«ЖІЛІГІМДІ ЖАҒАЙЫН...»
Дүние өртеніп жатса да, қырық үшінші жылдың қысы жылымай-ақ
қойды. Жылығаны не, қақап тұр. Мен мектепке де бара алмай қалдым.
Қарындасым да бара алмайды. Белуардан кар. Тобанаяқпыз. Інім ғой,
тіпті үйден шықпайды. Өзі мешел.
Енді бəріміз мешел болдық. Айша Кавказдан жер аударылып
келген қарашайлардан көргенін істеп, өгіздің шикі терісінен шошақбас
шоқай тігіп беріп еді, о да тозды. Су тисе былжырап, жайынның
аузындай жайылып кетеді екен.
Үйден шыға алмасақ шықпай-ақ қояйық, сол үй жылы болса екен.
Азынап тұр ғой. Колхоздың таусылмайтын азапты жұмысының ара-
арасында Айшаның там-тұмдап жиған отыны таусылды. Жарықтық,
жұмыстан қайтарда жол-жөнекей есекмия, кекіре, сора орып, арқанмен
таңып, арқалап келе жатар еді. Ала арқан иығын қиып, қанталап
тұрғанын талай көрдім. Кекіреніп ащы иісі қолқасын қауып, тынысы
тарылып, үні бітіп, есіктің көзіне отыра кетіп қырылдап:
− Су, су, – дер еді.
Енді арқалап жиған отын таусылды. Қыс ұзап кетті. От жағылмаған
пештің қуыры ішін тартып, уілдейді. Сыртта боран ұлыса, іштен оған
пештің уілі қосылып, ақырзаман азан шақырғандай болады. Менің
балалық шағымның «джаз», «рок» музыкасы боранның ұлуы мен пеш
қуырының уілінен құралған. Біреулер қазір мені:
− Неге мұңды, минор музыканы ұнатасың? – деп кінəлайды. Не
дейін? Өмірбаянымды айтып жатам ба?
Амал таусылды. Əкеміз салған үйдің боғат қамысын суырып жаға
бастадық. Ол қамысты суыра берсең, үйдің төбесі құлайды. Оның
үстіне қырық жылдан бері сүрленген сары қамыс лап етіп жанып, жалп
етіп тез сөнеді. Қазандағы қара суды да қайната алмайды.
Баяғы бабалардан қалған сырлы, оюлы кебеже болушы еді. Айша
соны бір қап қиға айырбастады. Ол өзі бір өнерлі қолдан шыққан асыл
сүйекті, əдемі кебеже еді. Амал не, қазір болса, мұражай көркі болатын
қымбат жəдігер... Бір қап қиды қаншаға жеткізерсің, о да бітті.
Бір күні Айша ауыз үйде жиюлы тұрған киіз үйдің бір керегесін
сүйреп əкелді. Алты қанат еді. Бұл киіз үй кезінде кəмпескеленген
екен. Өкімет ісіне араласа бастаған балаң жігіт-Бауыржан Момышұлы
арашалап алып қалып, əкеме қайтарып берген екен.
Сөйткен Бауыржан қазір соғыста жүр. Ал Мұртазаның сүйегі
Сібірдің бір қарағайының түбінде қалды.
Кебежеден айырылғанына аһылап жүрген Айша, енді мүлде қатты
күйзелді. Керегені сүйреп əкелуін əкелсе де, балтаны қолына алып,
шабуға көзі қимай, басын шайқап көп тұрды.
Үш бала үрпиісіп біз тұрмыз. Ербиіп қасында тұрып неміз бар еді.
Айша енді бұрылып бізге қарап:
− А - а, тумай жатып əкесін жалмаған жалмауыздар! – деді. –
Сендер болмасаңдар, мен əлдеқашан біреудің етегінен ұстап, мұндай
қорлық көрмес едім. Сендер, сендер, сендер!.. – деп, жер тоқпақтап
отыра кетті. Ағыл-тегіл жылады. Інім қорыққанынан бақырып жіберді.
Қарындасым кішкентай да болса есті, сабырлы еді, Айшаны құшақтап,
көзінің жасын сүртті.
Мұртазаны жендеттер алып кеткен кезде, Айша жиырма сегіз
жаста екен. Мұртазадан қаралы хабар келгеннен кейін, ауылдың
ақсақал-көксақалы жиналып, Айшаны немере қайнысы Нəметқұл
ұстаға қоспақшы да болыпты. Оны біз білмейміз ғой. Баламыз.
