Ббк 83. 3 (5 Қаз) с 94 Қазақстан Республикасы


§ 1. Халықтың ауызекі сөйлеу тілі – қазақ әдеби



Pdf көрінісі
бет3/25
Дата21.01.2017
өлшемі2,1 Mb.
#2384
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   25
§ 1. Халықтың ауызекі сөйлеу тілі – қазақ әдеби 
тілінің негізі
Қазақ халқының этнос ретінде қалыптасқанына дейінгі оны 
құраған ру-тайпалардың және одан кейінгі қазақ қауымының 
өмір  сүру  барысындағы  ауызекі  сөйлеу  тілінің  барлық 
қаттауын  (лексикалық  қазынасын,  грамматикалық  тұлға-
тәсілдерін, фонетикалық жүйесін) және олардың әр кезеңдегі 
нақты күй-қалпын дәл көрсету қиын. Дегенмен қазақ халқын 
түркі  тілдерінің  қыпшақ  тобына  жататын,  ж-мен  сөйлейтін 
(сөз басында j емес, ж дыбысы келетін: жоқ, жақсы, жыл деп 
сөйлейтін)  тайпалар  одағы  құрағандықтан,  осы  тайпалардың 

32
жеке хандық құрған тұсы – ХV ғасырға дейінгі ауызекі сөйлеу 
тілінің  жалпы  грамматикалық  сипаты  мен  сөздік  қазынасы- 
ның,  дыбыстық  жүйесінің  қандай  болғанын  көз  алдымызға 
келтіре аламыз
39
.
Зерттеушілердің  ізденістеріне  қарағанда,  қыпшақтардың 
нағыз дәуірлеп тұрған кезі – ХII-ХIV ғасырларда хатқа түскен 
«Кодекс  Куманикус»  (ХІІІ  ғ.)  «Терджуман  турки  уа  араби» 
(XIII ғ.) «Китаб ал-идрак ли-лисан ал-атрак» (XIV ғ.), «Китаб 
ат-туһба  аз-закйа  фил  лүғат  ат-туркийа  (XIV  ғ.)  т.б.  сияқты 
сөздіктер  сол  дәуірлердегі  сөйлеу  тілінің  ескерткіштері  бо-
лып саналады
40
. Қыпшақтардың ауызекі сөйлеу тілінің заттық 
(сөздік)  көрінісі  мен  грамматикалық,  фонетикалық  сипа-
тын Махмуд Қашғари (ХІ ғ.) сөздігі де танытады. Бұлардағы 
түркі  сөздеріне,  олардың  тақырыптық  топтарына  зер  салсақ, 
ерте  дәуірлердің  өзінде-ақ  қыпшақ  тілдерінің,  оның  ішінде 
қазақ  тілінің  ауызекі  сөйлеу  тәжірибесінде  деректі,  дерексіз 
ұғымдарды беретін бай лексика қоры болғанын аңғарамыз.
«Кодекс Куманикус» (латынша «Кумандардың кітабы» де-
ген атау) – XIII ғасырда жазылып, бізге қолжазба күйінде жет-
кен ескерткіш. 164 беттік бұл ескерткіш екі бөлімнен тұрады: 
бірінші  бөлім  үш  тілдік  (латын,  парсы,  қуман)  сөздіктен,  зат 
есімдер мен есімдіктердің септелу үлгісінен тұрады (1-110-б), 
екінші бөлімінің басымын (111-164-б.) діни уағыздар құраса, 
қалғанын  куманша-немісше,  куманша-латынша  сөздер,  ита-
льян  поэзиясының  үзінділері  (ақын  Петрарканың  қолымен 
жазылған),  қысқа  куманша,  латынша  мәтіндер,  куманша 
жұмбақтар құрайды. Куманша мәтіндердің мазмұны негізінен 
христиан  дінін  берік  ұстауға  үгіттейді,  Иисус  Христостың 
айтқан ақылдарын ұсынады, көрген азаптарын баяндайды.
Ескерткішті  зерттеуші  қазақ  ғалымдарының  пайымдауын-
ша,  кітаптың  I  бөлімі  практикалық  мақсат  көздеп,  II  бөлімі 
кумандарға христиан дінін уағыздау ретінде ұсынылған
41
. Бұл 
39
 Курышжанов А. К истории изучения разговорной речи кыпчаков XIII-XIV вв.// 
Известия АН Каз ССР. - Серия общественных наук. - 1970. - № 6.
40
  Айдаров  Ғ.,  Құрышжанов  Ә.,  Томанов  М.  Көне  түркі  жазба  ескерткіштерінің 
тілі. - Алматы, 1971.
41
 Сонда, 47-б.

