Білім беру саласындағы психологиялық қызметтің мақсаты мен міндеттері
Білім беру саласындағы психологиялық қызметтің мақсаты барлық білім беру үдерісіне қатысушылардың психикалық және психологиялық денсаулығын сақтау және нығайту, баланың тұлғалық дамуын сүйемелдеуді психикасы сау дәрежеге жетілдіру құралы ретінде қарастыру болып табылады.
Психикалық денсаулық бәрінен бұрын, жеке дара психикалық үдерістер мен механизмдерге қатысты. Психологиялық денсаулық тұтас бір тұлғаға қатысты және жоғары адами болмыс көріністерімен тығыз байланыста болады да, психикалық дамудың өзіндік психологиялық аспектісін бөліп көрсетеді. Психологиялық денсаулық тұлғаны өзіндік жетілдіре түседі.
Педагог-психолог білім алушының жас шамасына сәйкес айналасындағы адамдармен өзара әрекет контексінде және қоршаған ортаның мәдени, әлеуметтік-экономикалық, экологиялық нақтылығы жағдайында өзіндік түсіну, өзін қабылдау және өзіндік даму қасиеттерімен қаруландыруы керек. Сонымен, педагог-психолог қызметінің басты мақсаты – балалардың психологиялық денсаулығын дамыту мен сақтауға жағдай туғызу.
Ол дегеніңіз - оқыту үдерісінің барлық кезеңдерінде баланың толыққанды психикалық дамуын негізге алатын психикалық денсаулықты көздейді. Осыған байланысты, психологиялық қызметтің негізгі міндеттерінің аясы әлдеқалай кеңи түседі.Толыққанды психикалық дамытуды қамтамасыз ететін жағдай туғызу баланың ішкі әлеміне, оның сезімі мен толқуларына, бейімі мен қызығуларына, қабілеті мен біліміне, оның өзіне, құрбы-құрдастарына, ересектерге, қоршаған ортаға, отбасылық және қоғамдық жағдайларға, жалпы өмірге қарым-қатынасына көңіл бөлумен толықтырылады.
Дамытуға бағыттылық білім беру ұйымдарындағы психологиялық қызметтің мынадай негізгі міндеттерін белгілейді:
- балалармен жұмыста әр жастың даму резервтерін жүзеге асыру;
- балалардың жеке дара ерекшеліктерін, олардың қызығулары, қабілеттері, сезімі, қарым-қатынасын, қызығушылықтарын, өмірлік жоспарларын дамыту;
- баланың қалыпты дамуы үшін ересектер және құрбыларымен оңтайлы қарым-қатынас жасау негізі ретінде жайлы психологиялық ахуал қалыптастыру;
- балаларға, олардың ата-аналарына, тәрбиешілер мен мұғалімдерге уақытында психологиялық көмек және қолдау көрсету.
Достарыңызбен бөлісу: |