АЙЛЫ ТҮН, АРЫҚТА СУ САП ТЫЙЫЛДЫ
Май тоңғысыз жылы түн. Таудан салқын самал алып келетін
Ақсайдың аңқылдақ желі де тыныстаған. Дүн-дүние мүлги қалғаны
соншалық – құрғақ топырақтың суды қалай сіміріп жатқанына дейін
естіледі. Сіміріп емес, сүйісіп жатқан секілді. Шөп-шөп ете қалады,
шолп-шолп ете қалады.
Су мен жердің сүйіскенінен лəззат тауып, мас болған зауза қоңыз
оқтай атылып, маңдайыңа тарс етіп тиеді де, өзі сеспей құлайды.
Есеңгіреп біраз жатып, қайтадан ұшып кетеді.
Аспаннан біреу жерге қалбаң еткізіп, бір жаман тұмақты лақтырып
жібергендей болады. Мен қорқып қаламын.
Айша:
− Қорықпа. Тышқан аулап жүрген үкі ғой, – дейді.
Түн ішінде, ініңде ұйықтап жатпай, тышқанға не жоқ. Қараңғыда
титімдей тышқанды аспанда жүріп, үкі қалай көреді?
Түн дегенмен, жұрт ұйқыда дегенмен, түннің де тіршілігі
тынымсыз сияқты.
Міне, біз де тынбай тары суарып жүрміз. Айша екеуіміз.
Биыл колхоз бастық, сельсовет жиналыс ашып, əр сайдың басында
отырған ауыл үйлерін бір жерге жиып, көшеге қоныстандырмақ
болған. Əрбір үйге жер тіліп берген. Бізге жер көшенің ең аяғынан
тиді. Жері тастақ екен. Соқамен өрен жырттық. Тары салдық.
Тарының тұқымын əрең таптық. Бір тостаған тарыны Жолболды
деген атамыз берді. Жаны жаннатта болсын. Түбіміз соноу арғы атадан
қосылады.
Тұқымды тауып келген – мен. Кəрі кісілер мені көрсе, Мұртаза
есіне түсетін болар. Ал олар кезінде Мұртазадан көп жақсылық көрген
адамдар. Сондықтан мен тұқым сұрай барғанда, алақаныма тас салған
жоқ, ас салды. Тас салғандарды да талай көрдім.
Тұқымды жерге сепкен – Айша. Қос тостаған тарыны талай жерге
жеткізді. Шымшық жеп кетпесін деп, жерді қолмен тырмалап
тастадық. Жерде дымқыл барда қосқұлақтанып, жап-жасыл зүміреттей
болып жайнап шықты. Жас сəби шағында бəрі сүйкімді.
− Құдай қаласа, екі тостаған тұқымнан екі батпан тары аламыз, –
деді Айша.
Артынша күн ысып кетті, əлгі балапан тары тез шөлдеді. Суарайын
десек, су кезегі тимеді. «Тентек» деп аталған көшенің ең аяғындамыз.
Бастағылар су ішіп болғанша, тарымыз қурап, ұшып кететін түрі бар.
Жайнап тұрған жасыл тары құлағы бүрісіп, өлімсіреп солды да қалды.
Енді сəл кешіксе – бітті: еңбегіміз еш, тұзымыз сор.
Айша, əйтеуір, мұрапқа əке-көке деп жалынып жүріп, түнгі судың
кезегін сұрап алды. Оның өзі түн ортасынан ауа келді.
Бұл баяғы Таласбай бұлақтың суы. Əуіт салып, тоған салып,
бұлақтың суын жиып, «көлшіктеп», содан қасықтап қана болып
алатын қасқалдақтың қаны бұл.
Көшенің басынан түскен су аяғына жеткенше, яғни біздің тақтаға
жеткенше қай заман?! Өйткені арықтың өзі шөлдеп қалған. Əуелі арық
қанып болмай, егінге су жоқ. Содан сол көз жасындай мөлдіреп, Ай
сəулесімен арқасына алтын-күміс жалатқан жыландай жылжып су да
келді.
Құлақты байлап, тарыға бұруымыз мұң екен, бірін-бірі үздіге-
үздіге сағынысқан Жер мен Су аймаласып, топырақ толқып, жер
балқып кеткендей болды.
О, Жаратқан Құдірет! Біз, білімсіз бейбақтар, «жансыз» деп жүрген
Жер мен Суды қалай ғана бір-біріне ынтық қылғансың?! Жер
жарықтық балбырап, ыңыранып жатты. Су жарықтық, əлдебір
ғажайып əн салды. Алдымызда өткен асыл данышпан:
Су – атасы,
Жер – анасы,
Нан – баласы, – деп тегін айтпаған.
Атасы мен Анасы табысты. Енді Нан болады, енді аштан өлмейміз.
Енді тентіремейміз. Байытпасаң-байытпа, тілентпеші, Жаратқан!
Айша осылай деп күбірледі. Мен ішімнен қайталадым. Рас болса,
Құдай сыбырлағанды да естиді дейді.
Кенет арықтағы су сап тыйылды.
Жер мен Су сыбырласып, сықылықтасқанын қоя қойды.
Мұны көрген түнгі əнші шекшек мұңлы шырылына басты.
Шекшек бұл емес, əрине. Бірақ дəл қазір Жер мен Судың айырылысқан
қасіретін көріп жырлаған жыры жүректі сыздатқандай еді.
− Біреу суды жолдан байлап алды, – деді Айша кешенің бас жағына
қаһарлана қарап. – Қараң қалғыр, қайсың болсаңда мына кетпенмен
қабақтай басыңды қақ жарамын!
Осыны айтып, Айша балағын түріп, кетпенді иығына салып,
арықты бойлап кете барды. Артына бұрылып:
− Барсхан, ұйықтап қалма, су келсе, құлақты бұзып кетпесін, –
деді.
Жалғыз қалдым. Жаңа көше. Жақын жерде үй де жоқ. Үй салып
алғандар, тек көшенің бас жағында. Шама-шарқы келген үш-төртеу
ғана, қалғандары киіз үй тігіп, күрке құрып, жертөле қазып алғандар.
Жаңа көшені соғыс бітіп, азаматтар аман-есен оралғанда салмай ма
екен?! Шал мен кемпір, бала-шаға қайдан үй сала алады? «Тентек
көше» атанғаны содан ғой. Демек бұны зорлап бастаған бастықтар
тентек қой.
Осыны ойлап, арықтың құрғақ жеріне түсіп, жантайып жатырмын.
Шекшек шырылы тынбайды. Алыста, жоғары жақта иттер абалады.
Сірə, Айшаға абалаған сияқты. Айша суды жығып əкеледі, Сонда
Жер мен Су қайта қауышып, мəңгі-мəңгі махаббат жырын жырлайды.
Оған шекшек қосылады.
Осыны ойлап жатып, ұйықтап кетіппін.
Жағасы жайқалған ну орман, шалқар өзенге түсіп, жүзіп бара
жатырмын. Неге екенін білмеймін, киімімді шешпеппін. Орманда
құйрықтары салақұлаш, қанаттары қызыл-жасыл неше түрлі құстар
ұшып, мені қоршап алып, мен бұрын естімеген əсем əнді
құйқылжытады.
Өзен бірте-бірте кеңейіп, теңізге айналып бара жатады. Теңіз кешіп
қайда барамын? Беймəлім, бұлдыр дүние. Жағадан əлдекім қол бұлғап,
айқайлайды. «Кетпе, кетпе, қайт» – дейді.
Айша мені сілкілеп-сілкілеп, əрең оятса керек. Есім кіріп, енді
байқадым: үсті-басым су-су. Айша жыққан су екпіндеп келіп, құлақты
бұзып кетіп, менің үстімнен лықсып асып кеткен екен. Енді болмаса,
тұншығып қалғандай екенмін.
Айша сонда Айға қарап:
− О, Тəңірі, бұл Барсханды ақыры жетім қыларың бар, неге пысық
қып жаратпадың?! Мына түрімен бір күні не суға батып, не отқа түсіп
өледі ғой, Құдай-ау. Неге сонша болбыр жараттың бұл жетімді?! – деп
аңырады.
− Неге? – дедім мен де Айға телміріп, дүниеге неге бұлай
жаратылғаныма өзім де таңғалып, қолымды жайып.
Достарыңызбен бөлісу: |