Бірінші бөлім (Роман) ТҰҢҒИЫҚта бірінші тарау кездесу



Pdf көрінісі
бет8/25
Дата23.07.2022
өлшемі1,94 Mb.
#37875
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   ...   25
СЕГІЗІНШІ ТАРАУ
ПЕТЕРБУРГТЕ
1
Петербургке енді жарты сағатта жетеміз деген проводниктің сөзі
Асқарды аса қуандырды. Аспандағы жұлдыздай жарқырап, көзін
қызықтырып, бойы жетпей арманда жүрген қиялы енді, баулыған құстай
қолына кеп қонған тəрізденді.
Асқар Петербургті ең алғаш, бастауыш мектептің 2–3 кластарында
оқып жүргенде естіген еді. Зиректігіне қызығып, Асқарды жақсы көретін
учитель, «осы қалпыңмен жақсы оқысаң, бұдан кейін орта мектепті бітіріп,
содан кейін Петербургтің университетіне барасың», дер еді, оған учитель,
сөйтіп, Петербургтің қаласын, каналдарын, үйлерін, ескерткіштерін мақтап,
Асқардың аузынан қызығу сілекейін ағызар еді. «Шіркін, сол қаланы бір
көрсем!» деген арман Асқардың жүрегінде бала жасынан орнаған еді.
Петербургті жердің жұмағы деп ұққан Асқар, бертін келе, семинарияға
түсе, Достоевский мен Некрасовтың, тағы сондай Петербургтің көлеңке
жағын көп көрсететін жазушылардың шығармаларын оқып, «жердің
жұмағында да» кемшілік барын білді. Петербург туралы тарихи жəне
көркем шығармаларды кеп оқыған Асқар, оны көруге құмартты.
Семинарияға түскенде, Асқардың ойы: оны төрт жылда бітіріп, содан
кейін, жоғары білім алуға Петербург бару еді. Ол тілегіне қолының
қысқалығы жеткізбеген Асқар, «ең болмағанда бір көрсем» деген арманнан
қол үзбейтін.
Міне, сондай, көрмей сағынған Петербургке ол келе жатыр.


Жарты сағат уақыт, асыққан Асқарға жарты жылдан артық сияқтанды.
Терезеден қараса əлі – түн. Түнге терең сүңги зымыраған поезд Асқарға,
поезға мінген халықты сүйремей Асқардың шыдамын сүйреген сияқтанды.
Поезд ілгері зырлаған сайын, Асқардың жуан шыдамы жіңішкере
бергендей, қалын, шыдамы жұқара бергендей болды.
Поезд тоқтады. Тысқа жұртпен бірге Асқар мен Итбай да шықты. Дала
қою тұман. Сонда да түн реңкі бозамық тартқан. Бұл таңның білінуі ме,
əлде вокзал маңында жиі жанған электр сəулесінің жарығы ма, оны Асқар
айыра алмады. Носильщиктер келіп, қызмет еткісі келгендігін білдіріп еді,
ауыр жүктері болмағандықтан, Асқар оларды қабылдамады.
Сапырлысқан көп халыққа, төбесін шынылаған вокзалдың кең үйіне
таңдана қараған Асқар, Итбайды залда бір жерге орналастырды да, газетте
жазылған хабар бойынша, юбилейге келген өкілдерді қарсы алатын Ішкі
Істер министрлігінің комнатасын іздеді.
«Осы бөлмеде» дегенге Асқар кіріп барса, ішін салтанатты жасаулармен
безеген кең бөлме екен, төрінде стол сыртында, соғыс генералының
формасында, ұзын айыр сақалды біреу отыр, одан басқа: ала жібек
шапанды, өзбек тақиялы, ақ сəлделі, шығысша сəнді киінген он шақты
адам бар.
Шығыстықтармен генерал сөйлесіп отырғандықтан, Асқар əдеп сақтап,
генералға бас изеп қана сəлем берді де, босағадағы орындыққа отыра кетті.
Сөз түрлеріне қарағанда, шығыстықтар – бұхарлықтар екенін байқады
Асқар. Олармен сыпайы сөйлескен генералдың өзін елемеуін Асқар
ауырлады. Аздан кейін есіктен офицер формалы бір жас жігіт кірді де,
автомобиль даярлығын айтты.
– Сіздер гостиницаға барыңыздар,– деді генерал бұхарлықтарға,–
сіздерді (офицерді көрсетіп) мына господин бастап апарады.
Бұхарлықтар генералға шығысша қоштасып, офицерге еріп шығып
кеткесін, генерал телефонный, трубкасын қолына алып, əлдекіммен
болмашы бірдемелерді сөйлесіп отырып алды. Асыққанын кескінінен,
қимылынан ұқтырған Асқарға ол, көз қырын бірер рет елеусіз аударды да,
қайтып қараған жоқ.


«Мынау қайтеді?» деп ойлаған Асқар шыдамсызданды да, генералдың
телефонмен
сөйлесіп
болуына
қарамай
орнынан
тұрып
барып,
губернатордан
алған
мандатын
ұсынды.
Генерал
Асқардың
бұл
батылдығын ұнатпағандай кескініне тура қарады да, трубканы ілместен,
сөйлесіп жатқанына: «Одну минутку» деп, көзін Асқардың қағазына
жүгіртіп өтіп, стол үстіндегі бір кнопканы бармағымен басты.
Содан кейін, Асқарға тағы бір қарап қойып, телефонмен сөйлесе бастап
еді, бөлмеге біреу кірді. Асқар берген қағазды генерал соған ұсынды.
– Жүріңіз, мұнда!– деді ол Асқардың қағазын оқып шығып.
Генералға ренжіген Асқар, оған қош айтыспастан, шақырған адамға
еріп коридорға шығып еді, ол оны тағы бір бөлмеге апарып, даяр бланкіге
Асқардың жəне Итбайдың аты-жөнін жазып қолына берді. Асқар оқып
көрсе, «Европейская гостиницаға» түсетін ордер екен. Ордер берген адам
Асқарға қай трамваймен қалай барудың жобасын айтты.
Екеуі трамвайға кеп мінді. Сол кезде тұман сұйылып, аспанды иектеген
күн көзі көріне бастады.
Тура, кең көшелі, биік, сұлу үйлі қалаға трамвайдың, терезесінен
жаутаңдап қараған Асқар мен Итбай сол қалыптарымен кешке шейін жүрер
еді, егер «түсер кезде айтарсыз» дегендіктен, праводник «келдік!» демесе,
Олар гостиницаға кіріп, оның қожасына ордерлары мен документтерін
берді де, үшінші этажға, аралары шалғай, екі номерге орналасты.
Мұндай əдемі гостиницаға, мұндай əдемі номерге Асқар бұрын түсіп
көрген жоқ еді. Асқар ұялса да, ертіп əкелген есікшіден номердің,
гостиницаның бар тəртібін сұрап алды.
Асқар таза киімін киіп, «не халде екен» деген оймен өз номерін жауып,
Итбайдың номеріне барса, ол жолдан келген кір киімімен, ақ одеял жапқан
никель кереуетке қисайып, қалғығалы жатыр екен. Асқарды көріп, Итбай
басын көтерді.
Əуелі жуынып, таза киініп, содан кейін мынандай таза төсекке жатудың
қажеттігін, гостиницаның, номердің тəртібін айта кеп, Асқар Итбайға
былай деді:


