“Осыдан құтылар күн болар ма?” деп
Шайнап ем бармағымды азу тісте.
Ақынның кейінгі тағдыры баянды болмады. Ол 1939 жылдың 15 мамырында дүние салады.
Шығармашылығы. Т. Ізтілеуов 1934 жылы Қазақстан жазушыларының бірінші съезі мен халық ақындарының бірінші слетіне делегат болып келді де, газет-журналдар бетінде өлеңдері шығып, содан былай енді ол бүкіл республика жұртшылығына танылды. Оның үстіне ол 10 ай отырып Фердаусидің “Шахнама” дастанының қазақшаланған нұсқасын жасап шықты да, дастанның бірқатар тараулары баспа жүзінде жарияланып, Т. Ізтілеуовтың ақындық тұлғасы айқын анықтала түсті. Сол кезде алпысқа таяған қария отыз жыл ішіндегі туындыларын жинап өз алдына, “Шахнаманы” өз алдына кітап етіп шығаруға әрекеттенеді. Б.Майлин, С.Сейфуллин, С.Мұқанов, І.Жансүгіров - төртеуіне арнап жазған: “Топ жарған төрт тұлпарға” деген өлеңінде:
“Шахнаманың” соңынан
Кітап қып бөлек басыңдар,
Жастан жиған қорымды.
“Арабы, фарсы аралас
Екен”,-деп бірақ бұл кезде
Қайнатпаңдар сорымды.
…Өздеріңе өтінішім:
Қатарға қос кәріңді! –
дейді. Жамбылмен қатар шығып, заман рухымен бірге қанаттанған қуатты ақын дәуірлік мәні бар көп оқиғаларға ақындық үн қосқаны мәлім. Оның заманға сай: “Дарақ пен садақ”, Мақта”, “Шөлмек”, “Алып қыран” сынды өлең, толғаулары, Пушкин, Горький, Жамбыл, Сәкен ақындарға, Қазақстан Жоғарғы Кеңесіне, X съезіне арнаған өлең-жырлары үсті-үстіне газеттерде шығып, кейбіреулері орысша аударылып орталық баспасөзде шыққанда О.Исаев, Т.Жүргенев, С.Мұқанов, Ғ.Тоғжанов, Қ.Өтепов сияқты қазақтың белгілі қайраткерлері Т.Ізтілеуовтың есімін Жамбылмен қатар қойып бағалаған.
Бірақ бұл шырқау ұзаққа созылған жоқ. Ақын 1937 жылы жазықсыз ұсталғаннан қайтып қатарға қосылмады, кітаптары басылмай жабылып қалды.
Кейін Т. Ізтілеуов ақталып, 1961 жылы республикамыздың 40 мерекесі қарсаңында “Рүстем-дастан” кітабы жарық көрді. Кітапқа алғы сөз жазған М.Әуезов: “Мынау еңбекті Фердаусидің “Шахнамасынан” тікелей жасалған аударма демейміз, сол өлең етіп жазған Рүстем жөніндегі дастанның қазақша бір варианты дейміз” деген. Т. Ізтілеуовтың өзі де бұл еңбегін аударма демейді, ел ішіне тарап кеткен аңыздарды өзінше топшылап, өзінше ойлап пішіп, жыр еткен дастан деп қарайды.
Т. Ізтілеуов революцияға дейін-ақ Ташкент, Қарақалпақ, Оңтүстік пен бүкіл Сыр бойы қазақтарына аты әйгілі болған ақын:
Жазған сөзім қыдырды:
Орал менен Торғайды.
Хорезм жұрты хабарлы:
Шорақан, Төрткүл, Шымбайды:
Киіз үйлі қазақтың
Есіткен жері сөзімді
Аяқ асты қылмайды, -
деп Т. Ізтілеуов “Шөлмек” атты өлеңінде дәл басып айтқан. “Тұрмағамбет айтты” деген сөз сол кездің өзінде халық арасында өте көп тараған. Оның талай өлең, жырлары, мысал, дастандары осы күнге дейін жұрт аузында. Бұлардың едәуірі қолжазба күйінде де сақталған.
Т. Ізтілеуовтың революцияға дейінгі жазғандары бай мен бидің уақытындағы кейбір өмір көріністеріне сын: халықтың қараңғылығы, бай мен кедей арасындағы әлеуметтік теңсіздік, бай, би, қожа, молдалардың ұсқынсыз қылықтары “Қара қоңыз” (1896), “Мәгес молдаға” (1905), “Бар мен жоқ, ал мен бер” (1906), “Жер жүзінде жеті қабат зұлмат басты” (1916) т.б. шығармаларында-ақ сыналды.
