БУЫЛТЫҚ ҚҰРТТАР ТИПІ - ANNELІDA БЕЛДЕУСІЗДЕР ТИП ТАРМАҒЫ - ACLІTELLATA Белдеусіздер тип тармағына - теңіздерде тіршілік ететін, дара жынысты, жыныс сегменттерінде белдеулері болмайтын, дамуында трохофора деп аталатын личинкасы бар құрттар жатады. Бұларға бір класс жатады - көпқылтандылар - Polychaeta.
КӨПҚЫЛТАНДЫЛАР КЛАСЫ - POLYCHAETA Полихеттердің 5000-нан астам түрі бар, көпшілігі теңіздерде тіршілік етеді, тек Manayukіa baіcalensіs тұщы суларда кездеседі. Денелерінің ұзындығы бірнеше миллиметрден үш метрге дейін (Eunіce gіgantea). Басым көпшілігі жүзіп, ал кейбіреулер бекініп немесе топырақты қазып тіршілік етеді, "үйшіктер", түтікшелер жасайды. Паразиттік тіршілік ететін түрлері де кездеседі.
Құрылысы мен физиологиясы.Полихеттердің денесі құрттәрізді, созылыңқы, аздап арқа құрсақ бағытында сопайған немесе цилиндр пішінді. Бас, тұлға, аналь (пигидий) бөлімі бар. Тұлға бөлімі біркелкі бөлшектелген гомономды сегменттерден тұрады, сегменттерінің саны 5-тен 800-ге дейін болады. Сегменттерінің саны аз болса бұларды аз сегментті немесе олигомерлі полихеттер деп атайды (Dіnophіlus, Myzostomum туысынан), ал көп болса - көп сегментті немесе полимерлі полихеттер.
Бас бөлімі екі сегменттен құралған: ауыз алды немесе - простомиум және ауыз сегменті - перистомиум. Простомиумда көру мүшелері, қармалағыштары /антенна/ және пальпалары орналасқан, ал перистомиумда - ауыз тесігі және бірнеше мұртшалары - цирралары.
Целом. Полихеттердің ішкі мүшелері дененің қуысында жатады, сол қуысты екінші немесе целом қуысы деп атайды. Целомның бірінші қуыстан ерекшелігі - арнайы қабаты болуыңда. Целом қабаты - перитонеальды эпителий немесе целотелий мезодерма клеткаларынан түзілген. Тері-бұлшықет қапшығын астарлайтын қабаты соматоплевра (париеталь), ал ішек пен қан тамырларын астарлайтын - спланхноплевра (висцеральдық) деп аталады және арқа, құрсақ мезентериялық перделері болады. Осы арқа құрсақ перделері арқылы целом (оң жақ және сол жақ) екі бөлікке бөлінген (целом қапшығына). Целомның негізгі қызметі - тірек, зәр шығару, тасымалдаушы және сол қуыста ұрық клеткалар пісіп жетіледі.