БІР ТАРЫНЫҢ ҚАУЫЗЫ
Арада екі-үш күн өткеннен кейін, «халық жауларының» қатын,
бала-шағасы улап-шулап, отыз жетінің желтоқсанында, Шақпақ желі
борасындатып ұрып тұрғанда, сол ызғырыққа кеудемізді тосып,
Борандының түрмесіне бардық.
Айша мені ала барды. Құрмаш пен Батырхан үйде қалды. Түрме
дегені – жан-жағын милиция қоршап тұрған ат қора сияқты, кірпішек,
шатырлы үй екен. Одан бұрын Борандыда арнайы түрме болмаса
керек, өйткені айналасына қорған соғып, темір тікенмен қоршап
үлгермепті.
Милиция деген – ұзын сұр шинель, төбесі сиырдың емшегіндей
шошақ баскиімді, жүздері мұздай суық, мылтықтары үшкір найзалы
адамдар болады екен. Неге екені белгісіз, бəрінің көздері іріндеген,
беттері көгеріп, көлкілдеп тұрған сияқты. Мүмкін, «халық жауларын»
қырағы қарауылдап, күндіз-түні ұйқы көрмейтін шығар.
Мыңбұлақтан ғана емес, басқа жақтан да кел тендер болар, əйтеуір,
шыжандай ыңырсыған халық.
Соған қарағанда, Жуалы ауданы бойынша «халық жаулары» аз
болмаса керек. Тұтқындарды бір көріп, тіл қатысып қалуға
жиналғандар:
− Əулиеатаға апаратын көрінеді бұларды, – дейді əлдекім
сыбырлап.
− Қарасудың бойына апарып атады дейді.
− Тек! Сібірге итаппен айдайтын көрінеді.
− А, Құдай, өзің жар бола көр!
Осындай сыбыр-күбір сөзден бес жасар бала болсам да, менің
кішкентай ғана жүрегім мұздап бара жатқандай.
Түрменің жалғыз есігі бар екен. Есіктің түйе көзіндей тесігі бар
екен. Мың көз жиналып, сол жалғыз көзге қадалады. Жалғыз көздің ар
жағында үйме-жүйме тіршілік барын сезгендейсің.
Өйткені əлгі тесіктен саусақтар қылтыңдайды. Саусақтан басқа еш
нəрсе сыймайды ғой. Тұтқындар бармақтарын неге шығарады?
«Саусағымызды таниды» дей ме екен. Далбаса ғой. Əйтпесе, адамды
жалғыз саусағынан қалай танисың?
Қамақтағылар мына азаттықта тұрғандарды мазақтағандай
көрінеді. Мазақтамайды ғой, бірақ əлгі əнтек əрекеттері соған ұқсас.
Əлде, мына ашық аспан астында тұрған біздерден медет тілеп,
əйтеуір, бір жəрдем күте ме екен? Суға кеткен пенде соңғы рет судан
қолын шошайтады емес пе? Бұлар да сол сияқты шығар.
Кейде саусақ көрінбей кетеді де, жалғыз тесіктен жалғыз көз
жылтырағандай болады. Бір сеніп, бір жылтырайды. Содан
шамалағанда, тұтқындар тез-тез ауысып, əлгі тесіктен кезек-кезек
сыртта тұрғандарға көз салатын болуы керек.
Тұншыққан, шуылдаған дауыстар естілгендей ме? Абақтының
қабырғасы қалың, дауыстар бізге анық жетпейді.
Əркім оз жақынын атап, шақыртып, арыздасып, қоштасатын
шығар. Бірақ оны естіп, түсініп жатқан ешкім жоқ.
− Жəкең осының ішінде, – деді Айша мені жеңімнен тартып.
− Неғып? – деймін мен.
− Білмеймін.
− Барайын ба? – Мен Айшаның бетіне қараймын. Ол мылтықтарын
көлденең ұстап, қалшиып қалған милиционерлерге қарайды Қарауыл
сақ Əлдекім бір қадым ілгері аттаса, мылтықпен кеудесінен тастайды.
Бəрі бері қарап тұр.
Біздің алдымызда тұрған ұзын бойлы, ірің көз милиционер темекі
тұтатып, тұқшиып еңкейе бергенде, мен құлдыраңдап жүгіріп отырып,
түрменің есігіндегі тесікке де жеттім. Бірақ бойым жетпей өкшемді
көтеріп,тесікке мойнымды созып:
− Жəке,Жəке! деп шырылдадым.
− Ай Мұртаза! Ау, Мұртаза! Балаң келіп тұр, – деген дауыс іштен
тұншығып шықты.
− Былай тұр, былай! Мұртазаға жол беріңдер!
Соған қарағанда, Мұртаза есікке жақын жерде емес болуы керек
Жетті!
− Барсхан! Барсхан! Сенсің бе?
− Иə, Жəке.
− Айналайын.
− Үйге жүр, Жəке. Айша жылады. Айшаға ұрыспашы.
− Жыламасын, мə! – Əкем маған шиыршықталған қағаз ұсынды.
Сол кезде иығымнан біреу бүркіттей бүріп алып, лақтырып кеп жіберді
Анадай жердегі күресін күртік қарға басым кіріп,құлап түстім.
Əлдекімдер мені орнымнан тұрғызып, үсті-басымды қаққылады. Ақ
қоян құлақшынымның қарын тазартты.
Жылама, азамат екенсің!
Жылаған жоқпын, – деймін мен.
Айша келіп, тізерлеп отыра қалып, бет-аузыма жабысқан қарды
қолымен тазалап, бетін бетіме басып, тұла бойы дір-дір етіп
солқылдады. Аузыма сұқ саусағын салып, таңдайымды езгіледі.
Қорқыныштан құтқарғаны.
− Жылама, – дедім мен əлгінде əлдекімнің өзіме айтқан сөзін
қайталап.
Милиционерлер қаһарланды.
− Əйда, кетіңдер! – деп, мылтықтарының дүмімен жұртты
кеудесінен ұрғылап, ығыстыра бастады.
− Тараңдар! Тараңдар! Əйтпесе, атамыз, – деп қорқытты.
Бір рет аспанға мылтық та атылды. Түтіні бұрқ етті. Жұрт шу етті.
Аждаһа келе жатса қорықпайтын қазақ, мылтық даусы шыққан соң,
бет-бетімен ыдырап кетті.
Біз ауылға қайттық. Былай шыққан соң, кішкентай уысыма қатты
қысып алған əлгі шиыршық қағазды Айшаға бердім. Айша қағаздың
шиыршығын жазып еді, ішінен төрт ине шықты. Киім тігетін
машинаның инесі. Жұрт аң-таң. Қағазда жазу жоқ.
− Сонда бұл инені Мұртаза қайдан алған? – деді біреу.
− Мұнда бір мəн бар шығар? – деді біреу.
− Қандай мəн?
Айша айтты:
− Өткен жексенбіде базарға барып еді, сонда сатып алып, ұмытып
қалтасында кеткен ғой, – деді.
Үйімізде Күнікей əжемізден қалған «Zinger» машинасы бар еді...
Жол-жөнекей тал-дарақтың басында бүріскен торғайлар отыр.
Адамдардың қасіретіне олар да ортақтасқандай. Бір əйел (кім екенін
ұмыттым): «Туған ел, енді есен бол-ай, – деп əндетті. Өлеңі əннен гөрі,
жоқтау сияқты зарлы естілді.
«Тек» деп тастады басқа біреу.
− Мұртазаның ине бергені несі? – деді біреу. – Мұнда мəн бар.
Қандай мəн екені əлі түсініксіз?
Достарыңызбен бөлісу: |