Абайды оқып, Абай сарынынан әсер алған Т.Ізтілеуов ақындық қызметтің мақсат, міндетін Абайша ұғынады, Абай сияқты халыққа қызмет еткен, артынан асыл сөз қалдырған ақын өлмейді деп біледі. 1910 жылы Т.Ізтілеуов “Абайды оқығанда” деген өлең жазған. Бұл өлең ұлы ақынның шығармалары 1909 жылы жарық көрісімен, қанша жерге және қандай тез тарағанына документ іспетті айғақ. Т. Ізтілеуовтың сол жылы жазылған көктем туралы “Жыл келді”, махаббат туралы “Көңліме гүл егілді махаббаттың”, достық туралы “Татулық – таусылмас кен”, ақыл, білім туралы “Арқаның ауруыне қозбайтұғын?” деген өлеңдерінен Абай үнін тануға болады.
Бұған қарап Т. Ізтілеуов Абай дәстүрін жалғастырушы, оның шәкірті деген пікір тумайды. Кейбір ретте Абай әуеніне аз-көп бас ұрғанымен, негізінен, Т. Ізтілеуов өз мектебінде қалды.
Өз “мектебі” дегеніміз Т. Ізтілеуовтың өзі көтере сипаттаған Аяған қожа, Бұдабай, Сәдір, Әзілкеш сынды Сыр бойының 19 шайыр-ақындарының және Майлықожа, Мұса молда, Шәді төре, Ораз молда сынды Қазақстанның оңтүстік өңірінің ірі талант иелерінің дәстүрі.
Т. Ізтілеуовтың шығармаларында қазақ әдебиетіне қосқан өзіндік жаңалықтарын көруге болады. Алдымен оның ағартушылық, адамгершілік, тақырыптарына философиялық топшылау жасаған өлеңдері көзге түседі. Шын мағынасында адам болудың жолы білім алу деп түсінген ақын “Шәкірттерге” (1905), “Балаларым” (1906), “Тәлім” (1906), “Адамдық іс” (1907), “Қамын ойла халқыңның” (1907), “Халыққы қайрама тісіңді” (1907), “Мәнді сөз” (1908), “Ұлдарым” (1915) деген өлеңдерінде жас ұрпақты тікелей оқуға, халықтың көзін ашуға шақырып, өсиет, нақылтүрінде философиялық пікірлер түйеді:
Күн туса, нұр қашады айдан-дағы,
Жарлы жақсы, қайратсыз байдан-дағы…
Кейбіреу сәл бақытқа мәз болады,
Шабақтай шалпылдаған қайраңдағы.
Т. Ізтілеуов поэзиясының тағы бір назар аударатын ерекшелігі, ол – жанр жаңалықтары мен поэзия түрінің байлықтары. Ол бұрын халық поэзиясында бар толғау, терме, арнау, айтыс жанрларының үстіне Шығыс әдебиеті өрнектерінен: мысал, тақпақ, рубаят, нақылиат, хикая, дастан жанрларын енгізді және бұл жанрларды қазақ жағдайына өзінше, Тұрмағамбетше бейімдеп алды. Олар Шығыс нұсқасынан шыққанмен көбіне қазақ материалына құрылып,қазақша ұғылады. Хикаялары: “Мәрді диқан”, “Рауабану”, “Соқыр мен ақсақ” т.б.
Ақынның мысалдары да оның шығармашылығының бай саласы: “Өгіз бен есек”, “Көкқұтан мен шымшық”, “Төрт дос”. Шығыс мысалдарына тән жан-жануарлардың мінезінің әр түрлілігі Т. Ізтілеуов мысалдарынан да байқалады.
Ақынның шығыс классиктерінен әкелген рубаяттары да поэзиямызға қосқан тәуір үлесі:
Қойма сен халыққа қарсы бір өзіңді,
Ақылсыз аусарлықтан тый өзіңді.
Әрқашан алам десең төрден орын,
Түзеп ал, татаусыз ғып мінезіңді.
Сыр елінің айтыс ақындары мен шайырлары – Кете жүсіп, Қаңлы жүсіп, Нақыптар термені бір ұйқаспен жазатын. Мұндай шұбыртпалы ұйқасты Қарасақал Ерімбет, Даңмұрын, Шораяқтың Омары Т. Ізтілеуовтен үйренген еді. Т. Ізтілеуов мектебіндегі қара өлеңнің бунақтары 3-4-4 болып келетін болса, мұның өзі Сыр бойында ән-жырдың жаңа түрлерін тудырған.
Ақынның тағы бір ерекшелігі - өлеңдерінң дыбыстық құрылысында аллитерация мен ассонанстың інжудей төгіліп тұруы. Стилі – шығыстық реализм, шеберлігі - өлеңдерінің дүрлігінде, метафоризмінде. Онда тақпақ, нақыл мен ғибрат, рубаи, афоризм, қисса, бойын жасырған сатирашылдық бар.
Достарыңызбен бөлісу: |