ҚАРА АРПА, ҚАРА БИЕ
Қамбадағы қара арпаны көктемде қара жолдың үстіне, зираттың
іргесіне септік. Жалғыз ЧТЗ тракторына ат, егіз соқалар көмектесті.
Мен өгіз соқаға шықтым.
Енді, міне, сол арпа дүмбіл болып пісейін деді. Үздігіп жеткен
жаңа астық. Əр жерде ойдым-ойдым аралдай болып сарғая бастады.
Үздіккенде де жаман болады. Мен жылқы бағамын. Жылқы
қайырған болып барып, арпаның масағынан үзіп-үзіп алып, əлгінің
уыз дəнін шикідей сорамын. Əлі үгітіп, дəнін қауызынан ажыратуға
келмейді, сондықтан қылпығымен ауызға салып, шайнап-шайнап
сорғаннан басқа амал жоқ. О да болса тамаққа талшық.
Арпаны мен ғана емес, колхоздың қамыттан қажыған аттары да
жақсы көреді. Сəл көз жазып қалсаң, жайқалып тұрған егінге тап-тап
береді.
Əсіресе қара бие жаман. Өзінің өзге жылқыдан тұрпаты бөлек:
тұрқы ұзын, мойны құрықтай, шоқтығы биік, бітімі келісті-ақ.
Соғыс басталған жылы Қаратауда атты əскер тұрған көрінеді. Осы
бие сол əскерден қашқан «дезертир» деседі. Əйтеуір, біздің колхозға
сіңіп қалды. Өзі былтыр бір рет құлындады. Онысы биыл тай болды.
Менің мініп жүргенім – сол бурыл тай. Əкесі – колхоз бастық мінетін
сол көк айғыр. Көк пен қарадан бурыл шығатын көрінеді.
Қара бие жалғанның бұзығы. Үлкендер «бұл бəле көрген» деседі.
Басқа аттар мəнжубас, айтқаныңа көнеді, айдағаныңа жүреді. Ал қара
бие...
Көзімізді ала беріп, арпаның ішіне кіріп кетеді. Ал енді қайыруға
көнсеші. Мені баласына ма, залым, білмеймін. Жанына жақындасаң
құлағын жымқырып, қосаяқтап тебе бастайды. Менің астымдағы ат
өзінің құлыны ғой, бірақ оны да аямайды. Алдынан келсең – тістейді,
артына шықсаң – тебеді. Қолымда ұзын шыбығым бар (қамшы қайда!).
Оны місе тұтпайды, ұрғаныңды шыбын құрлы көрмейді. Айдамасаң,
арпаны жайпап бара жатыр. Бастық керсе, мен құрыдым.
Осылайша екі оттың ортасында жүргенде, арпа да пісейін деп
қалды-ау.
Бердімбет сайының басында жылқыны сазға жайып, бурыл тайдың
үстінде жəрбиіп отыр едім, қасыма Қорғанбай келді. Қолында дорбасы
бар, дорбаның ішінен қолорақтың ұшы қылтиып көрінеді.
− Сен, – деді ол маған, – жан-жақты қарап тұр. Охран яки бастық
көрінсе, жылқы қайырған болып, қатты айқайла.
Сөйтті де арпаның қалың ортасына кіріп кетіп, масақты қол
орақпен қырқып ала бастады. Мамыт Жəкемнің баласы. Мамыт жəкем
өйтіп-бүйтіп даладан мал тауып келеді. Бұлар соншалықты аш та емес.
Оларға қарағанда, біздің үй үп деп отыр ғой. Айша қызылшадан қас
қарая бір-ақ келеді. Үйде екі бала аш отыр. Мына пісіп қалған арпаға
Қорғанбай қол салғанда, менікі не тұрыс?
Жылқының бас-аяғын жинап, сайдың табанына үйіріп тастап,
бурыл тайды талға байлап, арпаға мен де сүңгіп кеттім... Көйлегімді
шешіп алып, соны дорба қылып, арпаның масағын қолмен жұлып,
соған тықпыштап жатырмын. Орақ болмаса киын екен, масақ
алақанымды қиып кетті.
