§ 3. Орхон-Енисей ескерткіштерінің тілі – қазақтың
ауызша және жазба әдеби тілдерінің бір арнасы
Көне түркі дәуірінен, оның ішінде V-X ғасырлардан, бізге
мынадай жәдігерліктер жеткені мәлім:
1. V ғасырға жататын руна (сына) жазулы Талас-Енисей
ескерткіштері: құлпытастардағы эпитафиялар, олар – 1-2 сөй-
лемнен 5-6 сөйлем көлемінде айтылған тарих;
2. VIII ғасырға жататын руна жазулы Орхон ескерткіш-
тері: құлпытасқа қашалып сызылған (жазылған) түркі тайпа-
ларының сол дәуірдегі атақты қағандары мен батырлары: Білге
қаған, Елтеріс қаған, Күлтегін, Тонықұқтар туралы тарихи
шежірелер;
3. VIII-X ғасырлардағы ұйғыр жазулы жору, аян айту, діни
аңыз түріндегі ескерткіштер (жазбалар).
Зерттеушілердің көбі қазақ халқының өзге түркі халық-
тарымен ортақ тарихының басы VI-IX ғасырларда өмір сүрген
Түрік қағанаты дәуірінен, яғни VI ғасырдың ортасында гун
державасының қираған жұртында қалған ру-тайпалардың дер-
бес мемлекет құрған кезеңінен басталады деп санайды. Ал
Түрік қағанатында, жоғарыда көрсетілгендей, жазба әдебиет,
поэтикалық сөз үлгісі, яғни әдеби тілі болған. Зерттеуші
Қ.Өмірәлиев өте дұрыс танығандай, түркілердің V-VIII ғасыр-
лардағы көркемсөз үлгісі – түркі поэзиясының, әдеби тілінің
туу басы емес, тарихи белгілі кезеңінің ғана басы, яғни
түркілердің ауызша поэзиясы: тұрмыс-салт жырлары, жоқтау
өлең айту салты, дидактикалық, шешендік толғаулар, мақал-
мәтелдер өте арғы дәуірлерде жасалған
50
. XI ғасырда Махмұд
Қашғари келтірген «Алп Ер Тоңа өлді му?» деген өлең – VII
ғасырдан арғы жерден келіп жеткен жоқтау өлең үлгісі.
51
Демек, басын VI-VIII ғасырлардан көп бұрын алған сына
жазулы Орхон-Енисей-Талас жәдігерліктерінің тілі – V-VIII
ғасырларда Жетісу, Алтай, Орталық Азияда өмір сүрген оғұз,
қыпшақ, ұйғыр, қарлұқ т.т. тайпалардың ортақ жазба тілі бол-
ды. Бұл ескерткіштердің тілі бірнеше дәуірлік тарихы бар
50
Өмірәлиев Қ. Көне дәуірдегі сөз үлгілері және оларды зерттеу тәсілі //Қазақстан
мектебі. - 1971. -№2.
51
Өмірәлив Қ. Көне түркі сөз үлгілері туралы // Қазақстан мектебі. - 1971. - №9.
47
жасанды жазба тіл деген де (Э.Р.Тенишев), ауызекі баяндау
стиліне жуықтайтын жылнамалық (шежіре іспеттес) эпостар
тілі деген де (Ә.Қоңыратбаев), эпитафиялық проза тілінің
үлгісі деген де (ГІ.М.Мелиоранский, Қ.Өмірәлиев, Е.Жұбанов),
VI-VIII ғасырлардағы түркі поэзиясының үлгісі деген де
(Ф.Е.Корш, И.В.Стеблева) пікірлер жарыса орын алып келеді.
Қайткен күнде де Орхон және Енисей жазбалары – әдеби тілдік
дүниеліктер, өйткені бұлардың тілінде белгілі бір нормалар,
дәстүрлі үрдістер бары – даусыз.
Орхон-Енисей жазба белгілері бар балбал тастар ең алғаш
рет XVII ғасырдың соң кезінен бастап Сібірді зерттеушілердің
көзіне түсті. XIX ғасырдың II жартысында Монғолия жерінен,
Орхон бассейнінен, Якутияның оңтүстігінен тасқа жазылған
жазулар көптеп табыла бастады. Олардағы жазуды танып,
тұңғыш оқығандар жайында, тастағы жазулардың мазмұны,
тілі, стилі жөнінде В.В.Радлов, С.Е.Малов, П.М.Мелиоранский,
В.Котвич, Г.Рамстедт, А.Габендерден бастап шетел және орыс
ғылымында соңғы жүз жылдың ішінде орасан көп айтылып,
зерттеліп, жазылып келеді.
Көне түркі жазба ескерткіштерінің тілі жөнінде қазақ зерт-
теушілері де (М.Әуезов, М.Жолдасбеков, Қ.Өмірәлиев, Г.Ағы-
манов т. б.), оның ішінде әсіресе Ғ.Айдаров, А.Аманжолов
сияқты танымал ғалымдар айтарлықтай үлес қосып келеді.
Әдебиеттанушы М.Жолдасбеков: «Бір кездерде эпостық
дәстүрі айрықша дамыған қазақ халқының бай мұрасы мен
Орхон ескерткіштерін салыстыра зерттеудің ерекше мәні бар
екендігін» айтып, Орхон ескерткіштері – эпикалық шығарма-
лардың, тарихи-ерлік жырлардың ең әдепкі үлгілері деп тани-
ды
52
, Ал фольклор тілін зерттеуші Е.Жұбанов ауыз әдебиеті
үлгілері жазба әдебиеттен өрбімейді, керісінше, Орхон жаз-
баларына түркі тайпаларының ежелден дамып келген бай
ауыз әдебиеті үрдісі негіз болған дегенді айтады
53
. Бірақ
қайткен күнде де Орхон жәдігерліктері әдеби мұра ретінде де,
әдебиеттің белгілі бір жанрының үлгісі ретінде де біраз түркі
халықтарының, оның ішінде қазақ халқының да әдеби тілінің
тарихи арнасы екені даусыз.
52
Жолдасбеков М. Асыл арналар. - Алматы, 1990. - 72-86-б.
53
Жұбанов Е. Эпос тілінің өрнектері. - Алматы, 1978. - 19-б.
48
1. Қазақ әдебиеттанушылары Орхон жазбаларын қазіргі
түркі әдеби дәстүрлеріне ұластыра зерттеуде көбінесе жанр-
лық сәйкестіктерді тауып, сол жағынан жанастырады. Мысалы,
қазақ фольклорындағы жоқтау, шешендік арнау жанрларының
көрінісі Күлтегін, Тонықұқ ескерткіштерінен табылады дейді.
Сонымен қатар тілдік көркемдеуіш құралдардың ішінде рито-
рикалық сұрауларға құрылған параллельдер (көктен Тәңірі
баспаса,төменде жер айрылмаса, ел-жұртыңды кім тор-
лайды?)
*
адамдарға және туыстық қатынастарға байланысты
сөздер: ата, қатун, қыз, іні, сіңлі, келін, йегін (жиен), оғул (ұл);
2. табиғат құбылыстарына қатысты сөздер: йер, тағ, қар,
таш, тас, йыл, күн, суб (су), құм;
3. әлеуметтік қатыныстарға байланысты сөздер: ел, іл, йурт,
қан (хан), қаған, бек, бай, күң, чығай (кедей), төрү (төре, заң);
4. әскери лексикаға жататын сөздер: сү (әскер), шерік (шеру),
уруш, қылыч, сүңгі, оқ;
5. шаруашылыққа, тұрмысқа қатысты сөздер: бедіз (өрнек),
ағыл (ауыл), капығ (қақпа), еб (үй);
6. жан-жануарлар атаулары: адгыр, ат, буқа, тай, інгек
(сиыр), бөрі, қой, йылқы, йонт (жылқы), барс, бічін (мешін);
7. анатомиялық атаулар: баш, бас, адақ, көз, қаш, құлғақ, йу-
рек, сач, тіл, өд (өт);
8. заттардың сынын көрсететін сөздер: ақ, қызыл, сары, йе-
грен (жирен), йашыл, көк, кара, улуг, бедүк (биік), йуйқа (жұқа),
йінічке, қалун (қалың);
9. есімдіктер: бен, мен, сен, сін, біз, сіз, не, қаны (қайсы), бу,
кім;
10. сан есімдер: бір, екі, уч, төрт, беш, алты, йеті, секіз,
тоқуз, он, йігірмі, отуз, қырық, еліг, йуз, мың, бің, түмен;
11. етістіктер: ет-, есід-, олур- (отыр-), йат-, йарат-, көр-,
біл-, тут-, йаңыл,- сақын- (ойлан-), сығта-; үстеулер: ілкі, кідін
(кейін), күнтүз, таңүнтүрү (таң ата), сияқты сөздер деп бөліп,
олардың қазақ тіліне де тән екендігін, бірлі-жарым фонетика-
лық айырмасы болмаса, негізінен сол қалпында сақталған-
дығын көрсетеді
54
.
