Бірінші кітап (роман – диалогия)


СҮДІГЕРДЕ ИЗЕН ЬІЗЬІҢДАЙДЫ



Pdf көрінісі
бет23/69
Дата28.03.2022
өлшемі2,11 Mb.
#28989
1   ...   19   20   21   22   23   24   25   26   ...   69
СҮДІГЕРДЕ ИЗЕН ЬІЗЬІҢДАЙДЫ


Сүдігерде изен мия ызыңдайды.

Егер мия у болмай, жеуге жараса, біз ашықпас едік. Күрдек бас мия

жасымықтан  үлкен,  топ-толық  дəнін  көтере  алмай,  жерге  жеткенше

еңкейіп  қалыпты.  Ал  Шақпақтың  желі  тұрғанда,  күрдек  бас  мия,

қызыл изен ызыңдайды. Бір-бірімен жарысып ебелек домалайды.

Суық  тиіп  ауырғалы  бері  басымды  көтеріп,  терезеге  қарап

отырғаным  бүгін.  Кеше  Айша  қызыл  жантақ  қайнатып,  соның  суын

ішкізгелі бері тəуір болғандығым. Бірақ төсектен тұрып кетер дəрмен

жоқ. Тұрсам да бəрібір далаға шыға алмас едім.

Айша таңертең:

− Жалаңаяқ қалып ауырдың ғой, Барсхан. Сенен аяғанды ит жесін.

Өтсе  –  жалғыз  тоқтыны  сатып,  саған  бəтеңке  қарастырайын,  –  деп

базарға кеткен.

Күн  бесіннен  ауып,  терезе  алдындағы  сүдігер  қарауыта  түскендей

болды. Айша əлі жоқ.

Кешегі  күншуақты  қоңыр  күзде  сүдігерді  Жақаш  екеуіміз

жыртқанбыз.  Жақаш  маған  қарағанда  ересектеу,  бойы  да  ұзын.

Бригадир  əдейі  қосқа  бір  кішкентайдың  қасына  бір  ересектеу  бала

қойған ғой. Онысы ақыл болған. Əйтпесе, мен өліп қалар едім...

Менің  соқам  алдында,  Жақаштікі  артта  болатын.  Менің  соқама

жегілген  екі  тарғыл  өгіз-соқамен  жер  жыртудың  чемпиондары.

Жақаштікі – екі қызыл өгіз. Біреуінің мүйізі сынық.

Мен  соқаның  жалтыраған  екі  тісінің  арасына  аяғымды  тіреп,

шоқиып отырғанды ұнатушы едім. Жап-жалтыр, өткір тістер қопарған

қыртыс  топырақ  қара  бұйраланып,  шексіз  қара  су  ағып  жатқандай.

Ұзақ қарап отыра берсең басың айналады.

Əлдене тырылдағандай, əлде тыраулағандай болды. «О не?» – деп

жан-жағыма қарап едім – бөтен нəрсе көрінбеді. «Айырплан ба?» – деп

аспанға  шалқайып  едім:  екі  қатар  нүкте  сызық  көрінді  де,  екеуінің



алдыңғы ұшы бірігіп кетіп, сəлден кейін жалғыз нүкте жеке-дара сақа

шықты. Содан үшкіл пайда болды. Тырналар.

Жақаш  екеуіміз  жыртып  жатқан  сүдігердің  үстінде  біраз

аялдағандай  болды  да,  Аспан  таудың  Шоқыбас  шыңына  бет  түзеді.

«Енді  көрінбей  кететін  болды-ау»  дегенімше,  сақа-нүкте  Манас

шоқысына  қарай  бұрылды.  Бірте-бірте  ылдилай  Маймақ,  Күркүресу

тауын  сауырлап,  Күйік  асуының  тұсынан  аунап  түсіп,  Қаратауды

жебелеп  көп  ұшты.  Батыстағы  Боралдай,  Құлан,  Шақпақ  тауларын

айналып өтіп, қайтадан біздің сүдігердің үстін күннен көлегейлеп сəл

тұрды да, тура батысты бетке алып, тыраулап ұшып кете барды.

