9 апта №17 дәрістің тақырыбы: Географияны оқытудың негізгі құралдарымен жұмыс жасау әдістері. Статистикалық көрсеткіштермен жұмыс
Статистикалық көрсеткіштермен жұмыс және статистикалық көрсеткіштердің географияны оқытудағы маңызы.
Топтаспаған жеке сандық көрсеткіштермен жұмыс және графиктік сызбалар мен диаграммалармен жұмыс.
Графиктік сызбалар мен диаграммалармен жұмыс.
Экономикалық есептерді пайдалану.
Мақсаты: Статистикалық көрсеткіштермен жұмыс жасау әдісі жайлы мәліметтермен танысады
Тірек сөздер: Статистикалық көрсеткіш, статистикалық кестелер, экономикалық есептер, графиктік сызбалар
1. Педагогикалық көзқарас тұрғысынан алғанда статистикалық көрсеткіштер әр түрлі мақсатта пайдаланады. Өз алдына дербес мәні бар нақты материалдардың көзі болып табылатын статистикалық көрсеткіштер арнайы есте сақтауды қажет етеді. Олардың қатарына белгілі бір аумақтың, елдің алып жатқан ауданының мөлшері, халқының саны, орташа температурасы, қысымы мен буланудың тағы басқа құбылыстардың орташа көрсеткіштері жатады. Статистикалық деректерді пайдалану қажетті дәйектерді анықтау ғана емес, ең бастысы сандық деректерді қолданып дұрыс ой қорытындыларын шығаруға мүмкіндік береді.
Көп жағдайда статистикалық деректер өз алдына дербес географиялық білім көзі ретінде қолданылады. Экономикалық, әлеуметтік және саяси география оқулықтарында оқушылардың өз беттерімен жұмыс істеуіне мүмкіндік беретін сандық деректер материалдардың мөлшері жеткілікті. Оларды талдау арқылы оқушылар мазмұны әр түрлі қорытындылар шығара алады. Бұл тұрғыдан қарау сандық көрсеткіштер өзекті жағдайлар тудыруға негіз болып, оқушылардың ішінара-ізденіс, зерттеу жұмыстарын ұйымдастыру арқылы олардың өз беттерімен жүргізетін танымдық әрекеттерін дамытуға мүмкіндік береді. Сандық деректер бағыныштылық мәнге де ие болуы мүмкін. Олар мұғалім ұсынған ережелерді дәлелдейтін дәйекті материал ретінде де қолданылады.
Қазақстанның экономмикалық және әлеуметтік географиясының бірінші тарауында сандық деректерді пайдаланып, экономикалық-географиялық талдау жолымен бір экономикалық ауданның екіншісінен артықшылығын дәлелдеу үшін экономикалық есептеулер жүргізеді. Мұндай есептеулер оқушыларға экономикалық білім береді. Географияны оқыту әдістемесінде қолданылатын сандық деректер әр мұғалімнің алдына өзекті болып табылатын оқушыларды олармен жұмыс істеу тәсілдерін үйрету міндетін қояды. Бірақ бұл тәсілдерді пайдалану сандық шамалар қалай ұсынылатынына тәуелді. Физикалық, экономикалық және әлеуметтік география курстарында сандық деректерді төменде көрсетілген үш топқа бөледі: 1) абсолют көрсеткіш түріндегі (тонна, килограмм, килловат/сағат) топтаспаған жеке сандық деректер; 2) картограмма, картадиаграммаларда кездесетін сызба түріндегі сандық деректер; 3) көрсеткіштері біршама топтасқан статистикалық кестелердегі сандық деректер; жоғарыда аталған сандық көрсеткіштер тобының әрқайсысымен жұмыс істеу тәсілдері бар.
