1.1 .Буынаяқтылар жалпы сипаттамасы. 1.2.Типтің систематикасы. 1.3.Экологиясы.
1.4.Құрылысы мен дамуының ерекшелктері. 1.5.Маңызы. Негізгі бөлгілері.
Жануарлар дүниесіндегі жер жүзінде кең таралған және түрлерінің саны жағынан ең көбі - буынаяқтылар типі. Олардың 2,5 миллионнан астам түрі бар. Жануарлар жүйесіндегі қалған 22 типтің түр саны буынаяқтыларға жетпейді.
Буынаяқтылар типіне шаянтәрізділер, өрмекшітәрізділер, көпаяқтылар және насекомдар жатады. Бұлардың барлығына тән белгілерінің бірі - аяқтары бірнеше буындарға бөлінген, буынаяқтылар деп аталатыны да осыдан. Олар екі жақты симметриялы және гетерономды сегменттелген жануарлар. Денесі екі немесе үш бөлімге бөлінеді: баскеуде, құрсақ немесе бас, кеуде, құрсақ. Денесін хитинді кутикула жауып тұрады. Ол жануардың ішкі мүшелерін зақымданудан қорғайды және оның ішкі жағына бұлшықеттер бекінеді. Хитинді кутикула өспейтін, созылмайтын қосынды, сондықтан буынаяктылардың өсуі түлеу арқылы өтеді. Бұлшықеттері көлденең салалы - жолақ, тез жиырыла алады.
Буынаяқтылар - дара жыныстылар. Жыныс диморфизмі жақсы дамыған. Эмбриональды және постэмбриональды дамудың ұзақтығы өзгеріп тұрады. Даму кезеңі әр алуан: тура даму немесе анаморфоз, алғашқы даму - проморфоз немесе эпиморфоз, шала түрленіп даму - гемиметаморфоз, толық түрленіп даму - голометаморфоз, жеткіліксіз даму - гипоморфоз, күрделі даму - гиперметаморфоз.
Буынаяқтылар мұхиттарда, теңіздерде, тұщы су қоймаларында, ыстық су қайнарларында, қарлы жерлер мен мұздарда, топырақ қабаттарында, тіпті ауада да көп кездеседі. Адамда, жануарлар мен өсімдіктерде паразиттік тіршілік ететін түрлері де бар.
Буынаяқтылардың табиғатқа және адам өміріне ықпалы зор. Олар - адамның, жануарлардың, өсімдіктердің паразиттері және түрлі жұқпалы ауруларды таратушылар, сондай-ақ егістік өсімдіктердің және орман шаруашылығының зиянкестері. Бірақ екінші жағынан буынаяқтылар азық-түлік және техникалық шикізат есебінде пайдаланылады, әрі өсімдіктерді тозаңдандыруға қатысады, топырақ құнарлылығын арттырады және өздері адамға кәсіптік қажетті жануарлардың маңызды қорегі, біраз түрлерін адам тамаққа да пайдаланады.
Буынаяқтылар типі төрт тип тармағына бөлінеді: желбезектыныстылар - Branchіata, трилобиттәрізділер - Trіlobіtomorpha, хелицералылар - Chelіcerata, кеңірдекпен тыныс алушылар - Tracheata.
КЕҢІРДЕКПЕН ТЫНЫС АЛУШЫЛАР ТИП ТАРМАҒЫ - TRACHEATA
КӨПАЯҚТЫЛАР КЛАСЫ - MYRІAPODA
НАСЕКОМДАР НЕМЕСЕ АЛТЫАЯҚТЫЛАР КЛАСЫ - ІNSECTA,
S.HEXAPODA
БУЫНАЯҚТЫЛАРДЫҢ ЖАЛПЫ СИПАТТАМАСЫ
Буынаяқтылардың денесі кутикула қабатымен қапталынған, буылтық құрттарға қарағанда құрылысы өте күрделі. Ол үш қабаттан тұрады: астыңғысы - өте жұқа аморфты базальды мембрана, оның үстінде бір қатар эпителиальды клеткалардан құралған гиподерма - тірі қабаты және гиподерма клеткаларының бөлінуінен (өлген клеткалардан) пайда болған - нағыз кутикула қабаты. Кутикула гиподерманың туындысы. Оның өзі үш қабатқа бөлінген: гиподермамен жанасып жататын - эндокутикула, содан кейін экзокутикула және эпикутикула. Эпикутикула ең жоғарғы қабат, липидтерге, балауызға өте бай, ішкі денедегі ылғалды сыртқа шығармай жануарды кеуіп кетуден сақтайды, сондықтан суда тіршілік ететін буынаяқтыларда бұл қабат дамымай, тек құрлықта тіршілік ететін буынаяқтыларда жақсы дамыған. Экзокутикула мен эндокутикула қабаты суларға, минералды тұздарға, органикалық заттарға және әр түрлі түс беретін ферменттерге бай, сондай-ақ олардың құрамында хитин заты көп. Буынаяқтылардың сыртқы қабатын хитинді кутикула деп атайды. Хитин - өспейтін, созылмайтын, ешбір қышкылдарда, майларда, спирттерде, сілтілерде және органикалық ерітінділерде ерімейтін өте берік зат. Хитин (французша chіtіne, грекше chіton - тері, қабық) деген термиңді, насекомдардың қатты кутикула қабығын зерттеп, 1823 жылы француз ғалымы Л. Одье ұсынды. Хитин - полисахаридтер тобындағы табиғи қосынды, ұзын полимерлер бір-бірімен Р-1,4 гликозоидты байланыстармен жалғасқан, N-ацетилглюкозаминдерден тұрады.
Хитин кутикуланың, яғни сыртқы қаңқаның негізгі қосындысы, дененің қаттылығын қамтамасыз етіп қорғаныш және тірек қызметтерін атқарады. Буынаяқтылардың кутикуласында ғана емес, сондай-ақ басқа жануарлардың қаңқа құрылымдарында да кездеседі. Хитинді тек хитиназа, лизоцим ферменттері N-ацетилглюкозаминге дейін ыдыратады. Олар кейбір бактерияларда, топырақ амебалардың ас қорыту ферменттерінің арасында, кейбір ұлуларда және буынаяқтыларда (түлеу кезінде) табылды.
Ас қорыту жүйесінде буылтық құрттардікі сияқты үш бөлімі бар: алдыңғы, ортаңғы және артқы ішек. Алдыңғы және артқы ішегі эктодермальды, ішкі жағынан хитинді кутикуламен, ал ортаңғы - энтодермальды ішегі безді эпителиальды клеткалармен астарланған. Ас қорыту жүйесіне түрліше ферменттер бөлетін қосалқы бездері де жатады.
Зәр шығару жүйесі бір түрлерінде буылтық құрттардың түрі өзгерген метанефридиясына ұқсас болса, екіншісінде - Мальпиги түтігі түрінде болады. Олар антеннальды және максиллярлы (шаянтәрізділерде), коксальды бездер (өрмекшітәрізділерде), Мальпиги түтікшелері (насекомдарда, көпаяқтыларда, кейбір өрмекшітәрізділерде).
Буынаяқтылардың ортаға бейімделуіне байланысты тыныс алу мүшелері желбезек, өкпе, трахея (кеңірдек) түрінде болады. Шаянтәрізділер суда тіршілік ететіндіктен желбезек арқылы тыныс алады. Желбезектері - аяқтарының эпиподит деп аталатын жұқа өсінділері. Құрлықта тіршілік ететін өрмекшітәрізділер өкпе және трахея арқылы тыныс алады. Өкпелері шаянтәрізділердікіндей аяқтарының эпиподит өсінділері. Бірақ бұлар дененің ішіне қарай тартылып орналасқан. Трахеялары (кеңірдектері) хитинді кутикуламен астарланған, бұтақталған түтік сияқты. Олар дененің бүйір жағындағы стигма деп аталатын тыныс алу тесіктерімен сыртқа ашылады. Көпаяқтылар мен насекомдар тек қана трахея арқылы тыныс алады, бұлар - трахеата тип тармағының негізгі кластары.
Қан айналу жүйесі - көпкамералы жүректің пайда болуымен ерекшеленеді, ол перикардия (грекше perі - төңірегінде, айнала; kardіa - жүрек) деп аталатын жүрек қабы ішінде орналасқан. Жүректен шыққан қолқа және артерия қан тамырлары дене бөлімдеріне тарап, сол жерде үзіледі де қан аралас (миксоцель) қуысына құйылады. Қуысқа құйылған қан сондағы сұйықтықпен араласып гемолимфаға (қан клеткалары мен ткань аралық сүйықтыққа) айналады. Сондықтан да буынаяқтылардың қан айналу жүйесі ашық және қаны гемолимфа деп аталады. Гемолимфа түссіз, кейде сарғыштау немесе жасыл түсті, қорытылған заттарды тасымалдайды, зат алмасу процесінде пайда болған несеп заттарды зәр шығару мүшелеріне жеткізеді, ішкі қысымды қалыпты деңгейде сақтайды.
Буынаяқтылардың нерв жүйесі буылтық құрттардікіндей жұтқыншақ үсті, жұтқыншақ асты ганглия, жұтқыншақ маңындағы сақина коннективасы және ұзына бойлық ганглиялардан құралған құрсақ нерв тізбегінен тұрады. Бірақ, буылтық құрттарға қарағанда буынаяқтылардың нерв жүйесі күрделірек. Жұтқыншақ үсті ганглиясы немесе миы үш бөлімнен тұрады: протоцеребрум - алдыңғы; дейтоцеребрум - ортаңғы; тритоцеребрум - артқы. Дейтоцеребрум бөлімі тек кана мұртшаларды нервтендіреді, сондықтан өрмекшітәрізділер класының өкілдерінде мұртшаларының жойылуына байланысты мидың аралық бөлімі дамымаған.
Буынаяқтылардың нерв жүйесінің тағы бір ерекшелігі - орталық нерв жүйесімен қатар шеттік (немесе перифериялық) және симпатикалык (немесе висцеральдік) нерв жүйелерінің болуы. Шеттік нервтер тері жамылғысының бұлшықеттердің, сезім мүшелердің, ал симпатикалық - ішкі мүшелердің жұмысын реттейді.
Нерв жүйесінің күрделенуіне байланысты буынаяқтылардың сезім мүшелері де жақсы дамыған. Олар: күрделі немесе фасеттік көздер, қарапайым көзшелер, иіс, дәм сезу, есту мүшелері. Осылардың көмегімен организм сыртқы ортадан келетін алуан түрлі тітіркеңдірулерге жауап қайтару қабілеттілігін дамытып үнемі өзгеріп тұратын құбылыстарға икемделу жағдайын жасайды, яғни тіршілік әрекетін жасайды.
Буынаяқтылар тек қана жынысты жолмен көбейеді, көпшілігі дара жыныстылар, жыныс диморфизмі айқын. Жыныс жүйесі құрсақ бөлімінде орналасқан. Аналықтарында жұп жыныс бездері, олардан шыққан екі жұмыртқа шығарғыш жолдары қосылып жатын және қынапқа айналады да, жыныс тесігімен бітеді. Аталықтарының жұп ұрық бездерінен шыққан жұп ұрық шығарғыш жолдары бір-бірімен қосылып ұрық шашу түтігіне және шағылыс мүшесіне жалғасады. Жыныс жүйесіне жататын қосалқы бездері де бар, олар - ұрық қабылдағыштар, иіс шығару, жұмыртқаны субстратқа жабыстыру, жұмыртқа пілләсін жасау үшін секреттерді бөліп шығаратын бездер.
Ұрықтануы іштей, дамуы жұмыртқаның ішінде (эмбриональдық) және жұмыртқадан шыққаннан кейін (постэмбриональдық) өтеді.
Буынаяқтылар типі төрт тип тармағына бөлінген: желбезектыныстылар -Branchіata; трилобитгәрізділер - Trіlobіtomorpha; хелицералылар - Chelіcerata; трахея немесе кеңірдекпен тыныс алушылар - Tracheata.