Сонда барып «А - а - ай!» – деп айқайлап жібергенім есімде...

Сөйтсем,  тырналар  дегенім  адамдар  сияқты  елестеп  кеткен  екен.

Сақа – нүкте – Орха көкем. Ол фин соғысында болып оралған. Соғыс

көрген  деп  алдына  қойған  шығар.  Үшкіл  сызықты  суретке  салса

мынадай болады.

Орха!


Ноха! Сияқұл!

Сұлтан! Жиренбай!

Нəметқұл! Төреқұл!

Сейсенбай! Өскен!

Байбосын! Сəмбет!

Махан! Қайып!

Нұралы! Рəсілхан!

Найын! Бейшенбек!

Кəмет! Тұрарбек!



Өскенбай! Сайлау!

Поштақұл! Қожагелді!

Тəшкен! Сайлаубек!

Тоққұлы! Жарқынбек!

Егемберді! Сыпабек!

Алдаберген! Күзембай!

Құдайберген! Əнуарбек!

Ержан! Сəрсеқазы!

Таутана! Орынбек!

Тарбақай! Кəрібай!

Керімбай!

«А  -  й  -  ай!»  –  деп  айқайлап  жібергенім  есімде...  Одан  əрі,  сірə:

«Мені де ала кетіңдер!» – деп айқайласам керек, бірақ үнім шықты ма,

шықпады  ма  –  білмеймін.  «Мені  де...»  –  деп  қол  созып  тұра

бергенімде,  қос  өгіз  қолымдағы  жыландай  ысқырған  қамшыдан

қорықты  ма,  білмеймін,  əйтеуір,  оқыс  бұрылып,  бораздадан  шығып

кетіп, мен соқаның екі тісінің арасынан құлап түсіппін...

Əбүйір  болғанда,  Жақаш  көріп  қалып,  айқай  салып,  екі  тарғыл

өгізді əрең тоқтатып, мені екі тістің арасына кептеліп қалған жерімнен

шығарып  алды.  Аузы-мұрныма  қара  топырақ  тығылып,  енді  болмаса

тұншығып өлетін екенмін.

Жақаш əуелі:

−  Ей,  болбыраған  боқмұрын,  қараптан  қарап  отырып  өліп  қала

жаздағаның не-ей?! – деп əбден жерден алып, жерге салды.




Ақыры  отыра  қалып,  қара  топырақты  қобырата  шашып  жіберіп,

солқылдап жылады.

− Саған соқа айдатып қойған соғыс оңбас, сені маған серік қылған

шолақ бригадир оңбас. Ей, болбырақ боқмұрын!

Егер  сол  жолы  Жақаш  болмаса,  яки  көрмей  қалса,  мен  бүйтіп

қалқайып,  терезеден  сүдігерге  қарап  отырмас  едім.  Мені  сол  жолы

топырақ көміп қалғанда, ешкім таба алмас та ма еді?..

Осылай  ойлауым  мұң  екен,  өзімді  өзім  аяп,  жападан-жалғыз

отырып, жылағым келді. Қоңыр күзде өзім жыртқан сүдігер сұлқ түсіп

жатыр,  тек  соқа  жыртпай  кеткен  мия  мен  изен  ызыңдайды.  Теп-тегіс

қылпықсыз  сүдігерде  аядай  жер  арал  болып,  миясы  мен  изені

қырқылмай аман қалған.

Мылтық даусы гүрс етті. Жалт қарап, терезеге үңілдім. Сүдігерден

басқа ештеңе көрінбеп еді, кенет сүдігердің жал-жал топырағын малти

кешіп, артына қарай-қарай Ақжол қашып барады.

