Бірінші кітап (роман – диалогия)



Pdf көрінісі
бет27/69
Дата28.03.2022
өлшемі2,11 Mb.
#28989
1   ...   23   24   25   26   27   28   29   30   ...   69
ЖОЛАН - ЖАНЫСТЫҢ ҚЫЗЫ

Бұл  əңгімеде  мен  жеті  жылға  шегініс  жасамақшымын.  Қазір  ғой

қырық  төртінші  жылдың  көктемі.  Ал  əңгіме  ойранды  отыз  жетінің

күзіндегі бір оқиға туралы.

Сары ала күздің таңы есінеп-есінеп алып атқанда, Айша колхоздың

қызылшасына  кетеді.  Қызылша  дегенді  бұл  аймақ  естіп-білмеген.

Бірақ  Мыңбұлақтың  қара  бұйра  топырағына  осы  дақылдың  тұқымы

түсуі  мұң  екен,  дүркіреп  ала  жөнелді.  Қызылша  ат  басындай  болып

өсті.  Агрономы  −  ауылдың  оқымаған  ақсақалы  Əбдікəрім  деген  кісі.

Көкала болған сақалы желбіреген, кеудесі керіскедей, қызылшырайлы,

ірі  кісі  еді,  мына  ат  басындай  қызылшаны  өзі  толғатып  тапқандай,

айдарынан  жел  есіп,  Құдайы  беріп  тұрған  кез.  Ауданнан,  облыстан

бастықтар келіп, оқымаған агрономды арқасынан қаққанда, жарықтық

дем ала алмай, жарылып кете жаздайды.

Бес  жасқа  толар-толмас  кезім  шығар,  Айшаға  түс  əлетінде  айран

алып барамын. Қызылша басы қызық-думан сияқты көрінеді. Қызыл-

жасыл  қыз-келіншек  тəтті  тамырды  тазалап,  тау-тау  қылып  үйіп

жатыр.  Жаманшылықтан  белгі  жоқ,  тамағы  тоқ.  Əр  жерден  əуендетіп

əн салғандар, сыңғырлаған күміс күлкі. Əрі еңбек, əрі театр.

Сол қызықтың үстіне тағы бір «əртіс» келіп қосылды. Ол Боранды

бекет  жақтан  келді.  Жетегінде  құйрығы  тегенедей  дəу  көк  қошқары

бар.  Келе  қыз-келіншекке  қырғидай  тиді  дейсің.  Сөйтсе,  балдыздары

көрінеді.  Қыздар  шыңғырады,  кейде  бəрі  жабылып,  əлгі  жезденің

қойны-қонышын  тінткілеп,  ақшасын  да,  шақшасын  да  тонап  алады.

Қыран-топан қызықтың көкесі осы. Театр дегенді білмейтін елге бұдан

артық театр не керек?!




Сөйтсе, бұл атақты Қадыр «тентек» екен. Осы елге күйеу. Дəлірек

айтқанда,  Мұртазаның  туған  қарындасы  Əдия  дейтін  əпкемізді  алған.

Боранды  бекеттің  базарынан  қайтқан  беті  екен.  Ауылы  осыдан  бес

шақырым  күншығыста,  анау  қырғыздың  шекарасында  жатқан

Шоңқара.  Оны  орыс-қазақ  қазір  Андреевка  дейді.  Шымыр,

шанышқылы, орыс дейтін елдер аралас отырады.

Балдыздарымен  ойнап-күліп,  құмардан  шыққан  соң  жездеміз  мені

көріп  қалып,  шақырып  алып,  қыздардың  талауынан  қалған  бірер

мəмпəси  кəмпитті  маған  береді.  Бұрын  көрген  –  көрмегенім  есімде

жоқ, бірақ бұл адам осы маған қатты ұнады.

− Біздің ауылға барасың ба? − деді.

− Барамын, − деппін ойланбай.

−  Жүр,  ендеше,  кеттік,  −  деп,  қолыма  шыбық  берді,  −  мына

қошқарды  айда.  Кешке  осының,  асығын  саған  алып  беремін,  −  деді.

Айшамен  сөйлесіп  біраз  тұрды.  Сірə,  мені  алып  кететінін  айтқан

болуы керек.

Сонымен, жалғыз аяқ жолға түстік. Алдыда Қадыр жездем, ортада

көк  қошқар,  соңында  –  мен.  Талай  сайлардан,  сылдырлап  аққан

сулардан өттік. Бұзылып, дуалдары қалған ескі жұрттың тұсынан өтіп

бара жатқанда жездем:

−  Мынау  біздің  ескі  қонысымыз.  Менің  əкем  Ошпанқұл  байдың

ордасы, − деді.

Ескі дуалдардың үстіне тізіліп қарғалар отыр.

− Осының бір жерінде əкем жасырған алтын жатыр, − деді жездем,

қураған шоңайна, тікен басып кеткен үйінділер тұсында тоқтап тұрып.

− Қайда екені белгісіз?

Алтын дегеннің не екенін біле бермеймін, бірақ өте қызық бірдеңе

сияқты елестеп:




− Онда іздейік те, − деймін.

Қадыр  айдалада  қарқылдап  күлгенде,  дуалда  отырған  қарғалар

қалбаң-қалбаң ұша жөнелді.

−  Бір  білсе,  осылар  біледі.  Бірақ  бұл  арамдар  айтпайды,  −  деді

Қадыр ұшқан қарғалардың соңынан сазара қарап тұрып.

Сөйтсе,  осыдан  он  шақты  жыл  бұрын  байларды  кəмпескелеу,

тəркілеу  деген  болыпты.  Байлар  дүние-мүлкін  жасырыпты,

жасырмағанын өкімет тартып алыпты. Байларды қамап, алысқа-алысқа

жер  аударыпты.  Ошпанқұл  бай  оз  ажалынан  қайтты  ма,  жоқ  айдалып

кетті ме, оны маған Қадыр айтқан жоқ, сұрауға менің өрем де жеткен

жоқ. Ал Қадырдың өзі Мұртаза сияқты түрмеге отырып шығыпты. Бір

ұл,  бір  қызын  детдомға  өткізіп  жіберіпті.  Кейін  оларды  таба  алмай

қалыпты.  Ең  көңілді,  ең  бақытты  сияқты  көрінген  Қадырдың  өзінде

қанша қайғы жатыр...

* * *

Сонымен, Шоңқараға да жеттік. Суы сарқырап, ақ көбігі атқылаған



диірменнің  тұсынан  да  өттік.  О,  бұл  диірменді  алда  мен  əлі  талай

көремін.  Болашақта  «Мылтықсыз  майдан»  атты  романымның  бір

геройы осы Шоңқара диірмені болады.

