ƏБІЛ ФАРАДЖ
Сирия əдебиетінің классигі
«Əділдікпен»
Қасқыр, түлкі, арыстан үшеуі бірлесіп аң аулауға келісіпті. Істері
оңға басып, олар ешкі, бұғы, бір қоян ұстап алыпты.
– Олжаны бөл, – депті арыстан қасқырға, – тек əділ бөл.
– Жақсы, – депті қасқыр, – ешкіні, меніңше, саған, қоянды түлкіге
беріп, өзім бұғыны алайын.
Мұны естіген арыстанды ашу қысып, қасқырдың парша-парша-
сын шығарыпты.
– Енді сен бөл, – депті ол түлкіге, – тек əділ бөл.
– Құп, – депті түлкі, – ешкі – сенің таңертеңгілік сыбағаң, қоян
– сəскелігің, бұғы – кешкілік тамағың болсын.
– Міне, дұрыстық деп осыны айт, – дейті арыстан. – Мұндай əділ
бөлуді саған кім үйретті?
– Мына қасыңда мылжа-мылжасы шығып жатқан қасқыр үйретті
тақсыр, – депті түлкі.
Мықты дəлел
Қасқыр, түлкі, қоян үшеуі бір қозыны ұстап алыпты. Олжаны кім
алуға тиіс?
Ішіміздегі жасымыз үлкеніміз алсын десіпті. Бірінші боп қоян
сөйлепті.
– Мен жаппар иемнің өзі жер мен көкті жаратпастан бұрын
туғанмын.
– Əбден дұрыс, – депті түлкі, – мен растаймын, сен туғанда
шілдеханаңа барып едім.
– Екеуіңдікі де дұрыс, – депті қасқыр, – бірақ менің мына тұлғам,
тырнақтарым, мына азуымның өзі-ақ кімнің жасы үлкен екенін ай-
тып тұрған жоқ па?
– Əлбетте, айтқаныңыз орынды, – депті түлкі мен қоян, жарыса
сөйлеп қозыны жəукемдеп жатқан қасқырға.
Маймыл мен ит
Бір ит мешітке кіріпті де, сарып кетіпті. Мұны сол маңайда жүрген
маймыл көріп қалыпты да:
– Құдайдан қорықсайшы! Мешітті ластадың ғой, – депті.
Соңда маймылға ит:
– Өзіңді осыншама сұлу ғып жаратқаны үшін Құдайға ара түсіп,
үйін қорғап тұрсың ба? – депті.
Өжетсінген ешкі
Ешкі биік шатырға шығып алыпты да, төмен тұрған қасқырдың
жер-жебіріне жетіпті. Қасқыр оның балағат сөздерін тыңдап алып:
– Е, ешкім, бұл өжет сөзді айтып тұрған өзің емес, сен тұрған анау
орын ғой, – депті.
Ит пен киік
Тазы ит бір киікті қуа жөнеліпті.
– Куғаныңмен менің қарамды да көре алмайсың, – депті киік.
– Неге? – деп сұрапты тазы.
– Мен жүгірсем, өмірімді ойлап бассауғалап жүгіремін, сен
болсаң қожаңа жағынайын деп жүгіресің, – депті киік.
Түлкі мен ит
Түлкіні ит ұстап алыпты.
– Қолға түсіп қалғаным сенің мықтылығыңнан емес, өзімнің
осалдығымнан болды, – депті түлкі. Нанбасаң, кəне қасқырды ұстап
көрші.
Аңшы мен шымшық
Бір шымшықты аңшы ұстап алыпты.
– Мені қайтпексің? – деп сұрапты құс.
– Сойып, етіңді жемекпін, – деп тіл қатыпты аңшы.
Шымшық жалыныпты:
– О, мейірімді адамзат, жанымды қия көр! Мені жеп бəрібір
жарылқанбассың. Босатамын деп уəде бер, мен саған жақсы үш ақыл
айтайын. Менің етімнен гөрі олардың беретін пайдасы анағұрлым
артық. Алғашқы ақылды өзіңнің қолыңда тұрғанда айтамын. Екін-
ші ақылды сонау ағаштың басында отырып айтамын, ал үшіншісін
– ана жартасқа ұшып жеткен соң ғана айтамын.
– Ал, тыңдайық, – депті аңшы.
– Келмеске кеткен дүниеге өкінуші болмағайсың.
Бұл ақыл аңшыға ұнап кетіпті де, шымшықты қоя беріпті.
– Өмірде болмайтын қисынсыз іске ешқашан сенбегейсің, – деп-
ті шымшық ағашқа қонып алған соң. Сонан соң қанатын бір сілкіп
алып, сөзін сабақтай түсіп:
390
391
– Ақымақ адам! Егер мені сойсаң, ішімнен баға жетпес екі асыл
меруерт тас алар едің ғой.
Өкініштен іші күйген аңшы саусақтарын сыртылдатып:
– Мүлде зым-зыя ұшып кетпей тұрғаныңда үшінші ақылыңды
айтшы! – депті.
– Алдыңғы екеуін ұмытып та үлгердің, қалғанын айтып не өнер
дейсің. «Келмеске кеткен дүниеге ешқашан өкінуші болмағайсың,
«өмірде болмайтын қисынсыз іске ешқашан сенбегейсің», – демедім
бе, əлгінде мен саған? Ал сен мені қолыңнан шығарып алғаныңа
өкініп, ішімде меруерт тастар бар дегенге сеніп қалдың. Теңіздің
түбінде ғана болатын асыл тас құстың ішінде жатқанын қайдан
көріп ең?
«Қазақ əдебиеті», 16.05.1958 ж.
ЭНАНСИ БАЛЫҚШЫ
Африка ертегісі
Батыс Африкада, ну орманның жанында, Ашхенти деген жерде,
Энанси атты кісі болыпты. Атақты аңшы, айтулы іскер болмаса да,
оны төңіректегі жұрт түгел біледі екен. Энансидің аты еріншектік-
пен жəне қулықпен шықса керек.
Атышулы қудан жұрттың бəрі аулақ жүруге тырысатын бопты.
Сондықтан ол əрдайым жаңа бір қулық ойлап табуға құштар екен.
Бір күні Энанси Оусанса деген кісіге жолығыпты.
– Ей, менің сөзіме құлақ сал, – депті ол, – теңізге ау салайық та,
балық ұстап сатайық, бірден байып шыға келеміз.
Бірақ Энансидің қулығына сырттай қанық Оусанса:
– Жоқ, ішіп-жемге жететін байлық өзімде де бар. Балық ауласаң,
өзің аула, – деп жауап беріпті.
– Мəссаған! Жалғыз ауласам, бар жұмысты өзім істеймін ғой.
Маған бəрін мен үшін істейтін адам керек.
Оусанса кеткесін, біраздан соң Энанси Анени деген кісіге кез-
десіп:
– Достым, бері қара, теңізге ау салып, балық ұстап сатып, байысақ
қайтеді? – депті.
Энансиді бұл да жақсы біледі екен, сонда да келісіп:
– Несі бар? Жалғыз аулағаннан екеу боп аулаған тиімді, мен
əзірмін, – депті.
Екеуінің уəдесі елге тез тарап кетсе керек.
Бір күні Оусанса Анениге жолығып:
– Сені Энансимен бірге балық аулайтын бопты деп естідім. Байқа,
ол сені алдап кетіп жүрмесін. Оған жұмысты біреу істеп, пайдасын
өзі көрсе болғаны, – депті.
– Сонда Анени:
– Бүлк етпе, Оусанса, кім ақымақ болғанын көре жатармыз, – деп
жауап беріпті.
Келесі күні таңертең Анени мен Энанси ау тоқу үшін пальма
ағашының бұтақтарын кесуге орманға барыпты. Энанси жол бойы
Анениді қалай алдасам екен деп келе жатады. Орманға келісімен
Анени кенеттен:
– Уһ, Энанси, достым, буманы мен көтерейін, ал мен үшін сен
шарша депті.
– Жоқ, ол болмайды, – депті Энанси. – Мен соншама ақымақ
емеспін. Буманы мен алып жүремін, ал сен сол бұрынғыша шаршай
392
393
бер. Сөйтіп ол буманы иығына салып алып деревняға аяңдай беріпті.
Ал Анени қасында келе жатып: аһлап-уһлей беріпті.
Деревняға келген соң Анени əбден шаршаған дауыспен:
– Ал, достым, ең болмаса, енді орын алмастырайық. Мен ау
тоқиын, сен шарша, – депті.
– Жоқ, жоқ! – деп Энанси тағы да келіспепті. – Əу баста келіскен
өзің, енді ақырына дейін шаршайтын өзің боласың.
Ол ау тоқуға кірісіпті де, Анени белгілі əніне салып, көлеңкеде
жатып, шаршағаннан көзін жұмып, мызғыпты.
Ау тоқып отырып Энанси шалқасынан түсіп жатқан Анениге
қарап тілін шығарып мазақтапты – Анени де ақылдымын дейді-ау, –
деп ойлапты ол, – нағыз ақымақтың өзі. Қарашы аһлап-уһлеп өлейін
деп жатқанын».
Ау əзір болған соң Анени орнынан əзер тұрып:
– Ох, Энанси, ең болмаса енді берші, ауды мен алып жүрейін, сен
шарша, – депті.
– Жоқ, сен қатарласып жүріп отыр да, өз шаршауыңды біл.
Сөйтіп екеуі бірі ау көтеріп, бірі шаршап теңізге келіпті. Анени
айтыпты:
– Тоқтай тұр, Энанси. Ойланып алайық. Бұл жерде акула көп
жүреді. Мен жалғыз барып теңізге ау құрайын, егер мені акула жеп
қойса, мен үшін сен өлетін бол.
– Тапқанын қарашы, – деп ашуланыпты, Энанси. – Одан да
мен өзім барып ау құрамын, акула жеп қойса, мен үшін сен өлетін
боласың.
Сөйтіп, ол ауды теңізге ала жөнеліпті.
Ертеңіне екеуі ау қарай келсе, төрт балық түскен екен. Анени
тұрып:
– Энанси, бар-жоғы түкке тұрмайтын төрт шабақ екен, бүгін сен
ал. Ертең шамасы, балық көп болар, соны мен алармын, – депті.
– Қарай гөр мынаны, – депті Энанси. Айтқанға көне салатын
мені бір ақымақ көресің бе? Мына түкке тұрмайтындарды сен ал,
ертеңгіні мен аламын.
Анени көп ойланып жатпай-ақ, төрт балықты алыпты да, қалаға
апарып сатыпты.
Ертеңіне ауға сегіз балық түсіпті: Анени отырып:
– Мынаны қара, Энанси, не бəрі сегіз-ақ балық екен. Бүгін сенің
кезегің болғаны қандай жақсы. Ертең көп түскенін мен алатын бол-
дым.
– Жо-жоқ! – деп көнбепті Энанси. – Бұларды да сен ал, ертеңгі
молын мен аламын.
Анени тағы сегіз балықты қалаға апарып сатыпты. Сөйтіп, күндер
өтіп жатады. Анени балықтарды ала береді, ал Энанси балықтың көп
түскенін тосып жүре береді.
Ақырында, бір күні ауға бір-ақ балық түскен екен. Сөйтсе олар
аудың шіріп кеткенін көріпті.
– Əрине, бүгін сенің кезегің, Энанси, – депті Анени. Мен
қуаныштымын. Сен қалаға апарып балықты сат, ал мен ауды сатайын.
Ол үшін едəуір ақша табуға болады. Қалай менің ойлап тапқаным
ұнай ма?
– Хм, – деп міңгірлепті Энанси. – Тоқтай тұр, асығудың керегі не?
Одан да ауды мен сатайын, ал балықты сен ал.
Сөйтіп, олар қалаға барыпты. Анени балығын тез сатыпты, ал
Энанси көшеде айқайлап, арлы-берлі сандалып жүріпті.
– Кімге шіріп кеткен ау керек?! Шіріген тамаша ау сатамын.
Ақыры оның дауысын дуанбасы есітіп, қатты ашуланып Энан-
сиді алып келуге əмір беріпті.
– Сен менің қаламда не істеп жүрсің? – деп сұрапты ол.
– Мен шіріген ау сатып жүрмін, – деп жауап беріпті Энанси
шімірікпестен.
– Сен өзің жынданғанбысың? Бізді кім деп ойлайсың? Сенің
сыңарың Анени жап жақсы балық əкеліп сатты. Ал сен болсаң,
жұртқа əлде қашан далаға тастайтын шоқпытты сатқың келеді. Сен
немене, бізді мазақ қылғың келе ме? – деді де, дуан басы оған дүре
соғып, қаладан қуып жіберуге əмір етті.
Ох, Энанси ойбайлады дейсің!
Ақырында қаланың қақпасынан шығарып жіберген соң оған Ане-
ни айтты:
– Ілгеріде бұл саған сабақ болады. Сен жұртты ақымақ қылайын
деп жүріп, өзің ақымақ болдың.
– Иə, иə, айтқаның рас, – деді ол, екі бүйірі мен арқасын си-
пап. – Сен де жақсы-ақ серік боп шықтың. Мені таяқтап жатқанда
ауыртпалығын сен алсаң бірдеңең кетер ме еді!
«Қазақстан пионері», 16.04.1969 ж.
394
395
АҢЫЗДАН АРЫЛҒАН ШЫҒЫС
Е.Фехер Пал
Андре Мальро бүкіл өмірін аңызға айналған Шығысты іздеумен
өткізді. Ол шығыс халықтары революцияларының куəгері, сонымен
қатар оның солдаты да болды жəне олар үшін халықаралық қолдау
пікірлер ұйымдастырып, Қытайда, Үндіқытай жəне Үндістанда
қаржы мен қару жинап, өз басын қатерге де тікті. Неруден бастап
Маоға дейін дамудың жаңа жолына түскен жаңа мемлекеттердің бас-
шы қайраткерлерімен жүзбе-жүз таныс болды.
Үндістанға генерал де Голльдің саяси жолдама сəлемін ала барған
сапарында ол Бенарестегі Будданың ескерткішін көруге асықты,
оның сиқырлы тылсым күшінің əсерінен үнділік ойлау жүйесін із-
деді. Мальро мистик емес-тін, қайта ол саясатта да, əдебиетте де
реалист болатын. Сонда да ол Үндістанда Шығыстың мистикалық
«рухын» іздеді.
Елуінші жылдардың орта тұсында бір қазақ-совет жазушысы да
сол Мальромен қатар Үндістанда болып қайтты. Ол өзінің ата тегі-
мен де, ғұлама білімдарлығымен де Шығыстың төл перзенті Мұхтар
Əуезов болатын. Ол туған кезде оның халқы сауатсыз, қараңғы еді,
солай бола тұрса да, небір тамаша батырлық жырлар мен ғажайып
аңыздар шығарды. Əуезовтің өзі де көшпенді рудан шыққан еді,
Өзінің өзгеше, ықыласы мен ынтасы жəне советтік өмір тəрбиесі
арқасында ол XX ғасырдың дəрежесінде білім алды. Əуезов саясат
адамы емес, ғалым: əдебиетші, тамаша фольклорист, қалың-қалың
монографиялардың авторы, Мальро сияқты реалист-жазушы. Рево-
люцияда ол өзінің француз əріптесіндей романтикалық роль ойнаған
жоқ. (Мальро қазақ жазушысынан небəрі төрт жас қана кіші еді).
Ол да Бенаресте болып, Будданың табытын көрді. Мифтер ту-
ралы ол міндетті түрде таныстыруға қажет материал ретінде ғана
сөз етеді. Будда мен Шива мүсіндерінің көпшілігі кемсалихат
жарымжандық күйге ұшырауының себебі оны шынымен қатты ой-
ландырды. Алла тағала күнəмізді кешірер деген сеніммен оларды
«хақ мұсылмандар» бүлдіріп құртқан еді. Əуезовке мұсылмандардың
осы бір діни «қасиетті кектерін» білу діншілдердің революцияға де-
ген өшпенділігімен күресу үшін қажет болды.
Мен бұл екі жазушыға баға беруден аулақпын. Мальро жалпыға
мағлұм, Мұхтар Əуезов дана ақыл иесі, тамаша жазушы бола тұрса
да, əлем оны əлі жеткілікті танып болған жоқ, Əуезов тұтас бір
əдебиетті танытады, ол қазақтың профессионал əдебиетінің негізін
салушы болып табылады.
Алайда бұл жазушылардың құбылыстарды танып-білу жолда-
ры мүлде басқаша екені айдан анық. Мальро Шығыстан Европада
жоқты іздейді, ол Азияның Европадан айырмашылық белгілерін
іздейді. Əуезовке аңыздың қажеті жоқ, ол мифпен тұмшаланып,
бүркелген қатал шындықты қалтқысыз таныды. Ол онымен өз елінің
өткен тарихынан да таныс болатын жəне сондай-ақ бұл шындықты
ол бүгін жан-жақты қоғамдық даму жəне ғылыми техникалық рево-
люция жолына түскен Азия континентінің басқа елдерінен де көрді.
* * *
1973 жылы сентябрьде Мұхтар Əуезовтің тұрған қаласы Алма-
тыда Азия мен Африка елдерінің жазушылары өз конференциясына
жиналды. Бұл олардың бесінші кездесуі еді. 1956 жылы, Мальро мен
Əуезов Үндістанға барған кезде, үнді жазушыларының Азия жəне
Африка жазушыларының жалпы форумын шақыруды ұсынды. 1958
жылы Советтік Өзбекстанның астанасы Ташкентте афро-азиялық
жазушылардың бірінші конференциясы болды да, содан бері бұл
ұйым ойдағыдай қызмет атқарып келеді.
Мəселе мынада: Африка мен Азияның жаңа əдебиеттері өзара
танысқысы келеді. Олар өздерінің қол жеткен табыстарын шын
мəніндегі прогресс тұрғысынан бағалап, болашақ жоспарларын бел-
гілеуді тілейді.
Осы бағдардағы қызметтің топтап жинақталған ең сəтті програм-
масын мен Лениндік сыйлықтың лауреаты, қырғыздың үлкен жазу-
шысы Шыңғыс Айтматовтың «Литературная газетада» жарияланған
«Қуалай соққан қоңыр жел» атты мақаласынан көрдім.
Айтматовтың негізгі айтпақ идеясы – афро-азиялық жазушы-
лардың бұл кездесулері фашиизмді жеңгеннен кейін, отаршылдық
системаның күйреуі тұсында басталғаны жəне өткізіліп отырғандығы
жайында пікір. Басқаша айтқанда, тек прогресшіл саяси қайраткер-
лер мен жазушылардың ғана емес, тұтас ұлттардың өмірлеріне ті-
келей төнген хауіп келмеске кетті, сол сияқты əйтеуір күнелтіп, тір-
шілік ету үшін ғана күрескен кезең де өтті. «Қайтсек күнелтеміз?»
деген сауалдың орнына енді «не үшін өмір сүреміз, өз өмірімізді не-
менеге арнаймыз, өмірлік мақсат не жəне оның мағынасы қандай?»
– деген əлдеқайда маңызды проблема туды.
396
397
«Бүгінгі күндері, – деп жазады Айтматов, – екі ққрылықтың
– Азия мен Африканың көптеген халықтарының алдында тек саяси
жəне əлеуметтік міндеттерді шешудің тəсілдерін таңдау ғана емес,
сонымен бірге ұлттық өмірдің əлдеқайда күрделі аспектілері мен
өз мəдениеттерінің даму жолдарын таңдаудың да қажеттігі туып
отыр...
Қырғыз жазушысы африкалық немесе азиялық жазушылармен
əңгімелескенде «XX ғасыр – ұлтшылдықтың ғасыры» деген сөздерді
жиі еститіндігін айтады.
Айтматов «ұлтшылдық» деген ұғымның өзін кең толғап ойланып,
дұрыс та деп түсінудің төтенше маңызы бар деп санайды. «Егер əңгіме
бір ұлттың жан теңгермес ерен ерекшелігі туралы доктриналардың
кез келгені жайында, бір халықтың екінші халықтан артықшылығы
туралы теориялардың кез келгені жайында немесе ұлттық-мемлекет-
тік мүдделердің тар шеңбердегі өзімшілдік концепциясы жайында
болса, – деп атап көрсетеді Айтматов, – онда олардың бірде-біреуін
мен мүлде қабылдай алмаймын, өйткені бұл тоқмейілсуге, орын-
сыз мен-мендік тəкаппарлыққа, ақыр-аяғында рухани бишаралыққа
алып баратын барынша ең реакцияшыл құбылыс».
Айтматов сонымен бірге мынадай жағдайды қазіргі кезде ұлттық
сана-сезімге ұмтылып отырған оянған халықтардың өмірінде
ұлтшылдықтың тарихи ролі əртүрлі болуы мүмкін екендігін де еске
алады. Ол мұны былайша пайымдап, тұжырым жасайды: «Егер мұны
(ұлтшылдық дегенді) тұтас халықтардың ғасырлар бойы жинап-тер-
ген өмірлік тəжірибесін бейнелейтін этникалық, лингвистикалық,
мəдени қайталанбас белгілері ретінде қараса, онда ұлттық тілдерді,
ұлттың өзіндік ерекшеліктерін сақтауға, дамытуға ұмтылуды жалпы
прогресс үшін онша қажет емес теріс нəрсе етіп көрсетпек болу да
дəрменсіз, дəлелсіз».
Айқын да ақылды позиция. Айтматов ұлттық ерекшелік – ұлт
тілдерінің бірлігін атап көрсетумен шектеліп қалмайды. Ол мы-
надай жағдайға дара түсінік береді: африкалық жəне азиялық
жазушылардың кездесуі XX ғасырдағы прогресшіл идеялардың
дəнекер елшісіне айналуға тиіс. «Шығыстың аңызын» іздемеу керек,
бейбіт əлемнің бірлігін тауып, нығайту керек. Ғылыми-техникалық
революция ғасырында рухани байлықтарды қорғау жəне тарату жа-
уапкершілігін жазушылар өзімнің адамгершілік парызым деп білуге
тиіс. Аңыздарды адамгершіліктің күлгісі етудің қажеті жоқ, қайта
ұлттық дəстүрден социализмнің бүгінгі прогресін қолдайтын һəм
соған көмектесетін жалпы бағытты, сондай элементтерді іздеу ке-
рек жəне оларды табуға болады. Мұндай жағдайда дəстүрлер ұлттық
ой-зерде немесе «шығыстық сана-сезім» дегендер халық үшін
апиын емесі, қайта ол шындыққа, ұлттық жəне жалпы адамгершілік
тұрғысынан олардың өзара намысын жоғары сезіп білуге жетелей-
тін күш. Бұл позиция – социалистік позиция. Бұл «біз не үшін жəне
қалай өмір сүреміз?» деген сауалға айқын жауап береді.
Айтматов шығармалары Венгрияға кеңінен таныс жəне бүкіл
əлемге де мəшһүр. Оның əдеби шығармаларынан теориялық планда
өзі айтып отырған осы принциптердің эстетикалық қазынаға қалай
айналғанын, қаншама шынайы өнер шығармасына көшіп, сосын
идеялық-саяси күшке ие болғанын көруге болады.
Айтматов Азия мен Африканың жалпы прогресін мифтерсіз,
аңыздарсыз алып қарастырады, жəне ол осы прогресті социа-
листік революцияның даму жолдарынан көргісі келеді. Ол Евро-
паны өсіп-өркендеп келе жатқан елдерге қарсы қоймайды, қайта
керісінше, социалистік дүниетанымның адамы тұрғысынан қарап,
оларды идеялық-саяси одақтастар деп санайды. Оның ой-пікірі де
ұстаздарының бірі – қазақ жазушысы Мұхтар Əуезовпен үндесіп
жатыр. Алматыда жиналған Африка мен Азия елдері прогресшіл
жазушыларының ой-пікірлері де осыған саяды.
«Социалистік Қазақстан», 12.03.1974 ж.
398
399
Мазмұны
«Өнерімен» сүйікті, өресімен биік-ті. Алғысөз орнына ................3
Жанр жүгі
Əлемге мəшһүр əдебиет ................................................................11
Өмірі – өнеге, өнері – мұра ...............................................................19
Мұхтар Əуезов – қоғам қайраткері .................................................75
Бір хаттың тарихы ........................................................................81
Қауышқан құшақтар .....................................................................85
Еңбекпен ержеткен талант ..............................................................91
Қайта туған роман .....................................................................141
Тəрбиеші таланты .......................................................................153
Адам. Тарих. Роман ......................................................................164
Алғашқы қадам ...........................................................................170
Жастықтын өзі – жайсаң жыр .......................................................177
Жаралы жылдар жайында ..........................................................182
Жапырып жауды жеңген соң ....................................................189
Отты жылдар қаһарманы ..............................................................199
Соңыда сонар із .........................................................................204
Поэзия патшалығы
Өшпес мұра ..................................................................................211
Жаңа өмірдің жаршысы .............................................................218
Алпыстың ақын қарап асқарынан ...............................................228
Ақын жолы – жыр жолы ............................................................237
Жыр тасқыны ...............................................................................256
Ақында сыр болмайды айтылмайтын ......................................262
Ұстаз хақы ....................................................................................275
Ақын есеп береді жұрт алдында .................................................281
Ақын жыры – ана .......................................................................288
Сын дестесі
Партиялық принципшіл сын үшін ............................................293
Сын мүддесі ..................................................................................313
Жанр жүгін арқалап......................................................................325
Айқын Нұрқатов хақында .........................................................331
Зерделі зерттеу ..............................................................................339
Кемел шақ .....................................................................................345
Сыншы мұрасы ............................................................................350
Жарияланбаған мақалалар
Толстой жəне Əуезов ...................................................................354
Абай шығармашылығындағы халықтар достығы.....................358
Абай шəкірттері дегендер кімдер?..............................................362
Ақын махаббаты............................................................................366
Қаламдастар туралы толғаныс ....................................................368
Бағалы еңбек .................................................................................371
Іздесек егер Ізтайды... ..................................................................377
Əке-балаға сыншы .......................................................................379
Аудармалары
Күн өтіп кеткендей. Иван Бунин .................................................381
Əбіл Фарадж. Сирия əдебиетінің классигі ................................388
Энанси балықшы. Африка ертегісі ............................................391
Аңыздан арылған шығыс. Е.Фехер Пал .....................................394
«Ел-шежіре» қайырымдылық қоры» қоғамдық қорының
президенті Дидахмет Əшімханұлы
Баламер Сахариев
ШЫҒАРМАЛАРЫ
Редакторы Əділхан Күлімбетов
Техникалық редакторы Ниязбай Оразымбет
Көркемдеуші редактор Жамила Айдос
Компьютерде беттеген Ермек Қабыланбекұлы
ИБ № 122
Теруге 5.05.2013 ж. берілді. Басуға 19.05.2013 ж. қол қойылды.
Пішімі 60х90
1
/
16
. Қаріп түрі «Times New Roman».
Басылымы офсеттік. Шартты баспа табағы 25.
Таралымы 2000 дана. Тапсырыс №
«Ел-шежіре» қоғамдық қоры. 050009. Алматы қаласы.
Абай даңғ. 143., 517 бөлме
«Полиграфкомбинат» ЖШС
Алматы қ., Мақатаев көшесі, 41
Достарыңызбен бөлісу: |