Э.Энгель тұтынушы табысының өзгеруіне байланысты әр түрлі тауар санатына сұраныстың қалай өзгеретінін зерттеген. Осы мақсатта ол азық-түлік тауарына, стандартты сападағы өнеркәсіп тауарларына, жоғары сападағы немесе дәулетті тауарларды қарастырған. Кез-келген тұтынушы, алдымен өзінің азық-түлікке деген қажеттілігін қанағаттандырады. Тұтынушы табысының елеусіз аз болған тұстарында ол тек азық сатып алады. Алайда, табыстың қарқынды өсуі азық-түлік өніміне деген сұранысты шексіз арттыра бермейді. Табысы белгілі бір деңгейге жеткенде, яғни екінші кезекте, тұтынушы стандартты сападағы өнеркәсіп тауарларын ала бастайды. Адам өзінің тамаққа деген қажеттіліктерін қанағаттандыра отырып, екінші кезектегі қажеттіліктерін қанағаттандыруға кіріседі, мәселен, теледидар, тоңазытқыш, жиһаз т.с.с. Ал табыстың әрі қарай өсуі тұтынушының дәулетті тауарларға деген сұранысының қалыптасуына әкеледі. Өйткені бір қажеттіліктің қанағаттануы екінші қажеттіліктің туындауына әкелетіні бұрыннан белгілі.
Стандартты сападағы өнеркәсіп тауарлары мен дәулетті тауарлар бойынша Энгель қисықтарының нышанынан байқайтынымыз: оларды тұтыну негізінен, тұтынушы табысы артқан сайын қандай қарқында болмасын, әйтеуір, өсіп отыр. Қарастырылып отырған 3 типтегі тауарларға деген сұраныстың табыстан тәуелділігін әркелкі болуын қалай түсіндіреміз? Бұл, біздіңше, өткен тақырыпта қарастырылған тауарлардың шекті пайдалылығына байланысты. Бұл жерде азық-түліктің шекті пайдалылығы аз, ал өнеркәсіп тауарлары мен дәулетті тауарлардың шекті пайдалылықтары салыстырмалы түрде жоғары.
Әдебиет Б.М.Мұхамедиев. Микроэкономика. Алматы: Қазақ университеті, 2016. – 308 б.
Мэнкью Грегори Н, Тейлор Марк. Экономикс, 4-халықаралық басылым. Алматы: Ұлттық аударма бюросы, 2018. - 848 б.
Гриффин Р. Менеджмент. 12-басылым. Алматы: «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қоры, 2018 жыл -768 б.