33
ескерткіш  жайында  толық  мәліметті  сілтемеде  көрсетілген 
еңбектен алуды ұсынамыз.
Кумандарды  қыпшақтар,  половецтер  деп  те  атаған. 
Қыпшақтар  XII-ХIV  ғасырларда  мерейлері  үстем  болып  ша- 
рықтаған, осы кездерде құмандар (қыпшақтар) тілі Қара теңіз 
бен  Каспий  айналасында  жалпыға  бірдей  ортақ  тілге  айна-
лып, Еуропа елдері қыпшақтар туралы тиісті мәліметтер алып 
отыруға мәжбүр болған.
Көрші отырған орыс, армян сияқты елдердің оны үйреніп 
алуын өмірдің өзі талап еткен. Осылардың нәтижесінде «Ко-
декс Куманикус» сияқты еңбектер жазылып қалған
42
.
Бұл  ескерткіштің  материалдарына  қазақ  әдеби  тілінің  бір 
арнасы ретінде зер салсақ, лексика саласынан мынаны айтуға 
болады:  XIII  ғасырлардағы  қыпшақтардың  ауызекі  сөйлеу 
тілінде адам, табиғат, қоғам, адамдардың өзара және табиғатпен 
қарым-қатынасы  сияқты  тұстардағы  нақты  зат,  құбылыс  ата-
уларымен  қатар,  дерексіз  ұғым  аттары  дараланып,  едәуір 
дамыған түрде қалыптасқанын көреміз. «Кодекс Куманикусқа» 
қарасақ, қыпшақтар тіліне тән және бір ерекшелікті аңғарамыз, 
ол  –  мұнда  дерексіз  (абстракт)  зат  есімдер  негізінен  түркі, 
оның  ішінде  қыпшақ  тілдерінің  сөздері  болып  келеді.  Мы-
салы,  айтмақ  (хабар),  ақлық  (ақтық,  күнәсыздық)  алғыш 
(алғыс),  аманат,  ант,  арувлық  (тазалық,  арулық),  асров 
(тәрбие), ачув (ашу), базлық (бейбітшілік), бейуклук (биіктік), 
бошақ (бостандық), бұйрук (бұйрық), бұлғақ (қым-қуыт кезең), 
бірлік,  бүтүнлүк  (бүтіндік),  егілік  (игілік),  ексүк  (кемшілік), 
емгек (қиындық), емінлік (қауіпсіздік), йете (жете, ақыл, ес), 
йеңмек  (жеңіс),  уғат  (ұят),  улулуқ  (ұлылық)  т.т.  Бұл  сөздер 
қазіргі  қазақ  әдеби  тілінде  де  дерексіз  ұғым  атаулары  болып 
табылады. Әрине, XIV-ХV ғасырлардан кейінгі даму кезеңінде 
бірқатар түркілердің, соның ішінде қазақтардың әдеби тілінің 
лексикасында дерексіз ұғым атауларын араб-парсы тілдерінен 
енген  кірме  сөздермен  білдіру  басым  болып  келгені  белгілі. 
Бірен-саран дерексіз кірме атаулар (ақыл, ашық «ғашық», бақт 
42
 Құрышжанов Ә., Жұбанов А., Белботаев А Құманша-қазақша жиілік сөздік. - 
Алматы, 1978. - 27-б.

34
«бақыт»,  давлат  «дәулет»,  дүние  т.т.)  «Кодекс  Куманикус» 
ескерткішінде  де  бар.  Дегенмен  негізгі  бағыт  –  лексикалық 
байлық түркінің өз сөздері болып келгенін аңғару қиын емес.
Мұндағы  үш  тілдік  сөздікте  берілген  сөздердің  мағына- 
лары бойынша топтастырылған түрлеріне қарасақ, 70-беттегі 
және  оның  атына  байланысты  сөздерден  бастап,  адам,  зат, 
табиғат, қасиет, сапа атаулары т. т. 110-беттегі дақыл аттары-
на дейін 40 түрлі топқа бөлініп берілген. Бұлар – қазіргі әдеби 
тілдердің сөздік қазынасының бұдан 6-7 ғасыр бұрынғы көзін 
танытатын материалдар.
Сөздік түрінде жеткен келесі ескерткіш – «Терджуман тур-
ки  уа  араби»  («Түркіше-арабша  тәржіма»)  да  сөйлеу  тілінің 
материалдарын  танытады.  Бұл  сөздік  1245  жылы  Египет-
те  жазылған.  76  беттік  қолжазбада  2,5  мыңдай  түркі  сөздері 
жинақталған, дені (62 беті) – түркіше-арабша сөздік, қалған аз 
беттері  монғолша-парсыша,  арабша-монғолша  сөздік  болып 
келеді.  Мұнда  сөздер  тек  лексикалық  топтарға  қарай  емес, 
сөз таптарына (есімдер және етістіктер), сөз тұлғаларына (қо- 
сымшалар)  түрінде  топтастырылып  көрсетілгендіктен,  ішін- 
ара  сол  кезеңдегі  түркі  (қыпшақ)  тілдерінің  грамматикалық 
анықтағышы ретінде де танылады.
Абу  Хайанның  «Китаб  ал-идрак  ли-лисан  ал-атрак» 
(«Түркі тілі туралы жазылған түсіндірме кітап») деген еңбегі 
1312  жылы  Каирде  жазылып  біткен.  Кітап  фонетика,  мор-
фология  және  сөздік  болып  үш  бөлімнен  тұрады.  Сөздікте 
3500-ге  тарта  қыпшақ  сөздері  араб  тіліне  аударылған,  олар 
түрікмен,  татар,  ұйғыр,  бұлғар,  Түркістан  түріктері,  тоқсаба 
тілдерімен  салыстырылып  отырылады.  Кітап  көлемді,  екі 
көшірмесі  сақталған  (1335  жылғы  көшірме  132  беттен,  1402 
жылғы көшірме 194 беттен тұрады). Кітап екі бөлімді: І бөлім 
– сөздік (қыпшақша-арабша), II бөлім – грамматика. П.М.Ме- 
лиоранскийдің айтуынша, «Китаб ал-идрак» негізінен қыпшақ 
диалектісін сөз етеді. Бұл ескерткіштің тілін қазақ тілі тарихы- 
на  байланыстыра  арнайы  зерттеген  М.Мәженова  мұндағы  
септік көрсеткіштері қыпшақ тілдерінікі екендігін, сөздік қор- 
дың  56,5  пайызы  фонетикалық  тұлғасы  мен  беретін  мағына- 

