Оқудағы танымдық тәсіл Жан Пиаже, Мария Монтессори және Лев Выготский сияқты теоретиктер оқу және даму мазмұнының ұқсастығын анықтай отырып, танымдық тәсілді дамытуды зерттеген. Жан Пиаже ортаның балаға әсерін, ішкі танымдық құрылымдағы өзгерістерді зерттеді. Ол психикалық дамудың төрт сатысын (сенсорлы-моторлық, оперативтіліктен бұрынғы, оперативтілік кезіндегі және оперативтіліктен кейінгі) айқындады.
Оқудағы гуманистік тәсіл Бұл тәсілде адамның өсуіне ерекше назар аударылған. Бұл тәсілдің негізін қалаушылар – Маслоу мен Роджерс. 1970 және 1980 жылдары жазылған ересектерге білім беру жөніндегі көптеген теориялық еңбектер гуманистік психологияға негізделген. Бұл тәсілде адамның өсудегі әлеуетіне ерекше назар аударылады. Өзіне деген қарым-қатынас – «гуманистік психологияның негізгі белгісі». Бұл әдіс адамдарға оқу объектілері ретінде қарауға қарсы шығалы, сол арқылы бостандық, таңдау, уәж және сезімдерді қамтитын эмоционалдық және субъективті әлем бар екенін растайды. Бұл ретте ең белгілі мысал – Абрахам Маслоудың қажеттіліктер пирамидасы болуы мүмкін. Оның ең төменгі деңгейінде физиологиялық қажеттіліктер, ең жоғарысында өзін іс жүзінде таныту орналасқан. Зерттеушінің тұжырымына сәйкес, жоғарырақ деңгейге өту тек төмен орналасқан қажеттіліктер орындалған жағдайда ғана мүмкін болады.
Оқудағы гуманистік тәсілді толығырақ зерттеген Карл Роджерс. Оның зерттеуі логикасы мен интуитивтілігі, зияткерлігі пен сезімі, білімі мен тәжірибесі үйлесім тапқан жеке тұлғаны толық қамтиды.
Оқудағы әлеуметтік–жағдаяттық тәсіл Оқушылар әлемді түсіну үшін құрылымдар мен модельдерді игеріп қана қоймай, өз құрылымы бар ортаға қатысады. Оқу сан алуан тәжірибелік қоғамдастықтарға қатысуды көздейді.
Психологияда адамдар бақылау арқылы қалай оқитынын бірінші зерттеген бихевио- ристер болды. Кейінірек зерттеуші Альберт Бандура өзара әрекеттестікті және танымдық үдерісті зерттеді. Адамға басқалардың мінез-құлқының әсер ету салдарын көруге, әртүрлі мінез-құлықтың салдары туралы белгілі түсінік алуға мүмкіндік беретін тәсілдің бірі – бақылау. Егер адамдар не істеу керек екендігін білу үшін тек өзінің іс-қимылдарының әсеріне ғана сүйенсе, онда нәтижесі тиімсіз болар еді. Көбінесе адамның мінез-құлқы бақылау, модельдер құру арқылы зерделенеді: басқаларды бақылай отырып, жаңа мінез-құлық қалай қалыптасатынын түсінуге болады және кейін бұл кодталған ақпарат іс-әрекет жасауға басшылық етеді (Bandura, 1977). Мінез-құлыққа назар аудару, оны ықтимал модель немесе парадигма ретінде есте сақтап, түрлі жағдайларда оның қалай көрініс беруі мүмкін екенін болжау (репетиция) – бақылауға негізделген оқудың негізгі аспектілері.