Түрлі дәуірде белгілі бір өнер түріне баса ден қойылып отырды. Антикада ең ықпалды мүсін өнері болды; теорияшылар әдетте поэзияға ден қойғанымен, Қайта Өрлеу мен XVII ғ. эстетикасының құрамында сурет өнерінің тәжірибесі басымдыққа ие болды; осы дәстүр аясында жазылған француз ағартушысы Ж.-Б. Дюбоның алғашқы трактатында: "Поэзияның билігіне қарағанда Суреттің билігінің адамдарға үстемдігі өте зор" деп саналды[300].
Кейінірек (XVIII ғ. одан зор түрде XIX ғ.) өнер сахнасына әдебиет көтеріліп, теорияда алға басушылық орны ала бастады. Лессинг өзінің "Лаокоонында" дәстүрлі қалыптасқан көзқарасқа қарама-қарсы сурет пен мүсін өнерлерінен поэзияның артықшылығын алға тартты. Канттың ойынша, "басқа өнер түрлері арасында бірінші орынды поэзия ұстап тұр"[301]. Сөз өнерінің басқа өнер түрлерінен артықшылығын бұданда зор дәрежеге көтерген В.Г. Белинский: поэзия дегеніміз "өнердің жоғарғы тегі" болғандықтан, ол "өз бойына басқа өнер түрлерінің барша элементтерін жиған" сондықтан да "өнердің бүкіл болмысын таныта алады"деп тұжырымдады[302].
Романтизм дәуірі кезінде өнер әлеміндегі көшбасшылықты поэзиямен бірге музыка бөлісті. Кейінірек музыканы көркем іс-әрекет пен мәдениеттің жоғарғы формасы деп ұғыну (Нищиенің әсері арқасында) бұрын соңды болмаған деңгейде, әсіресе, символистер эстетикасында кең тарады. А.Н. Скрябин және оның пікірлестерінің түсінігі бойынша, тап музыка өз маңына басқа өнер түрлерін топтастырып, ақыр соңында әлемді қайыра жаңартады. А.А. Блок (1909): "Музыка ең жетілген өнер түрі болғандықтан жасампаз Ұстаздың ойын айқын танытып, айшықтай алады <...> Музыка әлемді тудырады. Ол әлемнің рухани денесі <...> Поэзия таусылмайтын түпсіз болғандықтан <...> оның атомдары жетілмеген нашар қозғалыста болып келеді. Поэзия өз шегіне жеткен шақта музыка теңізіне жұтылады" деген болатын[303].
Осындай ой түю ("әдебицентристік", сондай-ақ, "музыкацентристік") XIX ғасыр мен XX ғасыр басындағы көркем мәдениеттегі алға басушылықты танытқанымен, сонымен бірге, тым бір жақты, әрі әлсіз болатын. Әлдебір өнер түрін басқаларынан жоғары қоя дәріптеуге қарсы басқа теорияшылар көркем іс-әрекеттегі тең құқықтықты атап көрсетеді. "Муза отбасысы" деген сөз тіркесі тегін өмірге келген жоқ.
XX ғасыр (әсіресе оның екінші жартысы) өнер түрлері арасындағы байыпты қозғау салулармен танылды. Жаңа бұқаралық қарым-қатынас түрлеріне арқа сүйеген: жазба және баспа тілімен ең бастысы кинематограф пен телеэкрандағы визуалды образдылық, радиодан естілетін ауызша тіл табысты бәсекелесе бастап, беделді көркем формалар пайда болып буындарын бекітті.
Осыған орай ғасырдың бірінші жартысында "киноцентристік" деп аталған, ал екінші жартысында "телецентристік" делінетін концепциялар өмірге келді. Киноөнерінің амалятшылары мен теорияшылары бірнеше мәрте бұрын сөз гипертрофирленген (асыра дәріптелген) мәнге ие болса; бүгіндері адамдар кинофильмдердің арқасында өмірді басқаша қырынан көруде; адамзат ұғымдық-сөздіктен визуалды, думандық мәдениетке өтуде деп тұжырымдады. Өзінің басыбұзық ойларымен танымал теледидар теорияшысы М. Маклюэн (Канада) 60-шы жылдары шығарған кітаптарында XX ғ. екінші коммуникативтік төңкеріс (біріншісі баспа станогінің ойлап табылуы) болып өтіп, шектеусіз ақпараттық күшке ие теледидардың арқасында "бір мезеттік баршаға ортақ әлем" пайда болып, біздің әлем өз кезегінде бір үлкен ауылға айналады деген ой түйді. Ең бастысы, теледидар бұрын соңды болмаған идеологиялық беделге ие болып: телеэкран көрермендер бұқарасына қалауынша түрлінше өз көзқарасын таңа алады. Егер де бұрын адамдар ұстанымы тұрақты дәстүр мен жеке қасиеттері арқылы айқындалса, ендігі жерде теледидар дәуірі кезінде адамдардың жеке санасы шеттетіліп, белгілі бір ұстанымды ұстануға мүмкіндігі болмайды да, адамзат жеке саналық мәдениетінен қол үзіп, алғашқы қауымдық құрылысқа тән "ұжымдық санасыздық" кезеңіне қайыра аяқ басады деген ой айтады автор. Оның үстіне, Маклюэннің ұйғарымынша, кітатың болашағы жоқ, кітап оқу дағдысы өзін тауысты, жазу да құрудың аз-ақ алдында тұр, өйткені, ол теледидар дәуірі үшін өте интеллектуалды[304].
Маклюэннің ой түюлерінде көптеген біржақтылықтар, үстіртіндіктер және айқын ағаттықтар (өмір көрсеткендей, сөз, оның ішінде жазбаша, екінші қатарға ығыстырылмайды, оның үстіне телекоммуникацияның кең тарауы мен байығуынан шет қақпай болмайды да) бар. Бірақ та, біздің алдымызға канада зерттеушісі қойған проблемалар өте өзекті: өйткені, визуалды және сөздік-жазба коммуникациялар арасындағы қарым-қатынас өте күрделі, кейде тіпті конфликтілі болып келеді.
Дәстүрлі әдебицентризм мен заманалық телецентризм қарама-қарсылығының шетіндіктеріне қарата айтарымыз, көркем сөз біздің заманымызда да бір-біріне тең құқылы өнер түрлері арасында бірінші болып табылады.
Өнер отбасындағы әдебиеттің өзіндік көшбасшылығының XIX-XX ғғ. айқын сезілетіндігі оның өзіндік эстетикалық ерекшелігімен ғана байланысты емес, сондай-ақ танымдық қарым-қатынастық мүмкіндігімен де байланысты болып келеді. Өйткені, сөз – адам санасы мен қарым-қатынасының жалпыға ортақ формасы. Және де әдеби туынды тіпті кей жағдайда оның бойында айшықты да, кең көлемді эстетикалық құндылықтың нышаны болмаса да оқырманға әсер етуге қабілетті.
Кейде әдеби шығармашылықтың эстетикадан тысқары белсенділігі теорияшылар тарапынан қауіп туғызды. Осылайша, Гегель поэзияға сезімдік қабылдаудың аясындағы жарылыс пен таза рухтық бей-берекетке сіңіп жоғалудың қаупі туып тұр деп ұйғарды. Өнердегі сөз көркем шығармашылықтың өрімделуін, оның философиялық ұғынымға, діни түсінікке, ғылыми ойлау прозасына өтуін қарастырады[305]. Бірақ әдебиеттің ары қарай дамуы бұл қауіптенуді бекерге шығарды. Өзінің үздік үлгілерінде әдеби шығармашылық тек қана кең көлемді танымдық және өмірді терең байыптаудың көркемдік принципіне адалдықпен қатар, автордың жинақтауға тікелей қатысуын табиғи түрде біріктіреді. XX ғ. ойшылдары ғалымдағы метафизика сияқты поэзия басқа өнер түріне қатысты, болашақ тұлғааралық ұғынымға басы бүтін назар аударатындықтан философияға жақындау деп тұжырымдады. Оның үстіне, әдебиет "өздік сананың материалдандырылуы" және "рухтың өзі туралы жадысы" ретінде сипатталды. Әдебиеттің көркемдіктен тысқары функцияны атқаруы әсіресе, әлеуметтік жағдай мен саяси құрылыстың қоғам үшін қолайсыз сәттері мен кездеріне тән болып келеді. "Қоғамдық еркіндіктен ада халықтың,-деп жазады А.И. Герцен, жоғарыдан өзінің ызасы мен санасының жан дауысын естіруге мәжбүр ете алатын әдебиет жалғыз мінбері болып табылады"[306].
Ешбір жағдайда өзге өнер түрінен басым болуға тырысушылықты танытпайтын, әрі оларды ауыстыруға еш тырыспайтын көркем әдебиет, осылайша, қоғам мен адамзат мәдениетінде әлдебір өзіндік өнер мен интеллектуалды іс-әрекеттің бірлігі ретінде философтардың, ғалым-гуманитарилердің, публицистердің еңбектерімен теңдес айырықша орын алады.