5. Ақын Абайдың ұстаздық тағылымы, өнерпаз жастарға қалдырған өсиеті («Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін»). Көркемдік талғам туралы ұғым. Абай өзінің отыз төртінші қара сөзінде адамның адамдық қасиеттерін тере отырып, оқырмандарын тәрбиеге шақырады. Мысалы онда үлкен адамгершілік, ақтық, тазалық, азаматтық жөніндегі тәрбиелік ойлар айтылады. Сонымен қатар, бұларда ғылым басқа үшін емес, адамның бас қасиеті өсуі үшін арлы, мінезді толық мағыналы адам болу үшін жәрдем етсін дейді.Қырық төртінші сөзінде тәрбиелік ойдың тағы бір шартын адамның басындағы мінезділікпен талапқа әкеп саяды.
Абайдың 1889 ж. жазған өлеңі. Әрқайсысы 6 тармақты 5 шумақтан түрады, көлемі 30 жол.
Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін, Жоқ-барды, ертегіні термек үшін. Иә, өлең еріккеннің ермегі емес. Ол – қоғамдық сананың бір саласы, халықтың рухани байлығы. Сондықтан «жоқ-барды, ертегіні тергілеп», өлеңге балауға болмайды. Енді өзінің көздеген негізгі мақсатына тура мегзеп отыр.
Көкірегі сезімді, тілі орамды, Жаздым үлгі жастарға бермек үшін. Бұл сөзді тасыр ұқпас, талапты ұғар, Көңілінің көзі ашық, сергек үшін. Бұл тұста ақынның шегелеп, қадай айтатын бір шарты – сөз лұғатын тасыр ұқпайды, талапты ұғады, көңілінің көзі ашық, сергек ойлы жандар ғана түсінеді.
Түзу кел, қисық-қыңыр, қырын келмей, Сыртын танып іс бітпес, сырын көрмей. Ендеше, мұндай сөзге «қисық-қыңыр, қырын келмей», оның ішкі сырын ұғыну үшін дұрыс ниетпен түзу келу керек.
Шу дегенде құлағың тосаңсиды, Өскен соң мұндай сөзді бұрын көрмей. Таң қаламын, алдыңғы айтқанды ұқпай, Және айта бер дейді жұрт тыным бермей. Батырдан барымташы туар даңғой, Қызшыл да, қызықшыл да әуре жан ғой. Арсыз, малсыз, ақылсыз, шаруасыз, Елірмелі маскүнем байқалған ғой , - дейтін шумақтың ар жағында талай замандар бойы тыңдаушының құлағына сіңіп қалған әдет жатыр. Жеміссіз болғанымен бұл да бір дәстүр. Одан арыла қою оңай емес. Әрине, мұндай ортада өрелі өнерге өріс жоқ. Сондықтан ақынның айтып отырғаны – әлдеқалай сипай салды емес, артында салмақты зілі бар сын. Батырыңқырап жібермесе байыбына бара қоймайтын жұрттың аужайын білгендіктен нықтап айтқан ескертпесі. Ал енді болашақ иесі – талантты жастарды бұл ортадан бөліп алуға келгендегі ақын сөзінің әуені бұдан әлдеқалай жұмсақ, тілектес, тіпті өтініші берге жүреді:
Өлеңі бар өнерлі інім, сізге Жалынамын, мұндай сөз айтпа бізге. Өзге түгіл өзіңе пайдасы жоқ, Есіл өнер қор болып кетер түзге. Өнер туын биікке көтеріп, өлең абыройын арттыру бағытындағы Абай тағылымының күні бүгінге дейін маңызын жоймаған бір жорасы осындай.