Бөлім: Қазақстандағы туризм және экотуризм. Пунктуация
Оқу мақсаты: 8.4.5.1 сөйлем соңында қабаттасып қойылатын тыныс белгілерін дұрыс қолдану.
Алтай – Атырау …Уа, Шығыс!
Жеріңде емес, көгіңде мен,
Үңіліп Бұқтармаңа көңілденем.
Аспаныңа жыр сызып, өтіп барам,
Құс болып сенен ұшқан темірменен,
Керемет, керемет қой өмір деген!!!
...О, ғажап!
Өзіңбісің Көкше деген?!
Тастарын жиған жүктей текшелеген.
Бурабай Оқжетпесті екшелеген,
О, ғажап!
Өзіңбісің Көкше деген?!
Бұлттарың – Ақын айтқан көшпелі өлең,
Біржан ба, тасқа барып өскен емен?!
Көлкіген сынаптайын көлдерің бе?
Сәкеннің аққулары кестелеген.
Ақаның ардақ еді өскен ерен,
Біржайың алмас еді кеспе-берен.
Көкшетау – ән отауы, жыр отауы,
Алтайдан Атырауға көшкен өлең.
…Армысың, Атырауым, бозаң далам!
Каспий менен Жайықтан кез алмағам,
Ұмыттың ба сонау бір кездеріңді?
Құлан жортса, құмыңды кезе алмаған.
Жылан жайлап, аптапқа төзе алмаған,
Армысың, Атырауым, бозаң далам!
Қайда кеткен сағымың көз алдаған?!
Арманменен, елеспен ажарланған?
Тапсырма. 1-қадам. Мәтінді түсініп оқыңыз. Құрмалас сөйлемнің тыныс белгілерінің (даралаушы, ерекшелеуші, ойдың аражігін ажырататын) қойылу себебін түсіндіріңіз.
2-қадам. Құрмалас сөйлемнің тыныс белгілерін (даралаушы, ерекшелеуші, ойдың аражігін ажырататын) ережеге сай қолданылуын анықтауға арналған тапсырма алгоритмін құрастырыңыз. Орфографиялық дағдыларды қалыптастыруда кездесетін қатемен жұмыс жасаудың жолын ұсыныңыз.
Бөлім:Табиғи ресурстарды тиімді пайдалану. Пунктуация
Оқу мақсаты: 9.4.5.1 құрмалас сөйлемнің тыныс белгілерін (даралаушы, ерекшелеуші, ойдың аражігін ажырататын) ережеге сай қолдану.
Қазақстан – кен байлықтарының қоры мен әр алуандығы жағынан жер шарындағы бай аймақтардың бірі.
Минералдық шикізат қорлары – Қазақстанның ұлттық экономикасының тұрақты дамуы мен қауіпсіздігінің маңызды кепілі: қуатты минералдық шикізат базасының қазіргі жай-күйі республиканы шетелдердің кен қазбаларына тәуелділіктен толық арылтып, Қазақстанның дүниежүзілік нарыққа минералдық шикізат қорлары мен оның өңделген өнімдерін шығаруына мүмкіндік берді. Минералдық шикізат ресурстары – еліміздің даму стратегиясын анықтайтын негізгі факторлардың бірі. Маңыздылығы жағынан олар үш топқа бөлінеді: бірінші топқа негізгі қаржы түсімін қамтамасыз ететін мұнай, газ, көмір, уран, хромит кен орындары жатады; екінші топты қаржы түсімін қамтамасыз ететін әрі Қазақстанның индустриялық бет-бейнесін танытатын темір, марганец, мыс, қорғасын, мырыш, алюминий және алтын кен орындары құрайды; үшінші топқа ішкі және сыртқы нарықта жоғары сұранымға ие қалайы, күміс, фосфор, барит кен орындары кіреді.
Кен байлықтардың барланған қоры негізінде мұнай, газ және кентас өндіретін кәсіпорындар жұмыс істегенде, олар 70-тен аса минералдық шикізат түрін өндіреді және өңдейді.
Қазіргі уақытта Қазақстанның кен орындарындағы өндірістің даму дәрежесін ірі әлемдік өндірушілермен салыстыруға болады.
(Қазақстан Республикасы Президентінің ресми сайтынан)