Тақырыбы: Нарықтың дәрменсіздігі
Сағат саны: 2
Тақырыптың негізгі сұрақтары/ жоспары:
1. Айқынсыздық және тәуекел
2. Ақпараттардың ассиметриялығы
3. Сыртқы әсерлер
1. Жеке және қоғамдық игіліктер
2. Билетсіздер проблемасы
3. Қоғамдық игіліктің шекті пайдалылықтары
Дәріс тезисі:
Нарық фиаскосы – ресурстарды тиімді пайдалануды нарық қамтамасыз ете алмайтын жағдай. Нарықтың «жеңілісін» дәлелдейтін төрт түрлі экономикадағы тиімсіз жағдай қарастырылады: монополия, ақпараттың ассиметриялығы, сыртқы әсерлер, қоғамдық игіліктер.
Тәуекел - бұл кез-келген әдіспен бағалауға болатын ықтималдылық. Ал айқынсыздық - бағалануы мүмкін емес жағдай. Нақты жағдай күтілетін жағдайдан ауытқуы мүмкін. Тәуекелді төмендетудің төмендегідей тәсілдері болады: тәуекелді диверсификациялау; тәуекелді біріктіру немесе сақтандыру; тәуекелді бөлу; ақпарат іздестіру.
Ақпараттардың ассиметриялығы дегеніміз - нарықтық мәмілеге қатысушылардың бір бөлігі маңызды ақпаратқа ие болып, екінші бөлігінде мұндай мүмкіндіктің болмайтыны орын алатын жағдай.
Ақпарат айқынсыздығы мен моральдық тәуекелмен күресу шараларының бірі - нарықтық белгі. Фирма беретін кепілдіктер, фирма маркасы, фирмалық белгі, жұмысқа қабылданушының білім деңгейі нарықтық белгі болып табылады.
Ақпараттың ассиметриялығын тез жоюға мүмкіндік беретін нарық түрі аукцион болып табылады. Аукцион ақпараттардың ассиметриялығынан басталады. Аукционның түрлері: ағылшындық, голландық, жабық аукцион.
Сыртқы әсерлер - нарықтық мәмілелерден болатын шығындар немесе пайдалар. Сыртқы әсерлерден болатын шығындар өнім бағасының құрамына енбейді. Олардың сыртқы деп аталу сенбебі- бұл әсерлер тек қана мәмілеге қатысушы агенттерге емес, сонымен бірге үшінші тұлғаға да қатысты. Сыртқы әсерлер өндіріс нәтижесінде де, тұтыну нәтижесінде де орын алуы мүмкін. Сыртқы әсерлерді экстерналдар деп те атайды. Оларды сыртқы оң әсер және сыртқы теріс әсер деп бөледі. Теріс әсерлер үшінші тұлғаны шығынға әкеледі, ал оң әсерлерден үшінші тұлға пайда көреді.
Бәсеке жағдайындағы өндірілген игіліктерді бір тұтынушы тұтынған кезде басқа бір тұтынушы тұтына алмайды. Мұндай игіліктерді жеке игілік деп атайды. Алайда қоғамда индивид жеке игіліктен басқа бір мезгілде басқа субъектілер де тұтынатын игіліктерді пайдаланады. Бұл қоғамдық игіліктер деп аталады. Қоғамдық игіліктердің екі сипаттамасы бар:
1) қоғамдық игілікті бір адамның тұтынуы оны басқа тұлғалардың да тұтынуына жол береді. (қоғамдық игіліктің бәсекесіздігі). Мәселен, көше жарықтандырылса, оны барлық тұрғындар бірдей қолдана алады.
2) қоғамдық игілікті қолдануға ешкімге тыйым салынбайды. Көшені жарықтандыру үшін қосымша шығындар қажет. Ал бұл шығындар салықтар есебінен қаржыланады. Қоғамдық игілікті салық төлеп тұратындар да, салықты төлеуден бас тартатындар да бірдей тұтына алады. Бұл жерде оң әсер орын алады. Барлық қоғамдық игіліктер таза және аралас қоғамдық игіліктер болып бөлінеді. Таза қоғамдық игіліктерге ұлттық қорғаныс, мемлекеттік басқару, қоғамдық тәртіпті сақтау, көшені жарықтандыру, радиостанция жұмыстары т.б. жатады.
Қоғамдық игіліктерге деген сұраныс пен оның ұсынысын анықтауда проблема туындайды. Қоғамдық игілікке деген әр адамның қажеттілігі әртүрлі. Нарықта бұл қажеттіліктер анықталмайтындықтан әлеуметтік сауалнама жүргізу қажет. Қоғамдық игілікті өндіру шығындары салық есебінен қаржыландырылатындықтан тұтынушылар сауалнамада шындықты көрсетпеуі мүмкін. Ал шын жауап беретіндер және салықты төлеп тұратындар қоғамдық игілікті пайдалана алатындықтан оны басқа тұтынушылар да тұтынады. Осыдан билетсіздер проблемасы туындайды. Билетсіздер проблемасы тұтынушылардың үлкен топтарында орын алады, себебі мұндай топтарда төлемшілер туралы ақпаратты алу қиындау болады.
Әдебиет
1.Б.М.Мұхамедиев. Микроэкономика. Алматы: Қазақ университеті, 2016. – 308 б.
2.Мэнкью Грегори Н, Тейлор Марк. Экономикс, 4-халықаралық басылым. Алматы: Ұлттық аударма бюросы, 2018. - 848 б.
3.Гриффин Р. Менеджмент. 12-басылым. Алматы: «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қоры, 2018 жыл -768 б.
4.Куратко Д.Ф. Кәсіпкерлік: теория, процесс, практика. 10-басылым. –Алматы: Ұлттық аударма бюросы, 2018 ж.- 480б.
5.Липсиц И.В. Микроэкономика Макроэкономика. – М.: Кнорус, 2016. – 608с.
6.Микроэкономика: экономикалық мамандықтарға арналған оқулық/ – 3- басылым, өңделген және толықтырылған.- // А.Н. Доғалов, Н.С. Досмағанбетов. – Алматы: Эверо, 2018. – 340 б.
Өткізу форматы: цифрлық технологияларды қолдану (бейнеконференция, вебинар, Интернет желісін және т.б. қолдану).
Достарыңызбен бөлісу: |