– Мұндай үлгілі жерде, жақсы болсаң да, жаман болсаң да, өзің үшін
ғана емес, халқын, үшін боласын. Мұндағылар жаман қылығыңды көрсе,
сені ғана емес, халқыңды кінəлап, алған тəрбиесі, өскен ортасы сондай
дейді. Ал, жақсы қылықтарыңды көрсе, үлгілі, тəрбиелі елдің баласы екен
деп, халқын, туралы жақсы пікірде қалады. Олай болса, ағай, сіз, өзіңіз
үшін ғана емес, халқыңыз үшін бұл арада аса таза, аса əдепті болыңыз.
Расын айту керек, сіз былайша, ауқатты адам болғанмен, əкімшілік
жұмысына көптен араласқанмен, шаһардың мəдениетті тəртібін аз білесіз.
Ақылдымсыды деп мені сөксеңіз де айтайын.
– Айт, шырағым, айт!– деді Итбай Асқардың сөзін бөліп,– «көп
жасағаннан сұрама, көпті көргеннен сұра» деген. Сен жас та болсаң көпті
көрдің. Залалды сөз айтып жатқан жоқсың. Танымайтын, мойны алыс
жерге келдік. Мынаның қасында Омбы да ауыл сияқты екен. Мұндайда
намысқа тырысып, сыр бермегеніміз жөн.
– Рахмет, ағай. Сөздің қысқасын айтайын: сіздің үстіңіздегі киіміңіз
Петербургке лайық көрінбейді. Сізде ақша мол. Алдымен, осы қалада ен,
жақсы киінетін адамдай болып киініңіз.
– Мақұл, шырағым. Сен де қалаған киіміңді ал. Борыш-қарышы жоқ,
«бір жолға қоян терісі де шыдайды» деген. Құдай десіп жолға бірге шыққан
соң, бір ауыртпалығыңды көтерем.
– Рахмет, ағай, оны ыңғайына қарай көрерміз.
Екеуі тысқа шығып, Пассажға барды да, Итбай өзіне: құндыз жағалы
күзен ішік, дөңгелек құндыз бөрік, жақсы екі костюм, галошымен шегрен
етік, ішкі-тысқы көйлектер алды; Асқарға: сыпайы пальто, костюм, галошы
мен бəтеңке жəне крахмал жағалы сорочкалар əперді.
2
Асқар оянса, ұйқысы қанып, денесі сергіп қалған екен. Жатарда ол
үлкен терезенің шымылдықтай үстінен салбырап, екі жағына жиырыла
жиылатын қара барқыт пердесін жапқан еді. Содан ба, я таң əлі атқан жоқ
па – бөлменің іші қараңғы.
Кереуеттен басын көтерген Асқар киінбестен, сəкіге төселген қалы
кілемнің үстімен жүріп барды да, пердені екі жаққа жиыратын жібек бауды


тартып кеп қалды. Төңкерілген ыдыстан ақтарылған судай, даладағы жарық
қараңғы бөлмеге лық етіп құйылып кеп кетті. Ақтарыла құйылған
жарықтың көбігінен шапшыған Асқардың көзі жасқанып, ол кірпігін жұма
қалды да, аздан кейін ақырын ғана көтеріп, кең көзінің өткір қарашығын
еппен ғана сығырайтты.
Көзін сəулеге үйреткен Асқар, терезеден қараса, аспан айнадай ашық
екен, нұры толқи жарқыраған күн түске тармасып қалыпты.
Кеше Пассаждан алған сорочкасын, костюмін киіп, шамасынша
сыланған Асқар, бөлмесін жауып, екінші қабаттағы парикмахерге барып,
шашын қырықтырып, басын жуғызды.
Парикмахерден шығып Асқар Итбайдың номеріне барса, ол да түрегеп,
киініп диван үстінде отыр екен,. бірақ киімдері – ауылдан киіп келгендер.
Кескіні жүдеу.


«Сырқаттанды ма, əлде?» деп ойлаған Асқар:
– Неге жүдеп отырсыз, ағай?–деді.
– Жəй!–деді Итбай күрсініп, поезда ұрланған заттарым сол қалпымен
кетеді-ау, енді, ə!.. Шіркін тамаша заттар еді...
– Мен сол заттарыңызды көрген де жоқ ем, не бар еді ішінде?
– Көп зат емес еді, бірақ қымбат заттар еді. Ақ ботаның түбітінен иіріп,
арқауына шым жібек жүгірткен шекпен еді. Кезі жиырма бес сомның
торғынымен астарлатып ем, кере құлаш қамшаттың ақ қылшық қара
құндызынан қаусырмалы дөңгелек жаға салдырып, жең ұшына да
жалпақтығы қарыстай құндыз ұстатып ем. Баларақ кезімде, Ірбіт қаласына
ен, алғаш сауда жолына шыққанымда, базардан: жалпақтығы төрт елі,
қалыңдығы қылыштың қырындай, ұзындығы 13 кез алтын оқа алып едім.
Жылқының маңдай алды 15–20 сом кезінде оқаның кезін бес сомнан алып
ем, бағасын содан біле бер. Сол оқаның алты кезін, шекпеннің өңірі мен
етегіне айнала ұстатып ем. Жоғалған сандықта сол шекпен бар еді.
– Рас, қымбат заттар екен.
– Не айтқаның, он бес атқа бермес ем оны. Одан басқа, өзін, көрген,
күмісіне алтын жалатқан кісем бар еді, қынында алтын сапты кездігім бар
еді. Көкшетаудағы аң терісімен сауда қылатын ноғайдан жабайы қызыл
түлкі 2 сом, 3 сом кезінде, таңсық көріп 25 сомға алған қара буырыл түлкім
бар еді ғой.
– Мен көрген жоқпын.
– Көрмесең, сол түлкіден қазақша тымақ істетіп, сыртын қарала
батсайымен тыстатып ем. Көкшетау барып, оязға осы үш затымды
көрсеткенде: «бұларың тамаша сый екен,– деді ол,– бірақ сен енді, мұндай
қымбат сый апаратын болған соң түгелдеп апар; ендігі жетпей тұрғаны:
қазақша саптамалы етік пен күмістеген мүйіз шақша екен. ІІІекпен, тымақ,
кісе, шақша, бесеуін апарсаң, əрі қымбат сыйлар болады, əрі патшаның
алдында, өзіңнің қазақ екеніңді танытасың» деген. Оязды айтуымен ұстаға
тамаша қып қошқардың мүйізінен балқытып, ұзындығы кезге жақын
шақша істетіп, мəнерлерін алтыннан орнаттырған едім.


Итбай қатты күрсінді.
– Ағай!–деді Асқар,– қалалы жерде, осындай жоғалған заттарды
іздейтін «уголовная розыска» дейтін мекеме бар, соған хабарлассақ
қайтеді?
– Оқасы не? Неміз кетіпті?
– Ендеше, мен телефонмен сөйлесейін.
Анықтау бюросы арқылы Асқар «розысканы» тауып алды да,
телефонмен ұрланған заттарды мəлімдеді. Розыска Асқардың, Итбайдың
адресін, телефондарын жазып алып, егер зат табылса хабар бермек болды.
Асқар мен Итбай киініп тысқа шықты да, Невский проспектінің бойын
өрлеп, жоғары қарай тартты.
Олар «Зимний дворецтің» комендатурасына кірсе, юбилейге əр жерден
өкіл боп келген көп адам отыр екен, ішінде қазақ кескінділері де бар:
солардың біреуіне Итбай тіл қатып еді, анау «білмеймін» дегендей басын
шайқады.
– Мынау əдейі білмей тұр ма, болмаса қазақ емес пе?– деді Итбай
Асқарға.
– Қазаққа ұқсайтын: жақұт, ойрат, қалмақ, тағы сол сияқты жұрттар бар,
солардың біреуі болар.
Бұлардың қазақша сөзіне топталған көптен екі адам қазақша жауап
қайырды. Амандықтан кейін жөн сұрасса, бірі – Торғай облысынан келген
Сайым Қыдырұлы екен, біреуі –Жетісудан келген Құдайберген Маманұлы
екен.
Комендатурадан тиісті қағаздарын алып шыққан соң, Құдайберген:
«бүгін күн жұма, осындағы мешітте патшаның құрметіне мұсылмандар
намаз оқиды екен, соған барайық»,– деді. Сайым мен Итбай қостаған соң,
Асқар қарсы сез айтпай, «Выборгская сторона» жақтағы мешітке оларды
бастап, трамваймен алып барды. Намаз оқымайтын Асқар серіктерінен
рұқсат алып, мешітке кірмей кетті.


