АЙҒАҚ – дәлел, куә.
Күндердің күні болғанда
Сол жаман айғақ болар басыңа. (Шалкиіз)
АҚТАЛАУ – талтаңдау, яғни талтаңдап зорға жүру, дәлірек айтсақ, ақтатқан (піштірілген) аттай жүре алмай қалу. Көбіне бұл сөз еркектерге, жасы келген шалдарғаайтылады.
Ашалай шалың ақталап,
Шемірлігін ноқталап,
Шал сақалын жылаттың. (Шалкиіз)
АЛАБІЛЕК – садақ оғының бір түрі. Сайгез, бұлың, сұржебе, жезайыр, қалжуыр т.б. бәрі де садаққа салынар жебе түрлері.
Алабілек оқ салған,
Қой дегенде бір шапқан. (Шалкиіз)
АЛҒЫСЫЗ – 1. Айырып алғысыз. Біте қайнасқан, тығыз байланысты.
2. Іске, ештемеге жарамсыз, құнсыз, түкке алғысыз.
Арғымақтан туған будан бар
Күнінде көрінім жерді алғысыз. (Шалкиіз)
АЛДАСПАН – 1. Алмастан, болаттан соғылған, ба жағы үлкен, жалманы (жүзі) жалпақ, ауыр қылыш.
2. Сабында көлденең салынған болат қалқасы бар семсер.
Дулығалы бас кескен
Ерлердің алдаспаннан игі қолы бар ма?! (Шалкиіз)
АРАБЫ – араб елінен шыққан жылқы тұқымы.
Алаштан байтақ озбаса,
Арабыдан атты сайлап мінбен-ді. (Шалкиіз)