Көйлегімнің қарны кəдімгідей қампайып қалды. Бұл ашкөз болған
жаман. Қанағат деп қайтып кетсем, еш бəле жоқ еді. Тағы да, тағы да...
дей бергенде...
Қайдан шыққаны белгісіз, көк айғырды алқындыра арындатып,
колхоз бастық Жуанқұл дəу перідей төніп келді.
− А, атаңа нəлет контра! – деп, қамшының астына алды кетті, алды
кетті...
Сөйтіп, Қорғанбай екеуміз қолға түстік. Алдына салып, аттың
бауырына алып, дедектетіп қуалап отырып, колхоздың қамбасына
əкеліп қамады да тастады.
Жолда келе жатып бір байқағаным: қара бие біз масақ қырыққан
жерге жақын қаздиып тұр екен. Колхоз бастық алыстан соны көріп
келіп, біздің ұрлығымыздың үстінен түскен болды.
Қамбаның іші қараңғы. Өзі қаңырап бос тұр. Біздің қарнымыз
қабырғамызға жабысып қалса, қамбаның қарны да қабысып қалған.
Қамба тоқ болмай, қарын тоқ болмайды. Бұл – анық ашаршылықтың
нышаны.
Қараңғыда түртінектеп, Қорғанбай екеуміз үн-түнсіз біраз тұрдық.
Əлден соң ол:
− Оңбаған, сенің кесірің, – деді. Маған айтты.
− Мен неғылдым?
− Саған айттым ғой қарап тұр деп!
− Мен де...
− Енді екеуміз де түрмеде шіриміз. Əкеңнің түрмеде өлгені аз еді.
енді өзің де сонда шірисің.
Қорғанбай мұны айтқанша, мені ұрғаны жақсы еді. «Түрме» деген
сөз – мен үшін адамды өлтіретін жер. Түрмеден тірі қайтыпты дегенді
əлі естімеген кезім.
Қамбаның қараңғылығымен қоса қат-қат уайым қалыңдай түсті.
Бидай ұрладың деп былтыр көрші ауылдан бір əйелді соттап жіберген.
Жап-жас балалары қалды, байы соғыста еді. Соған да қараған жоқ. Заң
жаман, заман жаман.
Қой, қашу керек. Қамбаның қабырғасы қалың, есігі бекем. Мұны
соғыстан бұрын ауылдың атпал азаматтары соққан. Сондықтан мықты.
Қашып шығатын терезесі де жоқ. Ауа кірсін деп қойған қуыры төбеде.
Ол биік.
Қашқанда қайда барасың? Шанышқылыдағы Əдия əпкемнің
ауылына ма? Ол жерден де ұстап алады. Əдия əпкемнің күйеуі
Қадырды да отыз жетінші жылы ұстап алып, Əулиеатада атып
жіберген.
Көксайдағы Қырғыз атаның үйіне ме? Қырғыз ата айтатын Манас
шыңына шығып кету керек шығар...
Түрлі ойлар, қиялдар...
Қай уақыт екені де белгісіз. Қорғанбай дорбасын басына жастанып,
қорылдап ұйықтап қалды.
Əйелдің айқайлаған даусы талып естіледі. Есікке барып,
құлағымды тосып тұрмын.Таныдым: Айша ғой. Айшаның даусы. Мені
іздеп жүр. Демек кеш батып, Айша қызылшадан қайтқан ғой.
− Барс - ха - а - ан... Барс - ха - а - ан...
Кешкі айқай Тəңіртауға шағылып, жаңғырығып бара жатқандай.
Қатар-қатар жарысып жатқан сайларды жағалай шоқ-шоқ болып
отырған ауыл, Айшаның айғайын түгел естіген шығар-ау. Бірақ біздің
қамбада қамаулы жатқанымызды Жуанқұл бастықтан басқа ешкім
білмесе керек. Бір білсе – Қамқа кемпір білер, ол көріпкел ғой. Айша
одан Барсханды көрдің бе деп сұрауы əбден ықтимал. Өйткені кейде
мен Қамқа кемпірді үйіне көтеріп кіргізетінмін. Күні бойы далада,
аласа орындықта отырады ғой. Келіні жұмыстан қайтқанша. Кейде
келіні Мүнира жұмыстан тым кешігіп, көз байланғанда ғана оралады.