Гостиницаға ымырт жабыла қайтқан ол, шаршағанын сезсе де, Итбайды
біле кетейін деп, соның номеріне барды. Барса, онда Құдайберген, Сайым,
Итбай – үшеуі отыр екен. Итбайдың номері екі бөлме сияқты еді:
шымылдықпен қоршаған – ұйықтайтын жағы, оның алды – ас бөлме
сияқты. Алдыңғы бөлме кең, ортада үлкен стол. Столдың үстінде: əртүрлі
арақтар, пісірулі тамақтар қойылыпты.
Асқар кіргенде Итбай ыңғайсызданған белгі көрсетті. «Итекең бұлайша
арақ ішпейтін еді, Құдайберген қажы деген, сонда бұл арақтарды Сайым
ғана іше ме!» деп ойлады Асқар. Арақ пен тамаққа Асқардың таңдана
қарауын сезгендей Сайым:
– Жақсы келдің, мырза,– деді Асқарға,– «айран сұрай кеп шелегіңді
жасырма» дегендей, Итекеңе қонаққа кеп отырмыз.
– Жақсы. Құп болады.
– Құп болса, шешін, жігіт!
Сайым Итбайға қарап еді, Итбай əлденені «айтпа» дегендей, көзін
қысып, басын шайқады.
– «Туғаныңды жасырасың, өлгенде қайтесің» деген емес пе,– деді
Сайым,– бала емес, өзі де түсінбей отыр деймісің. Солай ма, Асқар?
– Түк те түсінгем жоқ,– деді Асқар.
– Қой, жігіт, оныңа нанбаймын. Əлде, айлаңа сырық бойламайтын
қумысың?
– Рас, ағай,– деді Асқар, шыныменен, «қонақ бола келдік» дегеніңізден
басқа ешнəрсе біліп отырғам жоқ.
– Білмесең, жұмбақтамайын,– деді Сайым,– кəріліктің алды, жігіттіктің
соңы деп, үшеуіміз бүгін бір ниетте отыр ек те, сен қосылсаң төртеу
боламыз.
– Не ниет?
– Айтам ғой, «қусың» деп. Біле тұра білмей отырсың. Осы сияқты


қалаға келген соң, қызық атаулыдан көрмеген ешнəрсе қалдырмау керек
емес пе?
– Орынды қызық болса дұрыс қой.
– Орынсыз қызық бола ма? Мəселен, мына біз үшеуіміздің қыз-мызға
зауқымыз соқса, ол орынды қызық емес пе?
– Қайдағы қыз?–деді Асқар, Сайымның оспағын енді ғана жорамалдап.
– Тегін қыз емес, өзіміздің адал ақшаға сатып алатын қыздар!
– Жақсы екен!– деді Асқар түрегеп, кекеткен дауыспен,– мен бөгет
болармын, кетейін.
– Е, оның қалай! Сенің бізден кəрі болғаның ба?
– Кəрілігім емес, арлылығым.
– Қарай ғой, мына лақ теке сияқты шікірейген неменің нығызын!– деді
Сайым, шыға жөнелген Асқардың артынан қолын, ернін шығарып,–
арлысын мұның! Адрам қал!..
Асқар ол сөздерді естісе де, жауап қатпай есіктен шыға бергенде,
қылмыңдаған үш жас əйел, Асқарға кездерін қысып қойып, Итбайдың
есігін тықылдатты.
3
Асқар номеріне кеп сағатына қараса, кешкі тоғыз екен. Қарны ашқан ол
официантты звонокпен шақырды да, ужинге заказ беріп, бөлмесіндегі
барқыт диванға жантая жатып еді, телефон сылдырлады.
– Алло!– деді Асқар түрегеп барып, трубканы алып.
– Бұл 316 номер ме?–деп сұрады əйелдің нəзік даусы.
– Иə!– деді Асқар.
– Саша!.. Сенбісің?..


Асқар не айтарын білмей абыржып, аз тұрды да:
– Жоқ-жоқ, мен Саша емес!– деді.
– Өтірік айтпа, Саша! Мен дауысыңды танып тұрмын. Сашка, ұят емес
пе мұның?
– Менің атым Сашка емес, мен басқа кісімін, мүмкін, сіз қаталасып
тұрған боларсыз. Сізге қай номер керек?
– 316, телефон 4–35–47. Сен алдама мені, Сашка! Мен қазір барам!
Асқар бірдеме айтуға ыңғайланып еді, əйел трубканы іліп қойды. «Мен
қазір барам!» Асқар састы. «Мүмкін,– деп ойлады ол,– осы номерде ол
əйелдің Сашка дейтін жақыны тұрған болар, мүмкін, менің дауысым
Сашкаға ұқсаған болар. Сашка!.. Ғажап!.. Шортым білсін, қай Сашка екенін
оның!.. Бірақ бұлай отыруым келіспес. Мəдениетті əйелдің біреуі болса,
бейғам отыруым ұят болар!»
Ол жалма-жан ішіп отырған асының бетін жауып, киім-кешегін
дұрыстап, сыпайы қалыпта əйелді күтіп отырды. Көп кешікпей есік
қағылды. Ыңғайсызданған Асқар есікті ашса, əдемі киінген, жиырмалар
шамасында дерлік бір сұлу қыз тұр!
– Кіруге мүмкін бе?
– Пожалуйста!–деді Асқар əдеппен.
Қыз бөлмеге кірді де, жан-жағын көзімен таңдана шолып:
– Ғафу етіңіз!–деді Асқарға,– бұл қай номер?
– 316.
– Мұнда менің досым – Сашка тұрған еді.
– Мен бұл номерге кеше түстім, мүмкін, менен бұрын тұрған болар.
– Ие, келмегеніме үшінші күн еді.
Қыз: сұңғақ бойлы, талдырмаш, қанаттанып жетпеген қаздың


балапанындай сары шашты, кескіні аршыған жұмыртқадай аппақ; көзі
тұнық, қара; қылдырықтай қиылған қасы бар, садақтың оғындай тізіліп
қайқайған ұзын кірпігі бар.
Бүлдіршіндей əдемі қызбен Асқардың таныс болғысы кеп кетті.
– Ғафу етіңіз,– деді ол қызға,– батылдығыма кешірім жасаңыз; мен
сіздің сөзіңізге күдіксіз сенемін, жəне досыңыз Сашканың бұл номерден
сізге айтпай кету ренішіне сізбен ортақ болам. Сізге «аз отырыңыз!» деп
өтінуіме мүмкін бе?
– Пожалуйста! Бірақ мен асығыс ем, Сашкаға бір секундке ғана кіріп
шықпақ ем.
– Сіздің рахымыңыз мені шексіз қуандырды, рұқсат етіңіз, сізге өзімді
таныстыруға: мен «қазақ» дейтін халықтанмын, учительмін, атым Асқар.
Фамилиям Досанов.
– Өте сүйкімді!– деді қыз. Асқардың ұсынған қолын алып,– менің атым
Тамара.
– Шешініңіз! Аз да болса отырыңыз!–деп Асқар жалынғанмен, қыз
«уақытым жоқ» деп өтінішін қабылдамаған соң,– мен сізбен танысуымды
өзіме бақыт деп санаймын,– деді Асқар,– егер рұқсат етсеңіз, мен сіздің
танысыңыз болғым келеді.
– Мен де өте қуаныштымын, сізбен таныс болуға.
– Егер қарсы болмасаңыз, қай күні, қашан осы номерге келуге
мүмкіндігіңіз барын айтуыңызды өтінем!
– Қарсы емеспін. Телефоныңызбен өзім звонить етермін.
– Пожалуйста.
Қыз қоштасып шығып кетті. «Бұл кім? – деп ойлады Асқар,– қай қыз
бұл? Итбайға келген қыздың біреуі ме? Жоқ, оған бұның жобасы
келмейді!»
Бөлмесінде ерсілі-қарсылы жүрген Асқар пиджагінің ішкі қалтасына


қол салып еді, Омбыда Мадиярдың «Базарханға бер» деген хаты ілікті.
Асқар хатты алып қараса, конвертінде Базарханның, адресі жəне телефон
номері жазылғаны көрінді.
– Сен өзің тентек жігіт болайын деп жүрсің,– деген еді бұл хатты
Асқарға тапсырып тұрып Мадияр,– қазақтан əзірге социалист, əсіресе,
демократ жоқ еді, сенің болғың келген екен, бар, жолың болсын. Ертең-ақ
ол пікіріңнен айнуыңа əкел қолыңды! Олай дейтінім, осы хатты апарып
беретін Базекеңнен артық оқыған да, артық білетін де қазақ əлі туған жоқ.
Ұлт қамын одан артық ойлаймын деп ақымақтан басқа ешкім айтпас. Сол
Базекең, бір кезде кедейшіл, кəтте пролетариатшыл болам деп, Карл
Маркстің өзімен шұғылданған. Білемісің оның кім екенін?
– Естимін,– деді Асқар.
Марксті естімеген болар деген оймен айтқан Мадияр, оның «естимін»
дегеніне мəн беріп:
– Қайдан естідің?– деді.
– Е, мен сауатты кісі емеспін бе,– деді Асқар – оқымаймын ба?
– Марксті де оқыдым десейші,– деді Мадияр сүзіле қарап.–Қай кітабын
оқыдың оның?
– Мен сізге Марксті оқыдым деген жоқпын.
– Оқымасаң қайдан білесің?
– Естуге болмай ма енді?
– Кімнен естідің?
– Сонда тергегеніңіз не, мені?–деді Асқар кейіп.
– Оқиын, оқымайын, онда сіздің, не жұмысыңыз бар?
– Неге жұмысым болмайды?– деді Мадияр да тікеленіп,– мен саясаттың
кісісімін. Қазақ халқының болашағына мен немғұрайды қарай алмаймын.
Оқымасаң оқырсың Марксті. Ол іске аспайтын жол. Тіпті, іске аса қалған


күнде де, қазаққа оған түсу үшін əлі пəлен жүз жыл керек.
– Осының бəрін маған неге айтып отырсыз?–деді Маркстің атын,
пікірінің жобасын Кузнецовтан ғана естіген, өзі еш еңбегін əлі оқымаған
Асқар, Мадиярдың білгішсінгенін ұнатпай.
– Айтып отырғаным,– деді Мадияр, Базарханға тапсыр деген хатын
Асқардың қолына беріп,– мына Базекең студент күнінде марксшіл болам
деп, біраз əуреленіп, ойы ер жеткен кезде, ол пікірінің қаталығын көріп,
марксизммен қоштасқан. Ол қазір кадеттің цекасына мүше. Мына хатты
сен Базекеңе апарып бер. Мұны почтамен де жіберуге болатын еді, сен
арқылы əдейі беріп отырмын. Мұнда бізді қанағат көрмедің ғой, сен.
Базекеңді қанағат көрмеймін деп өзің де айтпассың, олай десең қазақ та
болмассың. Таныс, сөйлес Базекеңмен.
– Жарайды,– деді, одан əрі Мадиярмен салғыласуды қажет көрмеген
Асқар.
Мадияр Базарханға берген осы хаттың адресіне Асқар Петербургтің
гостиницасындағы номерінде қарап отырды да, телефонды алып звонить
етті.
Телефонда Базарханның өзі жауап берді.
– Газеттен көріп ем,– деді ол,– неге хабарласпай жатыр деп ем.
Кешірім сұраған Асқарға:
– Серіктеріңді алып, бүрсігүні біздің үйге түстікке келіңдер!– деді
Базархан.
Базарханның үйін адресімен тапқан қонақтарды төрт қатарлы, сұлу
архитектуралы үйдің үшінші қабатында есік ашып: монгол типті, сақалын
қырған, сұйық ұзын мұрты бар, кең танау қара кісі қарсы алды.
– Сайымнан басқаларыңызды танымаймын,– деді ол, өзін: «Базархан
Əділханұлы Меделханов» деп таныстырып.
– Сайымнан басқалары жөндерін айтты. Базархан есікті жапты да
оларды шығыс (əсіресе өзбек) тəртібімен жиналған кең бөлмеге алып кірді.


– Орысша отыра алмассыңдар, жерге ауылша отырыңдар!– деп, төрде
кілем үстіне төсеген көрпеден орын көрсетті. Асқар ғана орындыққа
отырып, өзгелері Құдайбергенді ортаға ала көрпе үстіне орналасты.
Базархан да жерге отырды. Аздан кейін есік қағылды.
– Пожалуйста!– деді Базархан.
Бөлмеге жуантықтау, орта жасты, жирен-шабдар əйел кірді.
– Біріңізге құрбы, біріңізге жеңге, бұл кісі!– деді Базархан.
Əйел бас изеп қана амандасып, босағада қонақтарға таңданғандай қарап
тұр еді...
– Насыбайым мен лəгенімді əкеліңізші!– деді Базархан оған.
– Қазір, Борис Алексеевич!
Əйел шығып кетті. «Мұнысы қалай?»– деп ойлады Асқар,– қазақ атын
орысшаға аударғаны ма, бұл?»
Əйел тез оралып, бір қолына күмістеген мүйіз шақша, бір қолына ішіне
күл салған кішкене жез лəген ұстай кірді. Шақшаны алған Базархан бір
атым насыбайды тілінін, астына салды.
Қалада қанша жыл тұрғанмен, мына кісі тіпті қазақы екен ғой!» – деп
ойлады, насыбайды жек көретін Асқар. Тілінің астында насыбай бар кісі
«р» əрпін сөйлей алмайды екен. «Р» ды «и» ғып сөйлеп Базархан
қонақтарымен кеңеске кірісті. Ол əуелі əр елдің шаруа күйін сұрай кеп,
саяси халіне, əсіресе қазақ жерін переселениеге алу жөнінде тоқтады.
Жер мəселесі туралы пікірлерін Базархан «Айқап» журналына жазып,
«қазақты отырықшыландыру керек, əр ауылға арнаулы жер .кестіріп беру
керек»
деген
пікірге
қарсы
болғанын
Асқар
оқыған.
Ауылды
қоныстандыруды жақтайтын Асқарға Базарханның бұл пікірі ұнамайтын.
– Қазақты жерге орналастыру жұмысы енді кезіне келген сияқты,– деді
Асқар жер мəселесі сөз болғанда.
– Ə, «Айқапты» көп оқиды екенсің ғой, інім!–деді Базархан.


– Оқимын. Сіздің мақалаларыңызды да оқығам. («Ие, оған не айтасың?»
дегендей, Базархан Асқарға қарады.) Менімше,– деді оны түсінген Асқар –
өзіңіз де ол пікірлеріңізді енді қолдамайтын шығарсыз деймін.
– Неге қолдамаймын?– деді Базархан ұнатпағандай, сығарая қарап.
– Сіз: «ауыл бұрынғыдай көше берсін» дейсіз, «қоныстанса ауыл ескі
салтынан айрылады, егін егіп қара табан болады» дейсіз, «,қала болған соң,
орыс крестьяндарындай бірінде жер кеп, бірінде аз, бірінде күш кеп,
бірінде аз болады, осыдан барып, қазақ арасына алауыздық туады,
берекесінен айрылады» дейсіз.
– Дұйыс айтып отисын. Осы сөздей хата ма?
– Сізге «хата» деуім де ұят, ағай, сіз – үлкен, мен – кіші, сіз – көп
білесіз, мен – аз, «тілмарсыды» деп сөкпеңіз, менімше, ол пікір хата ғой
деймін.
– Бұның өзі сондай ақылды неме!– деді Сайым, Асқардын, Базарханға
қарсы келуін ұнатпай.
– Бөгемеңіз, бөгемеңіз!–деді Базархан,– айтсын.
– Егер ауыл қоныстанып ,қала болса, оған мектеп, монша, аурухана,
тағы сондай игілікті орындар салынады. Көшпелі ауылда соның бірі бола
ма?
– Сонда қазақта елдік қала ма?–деді Базархан,– ұлттық өзгешелігінен
айрылмай ма?
– Неге ұлттығынан айрылады? Грузин, татар сияқты отырықшы елдер
ұлттығынан айырылып отыр ма? Қайта, күшейіп отырған жоқ па?
– Ас даяр!– деді Базарханның əйелі есіктен.
– Қол жуайық!–деді Базархан,– елден шыққалы ауыл асын сағынған
шығай деп сендейге қазақша ет астиып ем.
Түрегеп, қолдарын жуып кеп қонақтар асқа отырды.


Жылқының семіз еті екен.
– Осында татарлар жылқы етін сатады,– деді Базархан,– бірақ қадырын
білмей сатады, қазысын қара еттің бағасына береді, қарын, қартасын
«нəжіс сауыты» деп жемейді. Қоныстанған елдің жайы солай! (Базархан
кекетіп күлкілі кескінмен Асқарға қарап қойды).
Асқардан басқа .қонақтар, Асқардың Базарханға қарсы келуін Базархан
ауырлай ма деп ойлаған еді, Базархан ондай сыр бермей, жайраңдап,
Асқарға «қарағым, шырағым» деуден басқа сөз айтқан жоқ.
Қонақтар ет жеп, сорпасын ішіп болғаннан кейін, Базархан тілінің
астына насыбайын салып ап, Асқарды тары қажады. Ондағы ойы – оның
саяси пікірінің қаншалық жерге өрістеуін байқау еді.
Саяси мəселеден басына əлі таяқ тиіп көрмеген, жастық екпіні сыртына
тепкен Асқар, Кузнецовтың «сақ бол» деген сөзін ол арада ұмытып кетіп,
қызына сөйлеп, бар пікірін ақтарып салды. Бұл сөздерді тыңдап, іштей жек
көре отыра, Базархан тақыстығын істеп, Асқармен пікір жарыстырмады,
өзгелер жарысайын десе ауызға қақты. Ондағы білейін дегені – «осы сөздер
өз басынан шығып отыр ма? Əлде саяси ұйыммен, əсіресе, социал-
демократияның большевиктер жағымен байланысы бар ма?» еді. Осы
жөнде біраз айналдырып көріп, қолына ілігер ештеңе таба алмаған
Базархан, Асқарға Мадиярша педагогикалық жолмен келмей, оны үгіттеуді
қажет деп таппай:
– Енді қояйық, бұл сөзді,– деді.
Қонақтары кеткеннен кейін Базархан полиция департаментінің өзімен
жақсы таныс начальнигі Белецкийге телефон соғып, «ертең жолығармын»
деді, сондағы айтайын дегені Асқар туралы еді.
4
Базархан үйінен шыға, «жұмысым бар еді» деп серіктерінен бөлінген
Асқар, көшедегі городовойдан, Кузнецов берген Смирновтың көшесіне
баратын трамвайдың номерін сұрады да, күткен номері келгенде, міне
жөнелді.
Қаланың ішін кең орай, əлденеше иректі жолға түскен трамвайда бір


кезде Асқар мен проводниктен басқа кісі қалмады. Сол күні түн аяздау еді,
тоңған тəрізді болған проводник, қолдарын айқастыра қусырып, тұмсығын
тонының ішіне тыға бетін Асқардан теріс бұрып отырды. Келгелі
Петербургтің дымқос ауасынан тынысы тарылған Асқарға, бүгінгі түн
райының ширақтығы қуат беріп Базархан үйінде маужыраған ұйқысы
ашылып, көзі жайнаңдап, ширап кетті.
Трамвай ұзақ жүрді. Тоқтар жерін оған проводник айтпақ болды.
«Осы ара» деген сөзбен Асқар трамвайдан түссе көше күңгірт екен.
Көшенің екі бетіндегі үйлер де Петербургке лайығы жоқ, Қызылжардай
сəлдеу қаланын, үйлері сияқты. «Петербургте де мынадай үйлер бар екен-
ау!» деп ойлады Асқар оларға жалтақтап қарап.
Біраз жүрген соң сескенейін деді: ілгері жүрген сайын көше
кейіпсізденіп қарауыта берді. «Ұры-мұры кездесіп, не тонап ап, не өлтіріп
кете ме!»–деп қауіптенді ол. Бет алған ісінен қайтып көрмеген Асқар
қауіптенсе де, тəуекел ғып тағы біраз жүріп еді, конвертте көрсетілген 42-
номерлі үйді тапты: екі қабат кішкене терезелі қызыл кірпіш үй, қақпағы
ашық, парадныйда есік жоқ, іші күңгірттеніп үңірейген, парадныйдан
жоғары өрлейтін басқыш көрініп тұр.
Кірерін де, кірмесін де білмей, Асқар есік алдында аз тұрды. Үйден
шыққан қоңыр киімді əркімдер, «не қылған адам» дегендей, бұған таңдана
қарап өтіп кетті.
Парадный алдында біраз уақыт ойы толқып тұрған Асқар, қайтып кетуді
мақұл көрмей, «не де болса тəуекел» деп үйге кірді. Сол кезде жоғарғы
қабаттан басқышпен жабайы киімді бір қартаң əйел түсе берді.
– Ғафу етіңіз!–деді Асқар əйелді төменде тосып тұрып, əйел қасына
келгенде,– мұнда Смирнов деген адам тұра ма?
– Тұрады.
Əйел жөн сілтеді. Асқар қуанып кетті. Сілтеген жобамен ол жоғары
шығып, екі айрылатын коридордың оң тармағымен жүріп еді, ұзын
коридорда қаз-қатар шарылдап жанған примустардың шуы құлағын керең
қылды. Примустың жалыны шашқан «өкшіл күңгірт сəуледен басқа,
коридорда жарық жоқ. Керосин сасыған исі дем алуға ауыр, көзді ашытады.


Коридорда примуспен алданған тағы бір əйелдерден сұрау арқылы
Асқар пəтерді тапты да есігін қақты.
– Кіріңіз!–деді əйел даусы.
Түтіні тұманданып исі қоңырсыған коридордан, таза ауалы жарық
бөлмеге кіргенде, Асқар түннен күнге шыққандай болды.
– Смирвовтікі осы ма?–деді орта жасты əйелге ол.
– Осы!–деді əйел, «бұл кім?» дегендей, Асқардың, денесін көзімен
таңдана шолып.
– Ол кісі үйде ме?
– Қайтесіз?
– Жұмысым бар еді.
– Не жұмыс?–деді əйел, Асқарға күдікті қарап.
– Ол кісіге бір хат бар еді.
Кескініне сенімсіз бейнемен қарай қалған əйелге:
– Сіз мені жатсынбаңыз,– деді Асқар,– егер Смирнов үйде болса, маған
жолықтыруыңызды өтінемін.
– Қазір!–деді əйел,– аржағында бір бөлмеге кіріп.
Əйел біреуді оятқанын, екеуінің, сыбырласқанын Асқар сезіп тұр, көп
кешікпей əйелге ере: қоңыр киімді, орта жасты, сақал-мұрты өскен бір адам
шықты.
Бұл кісінің фотографиялық суретін Асқар Кузнецовтың үйінде көрген
еді. Смирнов екенін айтпай-ақ жобалаған Асқар, оған қалтасынан суырып
конвертті ұсынды. Конвертті ашқан еркек, ішінен хат пен сурет алып
шықты.
– Кузнецов! Григорий Максимович!..– деді ол суретке көзі түскенде
қуанышты кескінмен қадала қалып.