35
сына  қарай  қазіргі  қазақ  тілімен  бірдей  түсетіндігін,  яғни  
өзен, ечкі, бешік, ине, бұйдай, төшек, киіз, бөрі сияқты қып- 
шақтық  сөздер  басым  екендігін,  ал  33,5  проценті  сыртқы 
фонетикалық  тұлғасы  жағынан  ғана  өзгешеленетіндігін,  қал- 
ғандары көне түркілік қор мен оғұз-түрікмен тобының сөздері 
екендігін  дәлелдейді.  Ал  фонетика  саласында  Абу  Хайан 
еңбегінің  қазіргі  қазақ  тілінен  өзгешеленіп  тұратындығы, 
мұның  негізгі  себебі  дәстүрлі  түркі  емлесіне  байланысты 
екендігін айтады
43
.
Китаб  ат-тухбат  аз-закия  фи  луғат  ат-туркия»  («Түркі 
тілі  туралы  жазылған  ерекше  сыйлық»)  –  ХIV  ғасырда  Мы-
сырда  жазылған,  180  беттік  қолжазба  ескерткіш.  Бұл  кітап 
сөздіктен және грамматика бөлімдерінен тұрады. Бұл сөздікті 
түрік  ғалымы  Б.Аталай,  өзбек  ғалымдары  С.Муталлибов, 
Э.Фазылов,  М.Зияевалар  түрік,  өзбек,  орыс  тілдеріне  ауда-
рып, түсініктемелер берген (бұл жөнінде толығырақ мәліметті 
«Көне  түркі  жазба  ескерткіштерінің  тілі»  атты  кітаптан, 
Ә.Құрышжановтың,  Т.Арыновтың  еңбектерінен  оқып  білуге 
болады).  «Китаб  ат-туһбаның»  лексикасын  арнайы  зерттеген 
қазақ  ғалымы  Т.Арынов  бұл  ескерткіште  қамтылған  лексика 
қазынасын ортағасырлық өзге ескерткіштердің материалдары-
мен салыстыра отырып, оның «жалпы қыпшақтық» бөлігін ай-
ырып алады да ескерткіште қамтылған сөздердің қазақ тіліне 
қатысын  талдайды.  Өзге  ескерткіштерде  жоқ  (тіркелмеген) 
бұрау,  көже,  күндеш  (күндес),  қолаңса  сөздерінің  қазіргі 
қазақ  тілінде  бар  екендігін  көрсетеді  және  бұл  ескерткіштен 
сөздердің 75-80 пайызы қазақ тілінің сөздігімен сай түсетіндігін 
дәлелдейді.  Зерттеуші  бұл  ескерткіш  ескі  қыпшақ  сөйлеу 
тілінің көрсеткіші дегенді баса айтады
44
.
Сөйтіп,  жоғарыда  сөз  болған  ескі  қыпшақ  жазба  ескерт- 
кіштерінің фонетикалық және грамматикалық сипатын зертте-
ген материалдарға қарап, қазақ әдеби тіліне негіз болған ескі 
43
 Мәженова М.Н. Абу Хайан – исследователь кыпчакского языка. Автореф. канд. 
дисс. - Алма-Ата, 1969.
44
  Арынов  Т.  Лексико-семантические  и  стилистические  особенности  языка 
старокыпчакского  памятника  «Китаб  атгуһба  аз-закийа  фил-лугат  ат-туркийа». 
Автореф. канд. дисс. - Алма-Ата, 1983.

36
қыпшақ ауызекі сөйлеу тілінде сөз басындағы б дыбысының 
орнына м (мұрын, бұрын емес; мойын, бойун емес), ғ/г орнына 
сонор у (тау, тағ емес), й орнына ж (жақсы, йахшы емес), ш 
орнына с (жас, йаш емес), ч орнына ш (шал, чал емес), д орны-
на т (тау, дағ емес) т.т. заңдылықтары бар болғанын көреміз.
Қысқасы,  қазақ  халқын  құраған  ру-тайпалардың  өте  әрі- 
ден,  бірқатар  зерттеушілердің  (мысалы,  Қ.Өмірәлиевтің)  тұ- 
жырымдауынша,  біздің  жыл  санау  дәуірімізге  дейінгі  III- 
II  ғасырларда  және  жыл  санау  дәуіріміздің  басында  өмір 
сүрген  үйсін,  қаңлы  сияқты  түркі  тайпалары  мен  тайпалық 
одақтардың ауызекі сөйлеу тілін қазақ халқының ауызша, жаз-
ба әдеби тілдерінің негізгі көзі деп тануға болады.
§ 2. Қазақтың ауыз әдебиетінің тілі – қазақ әдеби тілінің 
басты арналарының бірі
Қазақтың  халықтық  ауызша  сөз  өнері  әртүрлі  жанрға 
бөлінген өте бай үлгілерден көрінеді.
Қазақ фольклоры өз тарихын өте ертеден бастайды. Зерттеу- 
шілер  қазақ  эпосының  көне  замандардан  –  Орхон  жазулары- 
нан  бұрын  сақ,  ғұн,  үйсін  дәуірлерінен  бастап  туғандығын 
айтады.  Бұл  пікірді  Ә.Марғұлан,  Ә.Қоңыратбаев  сияқты  ға- 
лымдар  баса  айтады
45
.  «Түркі,  монғол  тайпаларының  ертегі 
мен эпосының түп тегі сақ, ғұн, үйсін, қыпшақ, көк түріктер 
заманынан басталып, X-ХVIII ғасырларға дейін үздіксіз даму-
да болған»
46
.
Ә.Марғұлан  оғұз-қыпшақ  тайпалар  тілдерінің  эпостарын 
мынадай дәуірлерге бөліп қарастырады:
1. Атам замандарда туған (VI-ХII ғ.)
2. Тарихи дәуірде туған (XIII-ХIV ғ.)
3. Ноғайлы эпосы (XIV-ХVI ғ.)
4. Жоңғар соғысымен байланысты туған эпос (XVIII ғ.)
5.  Ішкі  қанаушы  мен  хандарға  қарсы  күресті  суреттей- 
тін эпос.
6. Совет заманында туған эпос
47
.
45
 Марғұлан Ә. Шоқан жөне Манас. - Алматы, 1972; Қоңыратбаев Ә. Қазақ эпосы 
жене түркология. - Алматы, 1987. - 95-б.
46
 Қоңыратбаев Ә. Эпос жене оның айтушылары. - Алматы, 1975. - 8-б.
47
  Марғұлан  Ә.  О  характере  и  исторической  обусловности  казахского  эпоса  //
Известия АН КазССР. - Серия историческая. - 1946. - № 2. - С. 75-81. 

