ҚЫРҒИ МЕН ҚҰЛАДЫН
Мен көрік басамын. Көрік үлкен, өгіздің терісінен жасалған, жел
толса – зілдей ауыр. Жел толып, көмірі жанған отты үрлеп, жалындата
түседі. Қып-қызыл көмір шоққа Нəметқұл көкем тістеуікпен соқаның
тісін салып балқытып, шоғын шашыратып суырып алып, темір төске
төсеп, балғамен ұрып өткірлейді. Қып-қызыл темір қамырша иленіп,
балға қалай ұрса, солай жаншылып, бірте-бірте сұрлана береді. Оны
Нəметқұл тістеуікпен бөшкедегі суға быж еткізіп тастай салады да,
екінші тісті қолға алады.
Екінші тіс шоқта балқып жатады. Ол жақсы пісуі үшін, мен тынбай
көрік басамын. Қарым талып, шаршаймын. Тер одан да кетеді, бұдан
да кетеді. Нəметқұл үндемейді. Сəл тыныстаса қайтеді. Оның да
маңдайынан, бет-аузынан тер саулайды.
«Тердің моншада шыққаннан гөрі, осындай орасан еңбекпен
шыққаны пайдалы» – дейді Нəметқұл.
Онысы рас та шығар.
Ақ егіс орылып біткен. Енді тары қалды. Тары да пісті. Əне-міне,
орақ түседі. Колхоз сүдігер жырта бастады. Əне, соқаның тісі соған
керек. Зауыттан келіп жатқан тіс жоқ. Бəрін Нəметқұл өзі соғады. Оны
соғысқа алмай жүргені де содан шығар. Ол соғысқа кетсе, колхоз темір
құралсыз тұралап қалар.
Нəметқұл келесі тісті бөшкедегі суға лақтырып тастап, жеңімен
маңдайын, бет-аузын сүртіп, айқара ашық есіктен далаға қарады.
Анадайда біздің үй көрінеді. Одан ары алқапта қызыл изен басын иіп,
желмен тербеліп тұр. Нəметқұл далаға шығып, аспанға қарады, батыс
жаққа қарап біраз тұрды.
Ішке қайта кіріп:
− Барсхан, – деді.
− Не, көке?
− Болды. Дүкенді жабамыз, – деді. Қып-қызыл шоқты күлмен
көміп тастады. Көнетоз бешпетін киді. Мен қуанып кеттім.
− Не істейміз, көке?
− Бөдене аулаймыз. Күнді көрдің бе? Желтең. Шақпақтан соғып
тұр. Əлі күшейеді. Нағыз бөдене ұстайтын кез.
Қара жолдың үстіне, тастаққа егілген тары алқабына қарай
тарттық.
Тары піскен қыркүйек айы. Қырғи келген кез. Мұны Нəметқұл
көкем айтады. Қыркүйекте қырғи келеді дейді. Бұған дейін қайда
жүрген?
«Қыркүйек» – «қырғиек» емес пе екен? Неге бұл уақытқа келеді
десе, тарыға жаушымшық өлердей өш. Жаушымшық шоқыған
тарының сояуы басы салбырамай, қауызы ғана қаңырап, репеті кетіп,
қаңқиып тұрады.
Дəл сол кезде қырғи келсе, жаушымшық тарыға жоламай безіп
кетеді. Бұл елдің тарыны басқа дақылдан гөрі кеш егіп, əдейі
қыркүйекте пісетіндей етіп себетіні содан.
Мұны да маған Нəметқұл айтады.
Ауылдың сыртына, қара жолдың үстіне шығамыз. Сайдың басында
күйген кірпіштің үйіндісі жатыр. Бір кезде бұл қара жолмен пошта
жүрген дейді Нəметқұл. Əрбір жиырма бес шақырым сайын бекет
болған. Бекетті патша қызыл кірпіштен соққан. Енді пойыз шыққалы
бері қара жолдан сəн кеткен, бекет үйі құлаған. Кірпішін əркім-əркім
пеш салуға талап əкеткен. Енді үйіндісі ғана жатыр.
Аспан тұнжыр. Жел уілдеп, қураған сиырқұйрықтың басы
ызыңдайды. Піскен мияның дəні сылдырайды. Даланың өзі
композитор. Дала музыка тартып тұр.
Аңызақтың үстінде қалбиып дəу қарақұс ұшып жүр.
− Көке, анау бүркіт пе? – деп сұраймын Нəметқұлдан.
− Қайдағы, – деп күледі ол.
− Лашын ба?
− Жоға. Лашын бұл жерден боқ жей ме?
− Қаршыға ма?
− Лашын, қаршыға-көлі көп, сулы, нулы жерде болады. Қаз-үйрегі
мол жерде жүреді.
− Иə, Жуантайдың үйрегі бар ғой.
Нəметқұл күледі.
− Жуантайдың сай суына аунаған екі-үш үйрегін қаршыға не
қылады? Қаршыға мен лашынға жүздеген үйрек-қаз керек. Шетінен
қырып салады.
Шетінен қырып салып не керегі бар? Бір-екеуін жеп тойып алса,
тоба қылмай ма?!
− Ал енді мынау не? – деймін, төбемізде асықпай айналып, қанатын
анда-санда, қалбаң-қалбаң қағып қойып жүрген қарақұстан көз алмай:
− Ол – құладын, – деп күрсінеді Нəметқұл.
Неге күрсінеді?
Сөйтсе, құладын-құс тышқан аулайды екен. Тышқаншылаған күйкі
тіршілік.
Біздің тіршілікке ұқсайды. Құлашты кең жайып, биікке самғап,
дүниені дүр сілкіндіре алмайтын келте қадам.
Нəметқұл оқыса, зор ғалым болар еді. Темірден неше түрлі құрал
шығарады. Көктемде су тасып, адамдар сайдан өте алмай қалғанда,
Нəметқұл екі сырықты екі аяғына жалғап алып, қандай терең су болса
да кешіп өте береді. Сырықтан аяқ жасап алу кімнің қолынан келеді?
Қалай құлап кетпейді – ешкім білмейді.
Біз тары тербеліп тұрған тақтаға да жеттік. Басы иіліп, желмен
тербеліп, теңіздей толқиды. Енді орып алмаса, төгіліп қалайын деп
тұр. Орып, бастырған соң, біздің қамбамызға түсу қай - да - а - а. Бəрін
сыпырып-сиырып, өкіметке өткіземіз.
Соғыстағы солдаттарға тары өте қолайлы ас көрінеді. Ботқа
пісіреді.
Ал біздің ауылдың қатындары там-тұмдап, қалталап, дорбалап
алады ғой, əрине. Жандарын шүберекке түйіп жүріп алады. Сөйтіп,
қыстың күні оны қайнатып, қуырып, келіге түйіп, сок қылады. Майсөк
жесең – жұмақта жүргендей боласың. Кейбіреулер боза ашытады.
Бозасын ішсең – қардың үстінде ұйықтасаң да үсімейсің.
Нəметқұл көкем тарының үстіндегі атызды жағалап келеді. Қалың
тарының ішіне кірмейді. Атыздың бойына тарының шашырандысымен
бірге итқонақ балықкөз өскен. Түп-түп көде көрінеді.
Желге қарсы жүріп келеміз, Желді күні бөдене ықтап, бұғып
жатады екен. Нəметқұл жерден көз алмайды. Көзімен əрбір тал шөптің
түбін тінткілеп келеді.
Бір уақытта артында келе жатқан маған қолын көтеріп, белгі берді.
Үндеме дегені шығар. Жүрегім дүрсілдеп, тұрдым да қалдым.
Нəметқұл бір түп көдені айналып кете бергенде көрдім: топ-томпақ,
əдемі, қызғылтым түсті бөдене Нəметқұл арбап қойғандай, ол қалай
жүрсе, солай бұрыла береді. Нəметқұл екі-үш айналды. Бөдене де бір
орнында Нəметқұлға көзін қадап, дөңгелене берді. Бір уақытта, көкем
бөдененің қарсы алдынан келіп, бас салды. Ұстап алды. Ғажап!
− Неге ұшып кетпеді? Неге қашпады? Көріп жатты ғой, – деймін.
− Бізді мал екен деп қалды, – деді Нəметқұл.
− Ал бірден ұстап алмай, айнала бергеніңіз қалай?
− Мен айналсам, о да айналады. Содан басы айналып, ұшуға
шамасы келмей қалады. Қарсы алдынан келмесең, ұшып кетеді.
Кішкентай жүрегі дүрс-дүрс етеді, жып-жылы.
Нəметқұл:
− Қораз екен, – деді. Сөйтті де менің көйлегімнің етегін шалбарыма
тереңірек сұғып, омырауымды ашып, бөденені менің қарныма сүңгітіп
жіберді. Бөдене тапырлап қытығымды келтірді.
− Ештеңе етпейді, қазір тыншиды, – деді Нəметқұл. – Көйлегіңнің
етегі ышқырыңнан шығып кетпесін.
Сөйтті де атызға бойлап, ары қарай тағы да көзімен жер тінткілеп
кете барды.
Бөденеден айырылып қалмайын деп, көйлегімнің сыртынан
сипалап қоямын.
Жел қатайды. Шақпақ тауының басы қарауытып алыпты.
Көйлекшең бойым тоңазиын деп еді, жұдырықтай құстың жылуы əсер
етті ме, жаурағанымды сезбей де қалдым.
Енді мен де өз бетімше бағымды сынап көрмекші болып, тарыны
жиектеп келемін. Əлден уақыттан кейін көріп қалдым: көзі
бақырайып, маған тесіле қарап, қарсы алдымда жатыр. Өзім сасып
қалдым да, үстіне құлай кеттім. Астымда қалған сияқты еді, тұрып
қарасам – түк жоқ. Ұшып кетіпті. Ол аз болса, жаңа жығылғанда
ышқырым ысырылып, көйлегім түріліп, қойнымдағы бөдене де шығып
кетіпті. Өкінгеннен жылап жібердім. Нəметқұл көкеме не бетімді
айттым? Бет жоқ.
Алыстан о да байқап қалған екен. Қасыма келді. Не болды деп
сұраған да жоқ. Ышқырымды жөндеп, үн-түнсіз өз қойнынан екі
бөдене шығарып, менің көйлегіме салды. Басымнан сипап қойды.
− Өсте-өсте үйренесің, – деді.
Ай, заман-ай десеңші! Көп кешікпей Нəметқұлды да əскерге алды.
Бұл ұста ғой, колхоз тіршілігінің тұтқасын ұстап тұрған осы ғой деген
жоқ. Мен ұстазсыз қалдым.
Келесі көктем де келді. Мамыр айында тары мен жоңышқалықта
бытпылдақтап бөдене сайрайды. Тағы да күз келді. Мен бөдене ұстауға
шықтым. Бірақ біреуін де ұстай алмадым. Нəметқұлдың өнері маған
қонбады. Сол жолы ол мені əдейі ертіп шығып еді. Көрсін, үйренсін
деп еді. Бірақ мен нашар шəкірт екенмін. Жолым болмады. Бөдене
маған алдырмады.
Былтырғы құладын əлі ұшып жүр. Анда-санда, қалбаң-қалбаң етіп
қойып, екі көзімен жер тесіп, арпасы орылған аңызды айналады да
жүреді. Тышқан одан гөрі ақылдырақ па, əлде айлалы ма, құладын
құстың жерге құлап, мақұлық ұстағанын көрмедім. Оның есесіне
зымырап ұшқан қырғидың бөдене жүнін бұрқыратып, дəп-дəлесін
шығаратынын көрдім.
Қырғиды жек көріп кеттім. Қызғаныштан да емес. Зорлықшыл,
мейірімсіздігіне, тойымсыздығына бола.
Құладын құсқа жаным ашыды. Неге екенін білмеймін? Мүмкін,
тағдырлас шығармыз.
Мына қияметі мен қиындығы көп дүниеге ебедейсіз жаратылған
жандар болармыз. Ай, құладын, құладын...
Достарыңызбен бөлісу: |