2.Топтаспаған жеке сандық көрсеткіштермен жұмыс.Сандық деректердің әрбірі ой елегінен өткізіп есте сақтауды қажет етеді. Бірақ салыстырмалы түрде өлшемдерінің мәні біршама аз сандық деректер ғана есте сақталады. Бұл сондықтан деректердің абсолют мәнін ой елегінен өткізу оларды дөңгелектеуге көмектеседі. Әсіресе есте сақтауды қажет ететін сандар үшін әртүрлі болады. Оқушыларға дөңгелектенген сандар беріледі. Мысалы, Қазақстанның жер көлемі 2,7 млн. Шаршы шақырым, халқының саны 17 млн. адам. Сабақта берілген әрбір хабарланған санға түсініктеме берілуі тиіс. Сандық деректерге түсініктеме берудің бір тәсілі сандық ұғымдарды нақтылау болып табылады. Мектеп географиясында кең таралған нақтылау тәсілдерінің бірі әр түрлі көлік арқылы арақашықтықты жүріп өту үшін ұзындықты уақытқа көшіру (шақырымды/сағат) болып табылады.
Көбінесе оқушылар оқылатын аумақтың ауданын нашар есте сақтайтыны белгілі. Сондықтан бұл мәселені ауданды шақырым есебімен алынған сызықтық ұзындыққа көшіру (материктің батыстан шығысқа немесе солтүстіктен оңтүстікке ұзындығы) арқылы шешуге болады. Экономикалық, әлеуметтік және саяси география курстарында алуан түрлі сандық көрсеткіштер қолданылады. Шаруашылық салаларының Қазақстан экономикасындағы алатын орнын, даму қарқынын анықтау үшін өнеркәсіп кәсіпорынның белгілі бір уақыт шегіндегі өндірген өнімнің жан басына шаққандағы мөлшерімен алынған сандық шамалар беріледі. Мысалы, елімізде жылына жан басына шаққанда 5000 квт/сағат электр энергиясы, 235,5 кг болат, шамамен 1 тонна астық өндіріледі. Экономикалық әлеуметтік және саяси география курстарын өту барысында сандық деректерді Қазақстан Республикасының статистика жөніндегі агенттіктің жыл сайын шығаратын жинақтарына алуға болады.
Сандық көрсеткіштермен жұмыс істеудің маңызды тәсілдерінің бірі – салыстыру болып табылады. Оны пайдалану абсолют деректерді есте сақтамағанмен олардың арақатынасы оқылатын материалдарды естеріне сақтауға мүмкіндік береді. Мысалы, Қазақстанның аумағы Украина мен Өзбекстан аумағының ауданынан шамамен 5 есе, Аргентина мен Судандікінен 2 есе үлкен болғанымен Үндістандікінен 1,5 есе кіші. Сандық деректерге негізделіп салыстыруды мұғаліом ғана емес, оқушыларда жүргізуі тиіс. Оны пайдануды ынталандыру үшін Қазақстанды жер көлемі жағынан қандай елдермен салыстыруға болады? Дүние жүзінің қандай елдерінің кенттену деңгейі Қазақстанмен бірдей? Қазақстанның қай ауданында қала халқының үлесі ең жоғары? Деген сұрақтар беріп оларды оқушыларға жасату қажет. Соңғы сұраққа жауап беру үшін оқушылар сандық деректерге талдау жасау негізінде бірнеше экономикалық аудандарының қала халқының үлес салмағын бір-бірімен салыстырып өз ой қорытындыларын шығарады.
Графиктік сызбалар мен диаграммалармен жұмыс. Диаграмма мектеп жағдайында сандық деректерді көрнекі бейнелеудің ең қарапайым тәсілі. Ол бір нысанның немесе құбылыстың екіншісінен басымдығын көру арқылы анықтауға мүмкіндік береді.
Графиктік сызбалар мен диаграммаларды оқу әдістерінің көбі бір-бірімен ұқсас. Оқушыларға графиктік сызбалар мен дтаграммалардың атқаратын қызметтерін түсіндіру қажет. Оларды тұрғызу әдістерімен математика сабақтарынан таныс.
Графиктер мен диаграммаларды тұрғызу тәсілдерімен оқушылар бастауыш курсында үйренді. Оны меңгерту үшін мұғалім сарамандық жұмыс барысында оқушыларға жергілікті жердің және әр түрлі ендікте орналасқан нүктелердің орташа айлық температурасы мен жауын-шашынның мөлшерінің сандық көрсеткіштерін пайдаланып жеке климаттық диаграммалар мен графиктер тұрғызу қажет.
Жеке климаттық диаграммаларды тұрғызып болған соң оқушыларға температура мен жауын-шашынның ең жоғарғы және ең төменгі шегін тауып бір жыл ішіндегі ауытқу себептерін, оған әсер ететін орта жағдайларын анықтатып өз ой қорытындыларын шығару қажет.
6-сынып оқушыларына география алаңында ауа райына күнделікті бақылау жүргізіп, ауа температурасын, атмосфералық қысымды, атмосфераның төменгі қабатының күйін, желдің күші мен соғатын бағытын, ауа-райы күнделігіне тіркеп отыру керек. Жиналған деректерді әр он күн сайын талдап графиктік сызбалар, бұлтты, ала бұлтты және ашық күндердің диаграммасын, жел кестесін тұрғызуға, оларды оқу оқушылардың климат түзуші орта жағдайларын, ауа райының негізгі элементтері мен құбылыстарын өз беттерімен анықтауға, сонымен қатар, графиктер мен диаграммаларды білім көзі ретінде пайдалануға мүмкіндік береді. 9-11 сыныптарда графиктер мен диаграммаларды тұрғызуды өз беттерімен үйде орындайтын жұмыс ретінде беруге болады.
Графиктер мен диаграммалардың оқу тәсілдері шамамен бірдей. Алдымен график пен диаграммада не кескінделгенін, олардың қандай табиғи немесе экономикалық құбылыстарды ашып көрсететінің табады. Содан соң график түрінде бейнеленген сандық көрсеткіштерді санап, оларды жылдар, сала, өндірген өнім бойынша беттестіру арқылы қандай бағытта өзгергенін табады. Мысалы, Қазақстан Республикасының статистика жөніндегі агенттіктің жыл сайын шығаратын жинақтарындағы сандық көрсеткіштерге талдау жасай отырып, еліміздегі халық санының соңғы 20 жылдағы өсу қарқынындағы өзгерістерді диаграмма тұрғызу арқылы білуге болады. Оларға талдау жасау арқылы оқушылар Қазақстан халқының 1993-1998 жылдар аралығында күрт төмендеп 2000-2013 жылдар аралығында артуының негізгі себептерін өз беттерімен анықтай алады.
Қорыта айтқанда, графиктер мен диаграммалардағы сандық көрсеткіштерді беттестіру құбылыстың қандай бағытта дамып жатқанын көрсететін қорытындылар шығарумен аяқталады.
Сандық көрсеткіштерді санау салыстырмалы түрде онша күрделі емес. Сондықтан графиктер мен диаграммаларда берілген экономикалық құбылыстардың ерекшеліктерін, әсіресе олардың даму үдерісін ашып көрсететін ой қорытындыларын шығаруға баса назар аудару қажет.
Қазақстанның экономикалық және әлеуметтік географиясы оқулығында ұсынылған барлық графиктер мен диаграммаларға тапсырмалар берілген. Бастапқы кезеңде оларды орындау оқушыларға қиындық тудыратындықтан оқулықтағы тапсырмаларды біршама шағын бөліктерге бөлген тиімді. Мысалы, Қазақстанның халқы мен еңбек қорлары тақырыбында шаруашылықтың жеке салаларында еңбек ететін адамдардың пайыз есебімен алынған үлесі салмағы қалай және неліктен өзгереді деген тапсырма берілген. Диаграмманы оқуды үйрету үшін төменде көрсетілген біршама шағын сұрақтарға бөлу пайдалы: 1990 жылға дейін Қазақстан шаруашылығының қай саласында халықтың басым бөлігі еңбек етті? 2010 жылы өндірістің қай саласында еңбек ететін адамдар саны басым болды? Соңғы 20 жылда өнеркәсіпте жұмыс істейтін халықтың үлесі неліктен өзгерді? Бұл сұрақтарға жауап берген соң келесі тақырыптарда оқушыларды біртіндеп біршама ірі сұрақтарға көшіруге болады.
Графиктер мен диаграммаларды оқу тәсілдерін бекіту үшін оқытудың бастапқы кезеңінде сынып оқушыларына төменде берілген сұрақтарды жиі ұсыну қажет: диаграммалар мен графиктердің көрсеткіштерінен нені білуге болады? Олардың оқу тәсілдерін атаңдар. Графиктер мен диаграммалардан біз не білдік?
Қорыта айтқанда, графиктер иен диаграммаларды пайдалану барысында оқушыларға өлшем бірліктеріне сәйкес сандық көрсеткіштерді санау, оларды бір-бірімен беттестіріп ой қорытындыларын шығару, шығарылған қорытындыларды түсіндіру дағдыларын қалыптастыру қажет. Сонда ғана графиктер мен диаграммалар білім көзіне айналады.
3. Статистикалық кестелермен жұмыс. Экономикалық, әлеуметтік және саяси география оқулықтарында белгілі бір өндіріс саласының даму қарқынындағы өзгерістерді ашуға көмектесетін статистикалық кестелер жеткілікті мөлшерде берілген. Олар шолу жасауға қолайлы. Графиктер мен диаграммаларға қарағанда біршама мол дерек беретін статистикалық кестелер экономикалық үрдістерді жан-жақты ашып көрсететіндіктен олардың көмегімен оқулық авторлары сәйкес келетін қорытындылар шығарады.
Экономикалық, әлеуметтік және саяси география курстарының кез-келген тақырыптарын статистикалық кестелерсіз оқып-үйрену мүмкін емес.
Статистикалық кестелермен жұмыс істеудің жалпы ережесі графиктер мен диаграммалармен ұқсас. Оны төмендегі ретпен жүргізіледі: 1. Кестенің атын оқу; 2. кестеде көрсетілген экономикалық құбылыстың натуралды немесе шартты өлшем бірлікпен берілгенінжәне уақыт көрсеткіштерін анықтау; 3. кестенің бағаналары мен жолдарын оқу; 4. кестенің бағаналары мен жолдарындағы сандық көрсеткіштерді бір-бірімен беттестіріп, оларды салыстыру; 5. бейнеленген құбылыстардың сипаты туралы ой қорытындыларын шығару.
Кестені оқуды үйрену барысында сандар аз болған сайын оны оқу жеңіл болатынын ескеру қажет. Оларды оқып-үйрену көбінесе Қазақстанның экономикалық және әлеуметтік география курстарында басталады. Статистикалық кестелерді сабақ барысында пайдалануды Қазақстанның пайдалы қазбалары, Отын-энергетика кешені, Қара және түсті металлургия, Машина жасау және маталл өңдеу өнеркәсібі тақырыптарын өту барысында бастайды. Экономикалық, әлеуметтік және саяси география курстары оқушылардың өз бетімен жұмыс істеуге қажетті сандық деректермен жеткілікті қамтамасыз етілген. Әр мұғалімнің алдына қойған өзекті мәсеселрдің бірі географияны оқыту барысында кездесетін көптеген сандық деректері төменде көретілген ретпен оқып-үйренеді.
Мұғалім экономикалық, әлеуметтік және саяси географияны оқыту барысында статистикалық кесте не үшін қажет екенін оны тұрғызу барысында қандай тұрпатты бөліктерге бөлуге болатынын түсіндіреді.
Содан кейін мұғалім кестені оқу тәсілдерін ,оқу барысында бірнеше санды пайдалану керек екенін ,қанадай жағдайда бағаналары мен жолдарының бойындағы сандарды оқу қажеттігін түсіндіреді .Жолдарының бойындағы сандарды оқу салыстыруды қажет етпейтін аумақ туралы деректер берілген жағдайда қолданады.Кестенің бағанысындағы сандарды бірнеше аумақ туралы деректер қандай да бір негіздемеге сүйеніп топтастырылған жағдайда қолданылады .Шығарылатын қорытындылар сандық негіздеректерге негізделуі тиіс
Оқушыларға статистикалық кестелердегі сандық деректерге негізделіп өз ойларын шығартуды көздейтін тұрпатты және шығармашылық сипаттағы өздік жұмыстар беріледі .
Барлық күрделі дағдылар сияқты кестені оқуда біртіндеп қалыптасатындықтан жоғарыда көрсетілген бірізділікті 9-сыныпта стастистикалық кестелері бар әр тақырыпты өткенде бірнеше рет қайталау қажет.Статистикалық кестелерді оқудың ерекшеліктерінің бірі сандық деректердің бағалауды қажет етуі.Өлшемдердің арақатынасын ашып көрсету үшін бағалау нәтижелін баяу ,нақты әрі дәлелді баяндау керек.