Берік Аташ, Қуаныш Әлжан ҒҰмар қараш алматы


Өмірге аттаныс пен өрлеу баспалдақтары



Pdf көрінісі
бет8/34
Дата03.03.2017
өлшемі2,54 Mb.
#6482
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   ...   34

2. Өмірге аттаныс пен өрлеу баспалдақтары
газетінде 1914 жылғы № 45-100 сандарында «Оренбург, 9 январь» 
деп берілген мақаладан көруімізге болады: «Қазақ» газеті көздеген 
мақсұдына жету үшін шыққаннан бері күш қуатын жұмсады, һәм 
жұмсамақшы.  Бір  жылдың  ішінде  қазақта  қаламымен  қызмет 
еткен һәм мұнан былай да пайдалы қызметтері үміт етіліп Алашқа 
аты  білінген  білімді  азаматтар:  Ахмет  Байтұрсынов,  Әлихан 
Бөкейханов,  Міржақып  Дулатов,  доктор  Әбубәкір  Алдияров, 
доктор  Арғынғазы  Поштаев,  доктор  Халел  Досмұхамедов, 
доктор  Дулатша  Күсебағалиев,  доктор  Бенкевич,  присаженный 
поверенный  Райымжан  Марсеков,  инженер  Мұхамеджан 
Тынышпаев, қазақшыл Хасанғали, студент Есенғали Қасаболатов, 
шежіре Шәкәрім Құдайбердин, Ғабдулғазиз Мосы, Ғұмар Қарашев, 
Жұмағали  Тілеулин,  һәм  басқалар»,  –  дей  келе,  1913  жылғы  бұл 
газеттің беделі мен таралымын да көрсетеді [63, 82 б.]
Бұдан  көріп  отырғанымыздай,  ойшыл  тек  діни  қызметкер 
ғана  емес,  саяси-әлеуметтік  мәселелерге  белсене  араласатын  сол 
дәуірдегі  әйгілі  қазақ  зиялыларының  қатарынан  орын  алатын 
қайраткер екен. Ол саяси мәселелерді публицистикалық мақалалар 
арқылы  ғана  емес,  ақын  болғандықтан,  поэзиялық  тілмен  де 
жеткізуді  мақсат  еткен.  Мысалы,  осы  газеттің  1913  жылы  16 
мамырдағы  14  нөміріндегі  «Сүйінші»  атты  өлеңі,  1916  жылы 
29  ақпандағы  171  нөміріндегі  «Екі  бауырға»  атты  толғауы,  1914 
жылы  9  мамырдағы  61  нөміріндегі  «Аға  тұлпар»  өлең  кітабы 
туралы  берген  поэтикалық  дәстүрлерінің  идеялық  мазмұны  да 
саяси тақырыптарға арналды. Атап айтқанда, «Екі бауырға» атты 
туындысы шағын болғанмен, үлкен әлеуметтік-саяси мәселелерді, 
стратегиялық мақсаттарды толғады. 
1916  жылғы  «Қазақ»  газетінде  Ғұмар  Қарашев  Ғабидолла 
Ахметұлымен, Сейітқали Меңдешұғлымен, Нығметолла Ибраһим 
баласымен  бірлесе  отырып,  Ресей  Думасындағы  бюроға  өз 
ұлтының  өкілдерін  жібертуді,  оның  ішінде  Бөкейлік  адам  болу 
қажеттігі  туралы  іргелі  мәселе  қозғайды.  1905  жылы  17  қазанда 
Ресей  патшалығы  өз  аумағындағы  халықтарға  теңдікпен  қарау 
туралы  жарлығын  шығарған  болатын.  Сондықтан  Ресейдегі  І, 
ІІ  Думаға  бірнеше  қазақтар  сайланғанмен,  ол  Дума  тарап  кеткен 
еді.  Осы  мәселелерді  талдап  көрсеткен  бұл  зиялылар:  «Сөйтіп 