Сондайда Қамқа əлсіз даусымен үн қатып, мені шақырады. Менің
есітетін жерде жүргенімді сезеді. Өзі шүйке жүндей жеп-жеңіл, мен
көтере аламын. Ол тұрмақ Бурныйдың элеваторына бір қапшық
бидайды есекпен тасып, оны элеватордың сатысымен биіктегі бункерге
де көтеріп шыға аламын. Рас, кейде тəлтіректеп, қапшықпен бірге
биіктен құлап қала жаздаймын. Əйтеуір, Құдай сақтап, аруақ
қолдайтын шығар. Ал мүмкін, Қамқа кемпірдің батасы дем беретін
шығар.
Өйткені Қамқа мені жұмсаған сайын:
− Құдай саған əл-қуат берсін, қайсарлық берсін, ғұмыр берсін,
құлыным! – деп, шидей арық саусақтары, арық алақандарын жайып
бата беретін.
Күндіз Жуанқұл бізді қамбаға айдап, балағаттап, боқтап бара
жатқанын Қамқа естіп қалуы да мүмкін. Айша сұраса, айтар.
Айша сұрайды ғой. Үйді-үйге кіріп сұрайды. Ал қазір айқайлап
тұр. Тарғыл тастар арасында балапанын жоғалтып алған ұлардай
талмай шақырады. Ұлар да бір мұңлық құс. Адамдар атып ала берген
соң, екі аяқты жыртқыш жете алмайтын биікке, таудың қар жататын
белдеуіне дейін шығып кеткен. Соның өзінде де жаулары бар. Қарны
ашса, теңбіл терілі қар барысы да алмайды. Əсіресе бүркіт қиын.
Балапанын алып кетеді. Сонда сорлы ұлар ананың зарлағанын
естісең...
Ал Қорғанбайды ешкім іздеп жатқан жоқ. Ол ұйқысын қандырып
алып, анда-санда:
− Атаңа нəлет, Жуанқұл! – деп қояды. – Шыннан сотқа берер ме
екен, – дейді.
Мен есікті тоқпақтап:
− Мен мұндамын, – деп шырылдаймын.
Бірақ оны Айша естімейді. Шəуілдеп иттер үреді.
Қарын аш. Оның үстіне қараңғы қамбаның іші дымқыл, салқын.
Мен масақты жерге төгіп тастап, көйлегімді киіп алдым.
Масақты ауызға салып шайнаймын. Сөлін жұтып, қылпығын
түкіріп тастаймын. Əйтеуір, тамақ...
− Атаңа нəлет, Жуанқұл, шыннан соттата ма, – дейді Қорғанбай. –
Осынша кешіккеніне қарағанда, ауданға барып милиса алып келер ме
екен?
Мен милисадан қорқамын. Əкейді алып кеткен – солар. Олар
əкеткен адам қайтпайды. Білемін. Енді мен де үйге қайтпайтын
шығармын. Сонда Айшаның күні не болады, үйдегі екі баланың күні
не болады? Бесіктен беліміз шықпай жатып, қасіретке батып, қайғы
ойлаған жанбыз. Қамқа айтқандай, Құдай өзі қуат беріп, қайсар
жаратпаса, өле салу оп-оңай.
Айша мені шақырып, айқайлап жүр. Даусы біресе жақындап,
біресе алыстайды. Осыдан босасам, Айшаны, екі бауырымды алып,
Талас Алатауының шыңына шығып кетсек пе екен. Ұлар құс сияқты.
Мен қамбаның есігін тепкілеп, тоқпақтаймын. Есіктің көздей
тесігінен қылтиып жаңа туған Айдың қияғы көрінеді. Айшадан
естігенімді ішімнен қайталап:
− Иə, Құдай, жаңа Айда жарылқа, ескі Айда есірке, – дедім.
Жарылқай ма, жоқ па – беймəлім?
Достарыңызбен бөлісу: |