БІР ҚАЛТА ТЕМЕКІ
Ұмытпасам, Қырғыз ата сол баяғы көк есекпен тағы бір рет келді.
Бірақ Борандының базарына бармастан екі қап темекісін біздің үйге
тастап кетті.
− Қағылайын, келін, – деді Айшаға, – бұ темекі өзіңе аманат.
Шамаң келсе, астыққа айырбастарсың. Тəуір болсам, келесі бір жолы
алып кетермін.
Сөйтсе, ауырған екен. Қарт адамдар ауырса, тезірек өз үйіне
жеткісі келеді. Түзде жүріп олай-бұлай боп кетсем, қиын болар деп
қауіптенетін шығар.
Бұл енді қыстың күні шығар. Сол жолы Қырғыз ата құлжаның
асығын əкеп берді. Кəдімгі тауда жүретін арқардың құлжасының
асығы. Сиырдың топайына жете – ғабыл.
− Ошоны саға Мамытбек жиенін саламдаға берді, – деді Қырғыз
ата. Мамытбек соғысқа кеткен Əбдібектің баласы, Қырғыз атаның
немересі.
Мақтанып, асық ойнағыштардың арасына барайын. О кезде мен
мақтанатын шақ тым сирек болатын. Рас, өзімнен үлкен балалармен
аяусыз төбелесте, əйтеуір, таяқ жесем де, көбінесе жеңіп шығушы
едім. Ішімнен соған мақтанатынмын. Басқа не бар? Бірақ күнде
төбелесе бермейсің ғой.
Асықшылар құлжамды көріп таң қалысты. Алдап алмақшы да
болды, Жуанқұл бастықтың баласы бір таба нан да бермекші болды.
Нан жемегелі қай заман? Ұдайы қызылша пісіріп жейміз. Айша қос
уыс бидай қуырып, үшеуімізге теңдей бөліп береді. Сол дəнді ауызға
бір – ақ салмай, бір – бір талдан қытырлатып, неғұрлым ұзағырақ
тауысуға тырысамыз. Ал нан деген сөздің өзінен басың айналып, көзің
қарауытады. Бір таба нан – зор байлық.
Көнбей қойдым.
Сонда бастықтың баласы Тілепалды басқа балаларға нан беріп
(көбі мен сияқты аш қой), бəрін маған жауықтырып, жабылып жатып,
құлжамды тартып алды.
Мұны, Құдай тілеуіңді бергір Сейсенбай көріп қалып, бастықтың
баласын бетінен шапалақпен тартып-тартып жіберіп, құлжамды
қайтып алып берді.
Бірақ есесіне əскерге бір жыл бұрын алынды.
Ұмытпасам, сол 1942 жылдың желтоқсаны болар, темір ұста
дүкенінің алдына кілең қатын-қалаш, шал-кемпір жиналып қалды. Жел
тұрып, жаяу борасын соғып тұрған. Бүрсеңдеп біз балақайлар да
тұрамыз.
Сөйтсе, төрт-бес бозбаланы қос ат жеккен шанаға мінгізіп,
Борандыға алып бармақшы екен. Ауданнан келген военком өзі жеке ат
мінген. Шанада менің аталас немере ағам Махан, менің əкеммен бірге
отыз жетінші жылы ұсталып кеткен Мелдеханның баласы Рəсілхан,
шеткі ауылдан Бейсенбек, оқымаған агроном шал Əбдікəрімнің баласы
Тұрар, тұтықпа шал Əлімқұлдың баласы Күзембай, осы елдің жиені
боп сіңіп кеткен Кəмет жəне əнеугүні құлжамды қайтарып берген
Сейсенбай бар.
− Ойбай-ау, Сейсенбай əскер жасына келіп қап па еді, – деп
күбірлескен ел.
Əркім-əркім əлгілердің дорбасына бір-бір түйіншек: біреу құртын,
біреу талқанын тықпалап жатыр.
− Оу, бізді өкімет асырайды енді, өздерің күн көріңдер, – дейді
шанадағылар.
Айша сонда Сейсенбайдың қойнына бір қалта темекі тықты.
− Қош, мырза бала, аруақ, Құдай қолдап, Алла жар болып, аман
қайт, – деді.