74
Ғұмар Қараш
біздің мұсылманнан 3 Дума құралғанда шақырылған депутат тек 
алты  кісі.  Бұлар  да  қазақ  жайынан,  тұрмысынан  бек  аз  білетін 
адамдар  еді.  Россиядағы  30  миллион  мұсылманның  тұрмысына 
қарай  мұң-мұқтажы  түрлі-түрлі  болғанның  үстіне,  кем-кетігі 
тіпті  көп.  Әсіресе,  біз  сияқты  өз  депутаты  жоқ  халықтың  жай-
жапсарын  жақсы  білмегендіктен,  депутатымыз  сан  жағынан  да 
азғантай  болғандықтан  Думада  бізге  қолайлы  закон  шығартуға 
мүмкін емес. Енді бұл кем-кетікті қолдан келгенше толтыру үшін 
әр жердегі мұсылмандар араларынан өз расходтарымен мұсылман 
фракциясының  қасына  білімді  жақсы  адамдарын  жіберіп  отыр. 
Мұны  «бюро»  деп  атайды»,  –  деп  [63,  314  б.],  билік  органдары 
арқылы  өздерінің  үндері  мен  халықтың  мұң-мұқтажын  жоғарыға 
жеткізіп отыру саясатын батыл ұстанған. Себебі, сол кездегі Дума 
Ресей  құрамындағы  халықтардың  мүддесі  мен  бейбіт-қалыпты 
тіршілігін қамтамасыз етудің, олардың езгісі мен үстемшіл саясатын 
жоғарыға  жеткізудің  бірден-бір  мүмкін  болатын  баспалдағы  десе 
де  болады.  Өйткені,  сол  кездегі  қазақ  халқын  шұрайлы  жерден 
айыру,  олардың  мүмкіндіктерін  шектеу,  отарлау  саясатының 
жалғасын  табуы  сияқты  әрекеттерді  ұлтымыздың  зиялыларының 
кейбірі  –  Ресейлік  патша  ағзам  түгел  біле  бермейді  деп  ойласа, 
екінші  жол  –  әйтеуір  қазақ  халқы  өз  үндерін  шығару  арқылы 
саяси белсенді күреске шығуды ұйғарғандықтан туындады: «Неге 
десеңіз, біздің мұқтажымыз, мұңымыз басқаға қарағанда көбірек. 
Тек жоқтамағанның малы түгел болғандықтан өзімізге білінбейді. 
Себебі,  біздің  Ішкі  Орданың  жерін  тілімдеп  иеленіп  отырған 
халықты  қуып  шығуға  бастықтарымыз  құдайдың  тар  күнінде 
совещание жасап отыр» [63, 314 б.].
Сондықтан  бұл  хат  бір  қырынан,  тұтас  Қазақ  жұртына 
жағдайды  баяндау,  екінші  бір  қырынан,  елдің  зиялысы  мен 
бай-манаптарынан  да  қолдау  күту,  үшінші  бір  қырынан,  Ресей 
патшалығының  билігіне  деген  өздігінше  бір  «үндеу»  болатын. 
Мысалы,  жоғарыдағы  Ғұмар  Қараш  қосылған  авторлар  ұжымы: 
«Бұлай  болса,  ел  билеген  азаматтар-ау,  шаруасы  бүтін  байлар-
ау,  ұрпағымыздың  көз  жасына  қалмауды  ойлаған  билер,  біз  де  бір 
ұйымдық  қылып  қарайық,  басқалардай  депутатымыз  болмаса  бұл 
біздің кемшілігіміз емес...Бұлайша уақыт өтпей тұрып, өз қамымызды 