Жүрегім зу ете қалды. Ақжол қылмысты сияқты. Ол ұзай түскенде

құтылып та кететін еді. Бірақ ол сүдігерге малтыққандай тоқтай қалып,

артына  бұрылып  қарады.  Оны  қудалаушы  адам  ұратынын,  əрине,

біледі. Білмесе, қашпас еді ғой. Ал сол адам өлтіретінін Ақжол қайдан

білсін.  Өлім  бар  деп  ойына  да  кірмеген  шығар.  Сондықтан  ол  енді

қудалаушы  адамның  таяғы  жетпес-ау  деген  жерге  барып,  артына

бұрылып қарады. Көзқарасы кінəлі еді. Содан да бір сұмдық істегенін

сезе қойдым.

Енді сүдігердің шетіне шыққан адам сұлбасы да көрінді. Жуанқұл

көрші  галифе  шалбарлы  аяғын  алшайтып  қойып,  мылтықтың  дүміне

басын қисайтып, əбден көздеді.

− Қаш, – деп айқай салғанымша, мылтық гүрс етті...

*·*·*



Ақжолды жазда Евгеньевкадан алып келіп едім. Шынын айтсам, өзі

ілесіп келді. Борандының элеваторына бидай тапсырып, шаңқай түсте

бір  топ  бала  ауылға  қайтқанбыз.  Арасындағы  ең  кішісі  мен  едім.

Астымдағы  көк  тайқар  да  қашыр  сияқты  шабан  неме,  арам  қатқыр.

Басқалардың  көлігі  əсіресе  ауылға  қайтарда  есіре  жөнеледі.  Бірінен

бірі қалғысы келмей, қосаяқ қағып аңдыздайды.

Менен  басқалары  ызу-қызу,  қиқу  салып,  топтана  қарауытып,  қара

жолдың  шаңын  бұрқылдатып,  ұзап  кетті.  Көптің  аты  –  көп.  Көпке

ешкім  тиіспейді.  Евгеньевканың  əккі  балалары  жалғыз-жарымды

ториды.  Серіктерім  мені  жалғыз  тастап  кетейін  демеген  де  шығар,

бірақ қалың шаңның арасынан кім бар, кім жоғын байқамай қалған да

болар.  Не  десе  де  мен  жалғыз  қалдым.  Қашыр  тектес  тайқарды

қаншама  қамшыласам  да,  жүрісі  өнбей,  дүние  өртеніп  бара  жатса  да

мимырт жүрістен танбайды.

Төбесіндегі  қамысы  қарауытып,  тозып  кеткен  маяжон  үйдің

бұрышынан  айнала  беріп,  ауылдың  жолына  енді  түсейін  дегенде,  көк

тайқардың əдеттегі салпаң құлағы тікшие қалып, жалт бергені. Басына

жаман  тонды  айналдыра  жамылып,  үйдің  тасасынан  бір  бала  шыға

келгенде,  тайқар  үрейлене  үркіп,  оқыс  бұрылғанда,  үстінен  ұшып

түстім.  Аузы-басымның  шаңын  сүртіп,  орнымнан  тұрып  болғанша,

Евгеньевканың қағынды келгірлері көк тайқарға ит қосып қуалап, мəз

бола қалыпты.

Егделеу  бір  əйел  қамысы  тозған  маяжон  үйден  шығып,  əлгі  мені

жəбірлеушілерге бажылдап, қарғыс жаудырған сияқты.

Не  айтып  айқайлағанын  онша  түсінбесем  де,  əйтеуір,  маған  пана

болып тұрғанын сезіп, ішім жылып қалды. Өзге тұрмақ, өз шешеңнен

айналайын  деген  сөзді  сирек  еститін  заманда  бейтаныс  адамның  сені

аяп,  араша  түскеніне  көңілім  босаңсып,  көкіректе  қатып  жатқан  көп

қоя мына бір жылудан еріп ала жөнелгендей, еңіреп жылағым келді.

