ШАЛДАР ЫСҚЫРАДЫ
Адамдар «əділет», «əділ» деген сөзді көп айтады. Көп баланың
атын Əділ, Əділет деп қояды. Дұры - ы - ы - с.
Талай пайғамбар əділеттік үшін күресті. Тіпті Иса пайғамбар сол
турашылдық жолында құрбан болды.
Бірақ тарихқа бағамдап қара - а - ап тұрсаң, патшалар, тирандар
жеңеді, пайғамбарлар жеңіледі.
Сонда... сонда кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс, кімдікі қиянат, кімдікі
шындық дегенді түйткілсіз таразыға тартып, ақиқат адал кесім
айтатын ең ұлы сот қайда?
Қалың халықты бастап келе жатқан Пайғамбар əлдеқалай сүрініп
кетсе, артындағы қалың қауым қоғадай жапырылып құлайды екен.
Егер Пайғамбардың өзі сүрінер болса, қара халыққа не дауа? «Түйені
жел шайқаса, ешкіні көктен ізде» демеуші ме еді.
*·*·*
Шаң-шұң шатақ шығатындай күн емес еді. Күннің түк кінəсі жоқ.
Шаңқай түске жақын қалған. Рас, күн ыси бастаған. Дегенмен ми
қайнататындай емес. Біздің Мыңбұлақта ми қайнататын күн сирек.
Күн қанша құдіретті, қанша əлуетті болса да біздің Тəңіртаудың ақ
басын сыйлайды. Шындаса тауды да балқытып жіберер еді, бірақ
Тəңіртаудың ақ басын сыйлайды.
Сөйтсе де, менің басым Тəңіртаудың ақ басы емес. Шақшадай ғана,
шамалы бас. Айналайын деді. Өзің, өзің мінген арық атың айнала
берсе, айнала берсе, бас айнымай қайтеді. Бір емес, екі емес, жүз рет,
мың рет, бас айналайын дегенде ұмытып қаласың а, бəлкім, миллион
рет, миллиард, триллион, биллион рет... дециллион...
Қашан Молдарайым немесе Əліқұл шал айырымен бидайды ары-
бері аударып көріп:
− Болды, – дегенге шейін.
Мұндайда, айналма жұмысты, айталық Мысырда, дəл өзі емес,
Мысырдың жанындағы феллахтарда, яғни дизандардың ауылында
құдықтан су тартатын шығырды айналдыру үшін жалғыз өркеш
түйенің, яғни нардың көзін таңып тастайды екен. Басы айналып, миы
шайқалып кетпес үшін.
Ал менің көзімді ешкім байламайды, арық аттың да көзін ешкім
таңып тастамайды.
Бір қызығы – феллахтың түйесінде жəрбиіп мен сияқты бала
отырмайды. Ешкім де отырмайды. Түйе өзінен-өзі айнала береді. Көзін
қара шүберекпен таңып қояды. Дүн-дүниені жақтырмай паңданып,
басын аспанға кегжитіп, айнала береді.
Сонда ол біздің аттардан ақылды ма? Өзінен-өзі айнала береді.
Не бұл амалды біз білмейміз. Не біздің басымыз Мысыр түбіндегі
феллахтың жалғыз өркеш түйесінің басынан да мықты.
Рас, Мысырда күн Мыңбұлақтағыдан екі өте ыстық. Сонда да
қырмандағы адамдар: қатындар, шалдар, балалар, қыздар сабан
маяның көлеңкесінде отырады. Қарап отырмай кей қатындар:
Жуалы – малдың, жайлауы,
Өмірдің барма-ау байлауы - а - ай, –
деп əндетеді.
