2. Алла, дін, мұсылманшылық тақырыбына жазылған өлеңдері («Алланың өзі де рас, сөзі де рас», «Алла деген сөз жеңіл») Қазақ топырағында Абайға дейін Алланы тану мәселесімен арнайы шұғылданған ойшыл болмаған. Өзін сопылармыз деп атаған тақуалар (әулиелер) да «Алла бір, пайғамбар хақ» дегеннен аспаған. «Алла» бір, неліктен «пайғамбар хақ» деп мәселе нақтылы қойылмаған. Бір сөзбен айтқанда, сенім мен таным арасы ажыратылмаған. Абай болса, Аллаға сену мен оны тану бір ұғым деп қарамайды. Сенім - діни қағида, таным - гносеологиялық ұғым. Алғашқысы, діни идеологияға негіз болса, соңғысы діни философияның категориясы. Бірақ Аллаға сену және оны тану мәселелері - діни сана ауқымындағы үғымдар. Сондықтан осы мәселелермен айналысқан, пікір айтқан адамдарды біз бүгінгі күні діни ойшылдар деп жүрміз. Олай болса, Абайды да діни ойшыл (философ) десек, оны не мадақтаған, не даттағанымыз емес, нақтылы шындық туралы айтылған пікіріміз болса керек. Абай Алланың насихатшысы емес, оны танушы, зерттеуші ойшыл. «Алланың өзі де рас, сөзі де рас, Рас сөз ешуақытта жалған болмас» деп, Абай мәселені діни сана ауқымында қарастырып, бірақ Алланың растығына айырықша көңіл бөлген. Ақын «рас» деген түсінікпен нені айтқалы отыр. Бүл - бір мәселе. Сонымен бірге Алланың өзі ғана рас емес, сөзі де рас дегенде нені меңзеп отыр. Бүл, біріншіден туындайтын екінші мәселе. «Рас» деген қандай болмасын заттың, құбылыстың мәнін, әрі сапалық мөлшерін білдіре алатын өлшем. Заттың рас болуы да, болмауы да мүмкін. Алғашқыда рас болып айқындалған зат, келе-келе мәнсіздене рас емеске айналуы ықтимал. Бірақ рас заттың рас емеске өтуі де рас. Демек, растың бір-ақ мәні бар, ол оның растығы. Бүл «рас» ұғымының бір қыры. «Растың» екінші қырына келсек, сонда рас¬тың растығын тану мәселесіне тірелеміз. Бүл философ, мәселе. Растың растығын тани алмасақ, ол жөнінде не айтуға болады. Онда Алланың барлығына сенуден өзге амал жоқ. Бірақ Абай Алланы рас дегенде, оны ақиқат деп отырған жоқ, танылатын мүмкіндік болмыс ретінде қарастырған. Абайдың өлеңінің екі жолында «расты» үш рет қолдануы тегін емес. Ол өлеңді қабылдаушының ойына өріс бергендік. «Алланың өзі де рас емес, сөзі де рас», ал керісінше ойланып көрелік. «Алланың өзі де рас, сөзі де рас емес» - сонда «рас» не болғаны. Ақылың бар, сана-сезімің бар, ойлан, түйсін. Алладан өзге қандай расың бар. «Алланың өзі де рас...» - осылай өткен тарихта болған, қазір де солай, болашақта да солай бола бермек. «Рас» бұл мәнінде мәңгіліктің өлшемі. Алла рас, демек, ол мәңгілік - шындық, оның растығы - мәңгіліктігінде. «Растың» келесі қыры. «Рас» мәңгіліктің өлшемі дедік, бірақ болмыста өткінші жайлар да бар емес пе? Олардың барлығы да рас. Демек, «рас» дегенде біз оның мәңгілігін мойындай отырып, сонымен бірге оның өткіншілігін мойындамасқа болмайды. Сонда бүгінгі «Рас» болған нәрсе, ертең «рас емеске» айналуы мүмкін бе? Жоқ, рас емеске айналатын нағыз растың өзі емес, ол адамдардың «рас» пен «рас еместі» ажырата алмағандықтарынан туған, жалған нәрсені «рас» деп қателесулері. «Рас» әманда рас. Сондық¬тан Алланың ешқашан жалған болуы (рас емес болуы) мүмкін емес. Сонымен жалған болмайтын «рас» не дегенге, Абай ол Алланың өзі және сөзі дейді. Бұл мәнде «рас» болмыстың баламасы. Әлемдегі «рас» - болмыс. Болмыс ешуақытта жалған болмақ емес. Абай дүниетанымында Алла - шындық. Демек, шындық рас болса, Алла да рас. Шындық дегеніміз, қарапайым тілмен айтсақ, өмір яғни өмірде бар екеніміз, істеген ісіміз, сөйлеген сөзіміз рас болса, онда Алланың да сөзі мен өзі рас. Қысқасы, шындықты мойындау, Алланы мойындау. Бүл Абай гуманизмінің көзі. Алла ісіне мойын ұсынып, мұсылман болудың Абай айтқан шарты - адамға адамшылық жасау.
“ «Алла ішімді айтқызбай біледі ойла,
Бендесіне қастықпен кінә қойма.
Распенен таласпа мұмин болсаң,
Ойла, айттым, адамдық атын жойма!..»
Үшінші жолдағы «Распенен таласпа...» ”
деп отырғаны, ақынның Алла сөзіне күмәнданба дегені. Себебі, Алла жолына түссең, адам атыңды жоймайсын. Алла жолында болсаң, адамдықтан шықпайсын. Абай сонымен Алланы абсолют - шындық ретінде ұсынып, ал оның сөзін жеткізушілер, нәбилер туралы өзгеше пікірде. Алла жолы мен пайғамбар жолын нақтылы ажыратқан. Нәбилер келеді, кетеді, ал Алла - мәңгілік. Нәбилердің келіп-кетуінін себебін Абай өзгеріс арқылы түсіндірген. Өзгермейтін - бір Алла. Өзгеретін - оны танушылар, оның құдіретіне бас июшілер. Адасатын Алла емес, адамдар.