75
2. Өмірге аттаныс пен өрлеу баспалдақтары
өзіміз  жемесек,  біз  үшін  ешкім  қайғы  етпес»  [63,  82  б.],  –  деп 
шынайы ұлтжанашыры ретіндегі ойларын түйіндеген болатын. 
Ғұмар Қараш, сондай-ақ, қазақ жері мәселесіне де алаңдаған 
саяси стратег те болған. Себебі, екінші бір қырынан алғанда, жерді 
Ресейдің  бірте-бірте  меншіктеуіне,  жергілікті  халыққа  қоқан-
лоқы  көрсетуіне,  оларға  казактарды  әдейі  жер  басып  алуы  үшін 
жіберуінің басталуына намыстанған, түптеп келгенде, бір кездерде, 
бүкіл қазақ даласына көз алартатындығы мен жергілікті халық өз 
жерін өзі билеу құқығынан айрылатындығы туралы болашақтағы 
үлкен қауіпті сезінуден туған болса керек. 
1916 жылғы «Қазақ» газетінде Әлихан Бөкейхан Бөкей ордасы 
жерінің талан-таражға салынып бара жатқандығын айта келе: «Бас 
министрге бөкейліктен Петроград барған Ғұмар Қарашұғлы белгілі 
қазақ  ақыны  қағаз  берді,  Астрахань  атты  казагына  алатын  жерді 
бізге қазаққа тиісті жер еншісі, бөліп беріп ал деп. Бұл Ғұмар тілегі 
аз  бөкейлік  бір  бөлімі  тілегі.  Бөкейліктің  бәрі  қылатыны  осы»,  – 
деп баяндаған болатын [63, 321 б.]
Себебі,  сол  жылдары  Ресей  өзінің  жерді  бірте-бірте  тартып 
алу  және  оған  басқа  халықтарды  қоныстандыру  саясатын 
жымысқы  жолмен  белсенді  жүргізіп  отырған  болатын.  Олар 
«артық пайдаланылмаған жер», «егін мен ағаш егу үшін қажетті» 
деген сияқты сылтаулармен келіп иелік ете бастады. Шындығында 
да,  мал  шаруашылығымен  айналысқан  және  жаз  жайлау,  қыс 
қыстау деп көшіп мекен еткен жерлер көшпенділік салтты дұрыс 
түсінбегендіктен, «бос сияқты» болып көрінген болуы да ықтимал. 
Мысалы,  қыс  мезгіліндегі  бос  жатқан  жайлау  немесе  керісінше, 
тіпті болмаса, сол сәтте мал жайылып жүрмеген қазақ даласындағы 
жайылым қорларын көрген орыстар «мұндай жерлерді мұжықтарға 
беру керек», «егіні, не қаласы жоқ, бұл жай бос жатқан жерлер» деп 
ұғынған болуы да мүмкін. Дегенмен, мұндай геосаясаттың астары, 
түптеп  келгенде,  патшалық  Ресейдің  отаршылдық  әрекетін  әрі 
қарай жалғастырудан алшақ емес екендігі түсінікті жайт. 
Шындығында,  қазақ  халқының  тарихи  дамуында  «бос  жер» 
деген ұғым мүлде болмаған сыңайлы, себебі, мыңғырған мал және 
оны  көбейте  түсу  үшін  жайлау  қанша  аумақты  алып  жатса  да, 
ешқашан артық етпеген. Сондықтан «бос» деген жердің барлығы 

76
Ғұмар Қараш
тұтасымен  алғанда  жаз  жайлаулар,  мал  шаруашылығына  қажетті 
өріс, мүмкін болатын шынайы Қор болып табылады (мұны бүгінгі 
күні де ескерген жөн сияқты). 
Екіншіден,  қазақта  мәңгі  аяқталмайтын  «жер  дауы,  жесір 
дауы» деген тіркес бар. Соған қарағанда, қазақтар арасында бейбіт 
өмірде  де,  Ресей  отаршылдығына  дейін  де  жерге  қатысты  талас-
тартыстар  жиі  өрбіп  тұрған  сыңайлы.  Бұл  да  «бос  жер»  деген 
ұғымның болмағандығының айғағы. Демек, ХХ ғасырдың басында 
«жер  дауы»  ел  ішінде  ғана  емес,  орыс  пен  қазақ  арасында  саяси 
мәселеге дейін көтеріліп өрши түскен. Бұл әсіресе, қазақстанның 
оңтүстік және шығыс аймақтары әлі алысырақ болған соң, батыс 
пен  солтүстікте  өрбіген  сыңайлы.  Осындай  аймақтардың  бірі 
Ресейге көршілес жатқан, әрі қазақ жеріндегі ең жақыны – Батыс 
өңір,  сол  кездегі  бөкейліктердің  мекені.  Мұны  Әлихан  Бөкейхан 
өз мақаласында былайша көрсетеді: «Бөкейлік жері қазына жері, 
қазаққа уақытша берілген, келер уақыттағы жарлыққа шейін. Келер 
уақыт  жарлығы  деп  бөкейлік  жерін  Орал  атты  казагына  берген, 
келер уақыт жарлығы деп, ағаш егуге алған, енді құм бекітем деп 
алғалы  отыр.  Тағы  Астрахань  атты  казагына  жер  алып  бермек. 
Бүйте  берсе,  бөкейлікте  түк  жер  қалатын  емес,  жерді  ала  берсе, 
бұл  жазулы  законға  шек  емес.  Қазына  жаңа  жарлықпен  өз  жерін 
алады. Бірақ бұл жерде бөкейлік жылдан аса жыл отыр. Неше ата 
кір жуып, кіндік кескен» [63, 321 б.].
Ендеше,  Ғұмар  Қараштың  да  араласып  отырған  жер 
мәселесінің  түп  төркіні,  негізгі  идеясы  да  –  осы.  Себебі,  жерден 
айрылу біріншіден, мал шаруашылығының тұралауына алып келсе, 
екіншіден,  ата  қазақ  қонысы,  түптеп  келгенде,  бұл  –  елдік  пен 
ұлттық идея, территориядан айрылу, сөйтіп қазақ елінің аймағының 
тарылуы  дегенді  білдіреді.  Ғұмар  Қараш,  бұл  тұста,  тек  БАҚ 
бетінде  қоғамдық  пікір  білдіруші  ғана  емес,  арнайы  Петерборға 
барып,  министрге  хат  жолдап,  өзінің  өтінішін  білдіріп,  нақты 
шешімді талап етуші ұлт зиялысы, батыл қоғам қайраткері ретінде 
бағалануы  тиіс.  Сонымен  қатар,  ол  «Астрахань  атты  казагына 
алатын жерді» сұраған. 
Қазақтардың ата қонысы болған Қажы-тархан жері бұл күнде 
ақыры Ресейдің қарамағында қалып отыр. Мүмкін, бұл тұста да, 

77
2. Өмірге аттаныс пен өрлеу баспалдақтары
Ғұмар  Қараштың  дәл  осы  жерлерге  орыстардың  иелік  етуіне 
абыржуы,  қайтарылуын  сұрауы  көреген  саясатшылығы  шығар 
деген ой келеді. 
Себебі,  Ғұмар  Қараш  Ресей  озбырлығының  қайсібір  айлалы 
тұстарын да бағамдай білген, ісімен де, сөзімен де әр түрлі арнада 
күресіп  өткен.  Е.  Ысмайлов  айтқандай:  «Омар  отаршыл  патша 
өкіметінің жергілікті билеу системасын бірде ашық саяси түйіндеу, 
бірде өткір сатиралық әдіспен өлтіре сынайды» [64, 3 б.]. 
Ғұмар  Қараштың  мәдени-ағартушылық  жұмыстарының  әрі 
қарай жалғасуының бір көрінісі – «Айқап» журналында басылған 
мақалалары  және  олардың  түпкі  идеясының  саяси-әлеуметтік 
мәселелерді  көтеруіне  келіп  тоғысуы.  Мысалы,  1912  жылғы 
9  нөмірінде  «Ахмет  Жанталинге  жауап»  атты,  1912  жылғы  10 
нөмірінде  «Тіл.  Әдебиет»  деп  аталған,  1913  жылғы  1  нөмірінде 
«Әрине  күнелту  турасында»  деген  мақалалары,  1913  жылғы  106 
нөмірінде  «Қашан  қадірі  білінер?»  атты  өлеңі  т.  б.  жарық  көрсе, 
1914  жылғы  4  нөмірінде  «Жоқтау»  деп  аталған  еңбегі  басылып 
шықты. Жоқтау толғау ретінде Тәрбен есімді өзінің туысы қайтыс 
болғанда шығарылған туындысы болып есептеледі. 
«Ахмет Жанталинге хат» атты мақаласында автор Жанталиннің 
қазақты отырықшылыққа көшіру дұрыс емес деген пікіріне қарсы 
шығып,  көшпелілік  бірте-бірте  отырықшылыққа  ауысып,  қазақ 
елі  келешегі  үшін  өнер-білімге,  өркениеттілікке  жетуі  қажет  деп 
ағартушылық бағыттағы өз ойларын түйіндеген болатын. 
Ал  «Тіл.  Әдебиет»  атты  мақаласы  [65]  ұлттың  ішкі  рухы 
тіл  мен  әдебиет  екендігіне  баса  назар  аударғандықтан,  мәдени-
ағартушылық қызметінің ұлттық бағдарда өрбігендігін көрсетеді. 
Бұл  шығарма  мазмұны  жөнінен  саяси-әлеуметтік,  мәдени-
рухани тұрпатты болғанмен, ойдың берілу тәсілі мен дәйектемесі 
жөнінен  философиялық  болып  келеді.  Автор  тіл  мен  әдебиетті 
егіз  ұғым  ретінде  қарастыра  отырып,  қазақ  тілінің,  яғни,  таза 
лингвистикасының ерекшеліктеріне, оның түркі тілдерінің ішінде 
озық, әрі жетілген бай құбылыс екендігіне назар аудара келе, қазақ 
әдеби тілін жетілдіру мен дамыту қажеттігі туралы мәселе қояды. 
Сонымен қатар «қазақ әдебиеті өркендеген, бірақ әдеби тілі орнықты 
емес»  деген  сияқты  тұжырымдарын  ұсынып,  әдебиет  пен  әдеби 

78
Ғұмар Қараш
тіл  екеуін  ажыратып  қарастыру  қажеттігі  туралы  ой  түйіндейді 
және  оның  ерекшеліктерін  келесі  кезекте  талдап  көрсету  туралы 
мәселеге келіп тоқтайды. Ол өмірінің соңғы жылдарында «Қазақ 
тілі»  басылымында  да  көріне  бастайды.  Мысалы,  1921  жылы  22 
тамыздағы 136 нөмірінде «Опат» атты мақала жариялайды. 
Ғұмар Қараш та қазақтың мәселесін әр жерден зиялылар жеке 
дара  бөлек-бөлек  емес,  арнайы  ұйымдар  құрып,  сонда  бірлесе 
отырып, талқылау қажеттігін жете ұғынды. Бұл ұйымдасудың сол 
дәуірдегі тиімді жолдарының бірі – жеке қазақ съезін құру идеясы 
болған. 1917 жылғы «Қазақ» газетіндегі «Жалпы қазақ съезін құру 
туралы»  атты  мақалада  да  бұл  мәселе  былайша  нақтыланады: 
«1917 жылы 9 майда Орал, Торғай, Ақмола, Семей облыстарынан, 
Ішкі  ордалықтан,  Түркістаннан  жалпы  мұсылман  съезіне  барған 
қазақ өкілдері жалпы қазақ съезін құру туралы кеңесіп, мынадай 
қаулы жасадық», – дей келе, тоғыз қаулыны тізіп, «Қол қойғандар 
жалпы мұсылман съезінің қазақ өкілдері: Көлбай Тоғысов, Аққағаз 
Досжанқызы,  Ғабдолла  Әлібеков,  А.  Теміров,  А.  Дауылбаев,                         
Ғ. Қарашев..» екендігін атап көрсетеді [63, 392 б.]. 
Ойшыл  ақын  саяси-әлеуметтік  мәселелерге  араласа  жүріп, 
діни қызметтен де қол үзбеген сыңайлы. Себебі, өзекті ахуалдарды 
шешу  сәтінде  өзінің  діни  білгірлігі  мен  қазылық  беделін  де 
пайдаланған болуы ықтимал. Мысалы, Ғ. Қараштың екінің бірінің 
қолынан  келе  бермейтін  іс  –  Ресейлік  министрге  хат  жолдауы  – 
оның білікті, сауатты, әрі ел іші мен Ресей жерінде де танымал адам 
болғандығының  айғағы.  Сондықтан,  ол  –  саяси  қайраткерлікпен 
қатар  Орал  облысы  бойынша  қазы  қызметін  де  қоса  атқарып 
отырған, 1917 жылғы «Қазақ» газетінде 21–26 шілде аралығында 
Орынборда  өткен  қазақ  съезіндегі  қаулының  «Дін  мәселесі»  деп 
аталатын VIII тарауының 11 тармағында көрсетілгендей: «11) Орал 
облысынан  қазылыққа  сайланған  Қайырша  Ахметжанұғлын  һәм 
бөкейліктен Ғұмар Қарашұғлын съез лайық көрді. Өзге қазыларды 
әр облыс өзі сайлауға қалдырды» [63, 407 б.]. 
Бірінші  жалпықазақ  съезі  ұлттың  азат  болуы  мәселелерін 
қайтадан  неғұрлым  сауатты  және  біріккен  түрде  қозғай  бастады. 
Съезде  көтерілген  мәселелердің  саяси-әлеуметтік  астары 
мынадай  түйткілдерге  келіп  тоғысып  отырды.  Біріншіден,  ұлт-