− Рахмет, жеңеше, – деп, Сейсенбайдың көзі жасаурап кетті.
Айшаның оған беретін басқа ештеңесі жоқ еді. Қырғыз атаның
темекісі сөйтіп майданға қарай кетті.
Кəмет жиен əнші еді, гармоньға қосылып əн салды. Бір – екі-ақ
жолы есімде қалыпты:
Əлде қайтар, əлде кайтпас
Туған елге ғазиз бас...
Əйелдердің бəрі аңырап жылап жіберді.
Кəмет, шынында да, қайтпай қалды.
Көп ұзамай жел қатайып, боран үдей бастады. Военком
асықтырып, қиыспай тұрған жұртты атпен омыраулап таратып, шанаға
жеккен қос атты қамшымен тартып-тартып жіберді.
Зымыраған шананы ақ түтек лезде жұтты да кетті.
ШЫРАҚ
Көп ұзамай ауылға Бауыржан келді. Өзінен бұрын бізге оның
даңқы жеткен. Бізде радио жоқ. Бірақ тоғыз үйлі Тоқсанбай баласынан
жалғыз Мамыт атамның үйінде ғана газет бар. Сірə, əскерге кеткен
Орха мен Ноха дейтін балалары жаздырып қалдырған болар.
«Социалистік Қазақстан» дейтін газеттің тігіндісі қабырғада ілулі
тұрады. Соның бір санында, бірінші бетте Бауыржанның суреті
басылып шықты. Оны қиып алып, төрге іліп қойыпты. Біз, кішкентай
балалар. сол суретке тесіліп кеп қараймыз. Орха мен Нохадан кейінгі
Қорғанбай бізге қарағанда сауатты. Сол сөзін оқып береді.
Түсінгеніміз: Москва деген қаланы неміс фашистерінен аман алып
қалған – осы біздің ағамыз, кəдімгі Момыш атамыздың баласы
Бауыржан екен.
Кішкентай кеудемізді кəдімгідей мақтаныш сезім кернейді. Біз де
тезірек өсіп, əскерге барып, жауды жайратып, Бауыржан көкеміз
сияқты герой болғымыз келеді...
Сөйтіп жүргенде, батыр көкеміздің өзі келе жатыр деген хабар
жетті. Бəріміз: тайлы-таяғымызбен, кəрі-құртаң, бала-шаға –
қыбырлаған жанның бəрі мектептің жанына жиналдық. Жалғыз
жиналыс орны – сол. Клуб деген о кезде жоқ.
Сол кездегі он жасар баланың қазір алпыстан асқанда есінде не
қалды? Соны жиып-теріп, көз алдыма келтіріп отырмын.
Жұрттың көзі батыста. Алыстан-алыстан, ақ қар жамылған
алқаптың ар жағынан қарауытып Евгеньевканың тал-дарағы елес
береді. Одан ары – Боранды, Бурное. Ауданның орталығы. Батыр сол
жақтан келсе керек. Күн ашық болса да, аяз қатты. Бүрсеңдеп тұрмыз.
Алатау жарықтық бүгін ерекше асқақ. Əзі өсірген қыранына о да
мақтанып тұрғандай. Борандының ар жағындағы Құлан тауы да ақ
теңізге ақ желкен көтерген кемедей боп көрінеді. Мүмкін, Батыр сол
кемемен жүзіп келе жатқан шығар.
Жоқ, атпен келе жатыр екен. Бір топ атты Үсен сайынан қайқаң
етіп, қаптап шыға келді.
Қалың оппа қардан бойы биік тек қызыл изен. Шоқ изеннің дəнін
теріп жеп отырған суықбас молда торғайлар пыр етіп, ұша жөнелді.
Аттылар таяп қалды.
Мектепке жақын жерде, боран қармен бітеп тастаған ор бар еді.
Аттылардың біреуі – Жуанқұл бастық сол орды айналып өтпек болып,
аттың басын өрге қарай бұрды. Басқалары соған ілесті. Кілең қайыс
пальто кигендер. Сірə, бəрі де өкіметтер болуы керек.
Тек, апайтөс көк айғырға мінген біреу бұрылмастан қалып қойды.
Оның киімі де қайыс пальтолардан өзгеше. Жағасын, өңірін елтірімен
көмкерген сұлу сұр пальтосы бар екен. Басында əскери фуражка. Мына
аязда құлағы қалай жаурамайды? Ең алдымен таң қалғанымыз сол
болды. Немене, мына құлақшын киген ығай мен сығайлар оған жылы
баскиім тауып бере алмаған ба?
Көк айғырға мінген, əскери фуражкалы адам басқалардан бөлек
қалып қойды да, тізгінін тартып еді, аттың басы кегжең етті. Содан
тебініп кеп қалып еді, көк айғыр, жануар, көзі алан етіп, ақшиып,
ышқына қарғып кетті де, қар бітеген ордың бер жағына топ ете түсті.
Жұрт:
− Аруақ! – деп шу ете қалды.
Бауыржан батыр осы екен. Жақын жерден байқадық: жылтыраған
хром етігінің өкшесінде шпор дейтін темірі бар екен. Тебініп кеп
қалғанда, көк айғыр содан ышқынған екен.
Басқалары ордың басын орағытып, біраз уақыттан кейін жетті.
− Ассалаумағалейкум, халқым! – деп саңқ етті Бауыржан.
Жұрт əлсіз ғана жамырады.
Əскердегі батальонның саңқ-саңқ еткен тақ-тұқ сəлеміне үйренген
Батыр риза болмай қалған сыңайлы.
− Немене, үндерің жердің астынан шыққандай?! –- деп жекіді.
− Қарағым-ау!
− Құлыным-ау!
− Арысым-ау! – деп, əркім əр тұстан жамырап жатыр.
− Аман-есен келдің бе?
− Аруақ – Құдай қолдап, аяқ-қолың сау оралдың ба?
Мектептің қайбір оңған кең залы бар, жұрттың көбі сыймай, ауыз
үйде тұрды.
Батыр төрде тұрып сөз сөйледі. Түсінгенім: жаудың беті
қайтқанмен, əлі түрі жаман. Қасарысқан, қиян-кескі соғыс əлі қырғын
көрінеді. Бірақ біз жеңеді екенбіз. Өйткені біздің ісіміз адал көрінеді.
Əсіресе қазақтар, қырғыздар ерекше батыр сияқты.
− Сондай жаужүрек батыр ұлдар туғандарың үшін, аяулы аналар,
ардақты əкелер, сендерге мың да бір рақмет! – деді Батыр.
Қол соқтық.
− Ал енді, мен майданнан мүлде қайтқан жоқпын, – деді Батыр.
− Аз күн демалыс алып келдім. Мен майданда жүргенде, əкем
Момыш қайтыс болыпты. Соған құран оқиын деп келдім.
Содан соң көптің ішінен біреуді іздегендей, үп-үлкен шоқтай
көздері жарқ-жұрқ етті.
− Дошанай! Дошанай көке, қайдасың! – деді. Басында қазандай
дөңгелек қара бөркі бар, аппақ қудай сақалы көлкілдеген Дошанай
атамыз:
− Мен, мен мұндамын, Бəужан қарағым, – деп, даусы дірілдеп,
орнынан əрең тұрды.
− Бауырын Момыш өлгенде, басына құран оқымапсың, оның
қалай? – деп ақырды Бауыржан.
− Қатты боран болды, қарағым, ауыл арасы едəуір, үйден шыға
алмай қалдым, табан аяқ боп қалдым, Бəужан қарағым, кешір мен
бейбақты, – деп, Дошанай атам еңкілдеп жылап жіберді.
Ол кезде өлген адамға құран оқып, дұға қылатын заман ба? Құран
оқығаныңды көрсе, ана Жуанқұлдар табанда түрмеге апарып тықпай
ма? Мына Батыр соны да білмей ме? Қайыс тондылардың қабағы түсіп
кетті. Бірақ Батырға үндей алмайды.
− Білемін, Дошанай көке, кінə сенде емес, мыналарда! – деп, Батыр
сабаудай сұқ саусағын қайыс тондыларға қадады.
− Иə, иə, сөйтші, Бəужан қарағым, соларға айтып қойшы, – деп
Дошанайдың айызы қанғандай құнжыңдап, қуанып қалды.
Қайыс тондылар қаймығып, төмен қарады.
Біз ойлаушы ек: дүниеде Жуанқұлдан үлкен үкімет жоқ деп.
Сөйтсек, Жуанқұл аждаһа көрген көжектей бүрісті де қалды.
Содан соң есімде қалғаны: Қарақас дейтін анамыз Батырдың өзіне
айқайлап:
− Əй, Бауыржан, өзің көріп тұрсың, осы мына алдындағы
адамдардың арасында атпал азамат бар ма? – деді. – Кілең өлесі шал-
кемпір мен жесір-жетімдер. Heгe ақырасың бізге?! Көріктей сөнген
көңілімізді көтере ме десек, сонау соғыста жүрген боздақтарымыздың
хабарын айтып қуанта ма десек.
Қарақас қанша қасқыр болса да басын шайқап, көзін тас жұмып,
астыңғы ернін қымқырып, үнсіз уілдегендей болды. Жұрт шошына
тына қалды.
Қарақас қайтадан қаһарланды:
− Осы ауылдан кеткен Сатылған мен Сəрсеқазы қайда, Исақұл мен
Əділхан қайда? Ана Мамыттың Орхасы мен Нохасы қайда? Тере берсе
толып жатыр, не хабар білесің солардан?
Батыр:
− Ы – ы - ы, – деп ыңыранды. Галифе шалбарының қалтасынан
темекінің құтысын шығарды. Сірə, «Қазбек» деген папирос болар.
Папиросты шарт тұтатып, түтінді аузынан будақ-будақ шығарды. Сірə,
өрге көтерілерде түтіні будақ-будақ атқитын қара паровоздай ғаламат
күш түскен болуы керек. Содан соң айбынданып:
− Бүйтіп сендердің алдарыңда тұрғанша, қақаған оқтың өтінде,
қаптаған жаудың бетінде тұрғаным жақсы еді, – деді.
− Сұрапыл сұрақ қойдың, Қарақас жеңеше, – деді. – Соғыста, сонау
Балтық теңізі мен Қара теңіздің арасына дейін созылған соғыста мың-
миллион əскер бар. Осы ауылдан ғана аттанған бір топ Құли –
Шілмембет бір жерде жүрген жоқпыз, жан-жаққа шашырап кеткенбіз.
Аман болса, жүрген шығар, аруақ – Құдайға сиын, Қарақас. Ақмеңтай
батырдың, Домалақ анаңның, Бəйдібек бабаңның аруағына сиын,
Қарақас! Қапаланба, Қарақас! Бар жамандықтың бір жақсылығы бар.
Кебін киген келмейді, кебенек киген келеді. Кебенек киіп кетіп еді ғой
балаларың, үмітсіз шайтан деген, Қарақас!
Батыр бұрынғыдай емес, жібіді. Ортаға шықты. Кемпірлер жағы
оның пошымы бөтен венгеркесінің етегінен сүйіп, көздерін сүртіп, тəу
етіп жатыр. Батыр жүдеу балалардың басынан сипап шықты. Менің де
басыма алақаны тиді, басым тыз ете қалды. Сірə, алақанының оты бар
шығар.
Менің тұсымнан өтіп бара жатып, жанымда тұрған Айшаға қарады:
− Оу, жеңеше, амансың ба? – Состиып тұрып: – Солдаттың
шинелін киіп алыпсың ғой, – деді.
− Кебенек деген осы, Шырақ, – деді Айша. – Ағаңды мыналар
баяғыда-ақ жалмаған, – деп, қайыс тондыларды меңзеді. – Сонымен
қоймай əлі бізді «халық жауы» деп қорлайды. Қайда барып күн
көреміз, Шырақ?!
Батыр Айшаны арқасынан қағып: «Шыда! Мына балаңды өлтіріп
алма», – деді.
Аттылар батысқа кетті. Алдарынан қияқтанған Ай көрінді. Айша
мені жетектеп алды. Үйге қайттық.
− Жарықтық Момыш ата осы баласын ертіп келіп, біздің үйден
қымыз ішуші еді, – деді.
Қымыз дегенді мен біле бермеймін. Ес білмеген кезде татсам
татқан шығармын... Бір кезде болған дейді...
Достарыңызбен бөлісу: |