− Болды. Сенікі үлкен бала. Қорықпа. Олар енді саған ұрмайды, –

деп жұбатты əлгі егде əйел үсті-басымның шаңын қағып, жерде жатқан

кенеп  дорбаны  қолыма  ұстатып.  Шұбар  ала  алжапқышының  астына

күс-күс қолын жасырып:



− Бедные, – деді.

Онысын  мен  түсінбедім.  Рақмет  айтуды  да  білмей,  ауылға  қарай

кете  бардым.  Арам  қатқыр  көк  тайқар  алды-артына  қарамай  ауылға

қашып кетті. Үстімде бала бар еді-ау деп қарамады.

Евгеньевканың тағы бір қамыс шатырлы шеткі үйінің тұсынан өте

бергенімде,  ажырық  тұтқан  арықтың  ішінен  бір  бітік  көз  күшік

тырмысып,  тырбаңдап  жатып  жолға  шығып,  жанары  жылт-жылт

мөлиіп, құйрығын бұлғаңдатты.

−  Күшкə,  күшкə,  –  дедім  кетіп  бара  жатып.  Неге  айттым,  өзім  де

білмеймін.  Сол-сол  екен,  əлгі  жəрбиген  жаман  күшік  құлдыраңдап

маған ілесе берді...

Евгеньевкадан  былай  ұзап  шыққан  соң,  бір  терең  сай  кездеседі.

Əдетте  бір  топ  бала  сол  сайға  түсіп,  бұлақ  суына  жуынып-шайынып,

таңертең  үйден  ала  шыққан  там-тұм  тамағымызды  бидайдан  босаған

қапшықтың үстіне жайып, əлденіп алатынбыз.

Бұл жолы мен жалғызбын. Ербиіп, жападан-жалғыз отырып тамақ

жегім  келмейді.  Үйге  тезірек  жетсем  деймін.  Дегенмен  жалбыз

бүркенген бұлаққа етпеттеп еңкейіп, мұздай судан сіміріп болып, енді

түрегеле  берсем,  артымда  шоқиып  əлгі  көкқасқа  күшік  отыр.  Менің

таңдана  қарап  қалғаныма  жауап  бергендей  тез  тұрып,  құйрығын

бұлғаңдатты. Қызғылтым нəзік тілін шығарып, жаланып қойды.

− Е, байғұс, бір нəрсенің иісін сезген екенсің ғой, – деп дорбадағы

жарты таба нан мен қос жұмыртқаны шығарып, алдымен өзім наннан

бір  тістеп,  содан  соң  барып  көк  қасқа  күшікке  бір  үзімін  тастадым.

Лезде  қақшып  алып,  шайнар-шайнамас  бір-ақ  қылғытып,  басын

қисайта  қалып,  тағы  мөлиді.  Енді  оған  жұмыртқаның  бір  түйірін

тастап  ем,  шайнамай  жұта  салды.  Бірақ  қызғылт  тілімен  сүп-сүйрік

дымқыл  қара  тұмсығын  жалай  берді,  жалай  берді.  Мұнысы  маған

ұнаған болуы керек, жұмыртқаның қалғанын түгел тастай салдым. Ол

өзбектердің  аңшы  иттерінің  жоңышқа  арасынан  бөденені  бас

салғанындай, қақшып түсті.



Кейіннен  ойлаймын:  менің  қателескен  жерім  –  күшікке  жұмыртқа

тастау болды.

Не керек, сайдың арғы қабағына шығып, ауылдың борпылдақ қара

жолына түскенде де, күшік соңымнан қалмады.

−  Қайт!  –  деп  бір-екі  рет  жекіп  едім,  əлгі  неме  қаймығып,  сəл

шегінді де, шоқиып отыра қалып, мұңая қарағанда, шыдамадым.

