1.ЭСТЕТИКАЛЫҚ ДЕГЕНІМІЗ – ФИЛОСОФИЯЛЫҚ САНАТТАМА.
ӨНЕР ЭСТЕТИКАЛЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАРДЫ ТҮЗУШІ
Өнер өз кезегінде, ең алдымен, эстетикалық құндылықтарды туындатушы болып табылады.
Сонымен бірге, өнер – ең алдымен эстетикалық құбылыс. Ал, оның қарастыратын аясы – адамның шығармашылық жігерімен өмірге келіп, эстетикалық қабылдауға негізделген туынды.
§1. ЭСТЕТИКАЛЫҚ: ТЕРМИНІНІҢ МӘНІ
Эстетикалық терминінің мәні төңірегінде сөз өрбітер болсақ, ең әуелгісінде көне грек тілінде «эстетикалық» сөзінің мәнісі сезімдік (көру мен есту арқылы) қабылдау дегенге саяды. Соңғы жүз жылдықта осы сөз адамнның шынайы өмірді сезімдік-байыптай игеруінің ерекше түрі дегенді танытатын болды. Эстетикалық іс-әрекет дегеніміз – ең алдымен әлдебір аяқталу мен тұтастыққа ие болған жекеленген заттарды пайымдау. Сол себепті, тап осы қабылданушы тұтастық оның эстетикалық ой жетімінің ең басты бастау көзі болып табылады. Қабылдаушы тарапынан бірыңғай әсер қалдырып, жалпы сезінуді тудыратын тұтастық заттың қиыншылықпен анықталатын сипатының аталымы. Сонымен, тұтастық дегеніміз – ақылға салып байыптайтын нысанның ахуалы. Тұтастыққа ие заттың әр бөлігінде бірліктің қолтаңбасы жатыр[20]. Міне, осындай зат ондағы әр элементтің, «буынның» қажеттілігін тануымызды оятады. Ол біршама ретке келтіріліп, әрі аяқталғандықтан: оған қосып, одан алып, оны өзгеріске ұшыратуға еш болмайды, қайта оған талпыныс жасасақ бәрін бүлдіргеніміз[21].
Жекелеген заттардың тұтастығына бағытталған эстетикалық пайымдау моральдық және утилитарлық* бағамдау мен нысанына біздің оймыз тіптен жетпейтін болып саналатын діни күй кешуден де не болмаса, заттарды, құбылысты, мәнділікті интеллектуалды (сараптамаға) құрылған ғылыми танымнан да мүлдем өзгешеленеді.
Ең мәнді, ең айшықты және ауқымды эстетикалық байыптау бір мезетте әрі дүниетанымдық, әрі танымдық сипатқа ие болып келеді. Затты эстетикалық тұрғыда қабылдай отырып, біз тікелей сезінудің әлеуеті арқасында (логикалық қисындау шарасына жүгінбей-ақ) біз үшін маңыздылығы мен оның түпкі мәнісін сезіне аламыз. Эстетикалық А.Ф. Лосев бойынша, белгілі бір заттылықтың айшықтануы, яғни «міндетті түрде сырттай берілген заттың ішкі өмірі» бізді өзінің тылсымына тарта отыра, «байыптамалық құндылыққа» ие болады[22].
Эстетикалық бір-бірінен бөліп жарғысыз екі аспектіге: объективті /нышанатты/ (заттық) және субъективті /тұлғатты/ (эмоциялық) қасиетке ие. Ол қабылданушы заттардың қасиеті мен қабылдаушы сананың нышандарының өзара әрекеттесуі арқылы жүзеге асады. Эстетикалықтың аясында, басқаша айтар болсақ, ерекше күй кешу қалыбы, сонымен бірге заттардың объективті алғышарты, белгілі бір сипаты бой көрсетеді.
Енді ұғымдар мен терминдердің тарихына үңілейік. XVIII ғ. ортасында эстетикалық эстетиканың арнайы ғылыми-философиялық пәнінің нысаны болып саналды. Оның негізін салушы латын тіліндегі қос томдық "Эстетиканың" (1750, 1758) авторы неміс философы А. Баумгартен эстетиканы логикаға қарама-қарасы келетін жетілген сезімдік таным турасындағы ілім ретінде сипаттады. Сонымен қатар, оның әдімілік турасындағы ғылым екендігін белгілеп берді. Бірақ эстетикалық ой оған дейін де өмір сүріп келген болатын. XVII ғ. Еуропада антикадан бастау алған эстетикалық сезімділіктің тәжірибе арқылы айқындалған көптеген әдемілік (әсемдік) туралы ілімдері өмірге келді.
Достарыңызбен бөлісу: |