2. Педагогикалық қарым-қатынас басқарудың өзегі. И.А.Зимняяның пікірінше“Педагогикалық қарым-қатынас оқу әрекеттестігінің, мұғалім мен оқушының ынтымақтастығы формасы. Бұл жеке және әлеуметтік бағытты әрекеттестік. Педагогикалық тілдесім бір мезгілде қатысымдық, перцептивтік және интерактивтік функцияларды орындайды, ол үшін вербальді, бейнелі, символикалық және кинетикалық құралдар жиынтығын ұштастырады.” Педагогикалық қарым-қатынастың негізгі функцияларын анықтау үшін жалпылай қабылданған классификацияға сүйенгеніміз дұрыс болады. (И.А.Зимняя, А.А.Леонтьев). Педагогикалық қарым-қатынас функцияларын анықтау көбінесе оқытушының өз қызметінде алға қоятын мақсатына байланысты: а) оқу-тәрбие материалдарын оқушының дара ерекшеліктеріне қарай іріктеу, құру және оқушының жеке тұлғалық үлгісін жобалау секілді конструктивтік қабілеті; ә) оқушыны әр түрлі оқу әрекетіне қатыстырып, ұжымда әр тұлғаның белсенділігін көтеру секілді ұйымдастырушылық қабілеті; б) оқушылармен жақсы қарым-қатынаста болу, оқушылардың даму деңгейіне, талабына сай болу секілді коммуникативтік қабілеті.
Психолог Б.Ф.Ломов қарым-қатынас функцияларын анықтаудың қайнаркөзі қатысымдық болатынын көрсететін классификация ұсынады: ақпараттық-қатысымдық, регуляциялық-қатысымдық және аффектілік-қатысымдық. Психологтың пікірінше, бірігіп істелген әрекетте риторикалық негізге сүйену ұйымдастырушылық және конструктивтік функциялардың да қатысымдық екенін көрсетеді. Ұйымдастырушылық функция нақты тілдесім, қарым-қатынас кезінде жүзеге асады, конструктивтік функция қатысымдық кезеңге дейін көрінеді, дегенмен, бұл кезеңде де материалды сұрыптау, жүйелеу, ұйымдастыру айтатын сөзіне (тақырыпқа), адресанттың (мұғалімнің) қатысымдық ниетіне және адресантқа (нақты сол сыныптың оқушыларына) арналған сөзіне қатысты болады.
З.С.Смелкова аффектілі-қатысымдық функция педагогикалық тілдесім мазмұнын бере алмайтынын, сондықтан оның дәйексіз екендігін айтады. Оның орнына оқушының жеке қасиеттерін дамытуға, оның эмоциясына, перцептивтік қабілетіне бағытталған “тәрбиелеуші-қатысымдық” функцияны ұсынады. Педагогикалық қарым-қатынасты талдауда қарым-қатынастың педагогикалық және нақты-қатысымдық бірліктері ұғымдарының шекарасын айырып көрсетуіміз керек. Бұл екеуі бір құбылыс деп түсінеміз, алайда, біріншісі екіншісі арқылы жүзеге асатыны белгілі.
Педагогикалық қарым-қатынас процесінде өте маңызды рольге оқытушы ие болады. Мұғалімнің роліне С.Т.Шацкий, В.А.Сухомлинский, К.Д.Ушинский және т.б. Кеңес педагогикасының классиктері үлкен көңіл бөлді.
Оқытушы мамандығын әр түрлі мінезді, әр түрлі темпераментті адамдар меңгеретіндіктен, қарым-қатынас стилі де әр түрлі болып келеді. Қарым-қатынас стилі ұғымына В.А.Кан-Калик: “Қарым-қатынас стилі деп біз педагог пен оқушының әлеуметтік-психологиялық арақатынасының жеке-типологиялық ерекшеліктерін айтамыз: а) мұғалімнің қатысымдық мүмкіндіктері; ә) педагог пен оқушының өзара қарым-қатынасының қалыптасуы; б) педагогтің шығармашылық тұлғасы; в) оқушы ұжымының ерекшеліктері” деген анықтама береді. Н.Ф.Маслов, Е.М.Крутов сияқты психологтар еңбектерінде қарым-қатынастың – “демократиялық” және “авторитарлық” екі түрлі стилі көрсетіледі. Қарым-қатынастың кәсіби түрінде стилдің үшінші – “либералдық” түрі анықталады. Оның негізін салған А.А.Бодалев.
Адамдар арасындағы қарым-қатынасты зерттеп, эксперименттер жүргізген Дж. Л. Морено эмпатияны “бірін-бірі сезіну” деп атаған; 1) үйренушінің жетістіктеріне үлкен әріптесінің, досының тілектестігі, қамқоршылдығы, ұстанымы; 2) педагог ретінде өз іс-әрекетіне үнемі қатаң көзқараспен қарап, оқу процесінде қажетіне қарай түзетулер енгізіп отыру” –деп санайды.
Л.В.Путляева қарым-қатынастың әр қилы стиліне байланысты оқушылардың реакциясын анықтады. Мәселен, сенім, еркіндік, топтағы өзара түсіністік, көңілді ахуал – оқытушының тілдесімде дұрыс стиль таңдауын көрсетеді.
Маманның коммуникативті мәдениеті жоғары оқу орындарында қалыптастырылады. Жалпы алғанда "Мәдениет" ұғымы қарапайым түсінікпен қарағанда білім мен адамның жүріс-тұрысының жиынтығы.
Сондықтан да маманның комуникативтік мәдениетіне төмендегідей мәселелерді енгізу керек:
Адамдармен қарым-қатынас жасаудағы қызығушылықпен алшақтық;
Кәсіби әріптестермен қарым-қатынастағы өзіндік талпынысы;
ұйымдастырушылығы, өзіндік кәсіби беделі, өзіндік беделін көтерумен бекітуге талпыну;
білім және ақыл-ой: қарым-қатынас дегеніміз не, қарым-қатынас түрлері, қарым-қатынастың құрылымы мен қызметі, қарым-қатынастың қажеттілігі, қарым-қатынас стилі;
білім
Ал, қарым-қатынаста негізгі құрал- тіл. Адамдар бір-бірімен тіл арқылы түсінісіп, тілдеседі.