* Ескерткіштерден келтірілген мысалдар қазақша аударылған түрінде беріледі.
54
Айдаров Ғ. Орхон-Енисей жазба ескерткіштері және қазақ тілі //Қазақ әдеби
тілінің тарихи көздері. - Алматы, 1989. - 142-143-б.
49
Зерттеуші Ә.Құрышжанов пен М.Томанов Орхон-Ени-
сей ескерткіштері тіліндегі қазіргі қазақ тілінен тұлғалық әрі
мағыналық жағынан ұқсастығы (сәйкестігі) айқын, ешқандай
айырмашылығы жоқ сөздер деп 130 сөзді, ал қазіргі қазақ
тілімен салыстырғанда кейбір фонетикалық ерекшелігі
бар сөздер деп 397 сөзді, тұлғалық та, мағыналық жағынан
ұқсастық таппайтын сөздер деп 311 сөзді тізіп көрсетеді
55
. Бұл
өте құнды статистикадан біз қазіргі қазақ тіліне, оның әдеби
түріне мағыналық жағынан сай түсетін, тұлғалық жағынан
да сай (130) немесе аз-кем өзгешеліктерімен сәйкесетін (397)
сөздер сан жағынан сәйкес келмейтін сөздерден көп екенін
көреміз. Әрине, көне және қазіргі тілдердің бір-біріне алыс-
жақындығы тек сөздердің санымен ғана өлшенбейтіндігін мой-
ындай отыра, дегенмен лексикалық қордың негізі іліктестік та-
уып жатса, көне-жаңа тілдердің де арналарының бір екендігін
көре аламыз.
Сөздік қазынасының негізі сақталып келгенімен, ондаған
сөздің бұл күнде, мысалы, қазақ тілінде қолданылмайтын-
дығын білеміз. Дегенмен қай түркі тілі болмасын, өздерінің
бүгінгі лексикалық қазынасында көне сөздерді ішінара сақтап
қалғандығы да байқалады. Мысалы, қазақ тілінде «мүлік»
мағынасыңдағы көне түркілік барым сөзі, «шақыру» мағына-
сындағы оқу, «сөйлеу, сөз» мағынасындағы саб (сөз саптау –
«сөз сөйлеу»), «кедей» мағынасындағы шығай (Шықбермес
Шығайбай) деген сөздер тұрақты тіркестердің құрамында не-
месе жалқы есімдердің аталуында сақталған. Осы сияқты
«өзен» ұғымындағы үгуз (өгіз) сөзі топоним құрамында
кездеседі. Бірқатар көне түркі тұлғалары бұл күндегі плео-
настық (бір мағынадағы екі сөздің қатар қолданылуы) тір-
кестерде сақталғанын көреміз. Мысалы, ел-күн, жылап-сық-
тау деген қос сөздердің екінші сыңарларының бірі – күн
көне түркі жазбаларында «ел, жұрт» мағынасындағы, сықтау
«жылау» мағынасындағы сөздер.
Көркемдеуіш-бейнелеуіш тәсіл-құралдар саласына келсек,
белгілі бір атаудың тұрақты эпитеттермен келуі Орхон ескерт-
кіштеріндегідей, қазақтың әдеби тіліндегі айрықша көркемдік
55
Құрышжанов Ә., Томанов М. Көрсетілген кітап. - 45-57-б.
50
белгілерінің бірі екендігін айту керек. Мысалы, «Күлтегін-
дегі» сүчіг саб (тәтті сөз), йымшақ ағыс (асыл дүние), беңгү
тас, еріг йер, қара йер, қызыл қан, қара тер, көрер көз, сарығ
алтун, өрүң күмүш сияқты тіркестердегі тұрақты эпитеттер-
дің өздері де, оның аналогтері де қазақтың ауыз әдебиеті
тілінде, ауызша дамыған авторлы әдеби тілінде және жазба
әдеби тілінде молынан кездеседі.
Сол сияқты дыбыстар үндесуі (эвфония), яғни аллитера-
ция мен ассонанс қазақтың ертеден келе жатқан сөз өнерінде
(поэзиясында, мақал-мәтелдерде, шешендік сөздерде) кеңі-
нен қолданылып келіп, бүгінге дейін эстетикалық-көркемдік
құрал ретіндегі мәнін жоймаған болса, мұның көрінісін де
Орхон жазбаларынан табамыз: теңрі төпесінде тутуб (Тәңірі
төбесіне көтеріп)... көрер көзім көрмес тег, білір білігім білмес
тег болту (көрер көзім көрместей, білгір ақылым білместей
болды)
56
.
Міне, осы көрсетілген фонетикалық, грамматикалық, лекси-
калық және көркемдік ұқсастықтар көне түркі жазбаларының
тілі – қазақ әдеби тілінің де бір арнасы екенін дәлелдейді.
§4. Ортағасырлық түркі ескерткіштерінің тілі – қазақ
әдеби тілінің қайнар көздерінің бірі
Түркі халықтары тіршілігі мен мәдениетінің көне (V-VIII ғ.)
дәуірінен кейінгі ортағасырлық кезеңінде, оның ішінде X-XII
ғасырларда қараханидтер мемлекеті өмір сүрді. Қараханид-
тер династиясы кезінде Орта Азия мен Қазақстан жеріндегі
халықтардың ана тілі мен әдебиеті өркендеді. Бұл кезде
қыпшақ, оғұз, қарлұқ және ұйғыр халықтарының тілдері не-
гізінде араб графикасындағы түркі жазуы қалыптасты, ескерт-
кіштер дүниеге келді
57
. Ол ескерткіштер: «Қутадғу біліг»
(XI ғ.), Махмүд Қашғаридың «Диван луғат ат-түрк» атты еңбегі
(XI ғ.), Иүгнекидің «һибатул хакайик» атты шығармасы.
XII-XVI ғасырлардағы түркі жазба ескерткіштері Орта
Азия мен Қазақстандағы, Еділ бойындағы, Қырым түбегіндегі,
56
Келімбетов Н. Ежелгі дәуір әдебиеті. - 47-б.
57
Сонда, 134-б.
51
Түркия топырағындағы түркі тілдес халықтарға ортақ мұра
екендігі анықталып отыр. Ол ескерткіштер: Рабғузидың
«Қысас ул- анбия», Абу Хайанның «Китаб ал-идрак ли-лисан
ал-атрак» атты шығармасы, «Ортаазиялық тефсир», Саиф
Сараидың «Гүлистаны», Қутбтың «Хосрау уа Ширины»,
Хорезмидың «Мухаббат-наме» атты поэмалары. Бұлар – араб
әрпімен жазылып сақталған жәдігерліктер. Бұдан да ілге-
ріректе, IX-Х ғасырларда дүниеге келген ескерткіштер де бар.
Солардың бірі – «Оғұзнаме» эпосын қазақ зерттеушілері, оның
ішінде Қ.Өмірәлиев жан-жақты зерттеп, қазақ тіліне аударып,
мынадай түйінге келеді: «Оғұз қаған» эпосы – әуелде ауызша
туған дүние, өте көне дәуірде жасалған, XIII ғасырдың аяғында
ғана хатқа түскен. VIII-XI ғасыр түркілерінде эпостық жыр
туғызатын қоғамдық-әлеуметтік жағдай және эпосты жасай
алатын рухани мәдениет пен әдеби мектеп болған», – дей келіп,
бұл эпостың жанрлық-стильдік сипатын талдайды: ондағы
эпостық формула деп атаған ерекшеліктердің мысалы, бастау
формуласын (бастау сөздерді: болсунғыл деп деділер, күнлерден
бір күн, тақы мундан соң, кене андан соң, кене бу чақда т.т.),
қосар түрде қайталап отыратын тұрақты формулаларды (ошул
оғулның өңлүгі, чырағы көк ерді, көп, телім алтун-күмүш
тартыб т.т.), бірыңғай құбылыстарды (бірыңғай мүшелерді),
көркемдегіш формулаларды әдейі талдайды
58
. Бірақ талданған
материалдарға қарап, бұл эпостың тілін бүгінгі пәлен түркі
тіліне телімейді. Ал Н.Келімбетов «Оғұзнаме» тілінде оғыз-
қыпшақ диалектілері басым деген пікір айтады.