Ал  əзір  мен  роман  дегенді  де,  кітап  жазу  дегенді  де  білмеймін.

Білетінім: Шоңқара сайының батыс жағындағы жатаған балшық үйлер,

айналасы  тап-тақыр,  тастақ.  Сайдың  шығыс  жақ  беті  қалың  орман,

шошақ,  маяжон  төбелі  ақ  үйлер.  Ғажайып  шаһар  сияқты.  Ол  жақта

көбінесе  орыстар,  немістер  тұрады  екен.  Тастақта  отырған

шанышқылылар,  яғни  найзалылар.  Бір  кезде  найзагер  болса  болған

шығар,  ал  мен  бес  жаста  көрген  шанышқылылар  ауылы  −

Америкадағы қызыл терілі үндістердің резервациясы сияқты еді.

Мені құшақтап, бетімнен сүйіп, айналып-толғанған ақсары ажарлы

əйел − Мұртазаның туған қарындасы, менің əпкем Əдия екен.



«Ал, құда бала», − деп, алдыма бір тостаған алқоры қойған бүкіш

қара  кемпір,  Қадырдың  шешесі,  Əдияның  енесі  Оразкүл  екен.  Маған

суреті  бар  кітаптарын  көрсетіп,  қасымнан  шықпай,  айналшақтап

қалған  он  жасар  шамасындағы  бала,  Қадыр  мен  Əдияның  детдомнан

аман қалған жалғыз ұлы Машан екен.

Уылжыған  тəтті  алқорыны  жеп,  кітаптың  суреттерін  көріп

отырғанымда, қабырғасы жұқа, күрке сияқты үйдің сыртынан жездем

мен  əпкемнің  ұрысқан  даусы  шықты.  Екеуі  кəдімгідей  сөзге  келіп

жатыр.  Не  екенін  түсінбеймін.  Бүкіш  қара  кемпір  мен  алдансын  деді

ме, əлде шын мейірі ме − сандықтан жаңғақ алып берді.

Ұрыстың  себебі  мен  екенмін.  Əдия  Қадырға:  «баланы  неге  ертіп

келдің»  деп  шатақ  шығарады.  Əпкем  мені  жек  көреді  екен  ғой  деп

шамалаймын.

Сөйтсем,  менің  бұл  үйге  бірінші  рет  келуім  екен.  «Құда  бала»

дəрежесінде мен бұл үйге тұңғыш рет келгеннен соң, кəстөм-шалбар,

көйлек  киіп,  ат  мініп  қайтуым  керек  екен.  Бір  кездегі  шалқыған  бай

үйдің  қазір  кəстөм-шалбар  кигізіп,  ат  мінгізуге  қауқары  қалмапты,

Соған  қорланған  бір  кездегі  байдың  қызы,  байдың  келіні  Əдия  əпкем

намыстанбай  ма?  Ойында  еш  дақ  жоқ,  ақкөңіл,  аңқылдақ  күйеуі

Қадырға:  бұл  қай  жындылығың,  артын  неге  ойламайсың  деп,

қиғылықты салмай ма?

Тұла бойы тұнған намыстан жаралған қайран қазақ. Намысы мол,

айласы аз, бағы да сол, соры да сол.

Шəй  ішіп,  тамақтанып  болған  соң,  Машан  мені  сайдың  арғы

бетіндегі  алмалы  ауылға  алып  барды.  Бұрын  алма  жеп  жүрсем  де,

алманың  ағаш  басында  өсетінін  көргенім  сол  шығар.  Бəрі  қызық,

ғажайып бөтен дүние. Қызыққаным сонша, қып-қызыл, сиқырлы сұлу

жеміске балалықпен қол созсам керек. Шарбақтың ар жағынан қасқыр

сияқты тік құлақ, көк төбет арсылдап қоя берсін. Іле-шала шашы қып-

қызыл,  сепкіл  бет,  бөтен  пішінді  бала  мен  білмейтін  тілде  бірдеңе-

бірдеңе деп айқайласын. Артынан қызыл ала белдемше таңған, жирен

шашты əйел шығып, қызыл шаш балаға ұрыссын. Сөйтіп, Машанның

дорбасына толтырып алма салып берсін.



Бұл менің орыс дейтін елдің ауылын бірінші рет көруім еді. Үйлері

шошақ  болады  екен,  төбесін  қамыспен  жабады  екен.  Қоралары  тап-

таза. Біздің ауылдағыдай есік алдында үйіліп жатқан күл, тезек, қоқыс

көрінбейді.  Балпаңдап  қалған  үйрек  дейтін  құс  асырайды  екен.

Қаңқылдаған  қаздары  болады  екен.  Ата  қаз  ашушаң,  бөтен  балаға

мойнын созып тура кеп ұмтылады екен. Белдемшелі, жирен шаш əйел

өзінің сепкіл бет баласын ұрсып, қуып жібергендей, ата қазды да қуып

жіберді.  Ішім  жылып,  жақсы  көріп  қалдым.  Бірақ  ауладан  бір  түрлі

жағымсыз иіс шығады. Сөйтсе, шошқа деген болады екен. Жалғандағы

жаман иіс соныкі көрінеді.

Жездем мен əпкемнің үйінде қанша күн жүргенім есімде жоқ, бірақ

ауылды қатты сағынып кеткенімді білемін. Оразкүл кемпір мен Машан

мен  жалықпасын  деп  бар  ықыластарын  салады-ақ:  жаңғақ  береді,

алма,  алқоры  деген  көп.  Машан  бар  асықтарын  алып,  алдыма  жайып

салды.  Бірақ  ауылымды,  үйімді  сағынғаным  сонша,  Машанның

асықтарын көйлегімнің ішіне сыйғанынша салып алып, ауыл қайдасың

деп зытып беріппін.

Қадыр жездемнің қошқарын айдасып келген жолға түсіп, күнбатыс

жақты бетке алып, жүгіре берсем керек. Екі ауылдың арасында ел жоқ.

Тек  терең-терең  сайлар,  жетім  қалған  дуалдар.  Жездем:  «алтын

көмген» деген сайдың табанына түскенде өкпем өшіп, шаршағанымды

сезіп,  етпеттеп  жата  қалып,  мөлдір  бұлақтан  сіміре  бергенімді,

қарныма Машанның асықтары батқанын білемін.

Содан  бұлақ  басындағы  жалбыздың  иісіне  мас  болып,  тұруға  да,

жүруге  де  ерініп,  қисая  кетсем  керек.  Одан  арғысы  белгісіз,  қатып

ұйықтап қалыппын.

Біреулер  дабыр-дабыр  сөйлеген  сияқты,  мен  жерден  көтеріліп,

ұшып бара жатқан сияқтымын. Бір кезде көзімді ашып қарасам, Əдия

əпкем мені көтеріп алыпты. Қасында – Машан...

Менің  қашқанымды,  жалғызаяқ  жолға  түсіп  алып  зытқанымды

Оразкүл кемпір көріп қойса керек. Бірақ сексендегі кемпір мені қуып

жете  алмайды  ғой.  Содан:  «Ойбай,  құда  бала  кетіп  қалды»  деп




байбалам салмай ма?! Əдия əпкем мен Машан өкпелерін қолына алып

қумай ма?!

Сөйтіп,  шанышқылылардың  ауылына  қайтып  келдім.  Айдалада

ұйықтап қалғанымды естіп, Оразкүл кемпір жеті нан құдайы атап, күн

батар шақта мені сумен ұшықтады.

Ертесіне  Əдия  əпкем  мені  диірменге  ертіп  барып,  біздің  ауылдан

келген Нəметқұл дейтін кісіге табыстады.

Нəметқұл  диірменге  атты  арбамен  келген  екен.  Бидайынан  ұн

тартып, қаптарын арбаға артып, мені жанына отырғызып алып, ауылға

аттанды.


Басқа  жолмен,  сайлары  жоқ  қара  жолмен  кеттік.  Бір  сайдың

басындағы  төмпешікте  зират  бар  екен.  Зираттың  тұсынан  өтіп  бара

жатқанда,  Нəметқұл  арбаны  тоқтатып,  жерге  түсіп,  шөкелеп  отырып

дұға оқыды. Одан соң бір төмпешіктің түбінде ағарып жатқан жілікті

алып,  ары-бері  үңіле  қарап,  сынып  қалатын  шыны  құсатып  абайлап

ұстап,  əлгі  төмпешіктің  бүйіріндегі  тесікке  тастап,  күректей

алақандарымен топырақ үйді.

Ол  жілік  моладан  қалай  шығып  кеткен  −  ақылым  жетпейді.  Бірақ

енді зират көрсем, Нəметқұл есіме түсетін болды.

Соның  алдында  ғана,  мен  туған  отыз  екінші  жылы  адамдар  көп

қырылған деседі. Көбісі көмусіз қалған деседі. Сондай сорлының бірі

ме, кім білсін?

Нəметқұлдың сол ісі, қураған жілікті аялап күбірлегені, қастерлеп

көмгені көз алдымнан кетпейді. Адам адамның есінде мəңгі қалу үшін,

үлкен ерліктің керегі жоқ шығар. Мəңгілікке татитын бір əрекет жетіп

жатыр.


Əйтпесе,  осы  жолмен  басқа  адамдар  өтпеді  дейсің  бе?  Олар  əлгі

сүйекті көрмеді дейсің бе...




Жаның  жаннатта  болсын,  Нəметқұл  көке.  Əкей  «халық  жауы»

болып  кеткеннен  кейін,  үрпек  балапандай  үш  баланы  үрейлендіріп,

Айша  өз  бетін  өзі  жұлып,  қанатып,  аңырағаннан  кейін,  əскерге

кеткенше,  осы  Нəметқұл  мені  басымнан  талай  сипады.  Заманы  соғыс

болған  соң,  баланың  ойыны  да  соғыс  болса  керек.  Қаңылтырдан  ұш

жасап,  қамыс  жебе  басына  кигізіп,  садақ  тартушы  еді.  Сонда  бір

баланың жебесі менің сол қабағыма қадалды да қалды. Нəметқұл темір

ұста дүкенінен атып шығып, шырқыраған мені көтеріп алып, садақтың

оғын қабағымнан суырып тұрып: «Құдай сақтапты, көзіңнен айырыла

жаздапсың ғой», − деп, емдеп-домдағаны есімде.

Сол  жақ  қас  пен  көздің,  арасындағы  тыртық  сол  «соғыстың»

таңбасы.


Сонымен, қырық төртінші жылдың көктемі. Қадыр жездемнің көк

қошқарын айдасып, мен Шанышқылы ауылына алғаш барғаннан бері,

арада  жеті  жыл  өте  шықты.  Енді  мен  бес  жасар,  шала  есті  ерке  бала

емес, жеті жыл ішінде талай бəле көрген, он екі жасар жүгермекпін.

Осыдан  жеті  жыл  бұрын  маған  көне  сандықтан  жаңғақ  алып

беретін бүкір кемпір Оразкүл қазір біздің үйде. Үш баланың бастығы −

сол. Мұртазадан қалған үш жетім сол бүкір кемпірдің айтқанын істеп,

айдауында жүреміз.

Ол  былай  болды:  Қаратаудың  ар  жағында,  Бурылтаудың  арғы

бетінде  Айшаның  төркіні  болады  екен.  Айшаның  туған  шешесі

Құлыхан  деген  кісі  (жаны  жаннатта  болсын)  дүниеден  өтіпті.  Сондай

сұмдық  хабар  алған  соң,  Айша  (не  көрмеген  Айша)  əуелі  жылап-

сықтаса  да,  кенет  тас-түйін  боп  түйіліпті  де,  Шанышқылы  ауылына

барып,  осы  Оразкүл  кемпірді  алып  келді.  Қасына  Дошанай  молданы

ертіп алып, төркініне жүріп кетті.

Қанша  қиын  болса  да,  заман  қанша  ауыр  десе  де,  туған  анасы

қайтқанда, төркініне барып бата оқытуға жарамаса Айша – Айша бола

ма?!


Сөйтіп,  Айша  орнына  бүкір  кемпір  Оразкүл  қалды.  Енді  ойласам,

сол  кезде  айналамызда  екі-үш  күн  бізге  қарайласа  тұратын,  ағайын-




туған қалмаған екен ғой. Тұрымтай тұсымен, балапан басымен кеткен

заман.


Оразкүл  анамыздың  айтқанын  істейміз.  Он  жасар  Құрмаш  қурай

теріп, отын дайындайды. Мен терең сайдан су тасимын. Жетіге жеткен

Батырхан əлжуаз, беске дейін жүре алмай мешел болған аурушаң неме,

жұмысқа жарамайды.

Немен  күн  көріп,  немен  тамақтанғанымыз  есімде  жоқ.  Есімде

қалғаны, күн бата салысымен тауықтар сияқты біз де жертөсекке қаз-

қатар  жатып  алып,  Оразкүл  кемпірдің  əңгімесін  тыңдаймыз.  Бəлкім,

қара  қазанға  қара  су  құйып,  тас  қайнатқаннан  басқа  ештеңесі  жоқ

біздерге азық болған сол бүкір кемпірдің ұзақ-ұзақ əңгімесі шығар.

