Байланысты: 26.08.2022ж. Жұма уағызы. Білім алу әрбір мұсылманға парыз
Бірінші: Әрдайымізденісте болу Мұзафар Әлімбаев: «Білім – қымбат қазына, қанағат тұтпа азына», – деп айтқанындай, адам баласы алған білімін қанағат тұтып тоқтап қалмай, өмірбақи ізденіп, даму үстінде болуы қажет. Сол себепті де бұрынғы өткен даналардан: «Екі адам тоймайды. Бірі – дүние іздеген адам, ал екіншісі – білім іздеген адам», – деген сөз қалған. Халқымыздың көрнекті жазушысы Жүсіпбек Аймауытов:
Оқу, білім – жанған шырақ, ойласаң. Үйренерсің, іздеп көрсең, қоймасаң. Қу өнерді, бу беліңді, жігер сал, Пайда аларсың, қаужанарсың, тоймасаң, – деген.
Бұрынғы өткен ғалымдар білімсіз өткен күнін бос өткен күн деп түсінетін болған. Сол себепті де олар әрбір атқан таң мен батқан күннің арасын бос жібермеуге талпынып, пайдалы білім алуға тырысатын. Төрт мәзһаб ғалымдарының бірі Имам Ахмадтың қолына қалам бен сия сауыт ұстап, өз заманындағы бір ғалымның дәрісінен шығып келе жатқанын бір кісі байқап қалып: «Уа, құрметті имам! Сіз білімнің шыңына жеттіңіз емес пе? Әлі күнге дейін бір қолыңызға қалам, бір қолыңызға сия сауыт ұстап жүргеніңіз қалай?» – деп таңданып сұрайды. Сонда имам: «Мен бұл сиясауытты қабірге барғанға дейін арқалап жүремін», – деп жауап қатқан екен.
Ахмед Иүгінеки бабамыз: «Білген адам білімді өмір бойы іздейді», – деп айтқанындай, мұсылман адам өмірбақи үйреніп, білім алуға тырысып, білім тұрғысынан бір күні мен екінші күнінің тең болмауына аса мән беруі қажет.
Қисса Шейх әл-Андалуси деп аталып кеткен Бақи ибн Махлад атты ғалым болған. Бұл кісі өмірінің 34 жылын білім алу үшін сапарда өткізген. Әрі ешуақытта мініс көлігіне отырмай, жаяу жүрген. Ол имам Ахмадтан хадис үйрену үшін, Андалусиядан Бағдатқа сапар шегеді. Екі жердің арасы шамамен 6000 шақырым. Осынша ұзақ жол жүріп, Бағдатқа жеткенде, имам Ахмадқа Муғтазилалықтардың себебінен хадис риуаят ету тыйым салынып, үй қамақта отырғанын естиді. Үмітін үзбей, Имам Ахмадтың үйін сұрастырып, барып сәлем беріп, өзінің алыс елден келгенін айтады. Сонда Имам: «Сен Тарабулустан келген боларсың?» – деп сұрайды. Бақи: «Жоқ, одан да алыс жерден келдім», – дейді. Имам Ахмад оның білімге деген құштарлығына разы болып: «Мен саған қуана білім беретін едім, бірақ қазіргі жағдайымды көріп тұрсың, қажетіңді өте алмаймын», – дейді. Бақи Имам Ахмадқа мынандай ұсыныс жасайды: «Онда мен сіздің үйіңіздің алдына күнделікті қайыршы адамның кейпінде келіп, нан сұрайын. Сіз маған бір тілім нан беріп, екі хадис үйретіп жіберсеңіз болғаны, менің сапарым текке кетпейді», – дейді. Имам Ахмад оның бұл айтқанына келісіп, бірақ, білім беріліп жатқан жерлерге бармауын, әйтпесе одан сезіктенуі мүмкін екенін ескертеді. Осылайша екеуі келісімге келеді. Бақи мұқтаж адамның киімін киіп, күнде имам Ахмадтың есігінің алдына барып, бір тілім нан алып, ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) екі хадисін жаттап жүреді. Имам Ахмад үй қамақтан босағанынша Бақи бірнеше жыл осылай білім алған екен. Кейін имам Ахмадқа дәріс беруге рұқсат етілген уақытта Бақи ибн Махладты әрдайым өзінің оң жағына отырғызып, шәкірттеріне: «Егер шынайы білім ізденуші болғыларың келсе, Бақи сияқты болыңдар», – деп оны үлгі етіп отырған.