Бірінші кітап (роман – диалогия)


ҚАРАТАУДЫҢ «КҮЙІК» ДЕГЕН АСУЫ БАР



Pdf көрінісі
бет39/69
Дата28.03.2022
өлшемі2,11 Mb.
#28989
1   ...   35   36   37   38   39   40   41   42   ...   69
Байланысты:
Шерхан-Мұртаза - “Ай мен Айша”

ҚАРАТАУДЫҢ «КҮЙІК» ДЕГЕН АСУЫ БАР


Жеңіл машина жақсы жүріп берсе, біздің Мыңбұлақтан Əулиеатаға

дейін бір сағат жол. Бір-ақ сағат.

Ал  1944  жылдың  жазында  мен  сол  «Мыңбұлақтан»  Əулиеатаға

дейін екі күн бойы жүрдім.

Он  екі  жасқа  толар-толмас  өмірімде  бұл  менің  ең  ұзақ  сапарға

тұңғыш  шығуым  еді.  «Мыңбұлақтан»  көп  ұзағанда  аудан  орталығы

Боранды  –  Бурныйға  есекпен  бидай  тасыдым.  Құлқыны  құдықтай

элеваторға. Одан кейін Шоңқараның диірменіне, Андреевкадағы əпкем

Əдияның үйіне бардым.

Рас,  былтыр  Арзыгүл  апама  ілесіп,  Қырғыздың  Шекер,  Аршагүл

айылдарына бардым. Болды.

Айша  былтырғыдай  тағы  да  Оңғарбай  атаның  көк  əңгісін  сұрап

алды. Торғай тоқ еткен бозала таңда, Шоқай апа екеуіміз Мыңбұлақтан

Теріске тіке тарттық. Бұл-жолсыз жол. Арба жүре алмайды. Есектің бір

артықшылығы жол таңдамайды. Сондықтан тіке тарттық.

Теріс  өзенінің  көктемгі  қарқыны  басылып,  таяз  тартқан  кезі  екен,

қиналмай  өттік.  Одан  ары  Ащының  алқабымен  алқынып  көп  жүрдік.

Ащының  биігіне  көтерілгенде,  артыма  бұрылып  қарап  едім,  əуелі

жалтырап, күміс жыландай ирелеңдеп жатқан Терісті көрдім. Одан ары

найзаның  ұшындай  шаншылып  Манас  шыңы  көрінді.  Оның  батыс

жағын  ала  жатқан  доғалдай  шың  Көксай  екенін  шамаладым.  Одан  да

батыстағы,  əрине,  біздің  Ақсай  деп  қойдым,  Ақсайдың  аңғарынан

төменірек  өз  ауылымды  –  Мыңбұлақты  іздедім.  Жарықтық,  жатыр

екен.  Үркердей  боп  үрпиіп.  Шақпақтау  желінін  өтінде  қалған

торғайдай,  жүні  қобырап,  қорғансыз  қалған  мына  дəл  өзім  сияқты

көрінді.  «Мені  тастап  қайда  барасың,  Барсхан?  –  дегендей.  –  Қайт,

Барсхан, менде туып, менде өстің. Кəусар бұлақ суларын іштің. Кетпе,

Барсхан,  кетпе.  Қанатың  əлі  жас  қой,  қанатың  əлі  қатая  қойған  жоқ

қой.  Қанатың  талады  ғой.  Қайт,  Барсхан,  қайт»,  –  деді  маған

Мыңбұлақ.

Оң жағыма бұрылып қарай бергенімді байқап, Шоқай апа:



− Немене, ауылыңды əлден сағынып қалдың ба? – деді.

Тұнжырап:

− Қайтқым келеді, – дедім.

−  Ойбу,  ұяттағы-ай,  —  деп,  Шоқай  апа  бетін  шымшыды.  –

Атпалдай бригадирді ұрып қорқытқаныңа қарағанда, мен сені есі кіріп

қалған ересек десем, əлі бала екенсің ғой. Қой, түс есектен, сусындап

алайық.

Түстік.  Жапырағы  сарғайып,  қурай  бастаған  сасырдың  түбіне

есектердің  үстіндегі  көпшікті  алып,  шоқиып  отырып,  айран-шалап

іштік.  Шоқай  апам  бір  үзім  нан  ұсынды.  Арпаның  ұны  аралас,

қылпығы көп екен. Сонда да балдай тəтті, жарықтық.

−  Немене,  Айша  апаңды  сағындың  ба?  –  деді  Шоқай  апа  тағы  да

тілі  шығып.  Жол  бойы  үндеген  жоқ  болатын.  Сонысына  қарап,  мені

жақтырмай келе жатыр ма деп ойладым.

Мен  жауап  қатпай,  алыста  қалған  ауылға  қарап  отырмын.  Біз

Қаратаудың  қырқасына  көтерілсек  те,  Тəңіртау  əлі  биік.  Бауырында

жүргенде  байқамайды  екенмін,  əйтпесе  ұзыннан-ұзақ  керіліп  жатқан

кербез, тым тəкаппар, тым асқақ екен. Айшаның əні есіме түсті.

Тəңіртау, мен қайтейін биігіңді,

Мерген болып атпадым киігіңді.

Он алтымда қосылған есіл ерім,

Қайда барып тартамын күйігіңді-ай.

Қайда барып тартамын күйігіңді- ай, –

деп  қыстың  қысқа  күнінде  əскердегілерге  деп  жүн  иіріп,  шұлық

тоқып  отырып,  осыны  айтушы  еді  Айша.  Онысын  онша  түсіне

бермеуші едім. Сөйтсем, ол са - ғы - на - ды - ы -ы екен ғой.




О, қасиетті сары алтындай сағыныш... Сен болмасаң, адамдар, тіпті

туған ана, туған бала, бір-бірінің қадірін білер ме еді, білмес пе еді?

Өлең  шығарғым  келді  Өскенбайға  ұқсап.  Соғыстан  қайтқан  бүкір

Өскенбай өлең жазады. Қызға арнап. Сірə, мұғалима қызға ғой деймін.

Ол өлеңін тасушы – мен. Өйткені ол маған ғана сенеді. Екеуміз доспыз

ғой.  Маған  əскери  белдігін  де  берген.  Ажалдың  аузынан  қайтқан,

сұрапыл  сұмдықты  көрген  ер  азамат  пен  кішкентай  оқушы  баланың

достығын  сендер  білмейсіңдер.  Мектепте  Өскенбай  бізге  əскер

сабағын үйретті. Сонда деймін-ау, əлгі мұғалім қызға арналған өлеңін

өзі-ақ бере салмай ма? Жоқ, маған тапсырады. Онысы несі екен?

Қыз бəрібір басқа біреуге тиді. Өлең тілін түсінбейтін бəле шығар.

Жүрегі  дірілдемейтін,  елжіремейтін  топас  болар.  Əлде...  Өскенбайды

кемсінді  ме?  Керіскедей  келісті  жігіт,  жарқылдап  күлгені  қандай.

Əттең...  Бүкіштікті  ол  Құдайдан  тілеп  алған  жоқ.  Бомба  түскен

блиндаждың  белағашы  белімді  басып  қалсын  деп,  кімге  жалыныпты

ол?!


Сонымен,  өлең  шығарғым  келді.  Тəңіртауға,  Мыңбұлаққа

Қаратаудың  қырқасынан  қарап  отырып.  Қасымда  қарқарадай  күндігі

бар қара кемпір. Сасырдың сояу сабағын күрт-күрт кемірген екі есек,

біреуі  –  əңгі,  біреуі  –  мəш.  Анда-санда  қасыласып  қояды.  Екі  араға

өлең-хат тасымай-ақ бірін-бірі жақсы көретін шығар. Қасыласады.

Өлең  ұйқасын  таппай,  не  айтарымды  да  білмей,  қиналып  ары

отырдым,  бері  отырдым.  Айран-шалапты  ішіп,  нанды  жеп  болдық.

Қасымдағы Шоқай апа сəл мүлгіп отыр ма деймін.

Əй, өлең шығарудың қиыны-ай! Біздің елден шыққан бір ақын қыз

өзінің тырнақалды тұңғыш өлеңін:

О, шопандар, шопандар!