Сабан маяның көлеңкесі менің басыма түспейді. Нақ төбемдегі
орайымды алақаныммен басып көремін. Əлі жұмыртқа пісіруге
жарамайды, бірақ алақанымды ысытады. Демек «өмірдің байлауы»
жоқ, – деймін арық аттың үстінде бір жамбастап отырып, түзу отыра
берсең құйрығың, ойылып қалады. Өзі де ойылып қалған. Əуелі
күлдіреп, жалқықтанып, артынан қабыршықтанады. Сонда бір
қышиды-ау дейсің. Аттың үстінде кəдімгі кісідей боп отырып, көтіңді
көтеріп, артыңды қасылай берген де ыңғайсыз. Қанша дегенмен,
қырман басында ел бар, қыздар бар... Шұбар мұғалім апайдың тəмпіш
мұрын, алма бет, тəлпіш қызы да осында жүр. Амалын тауып, мая
салған болып, маяның үстіне шығып алап, бір келіншекке қутың-
қутың етіп, шиқ-шиқ күліп қойып Жолдасбек те жүр.
Сондықтан аттың ерсіз қырқа арқасында ұдайы түзу отыру мүмкін
емес. Бір жамбасыңнан бір жамбасыңа кезек-кезек ауысып отырасың.
Бəрібір құйрығың қотыр-қотыр, қышиды, құрығыр. Қасиын десең –
ұят...
Мұндайда ұялмайтын бір-ақ адам бар. Ол – Тасбет. Əлгі маяның
түбіне барып о да жантаяды. Үлкен бар, кіші бар, келін-кепшік, бала-
шаға бар демейді. Мұқтаждық қысқанда тарқ еткізіп жел жібере
салады. Жантайып жатып, бір аяғын көтеріп, тарқ еткізеді. Шалдар
жағы тыжырынады. Үндемейді. Қыз-келіншектер кенет бомба
жарылғандай: «Ойбай!» – деп, тым-тырақай тұра қашады. Жеңгелері,
қатар құрбылары күледі.
Ал Айша тілін тістеп қарап отырмай:
Ақыры мылтық атқыш мергенсің, осы өкімет сені əскерге неге
алмайды? Жауды жайратып салар едің, – дейді.
Қатындар қарқылдап күледі. Тасбет міз бақпайды. Басы сол
иығына жабысып жата береді. Бірақ осыдан соң ол Айшаны қайдан
жақтырсын?!
Былтыр дəл осы қырманның басында Тасбет мас болып келіп,
əлденені сылтау етіп, үйге артын үйкеген қотыр түйедей тиісіп, тыныш
жүрген Айшаны ал да кеп боқтаған. Қамшы сілтеген. «Халық
жауының қатыны», «Кулактың қатыны» – тағы-тағы, сондай-сондай,
жын-құсығын аямай төксе керек.
Айша ары шыдайды, бері шыдайды. Анау қоймайды.
− Қойсаңшы-ей, бар болғыр, – деп, ақсақалдар айтса да көнбейді.
Құмырадай басы сол иығына жабысып алып, (əскерге алмайтын себебі
сол), екілене түседі. Mac қой. Оның үстіне бұрыннан қыжылы бар.
Түсінік солай: «халық жауы». Асқазан қыжылдай берсе, запыранға
айналмай ма? Демек соны төгу керек.
Ақыры қоймаған соң, Айша Тасбетті аттың үстінен бір-ақ жұлып
түсірген екен. Жағасынан алып.
Жұрт шу етіп, əрең ажыратып, Тасбеттің талқаны шығайын деп
жатқан жерінен арашалап алыпты.
«Сотқа беремін» деп одыраңдаған екен. Мастығы тараған соң
ақылы кіріп, өз кінəсін сезіп, əрі қырман басындағы куəлардан
сескеніп, арыз жазбапты.
Бірақ запыран аши түспесе, кемімеген. Аңысын андып жүрген.
Соның оңтайы енді келген. Айшаның əлгі сөзінен кейін, əйелдердің
мазақ күлкісінен кейін:
− Мен сəғəн көрсетейін əскерге кəлəй алғанді! – деп орнынан
тұрған. Əлі талтүстің аптабы қайтпаса да:
− Қəне, тұр, түге! Кəрə бүлəрді, жəтісін! – деп, қоқиланып шыға
келген.