Ақсақал – көксақалдар айтыпты: «Шырағым, Мұртаза енді қайтып
келмейді. Мына үйелмелі-сүйелмелі үш жетімнің тағдырын ойла.
Соларға қамқор болатын бірден-бір жанашырың, – осы Нəметқұл», –
депті.
Айша айтыпты деседі:
− Құдай өзі берген жанын өзі алады. Бұл үшеуі талқаны таусылған
күні өлсе, өледі де. Өлсе Мұртазадан жаны артық дейсіңдер ме!
Біреуге өгей бала болып оңдырмайды. Əсіресе ана Барсханның мінезі
жаман. Өгей əкеге көндіге алмас. Бөріден қалған бөлтірік қой, өгей
əкелі ете алмаймын, неде болса тəуелді болмай өссін депті, – дейді.
Нəметқұл да көнбепті. Ағамның төсегін қорлай алмаймын депті.
Енді сол Нəметқұл да соғыста. Соғысқа дейін қолғабысы тиетіні –
рас екен.
Қазір мына Айша осыны меңзеп, Мұртазадан қара хабар жаңа
келгендей, өз бетін өзі жырта жаздады. Жосамен сырлаған, түйенің
таспасымен көктеген сұлу керегені көлденең сұлатып тастап, балтамен
шаба берейін деп оқталып, қайтадан сылқ етіп, отыра кетіп:
− О, Құдай, Бердімбеттей атамнан қалған, Күнікейдей енемнен
қалған, Мұртазадай бозымнан қалған баға жетпес қазынаны отқа
жаққанша, мына қу сирағымды неге жақпаймын? – деп, бір аяғын
созып жіберіп, сирағын жалаңаштады. – Сирағымды жағайын!
Оң, қолын балтаға соза бергенде, үш жетімек үшеулеп жабылып,
балтаның үстіне жата қалдық.
Енді біздің үстімізге Айша құлады. Үшеуімізді қапсыра құшақтап,
сұр шинельдің етегімен үстімізді қымтап:
− А - а, қаһарлы дауылда қалған байғұс балапандар, – деп,
басымыздан сипады. – Қанаттарың қатпады ғой. Соған жеткізсем,
өлсем де өкінбес едім...
Боран басылып, аспан ашылайын деді ме, терезеден ауру көздей Ай
көрінді.
Сөйтіп, сол алты керегенің екеуін пышақпен жаңқалап жатып,
қырық төртінші жылдың кешіккен көктеміне де іліктік-ау. Айша
айтты:
− Заман түзеліп кетсе, бізге ана қалған төрт қанаты да жетеді. Кім
біледі, сəмбі тал табылса, кейін екі қанатын қосып алармыз. Алты
қанат ақ боз үй тігетін Бердімбет бай бабаңның, Күнікейдей анаңның
дəурені қайтып келмес. Құдай қалғанына береке берсін, – деді.
Бірақ Құдай оны да көп көрді. Қырық төртіншінің көктемі ақсүйек
ашаршылық ала келді. Айша:
− Ана үш жетім аштан өлсе, обалы саған. Талғажау бірдеңе бер, –
деп, Жуанқұл бастыққа барған екен, Жуанқұл діңкілдеп ашуланып,
артынан:
− Онда киіз үйіңді бер. Тракторшылар төске шығып, егін салады.
Соларға сая бола тұрсын. Кейін өзіңе қайтарамын, – депті.
Амал жоқ, балалар аштан ісіп өлетін болған соң, Айша үйді
Жуанқұлға беріп, бір қапшық қызыл бидай алады.
Жуанқұл үйді қайтармады. Тракторшыларға өгіз арбамен су таси
барғанымда, жұмыртқадай аппақ үй көзіме оттай басылды. Қарасам,
үйдің етегін қара ала, сары ала май басып қалыпты. Тракторшылар
май-май қолдарын ақ киізге сүрте береді екен.
Оларға тамақ пісіруші салпы етек, қара қатын ақ туырлықтың бір
шетін пышақпен кесіп, қазанға бидай қуыратын бұлғауыш жасап
алыпты. Ошақтың басында отырған жерінде бұлғауышты қолынан
жұлып алып, алысқа-алысқа, құлашым жететін жерге, қызыл изеннің
арасына лақтырып жібердім. Қара қатын бетіме қарап тұрып-тұрып:
− О, жуадай солғыр жүгірмек, күшəла жеп алғансың ба, əлде жын
ұрды ма?! – деді. Түк түсінген жоқ.
Достарыңызбен бөлісу: |