−  Мейлі,  жүрсе  жүре  берсін,  –  дедім.  Əйтсе  де  Евгеньевка  жаққа

бұрылып көз салсам, күшік жоқтаған ешкім көрінбеді.

* * *

Үйге  таяп  қалғанда,  бөрте  лағын  жетектеп,  аузынан  түспейтін



махорка шылымын бұрқыратып, Хадиша кездесті.

−  Барсхан-ау,  мынауы  не  сұмдық?  –  деді  ол  көкқасқаға  ернін

шығара, менсінбей қарап.

− Евгеньевкадан өзі ілесіп қалмай қойды, – дедім, ұрлады демесін

деп ақтала сөйлеп.

−  Сенің  үйіңнің  жуындысы  біздің  Майлыаяққа  енді  бұйырмайды

десеңші,  –  деп  Хадиша  аузынан  түтінді  зеңбірек  атқыза  шығарып,

қасын  керіп  қойды.  –  Мейлі,  ит  жарықтық  жеті  қазынаның  бірі  дейді

ғой,  атын  Ақжол  қой,  соғыстағы  боздақтар  аман  келіп,  жолдары  ақ

болсын.


Хадиша шылымын кебісімен таптап өшіріп, көкқасқаға енді сынай

қарап:


−  Тұмсығы  біздей  екен  кəпірдің,  не  түлкі  алатын  тазы  болады,  не

кəззап  ұры  болады,  –  деді.  Тіпті  күшіктің  артқы  бір  аяғын  тарбитып

көтеріп  те  көрді.  Күшік  байғұс,  əуелі  жағымпазданып,  құйрығын

бұлғаңдатып, көзі жылтың-жылтың етіп, еркелеген болып еді, көтеріп

абыройын ашқанда, қыңсылап, тартыншақтап, менен көмек күткендей,

маған қарап жаутаңдай берді.




Хадиша  қолына  бірдеңе  жұғып  қалғандай,  алақанын  бір-біріне

үйкелеп тұрып:

−  Қарай  гөр  өзін  –  төбет  екен,  –  деді.  –  Дүбəра  ма,  қалай?  Жоқ,

тазы, тазы...

Хадиша  жеңешем,  сөйтіп  мені  дал  қылып,  ойға  қалдырып  кетті.

Біресе тазы, біресе ұры, біресе дүбəра дейді. Көңіліме күдік алсам да

тазы дегеніне сенгім келіп, өзімше бір үміттеніп те қалдым.

* * *


Үмітімнің  түрі  –  осы  таяуда  Керегетаста  көрген  түлкінің  баласы.

Керегетастағы тракторшыларға жалғыз өгіз жеккен арбамен су тасып,

түс  ауа  ауылға  қайтар  жолда,  қызыл  изен  қалың  өскен  ойпаңнан  бір

түлкінің баласы жылт ете қалған. Есім кетіп, арбадан аунап түсіп, ұзын

қамшымды  серт  ұстап,  тұра  кеп  қуайын.  Дəл  иегімнің  астынан  ат

басындай  алтын  қашқандай,  ышқына  жүгіргенім  сонша,  ə  дегенде

түлкі  кəдімгідей  қорқып,  қос  құлағын  жымқыра  зытты.  Едəуір  ұзап

кетіп,  құлағын  біресе  тікшитіп,  біресе  жымқырып,  шоқиып  отыра

қалып,  қиқ-қиқ  күлгендей  болды.  Дəме  шіркін  қиын  екен,  енді  ұрып

алатындай  барымды  салып  бағайын.  Түлкі  орнынан  ыршып  түсіп,

дөңгеленіп ала жөнелді де, бұрылып тағы қарады.

Аузы-басын  қисаңдатып,  мазақтап  тұрғандай  көрінеді.  Енді  оны

ұстап алудан күдер үзе бастасам да мына ыржаңдап күлгендей күйігіне

шыдай  алмай,  ентіге  ентелей  тағы  бір  ышқындым.  Даусым  да  ащы

шығып кетті.

Түлкі  бұлаң  етіп,  изеннің  қалыңына  қарай  бұралаң  тартқанда,

алдымыздан  пырдай  болып  бозғылт  балапандар  жан-жаққа  шашырап

жорғалай жөнелді.

Əлі қанаттанбаған бұлдырық балапандары болды. Қанаты қатайған

күннің  өзінде  бұлдырық  аспандап  алысқа  ұша  алмайды.  Мына  қу

түлкінің  қызыл  изен  алабын  жағалап  жүргені  де  осы  əдемі  құстың

əлегі шығар. Дүниеде бұлдырық етінен тəтті дəм бар дейсің бе?




Мен түлкіні ұстай алмадым, бірақ оның аранынан бұлдырықтарды

сақтап қалдым-ау деймін. Түлкі аңдып жүргенін олар көрді ғой, ендігі

амалын өздері табар.

Айдалада, көз ұшында қалған арбама салбырап əрең жеттім.

* * *

Əлгі  Хадишаның  сөзінен  кейін  кəдімгідей  үміттеніп,  Ақжолды



өзімше баптауға кіріскен болдым. Арманым: Ақжол қысқа дейін өссе,

оны алғашқы қарда қансонарға, Керетасқа, қызыл изенді ойпаңға алып

бармақшымын  баяғы.  Сөйтіп,  қызыл  түлкіден  өшімді  алмақшымын.

Тек Ақжол дүбəра болмай, тазы болып шықса ғой...

* * *

Мылтық тарс етті. Таңертең, Айшаның:



−  Орныңнан  қозғалма.  Бүркеніп  жат,  буын-буыныңды  буып  алған

суық термен шығады. Тер қатып қалмасын, шошаңдамай тыныш жат, –

деп қатаң ескерткені енді далада қалды. Жалаң аяқ, жалаң бас, жейде-

дамбалшаң,  алба-далба  болып  үйден  атып  шығып,  сүдігерге  қарай

сүріне-қабына  жүгірдім-ау...  Барсам,  Ақжол  күзде  өзім  салған

бораздаға құлап, артқы сол аяғы сүйретіліп жатыр. Алға жылжиын деп

біраз  тырмысқан-ақ  екен.  Жаралы  аяғын  жия  алмай,  жыламсырап

ыңырсиды. Мені көргенде көзі жаутаңдап, қыңсылағаны үдеді. Əлдене

дейді,  бірақ  түсінбеймін.  Түсінетін  не  бар,  мұңын  шаққаны  шығар.

Дереу  көтеріп  алып,  қанын  сорғалатып  үйге  алып  келе  жатқанда,

алдымнан кəдімгі Хадиша:

−  О,  қуратқан  қу  құдай!  Енді  көрсетпегені  осы  ма  еді,  –  деп  гөй-

гөйлеп қарсы алды. – Өзің төсек тартып жатқанда бұл не сұмдығың?

Итте нең бар, ойбай. Ит тұрмақ əкеңнің қайда қалғанын білмейсің... –

Ол кенет оқшия қалып:

−  Ойбу,  қараң  қалғыр-ай,  мына  байғұстың  аяғы  сіңіріне  ілініп

қалыпты  ғой,  обал-ай,  –  деп  күшікті  өзі  көтеріп,  мені  желкелеп  үйге

кіргізді. – Жат, ойбай, көрпеге оран!




− Жеңеше, – деп алқымыма өксік тығылып, əрең сөйледім.

− Не?


− Енді Ақжол түлкі ала алмайтын болды ғой...

−  Алда  тəңірі-ай,  арманын-ай  мынаның.  Алады,  неге  алмайды?

Қазір мен Кенжекүл кемпірді шақырып келейін.

Емдейді  ғой...  Жазылып  кетер.  Көп  болса,  Ахмет  ұста  сияқты  бір

аяғы жоқ болар...

Кіршеңдеу  жаулығының  астынан  бурыл  шашы  будаланып,  үйге

Кенжегүл кіріп келді. Ақжолды көріп дереу іске кірісті.

−  Басын  тізеңмен  басып  тұр!  –  деп  бұйырды  соңынан  кірген

Хадишаға.  Хадиша:  «Қауып  алмасын»,  –  деп  Ақжолдың  басына

бұрышта жатқан бос қапты жапты да, тізесімен емес, қолымен басты.

Тəуіп  кемпір  еркектерше  белдігіне  тағып  жүретін  қайыс  қыннан

кездігін  суырып  алды.  Кездіксіз  жүрмейді:  дəрі  шөптің  тамырын

қырқады, қызыл жантақ отайды, адыраспан кеседі.

−  Байғұс-ау,  аяғын  шынымен  кесіп  тастайсың  ба?  –  деді  Хадиша

Кенжегүлдің ойын біле қойып.

− Кеспегенде ше?

− Таңып қойса бітіп кетпес пе екен?

−  Сүйегі  талқандалған.  Мен  сынықшы  емеспін,  шөппен  емдеуді

ғана білемін.

Кенжекүл  кездікпен  жалғыз  сіңірді  қия  бергенде,  Хадиша  көзін

тарс жұмып, теріс айналып:

−  Ахмет  ұстаның  ағаш  аяғындай  аяқ  жалғауға  болмас  па  екен?  –

деді. Кенжекүл оған алара қарап:



− Оны қайтейін деп едің? – деді.

− Əшейін, Барсхан мұны түлкіге салмақшы еді ғой, енді үш аяқтап

түлкі алушы ма еді, – деді Хадиша менің кеудеме арман ұялатқанына

енді  өзі  кінəлі  адамдай  басыла  сөйлеп.  Кенет  даусын  өрекпітіп,

арқаланып кеткендей:

− Қараң қалғыр түге, керман сұм біздің ер-азаматтарымызды атып,

аяқ-қолынан  айырады.  Мұнда  болса  Жуанқұл  жұмыртқамды  жеп

қойды деп итті атып, аяқсыз қалдырады. Атқыш болса, соғысқа барып,

фашисті неге атпайды? – деп Ақжолды атқан колхоз бастыққа кіжінді.

Кенжекүл  Ақжолдың  шолтиып  қалған  тұқыл  аяғына  киіз  күйдіріп

басқанда,  күшік  байғұс,  баж-баж  етіп  бұлқынды.  Бірақ  Хадиша  оны

тырп  еткізбей  басып  тұрған,  Ақжол  əлі  əлсіз  ғой,  босана  алмады.

Кенжекүл оның тұтқыл аяғын таңып тастады.

Жуанқұлдың  Ақжолды  неге  атқанын  енді  түсініп  жатырмын.

Ақжол оның тауық қорасына кіріп кетіп, жұмыртқасын жейді екен ғой.

Оны Хадиша да біледі екен ғой. О баста жұмыртқамен ауыздандырған

өзім кінəлі екенмін да...

Көп  ұзамай  қар  да  жауар.  Қызыл  изенді  ойпаңда  қызыл  түлкі

алғашқы  қарға  аунап  құлпыра  түсер.  Енді  үш  аяқты  Акжолмен  оны

қалай  аулаймын?  Акжол  пештің  түбінде  алдыңғы  екі  аяғына  басын

салып,  көзін  бір  ашып,  бір  жұмып,  сораң  жасы  ып-ыстық  қара

тұмсығына дейін сорғалай ағып жатыр. Түлкі қуа алмайтынына ол да

өкінетін сияқты.

Терезе сыртында сүдігер қараяды.

Сүдігерде күрдек бас мия мен қызыл изен ызыңдайды.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   19   20   21   22   23   24   25   26   ...   69




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет