АЙША О ДҮНИЕЛІК БАЛАЛАРЫН УАЙЫМДАЙДЫ
Егер шашы ұзын əйелдердің жарысын, казіргі тілмен айтқанда
«конкурсын» өткізсе, біздің Айша бəрінен де озып шығар еді. Ең
құрығанда Мыңбұлақ көлемінде.
Білектей-білектей қос бұрымы тілерсегіне түсер еді. Мұртаза барда
біздің үйдің қызметінде жүретін Əйнек əжеміз Айшаның шашын
тарасып, бұрымдарын өріп, шолпысын тағып береді екен. Əйтпесе,
Айша жалғыз өзі ол шашқа ие бола алмас екен.
Мұртаза кеткен соң, ең жақын деген ағайын да, бірен-саран
Құдайға қарағаны болмаса, бірте-бірте алыстай бастады. Əйнек əжеміз
де қартайды. Енді Айша өз шашымен өзі алысатын болды. Баяғыдай
«шаштарын бес күн тарап, он күн өретін» заман қайда?
Тілерсекке түскен қос бұрым Айшаның көркі болса, енді азабына
айналды. Таң азаннан тұрып қызылшаға кеткеннен, күн батқанда бір-
ақ келетін Айшаның шаш баптайтын халі бар ма?
Қызылша алқабына жеткенше жалғыз аяқ пішен теңізін кесіп өтеді.
Сонда Айшаның бұрымына ошаған мен түйежапырақтың тікендері
жабысып тұрып қалады. Оны теріп, ажыратып алу бір қиямет.
Бір күні жұмыстан кайтқан соң, Айша қара қазанға суды толтырып,
жылытты. Суды Бердімбет сайынан таситын – мен. От жағып,
жылытатын – Құрмаш. Айшаның үш баласы үшеулеп жатып,
ошағанын теріп, бұрымын əрең тарқаттық-ау.
Мен қолбақырмен Айшаның басына су құйып тұрмын.
Айша сахарлы қара сабынмен шашын сабындап бола алмай жатыр.
Шашының ұш жағын Құрмаш ұстап тұрмаса, жерге төгіліп кетеді.
Жуып болуына бір қазан су əрең жетті-ау.
− Қараң қалғырдың шашын анау Аннаның шашындай шорт кесіп
тастасам ба екен? – дейді Айша. Аннасы біздің үйде тұрған неміс
əйелі.
− Кеспей-ақ, бұрымыңды шұбар мұғалім сияқты төбеңе түйіп
алмайсың ба? – дейді Құрмаш.
− Тəйт əрі!
Енді мұншама шашты тарау деген де ақырет екен. Қадақтап сатқан
сары майдың ақшасына алған мүйіз тарақ шыдамай, тістері бырт-бырт
сынып кете береді. Бір бұрымын Айша өзі, бір бұрымын Құрмаш
тарайды.
− Құдай маған мұншама шаш бергенше, бармақтай бақ берсеші, –
дейді Айша, тарақ тісіне ілініп түскен уыс-уыс шашты бір талына
дейін қалдырмай мұқият жинап, шүйкелеп орап отырып. – Əй, бірақ
өзі де сирейтін шығар. Баудай түсіп жатыр ғой. Мына сұм заман
қойсын ба?!
Сонда мен қалың шаштың сиреуіне «сұм заманның» қанша қатысы
бар екенін түсіне қоймадым. Сөйтсем, адам өзі тозбайын десе де,
жазмыштан озбайды екен ғой. Тарпаң тағдыр табанына адамды бір
салмасын. Бір салса, тас керең боп, айқайласаң да арызыңды есітпейді.
Айша Құрмаш екеуі қос бұрымды өріп болып, ұштарын баяғыдай
шолпымен емес, жай көк шүберекпен түйіндеді. Тарқатылып кетпесін
деп.
Тарақтың тісіне ілініп түскен шашты Айша уыстап отырып, əбден
шүйкеледі. Сол қобыраған күйінде сыпыра салса қайтеді? Жоқ, əлі
шиыршықтап отыр. Сиырдың түлек жүнінен біздің киіз доп
жасайтынымыз сияқты, қос алақанымен əлгі өлі шашты əбден
нығарлады.
Содан соң, сабы күйген дəу қара пышақты алып, табалдырықтың
түбін қаза бастады. Едəуір тереңдетіп барып, əлгі түйіншек шашты
шұқырға салып, қайтадан өзінің сабымен таптады-ай келіп.
Құрмаш:
− Апа, бұл неғылғаның? – деді.
Айша біраз үндемей, əлгі топырақты енді алақанымен таптап
отырып:
− Менің сендерден басқа да балаларым бар ғой, – деді даусы
дірілдеңкіреп. – Үшеуі де нəресте кетті. Құттыбай, Елтай, Сəткүлді
айтам. А - а - аһ! Мұртазаны алары бар Құдай тым болмаса, соларды
тірі қалдырғанда, мұншама мұз тақырға отырмас па едік. Маңдайға
сыймай кетті, қайтейін...
Басын көтеріп, бізге қарап:
− Ойбу, сорлы басым-ай, қайдағы-жайдағыны айтқанша, Құдайдан
сендердің өмірлеріңді тілесемші, – деп түрегелді.
Ұлдан гөрі қыз бала пайымдырақ келетін шығар, Құрмаш қоймады.
− Сол өліп қалған үш баланың мына сен көміп тастаған шашқа
қандай қатысы бар?
− Əйел баласы шашын беталды тастамас болар, – деді Айша. –
Тарақтан түскен шаш əлдеқалай отқа күйсе, о дүниеде балалары
шырылдайды дейді. Анасының шашының отқа күйген иісін танып
қояды екен де: «Анамыз тозақ отына түсіп кетті-ау!» – деп шыр
айналып шырылдайды екен. Тозақ отынан анасын құтқарып алмақ
болып, өздері де сол тамұқ өртіне түсіп кете жаздайды екен.
Əне, сондықтан шашты көміп таста. Далаға тастасақ, жел ұшырып
немесе құс ұя салып, əйтеуір, бір себептен отқа күйсе, о дүниелік
нəрестенің обалына қаласың.
Ал мен болсам жатып аламын да ойланамын: анасы үшін о
дүниедегі балалар отқа түсе жаздағанда, бұ дүниедегі біз сияқты
пəндалар не бітіріп жүрміз? Не жақсылық жасадық анамызға?!
Мен паркке бара жатқанда, Қазыбек би көшесі мен Қонаев
көшесінің қиылысында бір мəшке итті машина басып кетті. Жаңадан
күшіктеген екен. Күшіктері арыққа төселген құбырдың ішінде қалған.
Машина соларды таптап кетеді-ау деп, ана сорлы моторлы тажалға
қарсы ұмтылған.
− Ана сүтін ақ ішкен адал ұлға, Дүниенің төрт бұрышы болар
тұлға! – дер еді Айша...
Ана қарызынан қалай құтыламыз?!
Достарыңызбен бөлісу: |