37
Қазақ тілі тарихы үшін ноғайлы жырларының, яғни бұрын- 
ғы Дешті Қыпшақ ұлысына кірген тайпаларға – бүгінгі қазақ, 
қарақалпақ, ноғай халықтарына ортақ XIV-ХVI ғасырлардағы 
тарихи  оқиғаларға  байланысты  туған  жырлар  мен  аңыз-әңгі- 
мелер тілінің орны айрықша. Ол жырлар – Шоқан Уәлихановтың 
тануынша, «Едіге», «Ер Көкше», «Орақ», «Шора батыр» жыр-
лары және қырғыз халқының ұлы ескерткіші «Манас» жыры, 
Асанқайғы, Әз Жәнібек туралы аңыз-әңгімелер.
Әдебиетшілердің  соңғы  кездердегі  зерттеулеріне  қараған- 
да,  «Алпамыс»,  «Қамбар»,  «Қобыланды»  жырлары  түркі 
халықтарының  тайпа-ұлыстық  дәуірінде  өмірге  келген.  «Ал- 
памыс»  жырын  оғұз-қыпшақ  тайпалары  жүздеген  жылдар  
бойы  айтып  келген,  оған  бір  дәлел  –  «Қорқыт»  кітабындағы 
«Бамсы-Бейрек»  жырының  қазіргі  «Алпамыс»  жырына  өте 
ұқсастығы.  Ал  Қорқыт  ата  хикаясы  –  VII-VIII  ғасырларда  
Сырдария бойын мекен еткен оғұз-қыпшақ тайпалары арасын-
да туған эпикалық, әрі тарихи мұра
48
.
Бұлардан басқа ноғайлы жырлары цикліндегі «Ер Тарғын» 
және Абыл, Нұрым, Мұрын жыраулар арқылы жеткен Қырым- 
ның қырық батыры (Нұрадин, Орақ-Мамай, Қарасай-Қази) ту-
ралы  жырлар,  XV-ХVII  ғасырларда  жоңғар  шапқыншылары- 
нан  қазақ  жерін  қорғауға  байланысты  туған  «Ер  Қосай», 
«Қарабек батыр», «Төрехан батыр» жырлары ауызша дамыған 
қазақ әдеби тілімен іліктесіп келіп, бір жағынан, оның көркем- 
дік  нәр  алған  қайнар  көзін  құрайды.  Зерттеуші  Ә.Қоңырат- 
баевтың жазуына қарағанда, қазақ халқында 300-дей эпостық 
жыр  бар.  Бұлардың  ішіне,  сірә,  тек  батырлар  жырларынан  
өзге лиро-эпостар да кіргізілген болар.
Өзегі өте ертеден келе жатқан «Қозы Көрпеш-Баян сұлудан» 
өзге кейінгі дәуірлерде, XVII-ХIX ғасырларда туып, жырлан- 
ған «Қыз Жібек», «Айман-Шолпан», «Мақпал қыз», «Сегіз бен 
Мақпал»,  «Күлше  қыз»  сияқты  лирикалық  эпостар  да  қазақ 
көркемсөзінің үлгісі болып, әдеби тілге зор үлес қосқаны анық.
Сөйтіп, жалпы қазақ әдебиеті дүниесінде эпос – өте қомақ- 
ты жанр. Оның тілінің әдеби тілге, қазақтың ескі жазба тіліне, 
тіпті осы күнгі жазба әдеби тіліне қайнар көз болудағы орны 
48
 Келімбетов Н. Ежелгі дәуір әдебиеті. - Алматы, 1991. - 58-б.

38
айрықша. Қазақ ауыз әдебиетінің (фольклордың) тілі әдеби си-
пат алған, белгілі бір сөз жұмсау нормаларын қалыптастырған, 
көркемдік-эстетикалық  қуаты  күшті  тіл  екенін  зерттеушілер 
баса көрсетеді
49
.
Фольклор қазынасының тек батырлар жырлары мен лиро-
эпостары  ғана  емес,  шешендік  сөздер,  ертегілер  т.б.  сияқты 
жанрларының  да  тіл  өрнегі  мейлінше  көркем  әрі  белгілі  бір 
лексикалық,  стильдік  нормалары  қалыптасқан  болып  келеді. 
Фольклорлық  туындылар  тілінің  образдар  жүйесі,  поэтика-
сы,  поэтикалық  фразеологиясы  сол  шығармалардың  идеялық 
мазмұнымен іліктес болатыны белгілі.
Ең алдымен, поэзия түріндегі үлгілер мен ұйқасты-ырғақты 
болып  келетін  шешендік  сөздердің  тілінде  өте  бай  бейнелі  
(образды) фразеология қалыптасқан. Олар – қазақтың ауызша 
да, жазба да әдеби тілдерінің мол арнасы, көркемдік қоймасы, 
поэтикалық  көзі  болып  табылады.  Бұл  фразеологизмдер 
білдіретін  образдардың  дені  айналадағы  өмірден,  қоғамның 
тұрмыс-тіршілігінен,  адамның  өз  басының  қасиет-белгілері- 
нен  алынған  болады.  Қазақ  ауыз  әдебиетінде  (ертегілерден 
басқаларында)  мифтік  образдар  мен  араб,  парсы,  шағатай 
тілдерінен көшкен образдар, әрине, бар, бірақ төлтума образ-
дармен  салыстырғанда  айтарлықтай  көп  емес,  барларының 
да  дені  соңғы  кезеңдерде  –  ХVIII-ХIX  ғасырларда  ауысқаны 
байқалады.
Қазақ  халқының  өткен  дәуірлердегі  негізгі  шаруашылық 
күнкөрісі малға, мал өсіретін кеңістік пен табиғатқа қатысты 
болғандықтан,  образдардың  да  басымы  осы  саладан  алы-
нады.  Оған  дәлел  ретінде  метафора,  теңеулердің  дені  мал, 
оның  ішінде  жүйрік  ат,  нар,  бота,  қозы,  қой  атауларымен 
берілетіндігін  келтіруге  болады.  Мысалы,  «Қобыланды» 
жырындағы Қарлығаш өзін «Бөрік үстінде шоқтымын, қоңыр 
шұнақ тоқтымын» деп, ағасы Қобыландыны «Судан шыққан 
сүйрігім,  суырып  озған  жүйрігім»  десе,  Алпамысты  ағасы 
Тортай:  «Жалғыз  ұлы  бар  еді,  жалғыз  да  болса  нар  еді»  деп 
бейнелейді.  Ал  «Қыз  Жібек»  жырындағы  Төлеген  болса,  ол 
«ерте  туған  көбеген»  болып  танылады.  Батырлықтың  образы 
«оза шауып олжа алған тұлпар» етіп танытылады.
49
 Жұбанов Е. Эпос тілінің өрнектері. - Алматы, 1978.

39
Теңеудің  негізінде  белгілі  бір  сөз-образдардың  символға  
айналуы  басын  фольклор  тілінен  алады.  Қазақ  ауыз  әдебие- 
тінде бөрі («Тарғындайын бөріңіз»), арыстан («Арыстаным- 
ның  барында  оқалы  байпақ  кигенім»),  ақ  сұңқар  («Байлауда 
қалған  ақ  сұңқар  Бұрынғыдай  бола  алмас»),  алтайы  қызыл 
түлкі, құмай жүйрік, құлынбота, қозы сияқты сөздер – сим-
вол  ретінде  келіп,  әбден  тұрақталған,  дәстүрге  айналған  эле-
менттер.  Сол  сияқты  жалқы  есімдерді  символға  айналдыру 
ауыз  әдебиеті  тіліне  тән.  Мысалы,  «Қобыланды»  жырында 
Қарақан тау – Отанның, кір жуып, кіндік кескен жердің симво-
лы: Қарақан таудың аршасы... Қарақан тауда бабамыз. «Ал-
памыс» жырында Жиделібайсын да – осындай символ: «Есебі 
жоқ  көп  жылқы  –  Жиделібайсын  даласы...»,  «Барғаныңда 
не  дейсің  Жиделібайсын  қалаға...»,  «Байсын  деген  –  өз  елім, 
Жиделі – байтақ қаламыз».
Монологтің  немесе  жаңа  оқиға  желісінің  бастауы  (орыс-
ша «зачин») болып келетін стереотиптер де көбінесе мал об-
разымен беріледі. Мысалы: Ерлер мінер алаға, көңілім толды 
санаға...  Батырлар  мінер  қызылды,  Жал-құйрығы  ұзын-ды... 
Жылқы ішінде ала-ды, қылшық жүнді қара-ды деген жолдар 
– кез келген жырда кездесетін бастаулар (зачиндер). Жау боп 
тиген  батыр  Отарда  жатқан  жылқымның  Отарын  бұзған  
кім  едің?!  Жусап  жатқан  жылқымның  Жусауын  бұзған  кім 
едің?!  деген  образдармен  беріледі.  Байлықтың  образын  беру 
үшін  «Қамбар»  жырындағы  Әзімбай  байды:  Әзімбай  еді 
қаракөк  Арылмаған  уызы,  сабада  пісер  қымызы  деген  сурет 
тағы да мал шаруасымен қатысты болып келеді.
Міне,  ауыз  әдебиеті  тілінің  осы  дәстүрі  қазақтың  ауызша 
әдеби  тілінің  де  тілдік-көркемдік  жағынан  жалғасын  тапқан 
мықты  арқауының  бірі  болғаны  байқалады.  Фактілерді  сөй- 
летелік.  Бұхар  жырау  Абылай  ханның  бытырап  кеткен  қазақ 
жұртының  басын  құрап,  тұтас  ел  (мемлекет)  ету  әрекетін 
Елу  жасқа  келгенде,  Үш  жүздің  баласының  атының  басын 
бір  кезеңге  тіредің  деп  бейнелейді.  Шал  ақын:  Он  бес  деген 
жасым-ай  Жарға  ойнаған  лақтай.  Қырық  деген  жасым-ай 
Байлаулы  тұрған  құр  аттай  деп,  әр  кезеңдегі  жасқа  қарай  

40
образын  мал  баласының  күй-қалпына  теңеп  береді.  Дулат  
ақын  сөз  зергерінің  образын  беруде:  Тоят  төс,салпы  ерінді, 
топтан  торай  бермейтін  тұлпар  аттай  қунақпын  деген  
теңеуді  таңдайды.  Махамбет  бір  жерде:  Исатайды  өлтіріп, 
серкесінен  айрылып,  сергелдең  болған  біздің  ел  деп,  Исатай- 
дың  образын  серкеге  теңеп  бейнелесе,  екінші  бір  өлеңінде: 
Тайманның  ұлы  Исатайды  Шайбуыл  салса  нанғысыз  арғы- 
мақтан  туған  қазанатқа  балап  бастап,  әрі  қарай  күніне  көз 
көрінім жер шалғысыз қазанаттан туған қаз мойынға, нарға 
жүгін салғысыз айырдан туған жанпозға, асылын айуан десе, 
нанғысыз  аруанадан  туған  маяға  теңейді.  Демек,  Исатай 
портретін жасауда ақын пайдаланған образдар мал баласының 
жақсы  тұқымдарын  тани  білген  қазақтың  көзімен,  сөзімен 
берілген.
Әрине, халықтың ауыз әдебиеті тіліндегі образдар тек қана 
малшаруашылығы  емес,  қазақ  қауымының  тұрмыс-тіршілік 
қалпынан  да  айналаны  қоршаған  табиғаттан  да  алынады. 
Мысалы,  «Қобыланды»  жырындағы  аламанға  жел  берген, 
азды көпке теңгерген деген фразеологизм «халық қамын жеп, 
халықты азаттық үшін күреске шақырған ер» дегеннің образы 
болса,  «жауды  жеңу»  идеясын  керегесін  отын  қып,  туырлы- 
ғын  тоқым  қып  немесе  керегесін  кескілеп,  туырлығын  тіл- 
гілеп деген образдар арқылы білдірсе, бұл тілдік құралдарды 
Махамбет ақыннан да табамыз. 
Ауыз  әдебиетіне  тән  көркемдеуіш-бейнелеуіш  тәсілдің 
бірі – стереотип формулалары еркін қолдану. Бұлар – жырдан  
жырға  көшіп  отыратын  әбден  тұрақталған  сіріленген  ком-
позияциялар.  Мысалы:  буырқанды,  бұрсанды,  мұздай  темір 
құрсанды...  қорамсаққа  қол  салды,  бір  салғанда  мол  салды... 
қарға  жүнді  қаттасым,  үйрек  жүнді  оттасым...  бірнеше 
күн  жол  жүріп,  кірпігіне  мұз  тоңып...  әулиеге  ат  айтып, 
қорасанға  қой  айтып...  қоңыраулы  найза  қолға  алып,  қоңыр 
салқын  төске  алып  сияқты  штамптар  жыр  сайын  кездеседі  
деуге болады. Бұл кәнігі тіркестер – бір кезде өте әсем нақты 
бір  образдардың  көрінісі  болған  болса,  ұзақ  замандар  бойы  
жиі  қолданыла  келе  белгілі  бір  поэтикалық  немесе  компо- 

41
зициялық  қызмет  атқаратын  «кезекші»  құралдарға  айналған 
формулалар.  Бұлар  көбінесе  айтылмақ  идеяны  (образды) 
күшейте түсу үшін қолданылады немесе көп фабуланы үлкен 
жырларда  сюжеттен  сюжетке,  суреттен  суретке  көшіретін  
бастау  (зачин)  қызметін  атқарады.  Мысалы,  батырлар  жы-
рында жиі кездесетін жылқы ішінде аламын, қылшық жүнді 
қарамын  я  болмаса  мінгенде  атым  ала-ды  деп  басталатын 
«кезекші» тармақтар көбінесе бір суреттен (оқиғадан) екінші 
суретке  көшудің  бастамасы,  кіріспесі  ретінде  жұмсалады. 
Ақын-жыраулар  бұлардың  дәл  өзін  қайталап  қолданбаса  да,  
образдарын  пайдаланады.  Мысалы,  Махамбеттің  тебінгі  
терге шірімей деген образы «Қобыланды» жырындағы тебін- 
гіге тер қатып, қабырғасы қан татып деген жолдарды еске 
түсіреді.  Мұндай  сәттерді  кез  келген  ақын-жыраудың  тілінен 
табуға болады.
Қазақ ауыз әдебиеті тілінде эпитет, теңеу, метафора сияқты- 
лар  да  –  нормаға  айналған  әдеби-тілдік  көрсеткіштер.  Олар 
– әдеби тілдің сөздік байлығын активтендіре түсетін, сөз ма- 
ғынасының  реңктерін  барынша  пайдалануға  әкелетін  эле-
менттер.  Сондай-ақ  эпитет,  теңеу  және  троптың  әрқилы 
түрлері бейнелеуіш тұрақты тіркестерді – поэтикалық фразео- 
логизмдерді  жасайды.  Ауызша  әдеби  тілдің  бұл  саладағы 
үлкен қоймасы – қазақтың ауыз әдебиеті үлгілерінің тілі болып 
келеді.
Батырлықты,  ел  қорғауды,  азаттықты  идея  өзегі  еткен  ба-
тырлар  жырларындағы  образдар  моделі  осы  тақырыптарды 
жырлаған  ақын-жырауларға  да  тән.  Батырды  қыран  құсқа, 
арыстанға,  еркіндікті  сүйген  адамды  тарланға,  құланға, 
сұлулықты  аққуға,  толған  айға  теңеп  образ  жасауда  жырау-
лар мен ақындар қазақтың өте ертеден келе жатқан бай ауыз 
әдебиеті  қазынасына  иек  артқан.  Мысалы,  «Ер  Тарғын»  жы-
рында  Тарғын  батыр  бірде  бөрі,  бірде  арыстан,  бірде  ақ 
сұңқар  теңеулерімен  бейнеленеді.  Жауға  шабар  батырдың, 
елім  деп  еңіреген  азаматтың  образын  арыстан,  жолбарыс, 
бөрі,  нар,  тарлан,  сұңқар,  қыранға  теңеп  жырлау  –  ХIX-XX 
ғасырлардағы ақын-жыраулардың ең бір таңдаулы, кәнігі ама-

42
лы. Мысалы, Есет жыраудың: Мен, мен едім, мен едім, қас қара 
нар мен едім... Шыны тұлпар мен едім, анық сұңқар мен едім... 
Қыран  бүркіт  мен  едім  деген  образдары  немесе  Махамбет 
ақынның: Томағалы сұңқар мен едім... Мен ақ сұңқардан туған 
қудаймын...  Исатайдың  барында  екі  тарлан  бөрі  едім  деген 
бейнелі теңеулері осыны танытады.
Поэтикалық  фразеологияға  белгілі  бір  экспрессиямен  құ- 
рылған  анықтауышты  (эпитетті),  символды  (метафоралы) 
тіркестер,  яғни  синтаксистік  конструкциялар  жатады.  Фоль-
клор тіліндегі поэтикалық фразеологизмдердің компоненттері 
мейлінше тұрақты болып келеді. Мысалы, қырық сан Қырым 
елі деген фразеологизм отыз сан, он сан, алты сан Қырым елі 
деп өзгертіліп айтылмайды. Сол сияқты алты сан Алаш деген 
тұрақты тіркестің анықтауыш компоненті он, қырық, отыз сан 
деген сөздермен ауыспайды. О баста, сөз жоқ, бұл эпитеттердің 
нақты бір мағынаға (қырық ру-тайпадан немесе алты тайпадан 
құрылған  этникалық  одақтың  атауы  ретінде)  қатысы  болған 
болу керек, бірақ келе-келе бұл анықтауыштар тұрақты тіркес 
компонентін  құрап,  поэтикалық  фразеологизм  элементіне 
айналған, бұған олардың эвфоникалық сипаты, яғни аллитера-
циялы, ассонансты сөздер (басқы дыбыстары біркелкі сөздер) 
тіркесін жасауы (Қырық сан Қырым, Алты сан Алаш, Он екі 
баулы Өзбек) көмектескен тәрізді.
Фольклор тіліндегі поэтикалық тұрақты тіркестердің осын-
дай кәнігі эпитетті тобы мейлінше мол, бай әрі біздің күнімізге 
дейін  жеткен  көркем  тіл  қазынасын  құрайды.  Әсіресе  бұлар 
әскери  лексика  тобында:  қару-жарақ  атауларында,  батырдың, 
оның  ата-анасының,  сүйген  жарының  портреттерінде,  асты-
на  мінген  атының  суретінде  т.т.  орын  алады.  Мысалы,  ауыз 
әдебиеті  үлгілерінде  қару-жарақ,  сауыт-сайман  атаулары 
ешқашан бір өзі дара аталмайды, олардың алдында сан алуан, 
көбінесе  тұрақты  эпитеттері  жүреді:  бұлғар(ы)  садақ,  бұқар 
жай, балдағы алтын ақ берен, алтын құндақ ақ берен,көк сүңгі, 
толғамалы  ақ  сүңгі,  бадана  көзді  ақ  сауыт,  шашақты  найза, 
алтын  қалпақ,  жез  телпек,  шар  болат,  жауырын  жебе,  алмас 
қылыш, ақ қара бас ту, тобылғы торы ат, сегіз құлақ ақ шатыр 

43
т.б. Бұл – біздің байқауымызша, қазақ ауыз әдебиетінің тіліндегі 
көркемдеуіш амалдарды көзге түсер ерекшелікті қазақтың ау-
ызша дамыған әдеби тілі, яғни қазақтың XV-XIX ғасырлардағы 
ақын-жыраулары берік сақтап келген (ол жайында кейінгі бап-
тарда толық айтылады). 
Тек  қана  ақын-жыраулар  тілі  емес,  жалпыхалықтық  тіл 
қазынасына  өткен  алалы  жылқы,  ақтылы  қой,  асусыз  тау, 
арылмас тау, торқалы той, топырақты өлім, екі рулы ел сияқты 
фразеолгизмдердің көзін шешендік сөздерден іздеп табамыз.
Ауыз әдебиетін көркемдік жағынан тануда образдың эсте- 
тикалық  өрісіне  (шеңберіне,  зонасына),  яғни  дәстүрлі  сипат- 
тамаларға назар аудару қажет. Фольклор тілінде әр образдың 
өзіне тән анықтамасы (анықтауыш эпитеттері), яғни көркемдік 
белгілердің тұрақты (константты) жиыны болады.
Сондықтан  мұнда  заман  өткен  сайын  мағынасы  күңгірт 
тартқан  көне,  сирек  сөздер  орын  алады.  Мысалы,  атайы  ер,  
астана жұрт, ауыр әскер, ауыр жұрт, алдаспан қылыш, бұлғыр 
тау, ауан су сияқты кесектеріндегі («словесные блоки» деген- 
дердегі)  эпитеттер  әрі  мейлінше  тұрақты,  әрі  көнерген,  бұл 
күнде көпшілік қауым көрсетілген сөздердің, мағыналарын тап 
басып, бірден тани қоймайды.
Фольклор  тіліндегі  жер-су  аттары  нақтылы  мекенді  атау-
дан  образдық  элементтер  ретінде  келеді,  сондықтан  олардың 
да көбінесе бейнелі эпитеттері болады: Алты айшылық Еділге 
Тарланды  талай  салғанмын  («Ер  Тарғын»).  Еділ-Жайық  екі 
су.... Еділден шыққан ен Шаған... Қараже, Қобан қанды су, Үш 
өзен, Самар даңды су,.. Қырық қақпалы Қазан т.т.
Халық,  ру,  ел  аттары  да  тұрақты  эпитетті  болып  келеді. 
Мысалы: тоғыз санды торғауыт, он сандайын оймауыт, алпыс 
үйлі арғын, тоқсан үйлі тобыр, қалың қыпшақ, қара қыпшақ 
т.б. Бұл тәрізді сіріленген поэтикалық тіркестер ауызша әдеби 
тіл үлгілерінен де орын алады. Көркемдік тәсіл ретінде ауыз 
әдебиеті тілі қолданған амалдардың және бірі – сипаттама үшін 
өткен  шақ  есімшемен  келген  құрылымдарды  пайдалану.  Бұл 
амал  әсіресе  іс-әрекет,  қимылға  қатысты  сипаттарда  ұтымды 
қолданылады. Мысалы: Алдаспан ауыр қылыш байлаған... Жа-
уырынына қанды көбе сыймаған, жағасына адам қолы тиме-

44
ген... Құланды қақтан қайырған дегендер – батырдың портреті 
болса,  Ертеңнен  салса,  түсте  озған,  ылдидан  салса,  төске 
озған.  Оза-оза  зырлаған,  басын  тартса  болмаған.  Көк  айыл  
болып көпірсе, Айшылықты алты аттауға ойлаған – батыр- 
дың астындағы тұлпарының сипаттамасы.
Қазақ поэзиясы тілінде бұл тәсілдің фольклор үлгілерінен 
бастап ақын-жыраулар тіліне еркін көшіп, күні бүгінге дейін 
жеткенін байқауға болады. Мысалы, Бұхар жырау сұлу қыздың 
портретін бергенде: Үлдемен басын ораған, Қиғаштап қасын 
қараған.  Күлгенде  күрек  тісі  қасқайған.  Қынай  да  белін 
буынған... Даусы қудай саңқыған... Назыменен күлдірген, Құл- 
қыменен сүйдірген... деп сипаттайды. Шалкиіз Темір әміршісін 
мадақтап сипаттағанда: Көк қоянның қос құлағын тұндырған, 
Көгілдірдің  жез  жанатын  сындырған  Тегеуірінді  болат 
темірдің тегеуіріні өзіңсің дейді. Шобан «бұл жігіттің ішінде» 
бар  бірнеше  батырды  сипаттағанда,  барлығының  портретіне 
-ған  тұлғалы  есімшемен  келген  конструкцияларды  пайдала-
нады.  Мысалы,  үйсіннен  (бар)  Бозторғай  ұлы  Баубек  былай 
суреттеледі:  Алдаспан  ауыр  қылыш  байлаған...  Жауырынына 
қанды көбе сыймаған. Жағасына адам қолы тимеген...
Грамматикалық тұлғалардың белгілі бір стильдік мақсатта 
жұмсалуына  келгенде,  -ып  жұрнақты  өткен  шақ  көсемшенің 
орны  айрықша.  Фольклорлық  поэзия  бұл  тұлғамен  келген 
сөздерді  әрі  ұйқасқа  қатыстырып,  әрі  қимыл-әрекеттің  қалай 
орындалғанын  баяндайтын  амал  констатациясы  ретінде 
келтіріп  образ  жасайды.  Мысалы:  Құйысқанын  қысқартып, 
Екі айылын берік тартып, Енді атына мінеді («Ер Тарғын»). 
Іс-әрекеттің  констатациясын  (баяндалуын)  оның  қалай 
орындалғаны жайындағы сурет (амал) арқылы беру, яғни -ып 
жұрнақты көсемшенің ұйқасқа қатысып, өлеңнің құрылымдық 
бөлігін жасайтыны қазақ жырларында тіпті жиі кездеседі. Мы-
салы, «Қобыланды батыр» жырындағы Құртқаны суреттеуде: 
Сонда сұлу қыз Құртқа қылаң етіп, қылт етіп, Сылаң етіп, 
сылт  етіп,  Шекеде  шоғы  бұлт  етіп,  Алтынды  тоны  жылт 
етіп. Саулы інгендей ыңқылдап, Күшігендей сыңқылдап... деген 
жолдарды оқимыз. «Ер Тарғын» жырында батыр «құйысқанын 
қысқартып екі айылын берік тартып, енді атына мінеді».

45
Белгілі  бір  жай-күйдің,  іс-әрекеттің  формулалары  ретінде 
қалыптасқан  штамптар  жыр  сайын  орын  алады.  Мысалы, 
жауынгерлік  айбаттың  формуласы:  буырқанып,  бұрсанды, 
мұздай темір құрсанды... қабағынан қар жауып, кірпігіне мұз 
тоңып... қорамсаққа қол салды, бір салғанда мол салды; жауға 
аттанудың  формуласы:  қоңыраулы  найза  қолға  алып,  қоңыр 
салқын  төске  алып...  ауыр  әскер  қол  алып,  ал  қара  бас  ту 
алып... т.т. болып келеді.
Міне,  осы  көрсетілген  грамматикалық  тұлғаны  пайдала- 
нудағы екі амалдың екеуі де – қазақтың авторлы поэзиясының 
тілінде  де,  фольклор  тіліндегідей  өте  қолданылған  өтімді 
тәсілдер.
Қазақ ауыз әдебиеті тілінде тыңдаушыға әсер ететін, мүм- 
кін, оны тыңдауға шақыратын және бір амал бар, ол – мәтінге 
мағыналық жағынан жанаспайтын, бір сөздің немесе тіркестің 
қайталануынан  тұратын  өлең  тармағы.  Мысалы:  Бұлғыр, 
бұлғыр, бұлғыр тау, Бұлдырап тұрған құрғыр тау... Ауан, ауан, 
ауан су... Асудан асу бел дейді... Олайым да бұлайым... Мұндай 
қайталауларға  қатысатын  сөздер  кейде  тіпті  түсініксіз  де  бо-
лып келеді... Мысалы, ауан, ауан, ауан су дегендегі ауан сөзінің 
мағынасы  қандай?  Бұл  амалды  да  ақын-жыралар  ұзақ  уақыт 
бойы пайдаланып келген. ІІІалкиізде: Алп, алп, ал сақын,,. Жел, 
жел есер, жел есер... Асқар, асқар, асқар тау. Қазтуғанда: Алаң 
да, алаң, алаң жұрт... Доспамбетте: Сере, сере, сере қар... Тоғай, 
тоғай, тоғай су. Есет жырауда: Мен, мен едім, мен едім. Тіпті 
XIX  ғасырдың  I  жартысындағы  Махамбет  ақынның  өзінде: 
Мінкен де, мінкен, мінкен ер... 
Қысқасы,  қазақтың  ауызша  тараған  авторлы  әдебиетінің 
мазмұн  тарапынан  (в  плане  содержания),  яғни  шығарманың 
сюжеті,  уәжі,  образдары  жағынан  аса  бірдей  болмағанмен, 
тілдік көрінісі (в плане выражеиия) тұрғысынан, яғни поэтика-
сы жағынан іліктестік бары сөзсіз. Әсіресе фольклор тіліндегі 
образдардың  тілдік  көрінісі  ақын-жыраулар  поэзиясы  тілінде 
кең  орын  алады.  Бұлардың  ішінде  ертедегі  әскери-соғыс 
істеріне, тұрмыс-салтқа қатысты фразеологизмдерді таңдауда 
және  орнымен  қолдануда  қазақтың  ауызша  дамыған  әдеби 
тілінің бірден-бір көзі – ауыз әдебиеті үлгілері болды.

46


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   25




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет