, өмірдегі бітім-бол-
мысы да, жаратылысы да қоса-қабат көлбеңдеп көз алдыңа тұрып 
алады.
Қарымдылығы, алғырлығы, білім-біліктілігі жағынан алғанда 
Бəкең есімі көпшілік назарын бірден өзіне аударды. Келе-келе 
сол қарымдылығын, білімі мен біліктілігін Мұхтар Əуезов, 
Ғабиден Мұстафиндердің шығармашылығына арнаған моногра-
фияларында көрсетті. С.Көбеев, С.Мұқанов, О.Тұрманжанов, 
Қ.Бекхожин, Ж.Молдағалиев, Қ.Жармағамбетов, Ө.Қанахин секіл-
ді ақын-жазушылардың, əдебиет сыншылары мен зерттеушілерінің 
жазғандарын талдаған, сөз еткен еңбектері шын əдебиеттанушы 
екендігін жайып салды. Онысын ол одан да əрі дамытып, тереңдете 
түсті. Мектептің оныншы сыныбына арналған оқулығымен сол кез-
дегі көптеген жас ұрпақтарды тəрбиеледі, солардың қатарында өзім 
де бармын.
Шығармашылық жолын баспасөзде қызмет етуден бастаған 
ол соңғы жиырма жылға жуық уақытын Əдебиет жəне өнер 
институтының бір бөлімі саналатын М.Əуезов музей-үйінде 
өткізді. Осы уақыт ішінде Сахариев жазушы мұражайын реттесу-
ге, шығармаларының жариялануына көп-көп күш-жігерін жұмсады 
жəне негізін қаласқандардың бірі болды. М.Əуезовтің орыс тілін-
де жазылған еңбектерін Тəкен Əлімқұлов, Айқын Нұрқатов, Зей-
нолла Қабдолов тəрізді қазақ тіліне стильдік дəлдігін, басқа да 
ерекшеліктерін сақтай отырып, өз қалпында жеткізе аударған 
тəржімалаушылардың бірі болды. Өзіне ұстаз санайтын осы бір 
қаламгерге деген ниет-ықыласы, ойы, пікірі ауызекі сөздерінде де, 
жазғандарында да ала бөтен еді. Өзі Əуезовтей ұстазының плюс бес 
деген бағасына ие болған санаулы шəкірттерінің бірі болды. Сынақ 
біткен кезде жазушы одан ақырын қайда оқығанын сұрапты, сон-
да ол оқыған мектебін айтқанда, жазушы оны біледі екен. Бұндай 
мінез таныта бермейтін кемеңгер ұстаз киіктің лағындай болған 
шəкіртінің қайтарған жауаптарының орнықтылығына, ар жағында 
сезіліп тұрған білімділігіне көңілі толса керек, жаңағыдай баға қоюы 
ең жоғары бағалағандағы белгісі.
Ол оқуға түскен алғашқы жылдарында қыздар институтын-
да оқитын жақын апаларының бірімен қыздар жатақханасында 
тұрыпты. Естіген, көрген-білгендерін сыртқа шаша бермей момақан 
пішіндегі ойын баласы сияқты бір сыңай танытады екен. Сонда кей-
бірі сыртқа шаша бермейтін құпия сырларына дейін айтысып қоятын 
көрінеді.
Сахариев өзінің бүкіл ой-толғанысын негізінен проза, поэзия, 
əдебиеттану мен сынын сөз ету арқылы жеткізіп отырды. Өзіндік 
көзқарас ұстанымын «Əлемге мəшһүр əдебиет», «Принципшіл сын 
үшін» деп аталатын көлемді шолу мақалаларында айқын танытты.
Бұрынды-соңғы жазғандарын кейінгі жаңа таным, жаңа көз-
қарастармен толықтыруды, жетілдіруді, шыңдап шымырлауды 
қолға ала бастады. Осы тұрғыдан келгенде М.Əуезов пен Ғ.Мұста-
финге арналған еңбектерін əлдеқайда жаңартып-жаңғыртып, 
толықтыра түсуді ойлап жүрді. Ондайда өзге авторлар да қалам тарт-
ты ғой, ой қаужады ғой деп, қалам тартпай тұра алмады, қайта солар-
мен жарысқа түскендей басқа бір қыр-сырларын ашып ақтармалауға, 
өзіндік тұжырым-қорытындыларын жасауға тырысқандығы, бекін-
гендігі аңғарылады.
Алғашқы кітабы «Уақыт тынысы» негізінде ғылыми диссерта-
ция қорғады. Бұлай етуге ол М.О.Əуезов атындағы Əдебиет жəне 

8
9
өнер институтының ғылыми кеңесінің шешімінен кейін барды. 
Мұнымен ол өз бетін, əдебиеттану ғылымындағы өз орнын, өзіндік 
қосар үлесінің деңгей-дəрежесі қандай боларлығын көрсетті; үлкен 
əдебиетке үлкен ауқымдағы таным қажеттігін жəне байсалды, байып-
ты, ойлы пайымдарынсыз сынға араласудың қажетсіздігін де санаға 
сіңіргендей болды. Осындай жауапкершілікті сезіну, оны шын мұрат-
мақсаты ете білудің қандайлық жүк жүктейтінін соңғы жинағы «Су-
реткер парызында» тереңдете ұқтырды. Бұдан əдеби процестердің 
сан қырлығы, оның даму, өсу, өрлеу жолдары, онымен бірге өзінің де 
өсіп-өрлеуі тығыз байланысты екендігі айқын аңғарылады.
Барлық кез, барлық уақыттарда да ол əдебиет ағымына араласу-
дан бейтарап қала алмады, үнемі оның қайнаған қалың шоғыры ара-
сында жүрді, сондай-ақ оның жетістік табысы болса, ол бір кісідей 
марқайған көңілде қуана да, қабылдай да білді. Егер өзінің айтары 
болса күлбілтемей ашық, айқын айтты. Өз қамы, өз игілігі үшін ол 
ешқашан бірдеме істей қояйын, тындыра салайын демегені қайран 
қалдырады. Өзгенің кітабының шығуына, мақалаларының жария-
лануына көмектесуге келгенде жан ұшырып барын салды, ал өз 
жазғандарына келгенде өңмендемеді де, өкіректемеді, алды-арты-
на қарамай байыпсыз сұғына жалақтауды намыс, ар көрді. Ондайда 
«Бас білетін өгізге өк деген өлім» деп, өзі жақсы көретін, жиі-жиі 
ауызға алып жүретін мақалы төңірегінен табылды. Өз күйін қалай 
күйттегені «Уақыт тынысы» кітабынан кейін он бес жылдай уақыт 
өткенде ғана барып, оның адамгершілігін, азаматтығын, кісілігін 
бағалайтын замандас жолдастарының араласуымен шыққан «Сурет-
кер парызынан» да көрінеді.
Жүре келе, тани келе оның болмысына өзінің туып-өскен орта-
сы, өзі қайта-қайта айта беретін Өр Алтайдың табиғатынан ауысқан 
ерлерге ғана тəн сырлы жайсаңдықтың тереңдей сіңіп енгенін, 
тереңдеп ұялағанын аңдар едің. Содан жұққан қасиеті ме, ол əйтеуір 
жарқылсыз өмір, қылдай қылауы жоқ адал еңбекпен момын ғана 
тіршілік кешті. Айтары болса дабырайтпай, қарапайым ғана адам 
болып айтты, жазары болса шектен шыға аспандамай, асқақтамай 
кішік қана пенде болып жазды. Өмір қызығын, өмір сыбағасын 
өзгеден артпай, өзгеден оза шаппай қатардағы жай ғана көптің бірі 
болып бұйырғанын татты. Жаны төзбейтіні жалған кісімсу, көсемсу, 
ғайбат сөз, пасық құлық, арам есебі жоқ, қашан да кеңқолтық, алқып-
шалқыған кең пейілі кенересінен асып-төгіліп жүретін.
Бəкең осы мұражайдың ең алғашқы қызметкерлердің бірі болды, 
əрі мұражай ашылардың алдында көруге келген қауіпсіздік меке-
месінің алғашқы қызметкерлеріне алғашқы экскурсияны жүргізген 
де осы Бəкең болды. Осыдан бастап жазушының мол қолжазба 
мұраларын ретке келтірісті. Осылардың негізінде кейін он екі томдық 
шығармалар жинағы шыққанда оның ауыр жүгін көтергендердің бірі 
Бəкең болды, осында жарық көрген шығармалардың көпшілігінің 
түсініктерін жазды. М.Əуезовтің сексен жылдық юбилейі қарсаңында 
«М.О. Əуезовтің қолжазба мұрасы» деген атпен 50 баспа табақтан 
тұратын кітап жарыққа шықты. Осы еңбектің негізгі жобасын 
жасаған да Сахариев болды. Жиырма томдықтың алғашқы томдарын 
дайындауға атсалысқанымен жарыққа шығуын көре алмай кетті. 
Өзгеде жоқ бір мінезі – сол біреу-міреудің сөзі мен қозғалысын 
алдыңғы бөліктерде айтылғандай айнытпай қайталауы. Оның 
сөздері мен қимыл-қозғалыстарынан бір тосындық байқаса бол-
ды – сол болып сөйлеп, сол болып жүріп тұратындығы. Бұл – кісі 
көңіліне қылаудай қаяу түсірер мақсаттан аулақ өнері. Бұл реттегі 
бөтен ойды, бөтен мақсатты ең ауыр қылмыс, қиянаттай көреді. Бұл 
Сахариевтен басталған əдет, не өнер, машық емес. Бұл өнер бізде 
болмаса өзге жұрттарда ертеден болғанын Бəкең біледі. Мысалға 
орыстарда ХІХ ғасырдың өзінде үлкен өнерге айналған. Менің 
қолыма Міржақып Дулатов кітапханасының екі кітабы түсті, бірі 
– өткен ғасырдың басында Орта Азия генерал-губернаторының 
бұйрығымен шыққан «История Туркестана» деген атпен Ташкентте, 
екіншісі – ХІХ ғасырдың аяғына таман «Царей Русии после Петра 
первого» деп аталатын Сант-Петербургте шыққан кітаптар. Осының 
соңғысында Пушкиннің замандасы, атақты актер Мартыновты 
өзінің сөйлеу мəнері мен қимыл-қозғалысын айнытпай қайталап 
көпшілікке көрсетіп жүр дегенді естіген 1-Николай оны шақыртып 
алып: «Сені көрінген адамның сөзі мен қимылын дəл өзіндей етіп 
қайталайды дейді. Олай болса мені де көрсетші, мен болып сөйлеші» 
депті. Мартынов сонда сөзге келмей Николай секілді сюртігінің 
түймелерін түзеп, сəндеп алыпты да маңғаз кейіпке еніп, бойына бар 
қуаттылықты жинағандай тік тұрып, осылардың куəсі болып тұрған 
министр Волконскийге қарап: «Мартыновқа мың сом бер!» – деп, 
салмақты, əмірлі дауыспен үн қатады. Бұйрық сол сəтінде орындала-
ды. Бəкең де үлкені бар, кішісі бар көптеген адамдардың іс-харакетін 
соншама дəл, соншама шебер келтіретін өнеріне келгенде оның ал-
дына түсер жан болмады.
Жетпіс сегізінші жылдың жазында Бəкең науқастанып ауруханаға 

10
11
түсіп қалды, онда бірер айдай жатты. Хал-жайын білу үшін жиі ба-
рып тұрдым. Шыққанда қатты жүдеңденіп шықты да, біраз уақыт 
өткенде, оңалып, қалпына келе бастағандай болды. Жүдеңкіреп 
жүрген күндердің бірінде маған: «Кейбіреулердің мінез-қимыл ерек-
шеліктері мен сөйлеу мəнерін, оғаштықтарын көрсеткенім болмаса, 
пендеге жасаған қылдай қиянатым, бөтен пиғыл, жаман ойым жоқ 
еді. Сонда жаратқан Иеме қандай ісіммен, пиғылыммен, қандай мі-
незіммен жақпай қалдым екен, бұл ауруды қандай мінезіммен тап-
тым екен?» деп, налығандай қамыққаны бар. «Бəке, бəрі де жақсы 
болады, əлі-ақ жазылып кетесіз» деген жұбату сөзден басқа ешнəре 
айта алмадым...
Тамақ ішетін жерге кірдік. Ол жерде ұзақ əңгімелесіп отырдық, 
жақсы сұхбат болды, көңіл-күйінен бір көтеріңкілік көрінеді. Баяғы 
Бəкеңді көргендей болдым. Бірақ сол 1979 жылдың күзінде қайта 
науқастанып, 50 жылдығын атауға бір күн қалғанда дүниеден өтті. 
Сол 50 жасымен, юбилейімен құттықтауға мұражай қызметкерлері 
бардық. Көңіл-күйі жақсы екендігі, жазылып келе жатқандай бо-
лып көрінді, біз бəріміз де қуанып, енді сауығып кететіндей көріп 
қайттық. Бірақ сол күннің ертесінде Бəкеңнің бұл дүниеден өтіп кет-
кенін естідік.
Жалпы алғанда адам бойындағы, мінезіндегі құбылыстарды сезіп-
сезінгіштігі, əдебиет ағымындағы өзгерістерді аңдап-аңдағыштығы 
қатар-егіз болатын. Ал талғам-танымы, көтерілген биігі, əдебиет 
мəселелерін талдап таразылауындағы өзіндік ерекшеліктері бөлек 
əңгімені керек етеді. Қай кез, қай уақытта да оның өз оқушысы, өз 
іздеушісі болды.
Егер сыншы көп те, шын сыншы сирек десек, онда ол сол си-
ректер санатындағы тұлғалар қатарына жатады. Неге екені бел-
гісіз, шындап асар асуына жеткенше бойындағы бары мен нəрін, 
мол талантын көбінесе тежеп ұстады. Танылуға құмартпағандығы, 
салқынқандылығы көп ашылып, көп ақтарылдыра қоймады. Сер-
піліс, көсіліс қиясынан табылдырар күш пен қайраты, қуаты жетіп 
тұрса да онысын ашып-ақтарылдырмады. Олар онда əрі мол, əрі же-
терлік еді. Үлкен ауқымдылыққа алып барар сілкіністері əлі де алда 
сияқтанды да тұрды.
Талатбек Əкім,
«Əуезов үйі» ғылыми-мəдени 
орталығының жетекші ғылыми қызметкері 
ЖАНР ЖҮГІ
ƏЛЕМГЕ МƏШҺҮР ƏДЕБИЕТ
Қазақ халқында «Елу жылда – ел жаңа» деген нақыл сөз бар. 
Тарих көшінің керуен соқпағында мал жағдайының жетегіне еріп, 
көшіп-қонып жүрген бабаларымыз аталған мəтелде бірқалыпты ми-
мырт аяңмен көңілсіз өтіп жатқан өз өмірін де, бəлки, болашаққа, 
əйтеуір алдағы елу жылға артар үмітін де айтқанға ұқсайды. Уақыт 
озған сайын бəрі де өзгерісте, ағымда, қозғалыста болмағы табиғи 
құбылыс, диалектиканың заңы. Алайда осы нақыл қазақ халқы үшін 
Ұлы Октябрьден кейін мүлде жаңа мағынаға ие болды. Өйткені Ұлы 
Октябрь революциясы екі бірдей қанаудың қыспағында тұншығып 
келген қазақ сияқты бұратана аталған қараңғы елдің еңсесін көтеріп, 
халықтың творчестволық мол қуатының қайнар көзін аршып, оның 
болашағына азаттықтың нұр шұғыласын шашты. Азат болған ел за-
маналар, ғасырлар бойы мойнынан түспей келген лағнет қамытын 
революция дауылының лаулап жанған жалынына өртеп, жарқын 
өмірдің күн шуағына қол созды. Еліміздің Ұлы Октябрь революция-
сынан кейінгі даму қарқыны даңқты бесжылдықтармен өлшенді. 
Əр бесжылдық ел көшін өрге бастап, халық өмірін адам танымастай 
таңғажайып өзгертті. Қайта туған қазақ халқы қазірде «елу жылда 
ел жаңа» деудің орнына, белгілі əн текстін сəл ғана өзгертіп, «жыл 
жаңа – ел жаңа» деп жырлайтын болды. Ұлы Октябрь революция-
сына дейінгі көне нақыл шат-шадыман халықтың жаңа жырына жол 
берді. Советтік социалистік өмірдің даму қарқыны халықтың уақыт 
жөніндегі түсінігіне осылайша өз корректурасын енгізді.
Сөйтіп, елу жыл – небары жарты ғасыр ғана. Көне тарих үшін 
бұл көп уақыт емес. Осы тарихи шамалы ғана мерзімнің ішінде Ұлы 
Октябрь революциясының арқасында бұғаудан босап азат болған 
халықтың творчестволық қуаты атомнан алынған ядролық қуат 
тəрізді ғажайып алып өзгерістер жасады. Революция тудырған елу 
жылдық бұл өзгерістерге тіпті сонау кездің заманалар, дəуірлер, 
ғасырлар жүгі де ілесе алмас еді. Айналасы елу жыл ішінде халқы-
мыздың таза экономикалық-шаруашылық саласындағы табыстарын 
таразыға тартатын статистикалық көрсеткіштер телегей-теңіздей көз 
жеткісіз көп-ақ. Ал халқымыздың рухани өскендігін тек статистика-

12
13
мен ғана өлшеу бір жақты болар еді. Күні кеше революциядан бұрын 
хат оқыту үшін көрші ауылға ат шаптырып кісі алдырып жататын, 
сауаттысын саусақпен санағандай қазақ халқы бүгінде өзінің айдай 
əлемге əйгілі болған байтақ көркем əдебиетін заңды мақтаныш ете 
алады.
КПСС Орталық Комитеті Саяси Бюросының мүшесі, Қазақстан 
Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші секретары Д. А. Қонаев 
жолдас «Литературная газета» бас редакторының қойған сұрақтарына 
берген жауаптарында Совет өкіметі жылдарында республиканың 
қол жеткен экономикалық жəне мəдени табыстарына талдау жасай 
келіп, былай деді:
«Қазақ халқы мəдениетінің Совет өкіметі жылдарындағы дамуын 
сөз ете отырып, мен экономика дамуының алып адымына халық 
ағарту ісінің, денсаулық сақтау ісінің, ғылым мен мəдениеттің қызу 
қарқыны сай келетінін атап айтсам деймін. 1906 жылы бір патша 
чиновнигі «Вестник воспитания» журналына мақала жазып, қызық 
болжам жасапты. Ол қазақ арасында сауатсыздықты жоюдың сол 
кездегі қарқынына қарай 4600 жыл керектігін дəлелдепті! Советтік 
Қазақстанда бұл проблеманы 46 ғасыр емес, 46 жыл ішінде шешіп 
берді» («Қазақ əдебиеті» газеті, 13 октябрь 1967 ж.).
Фантастикаға пара-пар бұл сияқты ұлы өзгеріс қарқынына таң 
қалмау мүмкін емес. Мəселен, М. Əуезовтің «Еңлік – Кебек» пье-
сасы ауыл жастарының күшімен алғаш рет қойылған 1917 жылы 
қос киіз үйдің іргесі мен бүгінгі таңдағы жазушы есіміне ие болып 
отырған Қазақтың Еңбек Қызыл Ту орденді мемлекеттік академиялы 
драма театрының сахна төріне дейінгі аралықты тек қана статисти-
камен өлшеу қиын.
Қазақ-совет əдебиеті, Совет өкіметі жылдарында қайта туып, со-
циалистік ұлт болып қалыптасқан қазақ халқының өзі сияқты, Ұлы 
Октябрьдің бел баласы. Бұл қыздырмалық үшін айтыла салған қызыл 
сөз емес, шынайы шындық. Ұлы Октябрь революциясына дейін 
қазақтың ауыз əдебиеті болмаса, профессионалдық жазба əдебиеті 
дəл бүгінгідей өрге басып, өркен жайған жоқ. Оның өзінде де, көбінесе 
поэзия басым болды да, ал проза мен драманың кейбір болмашы 
үлгілері бүгінгі түсінік тұрғысынан қарағанда профессионалдық 
сын көтеретіндей дəрежеге жете алмады. Бұл жөнінде акаде-
мик-жазушы Сəбит Мұқанов қазақтың шын мəніндегі европалық 
профессионалдық прозасы революцияға ілесе туып, уақ жанрда да, 
повесть, роман сияқты көлемді жанрда да көптеген шығармалар 
тудырып, көп тілді совет прозасының алдыңғы қатарынан орын 
алғандығын, революциядан бұрын қазақтың ұлттық əдебиетінде 
ауызға аларлық пьесаның өзі түгіл, иісі де болмағандығын, қазақ 
драматургиясының алғашқы жолын Мұхтар Əуезовтің қаламынан 
1917 жылы туған «Еңлік – Кебек» пьесасы тартқандығын атап 
көрсетті. Ал қазір осыдан басталған қазақ-совет драматургиясында 
қыруар шығарма берген авторлар тобы жұмыс істейді.
Біз бүгін мақтаныш етіп отырған драматургиямызды ауызға 
алғанда, оның қазақ топырағындағы классикалық үлгілерін жасаған 
Мұхтар Əуезов, Бейімбет Майлин, Ғабит Мүсірепов есімдерін ал-
дымен атамасқа немесе сол жанрдың қабырғасын қатайтуға кайтпас 
қажыр жұмсап келе жатқан Əбділда Тəжібаев, Шахмет Хұсайынов, 
тіпті кейінгі буынның өкілі Қалтай Мұхаметжанов еңбегін бағала-
масқа қақымыз болмас еді.
Тек қана таза классикадан я маңдай алды жақсы шығармадан 
тұратын творчествоны немесе бүтін бір əдебиетті тарих шежіресі-
нен таба қою қиын. Əдебиет əрқашанда тірі организм сияқты жан-
ды құбылыс. Мұны ескерсек, мейлі ол жеке жанрда болсын, мейлі 
тұтастай əдебиетте болсын, жоғарыдағыдай санаулы есім аздық етері 
даусыз. Бірақ осы солай болар-ау десек, көлемі шағын мақаланы 
тұтастай тізімнен жасап шығуға болар еді. Алайда одан пайда бола 
қоймас.
Қазақ-совет əдебиетінің проза, драматургия сияқты екі жанры ті-
келей Ұлы Октябрьдің перзенті болса, ал қазіргі поэзияның өзі де 
мазмұн-мағына жағынан, түр жағынан, азаматтық пафос, идеялық 
нысана жағынан ревоюцияға дейінгі поэзиядан көз көрім, кеш құлаш 
ілгері еткен, мүлде тың тұрпатты, жаңа сапалы поэзияға айналды.
1960 жылы қазақ республикасының отау көтеруіне 40 жыл то-
луына байланысты жазған «Қайта туған халықтың əдебиеті» атты 
көлемді мақаласында академик-жазушы Мұхтар Əуезов ұлттық 
əдебиетіміздің өткеніне, кезіндегісіне, болашағына барынша білгір-
лікпен кең талдау, мол пайымдау жасай отырып: «...өткеннен қалған 
мұра атаулы қазақ əдебиетінде шақ қана... Бұхар, Шортанбай, Ду-
лат, Мұрат дейтін ақындардың бар шығармаларын бір арнаға жи-
нап келіп, таразыға салғанда, бір ғана Қасым Аманжолов ақынның 
шығармалар көлеміне жетпейді. Тек көлемі ғана емес, мазмұны 
жағынан əсіресе солай. Халықтың санасының биіктік сипатымен, ре-
волюцияшыл бағытымен, көркемдік мəдениет қасиетімен – қысқасы 
шартарап шарттарымен солай болған Қасым басым емес пе!» – де-
ген еді.

14
15
Жайсаң білімді ғалымның бұл пікірі тек Қасым творчествосына 
ғана берілген баға емес, түптеп келгенде бұл сонау Ілияс, Сəкендерден 
бастап, Ғали, Əбділда, Қалижан, Хамит, Сырбайларын ортаға алған, 
бүгінгі буын Қадыр, Мұқағалиға дейінгі байтақ бір қауымға, ақын 
қауымға, советтік қазақ поэзиясына тұтас берілген ортақ баға екені-
не көз жеткізу киын емес.
Əдебиеттің əр қырына көз салған Мұхаң Абай дəстүрінің дамуы, 
қазақ-совет əдебиеті бастан өткізген қилы кезеңдер мен қиындықтар, 
интернационалдық байланыс, тəлім-үлгі алған мектеп, идеялық 
шынығу т. б. толып жатқан мəселелердің бəр-бəріне өз болжамын 
айта келіп: «Қазақ-совет əдебиетінің негізін туғызушы алғашқы 
қазақ жазушыларының зор қасиеті, олар революция орнай салысы-
мен Лениннің жарқын жолды іліміне сүйене отырып, əуелгі адымда-
рынан бастап, реакциялық ағымдардың бəріне қарсы бітімсіз күрес 
ашты.
Еңбекші қазақ халқының рухани мəдениетінің тарихында осы 
бағыт ең жемісті, зор жаңалық басы болып беки берді. Бұл жөнінде 
анық тарихтық бағалы еңбек етушілер қазақ-совет əдебиетінің 
көрнекті қайраткерлері: Сəкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Ілияс 
Жансүгіров, Сəбит Мұқанов сияқты адамдар еді», – деп жазды. Міне 
біздің бүгінгі қазақ-совет əдебиетіміз, профессионалдық əдебиетіміз 
осылайша басталды.
Профессионалдық əдебиет болмайынша сынның болмайтынды-
ғы, атап айтқанда əдеби сын мен əдебиеттану ғылымы көркем 
əдебиет дəрежесінің көрсеткіші болып табылатыны өзінен өзі 
түсінікті. Демек, «Қазақ-совет əдебиеті – Ұлы Октябрьдің перзенті» 
деген тұжырымның төркінінде осындай ақиқат шындық бар.
Дамудың даңғыл жолына түскен қазақ əдебиетін зерттеу 
жұмысындағы, сын саласындағы жетістіктер де мол. Совет өкіметі 
жылдарындағы қазақ халқының əдеби мұрасын сын көзбен қарап 
игеру, советтік əдебиетіміздің есу, даму процесін қадағалап, одан 
туатын əр алуан жағдаяттарды егжей-тегжейіне дейін түбегейлі 
зерттеу жөнінде қыруар жұмыс істелді. Бұл жылдардың ішінде 
қазақ əдебиеттану ғылымы мен сынның ірге тасын қалаған бел-
ді де беделді аға буын, бірқатар байсалды еңбектер беріп танымал 
болған орта буын, болашақтарына зор үміт артуға болатын жас 
буын əдебиетші ғалымдар мен сыншылар отряды туып қалыптасты. 
Қазақ əдебиеттану ғылымы мен сынының туа бастаған балаң кезінде 
маман кадрлардың аздығынан əр əдебиетші бар салада, бар жанр-
да бірдей қызмет істеген болса, мұның өзі онсыз да санаулы күшті 
күрделі мəселеге топтастыруға қиындық келтірсе, қазір жағдай 
мүлде басқаша. Бүгінгі таңда жеке жанрдың, жеке бір кезеңнің, 
тіпті көрнекті жеке жазушылардың зерттеушілері туып, маманда-
нып отыр. Бұл, сөз жоқ, əдеби сын мен əдебиеттану ғылымының 
марқайғандығының белгісі.
Солай дей тұрғанмен де, қазақ-совет əдебиетінің əлі зерттеле бере-
тін мəселелері жеткілікті. Өйткені советтік əдебиетіміз революцияға 
дейінгідей керуен соқпағымен келіп тоқыраған өткен тарих емес, 
заманымыздың даму қарқынына сай, социалистік реализм магист-
раліне шыққан салқар көш үлкен процесс, өсу, өрлеу, өркендеу үс-
тіндегі өскелең əдебиет. Оның бүгінгі таңда түбегейлі зерттеуді ке-
рек ететін зəру мəселелерінің қатарында: идея мен образ, ұнамды 
герой, қазіргі заман тақырыбы мен замандастар тұлғасының жаса-
луы, стильдік ерекшелік жəне көркемдік шеберлік сияқты күрделі де 
сүбелі проблемаларды атап кету артық болмайды.
Қазақ-совет əдебиетінің даңқын Одақ оқырмандарына, əрісі əлем 
жұртшылығына танытқан жанр проза екендігі мəлім.
Проза демекші, біздің қазақ əдебиет сыншылары мен зерттеу-
шілері революциядан бұрын жазылған Сұлтанмахмұт Торайғы-
ровтың «Қамар сұлу», Спандияр Кебеевтің «Қалың мал», Тайыр 
Жомартбаевтың «Қыз көрелік» атты шығармаларын көпке дейін ро-
ман деп қарап келді. Ұлы шығармалар жеке зерттеулер мен мақала-
ларда да, орта мектепке арналған оқулықтарда да осылай бағаланды. 
Əрине, қазақ əдебиетшілері бұл пікірді айдарынан жел ескен-
діктен емес, «шарасыздан шалға тидім» деп кəрі қыз айтқандай, 
эпикалық жанрдың роман, повесть сияқты сүйекті де күрделі, кесек 
туындылардың тапшылығынан, зəруліктен айтқан еді. Шындығында, 
бұл шығармалар роман деп атауға көлемі жағынан да, көркемдік 
жағынан да профессионалдық талап қоюды көтермейді.
Кейініректе, шын мəнінде профессионалдық роман, повесть 
сияқты шығармалар жазылып, романның не бір түрлері (психоло-
гиялық, əлеуметтік, тарихи, мемуарлық, публицистикалық түрлерінен 
бастап эпопеяға дейін) туындап көбейіп, проза қазақ əдебиетінің 
жетекші жанрына айналған шақта қазақ əдебиетшілері бұл мəселені 
қайта қарап, басқаша бағалады.
Қазақ ССР Ғылым академиясының академигі, филология ғылы-
мының докторы, профессор М. Қаратаев былай деп жазды:
«Ал енді проза жанрына келсек, бұл салада тікелей пайдаланар-

16
17
лық бізде құнарлы дəстүр болмағаны белгілі. Революциядан бұрын-
ғы əдебиетімізде жалпы прозаның, оның ішінде, əсіресе, реалистік 
көркем прозаның, қанат жайып өсе алмауына байланысты совет 
əдебиетінің проза жөнінде өткеннен алған мұрасы өте шағын бол-
ды... Сол себепті де Совет өкіметінің алғашқы жылдары проза жан-
ры қазақ əдебиетінде революциялық мазмұнмен шұғыл қарыштап 
кете алмады, өйткені жаңа мазмұнға сай жаңа көркем түр тауып беру 
үшін орыс əдебиетіндегі реалистік прозаның классикалық дəрежеге 
жеткен дəстүрлері атымен болған жоқ».
Міне осындай жағдайлар бас құрап, қазақ əдебиетінің проза жан-
рында социалистік реализмнің кешеуілдеп барып қалыптасуына, 
əсіресе роман сияқты шығармалардың кенжелеп тууына əсер етпей 
қалмады.
Сөз арасында айта кетелік, қазақ əдебиетінің Октябрь туғызған 
проза жанры очерк, əңгіме, повестерден басталды да, бірте-бірте 
күрделеніп, реалистік прозаның роман сияқты кесек үлгісін кешеу-
ілдеу туғызды. Бұл салада алғашқы борозданы Сəкен Сейфуллиннің 
1923 жылы «Қызыл Қазақстан» журналында жеке тараулары жария-
ланып, 1927 жылы Қызылорда қаласында жеке кітап боп басылған 
«Тар жол, тайғақ кешу» атты шығармасы тартты. Шығарманың жан-
ры жайында қазақ əдебиеттану ғылымында əрқилы пікірлер бол-
ды. Біреулер мұны тарихи документтерге негізделген очерктер деп 
қарауға бейім болса, енді бір топ зерттеушілер мемуарлық роман 
(С. Қирабаев, Е. Лизунова т. б.) деп таныды.
Бірақ қалай болғанда да, даңқты революционер ақынның бұл 
туындысы қазақ прозасында реалистік романның көріне бастаған 
төбесі, келешектің кепілі екендігі даусыз еді. Шындығында солай 
болды да. Арада жыл өтпей жатып, 1928 жылы жанрлық тəркіні 
ешқандай шүбə туғызбайтын «Адасқандар» (С. Мұқанов) рома-
ны жарыққа шықты. Бұл өзінің барлық көркемдік компоненттері 
жағынан жанрдың қоятын талаптарына толық та түгел жауап бере 
алатын шын мəніндегі роман болды. Профессионалдық романды 
Сəбит Мұқанов осылайша бастады да, 1934 жылы жарық көрген 
«Жұмбақ жалау» атты шығармасы арқылы біржола негіздеді деуге 
əбден болады.
Осыдан бастап ел өміріндегі əлеуметтік өзгерістерді бейне-
лейтін Б. Майлиннің повестері, Сабыр Шəріпов туындылары, 
Саттар Ерубаевтың «Менің кұрдастарым» романы сияқты кезең-
кезең сүйекті шығармалар қазақ прозасының қорын молайта бер-
ді. Сөйтіп Ұлы Отан соғысының алдындағы бесжылдықтар кезінің 
өзінде-ақ əдебиетіміз айтарлықтай табысқа жетіп, тек тақырыптық 
жағынан ғана емес, идеялық-көркемдік жағынан да анағұрлым іл-
гері басқандық байқатты. Осылайша ол республикамыздағы мəдени 
революция жеңісінің ең бір тамаша көрсеткішіне айналды.
Ұлы Отан соғысының ауыртпалығы совет халқының материалдық 
байлығын ғана майдан рельсіне көшіріп қойған жоқ, сонымен бірге 
бүкіл рухани күш-қуатын да жеңіске жігерлендірді. Халықпен бірге 
əдебиет те Отан қорғауға аттанған кезде көп ұлтты туысқан халықтар 
əдебиетінің құрамында қазақ-совет əдебиеті де майдан туының ас-
тында сапқа тұрды. Отан соғысы жылдарының ерлік шежіресін 
бейнелеуде тек очерк, лирика, əңгіме, публицистика сияқты шағын 
жанрлар ғана белсенділік көрсетіп қойған жоқ, роман, повесть, по-
эма сияқты іргелі жанрлар да іске кірісті. Жазушы Ғ. Мүсірепов 
«Ер ана», «Ақлима» əңгімелеріне қоса кейін «Қазақ солдаты» де-
ген атпен қайта басылған романының алғашқы нұсқасын дүниеге 
келтірді. Бұл қазақ əдебиетінің реалистік үлкен прозасында майдан 
өмірін бейнелеудің алғашқы барлаушысы əрі өте сəтті барлаушы-
сы болды. Ə. Əбішевтің «Жас түлектер» повесі мен Ғ. Слановтың 
«Жанар тау» романы да майдан мен тыл өмірінің бірлігін бейнелеуге 
арналды. Ал тары өсіруден дүниежүзілік рекорд жасаған атақты 
диқан Ш. Берсиев өмірін суреттеген жазушы Ғ. Мұстафиннің 
«Шығанақ» романы Ұлы Отан соғысы жылдарындағы əдебиетіміз-
дің ең сүбелі туындыларының бірі болды. Берсиев ерлігіне Мұста-
финнен кейін неміс ақыны Бертольд Брехт те арнайы поэма жазғаны 
мəлім.
Ұлы Отан соғысының қиын-қыстау жылдары қазақ прозаиктері-
нің əдебиетке соғыстан кейін келген жаңа буынының творчестволық 
тағдырларында да із-түзсіз кеткен жоқ. Шындығында да орта мек-
тепті бітірер-бітірместе студенттік партадан майданға аттанған 
Т. Ахтановтың «Қаһарлы күндер», Ə. Нұрпейісовтың «Курляндия» 
атты алғашқы романдарының майдан өмірін суреттеуге арналуы 
табиғи құбылыс. Олардың ол кезде басқадай өмір тəжірибесін жа-
зуы тіпті мүмкін де емес еді. Ал қазір бұл талантты жазушылардың 
туындылары неміс, француз оқырмандарына да танымал болғаны 
көңілге қуаныш екенін атап өту қажет.
Қазақ прозасының өте-мөте қаулап дамыған кезеңі – Ұлы Отан 
соғысынан кейінгі жылдар. Бұл кезде қазақтың ұлы жазушысы 
Мұхтар Əуезовтің Лениндік жəне Мемлекеттік сыйлықтарды алған 

18
19
«Абай жолы» эпопеясының соңғы ноқаты қойылды. Қалың оқырман 
қауымның, сондай-ақ көптеген шетелдік һəм советтік əдебиет, 
мəдениет қайраткерлерінің мойындауы бойынша, бұл шығарма тек 
совет əдебиетінің ғана емес, жалпы əлемдік əдебиеттің классикалық 
туындыларының қатарынан берік орын алып отыр.
Көшесінің əр тасы, үйлерінің əр кірпіші əдебиет пен мəдениет 
тарихынан шежіре шертетін Париждің, сонау бір кездегі «тəкаппар 
Европаның» көптеген əдебиет, мəдениет қайраткерлері бұл күнде 
М. Əуезов есімін Гомермен, Шекспирмен, Толстой, Шолоховтар-
мен салыстырып, қатар атаса, бұл да жарты ғасыр ішінде ұлттық 
əдебиетіміздің қай деңгейге, қаншалық биікке самғағанын көрсетсе 
керек. 1965 жылы Лейпциг қаласында Библиография институты 
шығарған «Дүниежүзі əдебиетінің справочнигінін» бір томдығына 
қазақ əдебиетінің үш өкілі (Абай, Жамбыл, Əуезов) енуі де жай-
дан-жай емес екендігі түсінікті. Бұған М. Əуезов, С. Мұқанов 
шығармаларының дүниежүзінің қырық шақты тіліне аударылғанын, 
тек Ғ. Мұстафин шығармаларының ғана оннан аса шетел тіл-
деріне аударылу фактісін қоссақ, оқырман ретіндегі мақтаныш 
сезіміміздің себебі түсінікті болады. Ғ. Мүсіреповтің «Оянған өлке», 
Ғ. Мұстафиннің «Дауылдан кейін» романдарын, X. Есенжановтың, 
Ə. Нұрпейісовтың трилогиялық туындыларын да біз бүгін «біздерде 
мынадай бар, мынадай бар» – деп ауыз толтырып айта аламыз.
Соғыстан кейінгі жылдары қазақ прозаиктерінің қатарын 
толтырған 3. Шашкин, С. Шаймерденов, Б. Соқпақбаев, 3. Қабдолов, 
Ж. Тілеков, С. Бақбергенов, А. Байтанаев, Ə. Сəрсенбаев, Д. Əбілев, 
К. Оразалин т.б. толып жатқан белгілі прозаиктерімізді айтпаған-
ның өзінде, прозаға кеше ғана келген соңғы сүйріктер: С. Жүнісов, 
Қ. Ысқақов, С. Мұратбеков, Р. Тоқтаров, Қ. Жұмаділов, О. Бөкеев, 
Ə. Кекілбаевтардың алғашқы табыстарының өзі көңілге тоқ, көзге 
қуаныш.
Əрине, қол жеткен табысымыздың бəрін бір мақалада айтып жет-
кізу қиын. Тегінде ақын Тайыр ағамыз рас айтқан:
Кім айтпас бізді қазір өскен ел деп?! 
1970.


Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   26




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет