Қан айналу жүйесі. Қан айналу жүйесі жақсы дамыған. Ұзын түтік тәрізді жүрегі 8 қос остийден тұрады. Жүректің артқы жағы тұйық, ал алдыңғы жағынан аорта және оның екі бүйірінен 4 қос артерия кетеді. Бұл артериялар бүйір бағанасына бірігеді. Артериядан шыққан гемолимфа дененің ішкі мүшелерінің арасындағы қуысқа, одан соң синусты жүйеге жиналып, сол арқылы жүрек жанындағы қуысқа (перикардияға), ақырында остийлері арқылы жүрекке құйылады (115-сурет). Семсерқұйрықтылардың гемолимфасының құрамындағы тыныс алу пигменті-гемоцианин гемолимфаға көкшіл түс береді.
Сезім мүшелері. Семсерқүйрықтылардың екі жұп көздері болады. Көздерінің бірінші жұбы - қарапайым көзшелер баскеуденің арқа жағында, мидың үстіңде, ал екіншісі - күрделі көздері көзшелердің жанында орналасқан.
Күрделі көздер көптеген бір-біріне тығыз орналасқан ұсақ көзшелерден тұрады, ол үстіңгі жағынан мөлдір хитинді кутикуламен көмкерілген.
Жыныс жүйесі. Семсерқұйрықтылар дара жыныстылар. Жыныс бездері қосарланған және бұтақталған, өзара түтік тәрізді қапшықтарды құрайды. Олардың ұрық шығару жолы құрсақтың бірінші сегментіндегі желбезек қақпақшасының астында сыртқа ашылады.
ӨРМЕКШІТӘРІЗДІЛЕР КЛАСЫ - ARACHNІDA Өрмекшітәрізділер құрлықта тіршілік ететін, өкпемен немесе трахеямен тыныс алатын буынаяқтылар. Денелері - баскеуде және құрсақ болып екіге бөлінеді. Ал кенелерде (Асагі) баскеуде мен құрсақ бөлімі бірігіп кеткен. Баскеуде бөлігінде 6 жұп аяқтары орналасқан, оның бір жұбы ауыздың үстінде, ал қалған 5 жұбы ауыздың артқы жағында орналасқан. Аяқтарының алғашқы жұбы - хелицералары (сһеіісегае) қысқарған екі-үш буыннан тұрады, ол қысқыш немесе тырнақ тәрізді. Көпбуынды аяқтарының екінші жұбы - пышақтәрізді және олар қорегін ұстау мүшесінің қызметін және сезу қызметін атқарады - бұлар педипальпалар (pedіpalpі), ал қалған 4 жұбы - жүргіш аяқтары.
Денесінің артқы бөлігі - құрсақ - әдетте сегменттелген. Өрмекшітәрізділер қласында оншақты отряд, 60000-нан астам түрлері бар. Ұзындығы 0,1 мм-ден 17 см-ге дейін.
Құрылысы мен физиологиясы. Өрмекшітәрізділердің денесі екі бөліктен: баскеуде және құрсақтан тұрады. Баскеудені - акрон және 7 сегмент құрайды (7-ші сегмент жетілмеген). Сольпуталарда және кейбір төменгі сатыдағы түрлерінде 4 жұп алдыңғы аяқтарының сегменттері біріккен, ал баскеуденің қалған 2 сегментіне құрсақ сегменттері жалғасады. Осылай, сольпугаларда - денесінің алдыңғы бөлігі трилобиттердің басының сегменттелуіне ұқсас (акрон және 4 сегмент) - ол пропелътидий бөлігі және екі бос аяқтары бар кеуде сегменттері мен сегменттелген құрсағы болады. Сольпугалардың денесі - өрмекшітәрізділер класының басқа өкілдеріне қарағанда көбірек сегменттелген. Құршаяндарда да баскеудесі біріккен, құрсағы 12 сегментті (Gіgantostraca сияқты), ол 7 сегментті жалпақ алдыңғы құрсаққа және жіңішке 5 сегментті артқы құрсаққа бөлінеді. Денесі уы бар, имек инелі тельсонмен аяқталады.
Ac қорыту жүйесі эктодермальды алдыңғы, энтодермальды ортаңғы және эктодермальды артқы ішектен құралған.
Алдыңғы және артқы ішектері қысқа, ортаңғысы ұзын. Алдыңғы ішегі әдетте кеңейген, кутикуламен астарланған және күшті бұлшықеттермен қапталынған, сұйық асты соруға бейімделген (насостың қызметін атқаратын) жұтқыншақ пен қарыннан тұрады. Зәр шығару жүйесіне Мальпиги түтікшелері және коксальды бездері жатады. Мальпиги түтікшелері энтодермальды ортаңғы ішектен пайда болып, ортаңғы мен артқы ішектің шекарасында орналасып, бір жағы тұйықталып екінші жағымен ас қорыту жолына ашылады. Олар жалпақ эпителий қабатымен астарланған, клеткаларында және түтікше қуысында көптеген гуанин дәндері болады. Гуанин өрмекшітәрізділердің зәр шығаруының негізгі өнімі, сыртқа сұйық түрінде емес, құрғақ кристалл түрінде шығарылады. Бұл құрлықта тіршілік етуіне байланысты ішкі ылғалды үнемдеуге бағытталған. Мальпиги түтікшелері тек ересек түрлерінде болады.
Тыныс алу мүшелері әр түрлі: не жапырақтәрізді өкпелері, не кеңірдектері (трахеялары), не өкпелер мен кеңірдектері кездеседі. Өкпе қапшығымен құршаяндар, қылаяқтылар, төменгі сатыдағы өрмекшітәрізділер тыныс алады. Құршаянның алдыңғы құрсағының астыңғы 3-6-шы сегменттерінде 4 жұп тыныс саңлаулары немесе стигмалары (stіgma) өкпе қапшығына келіп жалғасады. Өкпе қапшықтарының ішінде бір-біріне жақын орналасқан жапырақтәрізді өсінділері бар, ал олардың арасы тар, бос қуыстық. Бос кеңістікте ауа, ал өкпе жапырақшаларын қан тамырлары торлаған.