Атқа мініп қопаңдар, –

деп бастаған екен.



Тым  болмаса,  сол  сияқты  бірдеңе  де  ойыма  оралмайды.  Айша

болса, табанда суырып салар еді-ау деймін.

Кенет  Шоқай  апа  көзін  ашып  алып:  «Жүр,  балам,  Құдай  қаласа,

Күйіктің асуына да жақын қалдық. Күйіктен ассақ, түнделетіп бірдеңе

етіп жетерміз», – деді.

Жүріп  келеміз.  Ойымнан  өлең  шығару  кетпейді.  Мектепте  тақпақ

айтқаным  болмаса,  өзім  өлең  шығарамын  деп  үш  ұйықтасам  түсіме

кірген емес. Енді өлең ұйқастырғым келеді. «Қаратаудың басынан көш

келеді»  дейін  десем,  көш  жоқ.  Ербиісіп  екі  есекке  мінген  бір  кемпір,

бір бала. Екі есектің біреуі – əңгі, біреуі – мəш. Əңгі – еркегі, мəш –

ұрғашысы.  «Қаратаудың  басынан  көш  келеді»  деп  қоямын  ішімнен.

Бірақ өзімдікі емес. Басқа біреудің өлеңін ұрлауға болмайтынын маған

ол кезде ешкім айтпаса да, əйтеуір, жақсы қылық емес екенін сеземін.

Былтыр  Қорғанбай  екеуміз  бір  уыс  қара  арпа  ұрлаймыз  деп,

Жуанқұлдың абақтысына отырып шыққанбыз. Ұрлық жақсы емес, оны

білемін,  білдірді.  Ал  біреудің  өлеңін  ұрлағанды  абақтыға  қамай  ма

екен? Оны білмеймін. Қызық, ə? Шыннан қамай ма екен?

Күйіктің асуына қарай еңкейе берген кезде, кенет артыма бұрылып

қарасам: Тəңіртау да жоқ, Мыңбұлақ та жоқ, тек ала шарбы бұлты бар

аспан  ғана.  Жан-жағыма  қарасам:  жақпар-жақпар,  құж-құж  құржиып

жатқан  тастар.  Жүрегім  дір-дір  етіп,  үзілі  -  і  -  іп  бара  жатқандай,

көңілім жама - а - ан қобалжып қоя берді.

Сірə,  кемсеңдесем  керек,  оны  өзім  де  сезбей  қалдым.  Соны

байқаған Шоқай апа:

− Не болды? Басың айналды ма? – деді.

− Ауыл... ауыл көрінбей қалды ғой...

− Қой, қарағым, ауыл қайда қашады дейсің. Ауылың орнында, ауыл

қашпайды, адам қашады. Аһ, дүние! – деп күрсінді Шоқай aпa.

* * *



Енді,  міне,  мына  заманда  кейде  «Волгамен»,  кейде  «Вольвомен»

жүйткіп,  Күйік  асуынан  тасыраңдап  ары  да  өтемін,  бері  де  өтемін.

Кешіре гөр, қасиетті Қаратау! Бірақ дəл сол арада, дəл Күйіктен еңіске

түсе  берісте,  Тəңіртау  көрінбей  тасада  қалған  кезде,  артыма  ылғи  да

бұрыламын.  Бұрыламын  да:  есекке  мініп  ербиіп,  жан-жағына

жатырқай  қарап,  жалғызсырап,  бұтағынан  жел  жұлған  жапырақтай

жаутаң  қаққан  жетімек  баланы  көріп,  мына  зымыран  машинаны

тоқтата  алмай,  тоқтата  алсам,  сол  сормаңдайды  мінгізе  кетсем  деп,

өзімнен  өзім  айнимын.  Есі  –  басым  сау,  бірақ  əлгі  елес  елеңдейді  де,

көлбеңдейді де тұрады.

* * *

Сөйтіп,  Тəңіртауды  да  көзден  тасалай  алатын  құдірет  бар  екен.



Күйіктің бұралаң-бұлтың, бұдыр-бұдыр жолымен мықшыңдап табанға

да  түстік.  Сылдыр  қағып  су  ағып  жатыр  екен.  Жағасында  топ-топ

бұйра  талдар  еседі  екен.  Есектен  түсіп,  су  іштік.  Шоқай  апа  дəрет

алып, намаз оқыды. Сірə, намаздыгер шығар. Əлде намазшам. Асу іші

күңгірт. Төңірек түксиеді. Кішкентай көлшікте шіл жүр. Қиқ-қиқ етіп,

мен көрмеген, түсі бөтен тағы бір құс шыр айналып ұшады.

− Шоқай апа, мынау қандай құс? – деймін.

− Қызғыш қой, балам, – дейді, жайнамаз орнына жайған орамалын

бүктеп тұрып.

Қызғыш! Ол Махамбет қой! Ақын ғой! Батыр ғой! Мектепте Ғалия

апай жаттатқан.

Ау, қызғыш құс, қызғыш құс,

Көл қорыған сен едің,

Ел қорыған мен едім.

Сен де айырылдың көліңнен,

Мен де айырылдым елімнен.




Сені көлден айырған

Лашын құстың тепкіні,

Мені елден айырған

Хан Жəңгірдің екпіні.

Білемін.  Əлі  ұмытқан  жоқпын.  Ғалия  апай  маған  «бес»  қойған.

«Батырдың  өзіндей  етіп,  екпіндеп  айтады  екенсің»,  –  деп  мақтаған,

батырдың айтқанын ол қайдан естіген?..

О,  шіркін,  өлең  шығарсаң,  осылай  шығар.  Осылайша  шығарсаң

ғой.  «Мені  елден  айырған  –  хан  Жəңгірдің  екпіні».  Өй,  мынау  мен

сияқты  ғой.  Бірақ  мен...  Махамбет  емеспін.  Тасбет  –  Жəңгір  емес.

Əттең,  менен  бұрын  шығарып  қойыпты  ғой.  Дегенмен  хан  Жəңгірдің

орнына Тасбетті қойып көрсем, Махамбет – өзім.

«Мені елден айырған – бригадир Тасбеттің екпіні...»

Келмейді. Өлеңге ұқсамайды. Буыны артық па, немене?

Күйіктің аузынан шыға бере, тақтайдай тегіс дала, оқтай түзу жол

басталды.  Сол  қол  жақтан  тағы  бір  тау  көрінді.  Қаратауға  қарағанда

көгілдір сияқты ма...

– Шоқай апа, мынау қандай тау? – деймін.

−  Бурыл  ғой,  Бурылтау.  Сен  мені  «Шоқай,  Шоқай»  дей  бересің.

Ауылыңдағы  қатындардан  естігенің  ғой.  Менің  атым  –  Бибісара.

Шоқай  –  менің  елімнің,  руымның  аты.  «Шоқай»  деме,  Бибісара  де.

Бибі апа десең де болады.

− А - а, – дедім.

Бибісара  деген  əп-əдемі  аты  бар  екен.  Бəсе,  осындай  жақсы  кісіге

«Шоқай»  деп  ат  қоя  ма  екен?  Бірақ  қазекем  ажал  тырнағынан  аман

болсын деп, тіл-көзден аман болсын деп, баласының атын «Мыржық»,

«Мырқымбай»  деп  те  қоя  берген  ғой.  Балалары  шетіней  берген  соң,



зəрезап  болған  да.  Əйтпесе,  осы  бетте  Шоқай  датқа  деген  кісі  өтіпті.

Халқына қадірлі болғаны сонша, Саудакент деген шаһарда оған үлкен

күмбез  тұрғызыпты.  Асылы,  мəселе  атында  емес,  затында  шығар.

Шəуілдек  жаман  итінің  атын  «Бөрібасар»  деп  қойғаннан  не  пайда?

Мысалы,  менің  атым  –  Барсхан.  Сонда  барс  болып,  ер  жүрек  болып,

елді таң қалдырғаным қайсы? Өзі қисық, өзі маңқа Тасбет бригадирден

қашып келе жатқан жоқпын ба?!

Тоқта!  «Мені  елден  айырған  –  бригадир  Тасбеттің  екпіні».

Келмейді.  Біріншіден,  Махамбетке  жиендік  жасау.  Екіншіден,  бір

буыны  артық.  Сонда  қалай  десем  екен?  Ақындардың  аузына  сөзді

Құдай  өзі  салатын  шығар.  Мен  сияқты  ышқынып,  күшеніп-тышанып

ақын бола алмассың. Дегенмен «ұра берсе, Құдай да өледі» дегендей,

ойлана берсең, тырыса берсең, бір далбаса туатын да сияқты. Сондағы

тапқаным:

Тəңіртаудың бауыры –

Менің туған ауылым.

Сонда туып, сонда өстім,

Сонда менің бауырым.

Оңып  тұрған  жоқ.  «Бауыр»  деген  сөз  екі  рет  қайталанады.

Біріншісін «сауыры» деп өзгертсе қайтеді? Жарайды. Ары қарай:

Мен елімнен жас кеттім,

Асуын асып Күйіктің.

Кесірінен Тасбеттің,

Қуғынынан сол иттің...

«Міне,  бұл  өлеңге  ұқсайды»,  –  деп  қойдым.  Махамбеттің  де  лебі

бар.  Бірақ  ұрлық  емес.  Өз  өлеңім!  Ұмытып  қалмайын  деп,  күбірлеп

қайталап келемін. Шоқай aпa, а, айтпақшы, Бибісара, Бибі апа бетіме

қарап:



− Балам, бірдеңе дедің бе? – деді. Ұялып қалып:

− Жоға, əшейін тақпақ қой, – дей салдым.

Ойым  бөлініп  кетті.  Жауайын  деп  келе  жатқан  бұлтты  жел  айдап

кетті. Əйтпесе, бұл өлеңге Жуанқұлды да қоспақшы едім. «Атаңа нəлет

Жуанқұл, бастық емес, бəлесің» деген сияқты.

Бірақ  бұл  тағы  да  Махамбет.  Дегенмен  осының  айналасынан

бірдеңе табуға болады деймін.

«Мыңбұлақтың»  адамдары  кілең  жауыз  екен  демесін  деп,

жақсыларын:  Өскенбайды,  Есенді,  Əбішті,  Дошанайды,  Қамқаны,

өзімнің анам Айшаны да қоспақшы едім, оған ебім келмеді. Əрі десе,

батып  бара  жатқан  күннің  қызылы  Бурылтауды  құлпыртып,

Жанартауға айналдырып жібергендей көрінді.

Сонда,  сонау  боранды  түндерде  Айша  айтқан  жыр  –  əңгіме  көз

алдыма келді. Мына Бурылтаудың арғы бетінде Айша туған ауыл бар.

Үйрек-қазы  түйдек-түйдек  ұшқан  Билікөл  бар.  Айша  Мыңбұлаққа

келін  болып  түсерде  осы  жолмен,  жаңағы  Күйік  асуымен  өтті  ғой.

Қасында  Мұртаза,  жанында  жора-жолдастары,  зермен  жабулаған,

күміс  жүгендері  сыңғырлаған  ақбоз  жүйрік  аттар  бүлкілі.  Қызыл-

жасыл  киінген  жігіт-желең,  қыз-қырқын,  əзілкеш  жеңгелер.  Əнге

басып Күйіктен, Қаратаудан асып барады... Алдарынан Тəңіртау қарсы

алады. Ой, заман-ай...

Енді, міне, сөйткен Айша мен Мұртазаның Құдайдан жалбарынып

сұрап  алған  баласы  Барсхан  астына  əңгі  есек  мініп,  шала  таныс  бір

кемпірге  ілесіп,  беймəлім,  бейтаныс  елге  кетіп  барады.  Танитыным:

бір сəтке, бір-ақ көрген Сəли мен Қали деген қарттар ғана. Айшаның

нағашылары.

Ымырт  жабыла,  алдымыздан  жасырынбақ  ойнағандай  жылт-жылт

етіп  оттар  көрінді.  Көлігіміз  қалжырады.  Əсіресе  Бибі  апамның

астындағы қаба жүнді қара мəш қайта-қайта сүріне бастады. Пыс-пыс

етеді. Пысқырына береді. Мимырттап жүріп, қарауытқан ауыл шетіне

де іліндік-ау.



−  Айша-Бибі,  –  деді  Бибісара-уа,  аруағыңнан  айналайын,  Айша-

Бибі анамыз! Аруағыңыз қолдасын. Біздей мүсəпірге пана бол! Содан

соң, маған:

−  Əулие  анаң  Айша-Бибінің  қасына  түнейміз.  Мына  ауылда  түн

ішінде кімнің есігін қағып жүреміз, – деді.

Жолдан  бұрылып,  ауыл  шетіндегі  төбешікке,  қарайған  мазарға

қарай бет алдық.

Есектеріміздің аяғын тұсап, үстіндегі көпшіктерін алып, ойпандағы

ажырықта  қалдырып,  өзіміз  өрмелеп  мазардың  жанына  келдік.  Екеу

ғана.  Біреуінің  –  биігінің  бір  жақ  қабырғасы  опырылып  құлап

қалыпты. Үңірейіп үрей тудырғандай.

−  Имансыздар!  –  деп  ызғарлана  күбірледі  Бибісара  көпшіктерді

мазардың күншығыс жақ бетіндегі қабырғаның түбіне төсей беріп.

− Не, Бибі апа? – дедім.

−  Е,  шырағым,  –  деді  де  үндемеді.  Қоржынынан  қауашақ  алып,

маған  ағаш  тостағанға  айран-шалап  құйып  берді.  –  Нан  таусылды,

шыда, – деді. – Құдай қаласа, ертең сəскеде ауылға да жетеміз.

− Əлі алыс па?

−  Сəл  көз  шырымын  алып,  аттансақ,  алдымызда  Асадан  өтеміз.

Содан соң, алыс емес.

− Бибі апа, – дедім əлгі күдік түрткілеп.

− Не балам?

− Кім «имансыздар?»

− Е, балам, мынау əулие мазарды бұзғандарды айтам.

− Неғып?



−  Қышын  алып  пеш  соға  ма,  сарай  сала  ма...  Құдайдан,  ұлы

аруақтан  безген  ғой.  Біліп  қой,  балам,  мына  қабырғаның  ар  жағында

Ұлы Анаң жатыр – Айша-Бибі.

− Неғып?


− Неғып, неғыбы несі? Талқаны таусылған да. Баяғы-баяғы заманда

өткен кісі ғой. Əулие болған. Жат, балам, бұл ұзақ əңгіме. Əулие анаңа

сиынып  жат.  Мен  намаз  оқып  алайын,  –  деп  күйбеңдеп  жайнамаз-

орамалын алып, құбыла жаққа, Айша-Бибі Ана жаққа қарап, дұға оқып

көп отырды.

Мен  қарап  жатқан  күншығыстан  кенет  қылтиып  қызылкүрең  от

шықты. Жартастың ар жағынан асылып бір керемет бойлай берді. Ай

екен.  Кейін  білсем,  ол  Тектұрмас  тауынан  көтерілген  екен.  Ай  да

қызыл  болады  екен-ау  деймін.  Бұл  жақтың  Айы  басқа  ма  деймін.

Сөйтіп  жатып,  қалжырасам  керек,  тұяқ  серіппей  ұйықтап  қалыппын.

Түсімде  Тəңіртаудың  бір  бүйірін  Жуанқұл  мен  Тасбет  үңгілеп  жатыр

екен деймін.

− Тауды неге бұзасыңдар? – десем,

Қой қора саламыз, – дейді.

− Тау құлайтын болды ғой, тимеңдер!

−  Ə,  əтəңə  нəлəт,  жəудің  бəлəсі!  Кəлкөздің  ісіне  кəрсі,  –  дейді

Тасбет.

− Соттау керек! – деп гүрілдейді Жуанқұл.

Кенет  бір  ақша  бұлт  тау  шыңынан  шыға  келіп,  Жуанқұл  мен

Тасбетті ұшырып ала жөнелді. Сəлден соң Бибісара мені оятып алды.

− Түс көрдің бе, балам?

Мен айтып бердім.

− Ұлы Анаң қолдайды екен. Басыңды ій, балам, – деді.





Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   35   36   37   38   39   40   41   42   ...   69




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет