САУСАҚ СОРҒЫШ БАЛА
Ол туған отыз жетінші жылдың. сарша тамызы еміс-еміс есімде.
Мен бес жасқа толар-толмас кезім еді. Мыңбұлақ сайларының басын
ала киіз үйлерін тігіп, ел егін орағына кіріскен шақ қой деймін.
Осы Батырхан сол киіз үйде дүниеге келді. Жадыраған жаз,
жайдары жандар құтты болсын айтып, келіп-кетіп жатты білем.
Əйтеуір, жақсылық күндер екенін сеземін.
Артынша күз келді, қыс түсті. Жаздың ағыл-тегіл қуанышты
күндері көзден бұл-бұл ұшты. Мұртаза тұтқындалды.
Сол түннің ертесіне Айша емшектегі баланы:
− Енді сен де адам болар ма екенсің? – деп аңырай жылап,
омырауынан жұлып алып, төсекке тастай салғаны, ана сүтіне тоймай
қалған сəбидің, əлде Айшаға, əлде заманға, əлде тағдырға риза болмай,
шар-шар еткені көз алдымда, құлағымда.
Содан, сол бала қайтып aнa сүтіне жарыған жоқ-ау деймін.
Айшаны күнде таңертең жұмысқа айдап кетеді. «Емізулі балаң бар ғой,
сен жұмыстан қала ғой» деп есіркеп жатқан Тасбет жоқ.
Баланың күні-алты жасқа аяқ басқан маған, төртке қарай қадам
басқан Құрмашқа қарап қалды. Бізге қараған күн қайбір, оңған
Баланың аяғы шықпай қалды. Бір жасқа толды, үшке қарай кетті –
тəй – тəй басып тұра алмады. Еңбектеп,төрт аяқтап жүреді, көбінесе
шоқиып отырады. Отырады да қолының қос саусағын сора береді.
Шидей саусақтары ақжем болып кетеді.
Бір күні əлгі бала жерге домалап, əй бір шарылдап жыласын. Бала
бағатын кісінің сықпыты – мен. Мен не біліп жатырмын. Шырылдап,
көгеріп бара жатқан соң, көтеріп алып ұстаханаға, Нəметқұл көкеме
жүгірдім.
Нəметқұл – ұзын бойлы, ажарлы, аса сабырлы кісі еді.
Батырханның ішін басып көрді, аузын ашып көрді. Ақжем болған
шидей саусақтарын санап шықты. Саусағын біреу кесіп алып, содан
жылағандай-ақ. Содан құйрығын сипап, сирағын сипап байқады.
Тамырын ұстады.
− Не жеп еді? – деп шермиген қарнын басып көрді.
Не жегенін мен қайдан білейін, қолына не іліксе – соны жейді дағы.
Бізде бір уыс талқаннан басқа, бір тостаған айраннан басқа не бар
дейсің.
Содан баланың башпайларын қарады. Башпайларының арасын
ашып көрді де:
− Оппой, құдай-ай! – деп күйінді Нəметқұл.
Быжынаған ақ құрт.
Қозының құйрығын құрттағандай, қолына іскек алып, əлгі
құрттарды тере бастады. Қалай теріп болды, солай баланың
шарылдағаны басылып, жаны жай тапты.
Жұмыстан қайтқан Айша бізді көріп бұрылды.
− Батырханның башпайы құрттап кетіпті, жеңеше, – деді Нəметқұл.
Айша арқаланып шыға келді:
− Кетерінде Мұртаза айтып еді: «ана екеуін итшілеп жеткізерсің,
емшектегіңді, əй, білмеймін», – деп. Əулие екен де, айтқаны келді ғой.
Əлі мешел. Мұны бағып-қағатын мен бейбақтың түрі мынау. Балаға
қара деп сеніп тапсырған жүгірмек Барсханның түрі-анау. Қарамай
қаңғырып кетеді.
Айша маған тұра ұмтылды. Мен ұстатпай ыршып түсемін.
− Əй, бəлем, барасың үйге. Сонда ма, сонда...
Нəметқұл сабырмен:
− Жеңеше, Барсхан əлі ойын баласы ғой, оған несіне ұрсасың.
Оның өзіне біреу қарау керек қой, – дейді.
Айша жүрелеп отыра кетіп, Батырханды көтеріп алып, əлдеқашан
семіп қалған омырауына баланың басын басып:
− Ай, Мырза аға-ай, мен ұрсайын деп ұрсады дейсің бе? Күйемін
ғой, күйініп кетемін ғой. Əйтпесе, ұрсып нем бар Барсханды! – дейді.
Десе де, ұрысқан тұрмақ, ұрғанның көкесі кейінірек болды.
Əлде, отыз тоғыз, əлде, отыз сегізінші жыл шығар. Жаздай бізді сол
Нəметқұл асырады-ау деймін. Əйтеуір, есімде ерекше қалғаны:
көріктің қоламта шоғына жұмыртқа пісіріп береді. Тауықтың
жұмыртқасын əуелі шүберекке орайды. Сөйтеді де ыстық күлге,
қоламтаға кеміп тастайды. Сəлден соң, əлгіні ашып, шүберектің күлін
қағып, піскен тұқымды аршып, ағын маған, сары уызын Батырханға
береді.
Батырхан көбінесе Нəметқұлдың қасында қалады, мен балалармен
ойнап кетемін. Кейде Батырханды арқама көтеріп, балалардың
соңынан жүгіріп, Дошанай атамның үйінің жанындағы əуітке
барамын.
Əуіт дегеніңіз – кəдімгі бөгет. Таласбай бұлақтың суы көп. Соны
бөгеп, əуіт салған. Қазіргі тілмен айтқанда: «водохранилище». Əуіт
толғанда, астындағы қуырдым шым тығынын ағытып, содан атқылаған
сумен қызылша суғарады, тары суғарады.
Ал əуіт толғанда, айдынды қол пайда болады, тіпті шоқ-шоқ
талдар, қоғалар судың астында қалады. Жап-жас балаларға бұдан
артық қандай қызық керек. Əйда кеп шомыламыз.
Шомылғанда басқа балалар сияқты емес, жүзуге шорқақпын.
Үйрене алмай-ақ қойдым. Өсер, Жолдасбек сияқтылар сайдың бергі
бетінен арғы бетіне балықша жүзеді. Маған Құдай оны бұйыртпады.
Оның есесіне, «демалмас» ойынында алдыма жан салмаймын.
Оның мəнісі: кім судың астында дем алмай көп жатады – сол ұтады.
Ұтқанда не, ұтылған бала ұтқан баланы əуіт бөгетінің үстімен ары бір,
бері бір арқасына көтеріп алып өтеді. Сол-ақ. Бірақ намысы жаман.
Ұтқан бала ұтылғанның арқасына мініп алып: «Айда, есегім, шап,
шап!» – деп екі аяғымен қос өкпеден тепкілеп, қорлайды ғой. Кейде
содан қып-қызыл төбелесте шығып кетеді.
Кеңес дейтін «төреші» екі баланы «бір, екі, үш!» – деп суға
сүңгітеді. Бақаларша тарбаң етіп сүңгисің де, су түбіндегі қоғадан қос
қолдан ұстап алып, жата бересің. Дем алмайсың. Дем алсаң – аузыңа
су кетеді. Сырттағы төрешілер санап тұрады. Кім бұрын шығады – сол
ұтылады. Ал мен жата беремін. Тіпті су астында көзімді ашып
жатамын. Қозғалып,тербетіліп тұрған қоғаны көремін. Су асты ну
орман. Қым-қуыт тіршілік. Қоғалардың ара-арасында қылтың-қылтың
етіп үйір-үйірімен жүзіп жүрген итбалықтарды көремін. Мүмкін,
ықыласым соған ауатын шығар, мүмкін ашық көзден ауа кіретін
шығар, шыдай беремін. Сырттан күңгір-күңгір дауыстар естіледі.
Біреу:
− Өліп қалған шығар, – дегендей болды. Сонда барып қолымды
қоғадан босатып,су бетіне қалқып шығамын. Балалар шу етіп, қол
шапалақтайды.
− Осы сен түтікпен дем алып жататын шығарсың? – дейді жеңілген
Жолдасбек.
− Қайдағы түтік? Түтік болса судың бетінен қылтиып көрініп
тұрмай ма? деп бой бермеймін.
Жолдасбек тапалдығы болмаса, менен үлкен. Үлкендігін істеп,
маған «есек» болғысы келмейді. Мен көнбеймін. Аяғында жұдырыққа
жүгінеміз.
Сөйтіп, бір дəп-дəле болып жатқанда, өзіме етене таныс ащы айқай
естілді. Құдай қай жақтан айдап əкелгенін білмеймін: Айша адуындап
жақындап қалыпты. Қолында – Батырхан. Сөйтсем, кеш болып, Айша
жұмыстан қайтқан екен.
Қашан, бағана - а - а Батырханды арқама көтеріп келіп, сайдың
(яғни көлдің) жағасындағы көгалға отырғызып:
− Қимылдама, – деп кеткенмін.
Бір-екі қарағанымда шоқиып отырған болатын. Сөйтсем, төрт
аяқтап еңбектеп, құйрығымен жылжып, судың жағасына жетіп қалған
екен ғой. Айша келіп жеткенде, Батырхан жартылай судың ішінде
жатыр екен. Енді бірер жылжыса, тереңіне түсіп кетпек екен. Ал
тереңіне түйе бойламас.
Қашып үлгермедім. Қашып кетер едім, Жолдасбек қырсық ұстап
қалды.
Қолымнан қарыстырып ұстаған қалпы, Айша Бердімбет сайындағы
Жалбыз қайнарға алып келіп,Батырханды жалбыздың түбіне отырғыза
салып, мені тұқшитып қойып, басымды суға ал кеп батырсын, ал кеп
батырсын.
− Суда басың қалса, ал тұншық! Суға Батырхан батқанша, сен
батып ел! Ал! Ал!
Сайдың арғы қабағынан Қамқа айқайлады.
− Айша! Ау, Айша! Қойсаңшы, байғұс-ай. Тиме деп ем ғой
Барсханға. Ұрма деп ем ғой. Қоя ғой, жарқыным.
Айша Батырханды көтеріп үйге кетіп қалды.
Суға салып қойып сабағанда безірейіп жыламап едім, енді
жартыкеш Айға қарап отырып аңырадым-ай кеп.
Айдан басқа мұң шағатын кімім бар?
Жаны ашитын Қамқа – мешел. Арашалап, Айшаға ұрсатын
Мұртаза... о да жоқ. Айдың менсіз де қасіреті көп шығар. Мұңаяды.
Тіл қатпайды.
Достарыңызбен бөлісу: |