Әдебиеттер тізімі: Қалижанов У. Абай (Ибрагим) Құнанбайұлы.– Алматы: Әлем әдебиеті, 2013. – 500 б.
Ердембеков Б. Абайтану: Оқу құралы.– Астана: Фолиант, 2012. – 432 б.
Есім Ғ. Хакім Абай. – Астана: Фолиант, 2012. – 400 б.
Молдаханов А. Абай, Шәкәрім, Әуезов дәрістері: оқулық. – Алматы: Дәуір, 2011. – 192 б.
Мұхамедханов Қ. Көп томдық шығармалар жинағы. 9 том. – Алматы: Ел-шежіре, 2011. – 384 б.
№9 Лекция ТАҚЫРЫП: Абай поэмалары
1. Абайдың шығармашылық мұрасындағы поэмаларының орны. «Ескендір» поэмасы. Физули нұсқасына енгізілген өзгерістер. Жазылу тарихы. «Ескендір» - Абайдың поэмасы. Жазылған жылы белгісіз. Әрқайсысы 4 тармақты 42 шумақтан тұрады. Абайдың гуманистік көзқарасын тереңірек танытатын елеулі сюжетті туындысы.
Поэма Шығыста Ескендір Зұлқарнайын деген атпен белгілі, Еуропада Александр Македонский аталатын ежелгі грек қолбасшысының өмірі жайындағы аңызға құрылған.
Қазіргі таңда бұл сюжеттің ақын шығармасына қайдан келгені жайында мынадай болжамдар бар:
Академик М.Әуезов пен Қазақ ССР Ғылым академиясының корреспондент мүшесі Ы.Дүйсенбаев аталмыш сюжет Низамидің «Ескендірнамасынан» келген деп есептейді;
Академик М.С.Сильченко Абай поэмасындағы эпизод пен Науаидің «Ескендір қорғаны» арасында ұқсастық бар деп ойлайды;
Е.А.Костюхин 1895 жылы «Дала уалаяты» газетінің 3 санында шыққан «Тәкаппар әскербасы турасынан» атты Ескендір жайлы қазақ арасындағы аңызды пайдаланған деген болжам айтады;
Академик З.Ахметов Абай поэмасын В.А.Жуковсийдің осы тақырыпқа жазған повесімен рухтас деп есептейді;
Белгілі фольклорист ғалым С.Қасқабасов Абай пайдаланған осы сюжеттің түп-төркіні Рабғузидің «Қиссасул-әнбиядан» тарайды деген пікір айтады.
Шығыс елдеріңде, әуелі Иранның аристократиялық аңыздарында Ескендір образы көп әңгімеленген. Сол замандардан бері қарай Византия (Рум) аңыздарыңда да оның жәйі көп айтылады. Атақты Фирдауси өзінің «Шахнамасында» Ескендірдің туысын жоғарыда аталған Иран аристократтарының лақабы бойынша баян етеді. Оны Филикустың баласы емес, Иранның шахы - Дараптың (Дари үшінші Кадоманның) баласы дейді. Ол біздің эрадан бұрын 110-335 жылдар арасында Иранда шахтық құрған. Өзі Ахеменидтер әулетінің ең соңғы әкімі болады.
Шығыс ақындарынан азербайжанның атақты классигі Низами ғана өзінің «Ескендірнамасында» жаңағы бұған дейін жеткен екі тарау аңыздарды теріске шығарады. Ол анық тарихтық шындық бойынша Филикустың (Филипптің) өз баласы етіп жырлайды.
Поэманың негізгі идеялық мазмұны — Ескендір образында хан мен патшаларды көрсетіп, халықты олар сықылды ел жаулағыштардан жирендіру, әділдікке үндеу. Әділдік пен даналықтың айқын көрінісін Аристотель арқылы көрсету, оны басқаларға үлгі ету.
Абай поэмасында да әділдік, данышпандық, жауыздықтар сөз болады. Бірақ мұндағы әділ де, данышпан да, философ та Ескендір емес, Аристотель. Поэмада екі образ бар. Бірі — Ескендір, екіншісі — Аристотель. Көлемінің шағындығына қарамастан, поэманың идеясына сәйкес, екеуі де көркем жасалған образдар.
Біздің жыл санауымыздан 4 ғасыр бұрын өмір сүрген тарихи екі адамды ақын алады да, біреуін қантөккіш жауыз адамдардың өкілі етіп, екіншісін өмірдің бұраң жолдарын көп көрген, әр алуан құбылыстар мен ағымдарға зерделене қарап, әрқайсысына өзінше баға беріп, одан өзінше қорытынды шығарушы ақыл иесі, дана адамдардың өкілі етіп көрсетеді.
2. А.Македонский бейнесін сомдаудағы Абайдың шығармашылық концепциясы. «Масғұт» поэмасының тарихилық белгілері. Оның сюжеттік және композициялық құрылымындағы ерекшеліктер. Осы орайдағы М.Әуезов пікірі. Ең әуелгі кейіпкердің аты - Масғүт. Оның тіршілік еткен шәһәрі - Бағдат. Заманы - Һарон-Рашид халифтың тұсы. Кейін Масғұтқа кездесетін қария мұсылмандардың дін аңыздарыңда жүретін Қызыр, қазақша Қыдыр аталады. Ол сол айтылған аңыздар бойынша өлмейтін, мәңгі жасайтын жалғыз жан. Әр замаңда, әр ортаның адамына оқта-текте бақ дәулет әкелетін, ырыс үлестіруші болады. Міне, сөйтіп, осы аталған белгі, деректердің бәріне қарап, біз Абай поэмасының негізі шығыс аңызынан алынған дейміз.
Ақынды шығарманың ішінде қызықтыратын бір-ақ геройдың - Масғұттың ғана жайы. Сол Масғұтты бірнеше ерекше халдерге, уақиғаларға ұшыратып барып, Абай оған үлкен сапалы адамгершіліктің қасиеттерін бітірмек болады. Бұл жағынан қарағанда, Масғұт қай заманның адамына болса да, Абайдың ұғымынша, үлгі боларлық, жоғары дәрежедегі ұжданды адам. Абай кейіпкерінің және бір ерекшелігі - ол өзгеше көрнекті күшті ортадан шыққан адам емес. Орташа көптің бірі. Әдейі дәулет, өмір, құдірет, ақыл-өнермен асырып шығарған адам емес. Халық ішіндегі, қатардағы қалың көптің жас өкілі. Өзі үгіттеп жүрген жақсы жастардың өз заманындағы мінез-құлқына, арманды адамгершілігіне Масғұтты үлгі етеді.
Масғұт бейнесі поэманың басында-ақ жағымды болып сомдала бастайды. Жазатайым бір ұрының қолына түсіп, соққыға жығылған бейшара шалдың құлындаған дауысына дәті шыдамай, батырға тән көзжұмбайлықпен оған арашаға түседі.
Масғұтты ұры шапты қылышпенен,
Тәуір-ақ жан сақтапты жұмыспенен.
Есен-аман шал дағы құтылыпты,
Масғұттан жау қашқан соң ұрыспенен.
Бейтаныс шалды қарақшының шеңгелінен құтқарған Масғұт осы әрекеті арқылы бөтен де болса басқаның қайғысын бөлісіп, өз жанын пида етуге дайын екендігін көрсетіп, адамгершіліктің биік тұғырына көтеріледі.
Сөйтіп, қорыта айтқанда, Масғұттағы идея - араб, шығыс аңызының идеясы емес. Ақын шығармаларының бұрын басқаша жанр, стильде айтылып жүрген идеялары болады. Бірақ сол жайлары заманындағы халдерден туған сыншылдық ойлар болғандықтан, ескі Бағдат тонын кидіргенше, өз тұсындағы қазақтың өзіндік тіршілігінен алып, сюжетті сол болмыстан құрастырып қиюластырса, шығарманың басты идеялары оқушыларына орағытып жетпей, төтелей жеткен болар еді. Оқиға мен тіл, аңыз материалы бойынша Абай қазақ оқушысына бөтен шындықтармен сөздерді қолдана отырады. Бөтен аттар арабтан алынғандықтан, араб сөздері кездеседі. Бірақ, өлеңдік түр жағынан қарағанда, бұл шығарма төрт жолды шумақтан, 11 буынды жолдардан құралып,анық қазақтың өз үлгісіндегі дастандар түрінде жазылады.