Лирикалық қаһарманның жан дүниесін ашатын өлеңдері («Қарашада өмір тұр», «Адамның кейбір кездері», «Көкала бұлт сөгіліп»).
«Қарашада өмір тұр» 1894 жылы жазған өлеңі. Әрқайсысы 4 тармақты 6 шумақтан тұрады. Өлең ағылшын, белорус, қарақалпақ, қырғыз, орыс, өзбек, тәжік, түрікмен, ұйғыр тілдеріне аударылған.
Өлең шалыс ұйқаспен өрнектеліп, 7 буынды дәстүрлі үлгімен жазылған. Алғашқы рет 1909 жылы Санкт-Петербургте жарық көрген “Қазақ ақыны Ибраһим Құнанбайұғылының өлеңі” атты жинақта жарияланды.
Абай бұл өлеңіне ән шығарған. Әнінде жалғыздық пен сағыныш сезімі бейнеленіп, композитордың жарқын өмір мен мәдениетке үндеген биік парасатты асқақ ойлары мен терең сезім сырлары көрініс тапқан. Әнді 1944 жылы Алматыда Жүсіпбек Елебековтен Латиф Хамиди жазып алып, нотаға түсірген. Екінші түрін Мәкен Мұхамеджанованың айтуы бойынша Қайролла Жүзбасов нотаға хаттаған.
Гуманист ақын адам өмірі, жастық пен кәрілік, жақсылық пен жамандық, адалдық пен арамдық сияқты кереғар ұғымдардың арақатынасы жөніндегі пайымдауларын одан әрі өрістетеді. Негізгі ой жасы жер ортасынан ауып, самайын қырау шалған ақын атынан баяндалады. Ақын жастықты май айының шуақты шағына теңейді, сол жастықтың енді қайтып келмесін еске ала отырып, ендігі жастарға сипаттама береді. Олардың әлеуметтік бейнесін жасайды. Тұла бойы арамдыққа тұнған жандардың қасында “момынның” көрген күні аянышты, бар ауыртпалық соның еншісінде.
Момыннан жаман қорқақ жоқ,
“Қу”, “пысық” деген ат қайда?
Арсыз болмай атақ жоқ,
Алдамшы болмай бақ қайда?
Момынның өмірлік қағидасы сол заманның психологиясынан мүлде төмен жатыр. Ол да жақсы өмір сүру үшін арсыз, айлакер болу керек деп ұғады. “Арсыз болмай атақ жок” деген Абай түйіні осыған саяды. Өз айналасының түбегейлі мәселелерін мүсіндеуде бұл өлең Абайдың шынайы реалистік шығармаларының қатарынан орын алды. Өлеңде белгілі бір ортаның өмірінен алынған шындықтың суреті бар.
«Адамның кейбір кездері» 1886 жылы жазған өлеңі. Әрқайсысы 4 тармақты 7 шумақтан тұрады. Абайдың сөз өнері, өлең, ән туралы ең таңдаулы лирикалық туындыларының бірі. 7-8 буынды шалыс ұйқаспен жазылған. Алғашқы рет 1909 жылы Санкт-Петербургте жарық көрген “Қазақ ақыны Ибраһим Құнанбайұғылының өлеңі” атты жинақта жарияланды.
“Өлең- сөздің патшасы, сөз сарасы”, “Біреудің кісісі өлсе, қаралы- ол”, “Көңіл құсы құйқылжыр шартарапқа”, “Өзгеге көңілім толарсың” сияқты өлеңдерінде Абай өлең мен әнді, ақындық, әншілік өнерді өте жоғары бағалайды. Сөз өнерінің халықтың өмірі, күнделікті тұрмысымен тығыз байланысты екенін танытып, ақындардан алдына үлкен қоғамдық мақсат қоюын, өмір шындығын, халықтың арман-тілегін, қуанышын, қайғы-мұңын терең түсініп, көңілге қонымды, нанымды етіп айта білуді талап етеді. “Адамның кейбір кездері” де, міне, осындай ақынға үлкен қоғамдық міндет артатын шығарма.
«Көкала бұлт сөгіліп» 1896ж. жазған өлеңі. 4 тармақты 2 шумақтан тұрады. Өлең 7 буынды шалыс ұйқаспен жазылған. Алғаш ақынның 1933 ж. жарық көрген толық жинағында жарияланды. Туынды басылымдарында ешқандай текстологиялық өзгерістер кездеспейді.
Өлең ағылшын, араб, қарақалпақ, қырғыз, орыс, өзбек, татар, тәжік, түрікмен, ұйғыр тілдеріне аудары.
Ақын адам баласының табиғат перзенті екенін, оның көңіл-күйінде «көкала бұлт сөгіліп, кей шақта күннің жауатынын» тамаша салыстыру арқылы әсем суретпен аңғартқан. Табиғаттың нұрынан «жер көгеріп, күш алса», адам жанының егілуі қасірет қатпарын қалыңдатып, іші-бауырды өртей түсетінін, үгіліп, кеміп қалатынын тереңдікпен айтқан:
«Көкала бұлт сөгіліп,
Күн жауады кей шақта,
Өне бойың егіліп,
Жас ағады аулақта»,-
деп, Абай егілген көңліне табиғаттан демеу тілейді, табиғаттай жаңғыра алмайтынына мұңаяды.