«Көңілім менің қараңғы, бол-бол ақыл» шығармасы да осындай әсерлі өлеңдерінің бірі. Бұл өлеңді Лермонтов Байронның «Моя душа темна» атты туындысын еркін аударған. Орысша нұсқасы ақынның көзі тірісінде «Отечественные записки»журналында басылып, кейін өзінің жинақтарында басылған.
Абай осы өлеңнің алғашқы сегіз жолын ғана аударған. 1933 жылға дейінгі жинақтарда «бол, бол ақын» «бұлбұл ақын» болып басылып келген екен.Алғашқы басылымдарда «Еврей күйі»деп берілсе, кейінгі басылымдардың барлығында Лермонтовтан деп қана беріліп жүр.
Мәтіндерді салыстыратын болсақ.
Түпнұсқада:
Душа моя мрачна! Скорей, певец, скорей! Вот арфа золотая: Пускай персты твой, промчавчейся по ней, Пробудят в струнах звуки рая. И если не навек надежды рок унес, Они в груди моей проснутся, И если есть в очках застывших капля слез – Они растают и прольются. Аудармада:
Көңілім менің қараңғы. Бол, бол, ақын! Алтындыдомбыраңмен келші жақын. Ішек бойлап он саусақ жорғаласа, Бейіштің үнішығар қоңыр салқын. Егер сорым түбімен әкетпесе, Керек қой көңілді үміт тебірентсе. Қатып қалған көзімде бір тамшы жас Төгілмей ме, бой жылып, ол да ерсе?! Аударманың сәттілігін айтпаса да түсінікті. Лермонтовтың ойы, көңіл-күйі аудармада анық, дәл түпнұсқадағыдай. Абай «арфа» сөзін «домбырамен», «звуки рая» тіркесін «бейіштің үні» деп оқырманына реалий сөздерді жатық аударғаны көңілден шығады.«Пускай персты твой, промчавчейся по ней» — «Ішек бойлап он саусақ жорғаласа» деген тармақтың да баламасын ұйқасқа қарай да, мағынаға қарай да тауып қолданған.
Абайдың ақындық толғамдарын саралап қарасақ, идеялық мазмұн мен лирикалық тебіреніс тарапынан үш-төрт сарынға жіктелер еді. Меніңше, бірінші бағытта – халықтың тағдырын, заманның бет-бейнесі өзекті орын алса, екінші тарапта – халықтың мінез-құлқын түзету үшін ақыл айту, яғни дидактикалық сарын және салт сипатындағы тоғышарлықты мінеу, сатира әуені жатады. Содан кейін осы бағыттағы өнеге, өсиет жырлары мен шындықтан жаңғырық таппағандықтан — өз замандастарынан, өз ортасынан түңілу, торығу, қасірет шегу саздары өзінше бір арна болып толқиды. Сахара бозбаласының лирикасы – бір сала. Ал Абай поэзиясының тебіренісі басым әуендер — өз ортасынан, топас қауымнан түңілу, замандастарының әсіресе, тұсындағы жас толқынның надандығын, білімсіздігін көріп торығу. Жалғыздық жапа шегу сарындарының Лермонтов әуендеріне үндес келіп тұрғандығы таң қалдырады.
Алдымен, Лермонтовтың осы сарынына беріле үн қосуын айтпастан бұрын Абай өзге де келелі шығармаларын аудармауының себебі не екен? деген сұрақ туындайды. Лермонтов шығармашылығындағы басты сарын – бас бостандығы болса, Абай аудармаларында мұндай ереуілді әуендер кездеспейді. Тек, «Жартастан қыз құлапты терең суға»дегені болмаса. Абай заманында, тіпті қазақ қоғамында, әйел мәселесі болмаса, жеке бастың бостандығы айырықша орын аларлық күйде болған жоқ. Құлдық, крепостнойлық секілді сұмдықтарды Абай көрмесе керек. Сондықтан мұндай сарын Абайды тебірентпесе керек. Абайға керегі, жүрегіне жақыны, жалғыздық, халық қамы:
Жарлы емеспін, зарлымын, Оны да ойла толғанып, Жұртым деуге арлымын Өзге жұрттан ұялып… деп «Отанымды сүйемін мен өзгеше» немесе «Қош, Россия сорынан арылмаған» деген Лермонтов сарынымен сабақтас күңіренеді.