– Григорий Максимович?!–деді əйел де қосарлана қарап.
Еркек хатты асығып оқып шықты. Хатта Асқар туралы да айтылған еді.
– Рұқсат етіңіз қайта амандасуға!– деді еркек, Асқарға қолын ұсынып,–
мен Иван Николаевич Смирнов.
Төргі бөлмеге кірген Асқар мен Смирновтың əңгімесі қызған кезде,
үйге орыстың жас жігіті кіріп еді, «Булатов Аркадий Гаврилович, электр
заводының жұмысшысы» деп таныстырды Смирнов оны. Кеңеске ол да
араласты.
5
Асқар өзінін, номерінде Лениннің «Халық достары деген кім жəне олар
социал-демократиямен қалай күреседі?» деген еңбегін оқып отыр еді,
телефон шылдырады. Ол барып тыңдаса – Тамара.
– Асқар, бұл сіз бе?– деді ол.
– Я, менмін, Тамара.
– Бүгін қолым бос еді, егер барсам сізге бөгет болмаймын ба?
– Ғафу етіңіз! Ренжи көрмеңіз. Мүмкін болса кешке театрға барайық.
Бүгін Маринокий театрда «Кармен» екен.
– Пожалуйста. Қарсылығым жоқ. Сізге звонить етейін бе кешке?
– Звоноксыз-ак, келіңіз, сағат жеті жарымда.
Асқар трубканы іле бергенде біреу есік қақты. Ол түрегеп барып ашса –
Булатов.
– Мен саған Лениннің «Не істеу керек?» деген кітабын ə.келдім,– деді
ол,– асығыспын, кетем.
– Қонақ болмайсың ба?
– Рахмет. Ертең келем.


Булатов шығып кетті. Асқар «Не істеу керекті?» қозғалмастан оқып
шығып, сағатына қараса, уақыт кешкі бес жарым екен. Телефон
шылдырады.
– Алло!– деді Асқар, трубканы алып.
– Бұл сіз бе?– деді еркек даусы.
– «Сізіңіз кім?»–деді Асқар, дауысты танымай...
– Мен Алексей Кулаков.
– Саламатсыз ба?– деді, күтпеген дауысты естігенде абыржыған Асқар.
– Келгеніңізді газеттен оқыдым. Рұқсат етсеңіз кірейін деп едім.
– Пожалуйста, пожалуйста!
Номерін жинастырып, бейсауат қағаздардың бəрін жайғастырып, Асқар
отыр еді, есік қағылды.
Асқар ашса – Алексей Кулаков. Асқарға Кулаков, Бурабайда көргеннен
сұлу да, сұңғақ та сияқтанып кетті: екі жауырыны қақпақтай, бетінде
ойнаған қаны гүлдей құлпырады; басында ақ қылшық қара құндыздан
істеген тапал, дөңгелек берік, бөріктің төбесі қызыл шұға, бөріктің
маңдайында алтын кокарда, кокардадан жоғары, бөріктің маңдайын ала,
шаншыла жоғары өрлеп ұлпа басы бір жағына қарай имиген жылқының бір
түп ақ қылы; үстінде қызыл шұғадан тігілген қысқа мундир, мундирдің
өңірі мен жең ұшы жалпақ алтын оқамен əшекейленген, иығында шашағы
жалбыраған алтын эполет, кеудесінде екі қатардан қадалған он екі алтын
түйме, оң жақ иығындағы эполеттің сыртынан қолтық астын ала
салбыраған алтын эксельбант (ширатпалы бау) төгіліп кеп, кеудесіндегі
алтын түймелердің үшіншісіне салбырай ілінген; бұтында бура санды көк
шұға– ритуз; аяғында қонышы тізеден жоғары, тізелеріне кокарда,
өкшелеріне шнур орнатқан етік – ботфорд; қолында ақ перчатка; сол
жағында бауын иығына асқан мəнерлі күміс қынабы бар қайқы қылыш.
Аузынан сөйлегенде арақ исі келеді.
Асқар Кулаковты Бурабайда бұл формада көрген жоқ еді, ондағы
формасы бұдан жұпыны да. Бұл сияқты киінген гвардейский офицерді ол


көрген жоқ та. Сондықтан Алексейден гөрі оның киіміне таңырқаған
Асқар:
– Кіруіңізді өтінем!– деді сыпайы.
– Мен сізді Бурабайда көрдім,– деді Алексей, номерге кіре, оң қолының
перчаткасын суырып, Асқарға қолдасып,– сіз – учитель! Бірақ ғафу етіңіз!
Кейде мен ұмытшақпын, сіздің атыңыз кім еді?
– Асқар.
– Тамаша есім! Қаталаспасам ағылшындарда Оскер Ойльд деген
жазушы бар емес пе?
– Бар. Ол «Оскар», мен «Асқар», менің фамилиям Досанов.
– Бəрібір. Өте ұқсас.
– Отыруыңызды өтінем. Мүмкін, шешінерсіз.
– Рахмет!–деді Алексей орындыққа отырып,– кешіріңіз! Мен ұзақ
отырмаймын. Офицерлер клубында сауық кеші бар еді, соған барам.
Мүмкін сіз де барарсыз?
– Рахмет.
– Ал, Көкшетау, Бурабай қалай? Мен сағынам оны. Қысы қандай
тамаша біздің жердің: күшті аяз! Мен ондай аязды сүйем! Мұнда не, қыс
па? Жаз ба? Сайтанның өзі білсін!
Бурабай, Омбы, ел, тағы басқалар туралы Алексейдің сұрауларына
Асқар толық жауап берді, жауап бере отыра: «өзі бұрынғыдай тəкаппар
емес, кішіпейілденген екен» деп ойлап отырды.
– Но, жақсы!–деді Алексей,– туған жер туралы кеңес сонымен бітсін.
Ал, қалай, Петербургте уақытты қалай өткізіп жатырсыз?
– Театрға барам. Памятниктерді, музейлерді көрем, дүкендерді
қыдырам, көшелерді аралаймын.


– Оның бəрі жақсы. Батыл сөйлегеніме кешіріңіз! Қыз ше?
– Қай қыз?–деді Асқар түсінбеген боп.
– «Қай қыз?» дегеніңіз к,алай?! Тамаша сұлу жас жігітсіз. Петербургте
сіздей шығыстың сұлу жігітіне қай қыз, қай əйел қызықпайды? Мыңы
соңыңызга ереді! Таңдағаныңмен жүруіңізге болады: графиня ма? Княгиня
ма? Дворянка ма? Артистка ма? Балерина ма? Студентка ма? Медичка ма?
Пожалуйста, қайсысы керек! Маған рұқсат етіңіз. (Алексей түрегелді). Мен
кетем. Сізді көргенде туған жерді көргендей болдым. Рұқсат етсеңіз,
байланыс жасап тұрайын.
– Өтінем!
Алексей шығып кетті.
Алексейдің келуі де, мінезі де ойландырған Асқар диванда отыр еді,
есік қағылды. Асқар ашты.
– Тамара!
Екеуі театрға кетті.
Ертеңіне Асқар ертерек тұрып, газет қарап отыр еді, телефон
шылдырлады.
– Алло!– деді ол трубканы алып.
– Асқар Досанов сізсіз бе?– деді біреу орысша. Асқарға ол дауыс
Алексейдікі сияқтанып кетті.
– Я, мен, Алексей Андреевич!
– Алексейіңіз кім?–деді дауыс.
Асқар ыңғайсызданып, жауап қайыра алмай қалды.
– Бұл сөйлеп тұрған «Уголовная розыскадан,– деді дауыс,– «заттарымыз
жоғалды» деген сіздер ме?
– Я, біз ек.


– Табылды. Келіңіздер!
Дауыс адресін айтты да, трубканы іліп қойды.
Базархан үйіне барып қайтқаннан кейін, Итбай Асқарды шақырып
алып, əуелі: «шырағым, тіліңді бұлай ұзын ұстамасайшы» деп жұқалай
айтып, Асқар ырқына көнбеген соң, «серік əкелдім десем, басыма пəле
əкелген екем ғой» деп, екеуі недəуір сөзге кеп ұрсысып қалған еді. Содан
бері біріне-бірі оншалық жұғыса қоймайтын. Уголовная розыскадан
жоғалған заттар туралы хабар келген соң, Итбайға «барайын ба, бармайын
ба?» деген оймен Асқар аз отырды да, табылған затқа қуана қоймағанмен,
Итбаймен араздық тоңын жұқартпақ боп, дыбыссыз Итбайға барды. Итбай
үйінде екен.
– Итеке, сүйінші!– деді Асқар есіктен кіре, қуанған боп, (Итбай араздық
кескінін өзгертпей Асқарға салқын қарады),– жоғалған затыңыз табылды.
– Қайдан!– деді Итбай шошығандай орнынан атып тұрып.
– Розыскадан хабарландырды жаңа!
– Ойбай, барайық онда, тез!
– Сүйіншімді атаңыз!
– Қалағаның!.. Ойбай барайық!
Абыржып киінген Итбайды ертіп, қолындағы адреспен Асқар
полицейский управлениені тапты да, розыска бөліміне барды. Олар кірген
бөлмеде: урядникше киінген қоңқақ мұрын, адырақ көз, сақал-мұртын
қырған, бұйра қара шашты, ашаң өңді, қара-сұр адам отыр екен.
– Шербашидзе!– деп таныстырды ол өзін Асқар мен Итбайға.
Шербашидзе əдепті дауыспен аз сөйлесіп отырды да, стол үстінен
кнопка басып, тыстан біреуді шақырып:
– Əкеліңіз, табылған сандықты!–деді.
Сандықты əкелді. Итбайдың көзі қуаныштан шатынап шарасынан


шығып кете жаздады. Сандық ашылды. Заттар түгел.
Шербашидзе Итбайдың документін көріп, затты қолына берді де,
берген актыға қол қойғызып:
– Сіз, господин,– деді Асқарға,– мүмкін болса, Байсақаловты оңаша
қалдырыңыз, оған заттары туралы айтатын сөздер бар еді.
– Пожалуйста!
Асқар шығып кетті.
– Қалай, ризамысыз?– деді Шербашидзе Итбайға.
– Тақсыр, оны айтуға тілім жетпейді. Мың-мүлиен рахмет сізге.
– Мен қазақ жерінде он жылдай қызмет істедім: Ырғызда, Торғайда,
Қазалыда. Қазақты жақсы көрем. Ғұрпын да, тілін де білем. (Ол таза
қазақша сөйлей бастады). Шіркін, қазақтың жайлауы!.. Қымызы!..
Тоқтысы!.. Қазы-қартасы!
– Ағайын екенсің той, шырағым,– деді Итбай, қай ұлтсың өзің?
– Шешем татар, əкем грузин.
– Бауыр боп шықтың ғой.
– Сіздің затыңыз жоғалды деп естіген соң, жаным ашып, баса іздетіп
ем, аброй беріп Тула губерниясынан табылды.
– Мың-мың рахмет, шырағым. Одан басқа не айтайын. (Ақша берейін
деуге батпады, зат берейін деуге қимады).
– Қасыңыздағы учитель Асқар Досанов қалай жігіт?– деп сұрады
Шербашидзе.
Асқар «заттар табылды» деп сүйінші сұраудан бұрын Шербашидзе
бұндай сұрау берсе, Итбай жамандай жөнелген болар еді; сүйіншіні қуанып
сұраған сияқтанған Асқарды жамандауға қимай:
– Жаман жігіт емес,– деді ол.


– Ə, солай ма? Бірақ өзін, байларды жек көреді, кедейді жақсы көреді
дейді ғой.
– Ондайы бар,– деді Итбай, Шербашидзенің ол сөзіне ерекше мəн
бермей.
– Жақсы. Ұзақ бөгемейін сізді. Государьға сыйыңыз тамаша. Мұндай
сыйды əкелуші аз болар. Сізге көп рахмет айтар ұлы дəрежелі император.
Рұқсат сізге!
– Асқар туралы айтылған сөздерді оған айтпай-ақ қойыңыз,– деді
Шербашидзе Итбайға қолдасып.
– Алла сақтасын.
Шербашидзе кнопка басып, бірер кісі шақырып алды:
– Мына кісінің заттарын тысқа көтеріп шығарыңыздар, автомобильмен
гостиницасына апарысып салыңыздар,– деді.
6
Юбилей 1913 жылдың 21 февраль күні болатын еді. Газеттердің
хабарландыруынша юбилей тəртібі былай: 21 февраль күні таңертең
Романовтардың құрметімен тілеуін тілеуге, барлық шіркеулерде литургия
оқылады, барлық мешіттерде намаз оқылады. Патша – Николай II
семьясымен литургияны Казанский соборда оқиды. Литургиядан кейін
қалада əскери парад басталады, парадты император Николай Александр
атындағы алаңда қабылдайды. Сол күні кешке, қалалардың көпшілігінде,
əсіресе Петербург пен Москвада əр жерде балмаскарадтар, банкеттер
ұйымдастырылады. Семьясымен Николай «дворянское собрание» үйінде
болатын балға қатынасады.
22 февраль күні, күндізгі сағат екіде, Патша селосындағы Александр
сарайында Николай облыстардан өкіл боп келгендерге аудиенция жасайды.
Сол күні кешке Николай біраз адамдарды «Қысқы Сарайда» қабылдайды.
Осымен мереке – аяқталады.
Газеттердің хабарынша, бұл мəжілістердің бəріне де пропускіні
«министр двора» береді.


Осы хабарларды оқыған Асқар, бірде-бір мəжіліске қатынаса алмайды
екем деп ойлады, себебі – ол өкіл емес. Расында солай болды. 18
февральдан бастап үлестірілген пропускілерден Итбай алды, Асқарға ол
тимеді. Итбай оған əпермек болып еді, сөзін өткізе алмады.
Осы туралы Асқар номеріне келген Алексей Кулаковқа айтты.
– «Пропуск» деген сөз бе, тəйір!– деді Кулаков,– тілегіңізді əперем. Егер
қаласаңыз, императрицаның өз қолымен жазылғандарын да əперейін.
– Рахмет.
20 февраль күні кешке, Алексей Асқардың номеріне асығыс кіріп қана
шықты да, императрицаның қолы қойылған үш пропуск əкеп берді:
Казанский собордағы литургияға, дворянское собраниедегі балға,
Александр сарайындағы аудиенцияға.
– Қолдан келгені осы болды,– деді Алексей мақтанғандай,–
пропускілерді министрлер мен генералдардың да құдайы қалағандары-ақ
алды, көбіне тимей қалды: Анна Вырубова арқылы зорға алдым.
– Зор рахмет.
– Ертең балға бірге барамыз. Патшаның қыздарымен танцовать етесіз.
Мазурка білесіз бе?
– Білем.
– Тамаша! Полонез білесіз бе?
– Ол не.
– Танцының бір түрі. Былай (Алексей билеп көрсетті).
– Білмеймін.
– Оның оқасы жоқ. Хошыңыз!
Алексей кеткен соң Тамара звонить етіп еді, бүгін кешке жұмыстарым
бар еді деп, одан бүгінше жолықпауға рұқсат алды.


Ол күні кешке Асқар Булатовты күтті. Кешкі сағат онда Булатов келді.
Бұрынғы дағдымен екеуі саяси темада біраз сөйлесті. Маркстің,
Энгельстің, Лениннің бірнеше еңбектерін оқып үлгерген Асқар, өзі шеше
алмаған бірнеше мəселелер туралы Булатовпен пікір алысты. Булатов
Асқарға бұл жолы «Иосиф Виссарионович Сталиннің əзірге баспаға
шықпаған еңбегі» деп «Марксизм жəне ұлт мəселесі» деген машинкаға
басылған қолжазбаны берді. «Бұ да басылмаған» деп тағы бір қолжазба
берді, ол Лениннің «Ұлт мəселесі туралы сын заметкалар» дейтін мақаласы
екен.
– Бұның бəріне алғыс айтам,– деді Асқар,– сен арқылы мен Петербургте
саяси үлкен бір университет өткендей болдым. Көңілімнің көзі жаңа
ашылған сияқты. Бірақ əлі де білмегенім көп. Аманшылық болса,
Петербургтен қайтқанда бір чемодан кітап алып қайтармын.
– Жақсы!– деді Булатов.
7
Асқар духовой оркестрдің дүмпілдеген дауысынан оянды. Терезенің
пердесін ашып қараса, дала тұман, тұман арасында өрген халық. Сағатына
қараса – тоғыз. Енді екі сағатта литугия басталады.
Ол киініп, жуынып, тамақтанып Итбайға барса, оның номерінде
Құдайберген мен Сайым отыр екен.
Итбай мен Құдайберген мешітке намазға баратындығын, Сайым
шеркеудегі литургияны көрмек болғанын айтты. Казанский собордағы
литургияға пропускісі барлығын, басқа пропускілерін Асқар айтпай, «қап,
енді, номерде көзіміз жаутаңдап отырамыз-ау!» деп өкінген болды. Ол
қулыққа сенген үшеуден Сайым сөз қатып, бұлданды:
– Кінə өзіңнен!– деді ол,– бізбен тату болсаң ғой бəрін де аласың.
– Мен айтып ем, болмады,– деді Итбай, Асқарды жүдетпейін деп,– заңы
солай екен, көнер емес.
– Мен көндірер ем,-– деді Сайым нығызсып.
– Біраз қызықты көріп жүр ғой бала,– деді Құдайберген,– бір адамға


осы да жететін. Адам қызыққа тоя ма?
– Құдекеңнің сөзі рас, ренжімеймін. Барғым кеп еді, амал жоқ.
Асқар шығып кетті. Ондағы ойы соборға Сайымнан бөлек бару, онымен
собор ішінде жолығып таңдандыру болды.
Көше сыңсыған халық екен. Невский проспектісінің екі жақ қанатына
да арқан керіп қаз-қатар тұрған полицейскийлер пропускісі барды ғана
ішке өткізіп жатыр.
Асқар пропусікісін көрсетіп ішке өтті. Соборға барды. Собордың алды
да, екі жағына керегедей жайылған колонналы тротуары да монархия
символымен безенген. Шеркеуге кіруді Асқар бала жасынан қызық көретін
еді. Дінге сенбейтін оның ұғымында, мешіттен шеркеу қызық, себебі –
шеркеуде əн айтылады, шеркеудің жарқылдағы көп.
Казанский собордың ішіне кірген Асқар, ішіндегі жарқылдақтарын
тамашалап, шоқынып жатқан орыстардың арасымен ақырын жылжып,
«Сердце царево в руке божийе» деген жазуы бар «патша қақпасына» жақын
барды.
Сол кезде алтарьдың шымылдығы ашылып, патриархы, архиерейі, тағы
басқалары бар, əлем-жəлем киінген бір топ поптар шыға келді. Мерекеге
арналған литургияны орындауға Грециядан Антионский дейтін патриарх
шақырылғанын, Руссияда патриарх жоғын Асқар біледі.
Поптардың азан-қазан, у-шу оқыған дұғасын таңсық көрген Асқар,
патша мен оның семьясы шеркеуге кіргенін, алтарь қасындағы столға
келгенін абайламай қалды. «Патша, патша» деген сыбыр жан-жағынан
шыға бастағансын, қасындағы біреуге «кəне?» деп еді, «əне!» деді ол.
Гвардейский форма да киінген, кішкене денелі, қушық жауырынды,
арық, шымқай жирен кісіні көрген Асқар, патшалықты оған қимағандай,
«анау ма?» деді қолымен нұсқап.
– Сол, сол!
– Қасындағы бала кім?–деп. сұрады Асқар көршісінен.


– Наследник, Алексей Николаевич.
Наследник кепкен ағаштай құп-қу екен. Оның дімкəс ауру екенін Асқар
біледі.
Асқардың қасындағы адам, оған патшаның əйелін, қыздарын көрсетті.
Николай стол қасына келгенде патриарх столдың жабуын көтерді. Стол
үстінде тұрған коронаны (тəж) патша алып басына киді, державаны
(үстінде кресі бар домалақ алтын шар) он, қолына, скипитрді (аса-таяқ) сол
қолына алды. Содан кейін патриарх Антионский оң қолына диккери (екі
шырақтың шамы), сол қолына триккери (үш шырақтың шамы) алып,
патшаға жақындады. Архиерейдің біреуі алтын аяққа туралған нан мен
оған құйған қызыл арақты көтеріп, қасықпен бір іліп ап, Николайдың
аузына тосты. Сол кезде екі қолындағы шырақтарды айқыштай бұлғап,
патриарх патшаға бата беріп, патша қасықтағыны аузына қапқанда дұға
оқыды: «Примите, ядите, сие есть тело мое, еже за Вас ломимое во
оставление грехов; пейте от нее вси, сия есть кровь моя нового завета, еже
за Вы проливается во оставление грехов».
Николайдан кейін «қасиетті асты» Алексей, одан кейін əйелі, қыздары
ішті.
Содан кейін поптар да, шеркеудегілер де патшаны «Патшаны сақта
құдай» əнімен жөнелтіп салды. Аяғын баса алмайтын наследник Алексейді,
оның күтушісі Веревонка көтеріп əкетті.
Патшашылдықтан былай да түңілетін Асқар, патшаның өз қара басынан
тіпті түңілді. Николай да, оның баласы да, Асқарға түбі шіріп, басын к;ұрт
жеген ағаш сияқтанды.
Патша кеткесін өзге құлшылыққа қарамай Асқар да шеркеуден шығуға
жылжып еді, жолында Сайым кездесті.
– Əй, сен қайдан жүрсің?– деді Сайым Асқарға.
– Сенің аяғың басып, басын, сұғылатын жерге жететін аяқ пен
сұғылатын бас менде жоқ деп пе ең?
Сөзден тосылған Сайым үндемеді.


Гостиницаға қайтқан Асқар номеріне кіріп шешіне бергенде, есік
қағылды.
– Пожалуйста!–деді ол.
Есік ашып, штаттық киімді екі еркек кіре берді.
– Асқар Досанов сіз боларсыз?– деп сұрады біреуі.
– Ие, мен!– деді Асқар.
Еркектің біреуі ұсына берген қағазды Асқар алып оқыса, оны тұтқындау
туралы ордер екен.
Жүрегі аузына тығыла қалған Асқар, қалтыраған дауыспен:
– Не үшін?–деп еді.
– Ол туралы бастықтармен сөйлесерсіз,– деді еркек,– біз орындаушы.
Киініңіз!
– Заттарым ше?
– Заттарыңыз біздің управлениеде.
Асқарды екі еркек жандармерияға алып барса, оның бөлмесіндегі саяси
кітаптар начальниктің столының үстінде жатыр. Асқар ол кітаптардан
танайын деп еді, начальник Булатовты шақырып алды.
Екеуі де мойнына алмады.
– Мойындатамыз!–деді начальник,– əзірге бізде қонақта бола
тұрасыздар.
Екеуі де абақтыға жабылды.
Асқарға деген поле үш жақты боп құралған еді: Кошкиннің
донесениесі, Базарханның «байқаңдар» деуі, Тамараның тіміскілеуі.
Бұл үш пəлені де сезбеген Асқар, сырының қалай ашылғанын сарыла
ойлағанмен таба алмады.


Итбай Асқарды жоғалтты да, хабар-ошарын біле алмай, еліне қайтты.
Абақтыға жапқан Асқарды жандармерия айдан артық ұстап, алдап та,
қорқытып та сұрағанымен, «ол кітаптарды көрген түгіл естігем де жоқ!»
деп мойнына алмады.
Ақыры Асқардың шын сырын айтқыза алмаған жандармерия, оны
«қоғамға қауіпті» адам деген «қылмыспен», «қаладан ең алыс жер» деп,
Шу өзенін жайлайтын елге «əкімшілік жер аударуға» жібермек болды. Көп
кешікпей Асқар Арысқа шейін (Ташкент пен Түркістан қалаларының
арасында) абақты вагонында отырып кеп, одан этаппен Əулиеата қаласы
арқылы Шу өзеніне айдалды.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   ...   25




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет