3. Абай діншілдігі жөнінде М.Әуезов пікірі М.Әуезов 1927-1933 жыл жылдар аралығында жазған «Абайдың өмірбаяны» еңбегінде Абайдың ата-тегі, өскен ортасы және өмірбаянын жан-жақты зерттейді. М.Әуезовтің Абайды әлемге танытуында әсіресе, «Абай жолы» роман-эпопеясының алатын орны ерекше. Әйтсе де, жан-жақтан аңдыған заман талапкерлеріне «қаламыма жармаспаңдаршы» деп жүріп, халқына ұсынған бұл зор туындының ашылмай қалған шындықтары бар еді. Бұл туралы белгілі ғалым З.Бисенғали былай дейді:
«Абайдың өмірбаяны мен өскен ортасын, дүниетанымы мен саяси әлеуметтік, азаматтық эстетикалық көзқарасын, шығармашылығы мен шағармаларын жете білетін М.Әуезов оның діни исламиятқа көзқарасы мен қатысын «Абай жолы» эпопеясында ашық айта алмады. Халқы айтқанын ұқпай, жақын жорасы мен дос, құрбылары күйбең өмірдің күйкі тірлігі кезінде ұсақ түйекпен жаралаған сәтте қасіретке батқан Абайдың дінге көңіл қойғанын, қайғы бұлты көңілін торлаған кезде қалтыраған жанына жұбанышты содан іздегенін ол кезде М.Әуезов жаза алмайтын еді. Бұл социолистік реализм мен совет үкіметі идеологиясының қасаң қағидаларына мүлде керағар келетін. Автордың өзіне тиер «қырсығын» былай қойғанда, шығармашылығы туралы қилы қилы сөз айтылып жүрген ұлы Абайға да кесірін тигізетін. Мұны М.Әуезов жақсы білді».
Ал, М.Әуезовтың алғаш 1927-1933 жылдар аралығындағы зерттеулеріне үңілетін болсақ Абай өмірінен айтылмаған кейбір шындықтарды таба аламыз. Әсіресе дінге қатысы бар, үстем тап өкілдері деп сыналған адамдардың өмірлері М.Әуезовтің «Абайдың өмірбаяны» атты зерттеу еңбегінде жан-жақты сөз етіледі. Бұл зерттеу еңбекте М.Әуезов Абайдың арғы аталары туралы айта келіп, әкесі Құнанбайдың діндарлығы, елге сіңірген ізгі істерін баса айтады. «Абай жолыдан» біз білетін Құнанбай – қатал, қатігез, әділетсіз қоғам өкілі еді. Бірақ, Мұхтар Әуезовтің 1927 жылы жазылған бұл еңбегінде оның тұлғасы — жастайында ер жүрек батыр, есейе келе «бір қалыпты, суық, қоя берсіні жоқ тартымды, қатты мінезді кісі болған» — деп суреттеледі. Оның ел басқарудағы діндарлығымен ерекшеленгендігін М.Әуезов былай баяндайды: «Бұған орай Құнанбай жаңалығын айтсақ, ол діндарлығы ғана болады ғой деймін. Бұл ел ішінен зекет жиғызып,молда ұстатып, намаз оқу, ораза ұстауды жайған. Осымен бірге пайдалы бір жаңалығы — бала оқытуды өз маңайына салт қылып жаймақшы болған. Өз балаларын оқыту, ағайындарына балаларын оқытқызу сияқты.»