Сол қырық төртінші жылы Мыңбұлақтың егіні жайқалып жақсы
шықты. Бидай оратын лабогрейка үлгермей жатыр. Орылғанын сатылы
арбалар қырманға тасып сабылады. Орылған бидайды біз таспен
бастырамыз. Біз дегенім: мен жəне Сүлеймен. Мені əлі буыны
бекімеген деп, Сүлейменді де жас деп, əрі дімкəс деп «жеңіл» жұмысқа
жеккен. «Жеңіл» жұмыстың түрі жаңағы: бас айналу.
Мұның мəнісі: қырман болатын теп-тегіс жердің əуелі шөбін
кетпенмен қырқып алады. Баланың басындағы шашты ұстарамен
қырып алғандай. Содан соң ол жерге су жібереді. Суарып болған соң,
сəл дегдітіп, таспен таптайды. Қырман теп-тегіс, тақтайдай қатты
болады. Соған орылған бидайды жайып тастаған соң, қырлы тасты
дүңкілдетіп, ат жегіп айнала береміз, айнала береміз.
Бидай қалың жатқанда, қырлы тастың дыбысы онша білінбейді.
Бара-бара бидай дүрдиіп жатқанын қойып, тапталады. Сонда барып,
қырлы тас жырын жырлайды. Дүңкілдей бастайды. Дүңк, дүңк, дүңк...
«Дүңк-дүңкті» мың рет, миллион, ал бəлкім, миллиард, триллион,
биллион, бəлкім дециллион рет естисің. Молдарайым немесе Əліқұл:
«Болды» дегенге дейін. Басың бас емес, киіз доп сияқты болып
қалады. Аттан аунап түсесің. Топанның үстіне топ ете түсесің. Сабан
иісі аңқиды. Қолыңменен аршып көрсең – ар жағынан қызып маржан
көрінеді. Көзің қызығады. Уыстап алып, алақаныңа салып, топанын
үрлеп-үрлеп, аузыңа салып шайнасаң, шикі қамырдың дəмі білінеді.
Шикі қамыр тісіңе жабысып қалады.
Қызыл маржанды енді Молдарайым мен Əліқұл ағаш тырмамен
тырмалап, сабанынан ажыратып, қалақтай ағаш күрекпен суыра
бастайды. Əрине, жел болса. Жел болмаса, кəдімгідей ысқырады.
Сақалдары сапсиған қарт адамдардың ысқырғаны қызық, əрі ерсі. Бала
болса бірсəрі. Шалдар ысқырады.
Əсіресе Молдарайым ысқырғыш. Əліқұл ысқырайын десе, ерні
қақ-қақ жарылып кеткен. Қан шығып тұрады. Оған иманжапырақ
жапсырып қояды. О да ысқырады, бірақ көже үрлегендей бір нəрсе.
Өзі сары кісі, жарықтық. Күнге күйгенде қызарып кетеді. Молдарайым
оның жездесі. Рыскүл апамыз Əліқұлдың əпкесі. Інісі Нұралы
майданда. Молдарайым ысқырады. Кейде, үйде абайламай ысқырып
қалсам, Айша:
− Ысқырма, жел тұрады, – деуші еді. Сол рас болды.
Құданың құдіреті, жел тұрады. Ысқырса жетіп келетін үйреншікті
ереуіл аттары сияқты. Əлгі ысқырық желдің өзін жетектеп жеткендей.
О, тоба!
Содан, шалдарың топанды аспанға, күннің көзіне қарай күрекпен
лақтырады. Қылпығы, топаны желмен ұшып кетіп, Қызыл маржан
жерге суылдап қайта түседі. Аспаннан жауған қызыл маржанға
алақанымды тосып тұрамын. Шалдар қой демейді. «Қой, былай тұр»
демейді. Ұрыспайды. Азабым үшін алған сыйлығым сол. Аспаннан
жауған қызыл маржан алақанымды қытықтайды. Бір уысын жыртық
шалбарымның қалтасына салып алып, бір-бір дəннен аузыма салып
шайнап жүремін. Шикі, бірақ бəрібір тəтті.
Бұл кезде Жолдасбек маяға сабан жиған болып, əлгі бір əдемі
келіншекпен сықылықтасып, бірін-бірі итерісіп, маядан домалап құлап
түскен болып, абайсызда құшақтасып қалады. Əшейін, абайсызда.
Мен басым айналғалы əлі айықпай, олардың ойынына бейжай
қарап, аңқиып аузымды ашып тұрамын. Аузым қамыр сасиды. Шикі
бидай шайнадым ғой.
Əлгі келіншек маған:
− Кел-ей бері, состиып тұра бермей. Мына бəледен құтқаршы мені,
– деп, Жолдасбекті итерген болып, мені шақырады.
Бармаймын. Аузым қамыр сасиды. Ыңғайсыз.
Жолдасбек менен екі-үш жас үлкен. Сонда да менімен бір класта
оқиды. Оқуы орташа. Мен – ударник. Бірақ мектептегі оқу мен
өмірдегі оқу – екеуі екі басқа. Пысығын көрмейсің бе кəпірдің,
тызылдап тұр.
Мен теріс айналып кетіп қалдым. Артымнан шиқ-шиқ күлкі
естілді. Қайырылмадым. Мүмкін, маған күлген шығар.
Қарамадым.
Сүлеймен маяның көлеңкесіне көсіле түсіп жатып қалыпты. Тық-
тық жетеледі. Жолдасбек сияқты күліп-ойнауға оның да зауқы жоқ. Ол
енді менімен түйдей жасты. Тық-тық жөтеледі. Бөтен жөтел. Тық-тық,
тық-тық. Санаса ғой. Миллион, а, бəлкім, миллиард, триллион,
биллион, а, бəлкім, дециллион... Оған «болды» деп айтатын ешкім жоқ.
Оны айтатын Құдай ғана.
Маяның түбіне тығып қойған дорбамды алып қасына барамын.
Ағаш тостағанмен шалап ұсынамын. Сүлеймен басын тез көтеріп,
маяға арқасын сүйеп отырып, шалаптан ұрттайды. Сімірмейді.
Сімірсе, шашалып қалады. «Тық-тық» келіп қалуы мүмкін. Жөтелсе,
шашалып қалады. Сақ. Өте сақ. Тез ұрттайды. Тез жұтады.
Отыз екінші жылы туғандар – тозақ отынан шыққандар емес пе?!
Ендеше, Құдай оларға жеңілдік жасаса қайтеді. Сүлейменге кесел
жапсырмай-ақ қойса қайтеді. Жабысып қалған кесел. Арылмайды.
Арылар ма еді, күтім жоқ. Əкесі керең Əбіш шал. Шешесі де
сырқатшыл кемпір. Шал əкесі тəуіп. Басқа балалар тұмауратып қалса,
жазады. Шөп қайнатып береді, үшкіреді, əйтеуір, жазады. Ал өз
баласын, өз туған баласын жаза алмайды, ем қонбайды.
Шіркін, қымыз болса. Қымыздан жазылар еді. Айша айтады. Айша
ғана емес, татар мұғалима да айтты ғой. Əдебиеттен сабақ беретін
Ғалия ше. Сол айтады: «Орыстың ұлы жазушысы Лев Толстойдың өзі
туберкулезден қымыз ішіп емделген», – дейді. Қымыз үшін сонау
Туладан Башқұртстанға, біздің ауылға келген дейді. Ғалия апай
айтады. Ауылы Башқұртстанда болды ғой. Əрине, туған ауылы.
Мыңбұлаққа қалай келген? Құдай да шебер ғой. Əнуарбекке қоспақшы
ғой. Əскерден Əнуарбек келді, Ноха келмеді. Екеуі бірге кетіп еді...
Мына менің қасымда көк шалап жұтып отырған Сүлейменнің
ағасы Қайып та əскерге кеткен. Келген жоқ, тым болмаса Қайып келсе,
Сүлейменді қалаға апарып емдетер еді. Ауылда емші жоқ. Оның үстіне
Тасбет жұмысқа салады. Сүлеймен:
− Кеселмін, бармаймын, – десе болар еді, бірақ айтпайды.
− Үйде жата бергенше, адамдардың арасында жүргенім жақсы, –
дейді. Оған не дерсің? Досқа тиген оқ – қойныңа түскен шоқ.
Сүлеймен тық-тық жөтелсе, менің де жаным шиқылдағандай болады.
«Ойда сиыр мөңіресе, тауда арқардың мүйізі сырқырайды» деген рас
қой, шіркін.
Қанша абайлап ішем десе де көк шалапқа Сүлеймен шашалып
қалды. Жөтел қысты. Екі қолымен екі өкпесін басып тұрып, еңкейіп-
еңкейіп, екі көзін жұмып алып, қиналып-қиналып жөтелді. Қан жақсы.
Көрінбей тұрғанда жақсы. Қан көрінсе жа - а - а -ман.
Түйіршік түскен соң «уһ» деп дем алды. Еңсесін көтерді. Маяға
шалқалай жатты. Маңдайынан шып-шып тер шықты. Мөлдір моншақ
сияқты.
Боз көйлегімнің. жеңімен маңдайын сүрттім. Орамалмен сүртер
едім, орамал жоқ қой. Мұғалима апайдың қызы, тəмпіш мұрын тəлпіш
қызы өзінің кішкентай, бір жапырақ, қызғылтым, кестелі орамалымен,
сон - о - оу бір күні менің бетімді сүрткені сияқты сүртер едім,
орамалым жоқ. Жеңіммен сүрттім.
Ойымнан қымыз кетпей қойды. Бірер жұтым қымыз болса,
Сүлейменнің жөтелі тыйылар еді. Дзоттың алқымына гранат тығылар
еді. Татар мұғалима Ғалия айтады ғой: фашистердің дзотына Сұлтан
Баймағамбетов деген батыр гранат лақтырып, кеудесін тосып, үнін
өшірген деп. Жөтелдің үні – фашистердің пулеметі. Оның үнін
өшіретін – бір жұтым қымыз – гранат.
Ойыма сап ете түсті: Жуанқұлдың үйінде қымыз бар! Колхоздың
екі-үш биесін Тазагүл апамыз сауады. Қымыз ашытады. Бірақ бір
тамшысын қалдырмай, Жуанқұлдың қатыны қопарып алып кетеді.
Оны жұрттың бəрі біледі, білсе де үндемейді. Колхоздың қымызы –
колхозшыларға ортақ қой. Солай емес пе? Бірақ басқалар татып
алмайды. Жуанқұлдың үйі ішеді.
Мейлі, ішсе іше берсін. Басқамыз дəметпейміз. Мына Сүлейменге
ғана, басқамыз емес, маған да емес, мына Сүлейменге ғана, бірер
жұтым берсе, Жуанқұлды жер жұтып кетпейді ғой.
Басы айналса да, тұяғы тарамысына ілініп титықтаса да, аттар қу
құлқынды ұмытпайды. Өзімдікін, шəлтиген шабдардың ауыздығын
салып, қолыма дүңгіршегімді алып, үстіне қарғып міндім. Шабдар:
«Мұнысы несі, тыныс қайда?» дегендей кіржің етті. «Нешауа, қарның
əлі қампияр, ренжіме, Шабдар», – дедім де, ешкімге, еш нəрсе демей,
анадайдағы ауылға жөнеп бердім. Мені аңдып отырғандай, артымнан
қисық Тасбет:
− Əй, əй, кəйда? Кəйт, кəйт! – деді.
Қарамадым. Салып ұрып, Жуанқұлдың үйіне келдім. Есектей дəу,
ала маңтөбет маңқ-маңқ етіп үріп еді, үйден Жуанқұлдың қатыны
шықты. Сықпытына қарасаң, иті де тоқ, қатыны да қарынды.
− Не боп қалды? – деді сарықарын бəйбіше. Менің бұл келісім
тосын. Өйткені бұл үйге жылында бір аса мəжбүрлік болмаса
жоламаймын. Былтыр Батырхан ауырғанда тəуіп айтты: жылқының іш
майымен ішін сылау керек деп. Жылқының іш майы қайда?! О
жарықтықта жоқты айтады. Бар болса, Жуанқұлдың үйіндегі
жеңешемде болар деген далбаса үміт қой, баяғы. Жуанқұл сонда «əйда,
кет, атаңа нəлет!» – деп қуып шыққан.
Қазір Жуанқұл жұмыста шығар, ауданға кеткен шығар, жеңешем
«жоқ» деп айтпас деген дəмемен келдім ғой. Жеңешеме: осылай да
осылай, Əбіш шалдың Сүлеймені қан құсты, бір тостаған қымыз керек
деп едім, обалы не, Тəңір жарылқағыр жеңешем:
− Қазір, – деп дүңгіршегімді алып, найқала басып үйіне кіріп кетті.
Қуанып қалдым. Бұрын бұларды жек көргенім бекер екен-ау дедім.
Бұларда да мейірім бар екен-ау дедім. «Қырық жыл қырғын болса да
қиыспайды туысқан» деген рас екен-ау дедім. Со кезде əупілдек ала
маңтөбетке де: «күшкə, күшкə» деп қойып едім, о да жуан құйрығын
бұлғаң-бұлғаң еткізді. Итіне дейін жақсы көріп тұрмын. Енді
Сүлейменге Мекеден зəмзəм суын алып баратын болдым-ау деп
ішімнен мақтанып, масаттанып тұрмын. Мұнымды көріп, Тасбет те
жібитін шығар, боқтамайтын шығар деп қоямын.
Қымыз шайқалып төгіліп қалмасын деп, дүңгіршегімді оң
қолыммен жоғары көтеріп, бастықтың үйінен былай шыға бергенімде,
аудан жақтан көк айғырды алқындырып Жуанқұл шыға келді. Ауылға
қарай атпен шаппайды деуші еді, жаман болады, жаман хабар
əкелгенде немесе біреу қаза болса, соның үйіне ғана қарай «ой,
бауырымдап» шабады деуші еді... Мынау шауып келді. Аттың үстінде
арлы-берлі аунақшиды, бірақ құламайды. «Мас» дедім ішімнен.
Көрінбей кетіп қалайын деп, көрмеген, байқамаған болып, атымды
тебініп жүре беріп едім, қырсық шалмай тұра ма:
− Əй, əкеңнің аузы... тоқта! – деді. Дəл бір мен оның қатынының
қойнынан шыққандай.
− Тоқта, контра! – деді ышқынып.
Тас төбемнен біреу қос қолдап соққандай, есеңгіреп тоқтадым.
Адуындап, жаман атымды жапыра жаздап жақындағанда, жамандық
көрмегір, Көк айғырдың езуін жырып жібере жаздап, тізгін тартты.
− Қолыңдағы немене?
− Қы - қы...қы - мы - ыз. – Қорыққаннан тұтықпа болып қалдым.
− Кім берді?
− Жеңешем берді.
− Оһ, жеңешеңді!.. – Дойыр қамшымен дүңгіршекті періп жіберіп
еді, дүңгіршек қолымнан шығып кетіп, қаңқ етіп ұшып түсті.
Дүниедегі ең асыл нəр, ең асыл ақ ақтарылды да қалды. Обалы кімге?
Ақты төкпейді деуші еді. Ақырын:
− Обал болды-ау, – дедім.
− Жоғал көзіме көрінбей! Жұмыс қайда?! – деп арс етті.
Екі беті талақтай. Екі көзі, айтпақшы, жалғыз көзі қып-қызыл.
Соқыр көзінің ақ шеліне дейін қызарған сияқты. Пері ғой. Дəу пері.
Періге не деп болады, жалғанда мұндай қорлық көрмеспін. Алыса
түссем бе екен деп жаман ой да келді. Бірақ қайда – а --ан. Дүлей ғой,
дүлей.
Ай, ит тағдыр-ай, дүңгіршекті ұрғанша, сол күрзімен өзімді жон
арқамнан ұрғаны жақсы еді ғой. Дүңгіршекті ұрарын білсем, тастай
қатып, қатты ұстар едім ғой. Білмей қалдым, əттеген-ай... Басқа-басқа,
қасиетті қымызды ұрғаны несі? Осыдан кейін де сол қасиет
Жуанқұлды қалай соқпас екен. Онда бəрі бекер болды ғой.
Астымдағы атымның мойны салбырап кетті. Теп-тегіс жерден
сүріншек. Мұндай емес еді, қайта-қайта сүрінеді. Əлгі зорлықтан бұ да
қорынған болса керек.
Жадырап тұрған жаз да жайында қалды. Асқақтап тұрған
Тəңіртауда сиықсыз қиқы-жиқы. Ажарсыз. «Тіпу», – дедім. Апай-
төстеніп, аспанды тіреп тұрғанын қайтейін, түк панасы жоқ. Қыста
бораннан қорғай алмайды, қысылғанда қол ұшын бере алмайды.
Бастық дəу болса, тау одан да дəу. «Тəйт!» – десе қайтеді? Жаңағыдай
дуайпат əділетсіздікті көргенде неге төңкеріліп кетпейді? Неге
күңіренбейді? Осы мына жер бетіндегі сұрқия сұмдықтың, сойқан
соғыстың, күштілердің əлсіздерге əкіреңдеуінің бəрі осы таулардың
үнсіздігінен. Мелшиеді де тұрады. Əлде Ұлыларда тіл жоқ па?
Ұлыларға тіл бітсе – алапестер аласталып, заман түзелер еді.
Ай, Тəңіртау, Тəңіртау, саған да ұят болды-ау...
Атым сөлбірейіп, өзім сүмірейіп, қырманға қайтып келсем,
молотилканың жанында Айша аңырап отыр. Қасындағы қатындар қой-
қойлайды. Батырханға бір нəрсе боп қалған екен деп, жүрегім тас
төбемнен бір-ақ шықты.
Аттан түсе-мүсе, жанына жүгіріп барып:
− Не болды? – дедім құшақтай алып. Қатындар:
− Əшейін.
− Əшейін, – десті көңілсіздеу ғана.
Бұлар молотилка басында, қырманның келесі шетінде еді. Колхозда
жалғыз молотилка бар. Соның алқымына осы екі-үш қатын кезек-кезек
бау-бау масақ тастап тұрады. Бұл енді біздің тас бастырғанымыздан да
жаман. Молотилканың алқымынан топан борап тұрады. Аузы-мұрнын
шаңдып алады мына байғұстар: Айша, Дүйсенбайдың кіші шешесі
Мəрзия жəне Жəлі. Айырмен молотилканың алқымына кезек-кезек бау
лақтырады. Паровоздың оттығына көмір лақтырғандай. Молотилканың
алқымынан қарамай иісі аралас топан бұрқылдайды. Бұдан шыққан
бидайдың дəмі басқа. Бəрі бір жердің бидайы ғой. Ал біз, Сүлеймен
екеуміз таспен басқан бидай тап-таза, дəмі де өзге.
Айшаның қарамай аралас тозаң топаны тұтқан беті айғызданып
кетіпті. Көзінен шыққан жас жылғалап ағады. Сүртейін десем,
орамалым жоқ, жеңіммен сүртіп тұрып:
− Не болды, айтсаңшы, – деймін.
− Ай, Барсхан, Барсхан! Не жаздық бұл қу Құдайға! Ана Тасбет
түп-тұқиянымыздан түк қалдырмай қорлады ғой, ойбай, қорлады ғой,
– деп жұдырығымен жерді қойып-қойып қалды. Тасбет үшін жер
кінəлідей. Кінəлі болса, кінəлі шығар. Тасбеттерді астына тартып
кетпей ме, əйтпесе.
− Сен жаңа атқа мініп қайда кетіп қалып едің? Балаң – бұзық,
рұқсатсыз кетіп қалды, жұмысты тоқтатты, зиянкес, – деп осында мені
жерден алып, жерге салды ғой, Тасбет. Мыналар көріп тұр ғой, – деп
қасындағыларды меңзеді. – Əке-шешеден, ата-бабадан түк қалдырған
жоқ. Əлдеқашан, айдалада сүйегі қурап қалған Мұртазаны да қорлады.
Қолақпандай қылып анаусын саптады. Онысын жұлып алып,
қолқасына тығайын десем, мыналар жібермеді, – деп, тағы да
қасындағыларды нұсқады. – Оның үстіне былтыр да боқтағанда, аттың
үстінен жұлып алып, тепкілеп едім, соны да ұмытпапты. «Соттатамын,
өзіңді де, балаңды да, байыңның артынан жіберем», – дейді. Қайтеміз,
Барсхан?
Көкірегімді бір дүлей кернеп кетті. Не екенін білмеймін? Көзімнің
алды бұлдырап, түк көрінбей кетті. Жалғыз анам зар жылайды.
Күлгенін, қуанғанын көргенім аз. Ол күлсе – күн күлгендей жарасады.
Бірақ күлгенінен зарлағаны көп. Неге? Қашанғы қорлана береді?
Менен медет күткендей болды ғой, маған шағынды ғой. Бұрын да
талай қорлық көргенде маған бүйтіп шағынбайтын. Онда менікі не
тұрыс?
Жүгіріп барып, Молдарайымның бес ақалы айырын ала салып,
маяның түбінде шалжиып, басы қисайып, ұйқылы-ояу мүлгіп отырған
Тасбетке тұра жүгіріппін. Байқаусызда қапы қалмасын деген оймен:
− Тасбет! – деп ақырып жіберіппін. Сөйтсем, даусым ақыруға
жарап қапты, қанша дегенмен он екіге толайын дедім ғой.
Селк етті. Бағжаң етіп, көзі ашылды. Бес ақалы айырды қос қолдап
ұсынған күйі, кеуде тұсын ала періп кеп қалып ем, жантайып,
жалтарып үлгерді. Бес ақалы айыр маяға бойлай кіріп кетті.
Сол арада адамдар: Молдарайым, Əліқұл, Сүлеймен, Жолдасбек
тағы басқалары лезде жиналып қапты. Айырды маядан қайта суыра
беріп едім, бəрі бас салды. Бесақаны тастай салып, Тасбеттің
алқымына қол салдым білем. Бəрі маған тағы жабылды. Ажыратып
алды. Сонда да бұлқынып-бұлқынып, араларынан шыға бергенімде,
қайдан келгенін білмеймін, мұғалима апайдың алмабет қызы:
− Болмайды, болмайды, – деп шырылдады. Шыр-шыр етіп, қолын
ербеңдетті.
Сол екі арада молотилка басындағы əйелдер де жетті. Айша:
− Барсхан, балам, қоя ғой. Бар екенсің. Тəуба, тəуба Құдайға!
Менен туған ұл бар екен. Менің қорғаным бар екен, жұртым! Енді
өлмейді екенмін, – деді.
Бұл арада есін жиып алған Тасбет: «Əй, Əйша! Бұрын аяп жүр
едім. Енді соттəлəсің! Əнə кəшəмəр бəлəн дə соттəлəді. Міне, мына
кəлік куə, – деді.
Боқтамайды, бірақ бопсалайды. Жуасып қалған сияқты, бірақ
қорқытты. Зілдей ғып айтты. Бұл жай қорқыту емес. Атына мініп,
кетіп қалды.
Кешке үйде отырғанда, Айша:
− Ана Тасбет аямайтын сияқты. Мені соттата қоймас. Қол
жұмсаған жоқпын ғой. Сенің сойқаныңды бəрі көрді. Көзден таса бола
тұрсаң қайтеді, – деді.
− Қайда?
− Сəли, Қали аталарыңның ауылына.
Сəли, Қали – былтыр арғымақ мініп келген аталар. Өзім де ылғи
ойлап, сағынып жүруші едім. «Қысылсаңдар – хабарласыңдар», – деп
кетіп еді.
− Қалай жетемін, олардың қайда екенін де, қалай баруды да
білмеймін ғой, – деймін Айшаға.
− Қорғанбайдың нағашы апасы келіпті. Ертең қайтады. Соған ілес.
Тура Бектөбеге барады, – деді Айша. Бектөбе – Сəли, Қалидың ауылы.
Əулиеатаның түбінде дейді.
Амал жоқ, қашқын болдым.
Достарыңызбен бөлісу: |