«Қутадғу білік» – 13 мың жолдан тұратын дидактикалық
дастан. Авторы – Жүсіп, кейін әміршісінен Хас-Хаджиб
(«құпия министр») атағын алған, ғылыми әдебиетте көбінесе
Жүсіп Баласағұн (Юсуф Баласағуни) деген атпен танымал
ақын. Бірі – ұйғыр жазуымен 1439 жылы, екіншісі – араб жа-
зуымен XIV ғасырдың II жартысында, үшіншісі – араб жа-
зуымен XVII ғасырдың аяғында көшіріліп, хатқа түскен үш
нұсқасы бар. Зерттеушілер (А.Вамбери, В.Радлов, И.Березин,
В.Томсен, Р.Арат т.б.) тарихта теңдесі жоқ бұл ескерткіштің
әдеби мұра ретіндегі мәні мен орнын зерттеп танытты және
58
Өмірәлиев Қ. Оғұз қаған эпосының тілі. - Алматы, 1988.
52
мәтінін түпнұсқа бойынша да, транскрипциялап та жария-
лау, өзге тілдерге аудару (мысалы, неміс тіліне) жұмыстарын
жүргізіп келді.
Дастан – түркі жазба әдеби тілінде жазылған тұңғыш көркем
шығарма. Бұл жерде «түркі тілі» деп отырғанымыз – жалпы
атау, ал бұл атаумен нақты қай түркі тілін, дәлірек айтсақ, қай
тобын меңзейміз десек, бұл орайда әрқилы пікірлер айтылып
келеді. Бірқатар зерттеушілер оны көне ұйғыр тілі деп таныса
(С.Е.Малов), енді бірқатары қарлұқ-ұйғыр тілінде (Ә.Нәжіп),
қарлұқ тілінде (А.М.Щербак), қарлұқ-қыпшақ тілінде (Г.Ф.Бла-
гова), қараханидтер тілінде (А.Валидов) деп таныса, қазақ
зерттеушілері: «Жүсіп Баласағұн өз дастанын сол кезде Қаш-
ғардан бастап, сонау Амударияға дейінгі ұлан-ғайыр өлкелер
мен уәлаяттарды өзіне қаратқан Қарахан мемлекетінде өмір
сүрген түркі тайпаларының бәріне бірдей түсінікті ортақ,
әдеби тілде жазылғаны даусыз», – деп санайды
59
. Ал бұл
ескерткіш тілінің қазақ тіліне, оның әдеби-көркемдік дәс-
түріне қатысы жайында арнайы зерттеулер жоқ, оның қазақ
әдебиетінің дамуына тигізген идеялық-көркемдік әсері жай-
ында зерттеуші А.Егеубаев: «Құтадғу білік» қазақ жазба
әдебиетінің тарихынан үлкен, белесті орын алатын ұлттық
мұрамыз екені күмән-күдіксіз», – деген пікір айтады
60
. Соны-
мен қатар «Құтадғу білікті» ол – қазақ тіліне тұңғыш аудару-
шы әрі әдебиеттанушы ретінде зерттеуші. А.Егеубаев «қазіргі
қазақ тіліне тән, етене жақын сөзді, сөз орамдарын, атаулар
мен терминдерді, антропонимдерді тауып зерттеуді ғалым-
дар мен тілшілер үлесіне қалдырып», қанатты сөз тіркесте-
рінің, мақал-мәтелдердің қазақ тіліндегі аналогтерімен салыс-
тырып, әдебиетіміздің бастау-арналарының көне ескерткіш-
термен тамырластығын аңғарту мақсатын көздеп, біраз құнды
ойларын ұсынады.
Махмұд Қашғаридың «Диван луғат ат-түрк» («Түркі
тілдерінің сөздігі») атты еңбегі – ХI ғасырдың (1072-1074)
жылдары жазылған) ескерткіші. Бұл сөздік тұңғыш рет 1915-
1917 жылдары Түркияда үш том болып жарық көрді. Кейін
59
Келімбетов Н. Ежелгі дәуір әдебиеті. - Алматы, 1991. - 158-б.
60
Жүсіп Баласағұн Құтты білік. Көне түркі тілінен аударған және алғы сөзі мен
түсініктерін жазған – Асқар Егеубаев. - Ал маты, 1986. - 30-б.
53
оны түрік ғалымы Бесім Аталай араб тілінен түрік тіліне ауда-
рып, 1939, 1940, 1941 жылдары үш кітап етіп жариялады. 1960,
1961, 1963 жылдары өзбек ғалымы – Салих Муталибовтың ау-
дармасымен Қашғари сөздігі өзбек тілінде жарияланды. Қазақ
тіліне өте кеш аударылды. Бірақ оның сөздігін, грамматика-
сын, көркемдік сипатын т.т. зерттеуге қазақ лингвистері де ат
салысып келеді. Бұл ескерткіш тек сөздік материалы бойын-
ша емес, ондағы келтірілген әдеби үлгілерге: 300-дей өлеңге,
300-ге тарта (291) мақал-мәтелге, көркем теңеулерге, қанатты
сөздерге қарап, көркем тілдің бұдан он шақты ғасыр бұрынғы,
тіпті одан да арғы кезеңдердегі кейбір белгілерін, ол белгілер-
дің әрі қарайғы ұластығын көруге болады. Өйткені бұл кітап
– «көне түркі әдебиет ескерткіштерінің қысқаша хрестомати-
ясы».
Қ.Өмірәлиев Қашғаридағы:
Алп Ер Тоңа өлді му?
Есіз ажун қалды му?
Өзлек өгін алды му?
Емді жүрек жыртылур.
Ұлышыб ерен бөрлейү,
Жыртып жақа ұрлайу,
Сықрыб үні жүрлеу,
Сықтаб көзі өртүлүр, –
деген өлең жолдарын келтіріп, жоқтау өлең түрінің VII ға-
сырдан (Тоңа Алп ер – VII ғасырдан арғы жерде өмір сүрген
ұлы қаған) Қашғари дәуіріне – ХI ғасырға – ауызша жеткенін
айта келіп, бұл жырдың XV-XVI ғасырлардағы (және одан
кейінгі) қазақтың жоқтау өлеңдеріне келіп ұласқанын таныта-
ды. Сондай-ақ бұл зерттеуші Кашқаридағы мақал-мәтелдерді
талдай келіп, олардағы тұрақты модель-тұлғалардың, ұйқастық
тәсілдердің әріден сақталып келгеніндей, кейін де, біздің
заманымызға дейін (әрине, фонетикалық, морфологиялық,
ішінара лексикалық өзгерістерімен) жеткендігін дәлелдейді
61
.
Және де Кашғаридағы:
Тавар кімнің өкүлсе,
Беглік аңар керкейүр.
61
Өмірәлиев Қ. Көне дәуірдегі сөз үлгілері // Қазақстан мектебі. 1971.- №2.
54
Таварсызын қалып
Бег еренсізін евгейүр, –
деген дидактикалық-шешендік өлең өз моделін Орхон
ескерткішіндегі:
Иуйқа қалын болар,
Топлағулуқ алп ерміс.
Иінчке жоған болар,
Үзгүлүк алп ерміс, –
деген сияқты жолдардан алған және ол – ХV-XIX ғасырлар-
дағы қазақ ақын-жырауларының дидактикалық-шешендік сөз-
дерінің жанрлық үлгісі деп табады
62
. Ал зерттеуші Ә.Дер-
бісалиев Қашғари «Диванындағы» жырлар Күлтегін, Тонықұқ,
Білге қаған ескерткіштеріндегі оқиғаларды қайталайды дей
келіп: «Түркілер ел әдебиетінің ренессанстық дәуірінің бас-
тапқы кезеңіне жататын осы екі классикалық шығарма («Құ-
тадғу білік» пен Қашғари сөздігі) қазіргі қазақ әдеби тілінің
негізін, әдебиеттік ескі арнасының көзін танытады... Құнды
мұра, жазба әдебиетіміздің ең алғашқы тұлғалы шығармасы.
Қазақстанды мекендеген көптеген түркі тайпалары қалдырған
ортағасырлық ортақ мәдениет үлгісі,
63
– дейді.
Қашғари сөздігінде келтірілген әдеби үлгілердің тіл және
жанр жағынан қазіргі тілдерге ұластығын нақты деректерді
талдап көрсету – бүгінгі түркологтердің, оның ішінде қазақ тіл
мамандарының алдағы міндеті. Ал әзірге М.Қашғаридың «Ди-
уани лұғат ат-түрк» атты еңбегі қазіргі түркі халықтарының
бәріне ортақ мұра екенін баса айту керек. Осылайша тұжы-
рымдай тұра, әрбір түркі әдеби тіліне қатысын, яғни көзі бо-
лып саналуын, әдеби тіліне белгілердің ұластығын т.б. нақты
фактілермен анықтау қажет болады. Қазақ тіліне келгенде,
лингвистер тарапынан мұндай нақты зерттеу әлі жүргізілген
жоқ. Дегенмен өлеңдегі тармақ соңындағы сөздердің ұйқасуы
қазақ өлең техникасында да орын алатынын, сондай-ақ қулан-
киік аулау, еч ал-, йурек йыртылур, йағы отын өчурген (дұшпан
отын өшірген), есуз ажун қалдыму (дүние иесіз қалды ма), йузі
62
Сонда, 92-б.
63
Дербісалиев Ә. Өшпес ескерткіш //Қазақ әдебиеті. - 1981, 24 июль.
55
сарғарыб (жүзі сарғайып) сияқты тұрақты тіркестердің беретін
мағынасы, жасалу моделі, компоненттік құрамы жағынан
қазіргі қазақ тіліндегі фразеологизмдерге келіп ұласатынын
көрсетуге болады. Тіпті «Алп Ер Тоңа өлді му» деп бастала-
тын өлең жолындағы Ер Тоңа жалқы есімінің құрылымы қазақ
әдеби үлгілерінде күні бүгінге дейін жалғасып келе жатқанын
көреміз: ер, батыр, қыз, сұлу, есіл, сері, бай сияқты атрибуттар
жалқы есімнің тұрақты компоненті болып, оның алдынан да
(Ер Тарғын, Ер Сайын, Қыз Құртқа, Қыз Жібек, Сал Біржан),
соңынанда (Маман бай, Баян сұлу, Қамбар батыр, Ақан сері)
келе беретінін білеміз.
XII ғасырдың орта кезі мен XIII ғасырдың бас кезінде өмір
сүрген Ахмед Иүгнекидің «һибат ул-хақайик» («Ақиқат
сыйы») атты дидактикалык толғаулары сол кездегі түркі тіл-
дес тайпалардың көбіне түсінікті болған Қараханид түркі-
лерінің тілінде жазылған. Ал Қараханидтер дәуірі – түркі тай-
паларының тарихында әдебиет өркендеп, мәдениет жанданған
кезең болды. Осы кезеңде ғалымдар, жазушылар меп ақындар
өсіп-жетілді. Бұл кезеңдегі жазба әдеби тіл түркі тайпалары-
ның барлығына ортақ болды, ол тіл талайдан келе жатқан тари-
хи дәстүрлік нормаға бағынды
64
.
Зерттеушілердің пайымдауынша, дастанның авторы теңеу,
антитеза, метафора сияқты көркемдеуіш құралдарды кеңінен
және шебер пайдаланған. Мысалы, әскер басы болған заман-
дасы Ыспаһсаларды теңізге, өзін тамшыға, білімді адам-
ды таза алтынға, надан адамды құны жоқ жалған ақшаға,
шын сөзді балғаға теңеулері немесе білімді – надан, жомарт
– сараң, тәкаппар – момын, адал – арам сияқты антитезала-
ры, дүниені керуен сарай деп, сараңдықты ем қонбайтын дерт
деп ауыстырып атауы – осылардың баршасы, сөз жоқ, Ахмед
Иүгнекидің шебер ізденістерінің жемісі
65
. Әмір Нәжіп «Хи-
бат ул-хақайиктің» тілі «Құтадғу біліг» пен кейінгі дәуірлерде
өріс алған шағатай тілін өзара жалғастырып тұрған өтпелі
көпір деп санайды. Қазақ тіл мамандары – Ә.Құрышжанов пен
Б.Сағындықов қазақ тілінде бұл шығарманың аудармасын жа-
сап, қазіргі қазақ жазуына көшірілген транскрипциясын және
64
Құрышжанов Ә. Ахмед Иүгінеки. - Алматы, 1985. - 8 -б .
65
Келімбетов Н. Аталған кітап. 185-186-б.
56
арабша жазылған түпнұсқаның фотокөшірмесін ұсынды (қара:
Ахмед Иүгінеки Ақиқат сыйы. - Алматы: Ғылым, 1985). Деген-
мен бұл ескерткіш тілінің нақты материалдарын қазақ әдеби
тіліне қатыстыра қарап, түбегейлі зерттеу жұмысын жүргізу –
алдағы міндеттеріміздің бірі болмақ.
Ерте орта ғасырлардағы (XII ғ.) түркі жазба ескерткіште-
рінің бірі – атақты Қожа Ахмет Ясауидің «Хикмет» («Пара-
саттылық» немесе «Даналық») атты өлеңдер жинағы. Ясауиді
кейінгі ғасырларда «Хазрат Султан арафин», ал қазақтар ара-
сында «Әзіреті Сұлтан» деп атаған.
Қожа Ахмет – билеуші топтардың идеологиялық құралы
– дәстүрлі (ортодоксалды) исламға қарсы шыққан халықтық
қозғалыстың идеологиясы ретінде қызмет еткен, діни-мис-
тикалық сипаттағы, антихалифаттық суфизм (сопылық) ағым-
ның ірі өкілі және ұраншысы, осы ағымның түркі тілдес
тармағының негізін қалаушы діни қайраткер әрі ақын. Суфизм
қаналушы қалың бұқараның идеологиясы болды. Сондықтан
осы идеологияны үгіттеуде Қожа Ахмет көпшілікке беделді
поэзияны құрал етті және оның түсінікті болуын көздеді.
Сондықтан кейінгі сан ғасыр бойы Ясауи хикметтері халық
арасына қолжазба түрінде кеңінен тарап, өмір сүріп келді.
Қожа Ахметтің туып-өскен әрі сопылық құрған ортасы
қазақ ру-тайпалары жайлаған жер – қазіргі Түркістан аймағы
болғандықтан, ол ру-тайпалар да хикметтерді жақсы біліп,
жазбаша да, ауызша да ұрпақтан ұрпаққа таратып келген. Орта
ғасырларда Сыр бойын, Түркістан өңірін жайлаған ру-тайпалар
бүгінгі тек қазақ халқының емес, түркінің өзге де оғұз-қыпшақ,
қарлұқ топтарын да құрағандықтан, бұл күнде бірнеше түркі
халықтары Ясауи мұрасын өздерінің мәдени жәдігерлігі деп
санап, өзбектер «Хикметті» «өзбек әдеби тілінің бастауы» деп,
түрікмендер «қазіргі түрікмен әдеби тілінің атасы» деп санай-
ды.
Ясауи мұрасының тілін зерттеген А.К.Боровков оны Қара-
ханид әдеби тілінің дәстүріндегі оғұз-қыпшақ тілінде жазылған
деп санайды және мұнда «Құтадғу білікке» қарағанда көне
ұйғыр тілінің әсері аз дегенді айтады
66
.
66
Боровков А.К. Очерки по истории узбекского языка //Советское востоковедение.
- 1952. - Т. V. - С. 247- 250.
57
Ал Әмір Нәжіп Ясауи хикметтері Сырдарияның төменгі
ағысында пайда болған, ол қыпшақ-оғұз аралас жазба тілді
танытады, оған «Құтадғу біліктің» тілі әсер етпеген, «Хик-
меттер» тілі Қараханид дәуірінің қарлұқ-ұйғыр жазба тіліне
қарама-қарсы тұратын тіл ретінде пайда болған дәстүр дейді
67
.
Түрікмен зерттеушісі М.Хыдыров Ясауи тілін қарлуқ-хорезм
тілдерінің ескерткіші деп санайды
68
.
Ә.Нәжіп Ясауи хикметтері Орта Азия топырағында ғана
емес, кең байтақ қыпшақ даласына, көшпелілер арасында да
кең тарағанын айта келіп, Қожа Ахмет өзінің негізгі мақсатын
көздеп, суфизм ағымын қалың көпшілікке уағыздау үшін
қыпшақ тілдерінде сөйлейтін жергілікті халықтың ауызекі
тіліне жақындатып жазды, Ясауи тілінің негізі – қыпшақ тілі,
бірақ оғыз тілдерінің әсерін алған, сондықтан бұл ескерткіш
– XII ғасырдағы қыпшақ-оғұз тілдерінің үлгісі, осы себептен
Ясауи мұрасының тілі қазақ әдеби тілінің де бастау көзі болып
танылуға тиіс деген дәлелді пікір айтты
69
. Қазақ тіл маманда-
ры мен филологтерінен бұл сыңайлас пікірді Н.Сауранбаев,
Қ.Мұхаметханов, Ә.Құрышжанов және басқалар да білдірген
болатын. Сондықтан біз Ясауи хикметтері тіліне біраз кеңірек
тоқталамыз.
Бізге Ясауи хикметтерінің бірнеше қолжазбасы жетіп отыр.
Автордың өз қолтаңбасы жоқ. Өз тұсындағы нұсқалар да бізге
жетпеген. Ең әрі дегендегі көшірмесі – 1693-94 жылдары
жазылған қолжазба, ол Стамбұлдағы Вафик паша кітапхана-
сында сақтаулы. Ресейдегі осымен тұстас (XVII ғасырда
көшірілген деп есептелетін) қолжазба нұсқасы – ХIX ғасырдың
соң кезінде Самарқандтан акад. К.Г.Залеман алып шыққан,
бұл күнде Санкт-Петербургте сақтаулы нұсқа. Ясауи мұрасы
деп көшірілген қолжазбалар С.Петербургте (Ленинградта),
Қазанда, Ташкентте, Самарқандта т.б. қалаларда едәуір кезде-
седі. Колжазбалардың көпшілігі соңғы дәуірлерде, көбі XIX
ғасырдағы көшірушілердің қолынан шыққан. Олардың сауат-
ты жазылуы да әртүрлі, қолжазбалардағы хикметтердің саны,
орналасу тәртібі де біркелкі (бірдей) емес.
67
Наджип Э.Н. Кыпчакско-огузский литературный язык мамлюкского Египта XIV
в. Автореф. докт. дисс. - М., 1965. - С. 10.
68
Түркмен дилиниң тарыхындан материалдар. - Ашгабад, 1962. - С. 61.
69
Нәжіп Ә. Терең тамырлар //Жұлдыз. - 1972. - №4. - 154-б.
58
Кейін Ясауи мұрасы негізінен Қазанда бірнеше реттен ба-
сылып жарық көрді. Қолжазбалар мен Қазан басылымдары-
ның арасында едәуір айырмашылықтардың бар екені байқа-
лады. Олар: өлең жолдарының орналасу тәртібінде, кейбір шу-
мақтардың бірінде бар, екіншісінде жоқ болуында, жеке сөз-
дерінің арасында, сөздердің жазылуында т.б. көрінеді. Қол-
жазбаларда да, Қазан басылымдарында да Ясауидің өзінің
мұрасынан өзге басқа авторлардың Ясауише ұсынған (жазған)
туындылары еніп кеткенін А.К.Боровков жақсы дәлелдеп
көрсетті. Қазан басылымдарындағы барлық өлеңдер Ясауидікі
емес дегенді П.М.Мелиоранский де айтады. Мысалы, Залеман
(Самарқанд) қолжазбасында біздің есептеуімізше 76 (А.К.Бо-
ровковтың есебінше – 73) хикмет болса, оның 46-сы ғана
1904 жылғы Қазан басылымында бар, ал соңғыда 153 хик-
мет берілген, демек, оның 107-сі Самарқанд нұсқасында жоқ.
А.К.Боровковтың айтуынша, Самарқанд қолжазбасында бар,
Қазан кітаптарында жоқ 30 хикмет өзге қолжазбалардан табы-
лады. Демек, Ясауи мұрасын кітап етіп шығарушылар оның
қаламына жатпайтын көптеген шығармаларды жариялағаны
байқалады.
Ең алдымен, лексика саласына келсек, Ясауи тілінің
негізіне оғұз-қыпшақ тобында сөйлеген ру-тайпалардың тілі
жататындығы көрінеді. «Хикметтердің» сөздік қазынасы үш
қабаттан тұрады: басым қабаты – түркі сөздері, қалғандары
араб пен парсы сөздері. Лексикасының түркі қабаты қыпшақ
тілдеріне, оның ішінде XII ғасырдағы жергілікті халықтың
сөйлеу тіліне негізделгенін дәлелдейтін фактілер, біздіңше,
мыналар сияқты: 1) түркі сөздері з, д дыбысты емес, й ды-
бысты тілдікі, мысалы: айақ (азақ, адақ емес), игем (іді, ізі
емес), қой- (қоз-, қод- емес). 2) Ортағасырлық, тіпті кейінірек
кезеңдерге жататын «Мухаббатнаме», «Ортаазиялық тефсир»
сияқты ескерткіштерде көбірек ұшырасатын архаизмдер мұнда
кемде-кем кездеседі. Олардың барлары: біт- (жаз), ай- (айт-
дегеннің көне варианты), ошәл, ошбу (осы), қамуғ (барлық),
тупуқ қақ- (табын-), елк (қол), арығ (ару), нүчүк (неліктен),
емгексізін (еңбексіз, қиындықсыз) деген тұлғалар. Бұлардың
бірқатары көне түркілік (ай-, біт-,тупуқ, қамуғ, қайу), енді
59
бір тобын зерттеушілер (мысалы, А.К.Боровков) архаизмдер
деп тапқанымен, азды-көпті дыбыстық өзгерістерімен күні
бүгінге дейін сол мағынада түркі тілдерінде, айталық, оның
ішінде қазақ тілінде қолданылып келе жатқан сөздер құрайды.
Мысалы: йазуқ (жазық, күнә), Игә (Ие, Жаратушы ие, Құдай»
мағынасында), табуқ – табыну, арығ (ару) т.б. 3) Архаистік
тұлғалардың сол кезеңдегі параллельдері қатар кездеседі: ай-/
айт-, елкім тутуб/қолым тутуб, қамуғ/барча, біт-/йаз-. 4)
Түркі сөздерінің ішінде жазба тілдің қарлұқ-ұйғыр дәстүрінен
сақталған бірен-саран тұлғалар сол кезеңдегі оғұз-қыпшақтық
параллельдермен қатар кездеседі: йавуқ/йақын, кечә-күндүз/
түн-күн, дозақ ічрә/дозақ ічінде т.т. Түркілік архаистік
элементтердің қатарына ғ, г дыбыстарына аяқталатын сөздер
жатады: шундағ, мундағ, андағ, оңлуғ-соңлуг, сарығ, улуғ, кічіг,
тіріг, танығ. Бұл – әрине, қыпшақ тілдеріне тән емес белгі.
Зерттеуші А.К.Боровков мұны Орхон ескерткіштері тілінен,
көне ұйғыр жәдігерліктері тілі мен Құтадғу білік» тілінен
ауысқан көненің сарқыншағы деп түйеді. 5) Түркі сөздері мол
фразеология қорын құрайды және олардың дені халықтың
ауызекі сөйлеу тіліне тән күні бүгінге дейін қолданылып
келе жатқандар екені байқалады. Фразеологизмдердің ішінде
метафоралық түрлері өте көп. Мысалы: қара йуз (қара бет
адам), көңүл құшы, ит нәфсі, йуз мың (сансыз, көп), йузі қара,
қара йер. Сондай-ақ жандын кеч (жаннан безу), йолдын аз-,
жан бер-, қол кушур- т.б. сияқтылары – қазіргі қазақ тілінің де
фразеологиялық қазынасының «мүліктері». Фразеологиялық
тіркес жасауда, қазақ тіліндегідей, адамның дене мүшелерінің
атаулары (башқа түш-, баш ұр-, қол қушур-), йол, көңүл, қара
сияқты тірек сөздер (йолдын аз-, йолға кір- , көңүл кес-, көңлүм
қара, қан йығла-, қанға бойа-, қанлар йут-) мен қызыл, қара
сияқты түс атаулары жиі қатысады (қызыл йуз, қара йер т.б.).
Әрине, лексика саласында қазіргі қазақ тіліне жуыспай-
тын топтары жоқ емес. Олар: а) жоғарыда көрсетілген көне
тұлғалар: нүчүк, ошәл, ошбу, елк, қурт (аң) т.т; ә) табла- (сүй-
), әйлә- (ет-, қыл-), бірлә (мен), асра-(сақта-), дағла- (өрте),
кечә (түн) сияқты сөздер де бүгінгі қазақтар үшін бейтаныс
тұлғалар; б) біраз сөздер «Хикметтер» мәтінінде сыртқы
60
тұлғасы жағынан өзгеше болып келеді: сөзле- (сөйле), іч-у таш
(іші-тысы), сүңәк (сүйек), тағ (тау), ағыр (ауыр), бағыр (ба-
уыр), ойғақ (ояу) т.т. Бұл өзгешеліктердің болу себептері, әрі
қарайғы барысы, өзге тілдердегі көрінісі (бар-жоғы, өзгелігі) өз
алдына арнайы зерттеуді қажет етеді.
Ясауи тілінің лексикасындағы парсылық қабатты А.К.Бор-
овков Ясауи мұрасы тараған өлкелер тұрғындарының көп
уақыт бойы түркі-парсылық қос тілді болып келуінің әсері және
Ясауи хикметтері дегендердің көбі өзінікі емес, оның поэти-
калық мектебін, идеологиялық ағымын жақтап, сол жанр-
да жазған өзге авторлардікі болғандықтан, солардың қолы-
ның ізі деп таниды. Бір қызығы – Ясауи мұрасының қолжаз-
баларында (мысалы, Самарқанд нұсқасында) Қазанда бас-
ылған нұсқаларымен салыстырғанда, парсы сөздері кемірек
кездеседі. Мысалы, 1896 жылғы Қазан басылымында ду ’алам,
қолжазбада екі жиһан, сол сияқты гунаһларың/йазуқларың,
пурчақ пул/малу пул, фарзандым/оглум т.б.
«Хикметтер» мәтінінде парсы тілінің сын есімдері де
(дәрди «үлкен», бәд «жаман», худ «жақсы», нәу «жас», жу-
ван «кәрі»), үстеулері де (асан «оңай») орын алады. Мұнда
парсының дәнекерлеуші -у деген шылауы жиі кездеседі, ол
көбінесе араб және парсы сөздерін бір-біріне дәнекерлейді:
дүрр-у гауһар, қанду әсел, дағ-у хасрат, дил-у жан. Бұл шы-
лау ішінара түркі сөздерінің арасында да келеді: сач-у сақал,
оң-у сол, іч-у таш (іші-тысы) бірақ көбінесе жинақтау мәнін
беретін қосар қолданыстар -у дәнекерінсіз келеді. Мысалы:
төшәк-йастуқ, тағ-ташлар, түн-күн. Бұл да Ясауи тілінің
лексика-фразеологиялық негізінің түркілік, қыпшақтық халық
тілі екенін көрсетеді.
Парсы сөздерінің көбінің түркілік эквиваленттері де ак-
тив қолданылады. Мысалы: бийабан/чөл, бустан/бағ, гунаһ/
йазуқ, нәу/жууан, улуг/кічіг, фарзанд/оғул. Ясауи тіліндегі
фарсизмдердің бірқатары қазақ тілінде бұрыннан қолданыла
келе күні бүгінге дейін жеткені байқалады. Мысалы, пәрмен,
перзент, әуес, кінә, дерт, айна деген сөздер тек Ясауи тілінің
ерекшеліктері емес. Сондықтан «Хикметтер» текстеріндегі
парсы элементтерінің күллісі – тек қос тілділіктің нәтижесі не-
месе кейінгі авторлардың қолы болып табылмайды.
61
Ясауи мұрасы тілінің үшінші қабатын араб сөздері құрайды.
Олар ислам дініне қатысты және діни ұғымдарға қатыссыз
сөздер болып екіге бөлінеді. Ясауидің мұраты – ислам дінінің
бір ағымы сопылықты (суфизмді) насихаттау болғандықтан,
мұнда аят, хадис, ахирет, зикр, маһшар, тарикат, сират,
заһид сияқты сөздер жиі қолданылған. Ясауидің айтпақ ойы
қалың бұқараға түсінікті болу үшін араб сөздері көбінесе ау-
дарылып берілсе керек еді, бірақ ие, тамуғ, йазуқ, учмах деген
діни мазмұнды түркі варианттары кездескенімен, «Хикмет-
терде» олардың арабша, парсыша Алла, Худа, гунаһ, жаннат
сияқты альтернаттары жиірек кездеседі. Демек, «Хикметтер»
халықтың ауызекі сөйлеу тілінде ғана емес, өз заманындағы
әдеби тіл нормасын ұстай да шығарылған туындылар екенін
танытады. Мұнда лексикалық араб және парсы қабаты шама-
мен 44,8 пайызын қамтиды, бұл пайыз ішіне дінге қатыссыз
ұғымдарды білдіретін арабизмдер де кіреді. Соңғы топтың
дені – дерексіз (абстракт) ұғымды білдіретін зат есімдер бо-
лып келеді: адаб, афат, уафа, уаһм, ’умр, жаза, ихлас т.т.
Бұл сөздердің көбі түркілік қыл-, бол-, тұт- сияқты көмекші
етістіктермен тіркесіп, күрделі етістіктер жасайды: ахир бол-
«біту, таусылу», байан қыл- «баяндау», ғазаб қыл- «ашулану»,
ихсан қыл- «сыйлау», матам тұт – «жоқтау» т.т.
Егер қазіргі қазақ әдеби тілінің лексика қазынасының 14-15
пайыздайын араб, парсы сөздері, әсіресе дерексіз ұғым атау-
лары құрайтын болса, оның пайда болу себебін қазақтардың
араб, иран халықтарымен тікелей қарым-қатынас жасау нәти-
жесінен немесе өзбек, татар жазба әдеби тілдерінің әсерінен
іздемей, Ясауи хикметтері сияқты халық ішіне сан ғасыр
бойы кең таралып келген әдеби мұралардың тілдік дәстүрінен
іздеу керек болады. Бұл – қазақтың ауызша да, жазба да әдеби
тілдерінің қайнар көздерімен іліктестігін, жалғастығын таны-
татын белгі.
Ясауи тілінің морфологиялық сипатына келсек, мұнда сөз
жасау, сөз құбылту амалдарын білдіруде «қыпшақтық» та,
«қыпшақтық емес» те фактілер бар. Мысалы, қазіргі қазақ
әдеби тілінің нормасы сияқты, мұнда да сан есіммен тіркескен
зат есімдер көптік жалғаусыз келеді: төрт дәфтерім, йуз
62
мың бәла, екі ‘алам. Көптік мағына мұнда негізінен қазіргі
түркі тілдеріндегідей -лар/-лер аффиксімен беріледі, көне
түркілік -ан/-ин (еран) көптік көрсеткіші ретінде танылудан
гөрі, арабтың «ломаное множество» деп аталатын тұлғасы
сияқты (жекеше шайх, көпше машайих, халқ/халайиқ, малик/
малайик т.т.) ескерткіш тілінде көптік мағынаны білдірмей,
дербес тұлға ретінде келген тәрізді, өйткені халқ пен халайиқ
тұлғаларының жекелік-көптік немесе өзге де бір мағыналық
айырмашылығы жоқ (қазақ тілінде де солай), -лар жалғауының
сын есімдерді, есімшелерді заттандыру (субстантивтендіру)
қызметі қазіргі тілдердегі, айталық, қазақ тіліндегі сияқты:
йахшылар, білгенлер.
Септеу, жіктеу парадигмаларында да «Хикметтер» тілі қа-
зақ тілінен алшақтамайды. Мұнда атау, табыс, барыс, жатыс,
шығыс, ілік; септіктері бар, ал А.М. Щербак шектік септік
(предельный падсж) деп атаған -ғача/-гече қосымшаларымен
жасалатын тұлға мұнда жоқ, ол ескі өзбек тілінде бар. Сондай-
ақ көмектес септікті білдіретін -ын/-ін көрсеткішімен келетін
тұлға да жоқ, бұл тұлға Шығыс Түркістандық ескерткіштер
тіліне тән екені мәлім. Көмектестік мағына бірлә шылауымен
берілген: үмид бірлә келібмән дәргәһіңә Аллаһым.
Септіктер көрсеткіштеріндегі ерекшелік (қазақ тілімен
салыстырғанда) – шығыс септік жалғауының -дын/-дін (-дан/-
ден емес) және оның қатаң дауыстыдан басталатын -тын/-тін
қатарының жоқтығы. Шығыс септіктегі сөзбен келетін біраз
тұрақты тіркестер қазіргі қазақ тілінен де табылады: күндін
күн(ге), жандым кеч йолдын аз- т.б.
Есімдіктің ілік септіктегі тұлғасы да қазақ тіліне жақын:
көпше I жақтың -ім/-үм көрсеткіші мұнда жоқ: мәнім емес,
мәнің, бізум емес, бізуң, бұл көрсеткіштің батыс түркі тілдеріне
тән екенін білеміз.
Қазақ тіліндегі үстеулердің жасалуы да Ясауи тілімен
іліктеседі: көптік жалғауы арқылы есімнің үстеуге айналуы
(кечәләрі «түнде», сахарлары «таңертең») қазақ тілінде де
бар, тек бұл тәсіл үстеуден үстеу тудырады: кешелері, биыл-
дары. Тәуелдік жалғаудың III жағының көрсеткішімен (-ы/-і)
үстеудің жасалуы (ахиры «ақыры», бір йолы, түні-күні), жатыс
63
септіктің тұлғасымен жасалуы (һәр ләхзада «бір сәтте», һәр
күнде, һәр кезде), көсемшенің көне -у/-ү, -ы/-і жұрнақтарымен
жасалған үстеулердің жоқтығы (өтрү «содан соң», ашну
«бұрын», екіләйу «екі рет» дегендер сияқты), шағатай тілі мен
Шығыс Түркістан ескерткіштері тіліне тән көмектес септіктің
-ын/-ін, -ун/-үн жалғаулары арқылы жасалған үстеулердің
жоқтығы (күндүзін, йалғузун) – осылардың баршасы морфоло-
гия саласында Ясауи тілінің қыпшақ тілдеріне, оның ішінде де
қазақ тіліне жақын екендігін көрсетеді.
Етістік тұлғаларының, оның есімше, көсемше категория-
ларының берілуінде де Ясауи тілі, Әмір Нәжіп айтқандай,
қазақ тіліне келіп ұласады: мұнда есімшенің өткен шақ тұлғасы
негізінен -ған/-ген жұрнағымен келеді, -мыш жұрнақты түрі
өте сирек, есімшенің шығыс түркістандық жәдігерліктер тіліне
тән -ғлы/-қлы, -дағы/-тағы, ығчақ /-ігсек жұрнақты түрлері
мұнда жоқ. Бұйрық райдың II жақтағы -ғыл/-ғын аффиксті
түрлері негізінен Алтын Орда ескерткіштері тіліне тән екені
белгілі, ал бұл тұлға «Хикметтер» тексінде де кездеседі, бұл
тұлғалар кейін қазақтың ауызша тараған әдеби тілінде де, ескі
жазба тілінде де жалғасын тапқан. Әрине, морфологиялық
категориялардың берілу амалдарында Ясауи тілі мен қазақ
әдеби тілінің арасында өзгешеліктер жоқ емес, едәуір бар
(олар жөнінде Ясауи мұрасының қолжазба нұсқалары мен
басылымдарының тілін нақты талдап зерттегеннен кейін сана-
малап көрсетіп беруге болады).
Сөйтіп, лексика-грамматикалық сипатына қарап, Ясауи
«Хикметтерінің» тілін қазақ әдеби тілдерінің бастау көздері-
нің бірі, тіпті бірегейі деп түюге болады. Күні кешеге дейін, ер-
теректе қолжазбалар арқылы, кейінгі ғасырларда (XIX-XX ғ.)
кітап болып басылу арқылы әрі ислам дінінің халық идеоло-
гиясына жақын суфизм ағымын насихаттау үшін, әрі мұсыл-
манша оқу-ағарту ісінде оқу құралы ретінде жиі пайдалан-
ғандықтан, Ясауидің өз шығармалары да, оның көп шәкірттері-
нің бірі – Сүлеймен Бақырғанидың (оны «Хакім ата» деп те
атаған) өлеңдері де әуелі қазақ халқын құраған ру-тайпалар
арасында, кейін қазақ қауымында, өзге түркі ескерткіштеріне
қарағанда, кеңірек тараған. Сондықтан мұндағы дінге қатысты
64
немесе абстракт ұғым атауы болып келетін араб, парсы сөздері
қазақ тілінен орын алып, орныға түскен. Мысалы, тариқат
(«жол» – Алланы танудың үш дәрежесінің бірінің атауы),
хақиқат (танымның жоғарғы дәрежесінің атауы), шари’ат
(мұсылмандардың заң кодексі), зикр, пір, мүнажат т.с. жеке
сөздер мен Хақ нұры, хас үмметі, екі’алам, бір Хұда, йалғуз
Хақ, он секіз мың’алам, қийамат тауы, сахар уақты, йаруқ
дунийа, Субхан игә тәрізді тіркестер қазақ тіліне Ясауи мен
Бақырғанидың хикметтерінің таралуымен енген.
Қазақ әдеби тілінің бастау көздерін сөз еткенде, XIII-XIV
ғасырлардағы Алтын Орда дәуірінің ескерткіштері – «Хос-
рау уа Ширин» мен «Мухаббатнама», «Гүлстан», «Жүсіп-
Зылиха» туындыларына соқпай кетуге болмайды.
«Хосрау уа Ширин» – поэтикалык туынды, авторы –
Еділ бойындағы Сарай қаласында туып-өскен Құтб. Поэма,
сірә, Ақ Орданың орталығы Сығанақта жазылған болу керек
(А.Ибатов). Зерттеушілердің талдауларына қарағанда, поэти-
калық ерекшелігі жағынан «Құтадғу білікке» жуық келеді.
Тілін бірқатар ғалымдар Алтын Орда уәлаятының әдеби тілі
(А.Н.Самойлович) десе, енді бірсыпырасы Орта Азиядағы
оғұз-қыпшақ әдеби тілі (Ә.Нәжіп) деп санайды. Дастанның
бізге жеткен жалғыз көшірме қолжазбасының мәтінін жария-
лап, сөздігін жасаған және лексика-морфологиялық ерекше-
ліктерін жақсы зерттеген поляк ғалымы А.Зайончковский оны
қыпшақ тілінің әдеби мұрасы деп таниды.
Бұл дастанды Низамидің парсы тіліндегі осылайша аталған
поэмасынан еркін аударылған (Е.Э.Бертельс), жартылай ориги-
налды дербес шығарма (Ә.Нәжіп) деп танушылар бар.
«Хосрау уа Ширин» дастаны 4740 бәйіттен (өлеңнен)
тұрады. Бұл ескерткішке қазақ зерттеушілері де қатты назар
аударды. А.Ибатов дастанның сөздігін жасап, сөз жиілігінің
статистикасын көрсетіп, оның лексикалық қазынасы мен фра-
зеологиялық байлығының қазақ тіліне мейлінше жақын
тұрғандығын көрсетті. Ол А.Н.Самойлович, Ә.Нәжіп,
А.М.Щербак, Э.Фазыловтардың пікірін қостап, Құтбтың да-
станы Алтын Орда аймағында пайда болған аралас тілдік
сипаттағы әдеби үлгіде, қыпшақ тілінің негізінде жазылған,
65
бірақ оғыз тілінің әсері мен қараханидтік әдеби тіл дәстүріне
ұрынған деген Ә.Нәжіптің тұжырымын қостайды
70
.
Әдеби тілдік белгінің бірі – бейнелі және тұрақты фразео-
логизмдердің дәстүрлі мол қоры болса, бұл жөнінен «Хосрау
уа Ширин» мәтініндегі: авара қыл (әуре қыл-), ай йуз, ант
іч-, ат қоймақ (ат қою, жолға шығу), ачы сөзлүк, бағры күйді,
бағырын тілді, бел бағлады, бойнын үзді (өлтірді), еліг тұт-
(қол беру, мақұлдау), жан берді, жандан кечті, жаны ұчты,
йаман ат (жаманат), йар болды, йеріне йеткүрді, йол тартты,
йүзіні йыртты, йүрәкін қан қылды, күні туғды (күні туды),
көңлі тарықты, қадғу йұтты (қайғы жұтты), қан төкті,
қол қувшурды, құлақ тұтты, көңүлгә от салды, сүчүк тілліг
(тәтті тілді), түн қатты, тілі ачығ (тілі ащы), тілі татлығ,
чічәктек солды (гүлдей солды), екі сөзлүг, ічі күйді, ічінгә от
түшті сияқты тұрақты тіркестер халық тілінде өте әріден
келе жатқандығын, бұлардың қазіргі тілдерде (мысалы, қазақ
тілінде) жалғасын тапқаңдығын көреміз.
Сондай-ақ мағыналары жағынан бір-біріне жуыспайтын
сөздерді тіркестіріп, образды фразеологизмдер жасау да әдеби
тілдің бір тәсілі болса, олардың қазақ тіліндегі сынық көңіл,
көңіл құсы, көңілдің айнасы, ақыл тізігіні сияқты типтерін де
Құтб дастанынан табамыз: біліг қамчысыны елга алыб (білім
қамшысын қолға алып), бағырдан суғарыб бу жан бағыны (ба-
уырдан суарып бұл жанның бағын) т.т.
«Мухаббатнама» – Алтын Орда дәуіріндегі XIV ғасырдың
ескерткіші (1353 ж. жазылған). Ол Орта Азияда көп тараған.
Авторының лақап аты – Хорезми. Дастанды АН.Самойлович,
А.М.Щербак, Ә.Нәжіп және өзбек ғалымдары С.Касимов,
Н.Маллаевтар зерттеді. Ә.Нәжіп транскрипциялап тексін жа-
риялады, орыс тіліне аударды
71
.
Поэма тілінің негізі – Алтын Орда қыпшақтарының тілі.
Қазақ әдебиетшісі Б.Кенжебаев бұл дастанды Орта Азия мен
Қазақстандағы түркі тілдес халықтарға ортақ мұра деп тани-
ды
72
.
70
Ибатов А. Құтбтың «Хұсрау уа Шірін» поэмасының сөздігі. - Алматы, 1974. -
14-б.
71
Xорезми. Мухаббатнаме. - М., 1961.
72
Кенжебаев Б. Қазақ әдебиеті тарихының мәселелері. - Алматы, 1975.
66
Дастан атының өзі айтып тұрғандай, ғашық жастардың
сезімдерін, ойларын, айтар сөздерін баяндайды. Бұл поэма
қазақ лиро-эпостарымен үндес түседі. Дастанның 11 буынды,
екі тармақты өлең тәсілімен берілуі де қазақтың 11 буынды
өлеңдеріне ұқсайды. Мұндағы көптеген элементтердің (қылдай
бел, толған ай, татлы сөз), теңеулердің, антитезалардың қа-
зақтың көркемсөзінде де орын алатындығы әдеби тіл дәстү-
ріміздің бастау көздерінің бірін танытады.
Сейф Сараидың «Гүлстан» поэмасы да – ХIV ғасыр ескерт-
кіштерінің бірі. Өзге түркі тілдері сияқты, қазақ әдеби тілінің
де арналарын тануда орны айрықша туынды. Тілі жағынан
«Мухаббатнамеге» жақындайды. Мұнда «Хосрау уа Ширинға»
қарағанда, архаизмдер аз кездеседі. Бұл ескерткішті терең
зерттеген ғалым Ә.Нәжіп оның тілінің негізгі қабаты қып-
шақтық, сонымен қатар мұнда оғыз-түрікмен элементтері де
орын алған деп түйеді. Бұл ғалымның осы поэманың тілі бой-
ынша салыстырмалы-тарихи жүйеде жасаған сөздігіне көз
салсақ, дастанның лексика қазынасындағы мағынасы әрі тұл-
ғасы жағынан қазақ тілінен табылатын көптеген эквивалент-
тері бар екенін көреміз: аш қарынға, арымақ, артынша,
азғунлық, асырамақ, есірүк, қашұқ, шөмүш т.б. Ә.Нәжіптің
зерттеуіне қарағанда, қыпшақ тілінде жазылып, оғыз тілдерінің
әсеріне ұшыраған ескерткіштердің және біреуі Әли деген
автордың «Жүсіп-Злиха» поэмасы. Ал Дүрбектің «Жүсіп-
Злихасын» өзбек зерттеушілері өзбек тілінің ескерткіші деп
танығанымен, мұның да қыпшақ тілдеріне ұштастығын өзге
зерттеушілер баса көрсетеді.
Қазақ тіліне біршама қатысы (жақындығы) бар деп таны-
лып жүрген жазбалардың және бірі – «Аттуһфа-уз-закийа
фил луғат ит-туркийа» («Түркі тілі туралы жазылған ерекше
сыйлық»). «Аттуһфа» зерттеушілердің топшылауынша, XIV
немесе XV ғасырда дүниеге келген, сірә, Мысырда жазылған
болу керек. Бұл ескерткіштің мәтінін жариялап, түрік, өзбек
тілдеріне аударған және тілін талдап зерттеген венгр, түрік,
поляк, өзбек ғалымдары мен Ә.Нәжіптен басқа бұл ескерткіш
Ә.Құрышжанов, Т.Арынов сияқты қазақ тілі мамандарының да
назарына ілікті. «Аттуһфаның» лексикасын арнайы зерттеген
67
Т.Арынов мынадай пікір айтады: «Аттуһфаның» лексикалық
тұлғасы басқа ешбір тілде дәл қазақ тіліндегідей өзгеріссіз
сақталмаған, мұндағы сөздердің үштен бірі қазіргі қазақ
тілінде сол күйінде кездеседі, ескерткіш тілінің фонетикалық
ерекшеліктері қазіргі қазақ әдеби тілінің фонетикасымен бірдей
келеді: тау (тағ емес), шөлмек (чөлмәк емес), шыбын (чыбын
емес), шүберек (чүперек емес). Т.Арынов «Аттуһфаны» көне
(ескі) қазақ тілінде жазылған тұңғыш ескерткіш деп қарауға
болады деген пікірге келеді
73
.
Әрине, белгілі бір сөздердің немесе тұлғалардың ескерт-
кіштер тілі мен қазіргі түркі тілдерінің анасында не мына-
сында болу-болмауы сол тілді иемденген халықтың мұрасы
болатындығын бірден-бір дәлелдей алмайды. Дегенмен XII-
XIV ғасырлардағы жоғарыда көрсетілген ескерткіштер қазақ
әдеби тілінің ауызша да, жазба да түрлеріне әсерін тигіз-
ген, кейбір тілдік және көркемдік модельдерді ұсынған көздер
екендігіне күмән болмасқа керек. Айталық, бұл ескерткіштер-
ден діни және абстракт ұғымдарды беруде араб, парсы
тілдеріне иек арту; осы тілдердің есім сөздеріне түркілік
көмекші етістіктерді тіркеп, күрделі етістік жасау амалы, түркі
мен араб-парсы, түркі мен монғол, араб пен парсы тілдерінің
бір мағынадағы сөздерін қосақтап жұмсау (бірін екіншісінің
түсіндірмесі, толықтамасы, дәлелдемесі ретінде қатар келтіру)
тәсілі, халық тіліндегі тұрақты эпитет, теңеулерді еркін
қолдану, олардың модельдерін пайдалану – осылардың барша-
сында көне және орта ғасырлық түркі жазба ескерткіштерінің
тілі, көркемдік дүниесі қазақ әдеби тілінің бастауынан, қайнар
көзінен хабар береді.
73
Арынов Т. Китаб «Аттуһфа уз-закийа фил-лугат ит- туркийа» лексикасы туралы
бірер сөз //Қазақ әдеби тілінің қалыптасу тарихы мен даму жолдары. - Алматы, 1981.
- 168-169-б.
68
ІІ ТАРАУ
_________________________
ХV-ХVІІ ҒАСЫРЛАРДАҒЫ ҚАЗАҚ ӘДЕБИ ТІЛІ
Достарыңызбен бөлісу: |