−  Мына  Ақсайдың  аузынан  ары  Ақсу-Жабағылы  деген  ел

басталады.  Сол  Ақсу-Жабағылының  арғы  беті  −  менің  төркінім

болады, – деп сарнай бастайды Оразкүл кемпір. − Оның қасында мына

тау  тау  ма,  −  деп,  түн  қараңғысында  біздің  үйдің  желкесіндегі

Алатауды  меңзеп  жатқандай  болады.  −  Біздің  ауыл  жердің  жаннаты

ғой,  шіркін.  Шыңдары  аспанды  тіреп  тұрады.  Ақ  көбік  өзендері  атты

адамды жаңқа құрлы көрмей ағызып əкетеді.

Біздің үйдің желкесіндегі Талас Алатауын «тау ма» деп кемсіткені

көңіліме келсе де, бүкір кемпірдің төркіндерінің отанына қызығамын.

− О, біздің Ақсу-Жабағылыда не жоқ, − деп, бізді қызықтыра түседі

Оразкүл,  −  ну  орман,  арша,  ақ  қайың,  қызыл  қайың,  шашын  жайған

сəмбі  тал,  жүз  жылдық  зипа  шынар  –  бəрі  бар.  Арасында  аюлар  өріп

жүреді.  Арқарлар  мен  таутеке,  киіктер  Қарынбайдың  малы  көрінеді.

Ұлар  мен  кекілік  сайрағанда,  тау  жаңғырады.  Солардың  бəрінен  де

биікте, қарлы шыңдарда теңбіл барыс болады.

− Барысты сіз көрдіңіз бе? − деймін мен шыдай алмай.

−  Көрдім.  Əкем  жарықтық  аңшы  еді.  Бір  барысты  торға  салып,

тірідей  алып  келгені  есімде.  Дүниеде  мұндай  сұлу,  мұндай  паң,

тəкаппар аң болмас.




− Оны қайттіңіздер, асырадыңыздар ма?

− Асырауға көнбейді ғой. Есімде қалмапты, біреуге беріп жіберді-

ау деймін, − дейді кемпір білмегеніне кешірім сұрағандай.

−  Əкем  Жолан-Жаныс  еді.  Біздің  елді  Жолан-Жаныс  дейді.  Жолан

деген кісі Төле би деген əулие кісінің баласы екен. Жоланнан тараған

ел  көп  қазір.  Ойбу,  айтпақшы,  сенің  үлкен  əжең  Күнікей,  ой

аруағыңнан  айналайын,  Жолан  –  Жаныстың  қызы  ғой,  менің  əпкем.

Сен  оны  көрген  жоқсың  ғой,  қайдан  көресің,  мында  тудың  ғой.

Күнікей − Мұртазаның анасы. Күнікейден Əбдімомын, атын ұмыттым,

қырғызға  кеткен  бір  қыз,  Əміреқұл,  біздің  келін  Əдия  туған.  Əдия,

Сəния  егіз  екен.  Сəниясы  кішкентайында  шетінеп  кеткен.  Əне,  Əдия

əпкең  кімнен  туған.  Сөйтіп,  əкең  Мұртаза  Жолан-Жанысқа  жиен

болғанда,  сен  жиеншар  боласың,  −  дейді  көрпемді  қымтап  қойып,

Оразкүл апам.




Құрмаш қарындасым мен Батырхан ұйықтап қалған. Менің ұйқым

келмейді. Оразкүл апамның əңгімесін тыңдай берсем деймін. Оразкүл

айтқан Төле би, Жолан-Жаныс елі – ғажайыптар елі сияқты елестейді.

Əсіресе  теңбіл  барыс  кейін-кейін,  талай-талай  түсіме  кіреді.  Теңбіл

барысқа мініп алған бабаларымды көремін. Мен де мінер ме едім деп

армандаймын.

Оразкүл  əңгімесі  үзілсе,  қарнымның  шұрылдап  ашып  жатқанын,

өзегім  талып,  үзілгендей  болғанын  лезде  сеземін.  Ал  Оразкүл

сөйлегенде, онымды ұмытқандай боламын.

Оразкүл  кемпір  соны  білгендей,  əңгімесін  соза  береді.  Мен  Ақсу-

Жабағылыға  жетіп,  Шатқалдағы  жаңғақ  орманын  аралап  жүремін.

Кілең қара мақпал, жабайы жылқыларды көремін. Төле би заманынан

қалған,  содан  жабайы  боп  өсіп-өнген  тарпаң  тағылар.  Қаз  мойын,

қамыс құлақ, қара айғыр маған оқыранып келіп, жұп-жұмсақ ернімен

алақанымды  жыбырлатады.  Мойнын  иіп,  тақтайдай  жап-жазық

арқасын  меңзейді.  Мен  атлас  жүнді,  жұп-жұмсақ  аттың  арқасына

қарғып мініп аламын.

Қара  айғыр  шатқалды  жаңғырықтыра  кісінеп  алып,  бір-ақ  қарғып

аспанға шығып, ұшып ала жөнелді. Төменнен:

− Түс, түс! − деп Айша айқайлайды.

− Қайда, қайда? − деп Құрмаш пен Батырхан қол созады.

−  Қайт,  қайт,  енді  ұрыспаймын,  «халық  жауының  баласы»

демеймін, − деп Жуанқұл бастық жалынады.

− Ұш, балам, ұш! Астыңдағы ат емес, аруақ. Ата-бабаңның аруағы.

Сені  аруақ  қолдады,  балам,  арманыңа  жет!  −  деп,  Қамқа  кемпір  қол

жаяды.


−  Əй,  тентек,  түс  көріп  жатырсың  ба?  −  деп,  Оразкүл  апам

сыбырлайды. Не түс екенін, не өң екенін білмей, ғажайып ертегілер елі

мен аш-жалаңаш азынаған азаптар елінің арасында мен жатамын.



Осындай  түнді  сыйға  тартқан  Оразкүл  апам  о  дүниеде  пейіштің

төрінде болғай...

Сендей  адам  жаннаттан  жай  тапса  жарасар,  Жолан-Жаныстың

қызы,  отыз  жетінің  қысында  атылып  кеткен  Қадыр  жездемнің  асыл

анасы...

АҚҚЫЗ

Күн  батып,  қас  қарайғанда,  жылқыны  Қуанышбайға  өткізіп,  үйге

қайттым. Қуанышбай менен гөрі ересектеу. Түнгі кезекке сол шығады.

Əкесі  Сұлтан  əскерде.  Ақтамақ  дейтін  өгей  шешесінің  қолында

тұрады. Өз анасы ұлы ашаршылықта кеткен көрінеді. Ал Ақтамақтың

бұрынғы  күйеуі  Бегалы  да  аштан  өлген.  Сөйтіп,  Сұлтан  əйелден,

Ақтамақ  күйеуден  айырылған  ғой.  Сұлтан  Бегалының  жақын  інісі

екен.  Тағдыр  шығар,  «екі  жарты-бір  бүтін»  демекші,  ағайын  болып

Ақтамақты Сұлтанға қосқан екен.

Қайран  қазекем,  сұрапыл  сойқаннан  сансырап  шықса  да,  жесірін

ерден  кетсе,  елден  кетірмеуге  тырысқан.  Сұлтан  сіңірі  шыққан  кедей

еді.  Əлі  есімде:  қыстың  күні  жаман,  жалғыз  көрпесін  жамылып

жүретін.  Ақтамақ  Сұлтаннан  Науат  дейтін  бір  қыз  тапты.  Бейшара

бүкір  еді.  Омыртқасы  жарақаттанып,  тумай  жатып  мүгедек  болып

қалды.  Жанары  ботаның  көзіндей  жəудіреп,  адам  көрсе  бір  жəрдем

тілегендей  жаутаң-жаутаң  еткенде,  жаның  шырылдап,  жүрегің

жылағандай боласың...

Қуанышбай жылқыны санап болып:

− Қайта бер, − деді. Жаз болса да жаурап тұрғандай, жағы үрпиген,

жүдеу.  «Əкесіз  жетім  −  арсыз  жетім,  шешесіз  жетім-шерлі  жетім»

деген рас болар. Шешенің, яғни Айшаның барына тəуба!

Бірақ Құдай сол Айшаның өзін көп көре жаздады.

Үйге келсем, есіктің алдында Айша қос қолымен маңдайын тіреп,

жүресінен отыр. Қасында қара құман ұстап Құрмаш тұр.




− Апам ауырып қалды, − деді.

Есіктің  көзінде  ербиіп  тұрған  Батырхан  жыламсырайды.  Соның

алдында ғана Айша қызылшадан қайтыпты. Есіктің алдына жете бере

құлап түсіпті.

Құрмашқа:

− Су, су, − десе керек.

Содан су іше-іше, артынша қатты қиналып құсыпты.

Енді «үһ» деп маңдайын тіреп отырған кезі екен.

− Барсхан, келдің бе? − деді ыңырсып.

− Келдім ғой...

− Басым жарылып барады. Мыналардан гөрі қолыңның əлі бар ғой,

қысып жіберші.

Күш  деген,  Құдайға  шүкір  бар,  мектепте  күрескенде,  өзімнен  екі

жас  үлкен  Кеңес  деген  баланы  алып  ұрғанда,  ол  оң  қолымен  жер

таянып  жығылғанда  шынтағы  шығып  кетіп,  жұрт  сынықшы  іздеп

машақат болған.

Не  көрмеген  Айшаның  басы?!  Қолаң  шашынан  күнсіген  иіс

шығады.  Күні  бойы  далада,  қызылша  дейтін  келімсек  дақылды  бір-

бірлеп  талдап,  жекелеп  мəпелесе,  шақырайған  аспанның  астында

күнсімегенде қайтеді!

− Болмады, − деді Айша, − тəуіп атаға жүгір.

Тəуіп  ата  −  кəдімгі  Əбіш  ата.  Сайға  түсіп,  сайдан  өтіп,  Салбидің

қабаған ала итін шəуілдетіп, Əбіш атаға жеттім.

− Апырай-а, қараңғы түсіп кетті, көзім нашар еді, − деп, Əбіш ата

қиналыңқырады.



− Ештеңе етпейді, ата, мен жетектеп жүремін.

− Е - е, қызталақ, болмас, болмас, барсам, барайын.

Мұрны қоңқиған бүкір шалды қолынан жетектеп келе жатып, көзім

түсіп кетті: жанында шақырайған жалғыз жұлдызы бар жаңа Ай туған

екен.  Ішімнен:  «Е,  айналайын,  Жаңа  туған  Ай,  Айшаны  аман  қыла

гөр!» − деп тіледім.

Ол кезде қулық, сұмдық дегенді білмеген шығармын. Шын тілегім

еді.


Тəуіп ата Айшаның білек тамырын ұстап, көзін шарт жұмып алып

көп отырды. Басын шайқап, таңдай қаққандай болды.

− Қаның тасып тұр, келін, − деді. − Тебісі қатты. Оқыс қимылдама.

Қозғалмай жат, − деді тағы да.

− Ем-домы бола ма - а - а, − деді Айша əрең сөйлеп. − Мен кетіп

қалсам, мына үш үрпек балапан не бола - а - ад?

− Құдай сақтасын, келін. Бəрі де Құдайдың ісі. Ем-дом... ым - м - м,

қан  алу  керек  шығар,  қайдан  білейін,  менің  қолымнан  келмейді.

Қырғыздағы  Шекер  айылда  бір  емші  бар,  Қадыркүл  деген.  Сол  қан

алады.


− Дошанай ше? − деді Айша.

−  Дошекеңді  білмедім,  ол  үшкіріп,  дем  салмаса,  қан  алғанын

білмеймін.

−  Тəуіп  қайнаға!  Мен  олай-бұлай  боп  кетсем,  мына  үшеуін

Əулиеата  жақтағы,  Бектөбе  деген  жердегі  менің  нағашыларыма

тапсырыңдар. Сəли, Қали... Бөпетай, Сатай. Білетін шығарсыз?

− Ойбай, білемін, баяғы заман түзуде, Мұртаза барда, келіп жүруші

еді ғой.


− Иə - ə, Мұртаза барда... бəрі келетін...


Əбіш  ата  күбірлеп  дұға  оқыды.  Біз  түсінбейміз.  Əлдекімге

жалынатын сияқты, жалбарынатын сияқты. Анда-санда «сүф, сүф!» −

дейді.

−  А,  келін,  Аллаға  сиын,  сəтін  салса,  саябыр  болар.  Тек  тыныш,



қозғалмай жат. Айтпақшы... сүлік салса қайтер екен?

−  Сүлік  дейсіз  бе?  Түн  ішінде  оны  қайдан  табамыз?  Ілгеріде

Старшын қайнағаның балтырына сүлік салғанын көріп едім.

Айшаның  «Старшын  қайнағасы»  −  Шоңғар  дейтін  атамыз.

Сейсенбай,  Дүйсенбайдың  əкесі.  Патша  заманында  ма,  əлде  кеңестің

алғашқы  жылдарында  ма,  старшина  болған  кісі.  Кейін  кəмпескеге

түсіп, əкімдердің соққысына жығылып, о да құсадан кетті.

Сонымен,  сүлік  деген  уайым  шықты.  Өзіміздің  Жалбыз  бұлақтан

күнде көріп жүрген сүлік қой.

Əбіш  атаны  үйіне  апарып  тастап  қайтып  келе  жатып,  Жалбыз

бұлаққа бұрылайын.

Жаңа  Ай  батып  кеткен.  Оның  есесіне  жұлдыздар  жамырай

шығыпты. Терең сайдың іші түпсіз сияқты үңірейіп көрінеді.

Түн  ішінде  неғып  жүрсің  дегендей  бақалар  шуылдады.  Бұлақты

жағалап,  қайнар  көзді  діттеп  келе  жатқанымда,  жағадағы  бір-екі  бақа

қарғып-қарғып  суға  түсті.  Сəл  қорқып  та  қалдым.  Қарсы  алдымнан

пыр - р етіп, екі шіл шырылдап ұшып кетті. Енді қайдан сая табамыз

дегендей.  Қараңғыда  қайда  барады?  Бекер  үркіттім.  Мен  тимес  едім

ғой. Бекер қорқады.

Қайнардың  көзіне  тақай  бергенімде,  сайдың  қабағындағы  баяғы

аштан  өлген  Бегалы  тамының  бұзылған  дуалынан  жарқырап  қос  от

көрінді. Тұра кеп қашайын деп тұр едім, əлгі екі от кенет сөніп қалды.

Дəл  сол  жерден  қалбаңдап  бірдеңе  ұшқандай  болды.  Байғыз  екен.

Күндіз ұйықтап, түнде тірілетін неме.




Жалбыз  бұлақтың  қайнар  көзіне  жетіп,  иісі  аңқыған  жалбызды

қолыммен қайырып, суға үңілсем, сəл-сəл ғана жылтырайды. Сəл-сəл

ғана  сыбырлайды.  Сүлік  əдетте  жасыл  масаты  мүк  басқан  жағасына

жақын  жерде,  майда  құмда  ирелеңдеп  жататын.  Қолымды  салып

көрдім.  Бірдеңе  ілінгендей  болды.  Алып  қарасам,  жамбасқұрт  екен.

Оны  есекқұрт  деп  те  атайды.  Түр-тұрпаты  бүкшиген  сұр  есекке

ұқсайды. Бір жамбастап жүзеді.

Түн  ішінде  тап-таза  қайнарды  лайлағаным  болмаса,  сүлік  қолыма

түспеді.

Бірер түп жалбыз жұлып алып, мұп-мұздай суға батырып-батырып

алып,  қабақтан  өрмелеп  үйге  қайттым.  Жалбызды  Айшаның

маңдайына бастым. Сүйсінгендей болды.

−  Барсхан,  сенен  басқа  кім  қалды  таяныш  болатын?  −  деп,  Айша

кемсеңдеді.  −  Таянайын  десем,  əлі  буыны  қатпаған  солқылдақ

шыбықсың...

− Қойшы, − деймін. − Мен өсіп қалдым ғой. Военком айтты ғой.

− Военкомның тіл − аузы тасқа, − деді Айша.

Құдайдың  қандай  құдірет  екенін  білмесем  де,  ояна  салып  одан

медет  тілеп,  Айша  жазылып  қалды  ма  деп  қасына  барсам,  əдемі

ақсұрша  жүзі  адам  танымастай  қарауытып,  барбиып  ісініп  кетіпті.

Айқайлап  жібере  жаздап,  ұйықтап  жатқан  екі  бауырымды

шошытпайын  деп,  өзімді  əрең  тыйдым.  Айшаның  маңдайына

алақанымды  басып  көріп  едім,  шеке  тамыры  бадырайып,  қатты

тепсініп, лыпылдап тұр екен. Тəуіп болмасам да біле қойдым. Жүрегім

білді. Суылдап ала жөнелді.

Үйден жалаң аяқ, жалаң бас атып шығып, Бердімбет сайынан ағып

өтіп,  Салбидің  итін  шабалаңдырып,  Тұйық  сайдан  алқынып  өтіп,

Таласбай  сайдың  арғы  қабағында,  əуіт  көлдің  жағасында  тұрған

Дошанай молданың үйіне сүріне-жығыла жеттім-ау.

− Айша, Айша - а - а, − деп жылап жібердім.




− Не болды?

− Не, не?

− Тез, тез, ата!

Ақ  дамбал,  ақ  жейделі  күйінде,  жалаң  аяғын  көбісіне  сұға  салып,

ақ  сақалы  желбіреп,  Дошанай  шал,  жарықтық,  құстай  ұшып,  маған

жеткізбей,  таудан  басқа  таянары  жоқ,  оқшау  тұрған  біздің  үйге  лезде

жетті.  Сексенге  келген  кісінің  мұндай  орасан  күшін  мен  бұрын  да,

кейін  де  көре  алмадым.  Сірə,  бізге  беймəлім  күш  қолтығынан  алып

ұшырған  шығар.  Біз  бейшара,  ол  не  күш  екенін  біле  бермейміз  ғой.

Жайшылықта  екі  аттап,  бір  тұратын,  қолынан  таяғын  тастамайтын

қарт адамға мұншама əл-ауқатты кім береді?

Айша көзін əрең ашып, Дошанайды таныды.

−  На  -  ға  -  шы,  –  деді  сыбырлап.  Бір  нəрсе  айтқысы  келді,  бірақ

молда:


− Сөйлеме, Айша, сөйлеме, – деп безілдеді. Жарықтық өзі жардай

ірі  кісі  болса  да,  даусы  жіңішке  еді.  Сөйтіп,  тамырын  ұстады.  Ұзақ

ұстады.  Босатқан  кезде,  Айшаның  қолы  сылқ  ете  қалды.  Құрмаш

жылап  жіберді,  оны  көріп  Батырхан  да  аңырап  жіберді.  Дошанай

ашуланып:

−  Тəйт!  Дыбыс  шығарма,дұға  оқимын,  −  деді.  Содан  соң  біз

білмейтін,  біз  түсінбейтін  тілде,  əдемі,  əуезді  үнмен  бір  сарнады

дейсің.  Сай-сүйегіңді  сырқыратып,  əрі  елжіретіп  əкеткендей  əуезге

басты.

Не  дегені  бізге  түсініксіз.  Бірақ  жүрекке  шым-шым  еніп,



шымырлатып  барады.  Үміт  отын  үрлеген  бір  жылы  леп  ескендей

болады.  Бірақ  маған  түсініксіз.  Дошанай  атам  Айшаны  ажалдан

құтқармақ  болып  жанталасып  бір  Құдайға  жалбарынып  отыр  ма,

əлде...  иман  үйіріп  отыр  ма?  Өйткені  Айша  қыбыр  етпейді.  Шыдай

алмай, Айшаның қолына қолымды создым, білегі жылы сияқты.



Өзім  молдадан  қорықсам  да  сипап  отырмын.  Атама  қарасам,

көзінен жас шығып кеткен екен. Дүниені ұмытып, мүлде бөтен əлемде

отырғандай. Тек үні зарлана, боздаған аруана тектес тартады.

Сол  кезде,  есіктің  табалдырығына  сүріне-қабына  Əбіш  атам  кіріп

келді.  Ұзын  таяғын  босағаға  сүйеп,  Дошанайдың  қасына  тізерледі.

Бізге  елжірей  қарап,  күлімсіреді.  Қатулануды,  ашулануды  білмейтін

кісі еді, жарықтық. Күлімсірегеніне қарап, менің ішім жылып қалды.

Жаманшылықта  кісі  күлімсіремейді  ғой.  Ендеше,  арты  жақсы

болатын шығар. Қиын-қыстау сəтте, осындай үміттің өзі де дəтке қуат.

Артынша  сырттан  біреу  айқайлады.  Далаға  жүгіріп  шықсам,

астындағы  торы  атын  ойнақтатып  Тасбет  бригадир  тұр  екен.

Мұрнынан сөйлейтін еді.

− Əй, шешеңді... иттің баласы! Жұмыс кəйдə? Түске дейін жұмысқа

бармай  ұйықтайтын  сен  бəяғы  бəйдің  бəлəсімін  деп  ойлəйсің  ба?!  –

Қамшымен  салып  жіберді.  Жон  арқамды  қылышпен  тіліп  түскендей

болды. Безірейіп:

− Бармаймын жұмысқа! Шешем қатты ауырып жатыр, – дедім.

−  Ə  -  ə,  шешең  де  жүміскə  шікпəді  мə?  Контрə!  Əдейі  бүнт

жəсəпсіңдəр ғой. Көрсетейін мен сендерге бүнтты, − деп, Тасбет аттың

шылбырын үйдің боғатына іле салып, қорбаңдап үйге кірді.

Екі  ағасын,  ұзынынан  түсіп  жатқан  Айшаны  көріп,  арыны  бірден

басылды.  Амал  жоқ,  ағаларына  қолдың  ұшын  созып,  амандасқан

болды.

Дошекең:


− Айша қатты сырқат. Көріп тұрсың ғой, – деді.

−  Иə,  иə,  шырағым,  келіннің  кеселі  қиын,  –  деді  Əбіш  атам  да.

Тасбет:



− Кəлкоздың жүмісі... Кізілшəні шəп басып кетті. Адам жетпейді...

– деп мыңқылдады.

−  Құдайдың  ісіне  не  шара?  Əйтпесе,  осы  колхоздың  жұмысынан

Айша  аянып  жүрген  жоқ  қой.  Жұмыс,  жұмыс  деп  зорығып  кетіпті.

Қаны  тасып  құлапты.  Біздің  қолымыздан  не  келеді,  −  деп,  Дошанай

қолын жайып, шарасыз пішін білдірді. – Мұндай қатерлі сырқатты бір

жазса, Аққыз жазар еді, ол алыста.

− Əккіз кеше Поштақұлдың үйіне келді ғой, − деп қалды Тасбет.

− А, – деп, құлағы тосаңдау Əбіш орнынан атып тұрды. − А, Құдай,

бере  гөр.  Бейшара  келіннің  көрер  жарық  сəулесі  бар  шығар.  −  Маған

қарап:

− Əй, Барсхан, тез ұш! Аққыз апаңды алып кел! − деді.



Аққыздың  кім  екенін  мен  білмеймін.  Кейін  білсем,  ол  осы  елдің

қызы  екен.  Соғыста  жүрген  Поштақұлдың  апасы  екен.  Қошқарата

жаққа күйеуге шыққан екен. Енді төркінінің үйіне келіпті.

Поштақұлдың  үйі  Дошанай  атамның  үйінің  жанында.  Тек,

Таласбай сайдың бергі қабағында.

Далаға атып шығып, Тасбеттің торы атына қарап ойланып қалдым.

Мініп  кетсем  не  қылады?  Қарттардың  айтуына  қарағанда,  Аққыз  −

қартаң кісі. Мен жеткенше, Айшаның жағдайы не болады? Тəуекел!

Атқа қарғып міндім. Тəуекелімнің тағы бір түрі: əлгінде Тасбеттің

мені  қамшымен  ұрғаны.  Əрі  десе,  бұл  торы  ат  –  біздің  үйдікі.  Жұрт

оны «Бердімбет торы» дейді. Бердімбет – менің бабам ғой. Бай болған.

Колхоз  басталғанда,  торыны  коллективке  алып  қойған.  Мұртаза:

«Əкемнен  қалған  жалғыз  белгі  болсын,  басқасын  бердім  ғой,  торыны

қалдырыңдар», – деген екен, өзіне бəле болып жабысыпты.

«Бердімбет  торыға»  мініп,  Бердімбет  сайынан  өте  бергенімде,

біздің үйдің есігінің алдынан айқай шықты. Бұрылып қарасам Тасбет

екен.



Тарта бердім. Азар болса, тағы да ұрар...

Поштақұлдың  жаман  тамында,  қараңғылау  үйде,  күндігі

шаңырақтай, өзі керіскедей, келбетті, сұсты кемпір отыр екен.

Поштақұлдың  қатыны  Тойсын  үйде  жоқ.  Сірə,  қызылшаға  кеткен.

Тойсын бала таппаған. Үйде Аққыздан басқа жан жоқ.

Кемпір аты-жөнімді сұрады.

− Е, айналайын, Мұртазаның баласы екенсің ғой. «Орнында бар –

оңалар» деген. Азамат боп қапсың ғой.

Əңгімені ұзартпай, асығып жағдайды айттым.

− Дошанай атам мен Əбіш атам да біздің үйде, − дедім.

Аққыз  бір  сөзге  келмей,  жадау  үйдің,  жаман  есігінің  ілгегін  сала

салып,  атқа  мінді.  Құлыптамады.  Құлып  салатындай  бұл  құжырада

қымбат мүлік те жоқ.

Аққыздың  көзінше  Тасбет  маған  ештеңе  дей  алмады.  Тек  ала

көзімен атып жібере жаздап, жұдырығын түйді:

−  Жілкі  егінге  түссе,  күрисің  бала,  жүмісіңə  бəр,  −  деді.  Өшін

«Бердімбет  торыдан»  алғандай,  жануарды  қамшылап-қамшылап,

қызылша жаққа шаба жөнелді.

* * *

Кешке қарай ел орнына отырар шақта, көрші-қолаң, жанашыр жан



біздің  үйге  жиналды.  Көрші  дегенде,  ол  кезде  біздің  ауыл  қазіргідей

бір-біріне  сүйкеніп,  бір  көшенің  бойына  тығылып  отырмайды.  Үйлер

бір-бірінен алшақ, аралары оқ бойы жерде тұрады. Біздің үйге ең таяу

дегені  −  Баянның  үйі.  Күйеуі  Байділда  əскерге  алынып,  артынша

қайтып  келді.  Пойызда  сүзекпен  ауырған  екен.  Тастап  кетіпті.  Үйіне

келе салып қайтыс болды.




Сөйтіп, Баян бес баламен жесір қалды. Тұңғышы Боранбай менен

екі-үш  жас  үлкен,  Гүлайна  деген  қызы  менімен  жасты  шығар,  одан

кейін Қаржаубай менің інім Батырханмен жасты, Күлəнда, Күлия деген

үйелмелі-сүйелмелі жортпаш екі қызы тағы бар.

Бұлар  түгел  келді.  Оңғарбай,  Мамыт,  Шоңғар  тұқымдары,  сайдың

арғы бетінен Пияш, Жібек, тағы көп адам жиналып, осы ауылдағы ең

тəуір дейтін біздің үйдің өзіне сыймай кетті.

Төрде  −  Дошанай,  Əбіш,  Оңғарбай,  Мамыт  аталарым.  Ата

болғанда,  Мұртазамен  бірге  туған  емес,  аталастар.  Ортада  Айша

жатыр.  Жанында  Аққыз  отыр.  Əуелі  Дошанай  құраннан  ұзақ-сонар

аяттар  оқыды.  Содан  соң  Аққыз  үлкен-кіші  демей,  бəріне  бас  киім

кигізіп, жаулық салдырды.

Оның  алдында  Аққыз,  шалдар  дəрет  алып,  ақшам  шағында  намаз

оқыды.  Жайшылықта  жайдары,  ақкөніл,  аңқылдақ  Аққыз  кенет

өзгеріп,  қаһарланып  шыға  келді.  Қолына  сылдырмақ  таяғын  алды.

Басынан  дағарадай  ақ  күндігін  алып  тастады,  кимешегін  де  шешіп

тастады.  Бурыл  шашы  жалбырады.  Жұрттың  бəріне  бас  киім  кигізіп,

жалаңбас  жан  қалдырмай,  ал  өзі  шашын  жайып  жібергені  мүлде

түсініксіз.  Құдай  кешірсін,  боранды  ұзақ  түндерде  Айша  айтатын

ертектегі Жезтырнақ бейнелес боп шыға келді. Айшаны шыр айналып,

сылдырмақ таяғымен жер тоқпақтап: «Сұбыхан Алла, сұбыхан Алла!»

−  дегенде,  аузынан  жалын  атқылады.  «Сұбыхан  Алла!»  деген  жеріне

Дошанай мен Əбіш қосылып қайталайды.

Аққыз  ақырып  аспанға  шапшығанда,  біздің  үйдің  төбесіне  дейін

қарғиды.  Үйіміз  биік,  еңселі-ақ  еді.  Соның  өзін  місе  тұтпай,  тамның

төбесін тесіп шығып, Иса пайғамбардың соңынан аспанға ұшатындай

қарғиды.  Əлде  сол  Иса  пайғамбардан  медет  тілей  ме  екен?

Əлдекімдерді  атап,  жəрдем  күтетінін  айтады.  Мен  естімеген

есімдердің  талайы  аталды.  Есімде  қалғаны:  Домалақ  Ана  деді,

Бəйдібек  баба  деді,  Баба  Түкті  Шашты  Əзіз  деді,  Арыстан  баб,

Түркістан  баб,  Сайрам  баб  деді.  Əулие  Ата-бабамыз,  Айша  бибі  –

анамыз деді.




Дүние  мүлде  өзгеріп,  мына  отырған  адамдар  мүлде  бөтен,  өзге

əлемнен  келген  қонақтар  сияқты  көрінді  маған.  Аққыз  –  Аққыз  емес,

аспанда,  ғарышта  ұшып  жүрген  бейтаныс  құдірет  күш  сияқты.  Сірə,

Аққыздың өзі де қазір өзін ұмытқан тəрізді. Аққызбын мен, адаммын

мен,  кəдімгі  пендемін  мен  деп  ойламайтын  сияқты.  А,  бəлкім,  сол

сəтте ол, шынында да Аққыз емес шығар.

Біз не білеміз? Шынында да, Жаратқан Құдіреттің, Жасаған Иемнің

елшісі шығар.

Ал  Айша  ше?  Айшаның  талақтай  ісінген  бетіне  шырай  кіргендей

болды. Кірпігі қимылдап, көзін ашты. Дошанай бір білегінен, Əбіш бір

білегінен ұстап, құнжыңдасып, бір-біріне бас изесіп қалды. Аққыздың

зікірі  түн  ортасына  дейін  созылды-ау  деймін.  Содан  соң  «үһ»  деп,

жаны  жай  тапқандай,  тұла  бойы  сірескен,  «аруақ  қысқан»  құрыс-

тырысы жазылғандай, жайдары қалпына түсті.

Терлеп-тепшіп  шай  ішті.  Кимешегін,  күндігін  қайта  киді.  Кəдімгі

Аққыз сипатына қайта түсті.

Ақ орамалымен аузы-басын сүртініп болып, қолына қалақтай қара

қобызын алды.

− Иə, Қорқыт Ата, қолдай гөр! − деп, қыл қияқты қыл ішекке салып

кеп жіберді.

Дүние тағы да төңкеріліп түсті. Ауылымызда Дəуіт деген кісі ғана

қобыз  тартады  екен  деп  естігенбіз,  бірақ  ешкім  жоқта  жалғыз  өзі

тартады екен, өз құлағыммен естіген емеспін.

Содан  болар,  мынау  үн,  мына  сарын  тағы  да  аспанның,  Көк

Тəңірдің  үніндей  болып  көрінді.  Арада  жарты  ғасырдан  астам  уақыт

өтсе де, мен өмірі ұмыта алмаспын. Сол құдірет құлағымда əлі түр.

* * *

Кейін-кейін  ат  жалын  тартып  мініп,  азды-көпті  кісі  санатына



қосылғанда,  сірə,  əулие  бабамыз  Ибн-Сина  кітабынан  оқыдым  ғой


деймін:  «Емшінің,  үш  қаруы  бар:  біріншісі  –  дəрі,  екіншісі  −  пышақ,

үшіншісі − сөз», − депті. Сонау алыста бұлдырап қалған сойқан сəтте,

Аққыз  Айшаны  дəрімен  емес,  қандауыр  пышақпен  де  емес,  сөзбен,

жүрекпен емдеген екен. Жаның жаннатта болсын, қайран Аққыз апам.





Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   23   24   25   26   27   28   29   30   ...   69




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет