Оқи отырыңыз: Қиырдағы қазақтар. Тағдыр талқысында
– Біз кейде жеке басқа, мүддеге келгенде, өз мақсатамызды ойлағанда, жұрт жұмысын, халық қызметін, ұлт қамын шетке сырып, ел, ұрпақ алдындағы аманатты һәм жауапкершілікті сезінбей жатамыз. Ұлтқа деген жанашырлыққа немқұрайды қарап жүрген мына бізге, ұрпаққа нендей өсиет яки ақыл-кеңес айтасыз? – Қалықтың ісі машинаның тетігі емес, бұрап қалса, басқа жөнге түсетін. Жұрт жұмысы – құмырсқаның илеуіндей жұмыс сияқты. Құмырсқаша жабыла тынбай істесек өнеді. Бірі оны, бірі мұны істеп, илеуде қарап тұрған құмырсқа болмайды. Жұрт жұмысын да солай істесе, алға басады. Әр құмырсқа бәріне керек илеудің өсуі үшін күші жетіп көтерген шөпшегін апарып салады. Ұлтын керек қылып, қалыққа қызмет етемін деген қазақ балалары қазақ жұмысына қолынан келгенінше қарап тұрмай кірісіп істей берсе, ұлт жұмысы ұлғайып, толықпақшы.
– Қазақ еліне не қажет? Ел болып қалу үшін не керек? – Жұртқа керегін білетіндер көп, істейтіндер аз. Білушілеріміз білгенімен қоймай, істеуге кіріссе екен. Білушілеріміз істеуші болса, оларды көріп, өзгелер де істер еді. Сөйтіп, көсемдер көбейсе, ерушілер де көбейер еді.
Қазақ керегінің көбі әркімге-ақ мағлұм ғой: біз кейін қалған қалық, алға басып, жұрт қатарына кіру керек. Басқадан кем болмас үшін, біз білімді, бай һәм күшті болуымыз керек. Білімді болуға – оқу керек. Бай болуға – кәсіп керек. Күшті болуға – бірлік керек. Осы керектердің жолында жұмыс істеу керек.
Оқи отырыңыз: Ождан кілті – өзіңде
– Демек, біз істі өзгеден талап етпей, өзімізден бастауымыз керек дейсіз ғой? – Ғамалыңды түзет, түземесең, ешкімге кінә қойма! Беті жаманның айнаға өкпелеуі жөн бе? Талап жоқ, үміті мол бір халықпыз... Еңбексіз егін шықпайды, терлесең, терің тегін қалмайды. Телміріп алған теңгеден, тер сіңірген тиын жұғымды... Өзімізге өкпелемесек, өзгеге өкпелер бет жоқ. Ниеті жаманның Аллаға өкпелеуі жөн бе?
– Алашқа айтарыңыз болса... – Қазақтың бас адамдары! Әуелі сіздер адаспаңыздар, адаспас үшін ақылдасып, ойланып, ынтымақпен іс қылыңдар. Алашқа аты шыққан адамдар! Көсемдіктеріңді адаспай, түзу істеңдер. Сендер адассаңдар, арттарыңнан алаш адасады. Арттарыңнан ергендердің обал-сауабына сіздер қаласыздар.
Ахмет Байтұрсынұлы айтқан кей асыл сөздер:
Халық тұр Құдайдан соң саған сеніп...
Жігіттер біле білсең, анаң – халық, келіңіз ана сүтін адалдалық.