КҮДІРЕ. Жоғарыда талданған күдері сөзімен сыртқы тұлғасы
ұқсас күдіре сөзі және бар. Бұл да сирек қолданылады, бұл да
күдіре бел, күдіре жылқы деген тәрізді тұрақты тіркестерде келеді.
Бұл жердегі күдіре сөзінің жоғарыдағы «жұмсақ иленген тері бау»
мағынасындағы күдері сөзіне қатысы жоқ. Жырларда кездесетін:
Күдіре бел, күпшек сан
Бедеу атқа мінгер жер, –
дегенде қолданылған күдіре сөзі «мықты, төзімді» деген мәнде
жұмсалған. Бұл, сірә, ауыспалы мағына болу керек. Қазақ тілінде
күдірею етістігі бар, мағынасы – «бір нәрсенің көтеріліп, күжірейіп,
қоржиып шығуы». Мысалы, желкесі күдірейген өгіз. Кейбір
диалектологтер күдері мен күдіре сөздерін бір деп табады да күдері
«берік, мықты» деген ескі сөз және ол Шығыс Қазақстан өлкесіне
тән диалектизм деп санайды, оған күдері қайыс (берік қайыс), күдері
жылқы (мықты жылқы) деген мысалдар келтіріледі.
Күдері сөзі қазақ ауыз әдебиетінде «күдерінің терісі» (демек,
«жылқының терісі») деген ұғымды білдіреді (Досқараев, 11, 71).
М.Әуезов тіліндегі этнографиялық сөздерді зерттеген Е.Жанпейісов
те күдері, күдіре сөздерін бір сөз деп табады да олар «дөңес,
шығыңқы» деген мағынаны білдіреді дейді. Күдері бау дегенде,
баудың шығыңқылау, дөңес келген белдің терісінен жасалғандығынан
осылай аталған болу керек дейді (Жанпейісов, 23-27). Біздіңше,
күдері бау мен күдіре жылқы дегендегі күдері, күдіре сөздері – бір
сөз емес, екі басқа сөздер, бірақ екеуі де түптөркіні беймағлұмдау,
мағыналары күңгірт, сирек қолданылатын сөздер болғандықтан,
көбінесе қате түсіндіріліп келе жатыр. Тіпті бұларды Қазақстанның
тек шығыс өлкесіне тән жергілікті сөз деп танудың өзі – жаңсақтық,
өйткені бұл сөзді материалдарды қазақ жерінің батыс өлкесінен
жинаған Н.И.Ильминскийден де, Махамбет ақыннан да, ауыз әдебиеті
үлгілерінен де табамыз. Күдіре сөзі жал сөзімен де келеді: күдіре
жал. Бұл сөздің мағынасының беймағлұмданғаны оның тұлғасын
өзгертіп айтуға (жазуға) әкеп соққан: бірде күдері, бірде көдіре /
кедіре, бірде қыдыра деп те жазылып жүр.
Сөйтіп, күдері – «жұмсақ иленген теріден жасалған бау» деген,
күдіре – «мықты, күшті» деген мағынада қолданылған екеуі екі бөлек
сөздер деп тану керек.
109
КҮНІЛЕСКЕН. XV-XVII ғасырлардағы қазақ ақын-жыраулары
мен батырлар жырларында күңкілдескен көп жаман деген өлең
жолы кездеседі. Мұндағы күңкілдескен деген сөзді «наразылығын
ашып айта алмай, ренжіткен адамның сыртынан сөз ету» деген
мәнде түсінуге болады. Ал бірақ, біздіңше, бұл сөздің дұрыс тұлғасы
күнілескен болуы мүмкін. Ол күнде сөз түбірі – күні болмақ. Күні сөзі
көне түркі тілінде «қызғаныш, қызғанған» дегенді білдірген. Осыдан
туған қазақтың күндеу («көре алмау, қызғану»), күндес, қырғыздың
күнү, күнүлөш («күйеулері бір әйелдер») деген сөздері бар.
Күні («қызғаныш») деген есім сөзден -ле жұрнағы жалғанып,
етістік туады (балтала, қолда дегендердегі сияқты), яғни осы күнгі
күндеу етістігінің о бастағы тұлғасы көне түркі тілдегідей күнілеу
болуы керек. Ал күнілеу, күнілесу «күндеген, қызғанған, көре
алмаған» деген мағынаға ие сөздер болып шығады. Бұл сөздің ер-
теде қолданылған көне тұлғасы келекеле күңгірттеніп, бір жерде
күңкілдескен (мұның да түбірі күні болуы мүмкін), екінші жерде
күйбеңдескен (мысалы, Шалкиізде: « Күйбеңдескен көп жаман Сөзі
тигенге ұқсайды»). Үшінші жерде қоңқалаған (тағы да Шалкиізде:
«Қоңқалаған көп жаман Сол жақсыны көре алмас») болып құбылып
отырған. Белгілі бір тұрақты тіркестің ішіндегі сөздердің құбылуы
сол құбылып өзгерген сөздің күңгірттенуінен, түсініксіздігінен туа-
тыны мәлім.
КІРІС. Қазақтың эпостық жырларындағы, Махамбет сияқты
жаугершілікті толғаған ақын-жыраулар тіліндегі кіріс сөзі контекс-
ке қарасақ, көбінесе «жақтың тартпа бауы, кермесі, адырнасы»
мағынасында жұмсалған. Мысалы, «Қыз Жібектегі»:
Саржанның кірісі
Тартуға келмей үзілді.
«Ер Қосай» жырындағы:
Он атқа алған бұқаржа
Қуысына оқ салып,
Ата алмасам, маған серт!
Атқаныма шыдамай,
Кірістен кетсең саған серт! –
деген жолдарда кіріс адырна, тартпа, керме бауды аңғартады.
Көне дәуірлер мен орта ғасырлардағы түркі жазба ескерткіштерін-
де кіріш – жақтың кермесі, яғни адырна (ДС, 309; Фазылов, I, 607;
Құрышжанов, 146). Демек, қазақ тіліндегі кіріс – көне замандар-
дан келе жатқан байырғы түркі сөздерінің бірі. Ертеректегі түркі
тілдерінде «қуруғ йығач егілмес, қурмыш кіріш түгүлмес» деген
110
мәтел болғанын Махмұт Қашқари көрсетеді (МҚ, I. 198). Қазіргі
қазақшаға келтірсек, бұл мәтел «құрғақ ағаш иілмес, тартылған
(құрылған) кіріс түйілмес (түюге келмес)» болар еді.
Кіріс сөзін С.Аманжолов алшын диалектісінің, яғни Қазақстанның
батыс өлкесінің сөзі деп санайды (Аманжолов, 134). Ал фактілерге
қарасақ, қазақ даласының тек алшындар жайлаған аймағы емес, өзге
өңірлерде туған өлең-жырларда да адырна мен кіріс сөздері қатар
кездеседі.
Кіріс сөзін қазақ тілінің екі томдық түсіндірме сөздігі де, екі тілдік
сөздіктері де бермеген. Ал Ә.Қайдаров кіріс-ті жақтың екі ортасының
түйіскен жері, жақ ортасы деп таниды, яғни кіріс – жақ атушының
адырнаны созғанда, жебені ұстап тұратын жері дейді де бұл сөз
кір- деген етістік түбіріне -іс жұрнағы жалғанып жасалған деп са-
найды (Кайдаров, 31). Зерттеуші Ғ. Мұсабаев та кіріс сөзін «гнездо
лука (жақтың ұясы)» деп аударады. Демек, ол да кіріс сөзін жақтың
оқ орнықтырып ұстайтын орта тұсы, оқ ұясы деп түсіндіреді. Ал
біздің топшылауымызша, бұл сөз қазақ тілінде негізінен (көбінесе)
«адырна, керме бау, жақ тартпасы» мағынасын берген және ол кіру
етістігінен емес, керу етістігінен жасалған болу керек. Кер- етістігі
«тарту, созу» мағынасында түркі тілдерінде «атам заманнан» бар сөз
(ДС, 300), -іш (қазақша варианты – -іс) жұрнағы – етістіктен есім ту-
дыратын қосымша. Сонда керіш (керіс) сөзі «керілген нәрсе, керме,
тартпа» дегенді білдіреді.
Керіш сөзіндегі е дыбысының қысаң і-ге ауысуы – түркі тілдері
үшін жат құбылыс емес. Демек, көне керіш тұлғасы – қазіргі керме
сөзінің баламасы болып шығады (-ме жұрнағы да етістіктен есім
тудыратыны белгілі). Бұл түбірден кереге сөзі де жасалған тәрізді,
өйткені кереге де – киіз үйдің керілетін бөлшегі.
Ал жақтың оқ орнықтырып ататын орта тұсы «Ер Қосай» жырын-
да айтқандай, қуыс деп немесе суреттеме түрде басқаша аталса керек:
Қуысына оқ салып,
Ата алмасам, маған серт!
Көне түркі тілдерінде бұл мағына йа бағры (жақ бауыры) деп
берілген (ДС, 221). Кіріс сөзі бұл күнде ұмыт бола бастағандықтан,
әртүрлі жазылып та жүр. Мысалы, «Қыз Жібек» жырының 1963
жылғы басылымында:
Кірестен оғы өтеді
Сансызбайға жетеді, – деп жазылған.
КІРІШ. Бұл сөз «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» жырында:
Ен дария емшек сүтім кіріш тартар, –
деген жолда кездеседі. Сондай-ақ Бұхар жырауда:
111
Ат тұяғы тимеген
Ақ кіріш тас суда бар, –
деп келеді. Кейбір басылымдарда дәл осы жол ақ кірпіш тас деп қате
жазылып жүр. Кіріш сөзіне «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» жырында «ақ,
аппақ» деп біршама дұрыс түсінік берілген. Көне түркі тілдерінде
кіршен сөзі «бетке жағатын ақ нәрсе» дегенді білдірген. Қазақтың
ертеректегі тілінде де кіріш сөзі ақ деген сөздің синонимі ретінде
жұмсалған тәрізді. Оған ақ кіріш тас, емшек сүті кіріш тарту деген
тіркестер дәлел. Кириш сөзі «ақ балшық» мағынасында қазіргі ноғай,
түрік тілдерінде қолданылады. Кирәч сөзі әзірбайжан тілінде де
«гипс, алебастр» деген мағынада жұмсалады. Бұлардың барлығында
да тастың, минералдың ақ түсіне қатыстылық бар. Сөз төркініне
үңілушілердің бірі – Б.Сүлейменова орыс тілінен енді деп жүрген
кірпіш сөзінің өзін осы кіріш сөзімен жанастырады (Этимол. сөздік.
109-111). Ал орыс тіліндегі кирпич сөзі бұл тілге түркі тілдерінен
енген деген пікір де айтылып жүр (Шипова, 183).
КІШІЛІК. Жырларда және XVIII-XIX ғ. ақындарында кішілік
сөзі кездеседі. Мысалы, Алмажан Азаматқызында:
Алмажан сынды бейбақты
Кішілікке алуға, –
деген жолдар бар. Сырт қарағанда, мұндағы кішілік сөзі кіші деген
сөзден жасалған (кіші әйел, тоқал) сияқты болып көрінеді. Ал,
шындығында, бұл сөздің түбірі – көне түркі тілдеріндегі кіші /кіс
сөздері. Махмұт Қашқаридің көрсетуі бойынша, кіші сөзі «біреудің
әйелі» дегенді білдірген, «үйлену» дегенді кіші алу деген (қазақ
тіліндегі қатын алу, қазіргі әйел алу дегендермен салыстырыңыз).
Демек, кішілікке алу «әйел етіп алу» деген мағынада. Сірә,
«кішкентай» мағынасындағы кіші сөзінің актив қолданылуына бай-
ланысты және қатын, әйел, зайып, жұбай сөздерінің тіл кәдесін
әбден атқаруына орай «біреудің әйелі, жұбайы» деген ұғымдағы кіші
сөзі қазақ тілінен мүлде ығысып кеткенге ұқсайды да тек кішілік
тұлғасында көненің көзі ретінде некен-саяқ жұмсалып келгені
байқалады. Е.Жанпейісов кішілік сөзі бір кезде тіпті еркекке де
қатысты айтылған болу керек деп топшылайды да бұл сөз «құл»
мағынасын берген болу керек дейді (Жанпейісов, 44).
ҚАҒАНАҒЫ ҚАРЫҚ, САҒАНАҒЫ САРЫҚ. Бұл фразео-
логизмдегі қағанақ, сағанақ сөздері – бұл күнде қалың көпшілікке
бейтаныстау, күнделікті қолданыста жеке кездеспейтін тұлғалар.
«Түсіндірме сөздікте» қағанақ сөзіне «малдың іштегі төлін орап
112
тұратын, жұқаша қабық» деген түсінік берілген. Мұның, әрине,
жоғарғы тұрақты тіркестегі қағанақ-қа еш қатысы (жақындығы) жоқ.
Қағанақ Будагов сөздігінде де «послед от ягненка» (Будагов,
ІІ том, 18-бет), ал Радлов: қағанақ – қазақ тілінде «уызды пісіріп
жасаған тағам» (вареное первое молоко после отеления) деп береді
(Радлов, ІІ том, часть 1, 1899, 73-бет). Мұны бір халық өлеңіндегі
қолданысы дәлелдейді:
Қойым жайып келемін бозғанаққа,
Өзім тойып келемін қағанаққа…
Ал қарық болу сөзінің мағынасы «бір нәрсеге жарыды, кенеліп
қалды, жетісті» екендігі мәлім. Демек, қағанағы қарық – «піскен уыз
сияқты тәтті тағамға кенелді (әбден тойды)» деген ұғымда айтылған
бейнелі тіркес. Енді сағанақ сөзінің мән-мағынасын іздесек, бұл сөз-
дің мағынасын «Түсіндірме сөздік»: «керегенің қоспасындағы шолақ
ағаштар», – деп береді (ҚТТС, 8-том, 92-бет). Демек, сағанақтың сары
деп бейнеленуі сары (көне тұлғасы – сарығ, одан «қазақшалануы»
сарық) дегеннің сөз тіркестеріндегі әр алуан мағыналарының бірін
көздегендік болар және ол тіпті де түске қатысты болмауы да мүмкін,
ол бейнелі мағына «тұтас» дегенді де, «ұзын» дегенді де тағы осындай
семалық сипаты (мағыналық реңкі) бар қолданыс болар. Ал тұтас фра-
зеологизм, «Түсіндірме сөздік» біршама дұрыс көрсеткендей, «мәз-
мейрам, мәре-сәре» деген ыңғайда жұмсалады, тіпті, дәлірек айтсақ,
«үйі берік, тамағы тоқ» немесе «көйлегі көк, тамағы тоқ» дегеннің
синонимдік қатары деуге болады, яғни «тұрмысы жақсы, бар керекке
кенелген» деген ұғымда жұмсалады. Бұл бейнелі фразеологизмдегі
қағанақ та, сағанақ та – бұл күнде ұмыт бола бастаған сөздер немесе
тұлғаның (сөз пішінінің) өзі болғанмен, мүлде басқа мағына беретін
диалектизм (жергілікті сөз) ретінде көрінеді. Мысалы, диалектолог
мамандардың мәліметтеріне қарағанда, қағанақ – Семей, Абай аудан-
дары тұрғындарының тілінде «лампаның шынысы» дегенді білдіреді
(ДС, 1969, 180-бет). Орта Азия халықтары тілінде сағана/согана сөзі
де бар, ол – «мазардың алдыңғы бетінде кішкене төрт бұрышты етіп
қалдырған кішкентай көздері (одан өліктің аруағы шығып кетуі ке-
рек) (Г.П.Снесаров Реликты домусульманских верований и обрядов у
узбеков Хорезма, М., 1969, 110-бет).
Біз талдап отырған сағанақ сөзінің осы сағана/согана сөзіне
қатысы болуы да мүмкін: кереге де – төрткөзденген зат қой. Мұны
этимологтер іздестіре жатар.
ҚАҒЫЛУ. Бұл күнде қағылу сөзін қағу етістігінің ырықсыз етіс
түрі деп ұғамыз. Сондықтан «Қобыланды» жырындағы:
113
Не қылсаң да, маған қыл,
Бұрылға сірә қағылма, –
деген Құртқаның сөзіндегі қағылма етістігін «соқтықпа, ұрынба»
деген сөз деп ұғынамыз. Бұл тұлға осы мәнде жеке тұрып кемде-
кем қолданылады. Жоғарыдағы ұғымда қақтықпа сөзі кәнігі. Ал
қақы- (қақу) етістігі көне түркі тілдерінде «ашулану, өшігу» дегенді
білдірген. Біздің контексіміздегі қағылу сөзінің мағынасы да «ашу-
лану» дегенге сай келеді. Біздіңше, қақтығу мен қағылу дегендер
осы қақы- түбірінен өрбіген. Бірақ екеуі бір-біріне жақын екі түрлі
мағынада қолданылған: қағылу – «ашулану», қақтығу – «соқтығу,
ұрыну».
ҚАЗАҚ ШЫҒЫП КЕТУ. ҚАЗАҚТЫҚ. Ғылыми әдебиетте қазақ
сөзінің бір кездерде берген мағынасы мен түптөркіні жөнінде көптен
бері және көп айтылып келеді. Пікірлер алуан түрлі. Қазақ сөзінің
этимологиясын тап басып, бір түйінге тоқайласқан таным жоқ, тіпті
оның қай тілдің немесе тілдер тобының сөзі екендігі де күңгірт,
түбір тұлға екендігі де даулы. Сын көтермейтін халықтық этимоло-
гияларды, әрине, есепке алуға болмайды. Ал ғылыми талдаулардың
ішінде бұл атауды қас/қай+сақ деген этнонимдерден құралған бо-
луы керек деген де, Енисей ескерткіштерінде кездесетін қазғақ
(«бала етіп алған», орысша «приобретенный; усыновленный» деген
мағынаны білдіретін) деген бір сөз болуы мүмкін деген де және осы
сияқты ондаған жорамал бары белгілі. Бірақ әлі күнге дейін бірде-
біреуі даусыз деп танылып орныққан емес. Біз бұл кітапта қазақ
сөзінің этимологиясын айқындау (зерделеу) мақсатын көздемейміз.
Бізге керегі – осы сөздің және оның қатысуымен жасалған қазақ
шығу, қазақ шығып кету, қазақтық сөздерінің өте ертеден келе
жатқан өлең-жырларымыздағы, ақын-жыраулар тіліндегі ертелі-кеш
қолданысында білдірген мағынасын талдап таныту.
ХV-ХVІІ ғасырлардағы (мүмкін, бұл кезеңнен әлдеқайда бұ-
рынырақ және кейіндеу де) қыпшақ тобындағы түркі тілдерінде қазақ
деп әміршісіне (ханға, бекке т.б.). ренжіп немесе кінәлі болып одан
алшақтап шетке (өзге хандыққа, өзге жерге) шығып кеткен адамды
не адамдар тобын (ауыл, туыстар, рулы ел сияқты) атаған деген пікір
біршама дәлелді көрінеді. Ертеректегі өлең-жырларымызда қазақ сөзі
нақты халықтың атауы ретінде емес, «шетке шыққан, бөлініп жүрген
адам немесе жұрт» деген мағынада жиірек кездеседі. Мысалы, ХVІ ғ.
жырауы Шалкиізде:
Жазыда мал іздеген қазақтың
Басы қайда қалмаған?
114
Бұл жерде қазақ – халық атауы да емес, бір халықтың өкілі де емес,
«жазыда (яғни кең далада, аулақта, шетте) жүрген және жай жүр-
меген, «мал іздеген, яғни тәуелсіз, еркін күн кешуді көздеген жеке
адам» дегенге меңзейді.
Қазақтың батырлар жырлары мен ХV-ХVІІ ғасырдағы ақын-
жырауларында қазақ сөзі көбінесе «шетке шыққан, іргелі жұрттан
бөлініп жүрген адам немесе адамдар тобы» деген мағынаны білдіреді.
Сірә, ХV-ХVІ ғасырларда ноғайлы-қазақ одақтастығы кезінде
ноғайлардан бөлектене бастаған ру-тайпаларды қазақ деп атағандары
байқалады. Мысалы, «Едіге» жырында:
Он сан ноғай ішінде
Үш жүз алпыс отау қазағым
Сені тағы алдырттым, –
деген жолдарды оқимыз. Сондай-ақ ноғайлы-қазаққа ортақ жырау
деп саналатын Қазтуған (ХVғ.) бір жырда:
Қазақтың ұлы Қазтуған
Бір оралмай еліне
Тайлақты қуып кетер ме? – деп аталады.
Ертедегі қазақ өлең-жырларында да, ноғай жырларында да қазақ
деген жеке сөзден гөрі қазақ шығу, қазақ шығып кету тіркесі мен
қазақтық деген жинақтау ұғым беретін абстракт есім сөз жиірек
кездеседі. Бұлардағы қазақ шығу тіркесі белгілі бір терминдік мәнде
жұмсалған, ол мән (мағына) – «іргелі ұлыстан бөлініп кету, көбінесе
сюзереніне (әміршісіне) өкпелі, наразы болып бағынбай кетіп қалу
немесе кінәлі болып, бас еркіндігін ойлап қашып кету».
Ноғайлы-қазақ жұртына ортақ «Шора батыр» жырында: Шора кісі
өлтіріп қайда барам деп жүргенде, бір түс көреді. Түсінде Қазанға
барған болады. Содан соң Шора Қырымнан қашып, бас сауғалаған
Қазанға кетпекші болады. Сол ойын әкесіне былай жеткізеді:
Ал, ал атам, ал атам,
Саулықпенен қал, атам.
Ақтәжінің Әлібиін өлтірдік,
Басымызға кетпес пәле келтірдік,
Қазан деген ел бар деп,
Бой тасалар жер бар деп.
Қазыналы Қырымды қалдырып,
Қазақ шыға барамын.
Нәрікұлы Шора батыр анасына да, алғанына да осыны айтады:
«қазақ шығып барамын», – дейді.
Қазақ шығып кетудің бір себебі – кінәлі болу. Бұған Мұсеке
Мақанұлы деген ноғайлының қазақтықта жүрген батырының:
115
Менің ием Борақан
Шатырын тауға көшірсін,
Бізден кеткен қазақтың
Бір қатесін кешірсін! –
дегені мысал бола алады (Ноғай жырларынан алынған мысалдардың
барлығы қазақша аудармасы бойынша келтірілді. Қара: Қарайдар мен
Қызылгүл. Алматы, 1989. Бұлардағы қазақ, қазақ шығу сөздері ноғай
жырларында да осы түрінде, осы мағынада қолданылғаны даусыз).
Сірә, о баста қазақ шығу-дың екінші мағынасы да (немесе
мағыналық реңкі) болған болса керек. Ол – «мал іздеп (айдап кету,
саяқ жүрген малды иемдену, шабуыл жасап олжалау сияқты) шетке
шығып кету». Мұны мына мысалдар көрсететін тәрізді. Мысалы,
Шалкиіздің жоғарыда келтірілген «Жазыда мал іздеген қазақтың
Басы қайда қалмаған?» деген жолдарын келтіруге болады. Сол сияқты
«Қарайдар мен Қызылгүл» деген ноғай жырында:
Ғаріп басым мал қайда,
Қазақ шығып кетпесем, –
деген жолдарды оқимыз.
Ноғай жырларының ішіндегі «Қазақ жырлары» циклінен:
Еңістен шыққан жылқы шұбырса,
Азаудағы аш қазаққа жолығар, –
деп келген жолдардан қазақ – төрт құбыласы түгел, ел ішінде жүрген
жай адам емес, түзде (жазыда) жүрген, мал іздеп, аң аулап үй-күйсіз
жүрген, қысқасы, жанкешті адам, оның суреті :
Тоғайды бұлан қашар етектеп,
Артынан қазақ қуар арғымағын жетектеп.
Бұл қуған қазаққа
Алла берер қызыл алтын етектеп.
Қызыл алтын Алла берген қазаққа
Кімдер бермес ару қызын жетектеп…
Бұл жердегі қазақ – халықтың өкілі емес, қай жұрттікі болса да,
ол – ержүрек, батыр жігіт дегеннің атауы. Осыдан барып қазақтық
деген дерексіз ұғым атауы да пайда болған:
Тумаластан несі кем
Қазақтықта бірге жүрген жан жолдас?!
Қазақ шығу тіркесінің беретін мағынасы алғашқыда алаш мыңы,
алты алаш деп аталып келген ру-тайпалардың одағын кейін қазақ де-
ген этноним арқылы атауға себепкер болуы мүмкін. Тарихшылардың
айтуларына қарағанда, ХV ғасырда Узбекия арасынан бөлініп кет-
кен көптеген тайпалық қауымдарды Дашт-и Қыпшақта «қазақ» деп
116
атаған. Яғни қазақ атауы этноним бола бастаған, ал оған дейін қазақ
ру-тайпаларының бір жиынтық атауы болмаған (В.П.Юдин. Орды:
Белая, Синяя, Серая, Золотая… Кітап: Утемиш-хаджи. Чингиз-наме.
Алма-Ата, 1992). Атақты тарихшы Мухаммед Хайдардың көрсетуіне
қарағанда, Дашт-и Қыпшақты өзіне бағындырған Әбілхайырдың қол
астынан Керей хан мен Жәнібек сұлтан бірқатар қауымды көшіріп,
айырып әкеткенде, оларды сол кезде қазақтар (яғни бойсұнбай алыс-
тап кеткен, еркіндік іздеген) деп атаған болуы керек. Және бұлайша
атауды (этнонимдік) жырыла көшкен тайпалардың өздері емес, өзге
халықтар қолданған болса керек дейді тарихшылар. ХVІ ғасырдың
ең соңғы кезеңінде (1602 жылы жазып бітірген) жылнама жазып
қалдырған қазақ тарихшысы – Жалайыр Қадырғали би Қосымұлы өз
туындысында өз халқын «қазақ» деп атамаған, оны «алаш мыңы» деп
атаған (бұл жөнінде осы кітаптағы алаш сөзтізбесін қараңыз).
Қазақ шығу тіркес-атауында және бір қосымша мағыналық реңк
(сема) болғанға ұқсайды, яғни қазақ шыққан жеке адам не адамдар
немесе тіпті рулы ел алғашқы кезде қиыншылық, кезбелік күй кеш-
кен. Мұны қазақ ақын-жырауларының: «Жазыда мал іздеген» немесе
«Арқада мезгілсіз жылқы жусаса, О дағы бір аш қазаққа жолығар»
деген жолдары дәлелдейді. Демек, ертедегі эпос-жырларда, ақын-
жыраулар тілінде кездесетін қазақ сөзі мен қазақ шығу тіркесінің
мән-мағынасын осылайша түсініп оқыған жөн.
Қазақ сөзі халықтың атауы – этноним ретінде батырлар жырларын-
да өте сирек кездеседі де, ХІХ ғасырда жасап өткен ақын-жыраулар
тілінде жиірек жұмсалғаны байқалады. Мысалы, ХІХ ғасырдың ІІ
жартысы мен ХХ ғасырдың бас кезінде жасаған ақындардың туын-
дыларында қазақ сөзі халқымыздың атауы. Мысалы: Мұрат ақында
(ХІХ ғ.):
Атамыз қазақ болғанда,
Әлденеше шапқан жер…
Жеті жұрт көшіп кеткен жер,
Атамыз қазақ баласы
Қонып мекен еткен жер, – дейді.
Қашаған ақында (ХІХ ғ.):
Қазақ деген ел едік,
Қайырлы халық атанған,
Өсіп-өнген қатардан («Ақын», Қазан, 1912).
Қазақ сөзі «осы халықтың жеке бір адамы» деген мағынада да
жұмсалады. Мысалы, Махамбетте:
Бір қазақпен тең едім,
…Қай қазақтан кем едім.
117
Қашқымбай Қожамбетұлында:
Қазақтай малды баға алман,
Қаламды қолға алайын.
Жоғарыда айтылғандай, қазақ сөзінің этимологиясы жайындағы
әңгіме өз алдына бөлек талдауларды қажет етеді. Дегенмен осы сөздің
түптөркініне қатысы бар бір ойымызды білдіріп кетсек. Қазақ сөзінің
шығу етістігімен тіркесуі грамматикалық үйлесім заңына қайшы
келіп тұрған сияқты көрінеді. Бұл тіркес не қазақ болып шығып кету,
немесе қазақтыққа шығып кету тәрізді болса керек қой. Әйтпесе
қазақ шығу тіркесіміндегі қазақ сөзі алыс шығу, оңаша шығу, шет
шығу, қашық шығу, қашыққа шығу (қашық болу) дегендердегі
үстеулер сияқты сезіліп тұрады. Ал, шындығында, тіркес дұрыс
түзілген. Өйткені шығу етістігінің көне түркі тілдерінде 7-мағынасы
деп «біреуге не бір нәрсеге айналу», «біреу не бір нәрсе болып
шығу» көрсетілген, яғни «біреу не бір нәрсе болу» деген мағынада
жұмсалған. Және атау тұлғадағы сөзбен жұмсалған: қазақ шықты –
«қазақ болды». Көне түркіде йағы чықды − «жау болды».
Қайткен күнде де бұл сөздің семантикалық қозғалысы бар: бүгінгі
қазақ этнонимі мағыналық жағынан бірден қалыптаспаған, мұны
осы атаудың қазақ тіліндегі соңғы 4-5 ғасырлық қолданысының
ерекшеліктері көрсетеді.
Терминдік мәні бар қазақ шығып кету деген бұл тіркесті тарихи
романдар жазушы қазіргі авторлар да дұрыс пайдаланған. Мысалы
Мұхтар Мағауин «Аласапыран» романында: «Бүкіл Сібір жұртына
тірек болған тайпалы ел тұтасымен қазақ шығып кетті деп жазады»
(«Аласапыран», І кітап, 157-бет).
Достарыңызбен бөлісу: |