79
2. Өмірге аттаныс пен өрлеу баспалдақтары
азаттық  идеяны  жалпыхалыққа  сіңіру  үшін,  ол  еліміздің  барлық 
облыстарын түгел қамтуы тиіс болғандықтан, әр аймақтардан ұлт 
зиялылары шақырылды. Екіншіден, өзекті әлеуметтік мәселелерді 
бірлесе  отырып  шешу  үшін  ұлт  зиялыларының  басын  қосатын 
бір  орталықтан  басқарылатын  ықпалды  саяси  күш  қажет  болды. 
Үшіншіден,  азаттық  туралы  идея  тек  құр  сарыуайымшылдық 
пен  аңсау  сатысынан  өтіп,  нақты  іс  шараларды  атқаруға  көшу 
қажеттігін түйсінді және оны бастап та кетті. Төртіншіден, ұлттық 
партия құру арқылы, ұлттық автономия, одан ұлттық мемлекет құру 
туралы жобаны жасау, мемлекеттің жалпы стратегиясын дайындау 
қажеттігі туғандығын сезінуден пайда болады. 
Осындай  іргелі  саяси  астарлы  мәселелерді  жүзеге  асыруды 
басқару,  әрине,  сол  кездегі  еліміздегі  беделді  және  білікті 
мамандардан құралуы тиіс еді. Осындай зияткерлердің қатарынан 
Ғұмар Қараш та орын алды. Ол облыстардан тыс арнайы шақырылған 
білікті саяси қайраткер ретінде бірінші қазақ съезінің төрағасының 
серіктерінің бірі, яғни, қазіргіше айтқанда, орынбасарларының бірі 
қызметін атқарды. Мұны да съезді ұйымдастырушылар бекіткен еді. 
«Съезге облыстардан тыс Б. Құлманов, А. Қосуақов, Ж. Мергенов, 
І.  Жанғарин,  С.  Қарпықов,  И.  Арабаев,  Ғ.  Қараш,  қажылар 
Ғ. Ешмұхамедұлы, М. Мақұлов, Қ. Ахметжанов, О. Қондыбайұлы 
және сол тұста қозғалыстың ірі тұлғаларына айналған М. Шоқай, 
У.  Танашев,  Х.  Досмұхамедұлы,  Ж.  Досмұхамедұлы  сияқты  ұлт 
көрнектілері  арнайы  тізіммен  шықырылды.  Съезд  төрағалығына 
қадірменді  ақсақал  Б.  Құлманов,  серіктеріне  Ә.  Бөкейхан, 
Х. Досмұхамедұлы, Ә. Кенесарин, Ғ.Қараш, ал хатшылары болып 
Д.  Күсепқалиев,  М.  Дулатов,  С.  Қадырбаев  сайланды»,  –  деп 
келтірілген зерттеушілеріміздің айғақты пікірлері де [66, 2018 б.] 
Ғ.  Қараштың  съезд  орынбасарлығына  дейін  көтерілген  өзіндік 
беделін айқындайды. 
1917  жылғы  5-13  желтоқсанда  Орынборда  өткен  жалпы 
қазақтың бұл съезі мынадай жетістіктерге қол жеткізген еді.
- қазақ автономиясын жариялады;
- халық кеңесін сайлады;
- Алашорда үкіметінің төрағалығына Әлихан Бөкейханды сай-
лады;

80
Ғұмар Қараш
- Алаш қозғалысы өзіндік жеке үкіметке айналды;
- Осы съездегі жарияланған үкімет пен партияға «Алаш» атауы 
берілді т. б.
Ендеше,  жүздеген  жылдар  бойғы  халықтың  тәуелсіздік 
жолындағы  арман-мұраттары  мен  сарыуайымға  салынған  күдер 
үзушілік  рухы  қайтадан  серпін  алды,  нақты  істердің  атқарылуы 
осы «сеңді» жібітті десе де болады. Бүкіл қазақтың мақтанышына 
айналған Алашорда үкіметі келесі кезекте идеясы мен стратегиясын 
әрі  қарай  жалғастыруы  қажет  болды.  ХІХ  ғасырда  белең  алған 
жауынгерлік рух пен азаттық идеясы өзінің жалғасуы тиістілігіне 
және өзінің оңды нәтижесін табуы қажеттігіне халық үлкен үмітпен 
қарады. Сол үміт орындала бастағандай ыңғай танытты. Осы орай-
. Осы орай-
да, бұған дейін айтылған пікірлер мен ұсыныстар, азаттық туралы 
толғаныстар бір серпіліп қалған сыңайлы. 
ХІХ  ғасырдағы  еркіндік  идеалына  құрылған  поэтикалық 
сарындар  кейіннен  ХХ  ғасырдың  басында  белгілі  бір  деңгейде 
нақты  істермен  жалғасын  тауып  жатты.  Солардың  бірі  –  Ғұмар 
Қараштың поэзиялық толғаныстарының ұсынылуы және өзінің осы 
үкіметті құруға тікелей қатысқандығы еді. Оның жастық шағында 
бұл идея тек идеал ретінде, іске асуы мүмкін емес сияқты болып 
көрінген  болса,  есейген  шағында  оны  жүзеге  асыру  жолдарына 
көз  жеткізді.  Махамбет,  Мұрат,  Дулат,  Әбубәкір  сынды  азаттық 
идеяны толғаушылар мұны көре алмай кетсе, осы идеяны кейінгі 
жалғастырушы ХІХ ғасырдың аяғына таман дүниеге келген Ғұмар 
Қараш екі тараптың куәсі, байланыстырушы дәнекері болды десе 
де болады. Яғни, ол сарыуайымшылдықпен күн кешкен зар заман 
ақындары тұсын да көрді, жеке үкімет құруға бет алған қазақ Елін 
де өз көзімен көрді. 
Бұл  –  жоғарыда  шығармашылық  кезеңінде  талдап 
көрсеткеніміздей, Алашшыл-ұлтжандылық сатысына сәйкестенеді. 
Сондықтан,  1917  жылы  ақпан  төңкерісінен  кейін  ұйымдасқан 
Алаш партиясына, «Алашорда» үкіметіне үміт артып, «Алаштың 
азаматтарына»  атты  өлең  шығарған  ақын  өзінің  шынайы  рухын 
сезімімен бірге халқына сыйлады. 
Ғұмар Қараштың саяси қызметтерінің елеулі тұстарының бірі 
– оның Маржани медресесінде оқып жүрген шағында істі болып, 

81
2. Өмірге аттаныс пен өрлеу баспалдақтары
одан  туысқандарының  араласуы  арқылы  әзер  құтылғандығы 
туралы [26, 30 б.] Мақсат Тәж-Мұрат бұл оқиғаны «Мұхаммедия» 
медресесінде  «Бірлік»  атты  ұйым  құрылғандығымен,  оның  діни 
және  антиреволюциялық  сипатта  болғандығымен  байланыстыра 
келе, Ғұмар Қараштың шатылуы осыған байланысты болса керек 
деп  ой  түйеді.  Біздіңше,  Ғұмар  Қараш  діни  қауіпті  және  тиым 
салынған арналардан өзінің зайырлы көзқарасын әбден анықтаған 
шағында, қазіргіше айтқанда, террористік ұйымдарға кіруі мүмкін 
емес сияқты. Ол кейіннен, төңкерісті қолдаса, оған неліктен қарсы 
шығады деген де сауалдар туындайды. Соған қарағанда, біздіңше, 
жасырын ұйым «бірлік» пе, әлде басқасы ма, мәселе онда емес, Ғұмар 
Қараштың істі болуы мүмкіндігі бұл тұста тек түркішілдік идеясын 
қолдағандығынан болуы ықтимал. ХХ ғасырдың басындағы Түркия 
мен Ресейдің саяси ымырасыз жағдайын есепке алсақ және Ғұмар 
Қараштың да жалпытүркілік идеямен сусынданғандығын ескерсек, 
ол осы көзқарасы үшін шатылған болар деп болжамдаймыз. 
1917–1919  жылдар  аралығында  осындай  ұстанымда  болған 
Ғ.  Қараш  мәдени-ағартушылық  қызметін  де  қатар  алып  жүрді. 
Ол  1918  жылы  Ордадағы  педагогика  техникумында  сабақ  береді 
және  осы  жылы  24  қыркүйекте  өткен  Бөкей  губерниясының 
мұғалімдерінің  съезінде  болады.  Бұдан  1920  жылдарға  дейін 
сол  губерния  кеңестерінің  1,  2,  3,  4  съездеріне  делегат  ретінде 
қатынасады. 1919 жылы Бөкей губерниясының атқару комитетінде 
қызмет  етіп,  коммунистік  партия  мүшелігіне  өтеді.  Қазақтың 
тұңғыш педагогикалық журналы «Мұғалімге» басшылық жасайды 
да, сол журналға өзінің «Педагогика» атты еңбегін жариялайды. Ол 
туынды 1919 жылғы 2 және 7 нөмірлерінде жарық көреді. 
1919  жылы  «Дұрыстық  жолы»  газетінің  алқа  мүшесі,  әрі 
тілшісі  қызметін  атқарады.  1920  жылы  Бөкей  губерниясының 
атқару  комитетінде  үгіт-насихат  бөлімін  басқарады  және  осы 
жылы  маусымда  Бөкейдің  ІІ  губерниялық  партия  конференция-
сында  губкомның  пленум  мүшесі  болады  [67].  Ағартушы  ғалым 
«Дұрыстық жолы» газетіне де өзінің бірнеше мақалаларын береді: 
1
919 жылғы 6 ақпандағы 2 нөміріне «Екеуі екі басқа», сол жылғы 20 
ақпандағы 1 нөміріне «Құрдастық жолы», осы жылғы 28 заузадағы 
9  нөміріне  «Қазақ  федерация»  атты  т.  б.  Бұл  кезең  Ғ.  Қараштың 

82
Ғұмар Қараш
Алашордашылдықтан  Кеңестік  коммунистік  идеологияға  ауысып 
бара жатқан шағы болатын.
Осы  тұста,  «бұрынғы  Алашордашыл  Ғ.  Қараш  неліктен 
коммунист  болды,  екеуінің  саяси  ұстанымы  екі  басқа,  тіпті  олар 
қарама-қарсы  бағыттар  еді  ғой,  ақынның  өмірлік  көзқарасы 
қалай  тез  өзгеріп  кетті»  деген  сияқты  сауалдар  туындайды. 
Бұл  біріншіден,  саяси  тұрғыдан  ауытқушылық  пен  әр  түрлі 
идеологиялардың қиюласуынан туған адасушылық болуы ықтимал, 
екіншіден, көзқарасы өзгеріп (мүмкін дамып) тұратын ойшыл үшін 
бұл да бір жаңа саты болған болуы мүмкін, үшіншіден, ол Кеңес 
Үкіметінің жалпы теориялық идеологиясына шынымен де келіскен 
де  шығар,  бірақ  оның  кейінгі  құйтырқы  саясатын  ол  өз  көзімен 
көре  алмай  кетті  емес  пе?  Әр  ұлттың  тәуелсіздігі  мен  еркіндігі, 
адам  бостандығы  сияқты  Лениннің  идеялық  тұжырымдамалары 
оған  бастапқыда  шынымен  ұнаған  сыңайлы.  Төртіншіден,  Ғұмар 
Қараш дінге берілген адам болғандықтан, көнбістік пен төзімділік 
көзқарас ұстанған болар немесе Алашордашылардың мақсаттарына 
жетуінің ауылы әлі алыстау екендігін сезініп, өзіне төнуі тиіс қауіп-
қатерді болжап, уақытша болса да, өзін қорғаудың, өзін сақтаудың 
қамына кірісуі де шындыққа мүлде жанаспайды емес. 
Ол 1921 жылы өмірден өтті, бұл Кеңес Үкіметінің әлі толықтай 
орнамаған  аласапыран  кезеңі  еді.  Бұл  –  ақтың  да,  қараның  да, 
қызылдардың да өз дұшпандарынан үздіксіз және кейде себепсізден-
себепсіз  қаза  болып  жатқан  дәуіріндегі  елдің  азамат  соғысына 
аяқ басқан заманы еді. Бірақ қазақ зиялылары үшін ең қауіптісі – 
Алашшылдық ұстанымда қалып қою болатын. Тарих тегершігі мен 
оның даму заңдылығына билік айту оңай емес, сондықтан, расында 
да,  аласапыран  кезеңде,  алашордашылар  азырақ  бас  сауғалап, 
саясатын дамылдата отырып, аңысын аңдып, өздерін-өздері сақтап, 
түбегейлі  ұйымдасқан,  тұтас  ұлт  болып  көтерілген  сәтті  күтуі 
қажет пе еді? Шындығында, Лениннің ұстанымын, саясатын, әдіс-
тәсілдерін т.б. иделогиясын іске асырудың технологиясын (әрине 
мазмұнын  емес)  осы  Алашордашылар  көшіріп  пайдалануы  тиіс 
пе еді деген сияқты сауалдар да туындайды. Олай болса, Ғұмар 
Қараш ұстанған коммунистік бағыты ақылға қонымдырақ болып 
шығады. 

83

Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   ...   34




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет